Береке бастауы



Дата25.02.2016
өлшемі36.06 Kb.
#25112

№93 (2703) Бейсенбi 18 тамыз 2011 жыл
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
1999 жылғы санақ мәлiметтерi бойынша, елiмiздiң тұрғындар санының 53,30%-ын жергiлiктi ұлт өкiлдерi – қазақтар, 30,02%-ын орыстар, 2,47%-ын өзбектер, 3,68%-ын украиндар, 1,41%-ын ұйғырлар, 1,67%-ын татарлар, 2,38%-ын немiстер, 5,07%-ын басқа этностар құрады. Сондай-ақ, кейiнгi кезде республикада реэмигранттар саны да артып келедi. Мәселен, 2007 жылы республикаға 42 246 орыс, 1 663 өзбек, 5 594 украин, 2 770 ұйғыр, 3 145 татар, 3 256 немiс, 11 012 басқа ұлт өкiлдерi келген. Мұндай жағдайды бiрнеше себептермен түсiндiруге болады.

Қазақстанда ұзақ уақыт бойы басқа ұлт өкiлдерiнiң бiрнеше ұрпағы қалыптасқан, яғни жақын туыстық байланыс болуы. Екiншiден, өзге этнос өкiлдерiнiң саяси құқығы мен бостандығы толығымен Қазақстан Республикасы Конституциясында заңды түрде бекiтiлген, яғни оларға мемлекет тарапынан ешқандай қысым жасалынбайды. Ең бастысы, қазiргi кезде Қазақстан – саяси тұрақты және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Мiне, осылардың барлығы, қазақстандық басқа ұлт өкiлдерiнiң елiмiзде қолайлы өмiр сүрулерiне жағдайлар жасайды. Сондықтан Қазақстан – бүгiнгi күнi тек қана полиэтникалық мемлекеттердiң бiрi ғана емес, ең бастысы, тағдыры қазақ халқы тарихымен етене байланысқан басқа ұлт өкiлдерi үшiн туған Отаны.

Этникалық үйлесiмдiлiк мәселесiнiң негiзгi бастамасы ресми түрде Қазақстан тәуелсiздiк алған кезден басталады. Қазақстан Республикасы азаматтығын дәл сол уақытта мемлекет территориясында тұрған барлық азаматтар ешқандай шарттар мен талаптарсыз өзiнен-өзi алды.

Қазақстанда этносаралық және дiнаралық сияқты маңызды қоғамдық қарым-қатынастарды ҚР Конституциясы реттейдi. Бұл құқықтық-заңдық жағынан өте маңызды құжат елiмiзде ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетiн қалыптастыруда зор рөл атқарады. Өйткенi ҚР Конституциясында полиэтникалық Қазақстан халқының мақсат-мүдделерi қорғалып қана қоймай, бұл құжатта ұлтаралық қарым-қатынастарды өркениеттi жолдармен реттеп, үйлестiруге бағытталған негiзгi қағидалары айқындалған. Конституция бойынша: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең; тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды (14-бап)». Сондай-ақ, «әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар» (19-бап 2-тармағы).

Қазақстандағы мемлекеттiлiк және этникалық үйлесiмдiлiктiң негiзiн құраушы тағы бiр маңызды мәселе, бұл – тiл мәселесi. Атап айтқанда, Қазақстанда мемлекеттiк тiлмен қатар орыс тiлiнiң де ресми тiл ретiнде қолданыста болуында. Заң бойынша, мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.

Сондай-ақ, Конституция бойынша Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады. Сондықтан әрбiр Қазақстан азаматы «қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» (19-бап 1-тармағы).

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзген алғашқы жылдардан бастап мемлекетiмiзде татулық пен келiсiмдi сақтауға, дамытуға, қауiпсiздiгi мен тыныштығын қорғауға бар күш-жiгерiн салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келiсiм мен бейбiтшiлiктi сақтау iсiне жiтi көңiл бөлiп келедi.

Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Елбасы алғаш рет 1992 жылы тәуелсiздiктiң бiр жылдығына арналған I форумында ұсынған болатын. Ассамблея – Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы кеңесшi орган. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» жарлығымен елдегi қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келiсiмдi нығайту мақсатында 1995 жылы 1 наурызда құрылғаны мәлiм. Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты – республикадағы оқиғаларға баға беру және саяси жағдайларға болжам жасау негiзiнде қоғамдағы ынтымақтастықты қамтамасыз ететiн iс-тәжiрбиелiк ұсыныстарды ойластыру, Қазақстан Республикасы Президентiнiң республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепiлi ретiндегi қызметiне ат салысу.

«Қазақстанның көпұлтты мемлекет болып қалыптасуын тарихтың өзi жасап берген. Бiз оған өкiнбеймiз, себебi, ол елдi ұлттық бөлiнуден сақтайтын маңызды фактор болып табылады», – деп Елбасы Қазақстанның полиэтникалығына мемлекеттiң басты құндылығы мен байлығы ретiнде баға берген-тiн. 2008 жылы 20 қазанда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойды.

Сөз жоқ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанда ұлтаралық және дiнаралық келiсiмдi қалыптастыруда, жалпы мемлекеттiң өркениет жолында қазақстандық басқа ұлт өкiлдерi мен жергiлiктi ұлт өкiлдерi арасында ешқандай қақтығыстардың болмауына, ұлтаралық қайшылықтар негiзiнде туындайтын қантөгiс соғыстардың алдын алу мақсатында қызмет жасауы тиiс.



Шынымен де, Қазақстанда тарихи сын сағаттарда саяси тұрақтылықтың орнықты да тұғырлы болуы, ең алдымен, қазақтың ұлттық қадiр-қасиетiнен, яғни қазақи болмыстың негiзi болып табылатын – сабырлық пен төзiмдiлiк, парасаттылық пен даналықтан дер едiк. Қазақ халқы елiмiздiң тәуелсiздiгi мен егемендiгiнiң берiк болуына мүдделi, әрi жауапты. Өйткенi, қазақ ұлты – мемлекет құраушы этнос, ал барлық өзге ұлт өкiлдерi оның айналасына топтасуға тиiс. Сондықтан, Қазақстан Республикасының iргесi берiк тәуелсiз мемлекет болып қалыптасуына әрбiр қазақстандық үлес қосуы қажет.
Теңгеш ҚАЛЕНОВА,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетi
Еуразиялық зерттеулер
кафедрасының доцентi


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет