Даму болжамы


Әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту



бет6/9
Дата12.06.2016
өлшемі0.92 Mb.
#129825
1   2   3   4   5   6   7   8   9

3. Әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту

Орта мерзімді кезеңдегі әлеуметтік саясат Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасында көзделген қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

«Минималды әлеуметтік стандарттар мен олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, азаматтарға Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленген әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін, әлеуметтік қызметтердің минималды қажет деңгейі-минималды әлеуметтік стандарттар кепілдендірілетін болады.

Минималды әлеуметтік стандарттар еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, отбасы және балалар, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, мемлекеттің кепілдендірілген заңды көмек көрсету салаларында белгіленеді.



Білім беру

Білім беру саласында білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру басты назарға алынатын болады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар, шағын-орталықтарды салу және ашу, мемлекеттiк-жекешелік әріптестiк тетігін дамыту арқылы инфрақұрылымдарды кеңейту жалғасатын болады. Бір мезгілде балалардың физикалық, жеке басы мен ақыл ой қасиетін дамыту, балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында мектепке дейінгі білім беру мазмұны жаңартылатын болады.

Орта білім беру жүйесінде 2018 жылға қарай республикалық және жергілікті бюджет есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жаңа жалпы білім беретін мектептерді салу жолымен апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқыту жойылатын болады.

1 (мектепке дейінгі) + 11 жылдық оқыту құрылымы бойынша 12 жылдық білім беруді енгізу бойынша жұмыс жалғасады, білім беру стандарттары жаңартылады.

Орташа білім беруді қаржыландыру жүйесін жетілдіру жалғасатын болады: мектептерде тек 10-11 сыныптарда жан басына шаққандағы қаржыландыру апробациясы жүргізіледі.

Техникалық және кәсіби білім беруде кепілдендірілеген бірінші жұмыс мамандығын алуға кезең-кезеңмен ауысу басталады.

Білім беру сапасын арттыру мақсатында, дуальді білім берудің негізгі қағидаттарын енгізу және Ұлттық біліктілік жүйесін одан әрі жетілдіру жалғасады. Кәсіби стандарттар негізінде жаңа білім беру бағдарламалары әзірленетін болады.

Жоғарғы білім беру саласында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін базалық болып айқындалған 10 жоғарғы оқу орнында, бейінді бағытта магистрлерді дайындау кезінде әлеуеті қолданылатын 24 жаңа зертхана құрылатын болады.

Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін көздейтін ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң жобасы әзірленетін болады.

Сондай-ақ, бес институционалдық реформалардың шеңберінде білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласындағы саясат сапалы, қолжетімді медициналық көмек ұсынуға және сапалы, қауіпсіз дәрілік құралдармен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Денсаулық сақтауды одан әрі дамыту мынадай басым бағыттарды көздейтін болады:

ауруларды болдырмау және салауатты өмір салтын ынталандыру.

сапалы, қолжетімді медициналық көмекті беру, оның ішінде диагностиканың, емдеудің және оңалтудың жоғары технологиялық әдістерін ұсыну.

денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру.

сапалы және қауіпсіз дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету.

медициналық білімді және ғылымды дамыту.

Саланы дамытудың басым бағыттары ескеріле отырып, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді.

Халықтың нысаналы топтары үшін Ұлттық скринингтік бағдарламаны жетілдіру және іске асыру жалғасады.

Зертханалық диагностиканың жаңа стандарттарын енгізу бойынша жұмыстар жалғастырылады және науқастарды, оның ішінде туберкулезбен ауыратындарды табысты емдеуге және АИТВ-инфекциясының таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретін стандарттар жетілдіріледі.

Мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың денсаулыққа деген ортақ жауапкершілігі тетіктерін іске асыру мақсатында, 2017 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі егізілетін болады.

Сондай-ақ, бес институционалдық реформаларды іске асыру үшін жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерде корпоративтік басқаруды енгізу және денсаулық сақтау мәселелері бойынша уәкілетті органның жанында медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру жұмыстары жалғасын табады.

Санамаланған бағыттарды дамыту халықтың жалпы өлімін 30 %-ға төмендету арқылы халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.



Мәдениет

Мәдениет саласында басым бағыттар болып «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын одан әрі іске асыру, мәдени құндылықтарға халықтың қолжетімділігін кеңейту, отандық мәдениет өнімін қызмет нарығында жылжыту болып табылады.

Кітапхананың рөлі елеулі жоғарылайды, оның мәдени, білім және ақпараттық орталық ретінде мәртебесі күшейеді.

2020 жылға дейін ұлттық кітапхана кітап қорын кешенді толық цифрлау жүзеге асырылады.

Басым бағыттардың бірі – мұражайларды дамыту, мұражайлық инфрақұрылымдарын жаңғырту, олардың қорларын кеңейту бойынша шаралар іске асырылады.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Әдебиет пен өнер жөнінде ұлттық кеңес құрылады және де қайта ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясына оқушыларды қабылдау басталады.

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу шеңберінде 2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу және қазақ мәдениетінің таныстырылымы жоспарланған.

2019 жылы мәдени туризмнің трансұлттық бағдарын дамыту бойынша жобаның start up әзірленетін болады.

Орта мерзімдік кезеңде, сондай-ақ Қазақстан мәдениетінің объектілеріне реставрациялық жұмыстар жүргізіледі.
Жұмыспен қамту

Тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуды, жұмыссыздық деңгейін төмендету және оның өсуіне жол бермеуді қамтамасыз ету өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыздар және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуды, кадрлық әлеуетті дамытуды, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіруді көздейтін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыру арқылы жалғасатын болады.

Бағдарлама шеңберінде инфрақұрылым мен ТКШ дамыту; ауылдық кәсіпкерлікті дамыту; тірек ауылдарды кешенді дамыту; еңбек әлеуетін дамыту арқылы халықты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіби және аумақтық ұтқырлығын арттыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жалғастырылатын болады.

Бағдарламаның іс-шаралары жыл сайын 100 мыңнан астам адамды қамтитын болады.

Бес институционалдық реформа шеңберінде еңбек қарым-қатынастарын ырықтандыру үшін жаңа Еңбек кодексі әзірленетін болады. Еңбек нарығын болжамдау тиімділігін арттыру үшін олар арқылы еңбек ресурстарының теңгерімі (сұраныс пен ұсыныс) қалыптастырылатын Өңірлерді жұмыспен қамту карталары іске асырылатын болады.

Еңбек нарығын тұрақтандыру және экономиканың білікті еңбек ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыру үшін - кәсіпорындарда; Жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын халықтың нысаналы топтарын даярлау және қайта даярлау үшін курстарда және оқу циклдарында; оқу орындарында кәсіптік даярлаудың үш буынды жүйесін дамыту шаралары қабылданатын болады.

Нәтижесіз жұмыспен қамтылған оның ішінде, жұмыстан босатылатын, мүгедектер мен күнкөрісі төмен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін 2015 жылы өңір тұрғындардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары іске асырылады.
Көші-қон

Мемлекеттік көші-қон саясаты мыналарға:

ішкі көші-қонды дамытуға жәрдемдесу – азаматтардың басымды аймақтарға ерікті көшулеріне;

шетелдік жұмыс күшін тарту, іріктеу және пайдалану тетіктерін жетілдіру;

көшіп-қонушылардың бейімделуіне жәрдемдесу, көшіп-қонушылар мен қабылдаушы қоғамдастық арасында конструктивті өзара іс-қимыл қалыптастыруға;

заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталатын болады.

Сыртқы және ішкі көші-қон мәселелерін шешу үшін шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі 2014 – 2016 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру жалғастырылатын болады.

Этникалық, ішкі көші-қонын жетілдіру, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері заңнамалық деңгейде реттелетін болады.

Көші-қон саясатын іске асыру Қазақстан Республикасының жеке әкімшілік-аумақтық бірліктерінің еңбек ресурстарына экономиканың қажеттілігіне байланысты, көші-қон ағынын тиімді үлестіруге, экономикаға жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталады.

Әлеуметтік қамсыздандыру

Әлеуметтік қамсыздандыру саласының негізгі бағыттары ана мен баланы қорғауға, қоғамның осал топтары – зейнеткерлерді, мүгедектерді, еңбекке жарамсыздарды және басқаларды әлеуметтік қолдау көрсетуге бағдарланатын болады.

Мемлекет міндеттемелері сақталады және әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар іске асыралатын болады.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарына және табысы аз азаматтарға қатысты мемлекеттің міндеттемері сақталады, бірақ әлеуметтік көмек көрсетудің және қолдаудың идеологиясы өзгеретін болады.

Азаматтарға/отбасыларға олардың нақты мұқтаждығын ескере отырып, «өзара міндеттемелер» қағидаларындағы шартты әлеуметтік көмекке ауысу жүзеге асырылатын болады.

Бес институционалдық реформалар шеңберінде атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмекті оңтайландыру басталатын болады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті табысы төмен азаматтарға, олардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысқан жағдайда ғана берілетін болады

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мөлшері 25 %-ға өсетін болады.

Сонымен қатар, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа моделі енгізілетін болады. Нәтижесінде атқарылатын жұмыстың күрделілігіне және жауапкершілігіне, білім деңгейіне және біліктілігіне байланысты жалақы сараланатын болады.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын орындау үшін зейнетақы төлемдері көлемінің барабарлығын және зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын кепілдендіру үшін мемлекеттің, жұмысшының және жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейтумен қолданыстағы көп деңгейлі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін сақтай отырып 2030 жылға дейінгі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту бойынша шаралар кешені іске асырылатын болады.

Халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету бойынша проблемаларды шешу, сондай-ақ жылу шығаратын қуаттарды жөндеу және ауыстыру үшін тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту (реконструкциялау және салу) бойынша шаралар кешені қабылданады.

Бұл үшін жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуға инвестициялар салу орындылығының негіздемесі әзірленетін болады, сондай-ақ өңірлерде жобаларды іріктеу критерийлері мен оларды іске асырудың басымдықтары айқындалады.

Ысыраптары мен авариялығы ең жоғары жылумен жабдықтау желілерінің шамамен 1 мың км және сумен жабдықтау мен су бұру желілерінің 6 мың км-ге жуығы жаңғыртылады.

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бірыңғай техникалық саясатты әзірлей отырып, оның ішінде қолданылатын материалдар, жабдықтар мен технологиялар бойынша секторды институционалды дамытумен сүйемелденетін болады.

Халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға бағытталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттің әлеуметтік саясаты міндеттерді шешу шеңберінде инвестициялық жобаларды іріктеу жүзеге асырылады.

Саладағы инвестициялық жобаларды қоса қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары (бұдан әрі - ХҚҰ) тартылатын болады.

Қарыз қаражатын, оның ішінде ХҚҰ-ның қаражатын тарту есебінен жеделдетіп жаңғыртуды жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) саласына инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) берілетін болады.

Жобаларды ХҚҰ қаражатын тарта отырып іске асыратын табиғи монополиялар субьектілерінің инфрақұрылымдық грант (субсидия) алуға басым құқығы болады.

Инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) жобаларды техникалық сүйемелдеуге, жобаларды іске асыру кезіндегі күрделі шығындарды, оның ішінде материалдар мен жабдықтарды қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұдан басқа жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері қызметтерінің тарифтерін субсидиялау мәселесі пысықталады.

Жобаларды қайтарымды қаржыландыру тетігін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер енгіледі, қарыз алушылардың және түпкілікті қарыз алушылардың сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу бойынша тәсілдер және қаржыландыру шартының жобалары айқындалатын болады.

2020 жылға дейін тұрғын үй коммуналдық секторын жаңғырту шараларын іске асыру:

жылумен, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерінің тозуын 67%-дан 53 %-ға дейін төмендетуге және тұтынушыларға ұсынатын қызмет сапасын жақсартуды;

шекті тарифтер және нысаналы инвестициялық трансферттерді бюджеттік кредиттермен және жекеменшік капиталдармен алмастыру қағидаттарын қолдану есебінен салаларды коммерцияландыру процесін;

салалардың бірыңғай техникалық стандарттарға өтуін қамтамасыз етеді.

Тұтынушылардың барынша кең аумағын газбен үздіксіз және экономикалық тиімді қамтамасыз ету үшін тауарлы және сұйытылған мұнай газына Қазақстанның ішкі қажеттілігін қамтамасыз етудің басымдылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы шеңберінде ішкі газ тұтыну жүйесі реттелетін болады, оған сәйкес елді газдандыру жүзеге асырылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет