1. Мектеп мұғалімі, мұғалімдік мамандықтың ерекшеліктері. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі



бет1/17
Дата02.06.2023
өлшемі211.04 Kb.
#474613
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
4акшк педаг емтих (1)


1 билет
1.Мектеп мұғалімі, мұғалімдік мамандықтың ерекшеліктері. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі.
Мұғалімдік мамандық ерекшелігі. Білім беруді басқару және көшбасылық.
Педагог деп бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын басқа да ұйымдарда бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқытуға және тәрбиелеуге байланысты бiлiм беру қызметiмен айналысатын қызметкерлерді атаймыз.Педагогикалық мамандық бұл білім алу барысында пайда болатын білім, іскерлік, дағыдылардың жиынтығымен сипатталатын және кәсіби-педагогикалық міндеттерді шешуге бағыталған белгілі бір біліктілікке ие болатын педагогикалық кәсіби топтың іс-әрекетінің бір түрі.
Педагогикалық мамандықтың негізгі мақсаты – қоғамдық мақсаттарды түсіну және өз тәрбиеленушілерін осы мақсаттарға жетуіне жағдай жасап, бағыттау.Мұғалім мамандығының негізгі ерекшеліктері:
- гуманистік сипаты;
- ұжымдық сипаты;
- адаптивтік (бейімдеуші) сипаты;
- шығармашылық сипаты;
- қарым-қатынас жүйесінде болуы;
- мұғалім тұлғасының үлгі, өнегелік сипаты және т.б.
Мұғалім мамандығы табиғаты жағынан гуманистік (адамгершіліктік) сипатқа ие мамандықтардың бір түрі. Оқыту барысында мұғалім адаптивті (бейімдеу) және гуманистік мақсаттарды жүзеге асырады. Адаптивтік мақсаты ол оқушыны, тәрбиеленушіні үйретумен, социомәдениеттік жағдайлардың нақты талаптарына -дайындайды, бейімдейді. Педагог өзінің тәрбиеленушісін белгілі бір әлеуемттік жағдайларға дайындап, қоғамның қойып отырған талаптарына үйретеді. Ал гуманистік мақсаты оқушының жеке тұлғасын дамытып, шығармашылық дербестігін шыңдауға мүмкіндік жасау. Мұғалім мамандығы бір уақытта жеке тұлғаны қалыптастырушы, әрі оны басқарушы мамандық болып табылады. Оның басты мақстатарының бірі жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту болғандықтан ол адамның инттелектуалдық, эмоциональдық, физикалық дамуын басқарып, оның рухани әлемінің негізін қалыптастыру.Мұғалім мамандығының бір ерекшелігі ол «адам-адам» жүйесінде жұмыс жасауы. Бірақта ол осы жүйеде жұмыс жасайтын басқа мамандықтармен салыстырғанда оның еңбегінің нәтижесіне тек бір өзі ғана ықпал етпеуімен ерекшеленеді. Яғни, жеке тұлғаның қалыптасуына мұғалім, отбасы, орта және т.б. әсер етеді. Сондықтан мұғалім мамандығы ұжымдық бастау алады.Мұғалім мамандығы шығармашылық сипатқа ие мамандықтардың бірі. Мұғалім үнемі ізденіс, шығармашылық үстінде болуы тиіс. Шығармашылық педагогикалық іс-әрекеттің ұйымдастырлуы мен оның мазмұнын тиімді құрастыруға ықпал етеді. Мұғалім шығармашылығы педагогикалық міндеттерді тиімді шешуіне мүмкіндік жасайды.Мұғалім мамандығы қарым-қатынас жүйесінде болуымен ерекшеленеді. Басқа мамандықтарға қарағанда мұғалім мамандығы қарым-қатынас жасау іскерлігін жоғары деңгейде игеруді талап етеді. Қарым-қатынас арқылы мұғалім тұлғаға ықпал етіп, оның тәрбиелі болуы мен білімінің қалыптасуына жағдай жасайды. Қарым-қатынас, яғни сөз мұғалім еңбегінің басты қаруы.Мұғалім тұлғасы үлгі, өнегелік сипатқа да ие. Мұғалім өзінің тек беретін білімі мен тәжірибесі арқылы ғана тұлға қалыптасыру процесіне әсер етпейді, сонымен бірге оның жеке басының өзі оқушы тұлғасына ықпал жасайды. Сондықтан мұғалім әрқашанда бала алдында адамгершілігі мол, тәрбиелі, адам жанын түсінетін, терең білімді еліктеу үлгісі болуы керек. Мұғалім мектептен тыс уақыттарда өзінің сөзі мен ісі бір жерден шығып жатуына назар аударуы керек.Педагогикалық мамандықтың негізгі мәні оның іс-әрекетіне байланысты болып табылады. Мұғалімдер әлеуметтік іс-әрекеттің ерекше түрін атқарады, яғни адамзат жинақтаған мәдениет пен тәжірибені аға ұрпақтан жас ұрпаққа беруге бағытталады, оларды қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік рольдерді меңгеруге дайындайды.Педагогикалық дамуды қамтамасыз ету үшін кәсібилікті түсінудің нақты тәсілі талап етіледі.Бізге таза жеке тұлғаға немесе сыныпқа бағытталған тәсілден босауымыз керек.Себебі бұл кезде белгілі бір бекітілген стандартқа сәйкес әрекет етеміз.оның орнына мұғалім оқу қоғамдастығының бір бөлігі болып табылатын,кәсібилікке бағытталған «ұжымдық» және кешенді тәсіл қажет.Бұл тәсілдің аясында көшбасшы- мұғалім ұсынған зерттеулер мен инновацияларға негізделе отырып,мұғалімнің тіжірибесі жетілдіріледі.Мұндай тәсілде кәсіби біліктілік пен білім жай қабылданбайды,мұғалімдер оны өз қолымен жасайды.Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы.Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі- рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық , зерттеушілік, дидактикалық - әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы,коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.
Мұғалімнің көшбасшылығын дамыту жұмыстары:
· Іс-тәжірибені жетілдіру жұмыстарын өз қолына алуға;
· Өзгерістер енгізу үшін әріптестерімен стратегиялық шешімдер қабылдауға;
· Бірігіп жұмыс істеуде фактілерді жинауға және қолдануға;
· Кәсіби білімді құруға және таратуға атсалысуға міндетті деп анықталуы мүмкін.
Бір қарағанда мұғалімнің көшбасшылыққа оның «дауысын» күшейту мен жеке басының жетекшілік мүмкіндіктерін жек де,ұжымда да кеңейту арқылы жететіндігі оғаш болып көрінуі мүмкін.Ұстаздардың жетекші топтардағы және желілік қоғамдастық шеңберінде өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін мұғалімдер бірлесе жұмыс істеулері қажет.Бізге туғаннан берілген дарын өңделмеген алмазға ұқсайды. "Сібір кенінен” алынған мөлдір, қатты тас тәріздес (бірақ алмаз қаншалықты тамаша болса да, маржан тас екеуінің айырмашылығы жер мен көктің айырмашылығындай). Маржан тас деп- ерен еңбекті қажет ететін тегістелген алмазды айтамыз”- деп А.Владимиров айтқандай мұғалім өзінің көшбасшылығы арқасында әрбір оқушының таланты мен дарындылығын ашу арқылы бәсекеге қабілетті ,еркін,өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін,ынталы, сенімді,сыни пікір - көзқарастары жүйелі дамыған , сандық технологияларда құзырлылық танытатын, өзіндік мені қалыптасқан жеке тұлға қалыптастыру қажет.
Менің түсінгенім мұғалім көшбасшы болу үшін оқу үдерісін тиімді жоспарап,жаңа формация мұғаліміне айналу керек.
2. Педагогиканың зерттеу әдістері.
Педагогика саласындағы зерттеулер – бұл білім заңдылықтары, оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясы жөніндегі жаңа мəліметтерді алуға бағытталған ғылыми ізденіс процесі жəне оның нəтижесі. Педагогикалық зерттеулердің міндеті- деректер мен құбылыстарды түсіндіру жəне оларды алдын ала болжастыру.Зерттеу əдістемесінің (методика) дайындығы ғылыми ізденіс логикасына орай жүргізіледі. Бұл əдістеме өте күрделі де сан қилы қызметтермен байланысты нысан болған білімдену процесін аса жоғары шынайылылықпен зерттеуге мүмкіндік беретін теориялық жəне эмпирикалық əдістер (метод) тобынан құралады. Əдістердің тұтастай бір бөлігін қолданудан назарға алынған проблема жан-жақты айқындалады, оның барша қырлары мен шектері түгелдей зерттеуден өтеді. Педагогикалық зерттеу əдістерінің əдіснамадан өзгешелігі - бұл педагогикалық құбылыстарды зерттеу, олар жөніндегі ғылыми ақпараттарды жинақтап, заңдылықты байланыстар, қатынастарды анықтау, оның нəтижесінде ғылыми теория қалыптастыру мақсатымен жүргізілетін іс-əрекет жолдары мен тəсілдерінің өзі. Əдістер көп түрлі де сан қилы, бірақ жүйелестіре келгенде, бұлардың бəрі үш топқа ажыралады: 1) педагогикалық тəжірибені зерттеу əдістері; 2) теориялық зерттеу əдістері, 3) математикалық əдістер.Педагогикалық тəжірибені зерттеу əдістері – білім беру процесін ұйымдастырудың көз алдымызда қалыптасқан тəжірибесін зерт-теудің жолдары. Зерттеуге озат тəжірибе, яғни танымал мұғалімдер мен қатардағы тəлімгерлер қызметтері бірдей алынады. Олардың жұмыстарында кезігетін қиындықтар педагогикалық процесс қайшылықтарымен, пайда болған не енді туындауы мүмкін проблемалармен байланысты келеді. Педагогикалық тəжірибені зерттеу барысында келесідей əдістер қолданылады: бақылау, əңгімелесу, интервью, анкеттеу, оқушылардың жазба, графикалық жəне шығарма жұмыстарын көзден өткеру, педагогикалық құжаттармен танысу.Бақылау – зерттеу барысында нақты дерек материал жинақтау мақсатымен қандай да педагогикалық құбылыстың назарға алынуы. Бақыланған құбылыстар міндетті түрде хатталады. Бақылау нақты нысанмен жете танысуға орай алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі. Бақылау жұмысы келесі кезеңдерге бөлінеді: 1) міндеттері мен мақсаттарын айқындау; 2) бақыланатын объект, оның элементтерін жəне ситуацияларын таңдастыру; 3) бақылау жəне оның барысында ақпарат топтастыруға оңтайлы əрі тиімді тəсілдерді іріктеу; 4) байқалғандарды хатқа түсіру формасын ойластыру; 5) жинақталған ақпараттарды өңдеу жəне дəйектеу.Бақылау түрлері: араласа бақылау – ізденуші зерттеу жүргізіп жатқан топтың мүшесі ретінде қатысады; сырттай бақылау- зерттеуші ізденіс жұмыстарына тікелей араласпайды; ашық жəне жасырын бақылау; тұтастай жəне таңдамалы бақылау.Бақылау – орындалуы тұрғысынан ең оңай əдіс, бірақ өзіндік кемшілігі де жоқ емес: көп жағдайларда бақылау барысындағы не соңғы нəтижеге зерттеушінің тұлғалық-əлеуметтік жеке –дара бітістері (көзқарасы, мүддесі, жан толғанысы) ықпал жасап, оның қандай да шынайылылықтан ауытқуына себепші болуы мүмкін.Сұхбат əдісі - қажетті ақпаратты алу немесе бақылау барысында түсініксіздеу болған құбылыстың мəнін аша түсу мақсатымен дербес не қосымша қолданылатын зерттеу тəсілі. Сұхбат айқындалуы тиіс нақты сұрақтар бойынша күні ілгері түзілген жоспармен орындалады. Əңгімелесу еркін жүргізіліп, сұхбаттас кісінің жауаптары хатталмайды. Сұхбаттасудың екінші бір түрі педагогикаға əлеуметтану саласынан енген – интервью алу. Бұл əдісте сұрақтар алдын ала түзіліп, бірізділікпен қойылып барады. Интервью жауаптары анық жазылып, хатталады.Анкеттеу – ауқымды материал жинақтау үшін қолданылады. Сұрақ жауаптары жазба күйінде қабылданады. Сұхбаттасу мен интервью алу бетпе-бет əңгімелесумен жүргізіледі, ал анкеттеу – сырттай орындалады. Аталған əдістердің нəтижелі болуы қойылатын сұрақтардың мазмұны мен құрылымына тəуелді. Сауалнама түзуде ескерілетін жəйттер: 1) алынатын ақпараттың сипатын анықтап алған жөн; 2) қойылатын сұрақтың бірнеше баламалы өрнегі болғаны қажет; 3) сауалнаманың бірнеше жоспары түзіліп, ол алғашқы тексеруден өткізілуі тиіс; 4) сауалнама кемшіліктері түзетіліп, пайдалануға ақырға редакциясының ұсынылуы дұрыс.
Құнды материал оқушылардың шығармашылық туындыларын зерттеу əдісімен де алынады. Олар: шəкірттер орындаған жазба, графикалық, шығармашылық жəне бақылау жұмыстары; балалардың суреттері, сызылмалары, жасалған қосалқы бөлшектер, кейбір пəн дəптерлері. Мұндай жұмыстар оқушылардың даралық қабілеттерінен дерек береді, олардың қандай да бір саладағы ептілік жəне дағды жетістіктерінің деңгейін көрсетеді. Мектеп құжаттарымен танысу əдісін қолдана отырып, оқушының жеке ісі (личное дело), дəрігерлік карта, күнделік, жиналыс не отырыс хаттамалары жəне сол секілді мектеп хат-қағаздарымен танысу арқылы зерттеуші оқу-тəрбие , білім игеру процесін ұйымдастыру практикасында нақты қалыптасқан объектив жағдайлар жөніндегі ақпараттармен қаруланады.Педагогикалық зерттеудің қандайда бір əдіс не тəсілінің педагогикалық тиімділігін анықтау үшін арнайы ұйымдастырылған тексеру түрі- эксперимент ерекше маңызды. Педагогикалық эксперимент міндеттері:1) жобаланған педагогикалық құбылыс жəне оның іске асуында көрініс беретін себеп-салдарлы байланыстар мəнін зерттеу; 2) педагогикалық құбылысқа зерттеушінің белсенді ықпал жасауы; 3) педагогикалық ықпал мен ықпалдастықтың нəтижесін өлшестіру. Эксперимент келесі кезеңмен өткізіледі: – теориялық (проблема қою, зерттеу мақсатын, нысанын жəне денін анықтау, міндеттер мен гипотеза белгілеу);
- əдістемелік (зерттеу əдістемесі мен оның оның жоспарын айқындау, бағдарлама түзіп, алынған нəтижелерді өңдеу əдістерін нақ-тылау);
- эксперимент жұмысы – бірнеше тəжірибелік зерттеу əрекеттерін орындау (ситуация түзу, бақылау, тəжірибені басқару жəне зерттеушілердің жауап əрекеттерін бағалау);
- талдау – сандық жəне сапалық сарапқа салу; алынған деректерге түсініктеме беру; қорытынды жасап, практикалық ұсыныстар енгізу.Индуктив жəне дедуктив əдістер – эмпирикалық жолмен алынған ақпаратты қорытындылаудың логикалық əдістері. Индуктив əдіс – ойдың жеке пікірлерден жалпы ойға өтуін байқаса, дедуктив – жалпы пікірден жеке қорытынды жасауға қолданылады.Теориялық əдістің қажеттігі проблема анықтауға, гипотеза белгілеп, жинақталған деректердің бағасын шығарудан туындайды. Теориялық əдіс көптеген əдебиеттермен таныс болуды талап етеді:
- жалпы адамтану, соның ішінде педагогика классиктерінің еңбектері;
- жалпы жəне арнайы педагогикалық əдебиеттер;
- тарихи-педагогикалық ресми деректер мен құжаттар;
- педагогикалық мерзімді басылымдар ;
- мектеп, тəрбие, мұғалім жөніндегі көркем шығармалар;
- педагогикалық анықтама құралдары;
- педагогика жəне онымен сыбайлас пəндер бойынша оқулықтар мен – əдістемелік қолданбалар.
Əдебиеттермен танысудың арқасында қай проблеманың қандай тараптары жақсы зерттелгенін, қандай проблемалардың дау-дамайлы жəне қай мəселелердің əлі тың жатқанын білуге болады.Əдебиеттермен жұмыс істеу əдістерінің түрі сан-алуан. Олар арасында көбірек қолданылатындары: кітапдерек (библиография) түзу – зерттелетін мəселеге байланысты іріктеліп алынған деректік əдебиеттер тізімі; реферат жазу – жалпы тақырып бойынша бір не бірнеше ғылыми еңбектің қысқартылып берілген мазмұны; конспектілеу – жұмыстың маңызды идеялары мен тұжырымдарына байланысты жан-жақты материалдарды мұқият қамтыған жазбалар; аннотациялау – кітап пен мақаланың жалпы мазмұнынан қысқаша ақпар жазу; сілтеме (цитата) беру – əдеби деректе келтірілген ой, пікір не санды өзгертпестен мəтінге ендіре жазу.Педагогикадағы математикалық жəне статистикалық əдістер сауалнама, эксперимент жолымен алынған деректемелерді өңдеу үшін, сондай-ақ зерттеліп жатқан құбылыстар арасындағы сандық тəуелділіктерді анықтау мақсатында қолданылып, эксперимент нəтижесін бағалауға, қортындылар сенімділігін арттыруға, теориялық тұжырымдарды негіздеуге жəрдемдеседі. Математикалық əдістер арасында педагогикада ең көп қолданымға келетіндері: тіркеу (регистрация), ранжирование (тəртіпке келтіру), өлшемге түсіру (декодирование).Мұндай есептерді жүргізу үшін белгілі формулалар, анықтама таблицалар қабылданған. Осы əдістермен жинақталған көрсеткіштердің сандық тəуелділіктері графиктер, диаграммалар, таблицалар түрінде өрнектеледі.
2 билет
1.Педагогика пәні, негізгі ұғымдары.
1. Педагогика бұл-адамзат ғылымының ең ежелгі және қоғам дамуының ажырамас саласы болып табылады. Себебі: педагогикалық білім ұғымы ұрпақты білімге дайындау немесе тәрбиелеу мен байланысты адам әрекетінің ерекше аймағына кіреді. Педагогика барлық ғылымдар сияқты философия ғылымы аясында қарастырылды. Ежелгі грек философтарды Гераклит, Демокрит,Фальс, Сократ, Аристотель, Платон, т.б. ғылымдарының педагогикаға қосқан үлесі зор. «Педагогика» деген ұғым көне грек елдерінде б.э.б. 2,5 жылда пайда болған дейді. Педагогика деген сөз, яғни тәрмин, көне грек тілінен шыққан, ол балаларды ертіп жүру, баланы жетектеп мектепке апаруы деген сөз. Анығырақ айтатын болсақ, "Педагогика" термині гректің екі сөзінен: "пайс" - балалар және "эгейн" - баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу, бағу ұғымдарынан шыққан. Адам өмір бойы тәрбиеленеді және қайта тәрбиеленеді. Педагогика - бала жайындағы ғылым, олай болса ол ұрпақ тәрбиесі жайындағы ілім. Адам баласының ұрпағы үнемі жаңарып, өзгеріп отырғандықтан, педагогика ілімі де үнемі өзгеріп отырады. Қазіргі кезде тәрбиенің ықпал жасау аясы кеңейе тусуде. Сондықтан "педагогика - бала тәрбиесі жайындағы ғылым", -деп шек қоюға болмайды. Педагогиканың ғылыми таным саласы - тәрбие. Педагогика қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен рөлін анықтайды. Педагогика - жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым . Ал тәрбие - жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлап, оларға қоғамдық тарихи тәжірибені үйрету процесі. Педа¬гогика пәнін (зерттейтін) толық түсіну үшін ең алдымен негізгі педагогикалық ұғымдарды қарастырайық.Әрбір ғылымның өзіне тен зерттейтін саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философиядағы ұғымдарға "болмыс", "материя", "қозғалыс"; саяси экономияда- "қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары", ал педагогикада - "тәрбие", "білім беру", "оқыту"жатады.Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың байланысын танимыз.Педагогикалық ұғымдардық бірі - тәрбие.Тәрбие дегеніміз - адамдарды қоғамдық өмірге және өнімді еңбекке дайындау мақсатын көздеп, жаңа ұрпаққа қоғамдық-тарихи тежірибені беру процесі. Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдағы құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын, атап айтсақ: отбасы, мектепке дегіінга мекеме, оқу тәрбие орындары, еңбек ұжымы, ақпарат құралдары, баспа орындарын қамтиды. Біздің мемлекетте бұл салалар қоғамдық, мемлекеттік мақсатқа қызмет етеді.Кең мағынада деген ұғымда бүкіл сыртқы әсерлердің, адамды қоршап тұрған, табиғи және әлеуметтік ортаның, тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекеттерінің ықпалымен адамды қалыптастыру."Тәрбие" ұғымы тар мағынада "Тәрбиеші тәрбиелейді", кең мағынада "Өмір тәрбиелейді' деп қолданудық тәрбие жайлы ұғымды анықтауда зор мәні бар.Тәрбие - тар мағынада жеке тәрбиелік міндетті шешуге, жеке адамның белгілі бір қасиетін қалыптастыруға, меселен, эстетикалық талғамын тәрбиелеуге бағытталған жұмыс.Тәрбие жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы коғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс. Тәрбие -педагогикалық кең мағынада қоғамның арнайы бөлінген адамдары - мұғалім, педагог, тәрбиешілердің басқаруымен жүргізілетін мақсатты үрдіс. Олар арнайы тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның қалыптасуына ықпал жасайтын жиынтық факторларды пайдалана отырып әрекше әдіс-тәсілдерді қолданады.Тәрбие жайлы әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені әресек адамдардық балаларға ықпал жасауы деп түсіндіруінілер де бар. Бұл жағдайда бала енжар объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісі бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасай алмайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.
Білім беру - табиғат пен қоғам жайында жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруі және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуі.Білім беру ұғымын педагогикаға тұңғыш енгізген И. Песталоцци.
Білім беру - оқыту мен тәрбие жұмысын біріктіретін және жеке бастық дамуына ықпал жасайтын процесс.
Оқыту - білім берудің негізгі жолы. Оқыту екі жақты, бір текті процесс:
1. Оқытушы оқушыларға білім берін, іскерлік, дағдыға үйретеді.
2. Оқушы таным міндеттерін жете түсініп, жаңа білімді, іскерлікті, дағдыны игереді және оларды өмірде колданады.Ал адамның білім алуы тек оқыту процесінің нетижесі емес, оның; білім алуына көпшілік ақпарат құралдары кино, радио, телехабар, т.б. ықпал жасайды.Сонымен бірге адамның "жетілуі", "даму", "өзін-өзі тәрбиелеу" ұғымдары да педагогиканың зерттейтін меселелері саласын толықтырады.Жеке адамның дамуы - бұл ішкі және сыртқы, басқарылатын, басқарылмайтын және факторлардың ықпалымен жеке адамның қалыптасып жетілу процесі. Жеке адамның дамуы мен жетілуінде мақсатты түрде жүргізілетін тәрбие және оқыту шешуіні рөл атқарады.Жеке адамның қалыптасуында өзін-өзі тәрбиелеудің маңызы зор. өзін-өзі тәрбиелеу - адамның саналы түрде, белгілі бір мақсат көздеп өзінің бойына қалыптастыратын қасиет, мінез-құлық дағдысына бағытталған жұмыс.Негізгі педагогикалық, ұғымдар – тәрбие, білім беру, оқыту біріне-бірі теуелді, табиғи байланысты. Бұл ұғымдар жастарды өмірге, тәжірибеге дайындаудың басты құралы.
2. Мектеп пен отбасы, қоғам ынтымақтастығы.
Балаларды саналы, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы, асыл мұраты.Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол отбасындағы баланың бас ұстазы - ата-ана.
«Балапан ұяда нені көрсе , ұшқанда соны іледі» - демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды , болашақ өркениетке қосар үлесі бар. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнамақ. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге оқыған құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты. Орынды тәрбие арқылы адам баласының тағдыры шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде, қай елде болмасын үлкен мән берілген. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» деген ұтымды ой айтқан. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету де өз пайдасын тигізеді.
Отбасы – белгілі-бір дәстүрлерді, адамшылық бейнені, идеялды, жақсы сөз, ұнамды мінез, ыстық ықылас, қуаныш, ашық әңгімелесу арқылы да баланың көңілін тауып, ішкі сырын ашуға болады. Дегенмен, жұмыс барысында көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарастарынан елеулі қателіктерді байқап жүрміз. Кейбір отбасылар баланы киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуді ғана өз міндеттеріне алып, тәрбие мен білім беру ісін мектеп мойнына жүктейді. Енді біреулері баласын орынсыз сөгіп, көңіліне қаяу түсіріп жатса, бірі «адам болар бала өздігінен оқып үйренеді» дегенді алға тартады. Мұндай теріс түсініктер баланың келешегіне зиян келтіреді. Ал, орынсыз балағаттап, баланың абыройына нұқсан келтіру ата-ананың бала алдындағы, қоғам алдындағы беделін төмендетеді. Бүгінгі таңдағы бала тәрбиесіндегі кездесетін мұндай олқылықтардың алдын алу үшін ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар қай кезде де бірлесе отырып жұмыс жасауы керек.Адамның адамшылдығы жақсы ата-ана мен білікті тәрбиешіден. Тәрбиенің таразы секілді екенін ескерсек, екі басының тең түсуіне көп көңіл бөлген абзал. Тәрбие ісіндегі ең басты жауапкершілік өздерінде екендігін ұмытып, баласының мінез-құлқы үшін қоғамға кінә артатын ата-аналардың кездесіп жататыны өкінішті-ақ.Бүгінгі кейбір жастарымыздың бойындағы келеңсіз қасиеттер мен жағымсыз мінез-құлықтардың қалыптасуына осындай жауапсыз ата-аналардың кемшілігі де өз әсерін тигізбей қоймайды дер едім. Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі жаңа заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Оған қойылар талап жан-жақты жетілген адамды тәрбиелеу. Ойлы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ата-ана, мектеп пен бала ынтымақтастықта отырып, білім ордасындағы тәрбие отбасында жалғасын табатындай етіп ұштастыра білгеніміз жөн. Қазақ зиялыларының бірі М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Әрине, отбасы өзінің дербес әрекеті арқылы тәрбие саласында ауқымды мәселелерді шешуде әлсіздік танытады .Ол үшін отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту өте маңызды. Ал, тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық және ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс.Ата-ана балаға сөзден гөрі іс, күнделікті жақсы әдет-ғұрып өнегесі күшті әсер ететінін ескеру керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәрсе шықпайды.
Ата-аналар үйымының рөлін көтеру кез келген мектеп үшін оңай емес. Көп жағдайда бұл мәселе ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты уақыттарының жетіспеушілігі сияқты объективті себептерлермен түсіндіріледі. Дегенмен, оның себептерін тек ата-аналар ортасынан іздеу дұрыс емес. Бастамашылық мектеп жағынан бәрібір басым болу керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс – қимылың үйлестіруші қоғамдық институт. Өзара іс-әрекеттің мақсаты мен міндеттерін мектеп жалғыз өзі, тиісті мәселеге тек өзінің ұстанымына сүйенген түрде анықтаса, ал ата-аналар оларды іске асыру сатысында ғана қамтылса, нәтиже төмен болады. Мектеп ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, олардың кез келген бастамасын көтермелеп отыруы қажет.«Тәрбиелілік – адам етеді, тәрбиесіздік – надан етеді» деген халық тағылымы бар. Тәрбиенің сан-саналы қырлары бар десек, ата-ана өз ұрпағының жан-жақты болып өсуіне ықпал ете білуі қажет. Бала мектепке келгенге дейін ақыл-есі кіріп, үлкен-кішімен қарым-қатынас жасау, өзара сыйласудың әліппесін отбасынан алып келеді. Кей жағдайда ата-ана баласының: «Тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды, басқа тәрбиені ертең мектеп үйретеді» деп барлығын мектепке, ұстаздарға ысыра салады, сол себепті де кейбір оқушылар күнделікті өмірдегі қарапайым тәртіпті білмей, мұғалімге қиындық келтіреді. Мектеп мұндай жағдайда тек баланы ғана оқытып қоймай, ата-ананың педагогикалық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенде ғана, тәрбие өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Ата-ананың бүкіл үміті - баласы болса, сол баланың әрбір қуанышты сәті - ата- ана қуанышы. Қазіргі кезде, күн сайын өзгеріске толы мына өмірде балаға дұрыс тәрбие беруде бірлік болмаса, бала сәл нәрсеге еліктеп, ілесіп кетуі мүмкін. Әсіресе бала түрлі жат-әдет, діни ағымдарға ілесіп кетпеуі үшін де тәрбиені босаңсытуға болмайды.Дегенмен, бүгінгі отбасыларындағы ата-аналардың бала тәрбиесін заман талабына сай ұйымдастырудағы қабілеттері мен мүмкіндіктері бірдей болмай отыр. Ол үшін отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту өте маңызды. Ата-ана мен ұстаздың біріге жұмыс істеуі ең алдымен балаға пайдалы. Екі жақтың қамқорлығын сезінген бала өз тарапынан да жауапкершілік көрсетіп, үлгілі тәрбие мен мектептегі тәрбие бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп отырса ғана нәтижеге жетпек.
Бір елдің болашағын көргің келсе, сол елдің қазіргі жастарына қара - деген екен бір ғұлама. Қазіргі ұрпақ еліміздің жарқын болашағы, жанашыры және иесі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ елінің болашағы үшін бүгіннен бастап бар күш - жігерімізді салып, аянбай еңбек етсек нәтижелі іске де қол жеткізіп қалармыз. Жеткізіп жатқан жемісті жетістіктеріміз де жоқ емес. Мектеп - кеме, білім - теңіз демекші, бала бар жақсылық пен игілікті, тәрбие мен білімді мектептен алады. Дегенмен бар салмақ мектепте десек артық айтқан болар едік. Бала тәрбиесі мен білім беру ісінде отбасы мен қоғамның қосар үлесі ұшан - теңіз. Отан - отбасынан басталады деген жақсы сөз бар халқымызда. Отбасы мүшелерінің балаға әсері дұрыс болуы керек. Жақын жанашырлары әрдайым балаға тек түзу жол көрсетіп отырса, әсіресе тәрбие беру жолында халықтық педагогиканы пайдаланса, оның берер көмегі мол деуге болар еді.Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, - деген Әл-Фараби бабамыз. Ал тәрбиені балаға беретін отбасы, мектеп және қоғам. Осы үшеуі бірлесе жұмыс істегенде ғана өнімді де өнегелі ұрпақ шығатыны белгілі. Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып, мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай көтеріп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге, сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы, биязы -оспадарлығына қарамастан тыңдай білуге үйретеді. Себебі тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.Игілікті болашақ жолында өзара ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқан отбасы мен мектептер аз емес. Соның бірі ретінде өзім қызмет атқарып жүрген мектеп туралы бірер сөз айтқым келеді. Бұл мектеп өзінің мақсат қойғыштығы мен жүйелі жұмыс жүргізе білудегі асқан шеберлігін осы ұжымның өсіп - өркендеуіне пайдаланып, білім нәрімен сусындап жатқан әрбір баланың өмірін жақсы жағынан өзгерту жолында зор жауапкершілікті сезіне жұмыс жүргізеді. Ексең орасың – дейді халық даналығы. Жемісті білім алуы үшін оларға жан-жақты қадағалау жүргізіледі. Сабақтан кешікпеуі мен сабақты босатпауы басты назарда ұсталады. Күнделікті жүргізілген бақылау оқушылардың назары мен бар зейінін түбегейлі сабаққа ғана аударуына негіз болды. Мұғалімдер де жұмысын тоқтаусыз, үнемі ізденіс жүргізіп отырады. В.А.Сухомлинский өзінің «Ата-ана педагогикасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қоғамдық тәрбие отбасынан басталады».
3 билет
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының негізгі ережелері. (27.07.2007 жылы).
2. "Білім туралы Заңның" негізгі ережелері.
Бұл заңға сәйкес ҚР-сы Үкіметінің білімді дамыту туралы ұсыныстарын жүзеге асырудың жолдары белгіленген.Заңдағы ережелер білімнің дамуына жағдай жасайды.
Білім жүйесінің орталық білігі – жалпы орта білім. Оны жалпы білім беретін орта мектептер, жекелеген түрдегі тереңдетіп оқытатын мектептер, гимназия, лицейлер, кешкі мектептер, интернаттар, денесі мен психикасында кемшілігі бар балаларды тәрбиелеп, оқытатын мектептер береді.Жалпы білім беретін оқу орындарының алдында тұрған басты мімдеттер "Білім туралы" Заңның 8-бабында белгіленген. Олар:1) Жеке адамды дамытуға, қалыптастыруға жағдай жасау2) Оқушының білім беру бағдарламаларын меңгеруіне жағдай жасау.3) Оқушының шығармашылығын дамыту.4) Адамгершілік тәрбиесін беру.
5) Салауатты өмір салтының негізін жасау.6) Баланың дамуына жағдай жасап, оған ақыл-ой тәрбиесін беру.7) Елжандылыққа тәрбиелеу.8) Қүқықтық тәрбие беру.9) Саналы тәртіпке тәрбиелеу.10) Қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы, дәстүрлерін, мемлекеттік, орыс және шетел тілдерін оқыту.11) Оқытудың жаңа технологияларын енгізу.12) Білім беруді ақпараттандыру.3) Ғылыми дүниетанымды қалыптастыру."Білім Заңына" сәйкес бұрынғы кәсіптік-техникалық және орта арнаулы оқу орындары деген атау кәсіптік оның орнына бастауыш кәсіптік, орта кәсіптік, т.б. атаулар алынды."Білім туралы Заң" жас ұрпаққа берілетін білім мазмұнын мемлекеттің стандарттауын талап етеді. Онда оқушы меңгеруі тиіс негізгі білімдер, іскерлік дағдылар көрсетіледі.
2. Дидактиканың дамуына үлес қосқан қазақ педагогтары.
Дидактика және жеке әдістемелер. Қазақстанда дидкатика мен жеке пән әдістемесінің негізін салушылар.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет