«Үкімет, біріншіден, жабайы, варварлық репрессиялармен және тілді, әдеп-құрыпты, дінді, ұлтқа тән қасиеттің барлық көрінісін қуғындау арқылы, жалпы, қазақтарды жеке ұлт ретінде құртып жіберіп, аймақты орыстандыруға; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, бұйрықтар мен ережелер арқылы қазақтарды еріксіз, заңнан тыс тобырға айналдыруға: үшіншіден, оларды өздерінің қандары сіңіп, сүйектері шашылған жерлерінен айырып, жалаңаш қураған жерлерге өлім құшағына қуып шығуға ұмтылғаны анық. Міне, қазақтар бұрынғы тәуелсіздігі мен бостандығының орнына бейбіт және қантөгіссіз орыстың қол астына кіргені үшін неге ие болды десеңші! Осыдан соң сөзбен орақ орып, іс жүзінде ештеңе істемейтін өкіметке қалай сенуге болады. Бүкілхалықтық қозғлыс кезіндегі үкіметтің іс-әрекеті мен бұйрықтары қазақтардың қандай да болсын манифестке, рестскриптерге сенбеуге толық құқы бар екенін анық көрсетті», – деген сөзі жүрекке инедей шаншылып, жаныңды жадылайды.
Отаршыл империяға бұдан артық қандай саяси талаптар қойылуы мүмкін. Бұл пікірлерде ұлт-азаттық қозғалыстың ұшқындары жоқ деп кім айта алады? Айта алатындар табылды. Оларға қарсы тарихшы Әлжанов:
«Алашорданың» ықпалы туралы. Брайнин мен Шафиро: бұл компрадорлық, келісімшіл қозғалыс – деп мәлімдеді. Шындығында келсек олар өздерін қалың бұқаралық қозғалысты бастаған көсем ретінде көрсетті. Қазақ бұқарасы «Алашорданың» реакцияшылдық бағытын сезіне алмады. Олар әлеуметтік маңызы жағынан емес: – Ахмет, Әлихан деген аттары үшін ғана соңына ерді.Мұндай бұлдыр елесті ашу қажет. Маңызды-маңызды деректерді келтіру керек. Әйтпесе, олармен күрес – бос сөз боп шығады. Қазақстандағы барлық қозғалыстың тарихы – қараңғы күйінде қалады. Ұлттық сананың сәулесі соңынан ғана жылтырайтын болады. Яғни, шындығында да: Қазақстан қазан төңкерісіне мешеулікпен келді, ол қызыл армияның штыгімен келді – деген қисынға саяды. Бұл: ұлттық-революциялық қозғалыста өзіндік белсенділік болмайды – деген троцкистік қисынға шекарасы жақын ұғым. Қозғалыстың өткендегі тарихын сендер ғана жазып отырған жоқсыңдар. Голощекин де айтқан. Ол барлық қозғалыс атаулыны «Алашордаға» әкеп тіреді. Сіздерде де ұрлық (плагиаттық) көп. Сілтемелрді ұқыпты пайланып, орынымен қою керек, өздеріңді «біз» деп, өзгелердің бәрін «ортодокстар» деу, бұл сіздердің пайдаларыңызға шешілмейтін тәсіл. «Алашорданы мадақтайтын ұлтшылдар шықты, – деген өсек те шығып жүр», – деп, Брайнин мен Шафироның ғылыми алаяқтығын, оларға тапсырма беріп жаздырып отырған Қужақты әшкереледі.
Дума мүшесі М.Тынышбаев ұлт-азаттық идеяның негігі тұжырымдамасын ұсынған бұл тұста Троцкий мен Голощекин айдауылда жүрген қатардағы Бронштейн мен ... ғана болатын.
М.Тынышбаев (жалғасы): «1904 жылғы 12 желтоқсандағы жарлықпен ішкі істер министрінің 19-ақпандағы рестскриптімен және 17-көкектегі жарлықпен ата-баба дініне қайта оралу еркіндігін беруге, Сібірге дін мәселелері үшін айдалғандарды қайтаруға, жабылған мешіттер мен медреселерді және т.б. ашуға уәде берілді, бірақ айдаудағы молдалар қайтқан жоқ, мешіттер мен медреселер әлі де жабық, діни кітаптар тартып алынған күйі қалып отыр. Сонымен бірге өз патшаларының түрлі жарлықтары мен рестскриптеріне ешқандай мән бермейтінін көрсеткісі келгендей, қазақ балаларын ұстап алып, күшпен христиан деп жариялауда. Мен мұндай жағдайлардың басты кейіпкерлерін атайын – Орынбор губернаторы Барабаш, Торғайдағы – Ломачевский, соңғының кеңесшісі белгілі миссионер Г.Васильев және архиерей Левицкий. 18-ақпандағы рестскрипті бойынша, әркімге де өз қажеттіліктерін еркін айтып арыз жазуына құқ берілді: жергілікті әскерлер, қазақтарды қуып сьездер өткізуге мүмкіндік бермеуге тырысады, ал Петерборда Булыгин сенімді адамдары арқылы халықтан куәлендірілген еркіндікті талап етіп, бар мүмкіндіктерін жұмсап, қазақтардың ұмтылыстары мен талап-тілектеріне кедергі жасап келе жатқан губернаторлардан рұхсат күтті. Сол рестскрипте тағы да өкілеттік «лайықты және халық ризалығына бөленген» адамдардан құрылады делінген. Қазақтар өткеннің ащы дәмін әбден татып болған. Булыгин барлық губернаторлардың мәлімдемесі арқылы өздерін дауыс беру құқынан айырғысы келген, қандай да болсын өкілеттілікке сене алар ма еді; кейіннен даладағы күшті толқулардың арқасында үкімет қазақтарды да қосуға мәжбүр болды, бірақ тағы да тек бір ерекше тәртіптер негізінде. Осында адамдар мен ұлттардың қандай да бір теңдігі бар ма?»
Міне, Брайнин мен Шафироның «жалған жіпсімесінің» салдарынан осындай жанкешті жанашырлықтың барлығы да «жендеттік, қарақшылық» болып көрсетілген.
М.Тынышбаев (жалғасы): «Жазда Семей облысы, Қарақаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде үлкен жиын ұйымдастырылды: мұнда дала өлкесінде үлкен шу тудырған атақты петицияға 14,5 мың адам қол қойған. Әскери губернатор Романов пен әскери генерал-губернатордың іс басқарушысы Лосевскийдің даланы аралауы да қазақтарды тоқтата алмады. Күзде Семей губернаторы Галкин: өкімет бар күшін салып қазақтарды Омбыдағы жиынға жібермеуі керектігі – жөнінде бұйрық шығарды. Генерал Романов қазақ тәржімәшілерді босатып, орнына казактарды алу туралы бұйрық берді. Шаруа және уезд бастықтарына алдағы уақытта қазақтарға қатаң шаралар қолдану жөнінде және түрлі петицияларға қол қойған барлық қазақтардың тізімін алу бұйырылды. Ерекше белсенділік көрсеткен Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский мырза бәрібір ойдағыдай нәтижеге жете алмады. Өйткені, қарқаралықтар қазақтардың ішіндегі ең әрекетшіл және саналылары еді: ол қалаға адамдарды жауап алу үшін, патшаға арналған петицияға қол қойған 42 адамды тауып алу үшін шақырды. Олардың барлығы да жауап беруден бас тартып қалаға келмеді.
11-қарашадағы «С.О»-да (газет – Т.Ж.) күш көрсетуге қарсылық пен үкіметтің уәделеріне сенімсіздік білдірген ашық протест түріндегі Семей және Павлодар уездеріндегі қазақ пен татар өкілеттілігінен жіберілген телеграмма (азамат Веттенің атына) басылған. Көптеген қорқытуларға қарамастан, Ақмола облысының қазақтары да біршама іс тындырды. Аталмыш, әсіресе, бюрократтық зорлық-зомбылық тым күшті жерлердегі, яғни, түрлі петицияларға 25 мыңға жуық адам қол қойған Дала өлкесіндегілер ерекше көзге түсті. Генерал Сухотинге барлық жиырма бес мың қазақты Сібірге айдап, айдалада өзі ғана патшалық құру қалды. Семей облысындағы қозғалыс Жетісуға дейін жетті. Мұнда Лепсі уезінің қазақтары үкіметтің шірік саясатына қарсы ашық протест білдірген және өз талаптарын қойған 1000 адамның қолы бар петиция жіберді. Қазақ өкілдерін кіргізу мәселесі барлық тұрғындарды толғандырғандықтан кепілдік берген делегациялар бірінен соң бірі келіп жатты. Олардың арасында Орал және Торғай облыстарының қазақтарын атап өтпеуге болмай-ды. Тұтастай айтқанда алғашқы кезендегі, яғни 6-тамызға дейінгі қазақтар талабы мынадай:
толық өзін-өзі басқару, ерекше заңдар мен әкімшілік бұйрықтардың күшін тоқтату, генерал-губернаторлықты, шаруа басшылары мен урядниктерді жою, әскери басқаруды азаматтықпен алмастыру, қазақтар жөніндегі заңдарды олардың өкілдерін қатыстыра отырып қайта қарау, сол мақсаттар үшін орыс сотын қайта құру және халық сотын саналы түрде юстиция министріне бағындыру, жеке басқа, тұрғын үйге, ар-ұятқа, сөзге (ауызша, жазбаша және тасқа басылған) тиіспеу, одақ және жиындарға қатысу негізіндегі азаматтық бостандық, газет, брошюра, кітап және т.б. болу үшін типография ашудың барлығына бірдей тәртібі, жалпыға бірдей, тең және құпия түрде, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қатыссыз дауыс беруге негізделген және сайлау алдында үгіт, қазақтарға тиісті жерлерді және солардың пайдалануындағы, қоғамдық меншігіндегі жерлерді мойындау».
Бұл Бір тұтас алаш идеясынын ұйытқан алғашқы ашытқы ой еді. Ол туралы Ә.Бөкейханов:
«Қазақ даласы – қазынаның меншігі, оған мұжықтар мен казактарды сұраусыз қоныстандыра беру керек – деген заңдар алынып тасталуы керек», – деді «Қазақтар» атты сол кезде жазған мақаласында.
М.Тынышбаев (жалғасы): «6-тамыздағы заң бойынша, дала өлкесі қазақ депутаттарының санын шектеуді көздеген ерекше топқа жатқызылғанын көрген қазақтар, олардың сайлау құқықтарын жергілікті халық арқылы басқару туралы қарсылық білдірді (11-қарашадағы «С.О»-ны қараңыз). Міне, қазақтардың, орыстың қол астында басынан кешірген және кешіріп отырған правосыз қорлығы жөніндегі қысқаша тарихы осындай. Кәдуелгі адамдық праволар бұзылып, өмір мен ар-ұят әкімшіліктің қатаң бақылауы астында әлі де бұрынғысындай қалып отыр және күш көрсету одан әрі жалғасуда. Заңдардың орнын жабайы әрі надан сатыраптардың әкімшілік жүгенсіздігі басты. Генералдар, олардың көмекшілері және басқа да арамтамақтар халықтың бар сөлін сорып алды. Революция басталғанға дейін қазақтар өздерін жүгенсіздік қыспағынан босатып, естеріне алар деп үлкен төзіммен күтті. Егер олар жөнінде ұмытып кеткен болса, өздері бас көтеріп бостандық, әділдік, теңдік жөнін де айта бастады. Жоғарыда айтылғаңдардан далада әлі де ешқандай саяси партияның жоқ екені түсінікті: қазақтардың барлық тілектері мен ұмтылыстары жаңа ғана мен келтірген мөлшерде. Толқуға соқтырған негізгі жайлар жөнінде мен баяндаманың басында айтып өттім. Халыққа қажетті автономия жөнінде дәл қазір айта алмаймын, өйткені мен белгілі бір бағыттамасы бар адам емес, кездейсоқ өкіл ғана екенімді ескерткім келеді» («Русский Туркестан», 1906 жыл. № 1. Т.Жұртбайдың қатысуымен әзірлеп ұсынған – Бейсенбай БАЙҒАЛИЕВ . Жұлдыз, 1992, №8, 142-146 б.б.).
Ұлт-азаттық қозғалыстың осындай ұйытқысын білетін «Социалды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед Мусин алғашқы екпінмен:
«Бұлардың баяндамаларының басты кемшілігі – олар алашорда зиялыларының өткендегі обьективтік-революциялық орынын жоққа шығаруды басты міндет етіп қойғандығында... Шафироның: Алашордашылардың обьективтік-революциялық қызметін мойындау – қазақ халқының революциялық мүмкіндігін жоққа шығарады-мыс деп мәселе қоюы мүлде қате. Бұл мүлдем жаңсақ тұжырым, тіпті, надандықпен айтылған пікір... Бірінші мәселе: «Алашорда» зиялыларының төңкеріске дейінгі обьективтік-революциялық қызметін мойындау керек. Шафиро мен Барйнин жолдастар айтқандай, бұл Алашорданың өткендегісін мадақтау ма, жоқ па? Менің ойымша, олай емес. «Алашорданы» мадақтау үшін бұл қозғалыстың обьективті-революциялық орынын мойындап отырғамыз жоқ, керісінше, бұл қозғалыстың тарихын маркстік көзқарас тұрғысынан талдау үшін мойындауымыз керек... Бұл қозғалыстың бағытына, идеологиясына, оның құрамына қарамастан, егерде ол қозғалыс самодержавиеге қарсы, имперализмге қарсы (дұрыс) бағытталса, олардың позициясын әлсіретсе, онда оның обьективті-революциялық маңызы бар болғаны – деп түсіну қажет. Ал сіздер деректерді – олар самодержавиенің позициясын нығайтқан сияқты етіп пайдалануға тырысқансыздар. Бізде де біраз құжаттар бар, соларды да «Алашорда» өзінің өмір сүрген тұсында тек қана контрреволюциялық әрекетпен айналысып келе жатқандай тұрғыда пайдаланасыздар ма? Басқаша айтқанда, зиялылардың бұл қозғалысы царизмді қолдау үшін құрылған деп көрсетпексіздер ме?.. Ең соңында айтарым мынау: бұл қозғалыс – Бөкейханов, Байтұрсынов, Тынышбаев, Қаратаев, Дулатов, Ғаббасов және т.б. сияқты ірі алашордашылардың ғана қозғалысы емес. Бұл қозғалыс – жас қазақ буржуазиясының қозғалысы, қазақтың буржуазиялық-демократиялық жүздеген зиялыларының қозғалысы. Сондықтан да бүкіл қозғалыстың алатын орынын оның оншақты көсемінің сатқындық әрекетімен (олай айтпасқа амалы да жоқ еді – Т.Ж.) бағалауға болмайды», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 102-бет) мәселені бір бүйірден шаншудай қадап қойды.
Бұл – сол заман үшін өте батыл әрі «обьективті-революциялық» пікір еді. Өкінішке орай, заман талқысы А.Мусинді де сескендірсе керек, келесі 26 желтоқсан күнгі отырыста өзінің жоғарыдағы пікірінде асығыс тұжырымдар барлығын «мойындап», райынан қайтты. Алайда ең қажетті сөзді айтып қалды. Бір таңданарлығы, осы пікірді С.Меңдешев те қорғаған сыңайда сөйлеп, өз өмірінен, А.Кенжин мен Б.Қаратаевтің іс-әрекетінен мысал келтірді.
Брайнин өзінің ғылыми дәрменсіздігін сезініп, тікелей саяси шарпысу мен шапшуға көшті:
«Федоров жолдасқа біздің ұсынып отырған талдауымыз ұнамайды екен. Мысалы, Қарқаралыдағы Петицияны бағалау турасындағы пікірлеріміз. «Сіздер – бұл петициядан коммунизмді талап етесіздер. Бұл – демократиялық талап. Бұл – ұлттық-реформаторлық». ,– дейді Федоров жолдас. Жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған далбаса...Мусиннің екінші сөзін алыңыз. Большевикке тән мінезбен өзінің қатесін мойындаудың орынына, ашық тұрған есікке басын соғып, міңгірлеп, өзгені кінәлай бастады...Момынов өткен жолы көзінің жасын көлдетіп, Байтұрсыновқа жоқтау айтты... Асфандияров бұрынғы сөзінде Мусинді қостап, бәрін де жайдақтатып жібергенсіңдер деді... Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетейін. Ол өзінің сөзінде: «Жәдидтер – «Алашорда» қозғалысының бастауы», – деді. Көрдіңдерме, жәдидтер «Алашорданың» бастауы екен... Одан әрі: «Қазақстанда пайда бола бастаған бүржуазиялық-демократиялық қозғалыс – обьективті-революциялық қозғалыс... Алайда ұлттық интеллигенцияның келісімпаздық сипаты барған сайын анықтала бастады», – дейді. Демек, Қазан революциясына дейін ол қозғалыс революциялық болғаны ғой!.. Және бұл алашордашылардың кадеттермен тізе қосқан, Тынышбаевтің ІІ мемлекеттік Думадағы кадеттер фракциясына ашық кірген кезеңі туралы айтылып отыр...», – деп кіжінді.
Тағдырдың мына тоғысын қараңызшы. Марксизм-ленинизм ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері Әзкен Жұмағұлов сол мәжілісте «Социальды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед (Әйтеке) Мусинді қолдап сөйлеген үзілісте танысып, екі күннен кейін оның мақаласын жариялайды. Бұл таныстық оларды қызмет жолында ғана қосақтап қана қоймайды, ату камерасына да бірге апарады. 1937 жылғы 3 қараша күнгі тергеуші Бернерге берген жауабында Ә.Жұмағұлов:
«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Алматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында– Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиядық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым... Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.
Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Аймұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:
«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» обьективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, – деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз», – деп өкініш білдірді.
Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберлген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскерм министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газеті:
«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деп жазуының астары осында.
28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде: «Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды – деген мағынала үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, – дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын...Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қоғалыс», – деген пікір білдірді.
«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:
«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікиі хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.
1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һар облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.
Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса – өзі, екі болса – екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты» – деп жазылды.
Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талқысы осы күнге дейін созылып келеді. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал- губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев.Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:
«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, кем емес. Пішпек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ «үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған», – деп талдау жасады.
Бұл С.Брайниннің: «Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...», – деп сес көрсететін тұсы.
Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1937 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:
12-мамыр. 1917 жыл. Петроград, (бес адреске). «Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудағы егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезін де тартқан шығындарын өтемей орыс пен қазақ – қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен щешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев».
31-мамыр. Петроград. Шепкинге. «Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар (қазақтар – Т.Ж.) арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдық құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек. М. Тынышпаев».
Келген бетте Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:
«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақт – қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ – қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқараға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ – қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ – қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ – қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |