А1. Ең өтімді активтер. Әлемдік тәжірибеде бұларға кәсіпорынның ақша қаражаттарының барлық баптары мен құнды қағаздары жатады.
Ақша қаражаттары мен құнды қағаздар (қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар) - айналым қаражатының ең мобильді бөлігі. Ақшамен бірден есеп айырысуға болады, ал құнды қағаздар қолма-қол ақшаға тез айналады.
А2 . Тез өткізілетін активтер. Бұларға қысқа мерзімді дебиторлық борыш және басқа да активтерді жатқызады. Дебиторлық борыш сомалары есеп айырысу шотына белгілі бір уақытта келіп түсіп, бұлар да өз міндеттемелерін төлеуге жұмсалуы мүмкін. Есеп айырысу құжаттары бойынша жіберілген, сатып алушылар уақытында төленбеген тауарлар бойынша, төлеу уақыты ұзарып кеткен борыштардың өтімділігі анағұрлым төмен, себебі төлемнің қашан келіп түскені белгісіз. Бірақ нарықтық экономикада уақытында қайтарылмайтын борыштар көбіне болмайды, себебі оны қайтарып алуға алдын ала шаралар қолданылады. Кез келген дебитор айыппұл төлеу қаупімен тіпті банкрот болып жарияланудан қорқып, өзінің қарыздарын уақытында төлеуге тырысады. Сондықтан нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның өтімді қаражаттарын есептегенде ақша каражаттарына қысқа мерзімді дебиторлық борышын да қосады. Бірақ әлі қалыптаспаған нарықтық экономика, инфляция, әріптестер арасында шаруашылық байланыстар бұзылған жағдайларда дебиторлық борыштың барлығы бірдей ақша қаражатына тез айнала алмайды.
Күмәнді дебиторлық борыштың үлесінің көп болуы кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сатуға арналған дайын өнім және материалдык құндылықтар қорының өтімділігі бұдан да төмен болады, олар негізінен келесі топты құрайды.
А3. Баяу өткізілетін активтер. Баланс активтерінің II бөлімінің "Тауарлы-материалдық қорлар" бабы және баланс активінің I бөліміндегі "Ұзақ мерзімді инвестициялар" (жарғылық қорға басқа кәсіпорындардың салған салымдар мөлшеріне азайтылған) бабы.
Бірақ бұл кезде "Алдағы кезең шығындары" бабы есепке алынбайды. Бұл топтың активтерін ақшаға айналдыру қиынырақ: бірінші сатып алушыны тауып алу қажет, ал бұл оңай емес және белгілі бір уақытты керек етеді. Әсіресе бұл аяқталмаған өндіріске тиісті, егер, мысалы, темір қаңылтырды сатып алушыны табу оңай болса, одан жасалған штампталған жартылай өнімді сатып алушыны табу анағұрлым қиын. Бұл белгілі бір бұйымды дайындауға арналған жартылай өнім барлық адамға бірдей керек емес болуы мүмкін. Сондықтан немістер өтімді активтерді есепке алғанда аяқталмаған өндірістің құнын қоспайды. Алайда американ кәсіпорындарда аяқталмаған өндіріс құнын өтімді активтердің құнына қосуға жол беріледі.
А4. Қиын өткізілетін активтер - баланс активінің I бөлімінің алдындағы топтарға енгізілген баптарынан басқа барлық баптары. I бөлім жиынынан "Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар" бабы бойынша соманың бір бөлігі ғана алынып тасталынғандықтан, қиын өткізілетін активтер құрамында басқа кәсіпорындардың жарғылық капиталға салған салымдары ғана есепке алынады.
Баланс активінің баптары оларды өтімділік дәрежесі бойынша топтағанда, басты орынды ең өтімді және әр жақты меншік нысаны алады - кассадағы, банктегі есеп айырысу, валюта және ағымдағы шоттардағы ақша қаражаттары. Бұдан кейін бағалы қағаздарға салынған қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар, дебиторлармен есеп айырысулар тұрады. Активтің бұл қарастырылған баптары негізінен кәсіпорынның "өтімділігін" (өтімді капиталын), яғни активтің бірінші кезектегі міндеттемелерді төлеу үшін қаражаттар алынатын бөлігін көрсетеді. Өтімділігі бұдан төмен элементтер тауарлы-материалдық қорлар мен негізгі капиталдың баптарына топтастырылған. Баланс пассивтері оларды қайтару, төлеу уақытының мерзіміне байланысты топтастырылады.
П1. Неғұрлым тезірек төленуге тиісті міндеттемелер - бұларға уақытында төленбеген кредиторлық борыш, қарыздар, басқа да қысқа мерзімді міндеттемелер, жұмыскерлермен олардың алған қарыздары бойынша есеп айырысу көлемінен асқан мөлшерде жұмыскерлерге берілген қарыздар жатады. Бұл берілген мөлшерден асу банктің мақсатты қарыздарын (несиелерін) өз мақсаты бойынша пайдаланбағандығын білдіреді және сондықтан тезірек өтеу үшін неғұрлым өтімді активтермен қамтамасыз етілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |