зерттеушілердің еңбектері арқылы өзіндік дербес теориялық негіздемеге ие болған жаңа
ғылым саласы.
«Когнитивтік лингвистика –
тілді когнитивтік механизм
және ақпаратты қайта
жасақтап, трансформациялаушы таңбалар жүйесі болып табылатын когнитивтік аспап
ретінде өзінің басты назарында ұстайтын лингвистикалық бағыт»
Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселесі – тілдік коммуникацияның
когнитивтік моделін білім алмасудың негізі ретінде қарастыру.
Ғылымның дамуы, ғылыми зерттеу парадигмалар өзгерісінің өзі тілді әлеуметтік
тарихтан тыс, бейне бір дерексіз құбылыс ретінде зерттеудің мәнсіз екендігін көрсетті.
Ақпаратты өңдеу, жалпы білім қоры, когнитивтік модель (концепт, образ),
концептуалдық жүйе (фрейм, скрипт, схема, т.б.), концептосфера, т.с.с.
базалық
ұғымдарға сүйенетін тілтанымның когнитивтік теориясы (Р. Шенк, Р. Абелсон, Р.
Джэкендофф, В. Раскин, Т. Гивон, Ж. Пиаже, В. Демьянков, М. Минский, Дж. Лакофф, Ч.
Филлмор, Ф. Джонсон-Лэрд, Е.С. Кубрякова, т.б.) бүгінгі тіл білімінің (ХХ ғ. 70-
жылдарынан бастап) басты проблемасы болып отыр. Әрине, тілді зерттеудің жаңа әдістері
басқа да бағыттар шеңберінде қол жеткен нәтижелерді әсте жоққа шығармайды. Бұл
тілдің мәнін адам санасының айнасы ретінде танып, оған тереңірек үңілуді көздейтін –
лингвистикадағы
антропологиялық позицияның белгісі болмақ.
Тіл таңбаларының «таңбалаушылық» қабілеті олардың сыртқы болмыспен тікелей
қарым-қатынасы нәтижесіндегі фактілер негізінде емес,
адами тәжірибелер негізінде
жүзеге асады. Кез келген жаңа ақпаратты игермек болған индивид оны өз танымы
тұрғысынан игереді.
Ағылшын тілді лингвистикада «когнитивтік грамматикаға» көп көңіл бөлінсе,
Ресейдегі тіл туралы ғылымның басты назары «когнитивтік семантикаға» бағытталған.
Алғашқысында «грамматика» термині кең мағынасында алынса, соңғысында
семантика
аталмыш зерттеу бағытының негізгі аспектісі болып танылады. Ал отандық
когнитивистикаға аталған екі сипат та тән деуге болады.
Когнитивтік лингвистиканың түбегейлі мақсаты тіл туралы ғылымдар жүйесіндегі
жаңа пәннің
пайда болуымен шектелмейді, ол сондай-ақ, танымдық механизмнің
(эвристика) әдіснамалық өзгерісімен де байланысты болады. Мұндай іргелі өзгерістерге
себеп болған – Н. Хомскийдің
генеративтік лингвистикасы,
ерекше дамыған
лингвистикалық семантика мен
мәтін теориясы, сондай-ақ, шынайы дискурстағы тілдік
бірліктердің құбылу заңдылығына қызығушылықтың пайда болуы. Осы аталған бағыттар
бойынша:
біріншіден, тілдік фактілерді тілдік емес құбылыстар арқылы тану мақсат болса,
екіншіден, тілдік фактілер арқылы адамзаттың тілдік қабілетіне қатысты тылсым
заңдылықтардың сырын ашуға ұмтылу әрекетін көреміз. Мәселен, прагматикалық
лингвистика үшін мұндай фактілер негізінде әлеуметтік контекстегі адам әрекетінің
принциптері болса (мұндағы тірек ұғымдар
мақсат, ниет, әрекет шарттары, т.б.),
когнитивтік лингвистикада бағыт нұсқаушы негіздер қатарына
когнитивтік құрылымдар
мен адам танымындағы процестер енеді. Олар: алғаш рет М. Минский ұсынып, кейіннен
Ч. Филлмордың лингвистикаға икемдеуінен пайда болған
фрейм ұғымы (Л.П. Крысиннің
шетел сөздерінің түсіндірме сөздігіндегі анықтамасы бойынша: фрейм [<ағыл. frame
құрылым, шеңбер> ақп. Адамның болмыс туралы танымын білдіретін немесе белгілі бір
стандарттық жағдайдың ерекшелігі туралы мәліметтер құрылымы), Дж. Лакофф ұсынған
идеалды когнитивтік модель, Р. Джэкендофтың
2S өлшеміндегі жобасы,
зейіннің
жіктелуі,
семантика-грамматикалық суперкатегориялар, т.б., Ч. Филлмор мен П. Кэйдің
«конструкциялық
грамматикасында»
келтірілген
көпқырлы
кешенді
тілдік
конструкциялар; концептуалдық түйін типіндегі когнитивтік операциялар (Р. Шенк, Ч.
Ригер).
Когнитивтік лингвистикаға бет алған алғашқы қадамдар 1970 жылдардың басында
жасалды. Американдық лингвист У. Чейфтің ағылшын тіліндегі сөйлем ішіндегі сөздердің
орын тәртібі мен интонациялық заңдылығына қатысты түсініктемелері берілген сериялық
еңбектері жарық көрді. Онда тілші ғалым сөз тіркестерінің грамматикалық сипатына орай
белгілі/белгісіздік категориялары мен
базис/қондырма формаларын адамның ойлау жүйесі
мен санадағы ақпараттың активациясы арқылы түсіндірген. Яғни,
ағылшын тіліндегі
белгілі бір мәлімет жөнінде ақпар беру мақсатында айтылатын хабарлы сөйлемнің
интонациясы мен сөйлем ішіндегі мезгіл пысықтауыштың орын тәртібі, У.Чейфтың
айтуынша, «хабарланатын оқиға туралы мәлімет сөйлеуші жадының қай қабатынан
шығатындығына сәйкес, сол мәліметті жеткізуде қаншалықты когнитивтік энергия
жұмсалғандығы жекелеген ақпараттардың активациялану энергиясымен пара-пар
болады».
Достарыңызбен бөлісу: