2.1.3 Iрiктеп кесулер. Iрiктеп кесулер жүйесінің сипатты ерекшелігі – олардың уақыт пен кеңістік бойынша шектеусіз жүргізілуі, яғни белгілі бір орманды алқапта мұндай кесулер қажет болған жағдайда орындала береді.. Бұл кесулер кезiнде қатаң түрде шектелген аумақтар – кесілетін орман бөлігі арнайы бөлiнбейдi, сондықтан iрiктеп кесулер – кеспеағашсыз кесу деп аталады және кесуге арналған ағаштар алқаптың, орман техникалық учаскенiң, орамдар (кварталдар) тобының үлкен аумағында таңдап алынады.
Қазiргi iрiктеп кесулер үш түрге бөлiнедi: а) арнайы iрiктеп кесулер; б) ерiксiз iрiктеп кесулер; в) ерiктi iрiктеп кесулер.
Өткен ғасырдың 30-жылдарында ерiксiз iрiктеп кесулер шоғырлап және шартты жаппай кесумен орын ауыстырған және қазіргі уақытта жүргiзiлмейдi.
Ерiктi ірiктеп кесу (шаруашылық iрiктеп, ретті iрiктеп кесу) кезiнде ормандағы барлық ауру және жетiлiп келе жатқан ағаштар орманның табиғи жаңару барысын есепке ала отырып, кезеңді кесіліп отырады. Бұл кесудiң басты мақсаты – орманды салауатты жағдайда, мүмкiндiгiнше, ұзақ ұстау және оның климатты реттеу, су күзету, топырақ қорғау және басқа пайдалы қызметiн сақтау болып саналады.
Артықшылықтары:
1) ретті iрiктеп кесуде өсiп тұрған орманның пайдалы функциялары сақталады және артып отырады;
2) өскiндер сақталады және көлеңкеге төзімді, әсіресе, жарық сүйгiш ағаш түрлерінің табиғи жаңаруы қамтамасыз етiледi;
3) өсуге қалдырылған ағаш өсiмдерi көбейедi;
4) ағаш сүрегін өсiру үшiн топырақ үздiксiз пайдаланылады.
Кемшiлiктерi:
1) ағаш дайындау жұмыстарының кейбiр түрлерiн механизация күшiмен жүргiзу қиындайды;
2) сүрекдiңнiң қалдырылған бөлiгi және өскiндер зақымданады;
3) кейде жарық сүйгiш ағаш түрлерінің табиғи жаңаруы нашарлайды.
2.1.4 Жаппай кесулер. Жаппай кесу жүйесi дегеніміз –белгiлi бір шектелген аумақта – кеспеағашта барлық ағаштар жаппай, әдетте, бiр жылда кесіп тасталатын, ұйымдастырылған кесудi және кесу техникасын атайды.
Бұл кесулердi ерекшелейтiн негiзгi белгiлерi:
1) сүрекдiң кесудiң жалпы мерзiмi бiр жылмен шектеледi;
2) кесiлетiн аудан кеспеағашпен шектеледi;
3) кесудiң сипаты – барлық ағаштар мiндеттi түрде жаппай кесіледі, кейде жекелеген тұқымдық ағаштар, тұқымдық ағаштар тобы, тұқымдық алқаптар мен шоқ ормандар қалдырылады;
4) қайта жаңару сипаты – өздігінен табиғи, көп жағдайда қажетсіз ағаш түрлерінің ауысуы байқалады, кейде, орман екпелерді қолдан отырғызу жүргізіледі;
5) қалыптасатын алқа ағаштар ерекшелiгi – жаппай кесулердi жүргiзу нәтижесiнде, әдетте, бiркелкi жастағы алқа ағаштар қалыптасады.
Жаппай кесулердiң үш негiзгi тәсiлi бар – кесілетін орманды жаппай кесу, шоғырлап кесу және шартты жаппай кесу.