2.2.3 Орман бөліктерін кесiп өңдеу тәсiлдерi. Ағаш кесу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру, техника қауiпсiздiгi ережелерiн орындау және табиғи ортаны қорғау жөнiндегi орман шаруашылығы талаптарын сақтау мақсатында кесілетін орман кесу омарталары мен таспалары түрiнде кесiлiп, өңделедi. Мұнда кесу омартасы (пасека) деп – ағаш діңдері немесе желегі бар кесілген ағаштар бiр омарта сүйретпесiмен трактор арқылы тасымалданатын, кеспеағаш (кесілетін орман) бөлiгiн атайды. Таспа (лента) дегеніміз – машинаның немесе ағаш құлатушының бiр рет өткенде кесiліп өңделетiн кесу омартасының бөлiгi.
Ағаштарды кесіп құлату ретi мен бағыты негiзiнен омарталарды кесiп өңдеудің тәсiлiн анықтайды.
Омарталарда ағаштарды құлату омарта сүйретпелерiне параллель немесе оларға кейбiр бұрышпен жасалған таспалар (тік таспа тәсiлi) және омарта сүйретпесiне тiктеп орналасқан таспалар (көлденең таспа тәсiлi) арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
Тік таспа тәсілі бойынша кескенде, сүйретпеге жақын жерде ағаштар ұштарымен тасымалдау жолына қарай немесе сүйретпенің алыс жағынан бастап, тасымалдау жолының бағыты бойынша құлайды.
Көлденең таспа тәсiлiнде ағаш кесіп құлатушы таспа бойымен жүре отырып, бiрден ағаштарды бiрнеше омарталарда құлатады және олар сүйретпе маңында оған параллель құлайды, ол сүйретпеден ұзаған сайын бұрыш жасап құлайды, мұның өзi өскiннiң сақталуын және кеспеағаштағы жұмыстардың қауiпсiздiгiн төмендетедi.
2.2.4 Кесілетін орманды жаппай кесiп өңдеу сұлбалары.Өскiнi бар кесілетін ормандарда ағаш кесу жұмыстарын ұйымдастыру алдын-ала табиғи жаңару қарастырылмайтын кеспеағаштарға қарағанда, едәуiр басқаша әрі мынандай негiзгi қағидалар орындалады:
а) кеспеағаштарды кесiп, өңдеу жұмысы сүйретпелердi (волок), омарталарды, өңдеу және тиеу алаңшаларын белгiлеп алған соң ғана жүргiзiледi;
б) омартаның енi трактормен тасымалдағанда сүрекдiңнiң бiр жарым биiктiгiнен аспауы тиiс, бұл ағаштарды ұшымен сүйретпеге 45-тан асырмай бұрышпен құлатуды қамтамасыз етедi;
в) тасымалдау кезiнде трактор жүрiсi мен қайта айналуы тек сүйретпелерде ғана iске асырылады. Бұл талаптан аздаған ауытқулардың өзi кесілетін ормандағы өскiннiң құруына әкелiп соғады.
Кесілетін орманда алдын-ала табиғи жаңарту қарастырылмағанда, оларды кесiп өңдеу үшiн тік-таспа әдiсiнiң екi сұлбасын, яғни, таспаларды сүйретпеге параллель және оған бұрышпен орналастыру арқылы қолдануға болады. Мұнда өскiндi сақтау қарастырылмайды.
Бiрiншi сұлба бойынша (2.1, а-сурет) енi 45-50 метр омарта әрқайсысының енi 5-8 метр болатын 6-7 таспаға бөлiнедi. Омартаны кесiп өңдеу ең алыс шетiнен басталады. Таспадағы ағаштарды тасымалдау бағытына қарама-қарсы жаққа, сүйретпеге 45-60 бұрышпен құлатады. Ағаш құлатушының бiр рет кiру жолының ұзындығы орманның 1 га-дағы қорына, таспаның енi мен трактор рейсiнiң ағашты алып шығу мөлшерiне байланысты болады. Трактор бiр текше ағаштарды терiп және пакет құрау үшiн қажет болғанда, сүйретпеден таспаға шығады. Ағаштарды тасымалдау дiңнiң ең төменгi бөлiгi (түбірі) арқылы жүзеге асырылады. Осы тәсiлдi қыста жұқа қар түскенде, ал жазда тасымалдау қабiлетi жоғары орман жолында қолдану ұсынылады.
Жергілікті жер бедері күрделі болғанда, ағаш тасымалдау қабілеті нашар орманда, қар қалың болғанда сүйретпеге 45-60 бұрышпен ағаштарды құлатады (2.1, б–сурет). Таспаларды тiзбектеп омартаның ең шетiнен бастап кесiп өңдейдi, ал ағаштарды құлату сүйретпеге аздаған бұрышпен жүргiзіледi. Трактор ағаш текшесін сүйретпеден шықпай-ақ жинап алады. Бұл тәсiл де өскiндi сақтап қалуды қамтамасыз етпейдi.
Сурет 2.1 - Өскінді сақтамай, кесілетін орманды өңдеп дайындау сұлбасы:
а – тік-таспа тәсілі; б – сүйретпеге бұрышпен орналасқан таспа тәсілі.