2-дәріс. Әдеби ағымдар табиғаты
Жоспар:
1. «Әдеби ағым» ұғымының теориялық категория ретінде қалыптасуы мен зерттелуі
2. Қазақ әдебиеттануындағы әдеби ағым теориясы
1. Әдебиеттің даму жолында тарихи қалыптасқан ортақ көркемдік құбылыстар – ағым мен бағыт ұғымдарының зерттелу тарихына зер салсақ, бірізділікті аңғару қиын. Бірнеше суреткерлер шығармашылығына тән әлеуметтік-идеялық, танымдық-эстетикалық ұқсас сипаттардан туындайтын аталмыш әдеби-теориялық категориялардың табиғатын тану бүгінгі таңға дейін қайшылықты пікірлерден арыла алған жоқ. Тіпті әлі күнге дейін «әдеби бағыт», «әдеби ағым», «әдеби топ», «әдеби мектеп» түсініктерін бір-бірінің орнына қолданып келе жатқанының куәсіміз. Әлемдік әдеби үрдістегі ортақ құбылыстар табиғатын тарихи-салыстырмалы тұрғыда қарастыру барысында зерттеушілерді үнемі тығырыққа тіреп отырған терминологиялық мәселелердің ішінде аталған ұғымдар ерекше көзге шалынады. Бүкіләлемдік деңгейдегі әдеби ортақ құбылыстар деп танылып жүрген барокко, классицизм, ағартушылық, романтизм т.б. бірде әдеби ағымдар, ал кейде көркемдік жүйелер деп аталып жүр. Бұл ұғымдарды екі түрлі ауқымда: әлемдік әдеби даму заңдылықтар шеңберінде және халықаралық масштабтан «төмен түсіріліп», ұлттар әдебиетінің жекелеген фактілері ретінде қарастырылады.
В.М. Жирмунский өзінің «Әдеби ағымдар – халықаралық құбылыстар» атты еңбегінде де бұл тараптағы терминологиялық дәлсіздіктерге нақты түсініктер қажет екенін айта отырып: «Классицизм, романтизм, реализм және т.б. тарихи құбылыс ретінде белгілі бір дәуірлердің әдеби ағымдары ғана емес, түрлі уақыттарда кездесіп отыратын өнердің типтері мен әдістеріне қатысты да қолданылады», – дейді. Зерттеуші әдеби ағымдар мен бағыттардың табиғатын әлемдік әдеби үрдістің нақты тарихи дәуіріне қатысты, яғни тарихи категория деп қарастырғаны мәлім. Мысалы, ол романтикалық ағымдардың белгілерін антик әдебиетінен, Бокаччо новеллаларынан реализм элементтерін, Дантеден символизм сипаттарын, импрессионизм айшықтарын Сервантестің «Дон-Кихотынан», «қоршаған дүниенің шыншыл бейнесі» ретіндегі реализмді Гомер шығармаларынан, тіпті палеолит дәуіріндегі тасқа қашалып жазылған суреттерден т.т. іздейтін бірқатар батыс зерттеушілеріне қарсы екенін білдірген-ді. Ол Рокко Мантаноның «Егер біз романтизмнің антикалық әдебиеттен немесе Реннесанстан кездесуі мүмкін екеніне келісетін болсақ, онда «романтизм» сөзінің мағынасына тек көлеңке түсірген болып шығамыз» деген сөзін айрықша бағалайды.
Зерттеуші бұл еңбегінде әрбір әдеби бағыттардың тұрақты түрде кезектесіп келіп отыратын тұжырымын жан-жақты дәлелдеуге ұмтылғаны белгілі. «Романтизмнен кейін ешқандай ағым мен тенденция емес, реализм салтанат құрады. Халықаралық ағымдардың тұрақты ұқсастығы оларды кездейсоқ «ықпалдар» деп қарамауға себеп. Бұл тұрақтылық тұтас көркемдік жүйелердің ортақ заңдылықтары туралы және барлық әдеби үдерістердің идеялық-көркемдік шарттылықтары туралы ойға жетелейді», – деген түйін жасай келіп, қандай да бір ағымдар мен бағыттардың тарихи-қоғамдық себептерінің бар екеніне табан тіреген Жирмунский әрбір жанрлар, стильдер, ағымдардың ауысуын имманенттілік тұрғысынан түсіндіруге тырысқан В. Шкловский бастаған формалистермен келіспейтінін мәлімдеді. Әлемдік көркем ой дамуындағы жетекші орындарды иеленген бірнеше елдердің әдебиетіндегі ортақ сипаттарды ағым терминімен ретке келтіруге ден қойған ғалым «Ұлтаралық құбылыстар ретіндегі әдеби ағымдар тар мағынадағы салыстырмалы әдебиеттануға емес, «жалпы әдебиетке» қатысты деп есептейді.
Ағымдар мен бағыттарды әлемдік көркемдік дамудың тұтас кезеңдерімен байланыстыратын мұндай көзқарастар үнемі қолдау тауып келді десек, қателесеміз. Әдебиет теориясы мен тарихында шешімін толық таппаған терминологиялық қайшылықтар ішінде тарихи тұрғыдан бірін-бірі алмастырып отырған дәуірлер мен кезеңдерді бағыт, ағым, стиль атымен даралау ХХ ғасыр соңында ғылыми пікірталастар мен өткір полемикалардың өзегіне айналды. Адамзаттың мәдени-әдеби даму тарихына қатысты зерттеулерде әбден орныққан сияқты болып көрінген Қайта өрлеу дәуірі, классицизм, романтизм дәуірі сияқты т.б. түсініктер күн тәртібіне қайтадан шығарылды. Әсіресе, В.Е. Хализев тым батыл пікірлер айтты. Оның «Нақты айтқанда Қайта өрлеу, классицизм, барокко, Ағарту т.б. дейтін дәуірлер болған жоқ, бірақ өзінің шешуші әрі маңызды бастауларымен белгілі тарихи кезеңдер болды. Әдебиетте ғылыми схемаға тұтас сиятын «таза күйіндегі» құбылыстар жоқ және болған емес. Қайбір кезеңдерді ең маңызды деп танылған болса да бір ғана дүниетанушылық-көркемдік тенденциямен теңестіру ақылға сыймайды. Сондықтан да қандай да бір әдеби дәуірді нақты біржақты терминологиямен сипаттау негізсіз. Олар тұтастың емес бөлшектің қасиетін білдіретін болған соң, қашан да метонимиялы» сынды тұжырымы қазіргі әдебиеттаудың алған бет-бағдарына сәйкес деуге тұрарлық (Хализев В.Е.Повторяющееся и неповторимое в литературном процессе.//Литературный процесс. Сб.под.ред Г.Н. Поспелова. – Москва: Изд. Московск. университета, 1991. –С.121). Зерттеуші әдеби дәуірлерге атау беруге қарсы еместігін, бірақ ол атаулар ұғым ретінде емес шартты түрде, интеллектуалдық меже (ориентир) түрінде ғана болу керектігін ескертеді.
Әдеби ағымдардың халықаралық ортақ модельдерін жасау мәселесі қарама-қайшылықты пікірлерден арылған жоқ. (Жирмунскийдің «Әдеби ағымдар – халықаралық құбылыстар» деген еңбек жазып бірнеше елдердегі қайталанатын тұрақты заңдылықтармен байланыстыратынын алдыңғы тақырыпта да айттық). «Әдеби ағымдар» термині әдебиеттануда әбден орныққанға дейін көптеген шырғалаңдарды басынана кешірді де, ұзақ уақыт бойы мазмұны жағынан сәйкестіктері бар «әдеби бағыт», «дәуір», «кезең», «әдіс», «стиль», «әдеби мектеп» сияқты ұғымдар оған бәсекелесіп отырды. Шығармалар мен авторларды олардың ұстанған бағыттарына қарай топтаудағы алғаш пікірді 1864 жылғы Теннің «Ағылшын әдебиетінің тарихы» атты еңбегінен кездестіруге болады. Оның «ірі тарихи ағымдар, яғни ұзақ уақыт үстемдік құратын белгілі бір ойлау түрі мен соған міндеттейтін ұғымдар» туралы айтқаны сол кезеңдегі бетбұрысты пікір деп танылады. Оның нысанаға алып отырғаны өзінің бүгінгі түсінігіндегі ағым деуге әрине, келмейді. Теннің меңзегені мәдениет дәуірлеріндегі біріңғай тұлға типі жөнінде еді.
Аталмыш категорияны тәжірибеде қолдануда, «ағым» терминінің ғылыми ортада кең танылуына Георг Брандестің «ХІХ ғасыр Еуропа әдебиетіндегі басты ағымдар» (1872-1890) деп аталатын еңбегі едәуір мәнді иеленеді. Дегенмен де бұл еңбекте де басты назар жеке қаламгерлердің психологиялық портретін жасауға аударылды да, ғылыми жұмыстың атауы болғанымен ағымдар мен бағыттар ерекшелігі жан-жақты талданбады.
Антипозитивистік ұстанымдар алдыңғы қатарға шықаннан кейін де ғылым әдеби ағымдарды айқындауға баяу болса да алға жылжығаны байқалады. Баяу деп отырғанымыз сол шақтағы ғылым алдында ең бірінші кезекте әдеби дәуірлер мен кезеңдер тұрды. Кезеңдер әлдебір тұтастық күйде қарастырылды да, көп болса ондағы жетекші ағымға ғана көңіл бөлініп, әдеби-мәдени дамудың көп бағыттылығы мен әрбір бағыттан енші алатын ағымдардың ерекшеліктері айқындалған жоқ. Әдеби бағыт (ағым) теориясының эволюциясына көлемді еңбек арнаған Г.Маркевич 1935 ж. Амстердамда өткен әдебиет тарихшыларының жаңа дәуір әдебиетін кезеңдерге бөлуге арналған ІІ халықаралық конгреске қатысушылар тарапынан бір кезеңде бірнеше ағымдар болатыны мойындалмаған факт екенін көрсетіп бергенін айтады. Конгресс хаттамаларынан көрінетіндей, француз салыстырмалы әдебиеттануының негізін қалаушы Поль ван Тигем ғана пікірталас кезінде әдебиет тарихының бір кезеңіндегі рухани ізденістердің біріңғайлығына күман келтіріп, нақты тарихи кезеңде қатарласып келіп отыратын ағымдар туралы, ғұмыры сондай ұзаққа созылмайтын қозғалыстар туралы мәселе қойғаны байқалады (Bulletin of the International Committee of the Historical Sciences, v. Paris, 1937, – P. 255-298.).
Г. Маркевичтің «Әдебиет туралы ғылымның негізгі мәселелері» атты кітабының «Әдеби бағыттар және шығармашылық типтері» деген тарауында бағыт пен ағым категорияларының пайда болуы мен ғылыми айналымға қабылдануының тарихи жолын талдау барысында бұл мәселеге тікелей және жанама қатыстары бар 100-ге тарта еңбектерді көрсетеді. Әдеби бағыттардың генезисі мен эволюциясы зерттеудің «Әдебиет тарихындағы ғылым заңдары» деп аталатын келесі тарауында да жалғасын тапты. Тарихилық тұрғыдан әдеби бағыттар (ағымдар) туралы ілкі тұжырымдамалардың көпшілігіне көңіл бөлген, бай материалдар жинақтаған зерттеушінің еңбегі ХХ ғасыр әдеби-теориялық ойының жетістігі болғанына дау жоқ. Дегенмен бұл еңбекте де ағым мен бағыт ұғымы бірдей деңгейден, бір-бірінен толық ажыратылмаған күйінде, кей тұстарда бір-бірінің синонимі ретінде де қарастырылады. Сонда да әдеби бағыттар жөніндегі ғалым еңбектерінің әдістемесі кеңестік ғалымдар тарапынан үлкен қолдау тапты.
ХІХ ғасырдағы Ресей ғылымында да бұл ұғымдар туралы ортақ түсінік болған жоқ. «Әдебиеттік терминдер мен түсініктердің энциклопедиясында» (2003) бұл тараптағы алғашқы ізденістер ретінде И.В. Киреевскидің «Он тоғызыншы ғасыр» (1832), «Әдеби бағыттар мен партиялар» (1833) мақалалары, П.А. Вяземскийдің «Фон-Визин» (1830) кітабы, В.Г. Белинский, Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов еңбектеріндегі әдеби бағыт туралы пайымдаулар көрсетілген. Уақыт өте келе «бағыт» ұғымымен бірге қолданыла бастаған «ағым» термині туралы алғашқы толғамдар, мысалы, Д.С. Мережковскийдің «Құлдырау себептері туралы және қазіргі орыс әдебиетіндегі жаңа ағымдар» (1893), К.Д. Бальмонттың «Символикалық поэзия туралы қарапайым сөз» (1904) мақалаларына қысқаша түсінік беріледі. Келтірілген еңбектерде әдеби бағыттар мен ағымдарды әдебиеттің әртүрлі ортақ сипаттарына қолдана берді. ХІХ ғасырдағы ресейлік ғылымда «халықтық», «тарихи», «немістік», «француздық» бағыттар деген атаулар жиі кездеседі.
Кеңестік әдебиеттанушылар «ағым», «бағыт» сөздерін пайдалануды ретке келтіруге, тәртіпке бағындыруға тырысты. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде әдебиеттегі негізгі ортақ белгілерге «стиль» ұғымын кең қолданды. Әдебиеттегі стиль мен жалпы өнертанудағы стилдердің арасына сондай айқын шекара қойылған жоқ. Әдебиет дамуында байқалып отыратын ортақ ерекшеліктерді «стиль» ұғымына сыйғызуды кеңес әдебиеттануының бертінгі кезеңдерінен де табамыз. Мұнда әдебиеттегі «ұлы стилдер», «дәуір стилі», «дәуірлер стилі» (Д.С. Лихачев, А.В. Михайлов) тұжырымдарын еске алсақ та жеткілікті. Кеңес әдебиеттануында кең тараған көзқарас – бағыт пен ағымды көркемдік әдіс бірлігінің негізінде қалыптасатын (классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм) ірі әдеби-көркемдік ортақтықтар деп карау. Мысалы, романтизм төңкерістік (немесе прогрестік) және реакциялық (немесе консервативтік), ХІХ ғасырдағы орыс реализмі психологиялық және әлеуметтік ағымдарға бөлінді. Сонымен бірге, бағыт ретінде реннесанстық және ағартушылық «реализм», барокко, натурализм, символизм, социалистік реализм түсінілді. Бұл мағынада маньеризм, рококо, ілкі романтизм (сентиментализммен теңестірілетін), импрессионизм, экспрессионизмді кеңестік ортодоксалды теория декаденттік, теріс ағымдар деп қарап онымен айналыспады. Десек те, В.И. Сорокиннің «Әдебиет теориясы» (1960), Г.Поспеловтың «Әдебиет теориясында» (1978), Н.Гуляевтің «Әдебиет теориясында» (1977), И.Волковтың «Әдебиет – өнердің бір түрі» (1985) атты іргелі еңбектерінде әдеби ағымның әдеби-теориялық категория ретіндегі болмысына байланысты тұжырымдар жасады. Бұл еңбектерде әдеби ағым туралы бір жүйеге келген концепция болған жоқ.
Әдеби ағымдар табиғатын таныту барысында аяқталған әрі шешуші пікірдің иесі демесек те орыс зерттеушісі Ф.М. Головенченко бұл әдеби-теориялық категорияға біздіңше, біршама толық түсінік берген сияқты. Ол: «Жазушылар тобының белгілі бір ағымға қатысы стильдерінің бірлігі айқын болған жағдайда, олардың ашуға ұмтылған тақырыптарының ішкі байланыстары мен сәйкестіктері, идеялық тұрғысы, жасаған характері, образдары, оларды мүсіндеудегі ұстанымдары, типтендіруі, көркем баяндау тәсілдеріндегі үндестіктері көрініп тұрғанда ғана анық және талас тудырмайды», – деп қорытады. Қарап отырсақ, ғалымның ағымға берген анықтамасында көркемдік әдіске етене белгілер араласып жүр. Оның да өз мәнісі бар. Зерттеушінің «әдеби ағым – нақты бір көркемдік әдістің сатысы, фазасы, даму формасы... Әдеби ағымнан әдебиет дамуының белгілі сатысындағы көркемдік әдістің тірі құбылысын байқауға болады. Осыған орай әдеби ағымдарды көркемдік әдістің қалыптасуы, өркендеуі, шарықтауы және құлдырауы сияқты кезеңдері арқылы шектеу керек» деген сөзінің де жаны бар.
Ұлттық әдебиеттердің тарихы көрсетіп бергендей, өздерінің қоғамдық-саяси және идеялық-көркемдік ұстанымдары әртүрлі ағымдарды құраған суреткерлер топтарының арасында кереғарлықтар мен ашық тартыстар болмай тұрмайды. Сондықтан да әдеби ағым бір-біріне идеялық-эстетикалық ерекшеліктеріне қарай жақын қаламгерлердің бірлігі ғана деп түсіну – келте, жадағай түсінік. Бұл кейде қаламгерлердің еркінен тыс та бола беретін, әдеби үдерістің ішкі заңдылықтарын танытатын құбылыс. Содан барып, біз әдеби ағымдардың тарихын көркемдік бағыттан бұрын қарастырамыз. Өйткені бағытты қалыптастырушылар шығармашылық бағдарламаға, эстетикалық ұстаным-талаптарды сақтауға үндеп, өздерінің іс-әрекеттерін саналы түрде жоспарласа, ағымдарды түзуші суреткерлер тіпті өздерінің шығармашылық туыстықтарының арқасында «бір терінің пұшпағын илеп жүргендерін» сезінген де жоқ. Бұл, әрине, көркемдік дамудың ертедегі сатыларына қатысты. Демек, «ұлттар әдебиетінде классицизмге дейін нақты қалыптасқан бағыттар болмағанымен, әр түрлі ағымдар қашан да болған» (Поспелов Г.Н. Теория литературы. – Москва: Высш. школа, 1978. – Б.140 ).
Бағыттар мен ағымдар тұрғысынан Еуропа әдебиеті біршама толық әрі ауқымды қарастырылды. Зерттеушілер ондағы ағымдардың тарихын б.д.д. Ү ғасырға апарады. Көне грек әдебиетінің классикалық дәуірінде, аттикалық демократия кезеңіндегі драматургияда авторитарлы-мифологиялық ағым өзінің аристократияға қарсы идеяларымен стихиялы болса да бірнеше суреткерлерді үндестіріп отырды. Одан бұрынғы құл иеленуші аристократия тұсында Мигерлік Феогонид, Спарталық Тиртей мен Алкман, Фивалық Пиндар өздерінің лирикаларында азаматтық әуенді басты сарынға айналдырып, бір ағымды жасақтаса, Алкей, Сапфо, Анакреонт лирикасында махаббат сарындарын жоғары бағалай отырып, алдыңғылармен көркемдік-идеялық сипаты жөнінен қабыспайтын басқа ағымды қалыптастыра алды. Міне, көне дәуірдің өзінде ортақ идеялар мен ортақ эстетикалық құндылықтар біріктіре алған тенденциялардың өзін ағым деп қарастыруға дәлелдер жеткілікті.
Ағымдар табиғаты Жаңа дәуірді айтпағанның өзінде орта ғасыр әдебиетінде мейлінше анығырақ көріне бастады. Оның бәрін осы еңбектің аясында тізбектеп шығу мүмкін емес. Айтпағымыз – әдебиет тарихын қарастырудың ғылыми тәжірибелерінен анық болғандай, әдеби ағымдар көркемдік бағыттардан ерте көрініс берген құбылыс екендігі. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің көне бастауларындағы, түркілік дәуіріндегі ағымдар сипатын анықтау қажеттілігі сезіледі. Ұлттық әдебиеттануда көне түркі әдебиетін «әдеби үдерістің басты қаһармандары – жанрлар» (Бахтин) жүйесінде қарастыру басым сипат алып келді. Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне келгенде әдеби ағымдарды назарға алу тіптен қажет. Өйткені даму, кемелдену жолында әрбір тарихи кезең рухани саланың алдына шешуге тиісті мәселелер ұсынып отырды. Халық өмірінің күрделі оқиғаларымен байланысты белгілі бір тақырыптық желілер, идеялық сарындар төңірегіне топтасулар болды да, нақты бір идеялық-эстетикалық принциптер ұлттың рухани-мәдени дамуының ұзақ уақытында үстемдік құрды.
2. Қазақ әдебиеттану ғылымы да «әдеби ағым» мен «бағыт» ұғымдарын орағытып кетіп отырды десек, жаңылған болар едік. Әр кезеңде жазылған теориялық еңбектерде аталған категорияларға қатысты жан-жақты болмаса да сипаттамалар беріліп келеді. Қазақ әдебиеттануындағы алғашқы іргелі теориялық еңбектің авторы А. Байтұрсынов әдеби ағым-бағыттарға тікелей тоқталмаса да Еуропадан ауысып келген және келуі мүмкін әдеби құбылыстардың сырын ашу қажет деп санаған. «...Бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде болған іс емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған, Европадағы басқа жұрт алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Европадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз» немесе «Қазақтың сындар әдебиеті Европа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы байқалады. Европа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанымен, ілгеріде болуы ықтимал. Сондықтан да сындар дәуірдегі сөз түрлерін жүйелеп тәртіптегенде, Европа әдебиетінің бізге келіп жетпеген түрлерін де өзіне тиісті орындарында атап өтеміз», – деген сөздері әлгіндегі мақсаттан туындайды. Яғни ұлт ғылымының болашағын ойлаған ол жан-жақты әрі толық әдебиет теориясын жасау мақсатында ұлттық топырақта әлі көрініс бермеген құбылыстарды да қамту керектігін терең түсінген.
Е. Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелерінде» (1940) әдеби ағым көркемдік әдістің алғашқы сатысы ретінде қарастырылып, әдіс пен ағым арасындағы айырым-белгілерді нақтылауға қадамдар жасалады. «Белгілі бір дәуірлердегі ұлы жазушылардың негізгі дүние тану, творчестволық көркемдік принципі бір системада қалыптасып, жасалған болса, ол принципті жазушылардың көпшілігі мақұлдап қолдананатын болса, ол толық мағынасындағы көркем метод болып табылады. Егер белгілі жазушылар топтарының ұйымдасқан түрде ұсынған, творчестволарында қолданған көркемдік принциптері бір системада қалыптасып, жасалып кетпесе, жазушылар жұртшылығының көпшілігі қабылдамайтын болса, қоғамның негізгі слойларына жат көрініп тұрса, ондай көркемдік принцип метод болу дәрежесіне жете алмаған тек ағым ғана болып табылады» деген ғалым пікірінен ағымнан гөрі әдістің орны жоғары қойылғанын көреміз (Ысмайылов Е. Әдебиет теориясының мәселелері. – Алма-Ата: Қазақ мем. баспасы, 1940. 71-б). Автордың пайымдауы бойынша, көркемдік әдіс ағымға қарағанда жоғары дәрежеде ұйымдасқан категория. Ол ағымдардың дүниеге келуін ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы болған нақты қоғамдық себептерден іздейді. Бұл шақтағы буржуазиялық қоғамның реализмнен ауытқи отырып, тұйыққа тірелуі себепті жазушылардың басқа әдістер ойлап табу жолындағы бірлесе жасалған әрекеттерінен соң түрлі ағымдар пайда болғанын негіздей келіп, имрессионизм, символизм, футуризмдерді реакциялық, керітартпа ағымдар ретінде сипаттайды. Е.Ысмайыловтың еңбегінде маркстік-лениндік әдіснама талаптары ескерілгендіктен Б. Күлеев, М. Жұмабаев символизмдері сын тезіне салынды. Зерттеуші ХХ ғасырдың басында пайда болып қайтадан жоғалып кеткен ағымдар ретінде имажинизм, акмеизмдерді символизмнің құбылған басқа формалары деп сипаттай келе, оларды әдеби дамудың прогресті емес, регресті құбылыстары деп бағалайды. Бірақ әдеби ағымдардың белгілі бір көркемдік әдіс қалыптастырудағы ролін ғалым әбден орынды атап өткен. Сонымен бірге, әдебиеттегі ағымдар мәнін айқындауда Е. Ысмайылов Еуропа, орыс әдебиетінің мысалдарына ғана жүгінбей, олардың қазақ әдебиетіндегі көріністерін бағамдауға ұмтылысын жоғары бағалауға тиіспіз. Өкініштісі сол, әдеби теориялық күрделі ұғымдарға, барша ел әдебиетіне ортақ терминологиялық мәселелерге түсінік берудегі Е. Ысмайыловтың дәстүрі кең ауқымда жалғасып кете алған жоқ. Әрине, ол уақыттан бері әдебиеттану ғылымы үнемі даму үстінде болып, ағымдар теориясына байланысты түсініктер өзгеріп, жетіліп отырды. (Мысалы, аталған еңбекте кейінгі жылдардағы әдебиеттану ғылымы әдеби бағыт деп тапқан классицизм көркемдік әдіс ретінде қарастырылады).
М. Қаратаевтың «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы» (1965) монографиясында әдісті жеке алып қарастыру қолға алынғанымен, әдебиеттегі басқа көркемдік әдістердің орны елеусіз қалдырылды. Ағым мен бағыттың, әдістің ара-жіктері толық ашылмай, бұл ұғымдарды бір-бірінің орнына қолдана берушілік ХХ ғасырдағы теориялық еңбектердің көпшілігіне тән. Мәселен, Қ. Жұмалиевтің біршама түзетулермен екінші рет басылған «Әдебиет теориясы» (1964) оқу құралында әдеби бағыт пен көркемдік әдіс бір-бірінің синонимі ретінде қолданыла береді. Ал З. Қабдолов «Әдебиет теориясының негіздері» (1970), «Сөз өнері» (1982) еңбектерінде бағыттар туралы сөз қозғамайды. Ғалым классицизмді де, сентиментализмді де, натурализмді де әдеби ағымдар деп қарастырады. Ол: «Әрбір әдеби ағымды әр қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік жағдай туғызады. Әрбір әдеби ағым - әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі. Әдеби ағым – тарихи категория: жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңдегі белгілі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады», - деп баға береді (Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2007. 340-б). Зерттеуші ағымды белгілі бір тарихи кезең сипатына орай өрістейтін шығармашылықтың идеялық мұраттарымен тығыз байланыстырды. Ал Р.Нұрғали болса, модернистік ағымдарды бір жақты қаралаудан арылтуға назар аударып, «Қазіргі модернистер, декаденттер құр форма қуушылар емес, олардың дүниетанымы өзегінде философиялық концепция жатыр, ал әлем әдебиетіндегі жемісті бағыт – қоғамдық дамудың тәжірибесі тудырған адам табиғатындағы мың сан құбылыстар екендігіне жазушылар түгел ден қойған» деуі ағымдар табиғатын тереңдеп зерделеудегі көп ілгерілегендікті аңдатты (Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. 2-т. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: «Фолиант», 2005. 260-б).
Қаламгерлердің рухани және эстетикалық ұстанымдарының өзара сәйкестігінен келіп шығатын тақырыптық, жанрлық, стильдік үндестіктердің нақты бір әдеби заңдылықтар аясында түзілетінін аңғартқан К. Ахметов: «...бағыт көркемдік мазмұнның рухани-эстетикалық терең мәнін белгілейді. Бұл үлгідегі көркемдік мазмұн мәдени-көркемдік дәстүр бірлігінен, қаламгерлердің дүниетаным ұқсастығынан және олардың алдындағы өмірлік проблемалардың ортақтығынан, түптеп келгенде, дәуір тудырып отырған әлеуметтік, мәдени, тарихи жағдайлардың ұқсастығынан шығады», – дей отырып, осындай белгілері арқылы дараланатын бағыттардың ішінен идеялық-көркемдік концепциялардың алуан түрлілігі арқылы әдеби топтар мен мектептер айқындалатынына назар аударады (Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі.–Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. 158-б).Міне, қазақ әдебиеттануындағы әдебиет теориясына арналған кейінгі еңбектердің біріндегі бағыт туралы біршама толымды тұжырым – осы. Ал ғалымның «ағымдар бағыттың алуан түрлері болып табылады» деген байламы әдеби ағымдардың барлық табиғатын анықтамайтынын айтқымыз келеді. Өйткені біз жоғарыда дәлелдегеніміздей, әдебиеттің тарихи даму жолында белгілі бір бағытқа жатады деуге келмейтін ағымдар да қалыптасады. Ал әдеби бағыттардың негізгі айқындауыштық белгісі – қоғамдық-әлеуметтік алғышарттар туғызатын шығармашылық-бағдарламалық мақсаттар бірлігі.
Әдеби ағымдардың болмысын тану барысында тағы бір есте ұстайтын жайт – бір ағымды бір дәуірдің түрлі кезеңдеріндегі талант қабілеттері әр түрлі қаламгерлер құрай беретіндігі. Әрине, жеке жазушылардың қайталанбайтын ерекшеліктері ұлттық әдебиет дамуында айрықша маңызға ие екені белгілі. Алайда, олардың бір ағымға жатуы талант деңгейлеріне ғана байланысты емес, идеялық-танымдық бірліктеріне қатысты айқындалады. Бұл орайда ұлттық әдебиет дамуындағы ірі тұлғалар орта деңгейдегі қаламгерлер қауымына қарсы тұрмай, ортақ принциптер жолында бірігеді. Бірақ сол ағымның ауқымында әр суреткердің өзіне лайық орны болады.
Әдебиет теориясындағы осы кезеңге дейінгі тұжырымдарды былай жүйелеуге болады:
әдеби ағымдар әдебиеттің ертедегі сатыларынан бастап байқалатын, бағыттардан бұрын пайда болған сөз өнерінің ортақ сипаттары;
әдеби ағымға дүниетанушылық қырлары, тарихи-әлеуметтік мәселелерге қарым-қатынасы, оны шешу жолдарындағы идеялық- көркемдік концепциясы ұқсас қаламгерлер жатқызылады;
Әдеби ағымдар – халықаралық құбылыстар, бірнеше елдердің әдебиетіндегі ортақ сипаттар. Классицизм, романтизм, реализм және т.б. тарихи құбылыс ретінде белгілі бір дәуірлердің әдеби ағымдары (В.М. Жирмунский);
бірнеше қаламгерлердің басын біріктіре алатын идеялық-эстетикалық құбылыстар - әдеби ағым мен бағыт өзіндік белгі-сипаттары арқылы ажыратылады;
әрбір әдеби ағым - әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі. Әдеби ағым – тарихи категория: жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңдегі белгілі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады (З.Қабдолов);
ағымдар – бағыттың алуан түрлері.
Достарыңызбен бөлісу: |