Жасы ұлғайғанда, керiсiнше, сиреудiң жылдамдығы өсiп-өнудiң нашар жағдайларында жоғарылайды. Тез өсетiн және жарықты сүйетiн ағаш түрлері көлеңкеге төзiмдi және баяу өсетiндерден жылдам сирейдi (кесте 1.3).
Кесте 1.3 - Ағаш түрлерінің жарық сүйгіштігі мен өсу шапшаңдылығының алқа ағаштың қалыңдығына әсері
Өрттер, жел сұлатпалар, дауыл сындыруы, зиянкестер мен аурулардың зақымдары және басқа күтпеген табиғи апаттар салдарынан табиғи шығындар күрт өседi.
Ағаштардың шығыны орман өмiрiнiң әр түрлi кезеңдерiнде бiрдей қарқынмен болып тұрмайды. Көп шығын, әсіресе, аса қиын күрес балауса жаста, 30-40 жасқа дейiн болады.
1.1.4 Ағаштар дифференциациясы.Ағаш түрлерінің пішіндері мен биологиялық ерекшелiктерiнiң әр түрлiлiгi – олардың тұқым қуалайтын және тұқым қуаламайтын түр iшiндегi өзгергiштiгi өсiп-өну ортасының үздiксiз өзгермелi себептерiмен және зат алмасу мен энергияның iшкi және биогеоценоздық жағдайларымен қосыла отырып, дiңдер мен желегінің өсуі, пішіні мен мөлшерiнiң сипаты бойынша ағаштардың табиғи сиреу қарқыны мен бағытын дифференциациялануын анықтайды.
Ағаштар дифференциациясы орманның бүкiл тіршілігінде ұдайы болып отырады, әсiресе, сырық ағаштарда қарқынды өтедi.
Ормандағы ағаштардың дифференциациялануының басты себептерi – тұқым қуалаушылық, жеке өзгергiштiк және тұқымдар түсетiн орта жағдайларының бiркелкi еместiгiне байланысты болады.
Құнарлы және оңтайлы ылғалданған топырақтардағы құрамы әр түрлі орманда ағаштардың тез өсуi байқалады, дарақтар (особьтар) арасында iшкi және түраралық бәсекелестiк қатынастары ерте пайда болады.
Құрамы жағынан таза, бiркелкi жастағы алқа ағаштардың өзiнде оның мөлшерлерiнiң едәуiр ауытқулары байқалады.
Аралас және әр түрлi жастағы алқа ағаштарындағы айырмашылық бұл көрсеткіштен де жоғары болатыны байқалады.
Ормандағы ағаштар мөлшерiнiң ауытқуларын, әдетте табиғи өзгергiштiк (құбылмалық) деп атайды, оны ағаштар мөлшерлерiнiң ең үлкен және ең кiші мәндерiнiң айырмашылығымен (ауытқудың ауқымымен) анықтауға болады немесе статистикалық әдiстермен есептеп шығаруға болады. Соңғы жағдайда, вариация коэффициентiн анықтайды.
Бұл коэффициент тұрақты емес. Мысалы, жас ағаштарда ағаштардың вариация коэффициентi 30-40 пайызға жетуi мүмкiн, ал жетiлген немесе піскендерінде және көнерген немесе пісіп кеткен ағаштардың вариация коэффициентi 10-12 % болады.
Өзгергiштiк қауымдастықтың тұрақтылық дәрежесiн сипаттайды. Өзгергiштiк неғұрлым күштi болса, оның тұрақтылығы соғұрлым төмен.
Әлбетте, мұндай салыстыруды құрамы және жасы жағынан ұқсас алқа ағаштарға қолдануға болады.
1.1.5 Ағаш қауымдастықтарының құрылымы туралы ұғым. Ағаштарды жiктеу.Сүректi өсiмдiктердiң өсу барысында олардың бiр-бiрiне және орналасқан кеңiстiкке белсендi әсер ететiн кезеңі туындайды. Жас ұлғаюмен ағаштар мөлшерлерiнiң үлкеюiне қарай, бұл әсерлер күшейе түседi және бұл негiзгi өмiр сүру факторлары (жарық, ылғал, қорек) үшiн тым ашық бәсекелестiк сипат алады.
Ағаштардың кейбiр бөлiгi жақсы тектiк қасиеттерi себептерiнен (мысалы, өсу қарқыны жоғары болуынан) немесе орналасу кеңiстiгi қолайлы ортаға сәтті түсуi есебiнен белгiлi бір артықшылықтар алады.
Мұндай ағаштар мөлшері үлкен тұлғалы болады, өздерiнiң желегімен кеңiстiктiң едәуiр бөлiгiн қамтиды, жарық пен ылғалдың көпшілігіне ие болады. Нәтижесiнде өсуi бәсең ағаштар одан да нашар жағдайларға тап болады. Бұл құбылыстар ағаштардың негiзгi үш санат дифференциациясына әкелiп соғады: басымдылары, бағыныштылары (басымдылар әсерiн сезiнушiлерi) және онан әрi өсу қабiлеттерiн жоғалтқан және жоғалтып келе жатқандар. Ағаштардың осы санаттары бойынша дифференциациялануы ормандағы күтiп-баптау кесулерiн жүргiзу үшiн қолданылатын көптеген жiктеулердiң негiзiнде алынған.
Ағаштардың өсуi бойынша жiктеудiң алғашқысы және ең сәттiсi – 1884 жылы таза бiрыңғай жастағы сүрекдiңдер үшiн орманды күтiп-баптау мақсатында ұсынылған немiс орманшысы – Крафттың жiктеуi болып табылады. Г.Крафт басымдылық және басыңқылық дәрежелерi деген атау бойынша ағаштардың бес класын (сыныбын) бөлiп шығарды.
I класс, желегі қуатты дамыған және биiктiгi мен дiңдерiнiң диаметрі iрi аса басымдылар немесе өте басымды ағаштар; алқа ағашта олар дiңдердiң жалпы санының 10 пайызға жуығын, бiрақ, олар алқа ағаш қорының 20 пайызға дейiнiн құрайды.
II класс, басымдылар, желегі бiршама жақсы дамыған, 1-кластағы ағаштар сияқты дiңдер саны бойынша 20-40 пайызды және қор бойынша 40-60 пайызға жуығын құрайды.
III класс, биiктiгi бойынша 1 және ІІ класс ағаштарынан төмен, олардың желегі нашарлау дамыған, жiңiшкерген, басыңқылықтың алғашқы белгiлерi байқалады. Ағаштар саны бойынша олар 20-30 пайызды құрайды және сүрек қорының 15-20 пайызын бередi.
I, II және III кластарының ағаш желектері орманның негiзгi шымылдығын құрайды.
IV класс, басыңқы ағаштар, барлық жағынан немесе бiр жағынан желектері бiркелкi қысылған, бiрақ, олардың ұшы орманның негiзгi шымылдығының төменгi бөлiгiне орналасады.
Ағаш саны бойынша олар 30 пайызға дейiн болуы мүмкiн, массасы бойынша қордың 10 пайызынан аспайды.
IV класс ағаштары өз iшiнде 2 қосымша класқа бөлiнедi: IVа – желегі тең жақты, жiңiшке дамыған ағаштар; IVб – жалау тәрiздi, желегі бiр жағына дамыған ағаштар;
V класс, өсу жөнiнен қатты кешеуiлдеген, желек ұшы жалпы орман шымылдығына жете алмаған, қурай бастаған және өлi ағаштар.
Оларды екi қосымша класқа жіктейді: Vа – желегі әлi тiрi ағаштар; Vб– әлi де тамырында тұрған, қурап бара жатқан немесе қураған кiшкене ағаштар.
Ағаштарды Крафт кластары бойынша бөлу жеке дарақтар (особьтар) ара қатынасында бәсекелестiк көрiнетiн шамалы биологиялық топтар шегiнде ғана жүргiзiледi. Ағаштардың өсу класының қайсысына жатқызылатындығы тұрақты емес; жоғары кластан төменгiлерге және керiсiнше өтуi мүмкiн.
Крафт жiктеуiн орманды күтiп-баптау кесулерiнде, сондай-ақ зерттеу жұмыстары кезiнде кеңiнен пайдаланылады.
Бұл жiктеудiң артықшылықтары, біріншіден, таза бiрыңғай жасты ағаштардың дифференциациялануының мәнiн көрсетедi; екіншіден, пайдалануы бiршама қарапайым және ыңғайлы; үшіншіден төменгі күтiп-баптау кесу әдiсiнде ағаштарды кесуге дұрыс тағайындауға көмектеседi.
Жiктеу кемшiлiгіне мыналарды жатқызуға болады:
1) бiрыңғай сүрекдiңдердiң түрлi биотоптары үшiн кластардың субъектiлiгi және бiр мәндiлiгi;
2) қолданылуының шектеулiгi (тек таза және бiрыңғай жастағылар, көбiне қылқанды ормандар үшiн);
3) жоғары өнiмдi күрделi және қалың алқа ағаштарда қолданылауының қиындығы.
1950 ж. В.Г.Нестеров ағаштарды өсуi мен дамуы бойынша жіктеуді ұсынады. Үш өсу класының әрқайсысының шегiнде ол даму бойынша екi қосымша класс бөлiп шығарды:
I класс, өсуі күштi ағаштар; а) өсуі бәсең ағаштар, б) тез дамитын ағаштар.
II класс, орташа, бәсең өсетiн ағаштар; а) өсуі бәсең ағаштар, б) тез дамитын ағаштар.
III класс, ұсақ, өсуі кешеуiлдеген ағаштар; а) дамымаған ағаштар, б) өте кешеуiлдеген, қурап бара жатқан және қураған ағаштар.
Нестеровтың жiктеуi сүректi ағаш түрлерінің кезең бойынша дамуы әлi аз зерттелгендiктен және ағаштардың нақты физиологиялық жағдайын анық бiлу үшiн сенiмдi сыртқы белгiлер қойылмағандықтан кең тарамады.
Осы себептер бойынша М.Д.Данилов, П.В.Воропановтардың және т.б. ағаштардың өсуi мен дамуы (сатылық жағдайы) бойынша жiктеулерi қолданыс таба алмады.
Крафт жiктеуiн жақсартуға талпынып және таксацияда қолданылып жүрген (Н.В.Третьяков, А.В.Тюрин және т.б.) таза, бiрыңғай сүрекдiңдерде ағаштардың табиғи жуандық сатылары бойынша бөлiну заңдылығын пайдалана отырып, Б.Д Жилкин 1940 жылы бiрiншi, ал 1965 жылы ағаштар өнiмдiлiгi бойынша түпкiлiктi вариантын жасап шығарды. Ағаштардың қай класқа жататындығы кеуде тұсы биiктiгiндегi олардың диаметрімен анықталады.
Кез келген алқа ағашында кластардың нақты шектерін анықтау үшiн оның орташа диаметрі жоғарыда көрсетiлген салыстырмалы диаметр көрсеткiштерiне көбейтiледi.
Жилкин жiктеуiнiң ұтымды артықшылықтары:
1) дәл математикалық есептерге негiзделген ағаштардың нақты жiктеуi болып табылады;
2) сүрекдiңдегi жуандық сатылары бойынша ағаштардың табиғи орналасуына сәйкес келедi;
3) күтiп-баптау кесулерi кезiнде ағаштарды кесу үшiн тағайындауға көмектеседi.
Кемшiлiктерi:
1) ағаштарды өнiмдiлiк кластары бойынша бөлуден бұрын мiндеттi түрде санақ деректерiн камеральды өңдеу жүргiзiлуі қажет;
2) кез келген ағаштың нақты өнiмдiлiгi әр кезде тек диаметрмен ғана анықталмайды;
3) сүрекдiңнiң орташа диаметрінің әр өзгеруi кезiнде өнiмдiлiк кластарының динамикасын есептеудiң және сараптаудың күрделiлiгi.