1.1 Террордан терроризмге дейін. Терроризм психологиясының негізгі ұғымдары
Қызықты, дегенмен факт: 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та болған қайғылы оқиғадан кейін террор адамдар ойында “жаңа ескі” құбылыс ретінде қайтадан қалыптасты. Жермен теңескен қос әлемдік сауда мұнарасын көргенде адамзат “бұл не?” деп жағаларын ұстады. Шынымен де, террор, терроризм құбылысы деген не, ол қалай пайда болды?
Халықаралық терроризм халықаралық масштабта мемлекеттерге қарсы ұйым ретінде пайда болды. Олар тек мемлекетке ғана шығып қоймай, мемлекеттілікке де қарсы шықты. Терроршылар суда жүзген балықтай мемлекет құрған тосқауылдардан емін-еркін өтетіндей жағдайға қол жеткізді. Және олар жай үйлерді жарып қана қоймай – мемлекеттік символы болатын ғимараттарды да жарып жібереді.
1986 жылы БҰҰ барлық террорлық акт қылмыс деп саналады деген резолюцияны қабылдаған болатын. Сарапшылардың айтуынша, бұл резолюцияның басты қателігі – “терроризм” мен “терролық акт” ұғымдарына анықтама берілмеген.
Терроризм ұғымдарының анықтамасын жасау өте қиын. Оның анықтамасын жасауда заңгерлер, саясаттанушылар, психологтар, философтар, әлеуметтанушылар өздерінің ғылымдарына сай негіздегі анықтамаларды беруге тырысады. Қазіргі кезде терроризмнің 200-ден астам ұғымы бар, бірақ олардың ешқайсысы ортақ қабылданған деңгейге жеткен жоқ. Мұндай жағдайдың туындауына осы құбылыстың өзіндік күрделілігімен қатар, мемлекетішілік немесе халықаралық деңгейдегі субъективті факторлар әсер етеді.
Терроризм мәселесімен айналысатын зерттеулер көрсеткендей, ұғымдарды анықтауда негізгі үш ұғым “террор”, “терроризм”, “террорлық акт” ұғымдарының өзара айырмашылықтарын анықтау тиімді болмақ. “Терроризм”, “терроршы”, “террорлық акт” сөздері ағылшын тілінен болған калькаларды білдіреді (terrorism, terrorist, act of terrorism). Олар шығу көзі бойынша террормен, қорқыту саясатымен байланысты. Сондықтан олардың айырмашылықтарын білу маңызды. Терроризм субъектісі ретінде көп жағдайда терроршы емес, алдарына нақты саяси мақсаттарды қойған ұйымдар қабылданады. Терроризмнің нақты бір шарты – террорлық акттен қоғамда резонанстың тууы. Қоғамдақ резонанс терроршыларға қоғамдық көңіл-күйді өзгертуде маңызды. Теракттер бұқара психологиясына айтарлықтай әсер етеді.
Ғалымдар арасында да терроризм құбылысының анықтамалық талдауын жасауда ортақ көзқарас жоқ. Бір авторлардың айтуынша (С.А. Эфиров, А.В. Наумов), терроризмнің әмбебап анықтамаларын іздемей-ақ бірнеше белгілері бойынша анықтамасын жасау тиімді болса, екіншілерінің айтуынша (А.Э. Жалинский), терроризмнің құқықтық анықтамасын жасау осы мәселеде белгілі нәтижелерге қол жеткіздіреді. Ал, шетелдің кейбір зерттеушілері (мысалы, В. Малиссон, С. Малиссон) өз еңбектерінде террор мен терроризмді ұғымдар деп қарастырмайды.
Терроризм - бір адамға немесе қоғамға бағытталған қорқыту формасында болатын қылмыстық әрекет, онда саналы түрде қоғамда қорқыныш, қысым көрсету жағдайы жасалынады, мұның мақсаты - терроршыларға тиімді шешімді шығартуға бағытталады[3].
ҚР Қылмыстық Кодексінің 233 тармағының 1 бабында терроризмге төмендегідей анықтама берілген: терроризм – қоғамдық қауіпсіздікті бұзу жолында, ҚР мемлекеттік органдары, шетел мемлекеттері, халықаралық ұйымдар қабылдайтын шешімдерге қарсы ниетте адамдардың өміріне қатер төндіретін және мүлікке зиян келтіретін әрекеттер жарылыс, өрт т.б. ұйымдастыру [4].
Терроризм ұғымын анықтаудың тағы бір жолы - оның сипатын анықтау. Терроризм сипаты дегеніміз – оны әлеуметтік-саяси және құқықтық категория ретінде көрсететін және ішкі мазмұнын ашатын әмбебап белгілер мен өзіндік ерешеліктерінің жиынтығы [5, 33 б]. Қазіргі кездегі заң әдебиеттерінде терроризмді қылмыстық әрекет ретінде анықтайтын мынадай белгілерін көрсетеді:
- біріншіден, терроризмнің басты ерекшелігі ол қоғамда үлкен қауіптілік төндіреді, ол жұртшылыққа қауіпті әрекеттер нәтижесінде туындайды;
- екіншіден, терроризмнің жариялануы, қарапайым қылмыстық әрекетте көп жағдайда ешкім хабарланбайды, ал терроризм қоғамда теңсіздік тудыру үшін алдын-ала жарияланып отырады;
- үшіншіден, терроризм жағдайында саналы түрде үрейлі, қорқынышты жағдай туындауға жол беріледі. Бұл кезде осы жағдай индивидуалды немесе кіші топ деңгейінде болмайды, ол әлеуметтік деңгейде болып, объективті тұрғыдағы әлеуметтік-саяси факторға айналады. Осы жерде қоғамда қорқыныш жағдайын тудыру басты мақсат болмайды, басқа мақсатқа қол жеткізудегі құрал ретінде пайдаланылады;
- төртіншіден, терроризм жүзеге асқанда қауіпті қысым көрсету бір адамдарға бағытталса, психологиялық әсер ету басқа адамдарға бағытталып, солардан терроршыларға тиімді жүріс-тұрыс формасын талап етеді.
Терроризм сипатының ерекшеліктерін көрсетуде кейбір қиындықтар туындайды. Г.В. Овчинникованың айтуынша, терроризм анықтамасын жасауда ортақ келісімге келіп, оны заңдық тұрғыда рәсімдеуге кедергі келтіретін фактор ретінде оның тым саяси жақтан қарастырылуы кері әсерін тигізеді [6, 53 б]. Терроризм ұғымын жасаудағы келесі бір мәселе - терроризмді террор ұғымымен бірге қарастыру, яғни олардың синоним ретінде қарастырылуы.
Кейбір авторлар терроризмді – қылмыс, террорды – кез-келген субъекттің (мемлекет, ұйым, жеке тұлға) күштеу, қорқыту түріндегі әрекет тәсілі ретінде қарастырады. В.П. Емельянов террорды “агрессия”, “геноцид”, “соғыс” ұғымдарымен салыстыра қарастырып, “террор - билік субъектілері тарапынан болатын бұқаралық қысым көрсету” деді. В.П. Емельяновтың пікірінше, терроризм мен террорлық акт ұғымдарын қатар салыстыру тиімді, террорлық акт терроризмнің барлық белгілерін қамтиды, тек бұл қатарға ең алғашқы саты қоғамда қаіптілікті туындату деңгейін қоспаса да болады.
Қарастырылып отырған құбылыстардың негізін “террорлау” (фр. terrorizer) ұғымы қамтиды. Террорлау – адамдарды қорқыныш қалпында ұстап отыра, қысым көрсету, қорқыту формасында болатын талаптарды қою. Террорлауға қылмыстық әрекет құрылымы ретінде мына белгілер тән:
- біріншіден, әрекет етушінің қысым көрсету немесе басқа әрекетінің өзіндік мақсаты болмайды, ол басқа мақсатқа қол жеткізу үшін пайдаланылады;
- екіншіден, қорқыныш жағдайы әрекет етушімен арнайы түрде оның қызығушылықтарына сай келетін шарттарды орындату үшін ұйымдастырылады;
- үшіншіден, соңғы нәтижеге қол жеткізу әрекет етушінің іс-қимылынан емес, террорлау бағытталған тұлғалардың әрекетіне байланысты болады.
Кейбір заң әдебиеттерінде терроризм экстремизмнің ақтық фазасы ретінде қарастырылады. Ал экстремистік іс-әрекетке мына қасиеттер тән:
- конституциялық құрылымды, мемлекет тұтастығын, ұлт қауіпсіздігін т.б. жоспарлайтын, ұйымдастыратын, дайындайтын жеке тұлғалар мен түрлі ұйымдардың (діни, қоғамдық) іс-әрекеті;
- нацистік және соған ұқсас символика, атрибутикаларға насихат жүргізу;
- аталған әрекеттерге бұқаралық қолдау көрсетуді талап ету;
- аталған әрекеттерді қаржыландыру.
Терроризмнің қоғамда зор мәнге ие болуына қоғамдық пікір де өзіндік әсер етеді. “Терроризмнің күштілігі саны мен сапасында емес, қоғамдық пікірде” – бұны айтқан Гарвард криминологиялық орталығының ағылшындық философы Ян Шрайбер болатын. Оның айтуынша, терроризм көп кешенді құбылыс, оның артында әрқашан кекшілдік, үміт, қайғылану, таңдану сезімдері жүреді. Бұл сынық айна сияқты, бірақ оны үстемелейтін бір фактор бар. Ол – масс-медиа. Газеттер мен теледидар терроризмді “миллондардың университетіне” айналдырды. 20 ғасырдың өте қорқынышты құбылысы бүкіләлемдік шоуға айналды. Терроршыларға да бұл қол болды, аудитория, көрермендерсіз олар бір күнде өмір сүре алмайды.
Терроризмнің сипаты болатын ұғымдарға жасалған талдауды осылай көрсетуге болады. Енді терроризммен қатар жүретін террор, терроршы ұғымдарын қарастырсақ, кеңестік энциклопедиялық сөздікте “Террор – Антарктидадағы сөнген вулкан, Росса жартыаралында орналасқан... және экспедициялық кеме атына қойылған”[7, 46 б] деп анықтама берілген. Бұл анықтаманың, көріп отырғанымыздай, біздің зерттеуге еш қатысы жоқ.
Ожеговтың сөздігінде террорға “саяси қарсыластарға қарсы тәни қысым көрсету” деп анықтама берілген [8, 423 б]. Шынымен де, саяси қарсыластарға ғана ма? Ресейде соңғы кездері терроризм психологиясын зерттеп жүрген Д.В. Ольшанский “террордың психологиялық және экономикалық түрлері де болады” деп бұл оймен келіспейді [9, 169 б]. Осы сөздікте “террорлау”, ”терроршы” сөздеріне де анықтама берілген:
Терроршы – индивидуалды террор актіне қатысушы немесе жақтаушы.
Ольшанский бұл жерде де өз пікірін террордың индивидуалды түрі ғана емес, бұқаралық түрі де болады деп білдіреді.
Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында орыс тіліндегі “террорист” сөзін “лаңкес”, “жанкешті” деп аударып жүр. Мен зерттеу жұмысын жасағанда бұл сөзге балама ретінде 1981 жылғы “Орысша-қазақша сөздікте” жазылған “террошы” сөзін таңдап алдым [10, 420 б].
Шет ел тілінің сөздігінде “террор – қорқыту саясаты, саяси қарсыластарды зорлық-зомбылық шараларымен басып тастау” деп, сәл нақтылау айтылған [11, 309 б].
Ал, әскери сөздікте былай делінген: “Террор – қорқыту саясаты және класстық, саяси қарсыластарды кез-келген қарумен басып тастау, бұл әрекет тіпті физикалық жоюға дейін барады”[12, 225 б].
Осындай бірнеше ұғымдардан ортақ ұғым шығару қиын болғандықтан жалпы “террор” деген сөз қайдан шықты?” деген заңды сауал туындайды. “Террор” латынның “terror” – “қорқыныш” деген сөзінен туындаған.
1970 жылдардың басында К.Э. Изард әр түрлі мемлекет өкілдерінің (АҚШ, Англия, Германия, Швеция, Франция, Греция, Жапония) эмоцияға қатысты көзқарастарын зерттеген болатын. “Сіз қандай эмоциядан қорқасыз?” деген сұрақтың көпшілігінде қорқу айтылған болатын. Осы қорқу сезімінен адамдарда қорқыныш туындайды. Қорқыныш – қорқудан туған күйзеліс, ол адам психикасында қорқудың қайталана беруінен туындайды.
Қорқыныш - өте күшті эмоция, сондықтан адамдар бұл жағдайда өте сирек болады. Изард сұрастырған адамдар қорқу сезімінен гөрі ұялу, қайғыру, жиіркену сезімдері туралы көп сөз қозғаған. Изардтың ойынша, қорқу – адамдар қорқынышпен ойлайтын эмоция. Ол адамдарда қауіпсіздік пен тұрақтылықтан айыратын сезім ретінде қабылданады. Ольшанскиийдің көзқарасында да, террор – бір әрекеттерден адамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығынан айрылу қаупі туындайтын қорқыныш.
Террор террорлық акттерден – жеке буындардан, компоненттерден, тәсілдерден, құралдардан қалыптасады. Бұл туралы В. Пирожков былай дейді: “Объект таңдалуға байланысты теракт нақты бір адамдарға қарсы да, бұған қатысы жоқ, бірақ жолы кездесіп қалған адамдарға қарсы да бағытталады (мысалы, ұшақтарды айдап әкету немесе жарып жіберу, өндіріс объектісі мен транспорттағы диверсия). Соңғы жағдайдағы террордың мақсаты – қоғамдағы жағдайды күрделендіру, адамдарда мазасыздық туындату. Мұндай жағдайдағы террордың нақтылығы болмайды, олардың құрбаны қарапайым адамдар болады. Терроршылар осы әрекеттері арқылы қоғамдық резонансқа сүйенеді, адамдар бұл кезде құқық қорғау органдарының шарасыздығын айыптайды. Қауымдастықты қорқыныш пен сенімсіздікте ұстау – қоғамға билік жүргізудің бір тәсілі”[13, 130 б].
Террорлық актті терроршылар жүзеге асырады, олар инициаторлар, ұйымдастырушылар және орындаушылар болып бөлінеді. Ғылыми емес негізде терроршылар деп орындаушыларды келтіреді. Террорлық әдістер дегеніміз – террорлық акттер мен террорды жүзеге асыру әдістері. Ол террордың түріне байланысты, өз кезегінде террордың түрлерін саяси, физикалық, идеологиялық, экономикалық, психологиялық деп бөлуге болады.
Енді жалпы түрде немесе Агеевтің ойынша айтсақ, терроризм – жалпыланған, кешенді құбылыс, мұнда қорқу да, қорқыныш та, террор тәсілдері мен олардың жүзеге асуы, олардың нәтижесі түгелдей қарастырылады [14, 63 б].
Терроризм объектісі мәселесін қарастырсақ, көптеген ғалымдар бұл жерде ортақ көзқараста тоғысады, олар терроризм объектісі – қоғамдық қауіпсіздік деп қарастырады. Осы ойды айтқан авторлар қатарына В.В. Мальцева, А.В. Попов, В.С. Комиссаров, А.И. Коробеев, В.П. Емельянова және т.б. жатқызамыз.
Терроризмнің жіктелу мәселесін қарастыратын болсақ, терроризмді жіктеуде Д.В.Ольшанский ұсынған нұсқа маңыздырақ. Ол терроризмнің саяси, информациялық, экономикалық, әлеуметтік (тұрмыстық) деген негізгі түрлерін бөліп шығарып, оларға мынадай анықтама береді:
Саяси терроризм – бұл террорлық әрекеттердің мақсаты - саяси лидерлерге, билікке, олардың саясатына әсер ету. Кей жағдайда саяси терроризм қоғамдағы саяси жағдайды өзгерту үшін саяси лидерлерді жойып жіберуге бағытталады.
Қазіргі қоғамда саясатқа қарсы жасақталған жүздеген террорлық топтар бар, олардың әрекеті қоғамдағы саяси жағдайды өзгертуге негізделген. Бұл қатарға Таяу Шығыстағы “әл-Қаиида”, “Хамаз”, испандық ЭТА террорлық топтарын жатқызуға болады.
Информациялық терроризм – адамдарда белгілі бір көзқарас тудыру мақсатында олардың санасы мен психикасына тікелей әсер ету. Масс-медиа арқылы терроршылар адамдарда қорқу мен қорқынышты тудыратын түрлі информацияларды жібереді, мұның өзі қоғамда дизбаланс тудырады. Мысалы, бір террорлық топтың белгілі бір күнде белгілі бір объектке қатысты терролық акт жасайтыны туралы мәліметтер газет-журнал, теледидар, интернет арқылы жиі беріледі. Осының өзі сол объектке қожалық етіп отырған билік пен қоғамда қорқу сезімін туындатады. Бұл терроршылар үшін билік пен қоғам арасын арандатудың тиімді тәсілдерінің бірі.
Экономикалық терроризм – экономикалық бәсекелестерге немесе белгілі бір мемлекеттерге қарсы экономикалық жетістікке жету жолында жасалынатын терроризм. Мысалы, мемлекеттер арасында тауарларға қатысты, импортқа байланысты түрлі кедергілерді қалыптастыру экспорттаушы мемлекеттің экономикасын шығынға ұшыратады. “Экономикалық терроризм” деп куба ұлты американдықтардың Ф.Кастроның билікке келуімен экономикалық байланысын үзуін атаса, кезінде осындай ұғым КСРО-да АҚШ-тың Джексон-Вэник заңының дүниеге келуімен пайда болды, ол бойынша Ақ үй Мәскеуге қатысты жоғары технологиялық өнімдерді экспорттауды тоқтатқан болатын.
Әлеуметтік (тұрмыстық) терроризм – бұл терроризмнің бір түрі болғанмен, нақты мақсаты болмайды. Тұрмыстық терроризм – көшеде, үйде т.б. жерде қорқытудан көрінеді. Бұл қатарға эпидемияның пайда болуы, жасөспірімдердің девиантты тұрғыда бірігуі, басбұзарлардың (рэкетир) сауда орындарына қысым көрсетуі т.б. сияқты құбылыстар жатады.
Д.В. Ольшанскийдің ойынша, аты аталған терроризм түрлері бір-бірімен өзара байланысты және бір террорлық акт болған жерде терроризмнің бірнеше түрін көрсетуге болады. Негізінде, бәрінің де негізі саяси терроризм болып, қалғандары оны толықтыратын болып қабылданады.
Заң әдебиеттерінде суицидті терроризм деген ұғым бар, онда терроршының саяси нәтижеге қол жеткізу жолында өзін құрбан қылуға дайындығы туралы сөз қозғалады.
К.Н. Салимов қылмыстық терроризм ұғымын бөліп шығарды. Оның айтуынша терроризмнің бұл түрі қылмыстық топтардың әрекетінен туындайды, олар бір сфераға күрес жолында бір-біріне қарсы қару, жарылғыш заттар қолданады, бұл іс-қимыл көп жағдайда халық шоғырланған жерде жүзеге асып, қоғамда қорқыныш қалпының туындауына алып келеді.
Алыс шетел ғалымдары терроризмнің мынадай түрлерін көрсетеді: психикалық және қылмыстық (Дж. Белл), революциялық, субреволюциялық және репрессивті (П. Уилкинсон, Р. Шульц), ядерлік, экономикалық, технологиялық, экономикалық және т.б.
И.Р. Михеев пікірінше, терроризмнің мынадай түрлерін қарастыруға болады: территориялық белгілері бойынша – халықаралық, мемелекетішілік, қылмыстық мотивациясына байланысты – саяси, діни, ұлттық және экономикалық.
Психологиялық терроризмнің де өзіндік ерекшеліктері бар. Терроршылар адамдарды құрбан қыла алатынына сенімді болып, осыны жүзеге асыра алатын қару бар деп иллюзия туғызып, қоғамда қорқыныш жағдайын туындатады.
Соңғы кездері құқық қорғау органы қызметкерлерін кибертерроризм (электронды, компьютерлік терроризм) деген терроризмнің жаңа бір түрі жиі мазалауда. Оны қолданатындар қоғам қауіпсіздігіне, мемлекет құрылымына зиян келтіретін мәлімет, бағдарламаларды компьютерлік жүйе арқылы жүзеге асырады. Кибертерроршылар бағдарлама ретінде вирустық бағдарламаларды жіберіп, полиция, әуежай, аурухананың электронды машиналарына өз биліктерін жүргізетін жағдайлар жиі кездесуде.
Соңғы кездері еліміздің саясаттанушылары да терроризмнің түрлерін жасауда өз көзқарастарын қалыптастыра бастады. Мысалы, Досым Сәтбаевтің айтуынша терроризмнің саяси, діни, криминалды деген түрлері бар . С.Мұқанов та терроризмнің 3 түрін көрсетеді, бірақ оның пікірі өзгеше: терроризмнің әлеуметтік, ұлттық және діни деген түрлері болады. Ал, Р.Қайдаров терроризмнің криминалды және ұлттық деген түрлерін бөліп шығарды.
Терроризмнің осындай көп формасының болғанына қарамастан оның ортақ мақсаты бар деп айтуға болады, ол – жұртшылықта қорқыныш, үрейлену, қорғансыздық қауіпін тудыра отырып, билік пен адамдарды өз қызығушылықтарының құрбаны қылу.
Ресей саясаттанушысы Л.Я. Гозманның көзқарасы бойынша “террорлық акттің нәтижесі үкіметке сенімсіздік тудырады, биліктің өзгеруіне әкеледі, қоғамда дестабилизация тудырады”.
Терроризмнің осындай негізгі сфераларын бөліп көрсетсек те, Ольшанскиий теориясына сүйенсек, терроризм негізі – қысым көрсету болып қала бермек. Ол түрлі құралдардан көрінеді – саяси қастандықтан, адамдарды кепілдікке алудан басталып, көше криминалына дейін жалғасады.
Терроризм психологиясында сонымен қатар “қысым көрсету” мен “агрессия” ұғымдарын да қарастыру орынды.
Агрессия туралы Б.Г. Мещеряков, В.П. Зинченко редакциялығымен жазылған психологиялық сөздікте мынадай анықтама келтірілген: “Агрессия-
(латынша agressio - шабуыл) мотивтелген деструктивті жүріс-тұрыс, ол қоғам мен адамдарда қалыптасқан нормаларға қарсы келіп, шабуыл объектісіне зиянын тигізеді, адамдарға физикалық зияндылық әкеліп, психологиялық дискомфорт тудырады.”
Агрессияның келесі түрлері болады:
1.физикалық – басқа адам мен объектке қарсы физикалық күшті қолдану;
2.вербалды – негативті сезімдерді форма арқылы (ұрсысу, айғайлау) және вербалды реакциялар арқылы (қорқыту) көрсету;
3.тікелей – бір объект пен субъектке тікелей бағытталады;
4.жанама – басқа адамға жанама формада (өсек, қалжың) бағытталады;
5.құралдық агрессия – бір мақсатқа жету үшін қолданылады;
6.аутоагрессия - өз-өзін қорлауда көрінеді, мұнда адам өз-өзін өлтіруге дейін барады;
7.кек алушылық – агрессия объектісіне шығын келтіру негізінде бағытталған агрессия;
8.альтуристикалық – басқа біреудің агрессиялық әрекетінен қорғану мақсатында істелінеді.
Агрессия мәселесін қарастырғанда, терроршыға тән агрессивті жүріс-тұрыс ұғымын қарастырғанның да маңызы бар. Агрессивті жүріс-тұрыс – психикалық және физикалық тұрғыдан жағымсыз өмірлік ситуацияларға зейін бөлудің бір формасы. Агрессивті жүріс-тұрыс келесі мақсаттарда қолданылады:
1.бір нәтижеге қол жеткізуде;
2.психикалық ширау тәсілі ретінде;
3.өзін жүзеге асыру мен өзін мойындату қажеттілігін қанағаттандыруға қол жеткізуде.
Осы психологиялық сөздікте зерттеудің басты нысанасы болатын – мотив ұғымына да анықтама берілген. Соны да қарастыратын болсақ, мұнда мотив- (ағыл. incentive) – 1. материалды немесе идеалды “зат”, соған байланысты іс-әрекет бағытталады және мотив арқылы субьекттің белгілі қажеттіліктері қанағаттандырылады; 2. аталған “заттың” психикалық образы.
Терроризм психологиясын қарастырғанда “қысым көрсету” ұғымынының синонимі ретінде “зорлық-зомбылық” сөзін де қолдануға болады. Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ, террор – зорлық әсерінен пайда болатын қорқыныш күйі. Террорлық акттер – зорлық акттері. Жалпы зорлықты пайдалану адам өлімі, материалды құндылықтардың жойылуы, әлеуметтік қатынастардың дегумонизациясы сияқты құбылыстарды тудырады.
Қарапайым тұрғыда қысым көрсетуді саяси-әлеуметтік тұрғыда суреттейтін болсақ, ресейлік саясатттанушылар А.А. Деркач пен Л.Г. Лаптевтің логикасына сүйенеміз, ол бойынша “адам мен қоғам өмірі көптеген заңдар мен шарттарға негізделеді. Осындай регламентациялар саяси субъект белсенділігіне де әсер етеді. Осыдан детерминацияның қалыптасуы зорлық түрінде көрініс береді. Қысым көрсету кез-келген қоғамға тән болмақ және бола береді”.
Зорлық жасау индивидуалды түрде де, бұқаралық түрде де жүреді, қандай түрде қалыптасқанына қарамастан зорлық жасаудың негізгі төрт түрін бөліп көрсетеміз:
1.бұқаралық ұйымдасқан қысым көрсету – бұған әскер мен полиция сияқты арнайы адамдарға ұйымдастырылған институттарды айтуға болады, қысым көрсетудің бұл түрі тоталитарлық диктатурада қолданылса, мемлекетте мемлекеттік терроризм пайда болады;
2.бұқаралық ұйымдаспаған қысым көрсету – аяқ астынан пайда болып мемлекетке қарсы бағытталады, мұның алғашқы сатысына көтеріліс, толқу сияқты құбылыстарды атасақ, шырқау шегі ретінде мемлекетте төңкеріліс жасалуды айтамыз;
3.индивидуалды ұйымдасқан қысым көрсету – қарапайым өмірде бұл құқық реттеушінің айыпталушыға қатысты қысымынан көрінеді;
4.индивидуалды стихиялық – көбінесе тұрмыстық жағдайда пайда болады.
Осылай терроризм психологиясының негізін құрайтын ұғымдарға қысқаша тоқталдық. Жалпылай айтсақ “террор”, “терроршы”, “терроризм” ұғымдарын тұтастай “орасан және қорқынышты” деп қорытуға болады немесе “терроршы – террорлық акт - террор” тізбегі терроризмді тұтастай құбылыс ретінде суреттейді деп ой қорытындысын жасауға болады.
Жалпы бір мәселені ғылыми тұрғыда зерттегенде оның тарихи дамуына да көз салған маңызды факторлардың бірі. Ольшанскийдің ойынша, терроризмнің бастауы сонау “Ұлы Француз революциясынан” басталады. 1793 жылы Францияда пайда болған Конституцияда “үкімет адамдардың құқын бұза алады” деген сөздің болуы бұқара арасында толқу туғызып, Лион мен Парижде мемлекетке қарсы революция көтерілді. Бұл туралы Карл Маркс те өз еңбегінде атап көрсетті. Оның айтуынша “француз терроризмі – буржуазия жауларымен күресудің, абсолютизмнің, феодализмнің бір тәсілі болатын”.
Ресейде алғашқы террорлық топ 1886-1887 жылдары Санкт-Петербургте өмір сүрді, оның негізін П. Шевырев пен А. Ульянов құрды және терролық фракция “Халық қалауы” деп аталды. Олар 1887 жылы 1 наурызда Александр III императорға сәтсіз қастандық жасады, осыдан кейін патша бұйрығымен бұл топ жойылды.
Сонымен қатар Ресейде 1917 жылы болған қос революциядан да терроризмнің белгілерін байқауға болады. Одан бері жылжыйтын болсақ, атақты Гитлер мен Муссолинидің фашистік саясаты мен Сталиннің КСРО-ғы билігі “террор және тоталитаризм” деген лақап атқа ие болды.
Жалпы, XX ғасырдағы терроризмнің даму тарихын ғалымдар бірнеше сатыда көрсетуге тырысты. 60-70 жылдардың түйіскен шағында саяси терроризмнің жаңа толқындары пайда бола бастады, олар соғыстан кейінгі “экономикалық керемет” болған мемелекеттер Италия, Германия, Жапонияда өріс алды. Бұл мемлекеттердің әлеуметтік құрылымдары мен институттары экономикалық өзгерістерге үлгере алмауынан “Қызыл бригада”, “Қызыл Әскер фракциясы”, “Жапондық Қызыл Әскер” ұйымдары елдегі саяси жағдайды шиеленістіретін іс-әрекеттер орындаған болатын.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін ислам фундаменталистерінің терроризмі кең етек жая бастады. Қазіргі кездегі батыс саясаткерлері мен саясаттанушыларының халықаралық терроризмді “Ислам терроризмі” деп атауына да осы революциядан кейін кең аумақты қамтыған ислам қозғалыстарының әрекеті өз әсерін тигізді.
Қазіргі кездегі террорлық акттерге демократиялық рең беруге болады. Қазірде Шешенстан мен Дағыстанда, Ауғанстан мен Палестинада болып жатқан террорлар тиісінше Ресей мен АҚШ-тан, Израилден бостандық алуға бағытталған.
Жалпы, террор әлемдік қауымдастықта 2001 жылғы қыркүйекке дейін еленбей келді, тек АҚШ-тағы орасан апат адамзаттың басты жауына деген көзқарасты түбегейлі өзгертті.
1.2 Терроршыда агрессивтілік пен зорлық-зомбылықтың пайда болуының
табиғи және әлеуметтік факторлары
Жаңа террордың механизмі адам бойында терең орналасқан. Террорлық әрекетке баруда көп жағдайда бір адамдардың немесе бір топтың бір жағдайда шешім шығара алмауы да әсер етеді, олар қалыптасқан жағдайды драмалық жағдай ретінде түсінеді. Бұл қатарға аз ұлтты баск, корсикандық, бретон, ирланд ұлттарын, сонымен қатар идеологиялық көзқарас пен діни сенім негізінде біріккен топтарды айтуға болады. Бәрінің де мотивациясы ортақ: біздің халық, біздің тіл, біздің ұлт, біздің діл, біздің сенім жойылудың алдында, біздің сөзімізге ешкім құлақ аспайды, бұдан шығудың бір жолы ғана бар, ол – қару арқылы жүзеге асатын кек алу жолы.
Адам терроршы болып бірден жаратылмайды. Терроршы болу үшін тұлға апатия мен әлеуметтік дезадаптацияның түрлі формаларынан өтеді. Терроршы болып қалыптасудың үрдісін Э. Шоу жасаған болатын. Ол өзінің моделінің жеткіліксіз тұстарын мойындай отыра, адамды терроризмге алып келетін төрт факторды көрсетті:
1.ерте жастағы әлеуметтен шеттетілу;
2.нарцистік бұзылыстар;
3.конфликтілі жағдайлар;
4.террорлық ұйым мүшелерімен болған байланыстан.
Шоудың ойынша, тұлға өзіндік бағалауда қиындықты бала шағында сезінсе де террорлық жолға түсуге бейім келеді.
Терроршы тұлғасының қалыптасуының генезисі адам әлеуметтенуінің сценарийіне қарама-қарсы. Адам әлеуметтенуінде өмір шыңы (“акме”) шығармашылық үрдісте (өнер, медицина, педагогика т.б.) өзіндік даму болса, терроршылардың бұл сатыдағы әрекеті басқалар жасаған игіліктерді жою, адамдарды құрбан қылуға келіп тіреледі. Терроршылар үшін әлемді негативті қабылдауға бірнеше факторлар әсер етеді. Ол өзінің тұлғалық және әлеуметтік жетілмеуі салдарынан моральды өзіндік қорғаныс үшін өзінде “Мен жақсы, әлем жаман” деген позицияны ұстанады. Осы арқылы ол өзінің кез-келген деструктивті жүріс-тұрысын ақтауға тырысады. Осындай жоққа шығарудың арқасында оның бойында өзінің шыншылдығына деген концепция пайда болады, бұдан кейін терроршы немесе террорлық топта позитивті көзқарастар қалыптасады дегенге сену өте қиын.
Осы процесс негізінде терроршыда қалыптасатын эмоция агрессивті болады, бұл өз кезегінде депрессияға еш бағынбайды.
Агрессивтілік пен зорлық көрсету өзіндік құндылықтарды көрсетуде маңызды рөлге ие болады. Агрессивтілік және зорлық-зомбылық арқылы импульсивті, көңіл-күйі дисгармонияға ұшыраған адамдар өте қысқа мерзімде практикалық тұрғыда шындық пен қайырымдылық туралы өзіндік көзқарастарын жүзеге асыра алады.
Психологияда агрессивтілік пен зорлық көрсетуді зерттеудің тәжірибелік қоры біршама көлемді. З. Фрейд пен К. Лоренц агрессивтілікті адамның табиғи инстинктерімен байланыстыра қарастырды. Фрейд бұл жөнінде “өлім инстинкті” ұғымын қалыптастырды, мұнда адамның бұзып-жоюға деген қабілеттілігінің табиғи факторлары туралы айтылады. Лоренц агрессивтіліктің пайда болуын былай түсіндіреді: “Агрессивті инстинкттің бұзып-жоюшылық энергиясы адамға тұқым қуалай берілді, адамдарда агрессивтіліктің пайда болуына мыңдаған жылдарға созылған түрішілік сұрыпталу әсер етті. Адамдар өздерінің қарулары арқылы, әлеуметтік ұйымдасуы арқылы сыртқы күштерден қорғана алатындай деңгейге жеткенде түрішілік сұрыпталу басталған болатын”.
Көріп отырғанымыздай, атақты қос зерттеуші де зорлық көрсетуді тұлғаның индивидуалды ерекшеліктерімен байланыстырған жоқ, керісінше агрессивті жүріс-тұрыстың филогенетикалық негіздерін көрсетіп, олар адамда бағдарланған, туа біткен инстинктпен байланысты және адамның өзін көрсетуде басты қаруы болып қолданылады деген ой тастады.
Осы инстинкт концепциясымен қатар фрустрация теориясы да пайда болды, оның алғышарттары 1939 жылы Дж. Доллард монографиясында көрсетілді. Ол бойынша, “агрессиялы жүріс-тұрыстың пайда болуы фрустрациямен байланысты, және керісінше – фрустрацияның болуы агрессияның кез-келген бір формасын тудыра алады”.
Көптеген жағдайда агрессивтіліктің көрініс беруіне сыртқы жағдайлар кедергі келтіреді немесе жазалану қорқынышының пайда болуы әсер етеді. Бірақ ішкі түрткінің болуы агрессивтілікті кез-келген уақытта туындатады және агрессивті мінез-құлық тек фрустрация туғызған объектке ғана емес, жазалану шарты болмайтын басқа объекттерге де бағытталады.
Агрессивтіліктің психоаналитикалық концепциясын атақты американ-неміс психоаналитигі Эрих Фромм жасаған болатын. Ол агрессивтіліктің “пайдалы” және “зиянды” түрін бөліп көрсетті.
Алғашқысы адам инстинктерімен байланысты және адам мінезінде, адамның құмарлығында қалыптасады. Фроммның айтуынша, инстинкттер табиғи түрде болғанмен, адам мінезімен байланысқан құмарлықтың негізі әлеуметтік және тарихи реңге ие болады.
Құмарлықтың инстинкт сияқты физикалық қорғаныс қызметі мен тұрақтылық қасиеті жоқ. Құмарлық адамның өмірге деген қызығушылығын, адамның ұмтылысын қамтамасыз етеді. Құмарлық – адамда миф, фантазия, драма, діни көзқарас пайда болуының негізгі материалы. Құмарлық тамырын болмыс негізінің тереңінен алады.
Фромм адам құмарлығын таза психологиялық комплекстерге жатқызудың мәнсіз екенін дәлелдеді. Құмарлық адамның белгілі бір уақытта өмір сүру жағдайын анықтайды. Осы кезде адам өз қажеттілігін орындай алмайтындай ситуация туындаса, әлеуметтік қатынастардың деструкциясы пайда болып, адамда деформацияланған ұмтылыстар пайда болады.
Фромм өз еңбегінде “нарциссизм” ұғымына да анықтама береді. Фромм заманында терроизм құбылысы болмағандықтан, ол нарциссизмді тікелей терроризммен байланыстырып зерттеген жоқ. Дегенмен, нарциссизм адам деструктивтілігінің себепкерлігі болғандықтан, терроршы бағыттылығын осы ұғыммен байланыстырып суреттеуге болады.
Э. Фромм нарциссизмге мынадай анықтама береді: нарциссизм – эмоционалды күй, онда адам өзінің тұлғасына, өзінің денесіне, өзінің қажеттілігіне, өзінің ойларына, өзінің сезімдеріне ғана назар аударады, ал осыларға қатысы жоқтың барлығының өзіндік салмағы, түсі, мәні жоқ және саналық деңгейде ғана қарастырылады. Осылай нарцисс адамда айналасына қатысты объективтілік пен құндылықты бағалауда қабілеттілігі әлсіз болады .
Фроммның айтуынша, нарцисс адам өз-өзіне сенімділік деңгейіне өзіндік еңбек пен жетістіктер арқылы емес, өз-өзінің ерекше екенін субъективті деңгейде ғана сезінумен қол жеткізеді. Сондықтан нарцисс-терроршы өзінің “ең ақылды”, “ең батыл” екеніне статикалық тұрғыда сенімді болып, жалпы қоғам құндылықтарына шабуыл жасайды. Терроршының мұндай бағыттылығына өзінің “шыншыл” топтың мүшесі ретінде сезінуі де әсер етеді. Бір топ ішінде осындай нарциссистік эпидемия орын алса, осы террорлық топқа қарсы тұру одан әрі күрделенеді.
Нарциссизм өз-өзіне бейімделуді білдіретін болғандықтан, нарцисс адам өзінің нарцисстік ортасынан басқа жерде тұлғалық бұзылысқа ұшыраған адам ретінде қарастырылады. Сондықтан мұндай тұлға:
-
өз тобының мүшесі емес адамдарға әрқашанда агрессивті қатынаста болады;
-
өзінің топтағы орнын, топ мүшесі екенін дәлелдеуде кез-келген әрекеттерге барады (осы қатарға өзін жарып жіберетін фанатик терроршыларды да жатқызуға болады).
Э. Фроммның ойынша, адам нарциссизмі жеке емес, топтық құндылықтар деңгейінде болса өте сезімтал болады және топқа қатысты айтылған кері пікірлер онда агрессивтіліктің жоғары деңгейін көрсетеді. Сондықтан осы реакция индивидуалды нарцисске қарағанда эффективті болады. Индивид өзіне қатысты кері көзқарас айтылса айнаға қарап күдіктенуі де мүмкін, ал топтық деңгейде өзіне қатысты күдіктенушілік жеңіліспен тең.
Осылай топтық нарциссизм адам агрессивтілігінің негізгі қайнар көзінің бірі болып табылады.
Терроршылардың өздерін “ең”, “ең” тұрғысынан сезінуі – ең шыншыл, ең батыл, ең маңызды т.б. – нарциссизм құбылысын туғызады.
Нарциссистік тұрғыда бағытталған адам өз тобы мойындаса өз персонасымен мақтана түседі және өзінің сенімділігінің арқасында жапа шексе ол екі есе өзіндік қанағат сезіміне ие болады. Ол қаншалықты өзінің реалды өміріне қанағаттанбаса, соншалықты топқа бейімділігі арта түседі.
Нарциссистік көңіл-күй мен эмоцияларды үлкен және кіші топ (саны бойынша) мүшелерінің бойынан көруге болады. 90 ж. Кавказ ұлттарының өзіндік сүйіспеншілігі байқалған болатын, әсіресе бұл террорлық топ басшыларының бойынан жақсы байқалды.
Топта терроршы өзіндік нарциссизмін жетілдіріп қана қоймай, тұлғалық идентификацияға да қол жеткізеді. Көптеген терроршылар үшін террорлық топ ұжымдық әке рөлін атқарады, олар осында өздерінің қорғана алатынын сезінеді. Осындай жолға көбінесе өзінің маргиналдығы арқасында өз ортасынан шеттетілген адамдар түседі, олар еңбек іс-әрекетінде, білім алғанда немесе өмірдің кез-келген сферасында сәтсіздікке ұшырайды.
Осындай терроршылардың топқа берілуінен топтық норма мен мақсаттар идеалданып, жалпыға тән және міндеттілікке айналады. Осыдан өзге көзқарас ұстағандарға деген кекшілдік туындайды және бұл жерде күдіктенушілікке жол берілмейді. Террорлық топқа қарсы бағытталған әрекеттер топ ішіндегі кереғар пікірлерді жойып, оларды біріктіруге әкеледі, осыдан олар айуандық әрекеттерге жол береді.
Ресейдің Тұлға дамуы институтының бас қызметкері В.Ф. Пирожков терроршы тұлғасының қалыптасуының концепциясын жасағанда келесі мәселелерге көңіл бөледі. Ол алдымен террорлық топқа бейім адамдардың психологиялық профилін жасап алуды ұсынады. Мұндай адамдарға саяси қатынастарда жолы болмаған және соған ұмтылатын және жетіспеушілік комплексі бар тұлғалар жатады. Осыларға ақша үшін қызмет ету мен қантөгістік әрекеттер сияқты басбұзарлық элементтер бірігеді.
Пирожков терроризмде әр түрлі мамандық өкілдерінің қамтылатынын баса айтады. Онда өмірден тыс қалған спортшыларды да көруге болады. Террорлық топқа аз көлемде болса да қоғам тастандылары, маргинал тұлғалар жұмылдырылады, олар тек “қатардағы жауынгерлер” рөлін атқарады. Терроршыларды толықтыруда конфликтілі аймақтан шыққан азаматтар да көптеп тартылады. Пирожков адамдарға билік етуге ұмтылған адамдарда психологиялық аномалия құбылысы бар деп есептейді. Жоғарыда айтылған маргиналдар, психикалық ауытқулары барлар, комплекстенген адамдар кей жағдайда индивидуалды түрде әрекет етеді. Оның айтуынша, терроршының психологиялық портретін жасау, оның қылмыстық әрекетінің мотивін анықтау, тұлғалық бағдары мен моральдық құндылықтарын зерттеу өте қиын. Террорлық топ жетекшісі мен ондағы қарапайым терроршы психолологиялық жағынан бірдей емес. Қарапайым терроршы өз алдына ерекше бір саяси жоспар жасауы мүмкін емес, ол – террорлық ұйымның лидерлерінің атрибутикасы ғана болады.
В.А. Сосниннің айтуынша терроршылар қоғамның психологиялық күйі төмен аймақтарда өз әрекетін ұйымдастыруға ұмтылады. Олар өз әрекетін ұйымдастырғанда мемлекеттегі билік пен қарапайым халық арасындағы өзара сенімділік деңгейіне де сүйенеді. Мысалы, Ресейде жүргізілген сауалнамалар бойынша тұрғындарда қорқыныш, сенімсіздік, қауіптілік сезімдері жоғары нәтиже көрсеткен (1994 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 46% тең болған). Ал, елдегі демократияға сенбейтіндер саны 1992 жылы 72% құраған. Осындай есептер террорлық топ әрекеттері үшін жағымды факторды құрайды.
С.Я. Ениколопов терроршылар арасында жиі кездесетін екі түрін бөліп шығарды. Біріншілері, өздеріне сенімді, өзіндік бағалауы жоғары болса, екіншілеріне өзіндік “Менінің” төмендігі, өз-өзіне сенімсіз болумен ерекшеленеді. Бірақ екеуіне де жоғары агресситвілік, өз “Менің” қорғауға дайындық, басқалардың көңіліне сезім бөлмеу, фанатизм тән. Олар экстренализация тенденциясына сүйенеді, яғни өздерінің ішкі мәселелерінін шешімін сырттан іздейді.
Көптеген терроршылар үшін қоғамдық қарым-қатынас (“Біз-Олар”) маңызды емес, олар басқаша ойлаушылыққа, басқа көзқарасқа жол бермейді. Адам өмірінің құндылығы мен басқалардың өмір сүруге құқығы жоққа шығарылады. Зорлық-зомбылық пен агрессивтілік өзіндік құндылыққа айналады. Оларға қарсы шыққан күштер терроршыларда қайта кері эффект тудырады – олар топ үшін біріге түседі, топ ішіндегі қайшылықтар азаяды, моральды қолдау туындатады.
С. Рощин терроризм психологиялық аспектте адамның агрессиялық теориясымен және тұлға дамуының психопатологиялық нұсқаларымен байланыста болады деп, төмендегі кестеде терроршы тұлғасының үш моделін көрсетті:
-
Терроршы тұлғасы |
Достарыңызбен бөлісу: |