Құдайбергенова Айжамал ибрагимқызы


«1926-1939 жж. көші-қон: жалпы сипаттамасы, халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсері мен демографиялық салдарлары»



бет13/27
Дата01.04.2022
өлшемі371.5 Kb.
#456557
түріДиссертация
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27
«1926-1939 жж. көші-қон: жалпы сипаттамасы, халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсері мен демографиялық салдарлары» атты бөлімде Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстанға көші-қонның қайта өрлеген 1926-1939 жж. аралығын қамтитын екінші кезеңнің үдерістері талданады.
Қоныстандыру шараларының белсендірілу кезеңін бастаған орталықтың арнайы қаулылары мен республикадағы іс-шаралары [22], 1929 ж. республика үкіметі жанынан құрылған Қоныс аудару басқармасы мен көшіру-қоныстандыру мекемелерінің құрылымы, жұмыс істеу принциптері мен қызметі сараланады [23].
1929 ж. 13 ақпанында Қазөлкелік БК(б)П бюросы жанынан құрылған Қоныстандыру басқармасы өлкедегі қоныстандыру шараларын жүргізу жоспарын жасайды. Кеңес үкіметінің көші-қон саясатында бірден екі – ерікті және мәжбүрлі бағыттары пайда болды. ХХ ғ. 1920-30 жж. Қазақстан Кеңес Одағын аграрлы елден индустриалды елге айналдыру жоспарындағы негізгі өндірісті-шикізатты өлке болды. Ауыл шаруашылығына өзгерістер енгізіп, өлкенің пайдалы қазбалары мен энергетикалық ресурстарын шаруашылық айналымға тарту сырттан жұмыс күшінің үздіксіз келуіне жол ашты. Еңбек ресурстары қазақтың дәстүрлі шаруашылығын ұжымдастыру, отырықшыландыру арқылы жою және белсенді көші-қон саясатын жүргізу мен Лагерлердің бас басқармасы (ГУЛАГ) жүйесіне бағындырылған еңбек қоныстарын, түрмелер, еңбекпен түзеу лагерлері мен колонияларын ұйымдастыру секілді екі жолмен жинақталды.
Өндірістік көші-қон. 1927 ж. Қазақстанның ауыр индустриясындағы жұмысшылар саны 10,2 мың адам болса, 1939 ж. қарай 192,4 мың адамға жетті. Өндірістендіру нәтижесінде ерекше Орталық және Шығыс Қазақстанның шаруашылығын жаңаландыру шаралары жүргізілді. Мысалы, 1913 ж. салыстырғанда 1939 ж. өндіріс өнімі Қазақстан бойынша 16,9 есе, Солтүстік Қазақстанда 6,8 есе, Қарағанды облысында 27,7 есе өскен. Бұл жерде Солтүстік Қазақстанның өндірістендірілу деңгейі төмен көрінгенімен, Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда жоғары болды. 1932-1940 жж. республиканың индустриялық саласына жұмысшыларды ұйымдасқан қабылдау негізінде 559 мың адам келді [24]. Түрксіб, Қарағанды, Балқаш және басқа күрделі құрылысқа қарай ағылған жұмысшылардың стихиялық көші-қонын есепке алып, реттеу мүмкін болмады. 1928-1939 жж. механикалық өсім 1,8 млн. адамнан асты, оның 1150 мыңы (69%-ы) ірі индустриялық орталықтарға орналасты [25]. Қазақстанға сырттан халықтың ұйымдастырылған және стихиялы түрдегі көші-қоны қазақтардың темір жолдар мен ірі кәсіпорындардың құрылыстарына тартылуына кедергі келтірді. Міне, осындай жағдайлар өндірісте, қалалар мен жұмысшы поселкелеріндегі ұлттық мамандардың санының өсуі мүмкіндігіне теріс ықпал жасады.
1920-жж. соңы мен 1930-жж. басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру мақсатында, Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясаты да қатар жүрді. 1928-1930 жж. Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әралуан түкпірінен
65 мың отбасы көшіп келді [26].
Бұл кезеңдегі қазақтарды сыртқа ағылтқан ірі көші-қон ұжымдастыру кезіндегі 1929-1933 жж. ашаршылықтың зардабынан туындады. 1929-1931 жж. Қазақстанда 80 мың адам қатынасқан 372 көтеріліс қазақтардың республикадан тыс жерлерге көшуімен жалғасты. Ашаршылық жылдары республикадан
1130 мың адам кетті, олардың 676 мыңы қайтпай қалды, 454 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды. 1930-1933 жж. Қазақстанда ауыл халқы 2351,6 мың адамға кеміді [27]. Ресми мәліметтер бойынша, 1930 ж. 121,2 мың, ал 1931 ж. 1074 мың қазақ немесе қазақтардың үштен бірі көшіп кеткен. Ірі көтерілістерге қатысқаны үшін 1929-1931 жж ОГПУ органдары арқылы 5551 адам жазаға тартылды, оның 883-і атылды [28, с. 14]. Күштеп ұжымдастырудың алдында 4836 мың адам болған Қазақстандағы қазақтардың ашаршылықта 1933 ж.
1149 мыңнан астамы босқынға айналған болып шығады.
Жұмыста босқыншылыққа ұшырап, шетке кеткен қазақтарды қайтарып, орналастыру жөніндегі Қазақстан басшылығының 1932-1933 жж. және
1935-1936 жж. шешім-шаралары жан-жақты талданады [29].
Еңбек көші-қоны. 1918-1920 жж. «әскери коммунизм» саясаты кезінде де, 1920-21 жж. да Қазақстаннан Ресейлік орталықтағы шаруашылық қажетіне адам ресурстары алынды.
Қазақстанға келген көші-қоншылардың негізгі дені өз еркімен келген жоқ. Мәжбүрлі көші-қонға 1929 ж. бастап келе бастаған саяси жазаланғандар, бұрынғы кулактар, арнайы қоныстанушылардың көші-қонын жатқызамыз. Өндірістендіру қарқыны, кең көлемдегі құрылыс, инфрақұрылымның жоқтығы арзан, ең дұрысы, тегін, тәртіпті және кез келген уақытта айдап алып кете беретін жұмыс күшін қажетсінді. Міне, осы кезде ірі құрылыстарға кең көлемде «халық жаулары» тартылды. ОГПУ-ІІХК-ның ГУЛАГ-тағы арнайы қоныстанушылар бөлімінің мәліметі бойынша республикаға 46091 отбасы немесе 180 мыңнан аса адам жер аударылған [28, с. 12]. 1936 ж. саяси «сенімсіз» поляктар, 1937 ж. 21 тамыздағы қылмысты бұйрықтың шешімі бойынша (№ 1428-326 ЕҚ) корейлер, 1938 ж. қараша-желтоқсан айларында Әзірбайжаннан 1621 ирандық отбасы көші-қоны жекелеген халықтардың қуғын-сүргін депортациясын бастады. Лагерлер контингенті шамадан тыс толып кетті. Мысалы, Қарлагта тұтқындар саны 1935-1936 жж. 12 мыңға (25127 адамнан 37958 адамға) өсті [30].
Осы кезеңдегі ашаршылықтың зардабының тағы бір қыры - республикаға келген көші-қоншылар легі халық санын 1,3%-ға ғана өсірді. Салыстырсақ, Украинада 6,6%-ға, РКФСР-да 16,0%-ға, Қырғызстанда 45,6%-ға, Тәжікстанда 43,8%-ға, Арменияда 45,5%-ға, ал, КСРО-да 16,0%-ға өскен [31, с. 21-22].
Сонымен, 1926-1939 жж. көші-қон үдерістері қазақ халқын демографиялық апатқа әкелген саяси оқиғалармен өзара байланыста өрбіді. Демографиялық катаклизмдер басым бөлігі қазақ ұлты болып табылатын азиялық ұлт өкілдерін Қазақстаннан сыртқа көшірсе, ірі өнеркәсіптік және аграрлық көші-қондар, репрессиялық сипаттағы кулактық жер аударулар европалық ұлт өкілдерінің Қазақстанға қарай бағытталған көші-қонын күшейтті. Бұл кезеңнің соңына қарай республикадағы қазақтар үлесі төмендеп, 38,0%-ға түсті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет