Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады



бет1/27
Дата09.06.2016
өлшемі7.75 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Бұл басылым – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ

(Құжаттар, тергеу жауаптары, ілеспе іс қағаздары, тәркіленген хаттар)

Үшінші кітап

*** *** ***

Хазіретәлі ТҰРСҰН

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСІК ҚАНАТЫ

Құжаттар мен материалдар жинағы (Наурыз 1917 ж. – мамыр 1935 ж.)


*** *** ***
Болат НӘСЕНОВ
ТЕРГЕУДЕГІ СҰРАҚ – ЖАУАПТАР (1937 – 1938)
*** *** ***

АЛМАТЫ


ЕЛ – ШЕЖІРЕ

2011
ББК

А

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі



Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында дайындалып, ғылыми Кеңесте бекітілген.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөліміндегі профессор Т.Қ.Жұртбайдың қолжазба қоры бойынша дайындалып, университеттің ғылыми Кеңесінде бекітілген.

Жоба жетекшісі және жалпы редакциясын басқарған Қазақстан Педагогика Ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Қ. Жұртбай

Пікір білдіргенден:

С.С.Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор.

А.Ә.Рамазанова, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басылымның ғылыми редакторы – тарих ғылымдарының докторы Д.Махат.
Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының тарихына арналған бірінші, екінші бөлімді құрастырған тарих ғылымдарының докторы Х.М.Тұрсұн.

Тергеудегі сұрақ-жауаптар (1937 – 1938.) бөлімін құрастырған – Қ.Қамзина.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған Қ.Камзина, А.Сатыбалдиева.

АННОТАЦИЯ

«Алаш қозғалысы» атты үш томдықтың үшінші ктабына томына тарихшы Х.М.Тұрсұнның «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының қалыптасуы мен қызметін айқындайтын зерттеу еңбегі және осы қозғалыстың тарихына қатысты тарихи деректер ұсынылып отыр. Сонымен қатар Б.Нәсенов жинақтаған мұрағат сөрелерінде елеусіз қалған осы кітаптағы басты тұлғалардың үстінен 1937 – 1938 жылдары жүргізілген тергеудегі сұрақ-жауаптар да енгізілді. Ондағы басты мақсат – кеңестік саяси жазалау жүйесінің тұлғаларды тұншықтырған сұрқия қылмыстарын салыстыра отырып әшкерелеуге мүмкіндік беру.

Бұл еңбек – әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын толымды дерекнама болып табылады.


ЖЕТЕК СӨЗ
Алаш қозғалысы – ауқымды кеңістікті қамтитын аса күрделі тарихи құбылыс. Өйткені Біртұтас алаш идеясы жалпықазақтық сыпатқа ие қасиетті нысан. Сондықтан да Шығыс, Орталық, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік Түркістан деп шартты түрде жағырафиялық атауларға бөлініп, тарихи-саяси жағдайларға байланысты қазір әр түрлі мемлекеттердің құрамында өмір сүріп жатқан қазақ қауымы өзінің ұлттық азаттық жолындағы күресін еш тоқтатқан емес. Шығыс Түркістандағы, Орталық Түркістандағы (қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан), Солтүстік Түркістандағы (Құрамына Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан кіретін мұндай саяси бірлестікті құру жоспары 1927-1922 идея ретінде талқыланған болатын) ұлттық рухани қозағлыстар да жалпы алаш идеясының құрамдас бір бөлігі болып табылады. Осы мақсатта жүзеге асырылған «Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы» атты үш томдық 1 та сол тұжырымның бір дәйегі.

Өкініштісі, осындай «заманалар арбасып, тағдырлар шайқалып», мемлекеттерге бөлшенген тұстағы қазақ ұлтының ұлт-азаттық қозғалысы тақырып-тақырыпқа бөлініп, бұтарланып зерттеліп келеді. Соның нәтижесінде қазақ зиялыларының көзқарастары да біртұтас алаш идеясы тұрғысынан қарастырылмады. Сондықтан да, кейбір мәселелер, мысалы, жалпытүркілік идея, жалпытүркістан идея және Түркістан кеңес республикасы ұстанған ортақтүркістандық мемлекет құру, ортақ тіл, ортақ діни ағым мәселелері, саяси және мемлекеттік құрылым, шекара т.б. бағыттағы түйткілді және астарлы пікірлердің тігісі жатқызылмай, жаба жөргемделіп келеді. Біз мұны қолдан жасалған ақтаңдақ деп санаймыз.

Осы орайда «Алаш қозғалысының оңтүсік қанаты» деп шартты түрде алынған жинаққа ортақ алаш идеясы жолында күрескен Түркістан республикасының қайраткерлері мен қатардағы азаматтарының тағдыры мен көзқарастары барынша қамтылған құжаттар мен деректердің басы құрастырылып беріп отыр. Заман қайшылықтарының табы сақталған құжаттар мен жазбаларды ғылыми тұрғыдан байыппен пайымдау арқылы тарихи шындықты саралауға, баға беруге мүмкіндік жасайды деген игі тілекпен тарихшы Х.Тұрсұн жинақтаған мұрағат құжаттарын оқырманның назарға ұсынып отырмыз. Арбаулы кер кезеңдегі тергеу жауаптарының ішінен ақиқатты аршып алу – зиялы қауымның міндеті. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін нақты ажыратылмаған саяси құрылымдар мен ұғымдардың жігін ажыратуға да септігін тигізетіні кәміл. Мұндағы кейбір деректердің санаға ауыр тиіп, ойды әр қилы саққа жетелейтінін білеміз. Бірақ шындықтың бетіне тура қарай отырып, оны екшеп, ешкімге обал жасамастан адал пікір қорыту – тарих пен тағдыр құрбандарының алдындағы қасиетті парызымыз. Біз сол қасиетті парыздың өтелуін мақсат еттік.

Ал ұлттық руханият жәдігерлерін жанкештілікпен жинастырып жүрген Болат Нәсенов жинақтаған, осы уақытқа дейін әр қаладағы мұрағат сөрелерінде елеусіз жатқан, осы кітаптағы басты тұлғалардың үстінен 1937 – 1938 жылдары жүргізілген тергеудегі сұрақ-жауаптарды жариялаудағы басты мақсат – кеңестік саяси жазалау жүйесінің тұлғаларды тұншықтырған сұрқия қылмыстарын салыстыра отырып, тарихи пікір түюге ынталы қауымның оны әшкерелей ой қорытуына мүмкіндік беру.

Ниет – ақ, пікір – қалыс.

Т.Жұртбай,

жоба жетекшісі, филология ғылымдарының

докторы, профессор.

*** *** ***
АВТОРЛЫҚ АЛҒЫСӨЗ
Назарларыңызға ұсынылып отырған жинақ осы кезге дейін «Алаш мұрасы» сериясымен жарық көрген көптомдықтың жалғасындай болып көрінгенмен мазмұны және құрылымы бойынша олардан дербес дүние екендігін еске саламыз.

Қазақ жеріндегі Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихи жағдайларға байланысты Шығыс (Орталық) және Батыс Алашорда болып бөлінгені – тарихи дәйек. Бір-бірінің идеялық бағытында, саяси ұстанымдарында елеулі айырмашылықтары болмаған бұл үкіметтік құрылымдардың қызметін айғақтайтын тарихи деректер жоғарыда аталған жинақтарда ғылыми айналымға ұсынылды. Ал осы жинақ Алаш қозғалысы қызметінің жаңа қыры – Оңтүстік қанаты туралы ғылыми тұжырымды негіздеуге және оның тарихын нақты тарихи деректермен айғақтауға арналып отыр. Осы мақсатқа сай кітаптың бірінші бөлімі «Алаш қозғалысының оңтүстік қанаты» деген атпен тақырыптың өзекті мәселелерін ғылыми-деректік тұрғыда талдаған мақалаларды құрайды. Бұл мақалалар топтамасында күрделі тарихи тақырыптың қыры мен сыры толық ашылды деп ойламаймыз. Ең басты мақсат – тарихи таным үшін елеулі жаңалық болуы тиіс ғылыми тұжырымның негізін қалау. Түркістан өлкесіне қараған қазақ облыстары қазақ жерінің құрамды бөлігі екендігі сияқты онда қалыптасқан және қызмет жасаған Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының тарихы да Отан тарихының құрамдас бөлігі екендігі ақиқат.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында саяси күрестің алдыңғы легіне шыққан С. Лапин, М. Тынышбаев, М. Шоқай, Қ. Қожықов сияқты ұлттық элита өкілдері 1917 ж. қос төңкеріс арасында өлкедегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты және «Шурои-Исламия», «Шурои-Улема» ұйымдарын құруға бастамашыл болды. Сонымен қатар Бүкілқазақ съездеріне қатысып, Алаш партиясын құруға, Алашорда үкіметін жасақтауға белсене араласты. 1917 ж. 26 қарашасында құрылған Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметін, Уақытша Халық кеңесін жасақтауға белсене араласып, осы мемлекеттік құрылымдарға басшылық жасады. Олардың саяси бастамашылығымен қазақ мемлекетінің территориялық, ұлттық тұтастығы идеясы алғаш рет көтерілді.

1920 ж. көктемінде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитеттің бұйрығымен алашордашыларға рақымшылық жасалған соң қазақ жеріндегі бірқатар Алаш қайраткерлері қалыптасқан жағдайларға байланысты Түркістанның орталығы Ташкент қаласына шоғырланып, саяси және мәдени тұрғыда аса жемісті еңбек етті. Алаш партиясы бағдарламалық құжаттарында тұжырымдалған ұлттық идеялар олардың өлкедегі сан-салалы қызметтері арқылы кеңес өкіметінің қоғамды жаңарту үрдісінде түрлі мазмұнда жалғасын тауып жатты. Соның бір мысалы ретінде Түркістанда жүргізілген жер-су реформасының алаштық идеямен іске асқандығын айтуға болады. Өлкедегі мәдени-ағарту жұмыстарында алашордашылардың бастамашыл әрекеттері айқын білініп тұрды.

Түкістандағы кеңестік биліктің жоғарғы эшелонына тартылған Т.Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов, С. Асфендияров және т.б. ұлттық элита өкілдерінің саяси қызметінде ұлт-азаттық идеясы одан әрі жалғасын тапты. Дегенмен, осы аталған саяси элитаның арасында большевиктік билік қуаттаған таптық ұстанымдар мен алаштық үлгідегі зиялылар ту етіп көтерген ұлттық құндылықтарға байланысты жіктелу пайда болды. Біртұтас ұлттық элитаның арасына түскен бұл жік 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейін-ақ саяси сипат алып, элитаішілік алауыздыққа айналып, топтық күреске ұласты. Осы саяси күрес барысында дүниеге келген құжаттар қазіргі тарихи танымға Отан тарихының тұтас кезеңінің ақиқатын ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге қызмет ететін тарихи деректерге айналып отыр.

Осыған байланысты кітаптың екінші бөліміне архив қорларынан алынған көптеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға ұсынылады. Өз кезінде нақты мақсаттарды көздеген кейбір құжаттардың өзі қазіргі уақытта тарихи танымның нысанына айналып, тарихи-мәдени ескерткіш сипатын иеленді. Демек, ұсынылып отырған құжаттарға назар аударғанда арада қанша уақыт өткені, сонымен бірге қоғам өзгеріп, танымдық құндылықтардың ауысқандығы, ең бастысы жалпы оқырман қауымның мәдени-интеллектуалдық деңгейінің өскендігі есте болуы керек. Ұсынылған құжаттар мазмұнының күрделі сипаты ондағы саяси, әлеуметтік ақпараттың сезімдік қабылдаумен игерілмейтін қиындығын алға тартады. Солай екен деп архив қорларында Отан тарихының бүгінгі қоғамдық санаға қызмет жасауы тиіс ақиқатты бүгіп жатқан құжаттық деректерді айналымға ұсынбауға, тарихи танымнан жасыруға болар ма еді? Әрине, тарихшының міндеті өткен оқиғаға, тұлғаларға баға беру емес, тарихи ақиқатты тануға ықпал жасау болғандықтан да, бұл құжаттар топтамасы көтерілген тұжырымды интеллектуалды тарих тұрғысында талдауға қызмет жасайды деп сенеміз.

Жинаққа барлығы 37 құжат топтастырылған. Құжаттар негізінен Қазақстан Республикасы Президентінің архивы мен Мәскеудегі РГАСПИ қорларынан алынды. Осы архив қорларынан іріктелген 27 құжат алғаш рет жарық көріп отыр. Олардың көпшілігі стильдік ерекшелігі сақталып, өзгеріссіз берілді. «Алаш қозғалысы» жинағының 3 томы бірінші кітабына енген кейбір құжаттардың (№8, 10) толық нұсқасы ұсынылды. Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатына қатысты кейбір құжаттар (№1, 2, 3, 16, 18, 20, 26, 34, 37) бұрын жарық көрген жинақтардан іріктеліп алынды.

Кітаптың құрылымы алғы сөз, мақалалар топтамасы, құжаттар мен материалдар топтамасы, есімдер көрсеткіші, пайдаланылған құжаттық және анықтамалық әдебиеттер тізімі түріндегі бөліктерден құралады. Әр құжаттың соңына мүмкіндігінше ескертпелер берілді. РГАСПИ қорынан алынған құжатты (№19) ұсынған ҰҒА акаденигі М.Х.Асылбековке, жинақтағы құжаттарды дайындауға ғылыми кеңесімен көмек жасаған ҚРПА бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Е.М.Грибанова ханымға алғысымды білдіремін.


Х.М.Тұрсұн,

Тарих ғылымдарының докторы



І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ

ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ СИПАТТЫ БЕЛГІЛЕРІ


Түркістан өлкесінде ХХ ғ. бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласа бастады. Шағын үйірмелердің қуатты қозғалысқа айналуында Түркиядағы жастүріктер, Ирандағы жаспарсылар, Бұқарадағы жасбұқарлықтар сияқты саяси қозғалыстардың ықпал әсері аз болған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалыстағы бұл шығыстық фактордың басым болуы өлкедегі қозғалыстардың басты үш бағытын айқындады, олар: жәдитшілік, мұсылмандық және түркішілдік. Бұл бағыттардың әрқайсысының ұстанған позицияларына қарай сипаттық, мазмұндық ерекшеліктері болды. Айталық, Махмутқожа Бехбуди, Мүнавар Қары Абдрашитханов бастаған жәдитшілердің діни білім беруді реформалауға бағытталған іс-әрекеті қоғамдық өмірді демократиялық жолмен жаңарту бағытына ойысып, саяси сипат ала берді. Ал мұсылмандық қозғалыс қоғамдық өмірді жаңалауда конфессиялық құндылықтарға басымдық берді. Бұл қозғалыс өз ішінде мемлекеттік құрылыста құран мен шариғат заңдарын басшылыққа алуды талап еткен «Шуро-и Улема» сияқты консерваторлық күштерге және діни белгіні отаршылыққа қарсы күреске жұмылдыратын ортақ белгі деп бағалайтын біршама демократияға бейім күштерге бөлінді. Ал түрікшілдік қозғалыс отарлық билікке қарсы полиэтникалық бірлікті басты бағдар етіп ұстанды. 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін осындай негізгі үш ағымға бөлінген ұлт-азаттық қозғалыс өз қатарына әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі ала-құла, ең бастысы саяси күрес тәжірбиесі әркелкі топтарды біріктірді. Олай дейтін себебіміз, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын құрайтын бұл саяси күштер арасынан 1917-1924 жылдардағы қаурыт қоғамдық-саяси даму практикасы барысында ұстанымдары мен әрекеттері бір-біріне мүлдем қарама-қарсы «Шуро-и Улема» мен «Иттифок-и-муслимун» (Мұсылмандар одағы) сияқты ағымдар саяси сахнаға шықты. Тіпті мұсылмандық, түркілік бірлік идеясын ту етіп көтерген саяси қозғалыс өкілдерінің кейбірі кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жолына түсті. Кеңестік билік «басмашылар» деп атаған бұл күрескерлердің ұлттардың өзін-өзі билеуіне, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуге бағытталған әрекеттеріне қармастан олардың арасында да саяси-идеялық тұтастық бола қойған жоқ. Бұл әрине, күрес тәжірбиелерінің кемшіндігіненде бұрын олардың саяси-идеялық ұстанымдары мен бағдарламалық мақсат-міндеттерінің бір арнаға тоғысуына қолайлы жағдай туғызбаған әлеуметтік әртектілігі еді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өлке халықтарының тәуелсіздік жолында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында қазіргі заманғы жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде әрекет жасаған ұлт-азаттық қозғалысының жиынтық атауы ретінде айқындалады. Қарулы және саяси күрес сипатындағы қозғалыс уақыт шегінде бірнеше кезеңдерді қамтиды. Бірінші кезең – ХІХ ғ. 60 жылдарының соңынан ХХ ғ. бас кезіне дейінгі аралық. Бұл кезең ең шырқау биігі 1889 ж. Андижан көтерілісі болған тәуелсіздік үшін қарулы күрес кезеңі болды. Екінші кезең – 1917 ж. дейінгі аралықты қамтып, өлкеде жәдитшілік сияқты мәдени-ағартушылық ағымдардың билікті конституциялық жолмен өзгертуді мақсат етіп қойған саяси күрес тетіктерінің қалыптасып, орнығуы. Бұл кезең 1916 ж. өлкенің көп аймақтарын қамтыған, әсіресе Сырдария облысында күрделі сипат алған ұлт-азаттық көтеріліспен қортындыланады. Үшінші кезең – 1917 ж. ақпан төңкерісінен 1918 ж. Түркістан мұхтариятының қуып, таратылуы және Түркістан кеңестік социалистік автономиясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңнің басты белгілері «Шурои Исламия», «Шурои Улема», «Иттифоқи муслимун» сияқты ұлттық саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық-саяси қызметі және Түркістан мұхтарияты (Қоқан автономиясы) атты ұлттық мемлекеттік құрумен ерекшеленеді.

1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген М.Тынышбаев, М.Шоқай, С.Лапин, Ә.Оразаев, С.Ақаев, Қ.Қожықов сияқты этноэлита өкілдері европалық білім алған, Ресейдің демократиялық қозғалыстарының ықпалында саяси дайындықтан өткен тұлғалар еді. Олар 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапында болды. Үшінші кезең 1918-1929 жж. аралығындағы кеңестік билікке тартылған ұлт коммунистері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров және т.б. жергілікті ұлт қайраткерлерінің кеңестік билік құрылымына ұлттық мазмұн беру жолындағы күресімен ерекшеленеді. Бұл күрестің апогейі 1920 ж. қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясында РКФСР құрамындағы болашақ Түрік Кеңес республикасының саяси ұйымын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешім қабылдау болды. Төртінші кезең кеңестік билікке қарсы қарулы күрес түрі ретінде басмашылық қозғалыстың өршіп, бірнеше ұлттық мемлекеттердің құрылуымен ерекшеленеді.

Қазақстанның тәуелсіз дамуы ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі», «қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш»1 деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үрдісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.

Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным мен тарихи сананы қайта қарауда күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі – Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерттелгенімен геосаяси ерекшеліктеріне байланысты концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындауды тың әдіснамалық тәсілдерді қолданып игерілуі тиіс. Осындай ерекшеліктер Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының мынадай өзектілігін айқындайды: біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен Түркістан кеңестік автономиялық республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі. Тарихи жағдайлармен Түркістанның құрамында болған қазақ елі мен жерінің біртұтас ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында өлкеде патшалық, кеңестік биліктер ұлттық еркін ой-сананы озбырлықпен бұғаулап, ұлттық болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды.

Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы тұрған күш ретінде кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып, қазіргі заманғы әдіснамалық тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді; екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және саяси-рухани ерекшеліктерімен қайталанбас дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп келеді. Бұл мәселеге тың әдіснамалық тәсілдер бойынша назар аударылар болса тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді.

Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен «жоғарыдан төменге» қарай бағытталғаны белгілі. Оның бір мысалы ретінде Г. Сафаровтың «Қазан төңкерісі Түркістанға телеграф арқылы келді» деген тұжырымын атауға болады. Тоталитарлық биліктің саясаты халықты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей араласқан басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған қызметін тану қажет-ақ.

Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады.1 Ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыстар туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды.

Әйтсе де тарихи зерттеулерде таптық көзқарастың негізінде қалыптасқан танымға жаңа мазмұн беруде сол ескі әдістеме тәсілдерінің ықпалынан шыға алмау бағыты байқалады. Атап айтқанда, тарихи танымда кері ықпал заңдылығы үстемдік алуда. Оның мәні кеңестік қоғамдық ұлықталған саяси, әлеуметтік құндылықтар тәуелсіз санада мүлдем кері мазмұнда түсіндірілуде немесе бұрынғы таптық тұрғыда сыңаржақ сынға алынған құбылыстар әспеттеліп, идеалға айналдыруда. Тарихи зерттеулердегі бұл бағыт жаңаланған тарих мазмұнына біржақты сипат беретіндіктен де мәселеге қатысты қазіргі заманғы теориялық-әдіснамалық негіз орнығуы керек.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болатын себебі, ол өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша қайталанбас ерекшеліктері мол ауқымды тарихи құбылыс еді. Мәселенің шындығы – бұл ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей империясы құрамында отарлық езгіге түскен Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің ең биік шыңы екендігі. Осы мәселеге қатысты екінші бір ақиқат, бұл ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық сипатпен шектелмей, ХХ ғ. басында отарлық езгіге, империялық өктемдікке қарсы әлемдік қозғалыспен үндескен идеялас құбылысқа айналғандығы.

Кеңестік тарихнамада осы екі ақиқат бұрмаланып келді. Олай болатыны, таптық қағиданы басшылыққа алған әдіснамалық негіз ұлт-азаттық қозғалыстың тәуелсіздік идеясына қосалқы деңгейде мән беріп, оның әлеуметтік, таптық сипатын әсіре дәріптеді. Осы себептен туындаған салдарлар екінші ақиқатты көлегейледі. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыстағы, әсіресе, Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтардың ықпал-әсері, жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік бірлік сияқты ұлттық мазмұндағы идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал-әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды, тіпті олар бір-біріне қарама-қарсы қойылды.

Осындай себептермен де Алаш қозғалысын маңыздылығы аймақтық шеңбермен шектелмейтін Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыспен тарихи сабақтастықта қарастырудың маңызы зор. Академик К. Нұрпейістің тұжырымы бойынша «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді.1 Дара құбылыс ретінде осылайша айқындалған Алаш қозғалысын Түркістан өлкесіндегі ұқсас құбылыспен салыстыруға болады. Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыс саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік әртектілігімен ерекшеленді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағаласақ керек. Мақсаты ортақ, сипаты бір Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясы (Туркистон Мухторияти) үкіметі ұлт-азаттық қозғалыста бірін-бірі толықтыратын ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан туыстас құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырудың танымдық тиімділігі жоғары.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Түркістан жәдитшілерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Осы идея төңірегіне топтасқан Түркістан халықтарының отаршыларға қарсы ортақ күреске жалпытүркілік, мұсылмандық негізде бірігуі патша өкіметі тарапынан қудаланды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет