Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады



бет2/27
Дата09.06.2016
өлшемі7.75 Mb.
#124270
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

Отарлық билік аталған идеялық бағыттарға пантүркизм мен панисламизм деп саяси айдар тағып, оны Ресейдің мемлекеттігін ыдыратып, Түркия, Иранның басшылығымен жалпымұсылмандық держава құруға бағытталған қауіпті идеялық ағым деп жарияланды. Бұл отаршыл биліктің өз өктемдігін қорғауды көздеген идеологиялық байбаламы еді. Шын мәнінде жәдитшілер Ресейден бөлектенуге ұмтылған жоқ, мәселе – отаршыл езгідегі халықтың мұсылмандық ынтымақтастығы туралы болып тұр. Ортаазиялық мұсылмандар үшін Ресейдің басқа аймақтарындағы және дүниежүзіндегі мұсылмандармен өздерінің рухани және мәдени тұрғыдан біртұтастығын сезінуде ислам факторы – олардың саяси ой-санасының бағдары болды. Бұл тұжырым өлке халықтарын саяси күреске топтастыру идеясының ең басты мәнін ашып көрсетеді.

1917 ж. 1-11-ші мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресей мұсылмандарының 1 съезі Уақытша үкіметтің азаматтық келісім және Құрылтай жиналысы арқылы саяси-әлеуметтік мәселелерді бейбіт жолмен шешу саясатын бір ауыздан қолдады. Мұсылман халықтары үшін бұл кезеңде белгілі бір таптың мүддесін қорғаудан да отарлық тәуелділіктен құтылу қажеттілігі басым еді. Ақпан төңкерісінен кейін негізі қаланған өлкелік «Шурои Исламия» – Мұсылмандар кеңесі ұйымы Бүкілресейлік мұсылмандық қозғалыс ықпалымен құрылды. Ұйымның атауы өлкедегі этникалық әралуандықты саяси бірлікке топтастыруды байқататын еді. Бұл өлкенің полиэтникалық жағдайындағы ең бір ұтымды шешім болатын. Өлкедегі әртекті ұйымдар мен қоғалыстардың басын біріктіруші және үйлестіруші рөл атқарған Мұскеңес алдында ұлттық-демократиялық күштердің жікке бөлінуіне жол бермеу міндеті тұрды. Мұскеңес төрағасы М.Шоқайдың бастамасымен аталған ұйымдар идеялық алшақтығына қарамастан Өлкелік кеңеске бағынатын облыстық, уездік, болыстық және қалалық мұсылман депутаттарының кеңестеріне бірігуі тиіс болды.

Бұл әрекет «Шурои Исламияның» идеялық негізде жіктелуін тоқтата алмады. Осы жылдың маусым айында М.Шоқай, М.Бехбуди, М.Абдурашитхановтар басқарған «Шурои Исламиядан» С. Лапин басқарған жаңа саяси бірлестік «Шурои Улема» (Ғұламалар кеңесі) бөлініп шықты. Діни ақсүйектер тобының мүддесін көздеген улемалықтар тұрмыста және қоғамдық өмірде феодалдық-патриархалдық қатынастарды сақтап қалуды жақтаған дәстүршілгімен ерекшеленеді. Олар жәдитшілердің ағартушылық идеялары мен саяси көзқарастарын толығымен қуаттай қойған жоқ, әйтсе де саяси билік мәселелеріндегі ұстанымдарынаа түгелдей қарсы болатын. Халыққа түсінікті дәстүрлі дүниетаным мен дәстүрлі ұстанымдарға сүйенгендіктен де ел ішінде улемашылардың қолдаушылары аз емес еді. Мысалы, 1917 ж. Ташкент қалалық думасы сайлауында олардың басым дауысқа ие болуының өзі улемашылардың халық арасында кеңінен танымал болғандығын танытатын еді. Осыған байланысты М.Шоқай «Бүкіл Түркістан тұрғындарының көңіл-күйіне ықпал жасамақ болған осы екі ұйым – «Шурои Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бір-бірімен қырқысып жатты, ал «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» осы екеуін жақындастыра алмай әуреге түсті. Осы екі ұйым арасындағы алауыздық біздің ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресімізді бәсеңдетіп жұмысымызды былықтырды»1 деп жазды.

Бұл саяси топтардың көздеген мақсаттары да әртүрлі болды. Айталық, мұсылмандық ұйымдарға қарағанда түркістандық федералистер демократиялық бағдар ұстап, қоғамдық және мемлекеттік құрылыста батыс европалық либералдық-демократиялық үлгіні жақтады. Әйтсе де, олардың бағдарламалары бөтен ел тәжірибесінің тікелей көшірмесі емес еді, қайта олар жасаған ұлттық мемлекеттілік концепциясында дәстүрлі әлеуметтік мазмұн құқықтық норма және билік институттары сияқты демократиялық құндылықтар мен исламдық қағидалар түрінде көрініс тапты.

Түркістандағы мемлекеттік құрылым бойынша бұндай баламалы бағдарламалардың пайда болуы өлке халқының оянуы мен ұлттық саяси күштердің ұйымдық кемелденуін танытатын аса маңызды көрсеткіші болды. Сонымен бірге бұл әралуандық ұлт-азаттық қозғалыстың кейінгі тағдырын айқындаған алауыздықтың да көрінісі еді.

Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері большевиктерге қарсы ымырасыз, бітіспес позиция ұстанып, өлке халқының өзін-өзі басқаруына қол жеткізуде саяси батылдық танытты. 1917 ж. 26 қазанда Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезінде Түркістан Мұхтарияты осылай өмірге келді. Осы тарихи оқиғадан соңғы кезеңдегі С.Лапин басқарған «Улеманың» саяси ұстанымы ұлттық-демократиялық күштер мен большевиктік өкіметтің арасында бұлталақтаған, тұрақсыз, қарама-қайшылығымен танылды. Оның басшылары Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметіне Ресейдегі буржуазиялық-либералдық партиялармен одақтасу ниеті және буржуазияшыл, капиталистік сипаттағы бағдарламасы үшін сенімсіздік білдіретіндігін айтып жарияға жар салды.

Большевиктер «Түркістан Мұхтариятын» тығырыққа тіреген уақытта «Улема» ұйымы «Орыс социалистеріне» үндеуі арқылы «Шурои Исламия» түріндегі бұқаралық қозғалыстан іргесін аулақ салып, өлкенің болашағын, оның мемлекеттігін социализм қағидаларымен және большевиктермен ынтымақтасумен байланыстырып жатты. Бұндай саяси пікірталас ұзаққа созылмады, оның соңы ашық теке-тіреске ұласты. 1918 ж. 18 ақпанында Мұстафа Шоқайды улемашылар «сарай төңкерісін» жасап, Ергеш құрбашымен алмастыруы арқылы онсыз да саяси ахуалы шатқаяқтап тұрған ұлттық автономияны тағдырдың тәлкегіне тастады.

Түркістан қозғалысындағы осы негізгі екі бағыт ұлттық мүдде жолында ымыраластыққа бара алмады. Бұл жағдай Түркістан қоғамының топтасуына кері әсер етті және оның азаттық пен ұлттық мемлекеттілік үшін күресіне орны толмас өкініш алып келді. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы сияқты қуатты саяси құбылыстың қызметінде ислам діні тұрақты үйлестіруші фактор болғанымен бұл аса маңызды фактор исламның өз ішіндегі қайшылықтары мен большевиктік идеологияның сыртқы тегеурінді ықпалына төтеп бере алмады.

Отарлық биліктің өлкедегі дөкір де озбыр саясаты Түркістан жәдитшілері бас болған интеллектуалдық, мәдени және адамгершілік өзегі қуатты жаңашыл ағыммен бетпе-бет келді. Түркістандық көпестер, зиялылар мен діндарлардың білімді жаңа буыны алғаш рет отарлық биліктің «легитимдігіне» күмәнмен қарады. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру мен еркіндікке жету үшін өз халқының бұғып жатқан күш-қуатын оятуды қолға алған ұлттық элита өкілдері өздерінің сан-салалы қоғамдық-саяси қызметімен Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын іске асыруға сәт сайын жақындай берді.

Жәдитшілер көсемі Махмудқожа Бехбудидің ұлт-азаттық қозғалысының қуатты ағымына араласуы оны өлкедегі мұсылмандық саяси элитаның алдыңғы легіне шығарды. Ал саяси көзқарастары бойынша діни клерикалдықты ислам социализмімен ұштастырған «Шурои Улема» көсемі ретіндегі саяси қызметі қаншалықты қайшылықты болса да С.Лапинді өлкеге кеңінен танымал етті. Олар түркілік, мұсылмандық бірлікте әртүрлі саяси ағымдарды қуаттаған ұлт-азаттық күрес көсемдеріне айналды.

ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі әлемдік ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі тарихи Ресей мен Кеңес Одағы құрамындағы Орталық Азия халықтары арасында саяси ағымға айналған Тұтас Түркістан идеясын дүниеге әкелді. Отаршылдыққа қарсы этникалық, аймақтың бірлікті мақсат тұтқан бұл идея сөз күйінде қалған жоқ. 1917 ж. қарашада орнаған Түркістан Мұхтарияты қызметінде алғаш рет көрініс берген түркістандық бірлік идеясы М.Шоқай бастаған ұлттық элитаны батыл саяси шешімдерге ынталандырды.

Түркістан Мұхтариятының қару күшімен жойылуы, М.Шоқайдың эмиграцияға кетуі, кеңестік үлгідегі Түркістан автономиясы мемлекеттік құрылымының орнауы да аймақтық тұтастықты қалыптастыру идеясын тұншықтыра алмады. Ұлт-азаттық күрес барысында саяси партиялардың тұғырнамасын безендірген «ұлттық автономия» мәселесін большевиктер шовинистік мақсатқа сай бұрмалады. Содан да Тұтас Түркістанның орнына қауқарсыз, саяси, экономикалық құқығы барынша шектелген ұлттық республикалар құру Одақта бірыңғай великоросстардың үстемдігін нығайтуға қызмет жасады. Бұл ұстанымды өз кезінде түркілік бірлік идеясының ту ұстаушысы болған қайраткер М.Сұлтанғалиев әшкерелеген болатын.

Ал кеңестік билік жағдайында саяси күрестің алдыңғы шебіне шыққан Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстың барынша солшыл қанатының өкілі Т.Рысқұлов Тұтас Түркістан идеясын большевиктердің өздерінің саяси күрес тәсілдерін қолдана отырып іске асыруды көздеді. ТКП ІІІ съезінде мұсылмандар конференциясының атынан сөйлеген Т.Рысқұловтың «Бізге бұл жерде, көптеген өзге ұлттар мекендеген Түркістан өлкесінде таптық күресті бірлесе жүргізгендіктен де ол ұлттарды біріктіру керек, өйткені пролетариат ұлтқа бөлу дегенді білмейді»1 деген сөзінің ұлттық күштерді жаңа жағдайда отаршылық пен ұлыорыстық шовинизмге қарсы күреске жұмылдырудағы маңызы ерекше болды. Өйткені, жаңа қоғамның билік институттары нығайған сайын кеңес өкіметіне қарсы ашық күресу өте күрделі сипат ала берді. Большевиктердің еліктіргіш таптық, ұлттық идеяларды көтеру арқылы қараңғы халықтың едәуір бөлігін өз жағына тартуы да ашық күрес жүргізудің саяси тиімділігін азайта берді. Осындай себептерге сәйкес билікке тартылған ұлттың саяси қайраткерлері кеңестік билік жағдайында ұлт мүддесін қорғаудың міндеттерін айқындап, оны іске асырудың тәсілдерін белгілеуге тиіс еді. Осыған байланысты стратегиялық міндет ретінде Т. Рысқұловтың сөзінде алғаш рет Түркістан халықтарын біртұтас ұлтқа біріктіру идеясы тұжырымдалды. Ол 1920 ж. қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясында болашақ Түркі республикасының саяси ұйымын «Түркі халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешімге қол жеткізген. Әйтсе де, түркілік бірліктің бұл алғашқы нәтижесін большевиктік билік жөргегінде тұншықтырды.

1908 ж. Петербургте жарық көрген еңбектердің бірінде мұсылман авторларының бірі «Исламда араб та, татар да, башқұрт та, мешер де жоқ... барлық мұсылмандар бір ғана ұлтты құрайды»2 деп тұжырым жасағанымен ол саяси тұрғыда қоғамдық ойдың қолдауына ие бола алмады. Ондай үстірт тұжырымға отаршылыққа қарсы күресте исламдық бірліктің мүмкіндіктеріне үміт артқан және оны әсіре дәріптеген саяси авантюризм түрткі болғандығы даусыз. Осыған байланысты батыстық, ресейлік парасатты дінтанушылардың «ғасыр басындағы мұсылман халықтарының бірлігі тек қиялда ғана өмір сүрді» деп атап көрсеткені мәселеге біржақты қарағандық еді. Европалық мемлекеттердің отарлық басқыншылығына қарсы күреске барлық мұсылмандарды біріктіру идеясы ислам әлемінің негізгі бағыттары және олардың түрлі тармақтары арасындағы түбірлі ерекшеліктер түріндегі кедергіге тап болғанымен мұсылмандық қозғалыс Ресейде біртұтас «ислам ұлтын» қалыптастыруда үйлестіруші фактор қызметін мақсат тұтпаса да ұлт-азаттық қозғалыста белгілі бір саяси рөл атқара алды.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын Алаш қозғалысымен салыстыра қарастыру барысында оның бірқатар ерекшеліктеріне көз жеткіземіз. Ол ерекшеліктер, біріншіден: өлке халқының полиэтникалық құрамынан туындаған саяси, рухани әралуандық түріндегі ішкі фактордан, екіншіден: тарихи Ресейдің өлкедегі қоғамды модернизациялауының қарқынды жүргізілуі түріндегі сыртқы фактордан туындады. Алғашқы фактордың ықпалымен ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруда жадитшілер басты рөл атқарды және тәуелсіздік идеясы төңірегінде халықтың мұсылмандық, түркілік, түркістандық түріндегі ортақ атаулармен бірігуіне негізделді. Ал екінші факторға байланысты отарлық биліктің қоғамдық өмірге, экономикаға жасаған өзгерістері өлке тұрғындарының тұрмысы мен санасына елеулі ықпал жасаған шовинистік сипаты арқылы ұлттық наразылықты өршіте түсті. Ұлттық демократиялық құрылым ретінде ұлттық элитаның үлкен жетістігі болған Түркістан Мұхтариятының қуып таратылуынан соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс сипаттық өзгеріске ұшырады.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы отан тарихының мазмұнындағы ең бір түйінді құбылыстардың бірі болғандықтан да барынша ыждығатты дәйектілікті талап етері сөзсіз. Біздің пікіріміз, осы құбылыстың шынайы ақиқатының айтылмауы тарихи танымда бірлік пен қарама-қарсылықтың күресі заңдылығының танымдық мүмкіндігін толығымен пайдаланбаудан деп білеміз. Қоғамдық құбылыстар мен әлеуметтік-тарихи ақиқаттың қозғалысы мен дамуының қайнар көзі болуымен бірге жалпытанымның да заңдылығы ретінде бірлік пен қарама-қарсылықтың күресі заңы тарихи құбылыстарды тұтастықта баяндаудың басты шарты болуы тиіс. Осы заңдылыққа сүйенер болсақ, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының сипаты, оның дамуының қайнар көзі сыртта, қоғамның табиғатынан тыс күштерде емес, осы саяси әлеуметтік құбылыстың өз ішінде екендігіне назар аудартады. Осы заң біртұтас ұлт-азаттық қозғалысты бір-біріне қарама-қарсы саяси көзқарастар мен бағыттарды біріктірген күрделі және бөлшектенген жүйенің бірлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

ХХ ғ. алғашқы ширегінде Орта Азия мен Қазақстанда белсенді қызмет жасаған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының саяси тәжірибелері мен қалыптастырған мәдени-рухани құндылықтар жүйесі түркі халықтарының ортақ игілігі ретінде алдағы уақытта өз бағасын алуы тиіс деп білеміз.

ТАРИХИ ТАНЫМ ҮДЕРІСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ МӘСЕЛЕСІ

Тарихшы – өз дәуірінің перзенті болғандықтан оның еңбегінде сол дәуірдің табы болады. Содан да тарихшының болашақты болжап, өткенді толғап тудырған жаратындысы ең алдымен түптің түбінде оның өзі өмір сүрген қоғамының тарихи ахуалымен айқындалмақ. Осы үдерісте тарихи таным өзгереді, тарихтың өзі басқа кейіпке еніп, қоғамдық, саяси және рухани құндылықтар жүйесі өзгеріп, жаңа бағаға ие болады. Қайта бағамдау деген ұғымға саятын бұл фактордың азды-көпті ықпалы тарихи үдерісті тұтастай қамтитын болады. Осыған қатысты мәселелерді ресейлік танымал тарихшы А.Я.Гурьевич былай деп тұжырымдайды: «...особенно важно подчеркнуть следующее: изменяется методология исторического познания. В новых условиях обновляется арсенал исторической науки. Перестраивается система источников, подлежащих исследованию, меняются его методы, выдвигаются новые понятия. Более того, смещаются самые интересы историков. Жизнь и профессиональная практика ставят их перед новыми проблемами, меняют ракурс рассмотрения старых проблем»1.

Бұндай тарихи таным үдерісіндегі әдіснамалық дағдарыс сипатын иеленген құбылыс отандық тарих ғылымына да тән. Олай болатыны, лениндік-сталиндік қоғамдық практикада барынша қасаң және дөрекі сипат алған маркстік идеология кәсіпқой тарихшылардың бірнеше буынының шығармашылық еркіндігін тұсап келсе, ендігі жерде ол әдістеме әжетке жарамай қалды. А.Я.Гуревичтің пікіріне ден қойсақ «значительная часть отечественных историков оказались в состоянии философской и методологической растерянности. ...Мы обрели свободу, в том числе свободу мысли, – хотя бы внешне, формально. Но подлинная свобода научного творчества возможна лишь при условии что историк напряженно вдумывается в эпистемологические основания своего исследования, творчески и критически основанная при этом достижения гуманитарного знания своего времени» 2.

Тарихи танымның теориясы мен тәсіліндегі тарихшыдан талап етілетін осы өзгерістерге кейбір отандық тарихшылар жете мән бермейтіндей. Маркстік-лениндік «ақыл-ой алыптарынан» қол үзіп, ізденіс тақырыптарын қарама-қарсы бағыттарға ауыстырғанымен олар қанына сіңіп қалған ескі таным тәсілдері мен қағидаларынан қара үзіп кете алмағаны көзге ұрып тұрады. Содан да отандық тарихи танымдағы ұлттық мүдде ескерілмей, олардың еңбектерінде тарихи ақиқат жеткілікті ашылмайды немесе жаңсақ тұжырымдарға жол беріледі.

Ғылыми ізденіс барысындағы осындай қайшылықтардың тарихи танымға ықпалы туралы А.Я.Гуревич мынадай тұжырым жасайды: «В обстановке растущего и по временам делающегося агрессивным национализма и шовинизма возникают или возрождаются всякого рода псевдо исторические мифы и измышления. Одновременно в условиях нарастающей интелектуальной безответственности части гуманитариев расшатывается и делается все более проблематичным понятия исторической истины»3. Ғылыми теориялық-әдіснамалық негіз орнықпай тұрған кезеңде бұндай жалған тарихи мифтер, әсіресе кеңестік тарихнамада қызметі мен көзқарасы таптық тәсілмен бағаланған жеке тұлғаларға қатысты жасалып, оларды «коммунистік тұғырдан түсірмеуге» қызмет жасайды.

Тарихи дамудың барысында қалыптасқан осындай әдіснамалық кереғарлықтар (катаклизмы) тарихи жадты жойып, сол сияқты уақыт сабақтастығына қауіп төндіреді деп бағаланады. Бұл жағдай тарихшыға үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі. Осы мәселеге әдіснамалық тұрғыда баса мән берген М. Шоқай «Бір ғылыми өтірікке қарсы» деген мақаласында «Тарих жазудың екі жолы бар. Бірінші жолы: зерттеуші өмірде болып өткен оқиғаларды көңіл қойып жинастырады. Оларды хронологиялық тәртібі бойынша заманның жағдайына, ахуалына қарай зерттейді. Мәліметтер мен ақпараттардың бұлақтарын іздейді. Жиналған мәліметтерді өзінің ғылыми зердесінен өткізеді, орнына салады және ол мәліметтерден өзін бейтарап ұстай отырып, талдау жүргізеді. Шын мәніндегі ғылыми тарих, міне осы, осындай тәсілмен жазылады.

Екінші жолы: зерттеуші көздеген мақсаттарын күні бұрын белгілеп алады да, соған жету үшін оқиғалар құрастырады. Тіпті мақсаты қажет етіп жатса, оқиғаларды ойдан шығарады. Мақсатқа қайшы келетін бұлақ көздеріне жуымайды. Мұндай тарихшылар өзін бейтарап ұстаудың орнына оқиғаларға партиялық тұрғыда талдау жасайды. Кеңес тепкісіндегі халықтардың ұлттық қозғалыстары туралы жазып жүрген большевик тарихшылар осы екінші түрге жатады»1. Тарихи танымның тәсілдері туралы М.Шоқайдың 1931 жылы жасаған осы тұжырымы ешқандай да сәуегейлік емес, тарих ғылымының іргелі әдіснамалық қағидалары болып шыққандығына отандық тарих бойынша қалыптасқан кеңестік тарихнаманың теориясы мен мазмұны көз жеткізіп берді. Осыған байланысты қазіргі кездегі тарихи санадағы ақиқатты тану және танытудың мәселесі туындайды.

Тарихи ақиқаттың тарих мазмұнынан көрініс табуы бір-бірімен тізбектелген көптеген факторларға байланысты екендігі белгілі. Атап айтқанда тарихи шынайылық ғылыми адалдыққа, автордың қолында нақты деректердің болуына, тарихшының идеологиялық позициясына, ол өмір сүрген қоғамның саяси құрылымына, тарих мазмұны қалыптасқан кезеңдегі елдегі ахуал тіпті оның өзге тарихшылармен қарым-қатынасы сияқты мәселелерге де байланысты болмақ. Міне, осындай көп сатылы үдерісте тарихи ақиқат билеуші таптың, партияның, адамдар тобының, «қазіргі заманның қажеттілігіне, мақсатына» қарай түрлі сипатта ұсынылуы мүмкін.

Тарихи ақиқатты тану мәселесі ежелден-ақ ғылыми ойдың қызығушылығына айналып келгені оның үнемі бұрмалаушылықпен астасып жатуында. Өйткені ақиқатты бұрмалаушылық жалған тарих қалыптастырудың негізі. Ғылыми әдебиетте жалған тарих жасаудың негізінен үш түрі аталады. Оның бірі – кездейсоқ дәйектік қателерден тұрады. Тарих оқулықтарынан орын алған бұндай бұрмалаушылық көбіне кәсіби біліксіздіктен туындайды. Жалған тарих жасаудың екінші түрі – тарихи ақиқаттың бір бөлігін жабық тақырыпқа айналдыру, ол туралы қасақана үндемеу. Оның мысалы ретінде отан тарихының «ақтаңдақ» тақырыптарын атасақ болады. Отан тарихында қазіргі кезде де «ақтаңдақ» тақырыптар сақталып келеді. Солардың ең бастысы – алаштық қайраткерлер мен большевиктік номенклатура арасындағы саяси күрес. Бұл тақырыпты игеруге жақында жарық көрген «Алаш қозғалысы» атты құжаттар жинағы сәуле түсіргендей болғанымен де онда ұсынылған тың деректерді ғылыми тұрғыда талдаудың өзі орнықты әдіснамалық негізсіз тарихи танымға жол табуы қиын болып тұр. Жалған тарих жасаудың үшінші түрі тарихты ашықтан-ашық бұрмалау. Ол дегеніміз ойластырылған, саналы бұрмалау, түпнұсқаны, шынайыны жалғанмен алмастыру. Тарихи танымда әлдеқандай мақсат көздеген жеке тарихшылардың мақсатты әрекеті ретінде бұл фактор зиянды сипат алады. Жеке тұлғалардың тарихтағы орнын айқындауда соңғы фактордың ықпалы қатты сезіледі.

Кеңеске қарсы буржуазиялық ой-пікірлер деп бағаланған М.Шоқайдың ғылымда үстемдік еткен таптық көзқарасты әшкерелейтін мынадай тұжырымдарының мәні зор. Ол былай дейді: «Большевиктер жалпы ғылымда бейтараптықты мойындамайды. Ғылым олар үшін таптық күрестің баламасы. Сондықтан олар тарихты өздерінің болашақ таптық мақсаттары үшін пайдалануға тырысады. Өйткені олар тарих өткен өмірден мағлұмат беретін ғылым ғана емес, келешекке сабақ беруге қызмет ететін ғылым екенін де жақсы біледі» 1 деген пікірлерінде тарихи сана қалыптастырудың саяси кілтипандары айқындала түседі.

Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз деген сұрақ қояды да оған өзі былай деп жауап береді: «...белгілі бір мұрат-мақсаттарының соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» 2.

Демек, тарихи сана қалыптастыру да басты міндеттерінің бірі болып саналатын зиялылар «тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс».

Осы жерде М.Шоқай орыс (Батыс) мектептерінде тәрбиеленген зиялылардың қасіретке толы тағдыры жөнінде жазып, «мұндай зиялылар халыққа пәлендей бір ұлттық тәрбие беріп жарытпайтыны және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайдығын» тілге тиек етеді.

«Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Аса дарынды, мол білімдар көсем боларлық деңгейге көтерілген осы қыр баласы, орыс (Батыс) ықпалында өсті» дей келіп Мұстафа Шоқай Шоқан Уәлихановтың трагедиясын еске ала отырып, «Батысшылдығы» пұшайман жағдайға душар еткен Шоқан трагедиясының қайнар көзі жат адамға айналып қалам деп қорқуында емес, жат адамға айналып қалуында еді»3 деген тұжырым жасайды. М.Шоқайдың Шоқанға қатысты жасаған бұл тұжырымы кеңестік қоғамда таптық идеяға иланып, ұлттық құндылықтардан қол үзіп қалған кейбір қайраткерлерге де тән екендігіне жете мән бермей келеміз. Тарихи үдерістегі ұлттық мүдденің әрбір шегінісінің астарын осындай тосын көзқарастар арқылы шынайы бағамдай алар едік.

Жеке тұлғаның тарихтағы орнын анықтаудың өлшемі туралы көрнекті ғалымдардың жасаған тұжырымдары көп. Мысалы, Гегель ұлы адам деп «өз дәуірінің қалауын сөзбен нақты көрсете алған, өзінің қалауы қандай екендігін өз дәуіріне айта алған және іске асыра алған» адамды атайды. «Оның іске асырғаны – дәуірдің өзегі және мәні, ол арқылы дәуір көрініс табады»1 демек, жеке тұлғаның шынайы бейнесін тану оның өмір сүрген дәуірінің тарихи болмысын тану деп білеміз.

Әдетте тарихтың оқулығынан орын алу құқы бірінші кезекте адамзаттың өркендеуі мен игілігінің артуына барынша ықпал жасағандарға тиесілі екендігі даусыз. Олар кімдер? Осындайда В.И.Лениннің мына сөзі ойға оралады: «тарихи тұлғалардың тарихи еңбегі олардың қазіргі талаптармен салыстырғанда не бере алмағандығымен емес, өзінің ізашарларымен салыстырғанда жаңа не бере алғандығымен өлшенеді». 2

Тарихта кейбір тұлғалар бір идеяның, бір қоғамдық-саяси құрылыстың, тіпті бір отанның ғана жолын қуумен шектелмеген. Ресей тарихында бұл дәлелге жарқын мысалдар көп. Айталық, Г.Плеханов В.Ленинмен идеялас та, қарсылас та болды. Ал генерал А.Власов А.Гитлерге қарсы да, өз халқына қарсы да соғысты.

Бәрімізге белгілі ақиқат, Ресейдің алғашқы президенті алпыс жасқа келгенге дейін КОКП-ның ең жоғары мансаптарында болды, кейін партияны таратып, коммунистік идеяның бітіспес жауына айналды, ІІ Николайдың отбасы атылған Ипатев үйін тегістеп жіберді, кейін осы отбасы мүшелерінің мүрдесін жерлеуге қатысты. Отан тарихының мазмұнында да бұндай мысалдар жоқ емес. Бір тұлғаның болмысындағы осындай қарама-қайшылық оның өмір сүрген дәуірінің тарихын тануға жол сілтейді.

Тұлғатанудың қазіргі заманғы әдіснамалық негіздерінің қалыптасып үлгермеуі «Кейбір таяз ойлайтын тарихшылар қазақ қоғам қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, зерттеулері, сол арқылы қарапайым халыққа дұрыс ғылыми ұғым бере алмауы – олардың ғылыми ұстанымдарының арқауы бос есілген арқандай қожырап тұр»3 деген азаматтық тарих сипатындағы үстірт пікірлерге жол берілуде. Бірақ жеке тұлғалар арқылы танылатын саяси, мәдени, рухани, ұлттық құндылықтардан туындаған көзқарастар мен ағымдардың тұтас болмысы қарама-қарсылықтардың бірлігі заңдылығы бойынша қарастырылып, ол құбылыстарды тұлғаландыру арқылы ашылатындығы дәлелдеуді керек етер ме екен, сірә?! Демек, қоғамдық-саяси қайшылықтардың сырын ашу үшін де тұлғалардың көзқарасы мен саяси қызметі естір құлаққа қаншалықты ауыр болса да ғылыми талдаудың нысаны болуы заңды. Интеллектуалдық тарихтың ұстанымы осы.

Осындай әдітемелік ұстанымдардың тарихи тұлғаларды танып білуге жетелейтін себептері көп. Айталық, көптеген тұлғалардың қызметі белгілі бір адамдар тобының, сословиенің, таптың, партияның мүддесін танытуға арналады. Міне, осыған байланысты «жеке тұлға кімдердің мүддесін, неге олардың мүддесін және қандай тәсілдермен қорғады?» деген сұрақтың жауабы тұтастай құбылыстың тарихын тарқатады. Осы жағдай базбір зерттеулерде тарихи танымнан тыс қалады да, тарихи тұлғаның есімі ғана, онда да көбіне даңқы мен дапқырты аталып, тарихи мазмұн жартыкеш, біржақты сипат алады. Ал тарихта кейбір тұлғалар бір идеяның, бір қоғамдық-саяси құрылыстың, тіпті бір отанның ғана жолын қуумен шектелмегендігі мәселені күрделендіре түседі. Тарихи таным үдерісіндегі осы күрделіліктің түйінін тарқата алмаған жекелеген тарихшылар топтық, аймақтық мүддені қаузап, ұлттық сана деңгейіне көтеріле алмайды.

Тұлғатануда ең бастысы – оның өмірі мен қызметін жан-жақты бағалау. Кімді де болса біржақты мақтау немесе біржақты қаралауға жол беру –тарихтың шынайы мазмұнын ашуға кедергі болады. Кейбір тарихшылар жеке тұлғаларға тарихи баға беруден тартынады. Олардың пікірінше тарихи тұлғалардың кемшіліктерін айыптаудан пайда жоқ. Ал кейбір тарихшылар бұл миссияны үлкен құлшыныспен атқарып, тым асыра сілтеп жібереді. Айталық, тарихшы О.Қоңыратбаев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың «Түркістан майданы революциялық-әскери кеңесінің Ерекше бөлімі мен Төтенше Комиссияның репрессиялық әрекеттерін ақтай сөйлегендігі тарих кешіретін іс емес»1 деп жазады. Тарихи таным, әсіресе кеңестік идеология үшін бұндай тұжырым таңсық емес. Қоңыратбаевтың қисынының ізімен «жеке саяси амбициясы үшін ұлт мүддесін құрбандыққа шалған»2 деген ұшқары тұжырымды Тұрар Рысқұловқа қатысты осы жолдардың авторы да айтқан. Асығыстықтан, бәлкім бейресми оппоненттерінің әрекеттеріне ашынғаннан айтқан. Бұл жердегі коммунистік қоғам үшін дұрыс шешім болған тарихи әрекетке бүгінгі тәуелсіздік билігінен баға берген қателіктің әдіснамалық сипаты айқын. Коммунистік қоғамда партия мүддесі – халық мүддесі, ұлт мүддесі болып саналды, пікірталас тудырған әрекетте коммунистік партияның мүддесі қорғалғандықтан да «ұлт мүддесі» құрбандыққа шалынбаған болып шығады.

Тарихи таным – шексіз десек, оны игерудегі ғалымның диалектикалық дамуы даңғыл жол емес екендігі белгілі. Демек, таным жолындағы жансақтық үшін, егер ол қоғамда қолайсыздық туғызатындай болса, кешірім сұрауға болады. Ал ақиқаттың жолы бөлек. Әйгілі ойшыл айтқандай – Платон менің досым болса да, ақиқат одан да қымбат емес пе?

Танымдық салыстыру үшін мысалға алынған бірінші тұжырым тарихшының қатал да әділ үкім шығарып отыратын соттың төрешісі болуға ұмтылуы сипатында тарихи танымға елеулі нұқсан келтіретіндігіне тағы да бір рет көз жеткізеді. Әдіснамалық сипаттағы қателік болатын екінші тұжырым да тарихи танымға көрік бере қоймайды. Бұндай тәсілдер ақиқатты ашпайды, қайта оған көлеңке түсіреді. Осыған байланысты италиялық тарихшы Б.Кроченің: «Айыптау – біздің соттарымыздың (құқықтық және моральдық) бүгінгі күні өмір сүріп, әрекет етуші қауіпті адамдардың соттары екендігін танытатын үлкен айырмашылықты ұмыттырады, сонымен қатар өз уақытының сотының алдын көрген басқа адамдардың екінші рет сотталуы немесе ақталуы мүмкін емес. Оларды басқа өмірге тиесілі өткен өмірдің адамдары болғандығы және ондайлар тек тарихтың субъектісі болғандықтан қызметтерінің рухын тануда ескерілетін тұжырымнан басқаға нысан бола алмайтындықтан да соттауға болмайды. Тарихты мазмұндау желеуімен өзін сот төрешісі деп есептеп, бір жерде айыптап, ендігі бір жерде күнәларына кешірім жасаудың (бұл тарихтың ісі деп ойлап) ...көпшілік танығандай, тарихи мәні жоқ» 1 деген тұжырымын қуаттауға болады.

Интеллектуалдық тарихтың өзекті қағидасының бірі ретінде бұл талапты әрбір кәсіпқой тарихшы өз шығармашылығында танымдық бағдар етіп алса, тарих ғылымы қоғамдық санадағы атқарар миссиясына жақындай түсер еді.

Отан тарихында тұлғатану мәселесі осындай әдіснамалық ұстанымдарға зәру. Қоғамның өзгеруімен бірге тарихи тұлғаларға деген көзқарастар та өзгереді, тарихи танымның ұстанымары да өзгереді. Бұл диалектикалық заңдылықта тарихшының ғылыми миссиясына қатысты жоғарыда аталған тұжырым тұрақтануы тиіс. Осы ойды өрбіту үшін тарихтағы жеке тұлғаның рөлі туралы мынадай ойлар алға салуды қажетсініп тұрған сияқты: большевиктер көсемі В.И. Ленин өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді»2 – деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым саяси қайраткерлердің бәріне де қатысты.

Ал тоталитарлық қоғамды әшкерелеген тарихшылардың бірі Д.А.Волкогонов «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы»3 деп, жоғарыдағы тұжырымды одан әрі өрбітеді. Демек, ұлттық мемлекеттіліктің бастауында тұрған ХХ ғасыр басындағы алаштық элита мен большевиктік номенклатураның көрнекті тұлғалары алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осы жерде тақырыпқа өзек болып отырған тұлғалардың «саясат үшін өлмегені», «өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» жоғалмағандығы олардың саяси тұлғасының биіктігін танытатындығын атап айтуға тиіспіз. Алаш қозғалысының тарихнамасына дерек болатын қайраткерлердің саяси әрекеті де осы пікірді қуаттайды.

Тарихшы шындықты тани алуы, айта алуы, оны халыққа жеткізе алуы арқылы қоғамға қызмет жасайды. Шындықты бүркемелеп, билік пен саясаттың ығына ескен тарихшыны кәсіптік тұрғыда кемел деп, ғылымға адал деп айта алмасақ керек. Ал жеке басының шамшылдығы мен жеке топтың мүддесін тарих ғылымының мұраттарынан жоғары қойған ғалымның азаматтық пайым-парасатының кемелдігі күмән тудырады. Ақиқат дегеніміз Алла Тағала сияқты жалғыз! Оқиға, құбылыс дегендер салыстырумен бағаланады. Ақиқат салыстырмалы деген тұжырымның тиянағы жоқ. Тарихи ақиқат осындай көпвекторлы көзқарастардың ортасында болуы мүмкін. Әйтсе де, өз көзқарасын ақиқатқа балап, өзгелердің соған сенуін талап ету кәсіпқой тарихшыға лайық емес. Көзқарасыңды білдір, дәлеліңді алға тарт, көзі қарақты оқырман шындықты өзі-ақ ажыратып алады. Бұл тәуелсіз тарихи танымның басты қағидаларының бірі. Қазіргі танымға өзіміз қолдан жерлеген тоталитарлық қоғамның кеудемсоқтығы жүрмейді. «Тарт, қолыңды қазақ тарихынан» деген кесімді сөзді топтың, өзіңнің мүддең үшін емес, ұлттың мүддесі үшін айтуың қажет. Осыны естен шығарып алатынымыз өкінішті! «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат». Әрбір тарихшының ғана емес, әрбір момын пенденің ұстанатын осы қағидасы тарихи оқиғалар мен құбылыстарға баға беруде ауадай қажет-ақ.

Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы Бауыржан Момышұлының мынадай сөзін келтіреді: «Қарапайым көп оқырманның бірі ретінде айтарым, жоғарыдағы пікір ғана (мақаланың басында Баукең былай деген: Тұрар – әлемдік деңгейдегі айтулы қайраткер, Коминтерннің көзге түскен білікті қайраткері. Соны тірілткен біздің Шерхан болып тұр. Шерхан жұртшылықтан өз бағасын алуы тиіс. – Х.Т.). Бұл менің субъективті, яғни жеке пікірім. Бізден басқа да оқырмандар бар. Олар бізден білімді, білімі де жоғары, олардың да пікір айтуға толық правосы бар деп білемін. Олармен есептеспей тұра алмасақ керек». 1 Шерханның шығармасына қарата айтылған Баукеңнің бұл пікірі – ұлыларға тән даналық hәм көрегендік. Әрі әдіснамалық басшылыққа алуға болатын ғылыми маңызы зор ұстаным. Баукең өз пікірін өзгеге таңбайды және өзгелердің пікіріне құрметпен қарайды. Алаш қозғалысының ақиқатына көз жеткіземіз деген тарихшы қауым үшін бұл аса құнды өнеге болар еді. Рысқұлов Тұрардай тұлғаны Шерхан Мұртазаның шығармашылық ойы, қиялымен сомдаған көркем образбен ғана бағаласақ, онда Баукеңдей дананың кейінгі ұрпаққа аманаттаған ұстанымының құны қанша?

Осындай теориялық тұжырым ұлылы-кішілі бабаларымыздың тұлғасын тануға әдіснамалық негіз болып, көпшіліктің танымдық қызығушылығын арттыруы тиіс. Бірақ бұл қызығушылық ол тұлғаларды түрлі тарихи жағдайларда жол берген қателіктері үшін жауапкершілікке шақыру мақсатында емес, белгілі орыс тарихшысы В.О. Ключевскийдің сөзімен айтқанда олардың тарихтағы шынайы орнын анықтап, әлдеқандай пайдалы әрекетінен сабақ алу үшін қызмет етуі тиіс. Өйткені, тарихи тұлғаға толық та шынайы бағаны жеке адам емес, тек уақыт қана беретіндігі есте болуы керек.

Тарихшылар тарих мазмұнын жаңалауда ұлттық мүддені алға салудың қажеттілігін әлі де айқын сезіне қойған жоқ немесе сезінгенімен де оны ашық айтудан тартынып келеді. Тарихи танымдағы ұлттық мүдде деген не, ол қандай мақсатты көздейді? деген сауалдардың жауабы айқын. Ұлттық мүдде тұрғысында қарастырар болсақ, тарихтың сабағы – ұлттық тұтастану, ұлттық өрлеу сияқты мәңгілік маңызы бар ұлттық идеяларға қызмет етеді. Айталық, ұлттық саяси элита өкілдері белсене араласқан Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Түркістан мұхтариятының тарихын ұлттық мүдде тұрғысында қарастырмасақ осы құбылыстың отан тарихының құрамды бөлігі екендігін айқындай алар ма едік? Олай ете алмас едік. Ал ресейлік тарихшылар Алаш қозғалысын өздерінде қалыптасқан автономиялық қозғалыс тарихы шеңберінде ғана қарастырады, одан әрі тереңге бармайды. Өйткені, ресейлік біртұтастықты мақсат тұтқан ұлттық мүдде автономиялық қозғалыстың ұлттық тәуелсіздікке ұласуын қуаттамайды. Сол сияқты Алаш қозғалысын ұлттық мүддеге сай бағаламасақ оның тәуелсіздікке ұмтылған басты идеясын дәлелдей және дәйектей алмас едік. Демек тарихи танымдағы ұлттық мүдде дегеніміз мемлекет құраушы ұлттың ғана емес тұтастай мемлекеттің мүддесі деп бағалауы тиіс деп білеміз.

Отан тарихының мазмұнындағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, жекелеген тұлғалардың қызметін қайта бағалауда ғылыми айналымға ұсынылатын тың құжаттық деректерден тарихи ақиқатты табу, тану, таныту үшін жаңа әдіснамалық негіз қалыптастыруда ұлттық, мемлекеттік мүдде басты назарда болуы тиіс. Тарихи ақиқатты бүкпесіз және боямасыз тарихи танымға ұсынуды талап ететін бұл ғылыми және әлеуметтік фактор отан тарихының мазмұнын жалпыадамзаттық құндылықтарға сай жаңалайды және қоғамдық ой сананы тұрақтандырады.

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕКТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қоғамдық ойдың негізгі гносеологиялық және мәдени ұғымдары адам ойының тікелей материалданған түрі – сөз арқылы танылады. Әсіресе, әлеуметтік ақпаратты бойына жиған жазбаша тарихи деректер өзгермелі сипаттағы ауызша деректерге қарағанда тікелей тарихи үрдістен, адамдар әрекетінің нәтижесінен нақты мағлұматтар береді. Сонымен бірге тарихи дерек қатарында адамның мақсатты әрекетіне қатыссыз, бірақ белгілі дәрежеде қоғамдық өмірдің дамуын айқындайтын, соған сәйкес оның өткені мен бүгінін тануға көмектесетін қолданылу мақсаты, жазылу сипаты, жарық көру түрі әртүрлі құжаттар да аталады.

Демек, зерттеушіні тарихи құбылыс жөнінде мәлімет алуды жеңілдететін «делдал» немесе тарихи құбылыс туралы ақпаратты жеткізуші өзіндік нысан ғана емес, шын мәнінде өз алдына тарихи дәйек, мәдениет ескерткіші ретінде де қызықтырады. Содан да тарихи дерек тарихшыға тәуелсіз өмір сүреді деген тұжырымға ден қоюға болады. Ондай деректердің ақпаратын оның ішкі мазмұны және одан тыс жинақталған білімдер бойынша қабылдаймыз. Демек, ол деректер ғылыми таным нысанына айналғанша мүмкін мәнді тарихи дерек (немесе «бастапқы дерек») деп аталады.

Оның үстіне отан тарихының мазмұнын таптық, партиялық қағидалардан азат етіп, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жаңалау үрдістері барысында тарих ғылымының деректік базасы туралы ұғым да және дереккөздер көптүрлілігін айқындайтын құндылық өлшемдері де өзгерді. Демек, тарихи сана қалыптастыру үшін жаңарған тарихи танымға өзек болатын тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға ұсыну мен оған ғылыми талдау жасауға да жаңа теориялық-әдіснамалық тұжырым керек.

ХХ ғ. басында отарлық билікке қарсы ұлт-азаттық қозғалыс ретінде тарих сахнасына шыққан Алаш қозғалысы өзінің қамтыған ауқымы, жасаған саяси-идеялық ықпалы және оның басшылығындағы қайраткерлердің саяси қызметі арқылы аймақтық маңызбен шектеліп қалмай халықаралық сипатқа ие болған саяси және мәдени рухани құбылыс. Тарихи ақиқат ретінде орнығуы тиіс бұл тұжырымды қазіргі заманғы тарихи дәйекке айналдыруға негіз болатын дәйектер де деректер де жеткілікті.

Тарихи танымның негізі – шынайы өмір сүретін тарихи болмыс; оны бейнелеген дерек; қолда бар деректермен өткен шақты қалпына келтіруші ғылыми-танымдық бейнелердің жиынтығы деген үштаған тізбектен құралады десек, оның ішінде деректердің тарихи танымдағы маңызы аса үлкен. Тарихшы деректерден зерттеу мақсатына сай өз тұжырымдарына тиянақ болатын қажетті ақпаратты алады. Өйткені, тарихи деректер – тарихи зерттеудің және кез-келген тарихи білім түрлерін түсіндіріп, таратудың негізі. Соған сай тарихи дерек ұғымының екі мағынасы айқындалады: тарихи ақпараттың дерегі және өзі тарихи болып есептелетін дерек. Ал тарихи дерек деп адамзат қоғамының өткенін тануға пайдалануға болатын, тарихшының қызметіне пайдасы тиетін тарихи сипаттағы ақпараттарды, құбылыстарды танимыз1.

Алаш қозғалысының тарихына деген халықтың қызығушылығы осы құбылыстың өмір сүру заңдылығы мен оның саяси-әлеуметтік қызметінің ұйымдастырылуының қағидаларын айқындайтын, сонымен бірге жеке тұлғалардың әрекетін куәландыратын, тіпті ол құбылыстың әрбір сәтін қалпына келтіретін деректерді тауып, айналымға ұсынуға және оларды зерттеуге деген қажеттілікті арттырып отыр. Әсіресе, тәуелсіздік үшін күрес және ұлттық мемлекеттілік мәселесін терең тануға деген ұмтылыс оның мәнін ашатын әлеуметтік ақпаратқа деген қызығушылығына сай тарихи деректердің құндылығын айқындайды.

Тарихи деректерді іздеп табу, оларды тиісті ғылыми түсіндірмесімен айналымға ұсыну шынайы тарихи таным қалыптастыруда үлкен маңызға ие. Осы бағытта «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы» деген атпен 4 том – 5 кітаптан тұратын іргелі еңбектің жарық көргендігін айтуымыз керек.2

Бұл аталған жинақта Алаш қозғалысына қатысты барлығы 659 құжат жарық көргендігі оның деректік ауқымының кеңдігін танытады. Кеңестік кезеңде Алаш қозғалысына қатысты Т.Мартыненконың құрастыруымен жарық көрген «Алаш-Орда»3 құжаттар жинағында барлығы 75 құжаттың қамтылғандығын ескерер болсақ, онда жаңа жинақтың ауқымы туралы пайымдауға болады. Екі қоғамдық құрылымда жарық көрген жинақтардың көлемдік, сандық өлшемдеріндегі бұндай айырмашылық тарихи құбылыстың деректік негізінің молдығымен бірге тәуелсіз қоғамда мәселенің кең ауқым алған танымдық мүмкіндігін де танытады. Бірақ деректанулық тұрғыда тарихшы үшін басты мәселе құжаттардың санында емес, олардың әлеуметтік тәжірбиелер мен ғылыми ақпараттар арқалаған мазмұнында екендігі белгілі.

Жинақты құрастырушылар ұжымы құжаттар мен материалдарды тауып, сараптап, айналымға ұсынуда хронологиялық бірізділікті сақтай отырып, қалыптасған құрылымға сай деректерді қажетті көмекші ақпаратпен жарақтандырған. Түсіндірмелер, сілтемелер, есімдер көрсеткіштерімен жабдықталуы да жинақтың ғылыми құндылығын арттыра түскен. Ұсынылған деректердің мазмұны мен сипаты да әр алуан. Тарихилық пен шынайылық қағидаларын басшылыққа алған құрастырушылар Алаш қозғалысы тарихының деректік негізіндегі бір-біріне саяси-идеялық жағынан қарама-қарсы мазмұндағы құжаттарды қатар ұсынады. Бұл әрине қазіргі заманғы тарихи сананың сұраныстарынан туындап отырғаны белгілі. Ал Мартыненко құрастырған жинақта құжаттар партиялық, таптық қағидамен сұрыпталғандықтан оның мазмұны Алаш тарихын біржақты сипаттауға негіз болған. Тіпті, қазақ тілінен орыс тіліне аударғанда мақсатты түрде кейбір құжаттардың мазмұны бұрмаланған және ол бұрмалау Алаш қозғалысының мәні мен мазмұнына пролетариат диктатурасына, партиялық билікке, пролетарлық интернационализм сияқты таптық құндылықтарға қарсы сипат беруді көздеген. Бұл әрекет тарихты қасақана бұрмалау мақсатынан туындады. Ол өз алдына дербес әңгіме.

Тарихи деректердің «үрдіс ретінде тарих пен ғылыми тарихи танымның диалектикалық байланысының буыны»1 екендігін ескерер болсақ соңғы жинақта қамтылған тарихи деректер Алаш қозғалысы туралы қазіргі заманғы тарихи танымды жаңалаумен бірге өткен тарихтың қалтарыс тұстарын да қалпына келтіреді. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, Алаш қозғалысы тарихының деректері екі жақты әлеуметтік қызмет атқарады. Отан тарихының алдына тәуелсіз қоғамдық дамудың артып отырған келелі міндеттері қатарында бұл қызметтерді жандандыруда деректенулық зерттеулердің маңызы арта тұсуде.

Қоғамдық ойдың негізі гносеологиялық және мәдени ұғымдар адам ойының тікелей материалданған түрі – сөз арқылы танылады. Әлеуметтік ақпаратты бойына жиған жазбаша тарихи деректер тікелей тарихи үрдістен, адамдар әрекетінің нәтижесінен хабар береді. Сонымен бірге тарихи дерек қатарында адамның мақсатты әрекетіне қатыссыз, бірақ белгілі дәрежеде қоғамдық өмірдің дамуын айқындайтын, соған сәйкес оның өткені мен бүгінін тануға көмектесетін құжаттар да аталады.

Ендігі кезекте тарихшылардың алдында айналымға ұсынылған Алаш қозғалысы тарихының деректерін ғылыми-теориялық тұрғыда талдап, тарихи танымның игілігіне айналдыру міндеті тұр. Тарихшы-деректанушылардан үлкен теориялық дайындық пен кәсіптік біліктілік қажет етеді. Аталған тарихи деректер қазіргі тарих ғылымының теориялық және әдіснамалық мүмкіндіктерн пайдаланып, деректік негізде Алаш қозғалысының тарихын егжей-тегжейлі қалпына келтіруге аса қолайлы жағдай туғызып отыр деп білеміз.

Ендігі мәселе – деректердің мазмұнына қатысты. Қазақ тарихы деректануының білгірі Қ.Атабаев тарихи деректің табиғатын былай деп айқындайды: «дерек сол оқиға не қоғамдық құбылыс туралы өз бойында мәлімет сақтайды. Екінші жағынан, кез келген дерек субъективті, себебі оны белгілі бір субъект (жеке адам) жасайды, дүниеге әкеледі. Ал өз кезегінде ол субъект белгілі бір ұлттық, не таптық, не әлеуметтік топтың өкілі. Сондықтан деректер оқиға не қоғамдық құбылыс туралы объективті ақпараттармен қатар субъективті мағлұматтар да береді. Басқаша айтсақ, оқиғаның деректе белгілі бір дәрежеде бейнеленуімен қатар, дерекке дерек авторының дүниеге деген көзқарасы, түсінігі, психологиясы да енеді»2.

Демек, Алаш тарихы деректерінің осындай көпқатпарлы мазмұны, саяси сипатының кереғарлығы, көзқарастық әралуандығы, тіпті деректі қалыптастырушы авторлардың ара-қатынасының күрделі сипаты сияқты факторлар тарихшының зерттеуін қызықты да мазмұнды ете түседі. Ең бастысы бай да әралуан деректік мазмұнға сай саяси қозғалыстың тарихи дәйегі өзінің шынайы болмысына барынша жақындай түседі. Тарихшының мақсаты да сол – тарихи танымға шынайы болмысты боямасыз жеткізу.

Алаш қозғалысының тарихына қатысты кейбір деректер азаматтық тарих деңгейіндегі тарихи сана иелерімен бірге кәсіпқой тарихшылардың өзінің тарапынан шамшылдықпен қабылданады. Айталық, аталған жинаққа енген И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюро мүшелеріне жазған «Ақ жол» газеті туралы» хатын деректанулық тұрғыда талдау саяси салдары өте ауыр болған осы құжаттың пайда болуы туралы тың тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Бұл хат партиялық биліктің Алаш қозғалысын идеялық тұрғыда талқандау үрдісінің орта тұсы ғана. Тарихи дәйектің пайда болуының алғышарты мен себептері және оның қоғамдық өмірдегі саяси-әлеуметтік салдары болады десек, аталмыш хаттың жазылуына түрткі болған себептер мен алғышарттар осы кезге дейін тарихи танымнан тыс қалып келеді. «Алаш қозғалысы» жинағына енген және одан тыс деректерге талдау жасау арқылы «Ақ жол» газеті туралы» хаттың жазылуына таптық-партиялық көзқарасымен алаштық идеяға қарама-қарсы позиция ұстанған кейбір ұлт зиялыларының мақсатты әрекеттері негіз болғандығы ғылыми тұрғыда дәйектелді.

Тарихи білімнің шынайылығы тарих ғылымының әлеуметтік табиғатынан бөлек бола алмайтындығын ескерсек, деректік негізде қалыптасқан тарихи білім қоғамға қызмет жасайды және оның мәдени-рухани құндылықтарының талаптарына сай қалыптасады. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болғандықтан тарихи білімсіз қоғамдық сана болмайды, ендеше тарихшының қызметін оның өзі өмір сүрген қоғамнан оқшаулап қарастыру негізсіз болар еді. Оның үстіне тарих ғылымының саясилығы, түрлі бағыттар мен философиялық көзқарастардағы тарихшылардың арасындағы күрес пен пікірталас тарихи зерттеулердің ақиқаттығын сынаудың өлшемдерінің бірі болып есептеледі. Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалыстарының өзара ықпалдастығы тарихын зерттегендіктен қоғамдық пікір аса секемшілдікпен қабылдаған бұндай «мүмкін мәнді» деректерді айналып өту мүмкін емес. Содан да осы мәселеге қатысты Б. Аяғанның «Тәуелсіз еліміздің тарихы. Оны қалай қалыптастырған жөн?» атты электрондық ақпарат құралдарында жарияланған мақаласында атап көрсетілгендей «түкке тұрмайтын даулар мен жанжалдардың күшейіп кетуін» ескермесек, ғылыми пікірталастарды тарихи танымдағы қалыпты жағдай деп қабылдауға болар еді.

Осы кезге дейін отандық тарихта Алаш қозғалысының тарихнамасы жөнінде қомақты еңбектер кешені қалыптасты. Осы тарихнамалық зерттеулердің бастауында МАтаниязов, Ә.Байдилдин, О.Исаев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ғ.Тоғжанов және т.б. ұлт зиялылары тұрғандығы белгілі. Олардың тарихнамалық еңбектеріне белгілі дәрежеде ғылыми-теориялық талдаулар жасалып, лайықты бағасын алды. Біздің мақсат Алаш қозғалысының деректік негізіне арналғандықтан да тарихнамалық бағытқа тоқталмаймыз. Мәселе осы күнге дейін ұлт қайраткерлерінің күнделікті қоғамдық-саяси әрекеттері арқылы Алаш қозғалысы тарихының деректік негізін қалыптастырудағы рөлі зерттеушілердің назарынан тыс қалып келе жатқандығы туралы. Айталық, Т.Рысқұловтың Алашқа қатысты мақалалары, С.Сейфуллиннің әйгілі романы дербес тарихи дәйек және мәдени құндылықтар болып саналады. Ал олардың саяси қайраткер ретінде Алаш қозғалысына деген өз көзқарасын білдіріп, қоғамдық позициясын нығайту әрекеті арқылы бұл күнде тарихи сана үшін аса құнды деректерге айналған қомақты жазбалар қалдырғандығы туралы осы кезге дейін айтылмай келеді. Аталған жинақта көптеген ұлт зиялыларының Алаш қозғалысына қатысты түрлі мазмұн мен сипаттағы деректерінің жариялануы осы мәселеге айқындық береді.

Сондай деректердің қатарында Т.Рысқұловтың 1924 ж. сәуірде И. Сталинге «Бірлік туы» және «Ақ жол» газеттерінің құрушылары туралы жолдаған баяндамасы мен С.Сейфуллиннің 1925 ж. сәуірде қазақ партия-кеңес қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас туралы хаттарын (Аталған жинақтың 3-томы, № 35, № 42 құжаттар) атауға болады. Партиялық биліктің жоғарғы инстанцияларына жүгіну – оның өзі түрлі мақсаттарды көздеген – барысында жазылған ондай шығармалар мазмұнының күрделілігі оны тыңғылықты сараптауды, өзге деректермен салыстыра отырып талдауды қажет етеді. Бұл деректердің Алаш қозғалысына қарсы таптық-партиялық көзқараста жазылғандығы айқын. Өз кезінде саяси мақсаттарды көздеп жазылған бұл хаттар зерттеушіні тарихи құбылыс жөнінде мәлімет алуды жеңілдететін «делдал» немесе тарихи құбылыс туралы ақпаратты жеткізуші өзіндік нысан ғана емес, шын мәнінде өз алдына тарихи дәйек, мәдениет ескерткіші ретінде де қызықтыруы тиіс. Содан да тарихи дерек тарихшыға тәуелсіз өмір сүреді деген тұжырымға ден қоюға болады. Ондай деректердің көпқатпарлы ақпаратын оның ішкі мазмұны және одан тыс жинақталған білімдер бойынша қабылдаймыз. Демек, ғылыми таным нысанына айналғанша мүмкін мәнді тарихи дерек (немесе «бастапқы дерек») деп атауға болатын Алаш қозғалысы тарихының осындай деректерін ендігі жерде ешқандай бұлталақсыз ғылыми талдау нысанына айналдыру қажеттігі туып отыр.

Тарихи кезеңнің ауыр жүгін арқалаған бұл құжаттардың бүгінгі ғылыми таным үшін маңызы өте үлкен. Әзірге ұлттық элитаның бірін-бірі айыптаған мысалдарының арасында Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хаттарының алдына түскен құжаттарды – маңыздылығы болсын, салдарының ауырлығы болсын, кездестіре алғанымыз жоқ. Ол хаттардың мазмұнын Т.Рысқұлов ішінара 1935 ж. «Казахстанская правда» газетінде арнайы мақала етіп жариялады.1 Бұл мақала да ғылыми тұрғыда арнайы қарастыруды қажет етеді.

Деректануда саяси құжаттар деп сыныпталатын бұл құжаттар Алаш қозғалысы туралы аса құнды дереккөз екендігі даусыз. Рысқұловтың хаттарынан Түркістан Республикасында қызмет істеген ұлттық элита өкілдерінің құрылымы, олардың қызметі жайлы алаш қозғалысының тарихын байытатын, оның шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи ақпараттар табамыз. Осы деректердің мынадай екі түрлі маңызын атап айтар едік. Біріншісі – ғылыми маңызы. Осы хаттарда ұлттық элита өкілдерінің жеке басы мен қызметтеріне берілген мінездемеге сүйеніп, Түркістанда Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жартылай жасырын, жартылай жария жағдайда жасаған қызметін нақтылауға болады. Алаш орда қызметіне тыйым салынып, кейін оның қайраткерлеріне кешірім жарияланғанымен Алаш зиялылары Түркістанға топтасқаны белгілі. Түркістанда нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен бұл қайраткерлер алаштық идеяларды кеңестік билік жағдайында одан әрі жалғастырған еді. Аталған хаттарда осы тұжырымдарды дәйектейтін деректік құндылығы жоғары көптеген дәлелдер келтіріледі.

Екіншісі – саяси маңызы. Жоғарыдағы аталған хаттарда хат авторы оны қаласын-қаламасын, бұл күнде ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық маңызы зор құбылысы, ұлттық мемлекеттіктің алғашқы үлгісін іске асырды деп бағаланып отырған Алаш қозғалысын саяси, идеялық тұрғыда талқандаудың стратегиясы жасалды. Демек, ол хаттар құпия сипатына қарамастан еліміздің қоғамдық-саяси өміріне ықпал жасаған құжат ретінде өз алдына мәдени ескерткіш те болып табылады.

М.Қойгелдиев Т.Рысқұловтың бұл хаттары «нақты мақсатты – Қожанов тобын әшкерелеуді көздеп жазылды» деген ой айтады.1 Бәлкім, солай да болар?!

Т.Рысқұловтың 1924 ж. И.Сталинге жазған құпия хаттары арыз, шағым емес, тергеушінің қысымымен жазылған еріксіз мойындау да емес. Оны хаттардың мазмұны мен сипаты да айқындап тұр. Бұл хаттар қалыптасқан жағдайға деген белгілі топтардың көзқарасын білдіретін саяси сипаттағы құжаттар қатарында бағаланады. Өйткені, хат авторы ақыл-ойы кемел, саяси тәжірибесі мол, маркстік теориялық дайындығы мықты саяси қайраткер, БК(б)П Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат, биік дәреже иесі. Хаттың И.Сталин бастаған партиялық биліктің ең жоғары инстанциясына – оның құрамына енген қайраткердің атымен жазылуы да бұл құжаттарды саяси салмағы үлкен мәлімдеме ретінде қарастыруға негіз болады.

Алаш қозғалысының осындай ащы ақиқатын айту үшін бізге не қажет? деген сауал туындайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамдық санада орын алған саяси аптық басылды. Тарихшыларға ендігі кезекте белгілі бір құбылыстарды әсіре бағалаудан, жекелеген тұлғаларды асыра мақтаудан немесе жертабандата қаралаудан, тарихи ақиқатқа көзді жұма қарау сияқты балаңдықтан арылатын кез келді. «Ғалымға ішкі мәдениет, ғылымға өре керек» (Т.Омарбеков) деген ұстаным тарих ғылымын дамытуда басшылыққа алынатын басты қағидалардың бірі. Тарихшы ендігі жерде өзінің шынайы кәсіптік миссиясына кірісуі тиіс. Оның мәнісі – тарихтың мазмұнын тарихтан сабақ алуды керексінген ұлттық мүдде тұрғысында қалыптастыруда болса керек. Сонда ғана түрлі саяси, теориялық ағымдарға тәуелсіз ұлттық тарих жазылады. Ғылымды әуесқойлықпен емес, кәсіптік талаптар тұрғысында қолға алғанда ғана өресі биік, мәдениеті жоғары интеллектуалды тарих қалыптасады. Осындай биік ғылыми талаптарды басшылыққа алғанда ғана тарихи ақиқат айтылады және тарихи санада байыпты қабылданады.

Ғылыми ақиқатты тануда тарихи дәйектің олар маңызы ерекше. Шынайы ғылыми теория мен дәйектің арасындағы тікелей байланыс дәйекпен негізделмеген білімнің жорамал ғана екендігін көрсетеді. Орыстың белгілі ғалымы И.П.Павлов осыған байланысты былай деп жазады: «Как ни совершенно крыло птицы, оно никогда не смогла бы поднять на ввысь, не опираясь на воздух. Факты – это воздух ученого. Без них вы никогда не сможете взлететь. Без них ваши «теории» – простые потуги».1 Бұл тұжырым таным үрдісінде дерексіз категориялармен ойлаудың нақты дәйекке сүйенбеген жағдайда шынайы болмысты бейнелей алмайтындығын меңзейді.

Тарихи ойлаудың сипатты ерекшелігі біздің қабылдауымызда, түсінуімізде тікелей бетпе-бет келетін ақиқатпен емес, өткен шақтың ақиқатымен жұмыс жасауында. Содан да оны қабылдау белгілі бір дәуірдің деректерде қалған тарихи тәжірбиесі арқылы іске асады. Бұндай жағдайда ақиқаттың өлшемін қоғамдық-тарихи әрекет атқарады. Сондықтан ойлаудың нақты-тарихи мазмұны таным нысаны немесе ол туралы ұғымды қалыптастырады, бұл әрекет «дәйек» пен «тарихи дәйек» бірегей ұғымдар емес екендігін танытады.

Сезімдік танымға зерттеушінің зерттеу нысанымен тікелей байланысы тән болса, теориялық танымда ғалым пән немесе құбылысты тікелей емес, олар туралы ақпараттар немесе ұғымдар бойынша қабылдайды. Демек, тарихи дәйек тарихи дерек арқылы ғана бүкіл болмысымен танылады.

Өзге ғылымдар сияқты тарих ғылымы да дәйектерге негізделеді. Тарихи таным дегеніміз, бір жағынан белгілі дәйектердің жиынтығы болса, екінші жағынан оларды жинақтаушы және түсіндіруші теория. Алаш қозғалысының болмысын тануда оның деректері мен дәйектерін жинақтаудан оны тарихнамалық талдауға өту – тарихи танымның басты кезеңі болмақ. Осы істегі тарихшының міндеті дәйектерді жай ғана жинауда немесе қоғамдық дамудың жалпы заңдылықтарын жекелеген дәйектермен әшекейлеуде емес. Ол дәйектерді талдау мен жинақтау негізінде бірегей және әртүрлі құбылыстардың жалпы заңдылығын бөліп алуы, нақты тарихи жағдайда ол заңдылықтың көрініс табуы мен әрекет ету тетіктерін ашып көрсетуі, бұл істе кездейсоқ құбылыстардың да ықпалы назардан тыс қалмауы тиіс.

Әлдебір құбылыс туралы түсінік – салыстырмалы шындық болып саналады, өйткені, теориялық танымның мүмкіндігі шексіз, ал танымның қол жеткен деңгейі тоқмейілсуге жол беруге болмайтын аралық кезең. Бұндай шарттылық нақтылықты, тарихи дәйектердің шынайлығын, оны таңдау мен талдаудың қажеттілігін жоққа шығармайды. Ресейдің көрнекті тарихшысы А.С.Лаппо-Данилевскийдің тұжырымына сүйенер болсақ, тарихи дәйек дегеніміз тарихшы санасының қоғамдық ортаға ықпалы болып шығады.1 Бұл жерде тарихи дерекке қатысты тарихшы мен зерттеу нысанының өзара байланысы алдыңғы орынға шығып тұрғаны байқалады. Дегенмен, тарихи білімнің шынайылығы тарих ғылымының әлеуметтік табиғатынан бөлек бола алмайтындығын ескерсек, тарихи білім қоғамға қызмет жасайды және сонымен бірге оның ахуалына тәуелді болады. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болғандықтан тарихи білімсіз қоғамдық сана болмайды, ендеше тарихшының қызметін оның өзі өмір сүрген қоғамнан оқшаулап қарастыру негізсіз болар еді. Оның үстіне тарих ғылымының саясилығы, түрлі бағыттар мен философиялық көзқарастардағы тарихшылардың арасындағы күрес пен пікірталас тарихи зерттеулердің ақиқаттығын сынаудың өлшемдерінің бірі болып есептеледі. Өйткені, жұмыс тәсілі, дереккөзін таңдау қағидалары, жаңа тұжырмының негізделуі қалай болғанда да тарихшының қоғамдық позициясымен, оның идеялық рухани ұстанымдарымен тығыз байланысты.

Тарихшы өзі зерттеген құбылыстарды бағалауы, оны түсіндіруі, заңды байланыстар жүйесіне енгізуі тиіс. Таным тұрғысынан алып қарастырғанда осылайша тарихи дәйектің даралық сипаты айқындала түседі.

Дәйекті анықтау үшін шынайы құжатты жалғанынан, ондағы шынайы ақпаратты кейінгі өзгертулер мен жаңа қатпарлардан ажырата алуы жеткіліксіз. Бұл жерде тарихшыға тікелей араласу мүмкіндігі бұйырмаған өткен шақты теориялық тұрғыда қалпына келтіруі міндеті жүктеледі.

Тарихи дәйектің нығайтылуы – тарихнамалық сипат алады. Нақты тарихи шығарманы немесе құжатты талдау барысында тарихшы оның болмысынан тыс шығармалармен салыстырып, ол тарихи дереккөздің мазмұнының шынайлығына баға береді. Демек, тарихи дәйек дегеніміз белсенді ізденіс үрдісімен, тарихшының шығармашылық еңбегімен қалпына келтірілген зерттелетін тарихи болмыстың үзігі. Тарихшы қалпына келтірушінің жұмысымен, көптеген дереккөздерді салыстыра отырып, оларды еріксіз түсіндіруден пайда болған ақпараттық қатпарлардан «тазартып», дереккөздің арқалаған ақпараттың жүгі – шынайы дәйек екендігіне баға береді.

Содан да зерттеуші тарихи дәйекті өз дәуірінің көзқарасы тұрғысында қалпына келтіреді. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда ол екі уақыттың өлшемінде әрекет жасайды. Тарихшылар ақиқатқа барынша жақындауға ұмтылып, оқиғаның болмысының шын мәнінде қалай болғандығын қалпына келтіреді. Бірақ тарихи қалпына келтіру белгілі бір көзқарас және ғылыми тәсілді игерген сол кезеңнің тарихшыларына да, қоғамға да өткен күннің көрінісі ғана болады. Осы жағынан тарихи таным белгілі дәрежеде қоғамдық сананының да деңгейін танытады. Осылайша өткен дәуірдің құпиясына үңілген тарих ғылымы қазіргі заманғы мәселелерді шешуге де қатысады.

Сонымен, тарихи дәйек деп зерттелетін дәйек немесе тақырыпты атасақ, тарихнамалық дәйек деп оны ғылыми танымдық үрдіс барысында тарихшының қалпына келтіруін атаймыз.

Алаш қозғалысының деректеріне тарихнамалық тұрғнда алғашқылардың бірі болып жаңа көзқарас тұрғысында талдау жасаған М.Қойгелдиев «алаштық интеллигенцияны қудалау және сотқа тарту ісі» «20-жылдардың орта тұсынан қалыптаса бастаған бұл ауыр саяси Алаш қозғалысына қатысты жазылған еңбектерге өз әсерін тигізбей қоймады. Өздерінің алғашқы еңбектерінде ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының объективті-революциялық рөлі жөнінде жазған Т.Рысқұлов пен С. Асфендияров соңғы еңбектерінде қазақ зиялыларының қызметін басынан аяғына дейін реакциялық буржуазиялық ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағалауға мәжбүр болды»1 деп жазады.

Бұл жерде ғалым Т. Рысқұлов пен С.Асфендияровтардың 30-жылдары жарық көрген еңбектерін атап отыр. М.Қойгелдиевтің аталған еңбегі Алашқа қатысты көптеген құжаттар ғылыми айналымға шықпай тұрған кезде жазылғандығын ескерер болсақ онда ғалымның астын сызып көрсеткен тұжырымының асығыстығына көз жеткіземіз. Оның үстіне тәуелсіздік буы ұлттық саяси элитаның ұлттық мүддеден таптық мүддеге ойысуына кеңестік, тоталитарлық қоғамды біржақты кіналауға итермелегенін де ескеруіміз керек. Дегенде, М.Қойгелдиев Алаш қозғалысының 90 жылдығы атап өтілген тұста мәселенің ақиқатына біршама жақындай түсті. Ол былай дейді: «Алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік бір қызығы сол, қазақ саяси басшылығының екінші бөлігіне, яғни большевиктік платформаны алғашқы қадамынан бастап-ақ қабылдаған С.Сейфуллин, С.Меңдешов, Т.Рысқұлов сияқты беделді топтың қолдауына сүйенді».2

Бұл жердегі басын ашып алатын ақиқат біреу ғана. Алашқа қарама-қарсы позиция ұстанған қайраткерлердің ондай әрекетке баруы «мәжбүрлік» пе әлде олардың таптық идеяға жан-тәнімен берілген саяси көзқарасынан туған саналы әрекет пе? Рас, жайлы қызмет үшін, бас амандығы үшін алаштық зиялыларды қаралаған хорға үн қосқандар жоқ емес. Олардың қарасы мол. Бірақ кеңестік билікке олардың жарамсақ үнінен келіп-кетер пайда аз еді. Кеңестік билікке өз саясатын «қолдайтын» саяси сенімді тұлғалар қажет болды. Аталған қайраткерлердің тұтқынға алынып, абақтының қапасында «мәжбүрлікпен» жасаған мәлімдемелері ҰҚК архивтерінде сақтаулы. Ал жоғары биліктің басында, «халықтар көсемінің» қасында жүріп жазған кейбір «туындылар» авторлардың таптық идеяға берілген нық сенімінің, орнықты саяси көзқарасының жемісі екендігі ақиқат.

Объективті үдерістер мен оқиғалар белгілі бір тарихи жағдайда ғана таным нысанына айналады. Тарихи шынайылық дегеніміз материалдық және рухани біртұтастықта, толығымен қамтылған әлеуметтік тарих болғандықтан деректанудағы деректерді сыни талдаудың тәсілдерін негізге ала отырып «өткен күннің белгісінен» онда айтылғанның бәрін шындыққа баламай, тек шынайы мазмұнды ала білуі керек. Оқиғаның қандай түрде жазылғанын, оның жекелеген қырларына баса мән бергендігін түсіндіру жеткіліксіз, сонымен бірге оқиғаға куәлік етіп отырған автордың өткен оқиғаның кейбір белгілерін, үзіктерін ескермегендігін немесе қасақана үндемегендігін түсіндіру керек.

Әйтсе де тарихи ақиқат айналымға жаңадан ұсынылған құжаттардың есебінен ғана емес, «өлі» құжаттарға жаңаша түсіндірме жасау арқылы да іске асады. Архив қорларында сақталған, бірақ тарихшылар пайдаланбаған құжаттар «өлі көмбе» болып қала береді де белгілі дәуірдің ақиқатының толыққанды компоненті ретінде қарастырылмайды. Бірақ ол құжаттар әлеуметтік және теориялық дамудың басқа кезеңінде өзінің қолданылу мақсатын (қызметін) табады.

Бұл жерде тарихшылық шығармашылық белсенділігі тарихи практикаға танымал және айналымда жүрген құжаттарға жаңа қырынан келіп, одан қосымша ақпараттар алады. Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады.1 Алаш қозғалысының тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыс туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта да атқарыла береді.

Деректе қоғамдық болмыстың қабылдануы және деректің өзінің қабылдануы тарихшының немесе ол деректі жасаушының қандай топқа (партияға) тән болуы сияқты көптеген факторларға байланысты екендігіне көз жеткіземіз.

Дәйек дегеніміз жеке тұрғанда өзіндік мәні бар шама емес. Олар өзге дәйектермен байланысы арқылы ғана мән мен маңызға ие бола алады. Әйтсе де дәйектердің арақатынасы тарихшының санасында қалыптаспайды және оның берген бағасымен анықталмайды. Дәйектердің байланыстары мен өзара қатынастары санадан тыс өмір сүреді де тарихшы олардың ішкі қисының басшылыққа алып, мүмкіндігінше дұрыс қалпына келтіруге ұмтылады. Шын мәнінде тарихи дәйек кең ауқымды құбылыстарды қамтитын болғандықтан тарихшыға оның бір бөлігі ғана белгілі болуы мүмкін. Содан да оны жан-жақты қырынан талдау орынды болады. Ондай жағдайда тарихи дәйек көпқырлы болғандықтан ол әртүрлі мазмұнда және сан қырлы байланыста әртүрлі деңгейдегі егжей-тегжейлікпен талдануы мүмкін. Ол талдау өткен шақ туралы білім көлемінің арта түсуі тарихты зерттеудің әдіснамасы мен тәсілдерінің жетілдерілуі, қарастырылатын кезеңнің, тақырыптың тереңдеуі және перспентивасына байланысты сарқылмайтын мазмұн алады.

Тарихшылардың алға қойған міндеттеріне, олардың қолданған тәсілдеріне сай белгілі дереккөздің өзінен жаңа дәйектер табылуы, соған сай ғылыми айналымға ұсынылған тарихи дәйек бұрынғы ұғымдар бойынша қалыптасқан бағаны өзгертуі мүмкін. А.Я.Гурьевичтің бағалауынша содан да тарихшының ой-тұжырымдары баға берушілік сипат алатындығы, оның дәйектік материалдарды сұрыптауы тарихта ғылыми-шынайы құрылым түзу мүмкін екендігі айтылады. Оның тұжырымында ғылыми зерттеудің екі қыры болады: бірі тарихшының көзқарасынан туындайтын бағалаушылық болса, екіншісі тарихи үрдісті болған күйінде баяндайтын теориялық алғышарттарға тәуелді шынайылық.1

Тарих ғылымы шынайы ақиқатты іздейді және оны таба да алады. Өзге ғылымдар сияқты тарих ғылымында да шынайы және салыстырмалы ақиқат мәселесі туындайды. Тарихшы басшылыққа алатын алғышарттар дәйектерді белгілі бір сызбаға күштеп тықпаламай жұмысшы болжамдар, тексерілетін, түзетілетін пайымдаулар түрінде болуы тиіс.

Әзірге Алаштың ақиқаты толық айтылып біткен жоқ. Бұл бағытта көптеген істер атқарылды, ал атқарылуы тиіс істердің бірі – алаштық элита мен большевиктік номенклатураның қарым-қатынасы мәселесі. Кеңестік тарихнама бұл шетін мәселеде біржақты көзқарас ұстанды. Ал тәуелсіздік тарихнамасы Алаштың ақиқатын айтқанымен, алаштық элита мен большевиктік номенклатураға бөлінген ұлттық элита қарым-қатынасының шамшылдығын желеу етіп, мәселені жылы жауып қоя салады. Алаштық элита мен большевиктік номенклатураның қарым-қатынасынан бүгінгі қоғамдағы ұлттық құндылықтар жүйесінде орын алып отырған терең саяси, рухани коллизияның шығу тегін іздестіру ғылыми танымның өзекті мәселесіне айналып отыр.

Осы жерде назар аударатын мәселе – коммунистік танымның қасаң қағидалары әлі де белгілі интелектуалдық топтар арасында елеулі дәрежеде ықпалын сақтап отырғандығы. Олай дейтініміз, ұлттық құндылықтарды тәркі етіп, сол арқылы таптық ымырасыздық идеяларына берілген ұлт коммунистерін дәріптегенде кеңестік билік оларды қоғамдық идеялға айналдырып, жаңадан қалыптасқан партиялық номенклатура арасында аздап болса да сақталып қалған ұлттық пиғылды сондай идеялдың өнегесімен таптап тастауды көздеген еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары арасында алғашқылардың бірі болып Т.Рысқұловтың ақталуының осындай себебі болды дейміз. Бұл жерде оның биік лауазымда болғандығы да себеп болуы мүмкін. Бірақ, ең басты себеп, оның өзі тұстас басқа саяси қайраткерлерге қарағанда ұлттық мүддеден өзін барынша оқшаулаған интернационалдық қызметі болған сияқты. В.Д.Устиновтың тарихнамасы осы концепцияны орнықтыруға қызмет жасайды. Кейбір тарихшыларымыз да ұлттық тарихтың мазмұнын жаңалауда осы ұстанымнан тастай қатып айрылмай келеді. Қазіргі кезде ғылыми ой мен қоғамдық пікірде ұлтты таптық белгісіне қарай жікке бөлген большевиктік номенклатура емес, ұлттық тұтастықты ұлықтаған алаштық элитаның алға шығып тұрғандығы ескерілуі керек.

Қазіргі тәуелсіз қоғамымыздың дамуындағы ұлттық мүдденің локомотиві бола алмай отырған ұлттық элитаның көптеген жағымсыз қасиеттерінің түп-тамыры қайда, олар қашан, қалай пайда болды, оны қалай жоюға болады деген мәселе ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның қызметін жаңа көзқарастармен, жаңа әдіснамалық тәсілмен қарастыруды талап етіп отыр. Қоғамдық ойда қалыптасқан осы талап Алаш қозғалысының тарихын қайта қарастыру міндетін алға тартуда. Осы міндетке мойын ұсынғанда М.Қойгелдиевтің «Ақиқат қоғамға пайдалы болса, тарихшының үнсіз қалуы айып» деген ұстанымы осындай шетін мәселені батыл қолға алуға құлшындырады. Алаштың ақиқаты қазір айтылуы тиіс. Уақытында айтылмаған ақиқаттың қоғамға тигізетін пайдасы да аз.

Тарих – қателіктен сабақ алудың басты құралы. Өйткені, тәуелсіздік жолындағы саяси күреске біртұтас шеп құрып шыққан ұлттық элита күрес тәсілдерін таңдауға келгенде түрлі саяси ағымдарға бөлініп кетті де, береке, бірліктен айрылып қалды. Алаш қозғалысының өзі екіге бөлінді. Ал большевиктік идеяға берілген партиялық номенклатура ұлттық құндылықтарды таптық құндылықтармен алмастырып, революциялық максимализмге ұрынды. Осындай саяси алауыздықтың жемісі қандай болды десеңізші? Ұлттық-территориялық межелеу барысында өзгелерге енші беріп, шекарасы қусырылып қалған Өзбекстанның өзі одақтас республикаға айналса, шекарасы кеңейіп, әлеуеті артқан Қазақстан автономиялы республика деңгейінде қалып қойды. Ұлттық элита мемлекеттік биліктен шеттетілді, мемлекет тізгіні ұзақ жылдар бойы өзге ұлт өкілдерінің қолына берілді. Осы жағдайды Орталықтың қитұрқы саясатының жемісі дегенімізбен, көбіне-көп оған ықпал етуші фактор ұлттық элитаның алауыздығы екендігі мойындалуы тиіс ақиқаттың бірі. Осы тарихи үдерістің қателігінен алынатын сабақ – ұлттық санаға елеулі түзету енгізе алады. Олай болмаған жағдайда, қазір ел болып қолға алған ұлттық рухымыз өзінің өзегін таба алмайды.

Тәуелсіздіктің алакөбеңінде М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс сияқты бірқатар ғұламалар тәуелсіз ұлттық тарихтың іргетасын қаласа, аға буын тарихшылар Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Қ.Атабаев және т.б. ұлттық тарихты тың мазмұнмен байытып, концептуалдық тұрғыда сапалық жаңа деңгейге көтерді. Десек те, әр буынның атқарар өз міндеттері бар, бағындырар өз биігі бар. Одан артықты талап ету орынсыз. Олардың бастап берген бағытын өкшелес келе жатқан кейінгі буындағы қазақ тілді, қазақы рухты тарихшылар одан әрі жалғастырмаса ұлттық тарих базбір орыс тілді тарихшылар тұжырымдағандай «мифотворчество» деңгейінде қалып қоймайды ма?

Әрине, қол қусырып қарап отыра берсек, беделге жүгініп, бүгінгі құбылысты кешегі қоғамның әдістемесімен бағаласақ, ең бастысы тарих ғылымындағы ұлттық мүддені топтық мақсатқа жүгіндірсек төл тарихымыз ақиқатты аңыз, аңызды ақиқат деп ұсынатын балаң күйден жуық арада арылмасы хақ. Әсіресе, тәуелсіздіктің қарсаңында және алғашқы жылдары ұлттың рухын көтеруді мақсат тұтқан азаматтық тарих мазмұны одан әрі жаңа аңыздармен толыға беретін болады. Осыдан барып кейінгі буын тарихшылардың басты міндеті туындаса керек. Ол міндет – отандық тарих ғылымының мазмұнын ұлттық мүдделерді ескере отырып, әлемдік ғылыми ойдың жетістіктеріне сай теориялық және әдіснамалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеру.

Қазіргі кезде Алаш қозғалысының тарихына қатысты деректер жүйесі толық қалыптасып бітпегенімен қолда бар деректердің өзі осы тарихи болмысты қалпына келтіретін жаңа да іргелі тұжырымдар жасауға жеткілікті деп айта аламыз. Осы деректердің негізінде Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты туралы ғылыми тұжырым негізделді. Бұл тұжырымның мәні Алаш қозғалысының географиялық ауқымын едәуір кеңейтіп, оның көтерген ұлттық идеясының жартылай жария, жартылай жасырын жағдайда өмір сүрген уақыттық шегін де ұзартуға, сол сияқты Алаш қозғалысын тұлғаландыру бағытында да көптеген жаңа есімдетді тарихи танымға қосуға мүмкіндік береді.

Алаш қозғалысы тарихының қазіргі деректік базасы тарихшы ғалымдардың білікті шығармашылық ізденістері арқылы алдағы уақытта тарихи сананы осындай тың ғылыми тұжырымдармен жаңалауда және отан тарихының мәселелерін тәуелсіздік рухында шешуге қызмет жасауы тиіс деп білеміз. Осы деректік және дәйектік негізді ғылыми игеру интеллектуалды тарихтың қалыптасуына бастау бола алады.

АЛАШ, ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАРЫНЫҢ ТАНЫС БЕЙТАНЫС ӨКІЛДЕРІ

Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты Алаш қозғалысымен тарихи сабақтастықта салыстыра қарастырудың маңызы зор. Бұл екі қозғалыс бірін-бірі толықтырған, сонымен бірге бір-бірімен ерекшеліктері де көп құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырған орынды болады. Алаш қозғалысының 90 жылдығынан соңғы уақытта осы құбылыстың тарихын зерттеудің маңызы үлкен. Оның үстіне Алаш қозғалысының тарихы дегеніміз оған қатысқан жеке тұлғалардың да тарихы екендігі белгілі. Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 300-ден астам жеке тұлғалардың есімдері белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Осы аталған әрбір тұлғаның өмірбаяны қалпына келтірілсе Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсер еді. Әзірге Алаш қайраткерлерінің басым бөлігінің тарихи өмірбаяны қалпына келтіріле қойған жоқ. Тарихшылардың назары ауа қоймаған тұлғалардың бірі – Садық Өтегенов. Түркістан қаласында туып өсіп, Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының көрігін қыздырған С. Өтегеновтың өмірі мен қызметін зерттеудің өзектілігі осылай айқындалады.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ Түркістан мен қазақ облыстарындағы ұлт қайраткерлерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Бұл іс-әрекетте өмірі мен қызметі өлкедегі қоғамдық-саяси оқиғалармен біте қайнасқан Алаш зиялыларының жұмылдырушылық қызметі аса зор еді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында өлкедегі барлық халықтардың күш-қуатын топтастыру қажеттігі өткір сезіліп отырды. Содан да тәуелсіздік жолындағы күресте ұлттық бірлікке қол жеткізу аса маңызды болатын. Осы тұрғыда қарастырар болсақ түркілік және мұсылмандық қозғалыстардың арасында идеялық алшақтық жоқ, қайта оларды отаршылыққа қарсы күреске топтастыратын ортақ мүдде, ортақ күрес тәсілдері жеткілікті еді. Ташкентте мұғалімдер семинариясын бітірген, ескіше, жаңаша сауатты Садық Өтегенов бұндай ұлт-азаттық идеяларымен жақсы таныс болатын.

1917 ж. большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алуы Қоқан қаласында құрылған Түркістан автономиясы үкіметінің тынысын тарылта түсті. Ұлт-азаттық қозғалыстың кертартпа күштерінің өкілі Сералы Лапин большевиктермен ымыраласу жолдарын қарастырды. Өйткені большевиктік билік ұлттық мемлекеттік құрылыммен санаспады және оның талаптарына құлақ аспады. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған Сералы Лапин 6 қаңтарда Түркістан қаласында өтуі тиіс Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысудан бас тартса, Мұстафа Шоқай Қоқан автономиясындағы үкіметтік дағдарысқа байланысты съезге қатыса алмады. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мәселесін күн тәртібіне қойған бұл съезге негізін Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Б. Құлманов, М. Дулатов, Т. Құнанбаевтар қатысқан съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.

Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді. Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан қаласының азаматтары С.Өтегенов, С.Қожанов, Қ.Қожықов, С.Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған. Бұлардың арасында С. Өтегенов пен С.Алдабергеновтер 1917 ж. Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М.Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді.

Бірінші Жалпықазақ съезінде көтерілген қазақ даласындағы ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі алаштық идеяны Түркістанда іске асыруда бірқатар ерекшеліктер болды. Атап айтқанда, оның ең бастысы – өлкедегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталды. Ұлт мүддесін ұлықтап, тәуелсіздік идеясын Түркістан өлкесінде тынбай насихаттаған қайраткерлердің бел ортасында Садық Өтегенов те болған еді.

Ұлттық элитаның көшбасшысы Ә.Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары Минск қаласынан қазақ даласына қалыптасқан жағдайдың мән-жайын баяндап жеделхат жолдаған. Осы жеделхаттың Түркістан қаласындағы С.Өтегеновке жолдануы да оның өз кезіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқандығын аңғартады. Ақпан төңкерісінен соң жол таба алмай абдырап қалған ұлт-азаттық қозғалысқа тың бағыт сілтеген жеделхаттың көлемі біршама шағын болғанымен оның мазмұны өте бай.

Бұл тарихи құжаттың екі түрлі үлкен маңызын атап айтамыз: біріншіден, жеделхат жолданған тұлғалар мен жеделхатты жолдағандардың тізімі сол кездегі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық элита өкілдерінің жеке құрамын нақтылауға көмектеседі; екіншіден, жеделхат мазмұнында көтерілген идеялар Алаш ұлт-азаттық қозғалысының саяси тұғырнамасын айқындап, ұлттық элита қызметінде басшылыққа алынғандығы. Жеделхат мазмұны ұлттың бірлігі мен тәуелсіздігі сияқты саяси күрестің өзегіне айналған ұлттың идеялардың ақпан буржуазиялық төңкерісінен әлдеқайда бұрын қалыптасып, пісіп жетілгендігін танытады.

Жеделхатқа қол қойғандардың бірі М.Дулатовтың саяси және шығармашылық қызметі Түркістан қаласымен де, Түркістан өлкесімен де тығыз байланыста дамыды. Ол 1912 ж. Семей түрмесінен шыққаннан соң Түркістан қаласын паналайды. Елге жазған хаттарында Түркістанда Садық Өтегенұлы, Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латипа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен танысқандығын» жазады. Осы хаттағы ең бір маңызды дерек, Түркістан қаласындағы қазақ, өзбек байлары мен қырғыз манаптары Міржақыпқа мол қаржы жинап берген. Орынборға келіп А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановтармен ақылдасып «Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын «Қазақ» газетін шығаруға бағыштаған1.

Отаршылардың жасанған әскеріне қарсы саяси-идеялық тәсілдермен күресу – саяси қайраткерлерді қоғамдық өмірдің алдыңғы сапына шығарды. Біз сөз етіп отырған С.Өтегенов те қолына қару алып күрескен жоқ. Ол халықтың ұлттық тәуелсіздікке деген ұмтылысын қолдап-қуаттап, азаттық пен еркіндікке ұмтылған өршіл рухын шыңдауға ат салысты. Мектеп, медреседегі ағартушылық қызметін ұлттың санасын оятуға ұластыра алды. Оның Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттарын сайлауға қатысып, Алаш съездерін өткізуге атсалысуы осындай игі істердің айғағы.

М.Дулатов С.Өтегенов туралы қомақты деректер қалдырған. Ол елге жазған хаттарының бірінде былай дейді: «Түркістанда, оған таяу жердегі Қарнақ қыстағында, қазақ, өзбек, қырғыз ағайындарының арасында паналап, 1913 жылдың басына дейін сонда болдым. Түркістанда Садық Өтегенұлының үйінде тұрдым... Бұл кісі – Ташкентте оқытушылар семинариясын бітірген мұғалім, нағыз молда, өте мәдениетті қазақ зиялысы, қаламы төселген, мақалалары газеттерге басылып жүретін белсенділерден. Садық – шаруасы дәулетті дерлік кісі, елде тұратын ағайындары малдарын бағып береді. Қаладағы жеке меншігіндегі үлкен қызыл кірпіштен салынған көп бөлмелі үйінің есігі келушілерге ашық. Өздері үй-ішімен меймандос, қонақжайлықтарымен көпшілікті маңайына үйіріп отырады.



<...> Садық Түркістандағы өзінің қаржысына салдырған мектебінде балалар оқытатын. Қолы босында мені ертіп Қарнақтағы таныс өзбектерді қыдыртатын. Сонда екі-үш күн жатып келетінбіз. Сол Қарнақта тұратын ақмешіттік Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латифа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен таныстым. Біз оларда жиі қонақта болып, араласып жүрдік».1 М. Дулатовтың бұл хаты С. Өтегеновтің қоғамдық-саяси қызметін айқындайды.

Қаланың зиялыларымен сыйласып, мектеп, медреселерін аралаған жазушының Сұлтанбек Қожановпен таныстығы осы кезден басталған. Осыған байланысты «дәл осы кезде орыс-қазақ мектебінде оқып жүрген Сұлтанбектің Міржақыпқа жолығып, одан аса құнды пікір естіп, өміріне азық боларлық нәр бағдар тапқаны атап көрсетерлік нәрсе»2 деген академик Р. Бердібайдың пікіріне ден қоюға болады. Өйткені, Сұлтанбек Міржақыпқа қамқор болған С. Өтегеновты өзіне ұстаз тұтқан және олар жақын араласқан.

Кейін бұл үшеуінің жолы 1921 ж. Ташкентте түйіседі. Олардың арасында ұлттық мүдде төңірегінде терең түсіністік орнағанын аңғарамыз. С.Қожанов ұлттық элитаның жоғарғы эшелонындағы басқару элитасының өкілі болса, М.Дулатов республикадағы шығармашылық элитаның көрнекті өкілі еді. Ал билік құрылымдарында ешқандай ресми лауазым атқармаған Садық Өтегенов туралы Т.Рысқұлов 1924 жылы И.Сталинге жазған хаттарының бірінде мынадай мәлімет береді: «Құрметті, бірақ айлакер, монархиялық бағытты жақтайтын шал. Алашорда мен Қоқан автономиялық үкіметтерінің қайраткері. 1913 ж. Петербургке Романовтар отбасының тойына барған. Қожановтың барлық құпиясын біледі. Ол Өтегеновтың тәрбиесін алған. Өзі Қожановтың барлық тағайындаулар бойынша даладағы жаршысы. Болыс болғысы келетіндер Өтегеновке тәуелді. Көптеген коммунистер тек сол арқылы қызмет алады. Өтегенов жанжалдасқан коммунистерді бітістіруші ақсақал қызметін атқарады. Ол менен қандай қызметті қалайтынымды айтуды сұрап, оны Қожанов арқылы орындайтындығын айтты».1 Т. Рысқұловтың бұл мінездемесі С. Өтегеновтың Түркістан этноэлитасының жеке құрамында шешуші қызмет атқарған ықпалды тұлға болғандығын айғақтайды.

С.Өтегенов пен М.Дулатовтың арасында тығыз ынтымақтастыққа ұласқан байланыс болғандығына деректік айғақтар кездеседі. Мысалы, М.Дулатов 1 қаңтар 1929 ж. тергеу хаттамасында 1920 ж. қарашасында Ташкентке келіп, «Ақжол» газетіне хатшы болып жұмысқа кіріскендігін, ол газеттің мазмұны жөнінде баспасөз беттерінде түрлі әңгімелер мен пікірталастар өрбігенімен олардың өзі қызмет істеген кезеңге қатысы жоқ екендігін жазады.2 Міржақыптың тергеушіге белгілі себептермен жалтара жауап беріп көптеген кісілердің аттарын ауызға алмауы түсінікті. Т. Рысқұлов оны Қожановтың жақын досы, бұрын бірге жұмыс жасаған, қазір де олар идеялық және практикалық байланыста дей келіп, «Дулатов 1921 ж. Ташкентке шақырылып, «Ақ жолдың» басшылығына тағайындалды»3 деп жазады. Әрине, бұл шақырудың С.Қожанов пен С.Өтегеновтың тарапынан болғандығын аңғару қиын емес.

Садық Өтегеновтың Мұстафа Шоқаймен байланысы саяси-идеялық қана емес, туыстық, жолдастық сипат алады. Елде қалған Шоқайдың достары оған хат жазып тұрған. Мысалы, сондай хаттардың бірі туралы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тағы бір көрнекті тұлғасы А.З.Валиди «бұл бізге жеткен бірінші сәлем хат» дейді, бірақ ол М. Шоқайдың оған дейін де Түркістанмен астыртын түрде хабарласып тұратынын білмейтін. Осыған байланысты белгілі тарихшы К.Есмағамбетов былай деп жазады: «Германиядағы түркістандық студенттерді бақылауға алған кеңес елшілігінің хабарларында Ғ.Бірімжановпен бірге Лапин Мұңайтпастың есімі де аталады және ол С.Қожановтың «қайнысы» деп көрсетіледі. Әңгіме Лапин Мұңайтпастың баласы Әбдірахман (Лапиннің немересі) туралы екендігі, ал оның С.Қожановқа «балдыз» болып келетіндігі, Сұлтанбектің ол арқылы М.Шоқайдың амандық-саулығын біліп тұрғандығы мәлім. Әбдірахман 1920 жылы Түркістанда Сыр бойындағы жалайыр Садық Өтегеновтың қызы Сараға үйленеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы да (Қ.Қожықов, С.Өтегенов, С.Асфендияров, Лапиндер) М.Шоқаймен көптен бері таныс адамдар болатын. Әбдірахман – Орта Азия мемлекеттік университетінің тұңғыш түлегі, ол бұл оқу орнын Ғ.Бірімжанов, Ескендір Мангелдин, Мұстафа Бөкейханов, Сүлеймен Есқараевтармен бірге бітіреді».4

Парижде елін, жерін аңсаған Мұстафа Шоқай өткен күндерді еске алып, досы Садық Өтегенов туралы мынадай мақала жазады: «Петербургке қайтып оралған соң, түркістандық Өтегенұлы Садық деген досымның өзінің Петебургке келмек екенін айтып жолдаған бір телеграммасын алдым. Келетін күні мен оны вокзалға барып қарсы алдым. Екеуіміз мен тұрған жерге келдік. «Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек еді» деді ол маған ентігін басып үлгермей жатып. Ол кезде Түркияның Петербургтегі елшісі Тұрхан паша болатын. Арада екі күн өткен соң, кешке таман көшеде адам аяғы саябырлаған кезде, Садық екеуіміз Түркия Елшілігіне келіп Тұрхан пашаның қабылдауында болдық. Түрік елшісі кең қабылдау бөлмесінің ішінде оңаша отырып, бізді мұқият тыңдады. Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы Түркістанда тұратын түрік қандастары жинаған азын-аулақ ақша әкелгенін айтқанда, елшінің көңілі босап, көздерінен жас парлады. Оған қосылып Садық екеуіміз де жылап алдық... Қадірлі Садық, сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындары жағынан итжеккенге кеттің бе? Жоқ әлде аштан өліп қалдың ба?..».1 Мұстафа қойған бұл сұрақтың жауабы алашшыл азаматтардың бәрін де қызықтырары сөзсіз. «Қазақ» газетін шығаруға ақша жиып берген, «Алыстағы бауырыма» деп Мағжан ақын үн қосқан түркілік бірлік идеясына қадари-халінше қол көмегін аямаған ұлтжанды Садық итжеккенге айдалған жоқ. Аштан да өлмеді.

1874 жылы қазіргі Түркістан қаласында туған Өтегенов Садық Қалмұхаммедұлы 1937 жылдың 19 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасы «Үштігінің» шешімімен сотталып, атылған. 1957 жылдың 17 шілдесінде ақталған.2 Түркістандық Алаш қайраткерінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің нақты мазмұны белгісіз. Оған тағылған айыптың ең бастысы – оның Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғандығы. ОГПУ органдарының қолында алашордашылар туралы көптеген мәліметтер жинақталғаны белгілі. Бұл арнаулы органдар С. Өтегеновтың да ұлтшылдық қызметіне қатысты деректерді молынан жинаған болса керек. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің архивінде сақталған С.Өтегеновтың жеке ісі көптеген құнды деректерді жарыққа шығарар еді. Бұл деректердің маңыздылығы – Түркістан қаласының да Алаш қозғалысының іргелі орталықтарының бірі болғандығын деректік негізде дәлелдейді.

20-жылдары ұлттық элита арасында кең өріс алған топшылдық күрес мазмұны жағынан өте күрделі процесс. Оны жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси әрекетімен ғана байланыстыру мәселенің шынайы табиғатын аша алмайды. Оған тұтастай теориялық-әдіснамалық негіз керек. Олай дейтініміз, осы топшылдық күреске голощекиндік идеологиялық жүйе жершілдік, рушылдық мазмұн беріп келген. Қазіргі кезде Отан тарихында айқын байқалып отырған әдіснамалық дағдарыс жағдайында кейбір тарихшылар осы тұжырымдаманы одан әрі жалғастыруда. Мәселеге тарихи объективтілік қағидасымен көз салар болсақ, осы топшылдық күрестің ең басты қозғаушы факторы – рушылдық та, жершілдік те емес, таптық көзқарас екендігіне тарихи деректерден көптеген дәйектер тапқан болар едік. Сондай дәйектердің бірі – С.Өтегеновтың рулық пиғылдан жоғары ұлттық сана деңгейіндегі қоғамдық-саяси әрекеті деп білеміз.

Еліміздің тәуелсіздігі үшін қызмет еткен С.Өтегенов сияқты Алаш қайраткерлерінің ғибратты ғұмыры мен жасаған еңбектері егемен еліміздің болашақ қайраткер тұлғаларының ұлтжандылық рухта тәрбие алуына идеялық тұрғыда үлгі-өнеге болары хақ. Ұлттық тарихымыздағы рухани құндылықтарды сақтап, өткен тарихымызды үнемі таразылап, болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз керек. Сол үшін де ұлттық тарихымызды тануымыз, ұлт мүддесі үшін тоталитарлық қоғамның қысымына қарсы шыққан алаштық үлгідегі тұлғаларымыздың өнегесі ұлықталуы қажет.

Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалыстарына белсене араласқан қайраткерлердің бірі –



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет