Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесiн бекiту туралы



Дата23.02.2016
өлшемі51.24 Kb.
#7690
Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 1270 Қаулысы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 47, 582-құжат

      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi Заңының 4-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :


      1. Қоса берiлiп отырған Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақтан Республикасының


      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 


Үкiметiнiң       
2007 жылғы 24 желтоқсандағы
N 1270 Қаулысымен  
бекiтiлген  

Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрленген.

      2. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау бiлiм беру ұйымдары көрсететiн бiлiм беру қызметтерiнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартының талаптарына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асыру мақсатында жүргiзiледi.

      3. Меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан:


      мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың, бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм берудiң арнайы және мамандандырылған бiлiм берудiң балаларға арналған қосымша бiлiм берудiң спорт бойынша балалар мен жасөспiрiмдерге арналған қосымша бiлiм берудiң техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм берудiң жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң (медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудi қоспағанда) оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 2012.02.28 № 265 (2012.04.30 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      4. Мемлекеттiк аттестаттау мынадай негiзгi кезеңдерден тұрады:


      1) бiлiм беру саласындағы немесе денсаулық сақтау саласындағы (медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк аттестаттауды жүргiзу кезiнде) уәкiлеттi органның (бұдан әрi – уәкiлеттi органдар), өз құзыретi шегiнде бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау кестелерiн күнтiзбелiк жылға бекiту;
      2) тиiстi уәкiлеттi органның өзiн-өзi бағалау материалдарын (бiлiм беру ұйымының бiлiм сапасын iшкi бағалау) талдауы, аттестаттау комиссиясын құру, мемлекеттiк аттестаттауды өткiзу, мемлекеттiк аттестаттаудың қорытындылары туралы тұжырымдама жасау;
      3) уәкiлеттi органдардың бiлiм беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешiмдерiн қабылдау.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2012.02.28 № 265 (2012.04.30 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      5. Алып тасталды - ҚР Үкiметiнiң 2012.02.28 № 265 (2012.04.30 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      6. Бiлiм беру ұйымдарының мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартын орындауын бақылау мақсатында мемлекеттiк аттестаттау тұтастай бiлiм беру ұйымы бойынша жүзеге асырылады.
      Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары үшiн мемлекеттiк аттестаттау мамандықтар (кәсiптер) бөлiнiсiнде де жүзеге асырылады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 2012.02.28 № 265 (2012.04.30 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

2. Мемлекеттiк аттестаттауды өткiзу тәртiбi

      7. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, уәкiлеттi органдар жоспарлы түрде бес жылда бiр рет өткiзедi.


      Бiрiншi мемлекеттiк аттестаттау жаңадан құрылған:
      1) техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында мамандардың алғашқы бiтiру жылынан кешiктiрмей;
      2) бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында төрт жылдан кейiн;
      3) мектепке дейiнгi ұйымдарда және қосымша бiлiм беру ұйымдарында үш жылдан кейiн өткiзiледi.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2012.02.28 № 265 (2012.04.30 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      8. Мемлекеттiк аттестаттау кестелерiн уәкiлеттi органдар бекiтедi. Өткiзу мерзiмi туралы ақпарат бiлiм беру ұйымдарына мемлекеттiк аттестаттау басталғанға дейiн үш ай бұрын жеткiзiледi.

      9. Мемлекеттiк аттестаттаудан өтуi тиiс бiлiм беру ұйымдары мемлекеттiк аттестаттау басталғанға дейiн бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей уәкiлеттi органдарға өзiн-өзi бағалау материалдарын ұсынады.

      10. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды жетi жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде аттестаттау комиссиялары өткiзедi. Аттестаттау комиссияларының құрамын өз құзыретi шегiнде уәкiлеттi органдар бекiтедi.

      11. Аттестаттау комиссиясының құрамына:
      тиiстi уәкiлеттi органдардың
      егер мемлекеттiк аттестаттау мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында өткiзiлген жағдайда қарамағында бiлiм беру ұйымдары бар мемлекеттiк органдардың
      бiлiм беру ұйымдары мен олардың бiрлестiктерiнiң (қауымдастықтарының) өкiлдерi, Қазақстан Республикасының жетекшi педагог қызметкерлерi енедi.
      Тиiстi уәкiлеттi органның қызметкерi аттестаттау комиссиясының төрағасы болып тағайындалады.

      12. Бiлiм беру ұйымы ұсынған өзiн-өзi бағалау материалдарының, аттестаттау комиссиясының қорытындысының негiзiнде уәкiлеттi органдар он күнтiзбелiк күн iшiнде тиiстi уәкiлеттi органның бұйрықтарымен (қаулыларымен) ресiмделетiн бiлiм беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешiм қабылдайды.

      13. Аттестатталған немесе аттестатталмаған бiлiм беру ұйымдары туралы ақпарат тиiстi уәкiлеттi органның ресми сайтында орналастырылады, сондай-ақ ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      14."Аттестатталмасын" деген шешiм бiлiм беру ұйымы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруға және ұйымның басшысын Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жауапкершiлiкке тартуға әкелiп соғады.

      15. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары мен халықаралық бiлiм беру ұйымдарының филиалдарын мемлекеттiк аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Уәкiлеттi органдардың шешiмдерiне бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдануы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2007 жылғы 24 желтоқсандағы
N 1270 қаулысына   
қосымша    

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1305 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 45, 405-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1305 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 16 сәуiрдегi N 439 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 12, 115-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1305 қаулысына толықтыру мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 8 қарашадағы N 1182 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 39, 401-құжат).



      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1305 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 30 наурыздағы N 216 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 11, 104-құжат).

      5.«Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1305 қаулысына толықтырулар мен өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 27 ақпандағы N 150 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 6, 75-құжат).

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет