Білім берудегі мультимедиалық технологиялар


Мультимедиалық ресурстарды дайындаудың бағдарламалық



бет3/5
Дата03.07.2016
өлшемі1.31 Mb.
#175042
1   2   3   4   5

Мультимедиалық ресурстарды дайындаудың бағдарламалық

жабдықтары
Мультимедиалық ресурстарға арнайы бағдарламалық жабдықтар көмегімен дайындалған мультимедиалық қарапайым өнімдер (мәтін, сурет, анимация т.б.) мен мультимедиалық оқыту бағдарламаларын жатқызуға

болады.


Оқыту процесінде дидактикалық құралдар ретінде қолданылатын мультимедиалық ресурстарды жасау және пайдалану үшін оқытушыдан алдымен сапалы мультимедиалық өнім дайындаудың технологиясын білуі, сондай-ақ, аппараттық және бағдарламалық құралдарымен (оларды инструменталдық құралдар деп те атайды) жұмыс жасай алуы талап етіледі.

Мультимедиалық ресурстарды жасау үшiн қолданылатын инструменталдық құралдар арнайы (авторлық орта) және әмбебап (бағдарламалау жүйелерi) болып бөлiнедi. Бiрiншi түрде электрондық материалдар автоматты түрде авторлық орта негiзiнде, ал, екiншi түрде бағдарламалау тiлдерiн пайдалану негiзiнде жасалынады. Visual Basic немесе Delphi т.б. визуалды жобалау жүйелерiнiң пайда болуына байланысты бұл екi түрдiң арасындағы айырмашылық азаюда.

Қарапайым мультимедиалық өнім дайындау бағдарламаларын қарастырайық.

Сурет, графика өнімдерін дайындау бағдарламалары.

Adobe Photoshop – сандық кескіндермен, растрлық графикамен жұмыс жасауға арналған. Бұл бағдарлама кескіндерді әртүрлі жағдайда әсерлеу, безендіру жұмыстарын орындайды. Растрлық графика файлдары GIF және JPEG форматында сақталады. Бұл форматтағы кескіндер боялған нүктелер мен пиксельдердің дискретті тізбегінен құралады. Кескін көлемін үлкейту кезінде пиксельдер анық байқалады.



Анимация жасау бағдарламасы.

Macromedia Flash анимациялық өнімдер жасауға арналған. Бұл бағдарлама пайдаланушыға растрлық графикамен қатар векторлық графиканы да пайдалануға мүмкіндік береді. Векторлық графикада кескінді ұсыну кезінде геометриялық формулалар пайдаланылады. Сондықтан да векторлық графиканың растрлық графикаға қарағанда көлемі аз болады, тез өңделеді.

Қазіргі кезде бұл бағдарламаның жетілдірілген түрі Flash MX бағдарламасы интерактивті векторлық анимация жасауды іске асырады.

Дыбыстық ақпаратпен жұмыс істеу бағдарламалары.

Sound Recorder – дыбыстық файлдарды өңдеуге арналған Windows операциялық жүйесінің қосымша бағдарламасы. Бұл бағдарлама дыбыстық файлды құру, ашу, өңдеу (дыбыстық файлды үзінділерге бөлу, қиып алу, оны басқа дыбыстық файлмен біріктіру, дыбысты беру жылдамдығын өзгерту, дыбыстық файлды қандай да бір эффектімен толықтыру т.б.) сақтау жұмыстарын орындайды.

Dragon Naturally Speaking Sound Record - Dragon Naturally Speaking лингвистикалық тіл үйрету бағдарламасының қосымшасы. Мұнда дыбыстық файлды іске қосу, тоқтату, дыбыстық жазба жұмысын жүргізу функциялары орындалады.

Бейнеақпаратпен жұмыс жасау бағдарламалары.

IuVCR бағдарламасы - Microsoft DirectShow технологиясының базасында құрылған. Ол бейнемәліметтерді AVI және WMV типті форматта жазып алуды жүзеге асырады. TV-тюнермен немесе бейнеграббер тақшасымен жабдықталған компьютерді іuVCR бағдарламасының көмегімен сандық бейнемагнитофонның атқаратын жұмысын қоса орындау үшін пайдалануға болады. Бағдарлама сонымен қатар, компьютерді теледидарлық каналдарға бейімдеуді жеңілдетеді.

Canon Home Edition Video – бейнемәліметтерді өңдеу, клиптерді импорттау, дыбыстық ақпаратты бейнеақпаратқа кірістіру, нәтижені түрлі бейнеформатта сақтау жұмысын атқарады.

Adobe Premiere - бейнемәлімет өңдеу, бірнеше бейнеүзінділерден жаңадан бейнефильм құрастыру және мультимедиа, презентацияларға бейнероликтер дайындау үшін қолданылады. Adobe Premiere 6.0 нұсқасында RealNetworksRealMedia, Microsoft WindowsMedia, Apple QuickTime web-форматтары көмегімен сандық бейнемәліметтерді Интернетке шығару мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, бұл бағдарлама Adobe компаниясының After Effects, Photoshop, GoLive секілді бағдарламаларымен байланыста жұмыс атқара алады.

Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындау үшін көп жағдайда әртүрлі HTML- редакторлар қолданылады.

HTML (Hyper Text Markup Languge) тілі мәтін, сурет, музыка, бейнемәлімет, анимация секілді ақпарат түрлерін гиперсілтеме негізінде байланыстыру үшін қолданылады. HTML-редактордың жетілдірілген MS Front Page, Macromedia Dreamweaver секілді нұсқалары бар.

Front Page редакторы MS Office бағдарламалық жабдығының құрамына кіреді. Бұл редактордың негізгі кемшілігі – шектен тыс, өте көп кодтармен жұмыс істейді.

Ал, Macromedia Dreamweaver бағдарламасы негізгі кодтарды ғана генерациялайды. Мұнда бағдарламаның визуалды мүмкіндігінің көмегімен HTML кодтарды жазбай-ақ, жобаның дизайнын тез құруға, өзгертуге болады. Dreamweaver визуалды редакторларға жататындықтан, жұмыс нәтижесін экраннан бірден көріп отыруға болады. Бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі дайындалған мультимедиалық оқыту бағдарламасын тікелей Интернет желісіне шығаруға мүмкіндік береді.



Бақылау сұрақтары:


  1. Мультимедиалық ресурстар дайындау бағдарламалары неше түрге бөлінеді?

  2. Macromedia Dreamweaver бағдарламасы мен HTML тілінің айырмашылығы қандай?

  3. Adobe Premiere бағдарламасының бейнемәлімет өңдеудегі негізгі мүмкіндіктері қандай?



    1. Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындау

ұстанымдары мен шарттары
Оқыту процесінде мультимедианың техникалық құралдарын пайдаланумен қатар, мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындаудың, қолданудың маңызы ерекше.

Мультимедиалық оқыту бағдарламаларында оқу материалын студенттердiң, оқушылардың бiлiм деңгейлерiне байланысты әртүрлi құрылымдау және оны жаңа мәлiметтермен, иллюстрациялармен толықтырып отыру мүмкiндiгi қарастырылады. Иллюстрация:



  • мәтіндік ақпаратқа түсіндіру немесе толықтыру мақсатында қосымша кескін, сурет, дыбыс секілді басқа типті ақпараттарды кірістіру;

  • мәтіндік ақпараттың мазмұнын қосымша екінші бір мәтіндік ақпаратпен толықтыру.

Тағы бiр ерекшелiк, жоғары деңгейдегі мультимедиалық оқыту бағдарламаларында „мультимедиа-конструктор” қызметiн пайдалану арқылы пайдаланушы өзi игерген бiлiм материалдары негiзiнде модель жасау жұмысын орындай алады. Мультимедиалық оқыту құралы пайдаланушымен интерактивтi формада жұмыс iстейдi, атап айтқанда: керi байланыс, қате орындалған әрекетке байланысты анықтама берiп, сiлтеме жасап отыру т.б.

В.Г.Казаковтың пiкiрiнше, мультимедиалық оқыту бағдарламалары әдiстемелiк зертхана, компьютерлiк графика және анимация зертханасы, бейнезертхана, дыбыс өңдеу зертханасы, жүйелiк және қолданбалы бағдарламалау зертханасы бiрiктiрiлген арнайы зертханада дайындалуы керек. Себебi, мультимедиалық оқыту бағдарламалары даралап оқытуда көп пайдаланатындықтан оның сапасы жоғары болуы керек. Және де студенттiң, оқушының танымдық iс-әрекетi көп жағдайда оның тұлғалық ерекшелiктерiне байланысты болады. Сондықтан да, мультимедиалық оқулықтарды дайындау өте күрделi және көп еңбектi қажет етедi. Сонымен қатар, мультимедиалық жобаны дайындауда жоғары деңгейдегi инструменталды бағдарламалық жабдық қажет. Мультимедиалық оқыту құралын дайындауда, әсiресе, пән оқытушысының маңызы зор. Себебi, оқытушы пәнге қатысты оқу материалын терең меңгеруiне байланысты оқулықты қалай дайындау керектiгiн жақсы бiледi. Бiрақ оқытушының өз мамандығына сәйкестi кәсiби бiлiмiмен қатар, компьютерлiк технологияларды жетiк меңгере бiлуi керек, дизайндық, сценарий құрушылық сияқты өз мамандығына қатыссыз өнердi де игеруi қажет. Мұнымен бiрге, оқытушы бағдарламалық-аппараттық құралдар және мультимедиалық оқулық құру технологиясын жақсы игеруi керек.

Осы себептен мультимедиалық жобаны дайындау бiрнеше авторларды құрайды.

Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындау кезiнде басшылыққа алатын негiзгi ұстанымдарды ескеруіміз керек.

Оқытуда мультимедиалық технологияларды пайдалану мәселесі, бiрiншiден, оқу ақпаратын ұсыну және орналастыру үшін техникалық құралға, екiншiден, оқу ақпаратына қол жеткiзу үшін компьютерлiк желiге байланысты. Сондықтан да мультимедиалық оқыту бағдарламаларын, курстарды дайындау кезiнде ескеретiн ұстанымдардың бiрi оқу материалын орналастыру және тарату болып табылады.

Жалпы, ақпараттық оқу материалын екi топқа бөлуге болады: пайдаланушының қолындағы (локальдық компонент) және оқу орталығының серверiндегi (желiлiк компонент) оқу материалдары.

Локальдық компонентке баспа өнiмдерiн, магниттiк таспадағы бейне және дыбыстық жазбаларды, лазерлiк дискiлердегi ақпараттарды жатқызуға болады.

Серверде орналасқан желiлiк компоненттердi әдiстемелiк тұрғыдан қамтамасыз ету кезiндегi ескеретiн екiншi қажеттi ұстаным оқу материалының интерактивтiлiк ұстанымы болып табылады.

Желiлiк мультимедиалық оқулықтарды ұйымдастырудың негiзi ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар болып саналады. Телекоммуникациялық технологиялар оқу материалын тасымалдау үшiн немесе оларға енудi ұйымдастыру үшiн қолданылады. Оқу материалдарын интернет арқылы ұсыну кезiнде пайдаланушының сервермен байланыс орнату ұзақтығын немесе байланыстың үзiлiп кетуi сияқты өзге де online-технологияның ерекшелiктерiн ескермеу оқыту процесiнiң барысын бұзады және студенттiң, оқушының қашықтан оқыту жүйесiне, өздiгiнен бiлiм алу жүйесiне деген көзқарасын негативтi түрде өзгертедi. Сонымен қатар, көбiнесе оқу материалдарын дайындау үшiн скриптiлiк тiлдер негiзiнде жұмыс iстейтiн HTML, VRML редакторлары пайдаланылса, ал, оны ұсыну үшiн Іnternet Explorer, Netscape Communicator браузерлерiнiң әртүрлi нұсқалары пайдаланылады. Сондықтан да ескеретiн тағы бiр жағдай, оқу материалын дайындау барысында бұл браузерлер қолдай алмайтын нұсқауларды қолданбау қажет. Бұл мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындаудың үшiншi ұстанымы.

Кез келген оқытудың жаңа формасы, мысалы, желiлiк немесе қашықтан оқыту психологиялық және педагогикалық негiздеудi қажет етедi. Сондықтан да, мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындауда білім берудің сапасына және нәтижелiлiгiне әсер ететiн психо-педагогикалық ұстанымдарды анықтау қажет.

Үлкен көлемдегi ақпарат сәйкестi тасымалдаушыны қажет етедi. Қазiргi кезде кеңiнен қолданылатын және кең тараған CD ROM технологиясы мультимедиалық курстардың қажеттiлiгiн өтеуге жарайды. Интерактивтi мүмкiндiктi мультимедиалық оқыту бағдарламалары өз құрамына әртүрлi түрдегi ақпаратты: мысалы, мәтiндi, статикалық және динамикалық графиканы, дыбыстық және бейне жазбаларды бiрiктiре отырып, студентке, оқушыға оқыту процесiнiң белсендi қатысушысына айналуына мүмкiндiк бередi. Себебi, ақпарат пайдаланушының сұранысына сәйкес берiлiп отырады. Мультимедиа технологиясын қолдану пайдаланушының ақпаратты жеке қабылдау ерекшелiгiн барынша ескеруге мүмкiндiк бередi. Осылайша, бiзге қажеттi бесiншi ұстаным шығады. Бұл - оқу ақпаратын жеке тұлғаның ерекшелiктерiн ескере отырып ұсыну ұстанымы.

Компьютерлiк технологияларды қолдана отырып оқытуда өзiндiк жұмыс негiзгi болғанымен, оқыту процесiнiң басты субъектiлерi студент пен оқытушы, оқушы мен мұғалiм болып есептеледi. Студенттiң оқытушымен бiрдей таңдау құқығы болуы сапалы бiлiм берудiң негiзi болып табылады. Жоғарыдағы принциптердi қолдану осы шарттарды сақтауға мүмкiндiк бередi.

Бiлiм беру жүйесiн ақпараттандырудың нәтижелерi көп жағдайда пайдаланылатын мультимедиалық оқыту бағдарламаларының сапасына байланысты. Жыл өткен сайын бiлiм беру жүйесiнде оқытуға арналған мультимедиалық оқыту бағдарламаларының саны артып келедi. Оқытуға арналған бағдарламалық жабдықтарды пайдалануды талдау мынадай қорытындыға алып келедi: компьютерлiк бағдарламалық жабдықтардың педагогикалық тұрғыдан сапасының төмен болуы, бiрiншiден, оны дайындау кезiнде оқытудың дидактикалық принциптерi ескерiлмеуiне, екiншiден, оқытудың жаңа технологияларын пайдалануда дәстүрлi оқытудың әдiстерi мен формаларының қатысы ескерiлмеуiне байланысты. Яғни, оқытудың жаңа технологиялары дәстүрлi оқытуды қаншалықты деңгейде ауыстыра алады деген сұраққа бiржақты шешiм қабылдауға болмайды.

Қазiргi таңда мультимедиалық оқулықтарды оқыту процесiне енгiзудiң және тиiмдi пайдаланудың нақты педагогикалық талаптары толық айқындала қойған жоқ.

Сапалы түрде мультимедиалық оқыту бағдарламаларын құрудың алғышарты – ең алдымен олардың түрлерін ажырата бiлу. Оларды оқытатын, бақылаушы, тренажерлық, анықтамалы-ақпараттық, имитациялық, моделдеушi, демонстрациялық, оқу-ойын түрiндегi бағдарламалар деп бөлуге болады.

Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын білім берудегі дидактикалық ерекшелiктерiне байланысты топтастыруда ғалымдар әртүрлi пiкiрлер айтады. Мысалы, Т.А.Яковлеваның келтiрген бағдарламалар топологиясында „студент-компьютер” жүйесiндегi реактивтi өзара қарым-қатынасты жүзеге асыратын бағдарлама – тренажерлiк бағдарламалар болып табылады. Автордың пiкiрiнше, мұндай бағдарламалар студенттiң компьютерлiк технологиямен жұмыс iстеу тәжiрибесiнiң жинақталуына септiгiн тигiзедi. Ал, Н.В.Василенко реактивтi iс-әрекетке негiзделген бағдарлама ретiнде бақылаушы бағдарламаларды қарастырады. Мұндай бағдарламалар қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен студентке қайталау мүмкiндiгiн бередi. Сонымен қатар, автордың ойынша, студент пен компьютер арасындағы қарым-қатынастың келесi түрi – активтi қарым-қатынаста алгоритмдiк тренажерлық бағдарламаларды пайдаланудың маңызы зор. Себебi, оларды қолдану кезiнде жауап таңдаудың және алдағы жасалатын қадамның дұрыстығы анықталады. Мұндай бағдарламалар студенттiң алгоритмдiк ойлау дәрежесiн арттырады. Активтi қарым-қатынастан интерактивтi қарым-қатынасқа өтудi жүзеге асыратын бағдарламалардың келесi типi – инструменталды оқу ортасы. Инструменталды оқу ортасының мысалы ретiнде В.В.Яворский мен О.П.Петкевичтiң қарастырған автоматтандырылған ақпараттық-анықтамалық оқыту жүйесiн келтiруге болады. Авторлардың пiкiрiнше, мұндай бағдарламалық жабдық қажеттi ақпаратты алу үшiн сұраныс жасайтын әртүрлi жас деңгейiндегi пайдаланушыларға арналған. Сондай-ақ, интерактивтi қарым-қатынастың жоғары сатысындағы бағдарламаларға Т.А.Яковлева имитациялық, модельдеушi, оқу-ойын түрiндегi және демонстрациялық бағдарламаларды жатқызады.

Дайындалатын мультимедиалық оқыту бағдарламаларының типi анықталғаннан кейiн оны дайындаудың кезеңдерiн және оған қойылатын талаптарды белгiлеу керек.

Мультимедиалық оқыту құралдарының бiрнеше ерекшелiктерi бар. Бiр жағынан атқаратын қызметiне байланысты оларды оқулық ретiнде сәйкестi түрде оқу кiтабына арналған принцип негiзiнде топтауға болады. Екiншi жағынан алғанда олар электрондық басылымдарға жатады, және оған электрондық басылымдарды топтау принциптерi қолданылуы мүмкiн. Үшiншi жағынан жасалу технологиясына байланысты олар бағдарламалық жабдық болып табылады, және оған жалпы Қазақстандық өнiм классификаторын қолдануға болады. Сондықтан да оқыту қызметiндегi мультимедиалық оқулықтарды топтауда аталған барлық ерекшелiктер қарастырылуы қажет.

Оқыту мақсатындағы мультимедиалық оқыту бағдарламаларын мынадай ерекшелiктерiне сәйкес жiктеуге болады:


  • мультимедиалық оқулықтың оқыту процесiндегi алатын орны мен маңызына сәйкес қызметтiк ерекшелiк;

  • құрылымдық ерекшелiк;

  • ақпараттың жинақталу ерекшелiгi;

  • оқу материалының ұсынылу формасына байланысты ерекшелiк;

  • белгiлi бiр мақсатқа арналып жасалу ерекшелiгi;

  • баспалық эквивалентiне байланысты ерекшелiк;

  • ақпараттың табиғатына байланысты ерекшелiк;

  • электрондық өнім мен пайдаланушының арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ерекшелiк;

  • ақпараттың таралу технологиясына байланысты ерекшелiк.

Мультимедиалық оқыту бағдарламасының оқыту процесiндегi алатын орны мен маңызына сәйкес қызметтiк ерекшелiгiне мыналарды жатқызуға болады:

1) Бағдарламалық-әдiстемелiк (жұмыс жоспарлары, жұмыс бағ-дарламалары);

2) Оқу-әдiстемелiк (әдiстемелiк нұсқаулар, оқу пәнiне сәйкес материалдар, курстық, дипломдық жұмыстарды орындауға арналған нұсқаулар);

3) Оқытушылық (оқулықтар, лекциялар, конспектiлер);

4) Қосымша (практикумдар, жаттығу жинақтары).

Мультимедиалық оқыту бағдарламалары құрылымы бойынша былай жiктелуi мүмкiн:

1) Бiр томды мультимедиалық басылым - бiр ғана ақпарат тасымал-дағышта шығарылған мультимедиалық басылым.

2) Көп томды мультимедиалық басылым – екi не онан да көп бөлiмдерден тұратын, әрқайсысы бөлек ақпарат тасымалдағышта жазылған, құрылымы бiрдей мультимедиалық басылым.

3) Мультимедиалық серия – мақсаты, тақырыбы, мазмұны, өрнектелуi жағынан бiрдей сериялық мультимедиалық басылымдар.

Жалпы, мультимедиалық өнімдер ақпараттың ұйымдастырылу формасына байланысты бiр шығарылымды және жинақ түрiнде бөлiнуi мүмкiн. Бiр шығарылымды мультимедиалық басылым бiр ғана шығармадан тұрады, ал, жинақта бiрнеше оқу әдебиетi жинақталуы мүмкiн.

Жалпы, материалдың берiлу формасына сәйкес оқу басылымдары мынадай топтарға жiктеледi:

1) Конфекциондық оқу басылымдары. Олар оқытудың ақпараттық қызметiн iске асырады.

2) Бағдарламаланған оқу басылымдары.

3) Проблемалап оқытуға арналған оқу басылымдары. Мұндай оқу басылымдары логикалық ойлауды жүзеге асырады.

4) Комбинациялық немесе әмбебап оқу басылымдары, яғни, жоғарыда келтiрiлген модельдердiң кейбiр элементтерiнен тұрады.

Белгiлi бiр мақсатқа арналған мультимедиалық оқыту бағдарламалары мынадай топтарға бөлiнуi мүмкiн:



  • оқушыларға арналған;

  • бакалавр мамандығына арналған;

  • дипломды мамандарға арналған;

  • магистрлерге арналған т.б.

Баспа эквивалентiне байланысты мультимедиалық оқыту бағдарламалары екi топқа бөлiнедi:

  • баспа оқу құралының электронды аналогы;

  • өздiк мультимедиалық оқыту бағдарламасы – баспа аналогы жоқ электрондық құрал.

Ақпараттың табиғатына байланысты:

  • мәтiндiк (символдық) электрондық құрал;

  • бейнемәлiметтiк электрондық құрал;

  • графикалық электрондық құрал;

  • дыбыстық мәлiметтен тұратын электрондық құрал;

  • комбинациялық құрал болып бөлiнедi.

Пайдаланушының қарым-қатынасына байланысты:

  • детерминирлi мультимедиалық оқыту бағдарламасы – пайдалану-шыға өзгерiс енгiзуге мүмкiндiк бермейтiн, оқу материалының мазмұнын, параметрiн тек автор ғана өзгертуге құқығы бар бағдарлама;

  • детерминирлi емес мультимедиалық оқыту бағдарламасы – оқулық параметрiн, мазмұнын, өзара қарым-қатынас әдiсiн пайдаланушының өзгертуiне мүмкiндiк беретiн бағдарлама болып бөлiнедi.

Ақпараттың таралу технологиясына байланысты:

  • локалдық мультимедиалық оқыту бағдарламасы – локалды пайдалануға арналған, яғни, белгiлi бiр тиражбен ақпарат тасымалдаушы құрылғыларда дайындалған мультимедиалық оқулық;

  • желiлiк мультимедиалық оқыту бағдарламасы – телекоммуникациялық желi арқылы кез келген пайдаланушының жұмыс iстеуiне қажеттi электрондық оқу құралы болып бөлiнедi.

Жалпы, мультимедиалық оқыту бағдарламасының бөлiмдерiн ажыратудың үш деңгейiн белгiлеуге болады: толықтай бiр пәнге қатысты, оның тарауларына қатысты, бiр ғана сабаққа қатысты. Кез келген деңгейдегi мультимедиалық оқыту бағдарламасын дайындау бiрнеше кезеңдерден тұрады:

  1. Қажетті деңгейде мультимедиалық оқыту бағдарламасын құрудың мәселелерiн қоя бiлу, оқытудың дидактикалық мақсатын, студенттер мен оқушылардың меңгеруге тиiстi бiлiмдерiн, дағдыларын айқындау.

  2. Мультимедиалық оқыту бағдарламасы үшiн оқу материалын таңдау және талдау.

  3. Оқыту әдiсiн таңдау.

  4. Оқу материалын құрылымдау.

  5. Эксперименттiк тексеру және оны түзету.

  6. Мультимедиалық оқулықты оқыту процесiне енгiзу.

Мультимедиалық оқулық дайындау мұғалiмдердi, әдiскерлердi, бағдарламашыларды ғана емес, сонымен қатар, психологтарды, дизайнерлердi қажет ететiн өте күрделi процесс. Осыған байланысты мультимедиалық оқыту бағдарламасын дайындау бiрнеше талаптарды бiрiктiредi. Олар:

  • педагогикалық (дидактикалық, әдiстемелiк т.б.);

  • арнайы;

  • эргономикалық;

  • эстетикалық;

  • бағдарламалы-техникалық;

  • бiлiм беру деңгейi бойынша.

Педагогикалық талаптарды қарастырайық.

Бiрiншiден, мультимедиалық оқыту бағдарламасы мазмұны ғылыми мазмұнды болуы керек. Бұл жағдайда оқытылатын объектiлердi, құбылыстар мен процестердi шындық және виртуалды тұрғыдан модельдеу, имитациялау студенттiң, оқушының құбылыстар мен процестердiң заңдылығын өзi ашқандай сезiнуiне әсер етiп, олардың эксперименттiк-iзденушiлiк әрекеттерiн қалыптастырады. Сонымен қатар, эксперимент студенттердi, оқушыларды ғылыми-зерттеу әдiстерiне жақындата түседi.

Екiншiден, мультимедиалық оқыту бағдарламасын кез келген адамның пайдалану мүмкiндiгi болуы керек. Бұл жағдайда ұсынылатын оқу материалы, оқу-iс әрекетiн ұйымдастырудың формалары мен әдiстерi студенттер мен оқушылардың дайындық деңгейiне және жас ерекшелiгiне сәйкес болуы керек.

Үшiншiден, ұсынылған оқу материалын меңгеру қарапайымдылығы жоғары болуы керек.

Педагогикалық талаптарды әрi қарай дидактикалық және әдiстемелiк талаптарға жiктеп қарастырып көрейiк.

Дидактикалық талаптар:


  • белгiлi бiр пәнге байланысты дайындалған мультимедиалық оқулықтың сол пәннiң типтiк бағдарламасына сәйкес болуы;

  • оқу материалы тек берiлетiн бiлiмдi ғана емес, сол бiлiм қаралатын ғылыми саланың перспективалары мен даму тенденцияларын қамтуы керек, және жаңа теориялық, практикалық мәлiметтермен толықтырылып тұруы керек. Бiрақ, мультимедиалық оқыту бағдарламасы кәдiмгi оқулықтар мазмұнын қайталамауы керек, яғни, тақырыпқа қатысты ақпарат нақты әрi қысқа берiлуi тиiс;

  • оқу курсында оқытылатын процестер мен құбылыстар, объектiлер қасиеттерiн, ғылыми негiзделген фактiлер жиынтығын ұсынатын сандық, мәтiндiк, графиктiк, дыбыстық, бейнелiк т.б. ақпараттар мультимедиалық оқыту бағдарламасының негiзгi объектiсi болуы керек.

  • мультимедиалық оқыту бағдарламасының интерфейс құрылымы көрнекi, түсiнiктi болуы керек;

  • мультимедиалық оқыту бағдарламасындағы имитациялық, компьютерлiк модельдер оқытылатын құбылыстар мен процестердiң параметрiн, сандық мәндерiн өзгерту мүмкiндiктерiмен жабдықталуы керек.

  • берiлетiн мәлiмет мазмұны мен формасына байланысты топқа бөлiнiп, бiр-бiрiмен логикалық байланыста болатындай түсiнiктi түрде берiлуi керек; лекция мазмұнын қамтитын негiзгi; зертханалық және практикалық тапсырмаларды орындауға арналған қосымша; материалға қатысты анықтама, библиографиядан тұратын көмекшi; қорытынды бақылау сұрақтарынан тұратын тест; материалды дайындауда пайдаланылған әдебиеттер тiзiмдерi бөлiмдерi қамтылуы керек;

  • әрбiр экрандық кадрдың ауысу жылдамдығын пайдаланушы өзi реттеп отыруы керек. Сонымен қатар, оқу материалы 2-3 экрандық беттен артық болмауы тиiс. Егер мәтiн көлемi бiрнеше экрандық беттi қамтитын болса, онда экранда пайда болатын оң жақ тiк, төменгi көлденең жылжыту сызықтарын пайдаланушының көп қолдануына тура келедi. Мұның өзi пайдаланушының материалға қатысты ойын бөледi және мәтiндi жоғары-төмен, оңға-солға жылжыта беру оның шыдамдылығына да әсер етедi;

  • берiлген бiлiмдi меңгеру мақсатында дайындалған тестiлеу сұрақтарының уақыты студенттiң, оқушының қалауына байланысты болуы керек;

  • бiр қатардағы мәтiн 62-65 таңбадан аспауы тиiс. Себебi, материалды баспаға шығару қажет болса, ол А4 көлемдi параққа дұрыс түсетiндей болуы керек.

Мультимедиалық оқыту бағдарламасында суггестивтi (ағылшынша suggest-ұсыну, кеңес беру) және керi байланыстың болуы келесi дидактикалық талаптың бiрi болып табылады. Мұнда пайдаланушының әрекетiне байланысты бағдарламаның реакциясы байқалады. Яғни, оқу материалына байланысты пайдаланушыға қосымша анықтама, кеңес беру қамтамасыз етiледi және ол мәлiметтi толық меңгере алмай қалған жағдайда сол мәлiметке қайта оралу мүмкiндiгi қарастырылады.

Ал, әдiстемелiк талап оқу пәнiнiң ерекшелiктерiн, сол пәнге сәйкестi ғылым заңдылықтарын зерттеу әдiстерiнiң ерекшелiктерiн, ақпарат өңдеудiң әдiстерiн ескеру қажеттiлiгiн қамтиды.



Арнайы талап

Мультимедиалық оқыту бағдарламасы адаптивтi, яғни, студенттiң немесе оқушының оны жеке пайдалану мүмкiндiгiнiң болуы керек. Бұл жағдайда ұсынылған оқу материалын пайдаланушының жеке жағдайда қабылдау мүмкiндiгi ескерiледi.

Екiншiден, оқу материалының кешендiк визуалды деңгейi жоғары болуы керек. Бұл талапты жүзеге асыру үшiн компьютерлiк графика көмекке келедi.

Үшiншiден, интерактивтi мүмкiндiгiнiң болуы.

Төртiншiден, мультимедиалық оқыту бағдарламасы пайдаланушының интеллектуалдық потенциалын арттыруға септiгiн тигiзуi керек. Бұл жағдайда ұсынылған бiлiмге байланысты тұлғаның көрнекiлiк-образдық, теориялық ойлау дәрежесi артады.

Эргономикалық талап:


  • пайдаланушының тұлғалық ерекшелiктерiнiң ескерiлуiн;

  • интеллектуалдық және эмоционалдық қабiлеттiлiктi қалпына келтiру заңдылықтарының ескерiлуiн;

  • оқу мотивациясының деңгейiн жоғарылатуды қамтиды.

Эстетикалық талап ақпарат бейнелеудiң шарттарын қатаң сақтауды (түс жиiлiгi, бейнелеу қанықтылығы, мәтiннiң орналасуы т.б.) жүзеге асырады. Мысалы, экран фоны мен оған шығарылатын мәлiметтiң түсi дұрыс таңдалынбаса, бiр-бiрiмен үйлесiм таппаса, адамның физиологиясына, психологиясына керi әсер етуi мүмкiн.

Бағдарламалы-техникалық талап пайдаланушының қате жасаған iс-әрекетiне төзiмдiлiгiн, техникалық ресурстарды тиiмдi пайдалану мүмкiндiгiн, бағдарлама жұмысын аяқтау кезiнде жүйе жұмысын қалпына келтiруiн қанағаттандыруы тиіс.

Мұнымен қатар, мультимедиалық оқыту бағдарламасының жұмысы компьютерде орнатылған операциялық жүйелерге байланысты болмауы керек, яғни, ол қажеттi шрифтермен, драйверлермен жабдықталған болуы керек.



Бiлiм беру деңгейi бойынша қойылатын талап жалпы, арнаулы, кәсiби бiлiм беруге және сабақ типiне (лекция, семинар, зертхана, консультация, аттестация) байланысты қойылады.

Атқаратын қызметiне байланысты талаптар

Мультимедиалық оқыту бағдарламаларының жұмысына мына қызметтердi жатқызуға болады: пайдаланушыны тiркеу, мәлiметтердi қорғау, навигация, оқулық мазмұнына жалпы шолуды ұйымдастыру, оқу траекториясын анықтау, тестiлеу.



  • пайдаланушыны тiркеу қызметi пайдаланушы жөнiндегi мәлiметтi енгiзу немесе жою жұмысын атқарады;

  • мәлiметтердi қорғау қызметi оқулық мазмұны мен құрылымының бүтiндiгiн сақтайды;

  • навигация қызметi оқулық мазмұны бойынша қажеттi орынға жылжу мүмкiндiгiн береді;

  • оқулық мазмұнын қарау қызметi пайдаланушыға қажеттi тапсырмаларды орындауды, ағымдық бақылаудан өтудi талап етпей-ақ, оқулық мазмұнымен танысуға мүмкiндiк туғызады;

  • оқу траекториясын анықтау қызметi пайдаланушыға оқу материалдарын игерудi өз қалауы бойынша, тест бойынша және толықтай таңдау мүмкiндiгiн береді. Пайдаланушы өз қалауы бойынша оқу материалымен танысқысы келсе тақырыптар тiзiмiнен қажеттi модульдiң, блоктың, сабақтың нөмiрiн белгiлеу арқылы таңдай алады. Тест бойынша таңдауда пайдаланушының мультимедиалық оқыту бағдарламасындағы барлық материалдарды меңгеру деңгейiн анықтау кезiнде дұрыс жауап бере алмаған модульдер, блоктар, сабақтар енгiзiледі. Ал, толық таңдауда автоматты түрде оқу траекториясына барлық модульдер, блоктар, сабақтар енгiзiледі;

  • тестiлеу қызметiнде сұрақтар мен жауап нұсқалары, олардың орналасуы оқу курсының барлық сұрақтары жинақталған мәлiметтер қорынан кездейсоқ таңдау әдiсi арқылы берiледі. Пайдаланушы қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен жағдайда дұрыс жауап берiлмеген сұраққа еркiн өту мүмкiндiгi қарастырылады.

Жалпы, мультимедиалық оқыту бағдарламасын білім беруде тиiмдi пайдалану үшiн әртүрлi бағалау критерийлерiне негiзделген жан-жақты сараптама қажет:

  1. Мультимедиалық оқыту бағдарламасындағы материал оқыту мазмұнына қаншалықты сәйкес келедi?

  2. Мультимедиа-қосымшадағы ұсынылған оқу материалы мазмұнының ашылу деңгейi қандай?

  3. Пайдаланушы мен мультимедиалық оқыту бағдарламасы арасындағы интерактивтiк қарым-қатынастың деңгейi қай дәрежеде?

  4. Қандай оқыту әдiсi пайдаланылады?

  5. Материал мазмұнының құрылымы қалай ұйымдастырылған? Студент немесе оқушы оқыту жолын өзгерте алады ма?

  6. Мультимедиа-қосымшада керi байланыс ұстанымы қамтылған ба?

  7. Мультимедиа-қосымша графиктiк, анимациялық, дыбыстық, бейнелiк ақпараттарды жоғары деңгейде ұсына алады ма?

8) Мультимедиалық бағдарламаның бағасы қандай?

Міне осындай жоғарыда көрсетiлген талаптарды қанағаттандыра алатын мультимедиалық оқыту бағдарламалары студенттердiң, оқушылардың анықтама-ақпараттық, танымдық-iзденушiлiк әрекеттерiне толық жауап бере алады.



Бақылау сұрақтары:


  1. Мультимедиалық оқыту бағдарламасын дайындау қандай кезеңдерден тұрады?

2. Ақпараттың табиғатына байланысты электрондық құралдардың

түрлерін атаңыз.

3. Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындаудың ұстаным-

дары қандай?

4. Оқыту мақсатындағы мультимедиалық оқыту бағдарламаларын

қандай ерекшелiктерiне байланысты жіктеуге болады?

5. Мультимедиалық оқыту бағдарламасына қойылатын бағдарламалы

-техникалық талаптарды атап көрсетіңіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет