«1959-1991-жж. көші-қондық қозғалыс: түрлері, бағыттары мен демографиялық дамуға ықпалы» деп аталатын тарауда қазақстандық тарих ғылымындағы жаңа көзқарастарға сай, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің басты бағыттарына, үрдістері мен салдарлары байланысты анықталған 1959-1970 жж. арасындағы бесінші және 1970-1991 жж. қамтитын алтыншы кезеңдердегі ерекшеліктері зерттеледі.
«1959-1970-жылдарындағы көші-қон және оның халықтың этно-демографиялық дамуға тигізген әсері» атты бөлімде Қазақстандағы
1959-1970 жж. көші-қон үдерісінің негізгі факторлары, барысы, бағыттары, демографиялық салдарлары талданады.
1959-1970 жж. аралығында Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Бұл кезеңде көші-қон үрдісінде кері айырым болмағанымен, көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі дейміз. Сырттан қазақтардың қайта келген көші-қоны осы кезеңде орын алды. Бұл кезеңде қазақтардың табиғи өсімін көтерген «демографиялық жарылыс» деп тарихта аты қалған туу көрсеткіштерінің күрт өсуі тұрғылықты ұлттың мөлшерін
2,9 пунктке көтерді. Дегенмен, қазақтар үлесі 1970 ж. 32,6%-ға жетіп, халық құрамында азшылық ұлт мәртебесін жоя алмады.
Бұл кезеңнің аяғында (1968 ж. бастап) ғасырдан астам уақыт бойы қазақ жеріне бағытталған көші-қон қозғалысы кері бұрылды. Ресей мен КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көшіп келушілердің әлеуеті сарқылды. Енді Қазақстаннан тек КСРО республикаларына ғана емес, «темір перденің ысырылуымен» шет елдерге халықтың көші-қоны белсене бастады.
Жұмыста республикадағы қоныс аудару мәселесімен айналысатын арнайы органдардың осы кезеңдегі іс-шаралары да қарастырылады.
Бұл кезеңде Қазақстанның көп салалы индустриясы Одақтық халық шаруашылығы міндеттерін шешіп жатты. Жоспарлы түрде дамушы салалармен бірге жаңадан республикалық және одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындары қалыптасты. Осы бөлімде көші-қон үдерістерінің аймақтар бойынша барысы мен демографиялық салдарлары да сараланады. ХХ ғ. 1950-60 жж. Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының дамуы қарқынды болды. Осы екі аймақтық-өнеркәсіптік кешен республикалық және одақтық экономикада маңызды рөл атқарды. Одақ бойынша еңбек ресурстарын тарту аймақтар мен республика халқының әлеуметтік құрамындағы терең өзгерістерге әкелді.
1959-1970 жж. қазақ халқының демографиялық тарихында «алтын кезең» деп бағаланады. XX ғ. бірнеше демографиялық апатты кезеңдерден кейінгі жағымды құбылыс – 1958-1962-жж. демографиялық «жарылыс» орын алды. Осы жылдары республика тарихында табиғи өсім ең жоғары көрсеткіштерге жетті: 1960 ж. дүниеге 371,8 мың сәби, әрбір 1000 адамға шаққанда 37,2 сәби, ал ең көп сәби туылған 1961 ж. 377 мың сәби келген, әрбір мың адамға шаққанда 36 сәби, 1960 ж. салыстырғаңда 1000 адамға шаққандағы үлесі төмен болғанымен, өлім-жітіммен салыстырғанда 308,4 мың адамдық оң айырым көрсетіп, осы жиырма жыл ішіндегі ең нәтижелі жыл болды. Табиғи өсім: қалаларда - 925,6 мың (35 %), ауылда - 1713,5 мың (65 %) адам [36, Б. 32-33]. 1958-1962 жж. Қазақстанда 10-12 балалы отбасылар көп болды. 1959-1970 жж. табиғи өсімнің (2918,6 мың адам) жоғары болуына тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қоныс аударғандардың ішінде табиғи өсімді бере алатын 20-49 жастағылардың некелесуі, екінші және одан кейінгі балалы болуы да әсерін тигізді.
Кеңестік жүйенің алғашқы қырық жылында республика халқы механикалық қозғалыс негізінде өссе, ендігі өсім табиғи қозғалыс арқылы жүзеге асырылды. 1955-1970 жж. Қазақстан халқы 8,3 млннан 13,2 млнға көтеріліп, 15 жыл ішінде 5,5 млнға көбейген. Бұл кезеңдегі көші-қондық өсім жылына орта есеппен 5‰-ді құрады. Урбанизация үрдісі қала халқын 15 жылда екі еселеді: 1955 ж.
3368 мың, 1970 ж. 6725 мың адам болып, 199,7%-ға өскен. 1959-1970 жж. сыртқы көші-қон айырбасындағы жағымды өсім қысқарғанымен, көші-қон есебiнен халық саны 3713 мың адамға (20%) өстi. Бұл одақтық көрсеткіштен 2,5 есе жоғары болды. Сыртқы көші-қонда кері айырым көрсеткіштері байқалған кезден табиғи өсім алдыңғы рөлге ие бола бастады. Соның ішінде, көші-қон саябырси бастаған сәттен, қазақтардың табиғи өсімінің шешуші ықпалы басты орынға шықты. Мысалы, республикадағы табиғи өсім 1961 ж. 36,0 ‰ болса, қазақтарда – 44,4‰ , 1965 ж. – 29,9‰, қазақтарда – 37,2‰, 1970 ж. – 23,4‰, қазақтарда – 31,3‰ болды [37]. Бірақ, 1970 ж. бастап бала туу тұрақтап, табиғи өсім көрсеткіштері төмендеп, халықтың қартаю процесі етек ала бастады.
Урбанизациялау процесі бұл кезеңде ішкі көші-қонды ерекше белсендірді. Ендігі жердегі көші-қондық әлеует республика ішіндегі ресурстардан тұрды. Қала халқының саны 10 жыл ішінде 1,3-2,1 есе аралығында өскен. Сондай-ақ, халық саны 500 мыңнан асатын ірі қалалар пайда болды. Көші-қон қозғалысына түсушілер, әдетте еңбек жасындағылар және көбінесе жастар мен ер адамдар болып табылады. Мысалы, 1970 жж. көші-қон қозғалысына түскендердің 60%-ы 16-28 жас аралығындағылар. Өнеркәсібі дамыған қалаларда өндіріс орындары салынбаған аймақтарға қарағанда 20-34 пен 0-5 жастағылар үлесі жоғары,
14-19 жас арасындағылар аз мөлшерде. Өндірісі дамыған аймақтардың жастық құрылымында еңбек жасындағы ер адамдар үлесі жоғары болды.
Республика ішіндегі көші-қонда негізінен «ауыл-қала» бағытындағы оң айырым көрсеткен түрі басымдық танытты. Сырттан келген көші-қоншылардың негізгі дені Қазақстанға тұрақтап қалды. Мысалы, 1960-1964 жж. келгендердiң 83,8 % тұрақтаған [38]. Бірақ, 1960 жж. екінші жартысынан бастап сыртқы көші-қон қозғалысында Қазақстанда тұрақтаушылар саны төмендей бастады: 1966-1970 жж. Қазақстанға 416,0 мың адам келіп, кеткенi 387,8 мың адам, айырым – 28,2 мың адам. Осы жылдары республика халқының 10%-дан астамы көші-қон қозғалысына түсті. Ішкі көші қонда оң айырым көрсеткендер, қарқындылығының ретіне қарай көрсетсек, Алматы, Павлодар, Талдықорған, Гурьев, Жамбыл, Целиноград, Қостанай, Қызылорда облыстары. Бұл облыстар арасындағы көші-қон айырбасы анағұрлым белсенділік танытты.
Екі санақ аралығында республика халқы 1959 ж. 9294,7 мың адамнан
1970 ж. 13008,7 мың адамға жетіп, 3714,0 адамға (39,9%) өскен. Қазақтар осы кезенде 1446,9 мың адамға, яғни 51,9%-ға өскен. Орташа жылдық өсімі 131532 адам, ал республика тұрғыңдары табиғи өсімнің есебінен жылына 258 мың адамға өсіп отырған, республикадағы үлестік салмағы 1959 ж. - 30%, 1970 ж. - 32,5% құрайтын қазақтар, осы он жылда республика тұрғындарының жалпы өсімінің З8,96%-ын берсе, қалған этностар 61,04%-дық өсім берген, әрине бұл республика көлемінде қазақ этносының санының және үлестік салмағының тез өсуіне жайлы демографиялық ахуалдың туыңдауына жол ашты. Осы кезеңнің қазақтар үшін тағы бір жайлы ерекшелігі, 1970 ж. санақ бойынша, он жасқа дейінгі қазақтар саны 1574972 адам болып, республикадағы қазақтардың 37,2%-ын, ал республикадағы сол жастағылардың 47,9%-ын, ал, қазақтарды қосқанда республика халқының 25,2%-ын (3284863 адам) құрады [39].
Достарыңызбен бөлісу: |