Дәрістер тезистері
1- дәріс
Тақырыбы: Бастауыш мектептегі МОӘ – ғылым және оқу пәні
«Математиканы оқыту әдістемесі» пәні жоғары оқу орнындағы негізгі пәндердің бірі болып табылады.
Математиканы оқыту әдістемесі 05010200-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ҚР МЖМБС сәйкес кәсіптік пәндер блогына енеді.
Пәнді оқытудың мақсаты студенттерде кіші жастағы мектеп оқушыларын оқыту барысында туындайтын оқу-тәрбиелік міндеттерді кәсіби деңгейде шешу үшін қажет болатын құзырлылықпен қаруландыру болып табылады.
Пәннің негізгі міндеттері:
- кіші жастағы оқушыларға математиканы оқытуды ұйымдастырудағы білім, білік және дағдыларды біріктіретін пәндік құзыреттіліктерді қалыптастыру;
- кәсіби іс-әрекетке қажет болатын кіріктірілген құзыреттіліктерді қалыптастыруға себепкер болу;
- бастауыш мектеп математикасының әдістемесі бойынша курс және диплом жұмыстарын орындауға қажет болатын қарапайым зерттеу біліктерін дамыту болып табылады.
Математиканы оқыту әдістемесі бойынша пәндік құзыреттіліктерді сипаттайтын негізгі талаптарға төмендегілерді жатқызуға болады:
- әдістемелік ғылымның нысанын, пәнін, міндеттері мен зерттеу әдістерін біледі;
- кіші жастағы оқушыларға математиканы оқытудың теориясы мен тәжірибесінің даму тенденциялары мен бағыттары жайлы түсініктері бар;
- бастауыш мектеп курсын құрайтын негізгі ұғымдар мен әрекет тәсілдерінің, әсіресе пәнді оқытып-үйрету барысында кіші мектеп жасындағы оқушылардың меңгеруі тиіс білім, білік және дағдылардың (сондай-ақ олардың арасындағы байланыстың) мазмұнын біледі;
- бастауыш сыныптар математикасы мазмұнының нақты мәселелерін оқытып-үйрету барысында оқушылардың іс-әрекетін басқаруға мүмкіндік беретін оқытудың әдістемелік тәсілдері мен технологияларын біледі;
- бастауыш сыныптарға арналған математика курсының мазмұнын бағдарлай алу сияқты кәсіби біліктерді қамтитын қолданыстағы мектеп бағдарламалары бойынша жұмыс жасауға болашақ мұғалімнің дайындығын сипаттайтын сабақты жоспарлау, өткізу және талдаумен байланысты дидактикалық біліктермен қаруланған;
- математика оқулықтарымен жұмыс істеу барысында өзіндік бағыт-бағдары бар және ондағы тапсырмаларды тиімді пайдалана алады;
- оқытудың әр түрлі кезеңдерінде оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін (әдістер, құралдар, формалар) таңдай және негіздей біледі; пәндік білім, білік және дағдыларды меңгеру барысында бастауыш сынып оқушылары алдында кездесетін қиыншылықтарды алдын-ала көре біледі;
- қойылған мақсат пен міндеттерді қол жеткізілген нәтижелермен салыстырады, олардың сәйкестігін оқушыларды байқау, олармен әңгімелесу, оқушылардың математикалық білім, білік және дағдыларды игеру деңгейін бақылау мен диагностикалау жұмыстарының нәтижелері негізінде бағалайды және осы бағалауды ескере отырып, әрі қарай оқытуды жоспарлайды;
- бастауыш мектепте математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі бойынша курс және дипломдық жұмыстар орындауға және өзінің болашақтағы әдістемелік қызметіне қажетті зерттеу жұмысын жүргізе біледі.
«Математиканы оқыту әдістемесі» курсы мектеп мұғалімінің кәсіби дайындығының қазіргі қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратындай сапалық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқу пәні ретінде аталмыш курс психологиялық педагогикалық пәндерді, сонымен бірге математиканың теориялық негіздерін оқып болған соң қарастырылады. Бастауыш мектепте математиканы оқытудың теориясы мен технологиясын оқытып-үйрету барысында математика пәнінің өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, жалпы теориялық қағидалар нақтылана түседі. Математикадан әдістемелік курс енгізілгенге дейін математика курсында математикалық ұғымдар, заңдар, қасиеттер, фактілер мен іс-әрекет тәсілдерін, педагогика курсында дидактикалық принциптерін және оқыту мен тәрбиелеу барысын құрудың әр түрлі тәсілдерінде көрініс табатын заңдылықтарды, жалпы, жас және педагогикалық-психология курстарынан бала дамуының және білім, білік, дағдыны меңгертудің психологиялық заңдылықтарын, жоғарыда аталған курстардан ғылыми педагогикалық зерттеулердің әдістерін оқып-үйрену жүзеге асырылған болатын. Математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы: педагогика, психология, педагогикалық зерттеулер әдістемесі, математика, қазақ тілін және басқа дербес пәндерді оқытудың теориясы және технологиялармен тығыз байланысты.
Педагогикалық ғылым саласы ретінде қарастырылатын кез келген ғылымның объектісі, пәні, зерттеу әдістері, басқа ғылым салаларымен байланысы болуы тиіс.
Курстың объектісі - әдістемелік-математикалық білім бастауыш сыныптар мұғалімінің 050102 - БОПӘ мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкес жоғары кәсіби білімінің құрамдасы ретінде.
Курстың пәні - 050102 - БОПӘ мамандығы бойынша ҚР мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сыныптар мұғалімдерінің математиканы оқытудың теориясы мен технологиясынан білім, білік және дағдыларын қалыптастыру барысы.
Курсты оқытудың әдістері: ғылыми–педагогикалық әдебиетті, бағдарламаларды, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды теориялық талдау; педагогикалық эксперимент; бақылау; озат педагогикалық тәжірибені оқып-үйрену және жалпылау; әңгіме; анкета; тест және т.б.
Бастауыш мектепте математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы төмендегідей ғылым салаларымен байланысты: философия; педагогика; жас ерекшелік психологиясы; логика; математиканың теориялық негіздері; орта буын математикасы; анатомия мен физиология. Сонымен бәрге аталмыш курс бастауыш мектепте оқытылатын барлық пәндердің теориялары және технологияларымен тығыз байланысты. Осы бағдарламаның негізінде Т.Қ.Оспановтың басшылығымен қазақстандық авторлар тобының бастауыш сыныптарға арналған жаңа «Математика» оқулығы дайындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |