«Түркі-монғол тарихына кіріспе.
1.Монғолдардың (Шыңғыс ханның) дәуірлеуіне дейінгі көнк түркілер туралы деректер. Түркілер мен монғолдардың ежелгі баспаналары. Ғұндар, сақтар, юзилер, үжіндер (үйсіндер – Т.Ж.), қаңлылар, сәнбилер, жужандар. Оғыздар: шығыс және батыс түркі қағанаты. Ұйғырлар, тоғыздар, огүлер, қарлықтар, қараханилер, печенегтер, болгарлар, мадьярлар, башқұрттар, хазарлар, қыпшақтар, түрік-селжүктер, қара қытайлар (қидандар – Т.Ж.).
2. Монғолдар. Ұлы монғолдар мен солтүстік монғолдар (татарлар), керейлер, меркіттер, жалайырлар және Шыңғыс ханның дәуірлеуі – Шыңғыс ханның империясы, Шыңғыс ханның тұлғасы.
3. Шыңғыс тұқымдары (төрелер – Т.Ж.). Шыңғыс ханның тұқымдарының жергілікті жұртты билеу жолындағы күресі: Үгедей, Шағатай, Жошы және Төле ұлыстары. Алтын ордададан Тоқтамысқа дейін және Темірдің Шағатай ұлысындағы билігі.
4. Темір және оның империясы. Баязидтің талқандалуы, Тоқтамыстың күйреуі және оның салдары, Темірдің жеке тұлғасы.
5. Алтын орданың күйреуі және оның себептері. Кіші хандықтардың: Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай, Өзбек және Қазақ хандықтары бірлестіктері, қырғыздар.
6. Темірдің тұқымдары, Шайбани ханның Түркістанды жаулап алуы.
7. Шайбанидтер, Аштарханнидтер, Маңғыттар (Бұқара), Қоңыраттар (Хиуа), Менгілер (Қоқан).
8. Қазақ хандығы бірлестігінің кейінгі тағдыры. 1723 жылғы соғыс және оның салдары.
9. Қазақтар мен қырғыздарды орыстардың бағындыруы.
10. Түркі-монғол халықтарының шежіресі» ,– деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, ташкент, 2005 жыл, 46-бет) тұрғыда түзілген.
Біз де тарихтың ұшығын ұстап жүрген профессор ретінде айтарымыз, Мұхамеджан Тынышбаев түзіп кеткен осы дәріс кестесінен ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының бағдарламасы тереңдеп не қанатын кең жайып кете қойған жоқ.
М.Тынышбаев (жалғасы): «25-ші жылдан бастап мен құрлыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатынын талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінггі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ.
…Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Садуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты”.
Мұхамеджан Тынышбаев пен С.Сәдуақасовтың түйісіп жатқан пікірлері соңғысының «Ұлттар мен националдар туралы» атты мақаласындағы:
«Патша өкіметінің заманынан бері қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі – ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек. Бұл туралы 12-съезде де сөз болып өткен еді. Өнерлі кәсіп лайығына қарай бөліну керек деседі. Дұрыс-ақ, тері шығатын ауданда – былғары зауыттары, жүн-жұрқа бар аудандарда – жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салынуы керек... «Шет аймақтарды тек қана шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан патша өкіметі мен орыс буржуазиясының саясатын» өмірден аластау туралы директиваның шет аймақта, біздің мысалымызда, Орта Азия мен Қазақстанда жүзеге асырылуы жеткіліксіз, дәлірек айтқанда, мүлдем жеткіліксіз», – деген көзқарастары болатын.
М.Тынышбаев (жалғасы): «5) № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрлымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатлыуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұяалап алды да, мен он өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Садвуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім. Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн деді. Сұлтанбековты мен алғаш рет Рұсқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді.
6) Аспандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Аспандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірже жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рұсқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па оны білмеймін. Рұсқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.
Рұсқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рұсқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рұсқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитете істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы ол 30 жасқа келгенде Ташкентке кедестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ».
Тұрар Рысқұлов та М.Тынышбаевті назарынан тыс қалдырмайды. Қамқорлық та жасағысы келіп:
«Бізде бар, бірақ тым мардымсыз ымырашыл зиялыларды оң мен солға лақтырумен келеміз. Біз оларды тиімді пайдалана білмейміз... Мысалы, кеңес өкіметі жаққа шыққандардың арасында инженерлік білімі бар жалғыз адам М.Тынышбаев... Ол өз ісін, соның ішінде далалық суару жүйесін жетік біледі. Қазіргі уақытта ол көшеде қаңғырып бос жүр, бейне бір басы артық адам сияқты... Зиялыларды білім, мәдени-ағарту, ғылым саласындағы жұмыстарға ұтымды пайдалануға болады. Бұл ретте ескі мамандардан коммунист шығарамын деп үміттенудің жөні жоқ. Бірақ та партияның алға қойып отырған міндеті – әр түрлі инженерлер мен мамандар арқылы ұлттық саясат жүргізу емес, сол іске өзің жетекшілік ету», – деп өз пікірін әдеттегідей екі жаққа бірдей қақпақылдай жеткізе отырып жанына жақын тартты.
«Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген ресми тергеу ісін Заки Валидов пен Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың үстінен жүргізілген ресми емес тергеу деп атаса да болады. Өйткені қамауға алынған қайраткерлердің бәрінен де осы төртеуі жөнінде қадалып тұрып сұраған. Сұрақ-жауап барысында толық анықталмаған мәселе: 1922 жылы Бұқарадан Ташкентке Алдаберген Үмбетбаевтің көмегімен жасырын келген кезінде Заки Валидов Тұрар Рысқұловпен жолықты ма, жоқ па?, – деген сұрақтың жауабы еді. Тұрар Рысқұловтың өзі партиялық тазалау комиссиясы мен Сталинге жазған хаттарында өзара кездесудің болғанынан мүлдем бас тартқан болатын. Ал 1937 жылы 3 шілде күнгі қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, капитан Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабында:
«Сұрақ: Сіздің: Валидовпен кездесуден бас тарттым, – деген жауабыңыз күмәнді емес пе?
Жауап: Мойындаймын, кеңес өкіметіне қарсы басмашылар қозғалысының жетекшісі Заки Валидовпен бетпе-бет кездесуім 1922 жылы ол жасырынып жүрген кезде Ташкент қаласында өтті. Мен ол кезде Мәскеуден Ташкент қаласына Түркістан Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағалығы қызметіне жаңа ғана ауысып келгемін», – деп «мойындайды».
Қай хаттаманы қаперге алған дұрыс? Қызмет бабын қызғыштай қорып жүргендегі «бас тартуды» ма, жоқ, жаны қысымға түскендегі «мойындауды ма? Араға бір ғасырдай уақыт өтсе де саяси мәнін жоймаған, Тұрар Рысқұловтың азаматтық және қайраткерлік-партиялық тұлғасын анықтайтын бұл мәселе жөніндегі Тұрар Рысқұловтың өзі берген үш жауаптың, екі «мойындаудың» қайсысына сенуге болады, қай сөзі шын? Соңғы көрсетіндісі жан қысылғандағы жалған куәлік емес пе? Бәрі де мүмкін. Жүйкесін әбден діңкелеткен тергеушілерге және олардың қалай азапқа түскенін шымылдықтың сыртынан жасырын тамашалайтын шіркеу тақуасы Джугашвилиге ызасы келгені сондай ол келесі бір сұраққа:
«Рыков: партия және үкімет басшыларына қарсы террорлық қастандықтарды ұйымдастыруға оңшылдар қатаң түрде шешім қабылдағанын айтты және маған: ең бірінші саяси бюроның мүшелері Сталинді, Молотовты, Ворошиловты, Кагановичті өлтіру керек – деді», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 133-бет) жауап беріпті.
Бұл жауап – жауап емес, ашынған жанның долы кекесіні немесе тергеушінің жалдаптығының «жемісі». Бұл туралы ой дамытудың өзі де тұйыққа тірейді. Өйткені бұл тергеудегі жауаптар да нақты және сенімді емес. Ал осыдан жеті жыл бұрын М.Тынышбаев та, А.Үмбетбаев та бұл сұраққа жорта жауап қайырған.
М.Тынышбаев (жалғасы): Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын). Ташкенттегі коммунистермен – Аспандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунис деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Аспандияров қатысты. Мен баяндама бойынша сөз сөйлеп: «Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына байта Берлін», – дедім. 22-ші жылы Аспандияров маған: қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы пікір айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Аспандияров осыған сүйеніп баяндама жасады.
Ол бұл пікірін «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында:
«Климаттық және топырақ жағдайлары жағынан қазақ даласы мал шаруашылығына қолайлы, бірақ олар мүмкіндік бар жерде егін өсірумен де айналысып келеді. Мәселен, Орал облысында егістіктің жақсы жолға қойылғандығы сонша, жан басына шаққанда жылына 15 пұтқа жуық келеді, Торғай облысының екі уезінде (Ақтөбе және Қостанай) – 13 пұттан. Ал керісінше, Семей облысында 6 пұтқа жуық келеді, Жетісуда 4,5 пұтқа жуық, немесе одан да аз, Сырдария облысында 3-3,5 пұттан келетін сияқты. Егер де шаруа бюджеті бойынша, жан басына 18 пұт астық болуы керек екенін ескерсек, онда қазақтар жетіспейтін азық-түлік мөлшерін мал өнімдерімен толтыруға тиіс болатыны түсінікті. Есеп, шындығында да жер өндеудің топырақ жағдайларына сәйкес нашар дамыған аймақтарында малдың көптігін және керісінше екенін көрсетеді. Бұдан жиырма жыл бұрын жергілікті әкімдер-генералдар Ян, Полферовтың айтуынша, «ұран тастасымен» қазақ даласын отарлау жөніндегі баяндамалар бірінен соң бірі түсе бастады. Губернаторлардың кепілдемесі бойынша, қоныс аударушыларға, әйтеуір, солар келіп ертегідей бай өлкені басып алуы үшін неше түрлі жеңілдіктер жасалған: осыдан соң-ақ сансыз қоныс аударушылар қоныстанатын қолайлы жер іздеп дала жолдарын шарлап жүрді. Даланың климаттық, топырақ және басқа да жағдайларына көңілі толмаған кейбір қоныс аударушылар кері қайтып жатты. Сібір темір жолын жүргізумен бірге қоныс аударушылар қозғалысы үдей түсті, дегенмен сонымен бірге кері қайтушылар саны да кей кездері 42 процентке дейін жетіп, ұлғайып отырды. Үкімет жерді бірінен соң бірін алды, түз халқы мал бағу мен жер өңдеуге жарайтын қолайлы жерлерінен іс жүзінде айрылды деуге болады. Қоныстанушылар кері қайтып жер бөліктері босап жатса да жерді қиып алу тоқтатылмайды. Қазақтар бірте-бірте ығысып көшеді, жер үшін дау туып, төбелес шығып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан жер өндеуге көшпейді деп кінәлайды, бірақ оларға берілген айтақыр далалар мен құмдарда адамды қойып аң да тұра алмайды. Қазір де мал жайылымдары күрт қысқаруына орай қазақтар енді малдың қоңын көтеру үшін жиі көшетін әдеттерінен де айрылды. Қыста мал ықтап, тебіндеп жайылатын ормандар да алып қойылуда. Қысқа шөп қорын жинайтын жер де жоқ, Даладағы қарлы борандар, көктайғақтан мал өлімі жиіледі, қазақтардың мал шаруашылығындағы өлімінің өсуі ақылға сыймайды. Жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын және бізден де бақытсыз көршілеріміз башқұрттардың тұтастай аштыққа ұшырап жойылған тарихын қайталаудың уақыты келіп тұрғаны түсінікті», – деп тиянақты түрде түсіндірген болатын.
М.Тынышбаев (жалғасы): «7) Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Садуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірілсе мал басынан айырылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ: мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді – дестік. Бұл турасында мәжіліс өткізілген емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25 ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды. Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовқа айттым. Олар жауап қайтармады.
8) Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі депойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрлысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па соны айтайын. Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жаром – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтың жобасы дұрыс деген қортынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа участе бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рұсқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жаром миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді».
Бұл арада әңгіме Алматы – Аякөз аралығындағы темір жол торабын қалайда кенді Балқашпен байланыстыру туралы болып отырса керек. Жобада көрсетілген: Алматы – Қапал –Көктерек – Аякөз; Алматы – Қапал – Сарқант – Үшарал – Аякөз; Алматы – Балқаш – Аякөз желілерінің ең тиімді үлгісін ұсынып, Дос асуы арқылы өтетін теміржол торабының жобасын жасады. Мұның маңызы туралы Балқаштың мысының құнын білетін Д.Қонаев:
«Ғасырлар бойы жан баспаған, бай шикізат қорына арналған қыраттан алып мыс құрылысын салу үлкен қиыншылықпен жүзеге асты. Біз пойызбен Түркісібтің 32-ші бекетіне дейін жүріп өттік, бекеттен Балқаштың оңтүстік-шығыс жағалауына дейін 12 километрлік темір жол Бөрлітөбеге дейін тартылды. Құрылысқа қажетті негізгі жүкті жеткізу үшін Бөрлітөбе Балқаш жағалауындағы, ең негізгі базаға айналды. Балқаш құрылысына баруға тілек білдірген адамдарды аттандыратын бірден-бір орын осы болды. Тынышбаев өз қолымен салып, туғанындай қамқорлық жасаған осы 12 километрлік жол 1931 жылдан 1947 жылға дейін жұмыс істеді»,
- деп («Б. Тәуімбет. Тынышбаев тағдырының әр қыры. Жұлдыз, 1997, №4, 182-198 беттер) еске алды.
М.Тынышбаев (жалғасы): «Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.
Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ”.
Бұдан кейін М.Тынышбаев Алматыға келгеннен соң өзінің туыстары Тұрысбековтың, Тәңірбергеновтың, Құдайбергеновтың хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым-жартылай тоқтағанын, олардың қаражат жағынан көмектесуді сұрағанын айтады. Бұл сұрақ жеті жылдан кейін «әшкереленген астыртын ұйымның мүшелеріне» де, соның ішінде Ораз Жандосовқа да қойылады. Зады үкімет мүшелерін жауапқа тартардың алдында тергеушілер «Алашорданың» тергеу Ісі» бір шолып шыққан сияқты. М.Тынышбаев бас тартан қылмысты О.Жандосов:
«Нұрмақовтан алған нұсқауы бойынша, жоғарыда баяндап өткен тапсырмаларға орай, тура осындай жұмыстарды Аламаты облысы көлемінде Әлімбаев, Тынышбаев және Есіргенов жүргізді. Нәтижесінде Әлімбаев өзінің әкесі мен қайын атасына, ал Тынышбаев – малөндірісінң алпауттары Мамановтар мен Тұрысбековтерге хабарлады, сөйтіп олар иелігіндегі малдың бір бөдігін Батыс Қытайға өткізіп жіберді... Мұқан Орымбаев: Ақсудағы көтерілісті ұйымдастырған Жылысбаев. Ал оны айдап салып, бұл көтерілісті ұйымдастырып отырғандар шет елге ауып кеткен Маманов пен Тұрысбековтер екендігін айтты. Шындығына көшкенде бұл көтеріліс Рысқұлов пен Жылысбаевпен тікелей байланысы бар «алашордашылар» Тынышбаев пен Сүлеевтің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, ,65-бет, 67-бет) «мойынына алды».
М.Тынышбаев (жалғасы): «Жақанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: «Бұдан ештеңе шықпайды», – деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес.
12-ші. Совхоз құрлысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … Бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтың колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Турксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: «Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?», – деп сұрақ қойды. Мен: «Мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр», – деп жауап бердім. Турксиб туралы , бұдан басқа айтарым жоқ».
Тергеушілер бір жыл бойы Д.Әділевтің көрсетіндісінде аты аталған адамдардың бәрін де тұтқынға алған. Соның бірі – 1931 жылы 8 тамызда ұсталған Алдаберген (Алдарбек) Үмбетбаев. Бұл азамат М.Тынышбаевтің сөзі өтетін, «Алашорда» әскерінің сапында барлаушы қызметін атқарған айтулы азамат. Өкінішке орай бұл адамға қатысты өмірбаяндық деректер тергеу ісінде де қат. Бір-екі рет қана қосымша жауап берген. Оның жауапқа тартылуына Д.Әділевтің:
«Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман стан
Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттестірген.
«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.
Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевты білесіз бе?
Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.
Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевты білесіз бе?
Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.
Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені менде ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.
Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтың өзі де растайтын шығар.
Тынышбаевтың жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамбетовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».
М.Тынышбаев сөз арасында А.Үмбетбаевтің жауабын жоққа шығарып, оған бұл мәселені терңдетпеу туралы емеуірін танытқан. Соның нәтижесінде А.Үмбетбаев өзінің жауабын тез түзетіп алған. Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде: Заки Валидов Ташкентке жасырын келгенде Нәшір Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүрді – дейді. Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында»
«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген – Т.Ж.) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора-жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, ж иындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік» – деп жазады.
Осында көрсетілген мекенжайдың қайсысы Н.Қожамқұловтың үйі? Бес ағаш қышлағындағы жалдамалы пәтер ме, жоқ, Әбдірахманның үйі ме? Өкінішке орай Н.Қожамқұловтың тергеу ісіндегі жауаптарын хатқа түсіріп үлгермеппіз. Өжет, батыл, сауатты азамат болса керек. Оған оның түрмеде жатып аштық жариялаған мынадай бір тосын мәлімдемесі дәлел:
«Лаптев мырзаға. Егерде мәртебелі мырзамыз дәрігерлердің қорытындысын жалған деп есептеп, мені ауруханаға жібермесе, онда менің осында ит өліммен өлгенімнің сізге үлкен рахат силайтын болғаны ғой. Сіздің көңіліңізден шығу үшін, сізге рахат қана емес, қатты сүйсіндіретін бір жаңалық айтайын. Мен 11 мамырдан бастап аштық жариялаймын. Сіздің бейбастақ қылығыңыз бен қырсық мінезіңіздің жолына өз өмірімді құрбандыққа атаймын. Қожамқұлов Нашир. 11 мамыр, 31 жыл».
Бұл ерегестің қандай күйде аяқталғаны белгісіз. Бірақта Н.Қожамқұловтың ашық мысқылға көшіп, хал үүстінде жатса да қасарыса мінез көрсетуі, дерттің жанына қатты батқанын ғана емес, сонымен қатар осынау азаматтың рухының беріктігін де танытады.
Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |