Үшіншіден, көші-қон үдерісінің тарихи демографиялық аспектісін зерттеу барысында осы үдерістерге қатысты өзгерістерге ұшыраған терминдерді жаңаша тұжырымдамалық тұрғыдан нақтылауға көңіл бөлінді. Себебі, халықтың көші-қоны ұғымын айқындауда әдістемелік кедергілердің бірі – термин шекараларының бұл мәселені зерттейтін ғылымдардың қалыптасу мен қалыптануының күрделі үдерісімен шектеулі айқындықсыздығы байқалды. Яғни, көші-қонның алуан түрлі аспектілерін зерттеудің, сайып келгенде бұл ұғымды теориялық әзірлеудің де тарихы бар. Сондықтан, көші-қонға қатысты терминдердің мәні айқындалып, оның негізгі түрлері бөліп көрсетілді. Сонымен бірге, қазіргі ғылыми әдебиетте пайдаланылатын көші-қон үдерісіне қатысты терминдердің жүйесі талданды.
Төртіншіден, тарихи демографияның жаңа теориялық ұстанымдарын қалыптастыру үшін халықтану мәселесіне қатысты тарихи материалдарды қайта қарап, ой елегінен өткізіп, тарихи кезеңдерді қайта саралап, негізгі идеяларды байсалды түрде тұжырымдап, әр кезеңге сәйкес негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін көрсетуге назар аударылды. Әңгіме бұл жерде жаңадан теориялық ұстанымдар мен жауабы даяр сызба ойлап табу жайлы емес. Мәселе, бар материалдар мен деректерді жүйелеп, сыни тұрғыдан бағалай, ақиқатты жалғаннан айыра отырып, жаңаша көзқарас тұрғысынан тұжырымдамалық қорытындылар жасауға жету туралы болып отыр. Қоғамдық құбылыстарды зерттеудегі мұндай жолды «түсінуші» социология ғылымы ұсынған болатын [3].
Ресейлік зерттеушілер қалыптастырмақшы болған миграциялогия деп атаған теория халықтың орын ауыстыруларын түсіндіргенімен, көші-қонның қоғам өміріне, әлеуметтік қатынастарға, ұлттық, әлеуметтік құрылымдар өзгерісіне әсерін талдауға қолайсыз болғандықтан, қолдану аясы тар болып, тұтастай тұжырымдама ретінде қолданылмады. Сондай-ақ, батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жаңатаптық (неоклассовый) «макро және микротеория», «жаңа экономикалық көші-қон» және «екіжақты еңбектік – нарықтық теория», «әлемдік жүйе теориясы» және т.б. көші-қон мәселесін зерттеуге арналған теориялар қалыптасуда. Бірақ, әлі күнге дейін көші-қон үдерістерін зеттеудің нақты тұжырымдамасы қабылданған жоқ. Оның себебі көші-қон үдерістерін алуан түрлілігі мен көп факторлылығына байланысты жеке ғылыми теорияның ауқымымен түсіндірудің қиындығында. Мысалы, экономикалық теория тұрғысынан көші-қон үдерісі елдің экономикалық дамуына әсер ететін халықтың экономикалық белсенді немесе белсенді емес бөлігінің сандық және сапалық құрамының өзгерісіне ықпал жасайтын фактор ретінде бағаланады. Сондықтан, жалпы әлемдік тарих ғылымындағы секілді қазақстандық тарих ғылымында да көші-қон мәселесі классикалық теорияның парадигмалық ұғымдарының таза пәндік шекаралық шеңберінде зерттелуде. Фрагментарлы нәтижелерді тұтастай теориялық тұжырымдамаға айналдыру мәселесі шешілген жоқ. Бұл жұмыста республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон үдерісінің халықтану саласындағы орны айқындалады.
Кеңес дәуірінде көші-қон үдерісін жоспарлау, жүргізу, нәтижелерін халықтың санасына сіңіруде ұлттық ерекшелік мәнсізденіп, интернационалдық сипаттағы таптық мән басты идеологиялық түпқазыққа айналды. Тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл кеңес елінде тоталитаризмнің үстемдік етуіне мүмкіндік берген идеология барлық ұлт өкілдерінің тарихын бұрмалаушылыққа әкелді. Сондықтан, диссертацияда отандық тарихтың халықтану саласында қордаланып қалған мәселелерін ұлттық идеологиялық тұрғыдан зерттеуге серпін беруші өркениеттілік принциптерінен ауытқымау мәселенің тұжырымдамалық қағидасы екені назарда ұсталды.
Сонымен, диссертацияның теориялық-әдістемелік негізін жалпы адамзаттық құндылықтар мен халықтың рухани дәстүрлерін сақтауға басымдылық мән беретін әлемдік ғылыми таным мен ұлттық идеологияның тарихи принциптері құрады. Тақырыпты зерттеуде өркениеттілік пен ұлттық тұрғыдан жаңаша пайымдаудың әрекеттері жасалды. Диссертацияда әртүрлі деректердегі фактілерді жинау мақсатында агрегативті әдісті қолданып, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің динамикасын, заңдылықтары мен нәтижелерін ашу мақсатында мәселелік-мерзімдік әдіске сүйендік. Сонымен бірге, салыстырмалылық, саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, тарихи және демографиялық детерменизм, математикалық, статистикалық, түсіндірмелі-баяндау, тарихи құбылыстарды бағалау, модельдеу мен типтендіру және т.б. сияқты ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу әдістері қолданылды. Көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық салдарлары тарихи құбылыстар ретінде көпфакторлы әсерлердің өзара байланысы тұрғысынан зерттелді. Ал, факторлар тарихи құбылыстарға тең дәрежеде әсер ете отырып, өзі де сол құбылыстардың жемісі екені назарда ұсталды.
«Мәселенің тарихнамасы» атты бөлімде Қазақстанда жүрген көші-қон үдерістерінің кеңес дәуіріндегі барысы қарастырылған зерттеу жұмыстары талданып, мәселенің зерттелу деңгейі көрсетілді.
Кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерістері тақырыбының тарихнамасы бастауын кеңес дәуірі кезінен алады. Қоғамдық ғылымдар салалары бойынша көші-қон мәселесіне қатысты көптеген еңбектер жарияланды. Мәселенің тарихнамасы жиналған тәжірбиеден қорытынды жасау үшін жинақтап, халықтану мәселесіндегі оның ашылмаған тұстарын анықтаудың негізгі міндеттерін көрсетуді қажет етеді. Сондықтан, кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық аспектілері қарастырылған еңбектерді тақырыбымыздағы мәселелерге қатысына қарай үш топқа біріктіре талдадық:
Бірінші топқа кеңес дәуірі қарсаңындағы көші-қон мәселесі қарастырылған патшалық Ресейдің соңғы кезеңі мен кеңес дәуірінде жарияланған еңбектер кіреді. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы оқиғалар мен сол кезеңдегі көші-қон қозғалысымен тығыз байланысты болды.
Кеңес дәуірінің қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің дені патша өкіметінің қоныс аудару саясатымен байланысты жүрді. Қоныстандыру мәселесі зерттеу нысанына айналған төңкеріске дейінгі көптеген зерттеушілер еңбектерінде көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының көпұлттылық құрамы мен санының динамикасына тигізген әсерін мақұлдап, көптеген құнды деректерді ғылыми айналымға тартты, бірақ, зерттеушілер ұлыдержавалық мүддені бірінші кезекке қойып, соған сай қызмет етуге тырысты. Ол еңбектерде статистикалық материалдарды ғылыми айналымға жинау мен жүйелеу ісі жолға қойылса, кеңес дәуірінде мәселенің теориялық жағдайы қарастырыла бастады. 1920-1930 жж. ұлттық зиялылардың еңбектерінде патша өкіметінің қоныс аудару саясаты салдарынан қазақ даласына еуропалық Ресейден шаруалардың ағылып келуінің зардаптары көрсетілді [4]. Кеңес дәуірі қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің нәтижесін патша өкіметінің қоныс аудару саясатымен байланыста қарау үрдісі 1940-1950 жж. да өз жалғасын тапты [5].
Қазақстан халқының қазіргі республика аумағында қанша және қандай ерекшеліктері (ұлт, жыныс, білім деңгейі және т.б.) болғаны алғаш рет Б.С. Сүлейменовтың еңбегінде көтерілді. Дегенмен, онда қазіргі Қазақстан аумағының шекаралық межесі анық бөлініп алынбады [6, с. 40-41]. 1970-жж. басында жарыққа шыққан еңбектерде Қазан революциясына дейінгі көші-қондық үдерістің ерекшелігі түрлі деректер негізінде талданғанымен [7], Қазақстан халқының саны нақты қазіргі аумағына сәйкес бермеген.
Қазақстанның қазіргі аумағындағы халқының саны алғаш рет 3 томдық «История рабочего класса Советского Казахстана» кітабының 1 томындағы М.Х. Асылбековтың зерттеулерінде 4,147 млн. деп көрсетілсе, кейін бұл сан М.Х. Асылбеков басшылығымен жүргізілген еңбектерде [8] нақтыланды. Соның нәтижесінде, Қазақстан халқының құрамының (ұлты, жасы, жынысы, білім деңгейі және т.б.) ХХ ғ. соңына дейінгі өзгерістерін кейінгі санақтармен салыстырып, демографиялық, әлеуметтік дамуын талдауға мүмкіндік берілді. ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерістерінің, оның ішінде сырттан келген көші-қоншылар толқындарының әсері айқындалды.
Екінші топқа кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісі мәселесі қамтылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған зерттеу жұмыстары жатқызылды. Көші-қон мәселесін кешенді түрде қарастыру 1960-жж. ағымдық мәліметтердің зерттеушілердің қолына түсе бастауымен байланысты. Кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған еңбектердің басты зерттеу нысаны халықтың саны, оның өсуі мен қарқыны болды. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарында демографиялық дамудың әртүрлі аспектілері: халықтың өсіп-өнуі, еңбек ресурстарының дамуындағы көші-қонның рөлі, қалалану қарқыны қөрсетіліп, көпке дейін, әсіресе егемендікке қол жеткенше, көші-қон мәселелері Қазақстанға сырттан келушілердің саны мен құрамын, экономикаға тигізген әсерін және басқа «прогрессивтік» нәтижелерін біржақты қарастыру бағытында талданды [9].
Шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде 1920-1930 жж. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар республиканың отарлық мәртебесін бекіткен шара ретінде сипатталып, патшалы Ресейдің қоныс аудару саясаты соның бір көрінісі ретінде қабылданды. Күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландырудың, өндірістендірудің демографиялық апат тудырғаны айтылатын 1930-жж. бергі шетелдік ғалымдар еңбектерінде адам шығынымен бірге көші-қон мәселесі де қамтылып кетеді. Көші-қоншылардың жастық-жыныстық құрамы көрсетілген Дж. Демконың, А. Каппелердің, М. Олкоттың, Р. Конквест, В. Уиткрофттың және т.б. зерттеу әдістері мен ұстанымы қазіргі тарих ғылымының ұстанымымен сәйкес келеді [10].
Көші-қондық үдерістің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктері және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына ықпалы мәселесі қарастырылған М.Б. Тәтімов, Ә. Ғали, Е.Н. Гладышева, Л.А. Квон және т.б. еңбектерінің [11] ғылыми бағасы жоғары. Соның ішінде, көші-қон үдерістері мен Қазақстан халқының ұлттық құрамының қалыптасуы зерттеу нысаны болған алғашқы еңбектер қатарына жататын Е.Н. Гладышеваның мақаласында қазақ жерін көші-қоншылармен, еңбек ресурстарымен толтырған көші-қон үдерісінің көпұлттануға тигізген әсері таптық тұрғыдан оң бағаланады. Ол
1960 жж. дейін Қазақстан халқының өсімінің ерекше болмау себебі тұрғылықты халықтың сыртқа ағылуына және оның орнын сырттан келгендер мен табиғи өсімнің толықтыра алмағандығынына байланысты деп көрсетіп, қазақтардың санының кемуі мен қоғамдағы орнына мән бермейді [12]. Ф.Н. Базанованың кеңес дәуіріндегі халықтың қалыптасуы мен дамуы мәселесі қарастырылған монографиясында көші-қон үдерістері халық санының өзгерістерінің басты факторы болып көрсетіліп, соның ішінде тұрғылықты емес ұлт өкілдерінің санының өсіміне себеп болған республикааралық көші-қон екені айтылады. Еңбекте көші-қоншылардың Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан үлесі де қарастырылады. Бірақ автор көші-қон саясатының нәтижесін, оның жергілікті ұлттың болмысына тигізген әсерін көрсеткен жоқ [13].
Қазақстандағы халықтану мәселесіне арналған зерттеулерде халық сандық құрамындағы өзгерістердің негізгі факторы – көші-қонның рөлі көрсетіле бастады. Жаңа көзқараспен талдау арқасында көші-қонның келімсектерден басқа бағыттары, оның ішінде шетелдерге, Одақ кезінде басқа республикалар мен аймақтарға, өз еліміздің ішінде (облыс аралық, қала-ауыл, қала-қала, ауыл-қала және т.б.) болған түрлері жан-жақты талдана бастады. Әсіресе, қазақтардың демографиялық күйзелістер мен апаттар кезінде ауа көшіп, қоныс аударуы, оның себептері мен зардаптары және т.б. жақтарына ерекше көңіл бөлінді [14]. Кеңестік кезеңде идеологиялық тыйым салынған тақырыптың бірі – демографиялық дамудың барысы, үрдістері, негізгі нәтижелері қарастырылған зерттеулердің көшбасшысы болған М.Х. Асылбеков пен
Ә.Б. Ғалидың еңбегінде Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістердің зерттелу деңгейіне арнайы көңіл бөлініп, бұл мәселеге жаңа көзқарас тұрғысынан тарихнамалық шолу жасалған. Бірақ, аталған еңбектердің мақсаты көші-қон үдерісі емес, Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселесі болғандықтан, көші-қон үдерістері кешенді мәселелер ішінде қарастырылады.
Сонымен, кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған зерттеу жұмыстарының басты нысаны халықтың саны, оның өсуі мен демографиялық дамуы болғандықтан, көші-қон мәселесі арнайы талдауға түспеген.
Үшінші топ кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген тарихи туындыларды қамтиды.
Тәуелсіздік жылдарында тарихи демографиялық бағытта жазылған қазақстандық зерттеулер шоғыры өзінің жаңаша тұжырымдамалық пайымдауымен тарихи айналымда қолданылуда. Бірақ, отандық тарих ғылымының салалары ішіндегі кеш дами бастаған бөлігі болғандықтан, тарихи демография саласындағы зерттеу жұмыстары халықтану бағытындағы өзекті мәселелердің түбіне жетпек түгіл үстіңгі қабатын қарастырып біткен жоқ.
Қазақстандық тарих ғылымының тарихи демография саласының ғылым ретінде қалыптасуына қомақты үлес қосудағы М.Х. Асылбековтың,
М.Б. Тәтімовтың, Ә.Б. Ғалидың, М.Н. Сдықовтың, В.В. Козинаның,
М.К. Төлекованың және т.б зерттеушілер еңбектерінде [15] Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуының негізгі үрдістері сараланып, 1897-2009 жж. Қазақстан халқының саны, оның өсіп-өну жолдары мен қарқыны жан-жақты және жаңаша зерттелді деп айтуға толық болады. Ғылыми ізденістер Қазақстан халқының саны мен құрамы бойынша (ұлттық, жас-жыныстық, әлеуметтік, білім деңгейі және т.б.) өзгерістердің негізінен көші-қон үдерістерінің, соның ішінде сырттан келген келімсектер толқындарының әсері екенін айқындады. Көші-қон мәселесі М.Қ. Қозыбаев, Ж.Б. Әбілхожин,
М.Ж. Әбдіров және т.б. еңбектерінде қазақстандық қоғамның жалпы саяси, ұлттық, демографиялық дамуы жиынтығында да қарастырылды [16].
Шетелдерде орналасқан қазақтардың әлеуметтік-демографиялық мәселелері ішінде көші-қон мәселесі қамтылған З. Қинаятұлы, Ж.А. Ермекбаев,
Г.М. Меңдікұлова, Н. Мұхаметжанұлы, Р.К. Айдарбекова және т.б. ғалымдардың іргелі еңбектерін айта кеткен жөн [17]. Бірақ аталған еңбектер кеңес дәуірі тұсында Қазақстан аумағында жүрген көші-қон үдерісінің салдарларын кешенді түрде зерттеуді өздеріне мақсат етіп алмайды. Көші-қон мәселесі қоғамдағы бір-бірімен байланысты үдерістердің ішінде тұтастала аталып кетеді.
1990-жж. демографиялық зерттеулер бойынша жаңа және тез дамушы бағыт – көші-қон үдерістерін зерттеу бағыты қалыптасты. Бірақ ол бағыттағы жұмыс-тарда қарастырылатын басты мәселе қазіргі кезеңдегі халықтың көші-қон қозғалыстарына бейімділігі, үдерістің әр түрлі қырлары, Қазақстан Республика-сының көші-қон саясатын қалыптастыруға қатысты пікір-тұжырымдар және т.б. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жай-күйіне арналады.
Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерін қарастырған еңбектер қатарына А.И. Қаржаубаеваның, Қ.М. Ерімбетованың, Қ.А. Енсеновтың,
К.К. Смаилованың, Б.Р. Найманбаевтың [18] және т.б. еңбектерін жатқызамыз. Ол еңбектерде көші-қонның жекелеген түрлері, көші-қон үдерісінің халық санының динамикасы мен ұлттық құрамдағы сандық және үлестік арасалмақтың өзгерісіне әсері көрсетілгенімен, табиғи қозғалысқа әсері мен басқа да демографиялық салдарлары терең талданылмаған және мерзімдік ауқымдары тар.
Сонымен, халықтану саласындағы зерттеулерге жасалған талдаулар Қазақстан халқының тарихының қыр-сырлары қарастырылған жұмыстарда көші-қон мәселесі ішінара болса да, негізгі мәселе ретінде болса қарастырылғандығын және осы салада маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізгендігін көрсетеді. Аталған зерттеу жұмыстарының құндылығы да сонда, олар қазақстандық тарих ғылымынын көші-қон мәселесін тарихи демографиялық аспектіде қарастырған зерттеу жұмыстарының алғашқылары болды. Бірақ, кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесінің тарихи демографиялық салдарларын жаңа тұжырымдамалық деңгейде қарастырудағы маңызы жеткіліксіз. Яғни, кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістерінің тарихы, оның демографиялық салдарлары кешенді түрде шынайылық тұрғысынан арнайы назарға алынған жоқ. Сондықтан, осы жұмыста жаңа тұжырымдамалық тұрғыдан толық жазылып бітпеген кеңес дәуірінің тарихын, соның ішінде қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттердің бірі – идеологиялық тыйым салынғандықтан қордаланған «ақтаңдақтардың» тарихи демографиялық аспектілерін зерттеу жүзеге асырылады.
«Зерттеудің деректік көздері» атты бөлімде көші-қон үдерістеріне қатысты айналымға тартылған әртүрлі дерек көздері көрсетілді. Олардың ең бастылары:
1) Мұрағат қорларының құжаттары мен мәліметтері. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатынан 698 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Орталық статистикалық басқарма қоры 1920-1970 жж. статистикалық мәліметтер, халық санақтарына қатысты көптеген материалдарды өңделмеген күйінде сақтаған. Бірақ, санақ материалдарының негізгі бөлігі ОСБ-ға өңдеуге әкетілгендіктен, құнды болғанымен жеткіліксіз. 1987 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің еңбек ресурстарын реттеу жөніндегі Мемлекеттік Комитет қорда Одақ бойынша шаруашылықтарға көшірілгендер туралы, осы қордың «ерекше құпия» грифі бар 1-тiзбесінде «Жұмыс күшін үйлестiру және қоныстандыру Бас басқармасы» құжаттары, 1479 – Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті қорында республика мен облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, 1481-қорда тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Қазақстанға келгендерді қабылдау, орналастыру, республиканың ауыл шаруашылығында қамтылған халықтың жай-күйін анықтауға қатысты құжаттар сақталынған. Қазақстан Министрлер Кеңесінің шешімдері мен қаулыларын сақталған 1137-құпия қорда өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға көшірілгені кезіндегі қабылдануы, ұлттық құрамы жайында мәліметтер кездеседі. 1208 – Қазақ КСР-нің үкіметі жанындағы Көшіру-қоныстандыру бөлімінің, 1179 – Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің, 1000 - Қазақ КСР Қоныстандыру басқармасының 1928-1931 жж. құжаттары, 1490-қорда Қазақ КСР Халық комиссариаты жанындағы Қоныстандыру-көшіру бөлімінің 1937-1939 жж. құжаттары жинақталған. 1208-қор – Қазақ КСР ХКК жанындағы Қоныстандыру бөлімінің 1938-1941 жж. материалдарын сақтауда. Қоныс аударушылардың ұжымшар-кеңшарларға орналасуы, ол ұжымшарлар мен ұжымшаршылардың экономикалық жағдайы, облыстық атқару комитеттері жанындағы қоныс аудару комитеттері мен атқару комитеттері арасындағы хабарлама алмасулар, қатынас қағаздар, қоныстанушыларды қабылдау мен бөлу, қоныс аударудың барысы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салалары бойынша қоныс аударушыларға деген сұраныс-жоспарлар мен жоспардың орындалуы жайлы мәліметтер жинақталған. Сондай-ақ, осы мұрағаттағы 1955-қор – Сыртқы істер министрлігінің шет елдерден Қазақстанға келген-кеткендер жайлы 1960-1991 жж. мағлұматтарын жинаған. Шет елдерден Қазақ КСР-не келгендерді, репатрианттарды қабылдау, орналастыру, еңбекке араластыру, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайы мен жұмысқа орналасуы және т.б. жайлы республика мен облыстар бойынша сандық көрсеткіштер кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |