Мектепке дейінгі ұйымдағы оқу қызметтері
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі ретінде қазіргі тұрақты өзгеріп тұрған әлемде табысты бейімделуге қабілетті бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үшін жағдайлар жасайды. Жетекші ғалымдар мен практиктер жүргізген көптеген психологиялық-педагогикалық зерттеулер нақты мектепке дейінгі жасты зияткерлік, тұлғалық әлеуметтік және эмоционалдық дамуын стратегиясымен үздіксіз байланысты екендігін және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылатындығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғырту, дамыту ісіне ерекше көңіл бөлді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың жеке басын дамыту, білім беру мазмұнының жаңарту, болашақ ұрпақ тәрбиесін жаңа сапалық деңгейге көтеру, балаларды шамадан тыс жүктемеден сақтайтын және білім мазмұнына міндетті миниумы мен бала дайындығына қойылатын талаптар деңгейін белгілейтін мемлекеттік құжат – жаңа стандарт дүниеге келді. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен үздіксіз байланысты және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жаңа нұсқасы 2009 жылы қолданысқа енгізілді. Осы жаңа стандартта педагогикалық процестерді ұйымдастыру негізгі үш принципті: кіріктіру, жіктеу және жекешелендіруді іске асыруды болжайды.
ҚР МДТО МЖМБС-ына сүйеніп жасалған жаңа бағдарламалар («Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз») кешенінің мазмұнын іске асыру әрқайсысының жеке бөлімдері мен мақсатты бағыттары бар негізгі білім беру салаларымен тығыз байланысты жұмыстарды қарастырады.
Білім беру салаларының арасындағы байланыстарға негізделген және олардың нақты саласы білім жүйесінің біртұтастығын көрсетіп беретіндей етіп материалдың кіріктірілуі бағдарламалардың өзгеше белгісі болып табылады. Кіріктіру педагогқа балалардың жеке дара ерекшеліктерін, олардың жақын даму аймағын ескере отырып, бір және бірнеше білім саласы шеңберінде мазмұнды үйлестіруге және материалды түрліше түйдектеуге құқық және мүмкіндік береді.
Егер базалық білім мазмұны тұлғалық-бағдарлылық және жеке-даралық тұрғыдан түзілсе, оқытудың белсенді құралы ретінде ойын пайдаланылса, ал ата-аналар бала бақшадағы білім беру процесіне «араласып, ат салысса», онда баланың құзыреттілік дамуының жоғары деңгейіне жетуге болады. Сонымен бірге білім беретін материалды кіріктіру жастық кезеңін бірінен екіншісіне өткенде базалық мазмұнның шоғырлану және бірізділік ұстанымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа стандарт бойынша мектепке дейінгі білім беру мазмұны және мектепке дейінгі салада педагогикалық процесті ұйымдастыру мына бағыттар негізінде өзгертілді.
— мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу нәтижесі ретінде баланың құзыреттілігін қалыптастыру;
— бес білім беру саласынан («Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») ұйымдастырылатын танымдық іс-әрекеттердің кіріктірілуі;
— құзыреттіліктің даму индикаторларына, яғни мектепке дейінгі жастағы баланың біртұтас даму деңгейін зерттеу және қадағалаудың қолданыс құралына сүйеніп, әр баланың жетістігін диагностикалауды іске асыру.
Жаңа стандарттың және бағдарламалар кешенінің құрамына орай қазіргі технологиялық тұрғыдан педагогикалық процестер ұйымдастырылады. Сонда:
— мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалауды іске асырғанда мектепке дейінгі балалардың құзыреттілік дамуының ҚР МДТО МЖМБС-ында көрсетіп берілген деңгейіне сәйкестігін анықтау қажет;
— күтілетін нәтиже ретіндегі мектепке дейінгінің — баланың түйінді құзыреттіліктері баланың жеке-дара ерекшеліктеріне және қоршаған әлеуметтік ортасына тәуелді де, негізінен оның қабілетін, бастамасын, қарым-қатынастағы және іс-әрекеттегі белсенділігін, өмір тіршілігіндегі және оқудағы түсінерлік әр алуан мәселелерді шешудің оңтайлы нұсқасын таба алуын сипаттайды;
— мектепке дейінгі баланың біртұтас дамуын қадағалаудың аспабы (инструментарий) қызметін баланың құзыреттілік дамуының Индикаторы атқарады да, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына және ата-аналарға «қатаң емес» диагностика жүргізуге мүмкіндік береді және баланың білім алу траекториясын түзудің негізіне алынады;
— баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескеріп, оның құзыреттілік даму деңгейін қамтамасыз ету, балаларға білім беру қызметін көрсететін әр түрлі типті мектепке дейінгі ұйымдар іс-әрекетінің сапалы диагностикасын және мониторингін жүргізу арқылы тиімді бағалау үшін жағдай туғызу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қажетті деңгейіне және мектепке дейінгі жастағы балаларға білім беру саласындағы дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес келуіне қол жеткізу сияқты индикатордың қызметін айшықтап көрсетуге болады;
— баланың әр құзыреттілігінің дамуын үш деңгей (бірінші деңгей – бала қандай да бір әрекетті қайта жаңғырықтырады, екінші деңгей – бала не істегенін түсінеді, үшінші деңгей – бала нені білсе, соны қолданады) бойынша қадағалауға арналған білім беру салалары мазмұнынан туындайтын индикатордың жасалған жүйесін пайдалануға болады;
— мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған бағдарламалар кешенінде келтірілген әр түрлі жастық топтағы балалардың мүмкіндіктері мен тұлғалық сапаларының сипаттамаларын ескеру керек болады.
Әр білім саласы бойынша мектепке дейінгілерді тәрбиелеу және оқыту бағдарламалары мазмұнды ғана емес, сонымен бірге құралдарды, түрлерді, әдістерді, тәсілдерді, балалардың іс-әрекетін ұйымдастыру және басқару технологиясын, яғни педагогикалық процесті анықтайды, сонда:
— педагогикалық процесс білім беру салалары мазмұны арқылы іске асырылады;
— педагогикалық процесс ұйымдастырудың жеке-дара, кіші топтық және топтық формаларының үйлесімді байланыстарына сүйеніп құрылады;
— педагогикалық процесс қарым-қатынасқа, ойынға, ізденуші-эксперименттік іс-әрекетке, ересектермен және құрдастарымен ынтымақтасуға негізделіп ұйымдастырылады;
— педагогикалық процесс пәнаралық, іс-әрекет аралық өзара әрекеттестік сипатта болады, өздігінен іске асыру және өзін таныту үшін оған қатысушылардың әрқайсысына оңтайлы мүмкіндік туғызады;
— педагогикалық процесс тәрбиешінің жетекшілік рөлін ескереді және ғылым мен практиканың өзара байланысын, педагогикалық процесті болжауды, жобалауды және түзуді, педагогикалық іс-әрекет нәтижесінің объективті диагностикасын көздейді;
— педагогикалық процесс диагностиканың нәтижесіне сүйеніп құрылады;
— бала дамуының жеке-дара траекториясын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Жаңа ҚР МДТО МЖМБС-ын және бағдарламаларды мектепке дейінгі ұйымдарда іске асыру:
— базистік тақырыптық-перспективтік жоспарға сүйеніп жасаған, білім беру салаларын кіріктіретін жұмыс оқу жоспарын пайдаланып күн тәртібін, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің бөлінуін (оқу іс-әрекетінің кестесін), күні бойғы педагог пен балалардың іс-әрекетін айқындайтын педагогикалық процестің циклограммасын жасауды;
— жұмыс және перспективтік жоспарға, циклограммаға негізделіп әзірленетін оқу конспектісін жасауды қажет етеді.
Жасалған жоспарға сәйкес тәрбиеші балаларды оқыту мен тәрбиелеуді күнделікті өмірде жүзеге асырып отырады: күні бойы олардың білімін толықтырады, әр түрлі: мәдени-гигиеналық, мінез-құлық мәдениеті, сөйлеу тілі, есептеу, қимыл және т.б. іскерлік пен дағдысын қалыптастырады. Оқытудағы басты рөл оқу әрекетіне беріледі.
Ф.Н. Жұмабекова «Мектепке дейінгі педагогика» оқу құралында оқытудың негізгі формасы – сабақ деп бере отырып, сабақ барлық балалар үшін міндетті, мұнда білім, білік, дағдыны игерумен қатар, балалар тобын құруға, онда өмір сүріп, іс-әрекетпен шұғылдануға, бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасап, адамгершілік қасиеттерін, мінез-құлқын қалыптастыруға үйрететініне тоқталған. Сабақ сөзі қазіргі таңда яғни жаңа стандарт бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті деп қолданылып жүр. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәрбиешінің басшылығымен өтеді. Ол ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін таңдап алып, балалардың білімді, іскерлікті, дағдыны меңгеру әрекетін басқарады. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізуге ең қолайлы кезең – күннің бірінші жартысы. Себебі балаларға іс-әрекетпен шұғылдану таңертеңгі тамақтан кейін, шаршамай, ойынға кіріспей тұрғанда ыңғайлы екені көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінде дәлелденген.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті – бұл балалар бақшасында оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы. Ол барлық мектепке дейінгі балалар үшін міндетті, олар үшін ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің бағдарламалық мазмұны белгіленген, күн тәртібінде оны өткізуге тұрақты уақыт бөлінген, белгілі бір ұзақтығы көрсетілген. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәрбиешінің басшылығымен өтеді, ол балаларға жаңа білім береді, білетіндерін дәлдеп, бір жүйеге салады, практикалық іс-әрекеттерді ұйымдастырады, оның барысында балалар алған жаңа білімді нығайтып алуан түрлі іскерлікке, дағдыға үйретіледі. Оқу материалдары бірте-бірте күрделене түседі.
Балалар бақшасындағы оқудың балаларды мектепке дайындауда үлкен маңызы бар. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті үстінде балалар оқу іс-әрекеті дағдыларына, жинақы, ұйымшыл болуға үйренеді. Оларда тұрақты зейін, назарын бір нәрсеге аудару, ерік-күш қабілеті өсіп жетіледі. Жүйелі оқыту үстінде таным құштарлығы қалыптасады.
Балаларды ұжымда оқытудың белгілі артықшылықтары бар: бірігіп жұмыс жүргізуде олар біріне-бірі үлкен әсер етеді, белсенділік, өткірлік көрсетеді. Балалардың алдына бірігіп шешетін міндеттер қойылғанда, бірлесіп қам жеу пайда болады, ұжымдық сезімі қалыптасады.
Экскурсиялар, сурет салу, мүсін жасау, құрастыру жөніндегі жұмыстарды бірігіп орындау, қимыл дамыту және музыка оқуларында жалпы ойындар мен би билеуге біріктіру, көркем әдебиетті оқудан алған әсері бойынша бірлесіп қайғыру – осының бәрі тату балалар ұжымын құруға көмектеседі және ол ұжымда өмір сүріп, жұмыс істеуге қалыптастыру.
Оның дене және ақыл-ой күштерін едәуір жұмылдыруын талап етеді. Осыларды ескере отырып, оқу көлемін, оқу сағатының ұзақтығын күн тәртібіндегі орнын дұрыс белгілеуге бағдарламаның әр түрлі бөлімдерінің жиілігіне, уақытылы жүргізілуіне үлкен сақтықпен қарау керек.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін күннің алғашқы жартысында өткізген дұрыс: бұл кезде балалар ақыл-ойға түскен салмақты жеңіл көтереді, күн жарығы жақсы түседі. Әрбір бөлімдегі оқу сағаты, оның ұзақтығы жас шамасына қарай бөлінген әр топтар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, бағдарламада белгіленген.
Достарыңызбен бөлісу: |