ә) Сөз таптарындағы грамматикалық жаттығулар
Сөз таптарын оқыту барысында жүргізілетін жаттығулар сөздерді белгілі бір топқа біріктіріп, жүйелеуге үйретеді. Бұл жөнінде К.Д. Ушинский: «Баланың тілі шығып, сана-сезімі өсе келе, ол сөйлеуге (сөздерді қолдануға) үйренеді; оның ақыл-ойында түрлі грамматикалық формалар, сөздер, күнделікті тәжірибе, үлгі арқасында өздігінен-ақ грамматикалық топтарға бөлініп, қалыптаса бастайды. Грамматиканың міндеті — сол тәжірибе нәтижесін қорытып тілдегі құбылыс заңдарын жүйемен беру», — деген болатын.
Жаттығу жұмыстарының барысында оқушылар әр-бір сөз табының қасиетін, ерекшеліктерін саналы түсінеді, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын меңгереді, оларды жазбаша, ауызша сөйлегенде дұрыс, орынды қолдана алады.
Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығулар: 1)мәтін керекті сөздерді тапқызу, 2) керекті сөздерді қосып, өздіктерінен сөйлемдер немесе әңгіме құрастыру, 3) сөздің мағынасын түсініп, сөйлемдегі қызметін байқату, 4) сөздердің лексикалық жағынан болсын, грамматикалық жағынан болсын, қалай өзгеретінін, не арқылы өзгеретінін аңғарту, 5) мағына және тұлға жағынан қандай ұқсастық, айырмашылық барын салыстыру арқылы анықтау, 6) ұқсас сөздерді топтату, 7) байқаған құбылыстары жөнінде жек-жеке қорытындылар шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.
Синтаксистік жаттығуларға әдетте пунктуациялық жаттығулар да қосылады: мәтіндегі қойылған тыныс белгілерін талдау, қойылмаған тыныс белгілерін қою, өздері қарастырған сөйлемдер мен мәтіндерге қажетті тыныс белгілерін қойып, түсіндіру.
Қорыта келгенде, оқушылардың алған білімін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларға жалпы мына сияқты талаптар койылады:
1. Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуды орындарлық білімі болуы шарт.
2. Оқушылар жаттығуды не үшін орындайтынына, оның қандай пайдасы барлығына түсінсе ғана, оны саналы орындайды. Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір дағды қалыптасады.
3. Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріліп берілуі шарт, өйткені бір сарынды жаттығу оқушылардың зейінін, қабылдауын, белсенділігін нашарлатады.
4. Жаттығулар кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен орындалып отырылуы шарт.
5. Жаттығу жұмыстары тек таяуда ғана өтілген материалдарға негізделмей, бұрын өтілген кейбір материалдарды да қамтуы керек.
6. Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Әсіресе, балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын жаттығу да қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі-жиі қайталауға негізделген.
7. Шығармашылық жаттырулар көбірек болуы қажет.
8. Әр жаттығу оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыруға тиіс.
9. Жаттығулар оқушы ойына әсер етуі жағынан аналитико-синтетикалық болғаны жөн: яғни грамматикалық талдау, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер мен текстер құрастыру; салыстыру арқылы ұқсастық пен ерекшеліктерді табу, топтау; өз пікірлерін дәлелдей алып, білгендерінен жалпы қорытынды шығара білу т.б.
10. Жаттығу жұмысының барысында оқушылардың оқудан алған білімдері бекіп, өз беттерімен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады (яғни зейін қойып тыңдай білу, жатқа жаза білу, белгілі бір жоспар бойынша жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |