Тапсырмалар 1. Күтіп-баптау кесулерін қажет ететін сүрекдіңдерді (телімдерді) таңдап алу.
2. Күтіп-баптау кесулерін қажет ететін сүрекдіңдер (телімдердің) технологиялық картасын құру және технологиялық сұлбасын таңдау.
3. 1-2 бақылау алаңдарын құру, кесілетін ағаштарды белгілеу, күтіп-баптау кесулерін жүргізгенге дейінгі және жүргізгеннен кейінгі таксациялық белгілерін, күтіп-баптау кесулерін жүргізгеннен кейінгі сүрекдіңдердің оптималды жиілігін анықтау.
4. Кесуге тағайындалған ағаштарды кесу, бөлу және дайындалған орман өнімдерін текшелеп жинау, оларды өлшеу, алынған мәліметтерді талдау.
3.7.2 Басты мақсатқа пайдалану кесулерi.Жұмыстың мақсаты – орман шаруашылығында жүргiзiлетiн басты мақсатқа пайдалануға кесу тәсiлдерiмен (экскурсия), учаскелердi таңдаумен және оларды кесуге белгілеумен, кесулер түрiн тағайындаумен және ұйымдастырушылық-техникалық элементтерiмен, бiртiндеп кесулердiң бiрiншi және одан кейінгі мезгiлдерiнде ағаштарды кесуге таңдаумен, кесілген орманды тазалау тәсiлдерiмен, басты мақсатқа пайдалануға кесу түрлерi бойынша табиғи қайта жаңарудың табыстылығымен, оны орындау технологиясымен және оларға әсер ету шараларымен танысу.
Тәжірибе басталар алдында әр бригадаға тапсырма берiледi: пісіп жетiлген орман учәскесi бөлiнiп берiліп, мұнда осыны студенттер кесу түрлерiнiң қайсысына жатқызатынын таңдаулары тиіс.
Бригада студенттерi учәскенi қарап шығып, кесу түрiн таңдайды және “Басты мақсатқа пайдалануға кесу ережелерiне” сәйкес ұйымдастырушылық-техникалық элементтердi белгiлейдi.
Алдағы бiр жылда кесуге белгiленген орманда мөлшерi 0,5-1,0 га болатын бақылау алаңын жасайды, оны орман қауымдастығын талдау бланкiсiне сәйкес сипаттайды, 4 см-лік жуандық сатылары бойынша ағаштарды жаппай санайды, сонымен қатар, оларды сапалық санаттарға (іс, жартылай іс және отындық) бөледi, әрбір жуандық сатысы үшiн 3 ағаш биiктiгі өлшенедi және биiктiк разрядтарын анықтайды.
Ағаштардың санақ ведомосына деректердi түсiредi (3.18-кестені қара).
Егер учәске бiртiндеп кесуге белгiленген болса, қайта санау кезiнде бiрiншi кезекте кесiлетiн ағаштар белгiленедi. Бұл жағдайда, кесілетін сүрекдiң үшiн таксациялық белгiлер кесуге дейiн және одан кейін анықталады.
Сүрекдiңнiң жуандық сатылары бойынша құрылымның бiрiншi кезектегi кесуден соңғы өзгеруiн сызба түрiнде көрсетедi. Кесу қарқындылығын ағаштар саны бойынша табады.
Жаппай және бiртiндеп кесу кезiнде өскiндi есепке алу және орман шымылдығы астындағы табиғи қайта жаңару табыстылығының бағасын жоғарыда келтiрiлген әдiстеме бойынша жүргiзедi.
Көрсетiлген жұмыстарды орындаған соң оқытушы студенттермен бiрге учәскенi және бақылау алаңын тексерiп шығады. Анықталған кемшiлiктердi жояды. Әдетте, студенттер учәскедегі ағаштарды кеспейдi.
Камералды жұмыс кезінде жаппай (бiртiндеп) кесуге бөлiнген сүрекдiңнiң таксациялық көрсеткіштері анықталады, материалды-қаржылық бағалау жүргiзiледi және табиғи қайта жаңаруды есепке алу бланкiлерi толтырылады.
Орман шымылдығы астында 1 га-да 3000 данадан астам өсуге бейім өскiн болғанда, оның аудан бойынша өсіп таралу сипатын ескере отырып, өскiндi сақтау үшін ағаштарды кесу технологиялық сұлбасы таңдап алынады, ал 1 га-да 3000 данадан кем болғанда немесе тiптi болмағанда, өскiндердi сақтау қарастырылмайтын сұлба жасалады.
Технологиялық карта 3.20-кесте бойынша жасалады, кесілген ормандағы қалдықтардан тазалау тәсiлi, табиғи қайта жаңаруға ықпал ету шаралары белгiленедi, оған кері әсерін тигізетін себептер анықталады. Алынған деректер талданады.
Кесте 3.20 –Технологиялық карта
Бекiтемiн____________ Орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің бас орманшысы__________ “____“ ______ 20 ____ ж.
__________________ орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі
__________________ орманшылығы