Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет38/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

«Ер Төстік»
Қиял-ғажайып ертегілерінің ішінде неше түрлі қызық оқиғаларды суреттеуге құрылғаны – «Ер Төстік». Ертегінің негізгі идеясы – адам баласына қастық жасаушы жауыздық күштерге қарсы күресу, оларды қарапайым адамның қалайша жеңгенің көрсету болып табылады.
«Ер Төстік» ертегісі төрт бөлімнен құралады. Бірінші бөлімінде – Ер Төстіктің тууы, ағаларын іздеп шығуы, Кенжекейге үйленуі және Бекторымен кездесу жайлары; екінші бөлімінде – Ер Төстіктің Бапыхан мен Темірханның елдеріне баруы; үшінші бөлімінде – Ер Төстіктің Шойынқұлақпен күресі; төртінші бөлімінде – Ер Төстіктің еліне қайтып келуі баяндалады. Төрт бөлімнен құралған бұл ертегінің оқиға желістері бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Баяндалатын әңгіме-оқиғалар ертегінің бас кейіпкері Ер Төстік пен Кенжекей арқылы дамып, өрістеп отырады.
«Ер Төстік» ертегісінің өзіне тән бір ерекшелігі – оқиғалардың ғажайып халге, фантазияға құрылуында. Ертегінің кейіпкерлері жердің асты-үстін бірдей кезіп жүреді; әр түрлі қызық оқиғаларға кездесіп отырады. Осы ретте әр алуан күрделі образдар жасалады. Ертегінің негізгі идеясы кейіпкерлердің қал-жайын, олардың іс-әрекеттерін суреттеу арқылы дамып отырады.
Ер Төстік – ертегінің басты кейіпкері. Оның образы ертегіде әр түрлі жолмен жасалады. Белгілі мөлшерде Ер Төстік батырлар жырының кейіпкеріне, батырға ұқсап отырады. Ол ертегінің алғашқы бөлімінде жолдасы да садақ, азығы да садақ болған мықты мерген батырдың бейнесінде көрсетіледі. Ашаршылыққа ұшыраған әке-шешесін Ер Төстік құстың, аңның етімен асырайды. Мұны халық ертегісі Ер Төстіктің ерлігі, батырлығы деп дәлелдейді.
Ер Төстік өзінің қаңғып кеткен сегіз ағасын жалғыз іздеп шығады. Бұл жолда ол көп қиындықты басынан кешіреді де, ағаларын тауып әкеледі. Ер Төстіктің бұл ісі ертегіде батырлық әңгіме ретінде алынады.
Ер Төстіктің айдаһарды, Шойынқұлақты жеңуі оның батырлық бейнесін кеңінен аша түседі.
Дүниедегі ең күшті алып самұрық құс қаншама мықты болса да, жыл сайын балапандарынан айырылып қала береді. Оның балапандарын айдаһар жеп кетіп отырады. Бір қанаты он күндік жерді алған, ұшқанда қанатымен дауыл тұрғызатын алып қарақұс жаңағы айдаһарға қарсы амал жасай алмайды, одан балапандарын қорғай алмай жүреді. Сөйткен айдаһарды Ер Төстік қана жеңіп шығады да, одан жас балапандарды қорғап қалады.
Ер Төстікпен алысатын Шойынқұлақ – әрі айлалы, әрі мықты жау. Ол өзінің жанын қайқы қарагер еліктің ішінде сақтайды, сондықтан да оны ешбір жан жеңе алмайтын болады. Шойынқұлақтың бұл айласын Ер Төстік біледі де, ең алдымен, оның еліктің ішіндегі жанын құртады. Содан кейін Шойынқұлақтың өзін жеңеді.
Сөйтіп, ертегі Ер Төстіктің осындай ерлік істерін суреттей отырып, оның батырлық образын жасайды. Ер Төстікті әр түрлі жауыздық, зорлық жасаушы күштерге қарсы күресуші, жәбірленушілерді қорғаушы етіп көрсетеді. Бұл жөнінде оның көптеген ерлік істері фантазиялық түрде берілгенімен, халықтың ойы, арманы жауыздықты жақсылыққа жеңдіру екендігі көрініп отырады. Сондықтан да халық өзінің осы сияқты ойларын фантазиялық ертегілері арқылы да шебер бейнелеп отырған.
Халықтың ертегі, жырларында ерлермен қатар әйелдердің де жағымды образдары жасалған. Жағымды түрде алынған әйел образынан көбінесе ақылдың, білгірліктің бейнесі көрінеді, әйелдердің де ерлер тәрізді халық алдындағы борышын абыроймен атқара алатындығы суреттеледі. Мұны Кенжекей образынан да байқауға болады.
Кенжекей ертегіде өзінің ақылды, білгірлік істерімен, айнымас жар достығымен көрінеді. Мұнымен қатар, ол ертегіде сөз болып, бір-бірімен ұштасып, дамып отыратын әңгімелердің шығуына себепкер, соларға тиек ретінде алынады.
Кенжекейдің ақылды, білгір адам екендігі ертегінің өне бойында көрініп отырады. Ол Ер Төстікке қосылып, елінен аттанарда, әкесіне кісі жібереді де, еншісіне Шалқұйрықты, Құба інгенді, ақ сырмалы сауытты сұратады. Бірақ әкесі қызының бұл өтінішін қабыл алмайды. Сонда Кенжекей орынды дәлелдер айтып: «Шалқұйрықты сұрағаным – ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім. Құба інгенді сұрағаным – ер қосын артсын деп едім; ақсырмалы сауытты сұрағаным – Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім», – дейді. Сөйтіп, ол әкесінен қалаған еншісін алады. Бұларды ол өз қара басы үшін емес, бәрін де батырға лайықты нәрселер деп тауып, Ер Төстіктің қажеттігі үшін алады.
Көшіп келе жатып, Кенжекей өзінің қайын атасы Ерназарға «Сорқұдықтың басына көшін қондырмас», – деген ақыл салады. Бұл ақылды Ерназар қабыл алмай, Сорқұдыққа келіп қонады. Кенжекейдің ақылын алмаған Ерназар кейіннен қайғылы жағдайға ұшырайды. Бұл жерде халық ертегісі Ерназарды сынайды да, Кенжекейдің ақылды екендігін, батырға лайықты жар, жолдас бола алатындығын бейнелейді.
Кенжекей өзінің білгірлігімен Ер Төстікке де ақыл беріп отырады, ол шындықты жасырмай, турасын айтады. Неліктен Ер Төстікті әкесі жалмауызға бермек болғанын, егеуінің қайда қалғанын тура айтушы Кенжекей болады.
Әкесінің жалмауызға қалдырған егеуін іздеуге Ер Төстік аттанады, «жылқыдан алты аяқты ала атты мінеді де, жеті аяқты жирен атты жетегіне алады. Бірақ Кенжекей бұл аттардың алыс жолға жарамайтындығын, қиындық бола қалған жағдайда Ер Төстікке жолдас бола алмайтындығын біледі де:
Алты аяқты ала атың –
Қулық бие құлыны,
Табанынан тас батса,
Маңдайынан күн өтсе,
Алты күнге жарамас,
Жеті аяқты жиренің
Кәрі бие құлыны,
Табанынан тас батса,
Маңдайынан күн өтсе,
Жеті күнге жарамас, –
деп, білгірлік жасайды. Сонан кейін ол бүкіл әбзел, айыл-тұрман, сайманымен қамдаған Шалқұйрықты мінуді ұсынады. Ол Шалқұйрықтың батырға серік бола алатындығына сенеді. Шалқұйрықтың қандай қасиеттері барлығын ескертеді. Кенжекей баптап, тарту еткен Шалқұйрық кейінен Ер Төстікке көп қызмет етеді, батырдың сенімді серігі болады. Бұл әңгімелерді айта отырып, халық ертегісі Кенжекейдің жағымды образын жасап, Ер Төстіктің абыройын көтерген айнымас жары етіп суреттейді де, Кенжекейдің образын толықтыра түседі.
Ер Төстік көп жыл бойына жер астында жүріп қалғанда оның ел-жұрты енді Ер Төстік келмейді, жалмауыздың қолында қалды деп күдер үзеді. Бірақ батырдың күшіне сенген ақылды Кенжекей ғана Ер Төстіктен күдер үзбей, оны күтумен болады. Бұл оның жолдастыққа адалдығын, кіршіксіз махаббат иесі екендігін көрсетеді.
Мал шаруашылығымен кәсіп етіп, бір кездегі күн көрісі соған байланысты болған халық өзінің әңгіме-жырларына, ертегілеріне төрт түлік малдың бәрін де еңгізіп отырған. Осының нәтижесінде халықтың ауыз әдебиетінде төрт түліктің адам баласына істеген қызметін, келтірген пайдасын суреттейтін көптеген әдемі ертегі, жырлар туған. Халық ауыз әдебиетінде төрт түлік мал адам баласына тигізетін пайдасымен ардақталады. Мұны «Ер Төстік» ертегісінен де байқаймыз. Бұл ертегі көбінесе жылқы мен түйені қасиеттейді, олардың адам баласына келтіретін пайдасының, атқаратын қызметінің орасан көп екендігін сөз етеді. Осы негізде ертегіде Шалқұйрыққа айрықша мән беріледі.
Шалқұйрық – Ер Төстікке сенімді серік болған тұлпар. Оның басты қасиеті – жүйріктігінде, сан рет тар жол, тайғақ кешулерден Ер Төстікті құтқарғандығында. Шалқұйрықтың осындай қасиетіне сүйсінген халық өзінің ертегісінде оған тіл бітіртеді, адамша сөйлетеді. Ол Ер Төстікке ақылшы ретінде суреттеліп, қандай жағдайда не істеу керектігін айтып отырады. Мысалы, Ер Төстік жалмауыздың қолында қалған егеуін алуға келгенде де, жер астында түсіп қалғанда да оған ақыл үйретіп, көмек көрсетуші Шалқұйрық болады. Темірханның дарияға тастаған қазанын тауып әкелуші де, Шойынқұлақтың зынданда жатқан Ер Төстікті құтқарып алушы да – Шалқұйрық.
Шалқұйрықтың осы секілді қасиеттерін сүйсіне суреттей отырып, халық ертегісі жылқы баласын ардақтап, оларды ертегі-әңгімелеріне қосқан.
«Ер Төстік» ертегісінің қызықты болып, қиял-ғажайып әңгімелерге құрылуы жағымсыз кейіпкерлердің ісіне де байланысты. Ертедегі фантастикалық әңгімелердің көбі осы жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен, олардың жағдайларынан туып отырады.
Бұл топтағы ертегілердің қайсысында болса да, жағымсыз кейіпкерлер адам баласына жасаған қаскүнемдік, жауыздық іс-әрекеттері, сиқырлық-жәдігөйлік айла-әдістерімен, алдамшы-аярлығымен көрінеді. Олар неше түрлі ғажайып бейнеде суреттеледі. Ең алдымен бұлар өздерінің қастық ісін жүзеге асыру үшін сан алуан түрге еніп, құбылып отырады. Әр түрлі айла-амал жасап, адам баласымен жақындасады; адамға дос болғансып жүреді немесе адам баласының аяушылық білдіруін көздеп, сиқырлық пен бишаралық халге түседі. Ертегінің жағымсыз кейіпкері мыстандар адам баласына қастық жасау үшін, шырылдаған жас бала немесе қайыр сұраған кәрі кемпір болып келеді. Олар кейде су үстінде қалқыған өкпе бейнесінде жүреді. Ал жағымсыз кейіпкерлердің екінші түрлері шыбын-шіркейден бастап, әр түрлі жыртқыш аңның бейнесінде келеді. Қиял-ғажайып ертегілерінің кейбір кейіпкерлері алып денелі болады, оларға атсаң оқ, шапсаң қылыш өтпейді. Өйткені бұлардың жаны өздерінен бөлек жерде сақталады, не қырдағы киіктің немесе шүрегей үйректің ішінде, болмаса адам баласы бара алмайтын терең су түбінде болады.
Жағымсыз кейіпкерлердің бұл секілді кескіндері жауыздық іс-әрекеттері «Ер Төстік» ертегісінде де суреттеледі. Мұндағы Бекторы, Темірхан, Шойынқұлақ, Мыстандар адам баласына қастық жасаушылар ретінде алынады да, бұлардың образы дараланып жасалады, әр қайсысының өздеріне тән іс-әрекеттері, айла-амалдары жекеленіп суреттеледі. Жағымсыз образдағылардың іс-әрекеттерін суреттей отырып, халық өздерінің ертегі-әңгімелерінде, жырларында сөз ететін жағымды образдағы кейіпкерлердің бейнесін арттыра түседі.
Ертегідегі Бекторы күндестік пен бақталастықтың бейнесін елестетеді. Ол – мықты жау, оған Мыстан да, Шойынқұлақ та бағынышты. Олардың күшін, айла-амалын Бекторы өз мақсатына адам баласына қастық жасау мақсатына, пайдаланып отырады. Бірақ Бекторы қаншама күшті болғанымен, мақсатына жете алмайды. Өйткені адам баласына қастық жасаушылар халықтың ауыз әдебиетінде еш уақытта да өз мақсатына жеткен емес. Сондықтан да халықтың қиялынан туған Ер Төстік сияқты батырлардан оның жаулары әр уақытта да жеңіліп отырады.
Жер астының ханы Темірхан екіжүзділіктің, залымдықтың бейнесінде алынады. Бапының аманатын айта барған Ер Төстікті Темірхан жақсы шыраймен қарсы алады да, қызымды кімнің өнері асса, соған беремін деп уәде етеді. Осы ретте ол той жасайды. Сонда, барлық тартыста бәйгені Ер Төстік алып шығады. Бірақ солай бола тұрса да, Темірхан Бапыға қызын бермей, Ер Төстікті өлтіру жайын қарастырады. Бірақ Темірханның айла-әрекеттерінен еш нәтиже шықпайды. Темірханның бұл әрекеті оның екіжүзділігін, уәдеде тұрмай, жауыздық жасағандығын көрсетеді. Халық ертегісі Темірхан образын фантастикалық түрде жасағанымен, өмірде болған сондай жауыз хандарды тұспалдайды, олардың жиынтық образын береді.
Ертегідеді Мыстан мен Шойынқұлақ жауыздықтың, қара күштің иесі болып суреттеледі де, адам баласына неше түрлі қастық жасайды және олар Бекторы мен Темірханның әмірін орындаушы, қолшоқпар ретінде бейнеленеді.
«Ер Төстік» – еңбек адамының ғажайып жағдайларда жасаған ерлік істерін суреттеуге құрылған ертегі. Оны бұл ретте батырлық ертегі деуге болады. Ертегінің оқиғасы тұрмыс-салт әңгімелерінен басталып дами береді де, халық қиялынан туған сан алуан ғажайып оқиғаларды тізбектеп баяндайды. Бір оқиғадан екіншісі туып, олар бір-бірімен тығыз байланысып жатады.
Ертегінің оқиғалары өте шебер құрылып, басты кейіпкерлердің істерін баяндау жолымен дамытылып отырады. Барлық әңгіме-оқиғалар ертегінің басты кейіпкері Ер Төстіктің іс-әрекеттері арқылы суреттеледі. Мұнымен қатар, ертегінің көптеген оқиғалары Кенжекейге байланысты айтылады. Егер Кенжекей болмаса, Ер Төстік Бекторымен, Бапы және Темірханмен, Шойынқұлақпен кездеспеген де болар еді. Ол Ер Төстік арқылы баяндалатын оқиғалардың тууына басты себепкер Кенжекей болады. Кенжекей ертегідегі оқиғалардың тууына себепкер ретінде алынса, Ер Төстік сол оқиғаларды дамытушы, жүзеге асырушы болып бейнеленеді.
Мұнымен қатар, ертегінің әңгімесі диалог түрінде құрылады. Ертегінің көптеген әңгімелері екі адамның сөйлесуі арқылы өрістеп отырады. Кейде осы диалогтер арқылы күрделі образдар да жасалады. Темірханның еліне аттанған Ер Төстікке жолшыбай, Таусоғар, Желаяқ, Көлжұтар, Саққұлақ, Көреген кездесіп, жолдас болады. Бұлардың әр қайсысында қандай өнер барлығы диалог арқылы сипатталады; олардың сырт келбетін көз алдыңа елестетеді.
«Ер Төстік» – қара сөз және өлең аралас құрылған, халық тіліне өте бай ертегінің бірі. Мұнда әдемі теңеулер, метафоралар, сөз айшықтары өте жиі ұшырасып отырады. Аз сөзге көп мағына сыйдыра айту, түймедейді түйедей етіп көрсету, әр түрлі әсірелеу, шендестіру әдістерін қолдану – бұл ертегінің өзіне тән көркемдік ерекшелігі болып табылады. Хабарсыз кеткен ағаларын іздеп шыққан Ер Төстік «Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген белге» кездеседі. Осы бір әдемі, әсірелеу түрінде айтылған аз сөзде қанша мағына жатыр! Бұдан Ер Төстіктің көп қиыншылықтарды басынан кешіргендігі, арып-ашып мақсатына жеткендігі көз алдыңа елестей қалады емес пе! «Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде бір қанатының өзі айшылық жерді алып кетеді» деп, күрделі метафора арқылы үлкен портрет жасайды. Желаяқ жүгіргенде «құстай ұшып, құйындай ұйтқи» жөнеледі, жүрісіне шаң ілеспей қалады. Мұндай мысалдар «Ер Төстікте» өте көп. Оның бәрі ертекшінің халықтың тіл байлығын молынан пайдалана білгендігін көрсетеді.
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде Ер Төстік секілді ер жігіттер, батыр-мергендер жайы біркелкі молынан әңгіме болған тақырып. Солардың бәрінде халық арасынан шыққан қарапайым адамдардың ерлік істері, жауыздық пен жамандыққа қарсы батырлық күресі ардақталады. Бұл тақырып «Құламерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Аламан мен Жоламан» т.б. секілді ертегілерден басты орын алады.
Сол ертегілерде суреттелетін Құламерген, Желім батыр, Аламан мен Жоламан құралайды көзге атқан мергендер, ел-жұртын аңшылық кәсібімен асырап сақтаған ержүрек, өжет жігіттер болып келеді. Бірақ оларға қарсы күресетін аңдысқан қас жаулары жалғыз көзді жалмауыз, сырты момын, іші арамза мыстан кемпір бар. Бұлар алдамшы аяр немесе адам етіне жерік жалмауыз пішінде келіп қастық жасайды. «Аламан мен Жоламан» ертегісінде еңбек адамына жауыздық істейтін хан болады, ол өзінің қаскүнемдік әрекеттерін жүзеге асыру үшін мыстан кемпірді жұмсайды, оны пайдаланады. Мыстан Аламанға жас бала болып жабысады, мергеннің қару-жарағын, киім-кешегін сыпырып алады, мүшкіл жағдайға түсіреді. Бірақ бұл халден Аламанның құтылып шығуына мергеннің тұлпары, ғажайып алтын жүзігі жәрдем етеді. «Жерден шыққан Желім батыр» ертегісі де осындай оқиғаға құрылады. Мұнда Желім батырға қастық жасаушы жалғыз көзді жалмауыз болады.
Адам баласына қастық жасаушылар қаншама күшті, айлалы болса да, алдына қойған мақсаттарына жете алмайды, жеңіледі. Оларды қарапайым адамдар, еңбек ерлері, аңшы-мергендер талқан етеді. Халық ертегілеріндегі бұл секілді әңгімелер жауыздықты әр қашан да жақсылық жеңеді деген идеядан туған болады. Бұл идея неше түрлі тартыс, шиеленіскен оқиғалар арқылы бейнеленеді. Сонымен қатар, бұл ертегілер жауыздық істі халықтың дұшпандары ғана жасайды, олар әр түрлі айла-әдіс қолданады деген ойды да білдіреді, содан сақтандыруды және оған қарсы қалай күресу, нендей амал қолдану керектігі жайын аңғартады.
Халықтың қиял-ғажайып ертегілерінен аңшы-мергендер, қайраты мол ер жігіттермен қатар еңбек адамдарының да ерліктері мол орын алады. Еңбек адамдарының неше түрлі ғажайып жағдайда жасаған ерлік істері суреттеледі. Бұған мысал етіп «Керқұла атты Кендебай» дейтін ертегіні алайық. Бұл ертегінің әңгімесі екі бөлімнен құралады. Бірінші бөлімінде Кендебайдың тууы, халқы үшін жасаған қызметі айтылады. Екінші бөлімінде оның ерлік істері баяндалады. Бұл ертегінің оқиғасы басты кейіпкер – Кендебай арқылы дамып отырады.
Ертегінің басты кейіпкері Кендебай – Қазанқап деген кедейдің жалғыз баласы. Кендебайдың әкесі құс атып, балық аулап күн көреді, шешесі ау тоқып, жамау жамайды. Күндерде бір күн Қазанқаптың әйелі жүкті болыпты, тоғыз ай, тоғыз күн толғанда әйелі толғатып, босаныпты, торсық шеке, аппақ ұл туыпты. Ата-анасы қуанып, төбелері көкке жетіпті, баласына Кендебай деп ат қойыпты.
Кәрі ата-ананың қуанышы бола туған Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті, алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті, алты жылда алпамсадай жігіт болыпты. Ер жетіп алып күшке ие болған Кендебай шаруашылықпен айналысады, әке-шешесіне көмектеседі. Қару-жарақ асынып, аң аулайды, ауыл үйіне арқар мен киікті, құлан мен маралды үйіп тастайды. Қара судың бойында қара үйлі кедейлерді қарқ қылады» деумен ертегі Кендебайдың халық үшін туған батыр екендігін аша түседі.
Кендебай – мықты батыр. Оның батырлық істері ертегіде бірнеше ғажайып әңгімелер арқылы дәлелденеді. Ол жеті басты алып дәуді, жалмауызды, арыстанды жеңеді. Бұл аталғандар халықтың мазасын алған жаулар болатын. Халықтың мал-мүлкін тонап, адам етіне жерік болып, елге шабуыл жасаушы да солар. Міне, оларға қарсы аттанған Кендебай барлығын жеңіп шығады.
Халық ертегісі Кендебайды хан балаларымен де салыстырады. Бірақ хан балаларынан Кендебайдың ақылы, адамгершілігі, батырлығы артық болып шығады. Хан балалары жылқы күзетіне барғанда ұйықтап қалып, қадірлі биесінің алтын құйрықты құлынын жыл сайын самұрық құсқа алдыра береді. Олар әкесіне «бие құлындаған жоқ» деп өтірік айтумен жүреді. Бұлардың айтқандарының өтірік, шаруашылыққа орайы жоқ тоғышар екендігін жұрт алдында Кендебай әшкере етеді.
Сөйтіп, ертегі Кендебайдың жағымды образын жасайды да, қиял-ғажайып ертегісінде сүйкімді кейіпкердің бірі болып бейнеленеді. Кендебайдың ерлік-батырлық істері көп жағдайда оның сүйікті тұлпары Керкұлаға байланысты болады.
Керқұла «көзді ашып-жұмғанша айшылық жерді алты-ақ аттайтын» тұлпар ғана емес. Ол, ең алдымен, адам баласының досы, жолдасы есебінде алынады. Сондықтан да оған халық ертегісі тіл бітіріп, адамша сөйлетеді. Кендебай жаулармен жалғыз алысқанда, оған жәрдем беріп, жауларды қалай жеңудің ретін айтушы Керқұла болады. Кендебай жеті басты дәуді Керқұланың ғана көмегімен жеңеді.
Әрине, мұндай әңгімелер тек қазақ ертегілеріне ғана тән нәрсе емес, оны орыс халқының қиял-ғажайып ертегілерінен де кездестіреміз. Орыс халқының қиял-ғажайып ертегілеріндегі көкжал бөрі, тарлан көктер де Керқұла секілді өздерінің иелеріне қызмет еткен, неше түрлі қиын-қыстау жағдайлардан құтқарысып алған жануарлар болатын. Сондықтан да әрбір халық мұндай жануарларды өздерінің ертегілеріне жағымды бейнеде қосып отырған.
«Керқұла атты Кендебай» қазақ ертегілерінің ішінде өзінің тілі жағынан да, көркемдік ерекшелігі жағынан да елеулі ертегінің бірі болып саналады. Ертегінің тілі – тартымды да көркем. Мұнда халық тілінің зор байлығы толығынан пайдаланылғандығы көрінеді. Ертегінің тіл ерекшелігі – аз сөзге көп мағына сыйдыра айтып, сөз айшығын жасауында, бай тілінен көркем образ жасауында деуге болады.
Кендебайдың ер жетіп, халыққа қызмет еткен кезін ертегі: «Ол мейлінше қайырымды болыпты, жылағанды жұбатыпты, қысылғанға жәрдем беріпті, өзімдікі дегенді білмепті, жатсынуды сүймепті, табысына бүкіл ел ортақ болыпты» деп суреттейді. Мұндай сөйлемдер ертегіде жиі ұшырайды. Бұл ертегінің көп заман бойына қалыптасып шынайыланғандығын, әдебиеттік тілдің дәрежесіне көтерілгендігін дәлелдейді.
Қиял-ғажайып ертегілерінің тағы бір тақырыбы малшы-бақташылар жайында болып келеді. Онда мал өсіріп кәсіп еткен еңбек адамдарының ісін жағымды түрде бейнелеп, өздерінің адал еңбегі ақыл-өнері арқасында мақсаттарына жеткен шаруа адамдарының образын жасайды. Әрине, олар мақсаттарына бірден жете қоймайды, көп қиыншылықтарды, түрлі ғажайып жағдайларды бастарынан кешіреді. Содан кейін ғана олар армандарына жететін болады.
Мәселен «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде қарапайым бақташы шаруаның ғажайып ерліктері суреттеледі. Ертегінің бас кейіпкері – қойшы бала. Оның істері бір жақты алынбай, хан мен уәзірлерге қарама-қарсы қою ретінде жан-жақты алынады. Халық өз арасынан шыққан қойшыны, оның ақылын, батылдық қимылдарын, өжет өнерін жоғары бағалайды; хан мен уәзірден артық екендігін айқындайды. Ертегіде айтылатын әңгімелердің бәрі де қойшы баланың төңірегіне топтастырылып, оның еңбегін, ерлік істерін тізбектеп баяндауға құрылған.
Қойшы бала ертегінің алғашқы бөлімінде мал бағумен кәсіп еткен шаруа өкілі болып көрінеді. Үй ішін, ағайын-туысқандарын адал еңбегімен асырайды. Сөйтіп жүріп ол алтын мүйізді шұбар киікті ханға тарту етеді. Мұнысы ханнан сыйлық алу, ханға жағу ниетінен тумайды, ханды сынау ниетінен туады.
Баланың тартуға әкелген алтын мүйізді киігін алған хан қойшы балаға разылық білдірудің орнына оны неше түрлі қиын-қыстауға жұмсайды. Хан: «Киіктің астына қоятын алтын тақты әкел, әйтпесе басыңды алам», – деп әмір етеді. Бала мал-мүлкін сатып, ханның әмірін орындайды. Бірақ хан бұған да разы болмай, баланы тағы да қиын істерге аттандырады.
Ертегінің осыдан былайғы әңгімелері қойшы баланың тапқырлық, ерлік істерін баяндауға құрылады. Ол ханға алтын ағашты да әкеп береді. Ақырында, хан баланы күн астындағы Күнікей қызды әкелуге жұмсайды. Бұл өте қиын сапар болады. Бірақ айласы мен ақылына, батырлық-ерлік күшіне сенген қойшы бала Күнікейді іздеуге аттанады. Ол бұл жолда өзіне серік етіп Таусоғар дәуді, Көлжұтарды, Желаяқты, Саққұлақ тыңшыны ертіп алады. Солардың жәрдемімен ол барлық ғажайып бөгеттерді жеңіп, күн астындағы Күнікей қызды алып қайтады.
Халық ертегісі адал еңбегімен кәсіп еткен, қилы-қилы ғажайып жағдайда ерлік көрсеткен қойшы баланың образын өте сүйкімді етіп жасайды да, ерлік істерін аса жоғары бағалайды. Ертегінің соңында алтын мүйізді киікті, алтын тақ пен алтын ағашты халық адал еңбектің иесі болған қойшы баланың өзіне береді. Күн астындағы Күнікей қызды да қосады. Сөйтіп, халық ертегісі қойшы баланы мақсат, мүддесіне жеткізеді.
«Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде қойшы баланың образы жағымды болып жасалса, оған қарама қарсы хан мен уәзірдің жексұрындық іс-әрекеттері суреттеледі. Хан да, уәзір де халықтың жаулары екендігі бейнеленеді.
Ертегідегі хан мен уәзір образы бір бүтіннің екі жағы болып келеді. Бірақ өз ара айырмашылықтары да бар. Хан байлыққа көзі тоймайтын озбырлықтың бейнесінде алынады. Ал уәзір – асқан күншіл, пейілі тар, қытымыр адам. Ханды азғырып, қойшы баланы әр түрлі қиыншылықтарға жұмсайтын да осы уәзір. Оның образы арқылы еңбекші халықты, шаруа адамдарын жек көретін қанаушы тап өкілінің жауыздық, жексұрындық әрекеттері суреттелген. Ертегінің соңында хан мен уәзірді еңбекші адамға жауыздық жасай бергені үшін жазаға бұйырады да, ханды қасқыр уәзірді түлкі етіп жібереді. Халық екеуінде адамшылық бейнеден арылдырып, аң етеді.
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде ертедегі адамдардың еңбек процесінде аңсаған арман-мүддесі, жақсылықты болашақтан күтуі, жалпы кәсіп, тұрмыс жайындағы көзқарасы да көрініп отырады. Ертедегі ауыр еңбекті жеңілдету, жаңадан кәсіп құралдарын ойлап шығару жолдарын қарастырады, бұл жөніндегі ойын, қиялын ертегі арқылы болса да жүзеге асыруға тырысады. Осы негізде М.Горький айтқандай, «Ұшқыш кілем», «Жүрдек етік», «Керемет дастархан» т.б. туралы ертегілер туады. Бұл ертегілерден халықтың «білмегенді білсем, ауырды жеңілдетсем, көзді ашып жұмғанша, әлем дүниесін араласам, құстай ұшып самғасам, дүниенің асты-үстін араласам, ұлан байтақ даланы гүл-бақша айналдырсам, жақсы шат өмірге жетсем екен…» дегендей шарықтаған қиялы, ой-арманы, тілегі көрінеді.
Халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған кітабы – ертегілеріндегі осы сияқты ой-арманының өз кезінде айрықша мәні болғанын айта келіп, Ф.Энгельс «Немістің халық кітаптары» дейтін еңбегінде былай дейді: «Халық кітаптарының міндеті күні бойы ауыр жұмыс істеп, арып-талып қайтқан шаруаның көңілін көтеру, ойын ояту, ауыр азабын ұмыттыру, оған өзінің тастақ даласын жұпар аңқыған гүл бақшасы етіп көрсету болады. Халық кітаптарының міндеті қолөнерші ұстаның іс дүкенін, жапа шегіп жүрген ұста шәкіртінің лашық үйін жұмақ етіп, олардың жұпыны әйелдерін таң-тамаша сұлу етіп, патша қызындай көрсету болады. Сондай-ақ халық кітаптарының міндеті…Олардың сана сезімін, ықылас-жігерін, отанға деген махаббатын ояту, оларға өздерінің күш-қуатын, правосын, бостандығын аңғарту болады»101.
Демек, қиял-ғажайып ертегілерінің көпшілігі халықтың жоғарыда айтылған қиялынан, аңсаған арман-мүддесінен туған. Мұны қазақтың «Ұшқыш кілем», «Ағаш ат», «Үш өнерпаз», «Жеті өнерпаз» т.б. секілді ертегілерінен көреміз. Рас, қазақтың бұл тақырыптағы ертегілерінің біразы халқымыздың өзіндік тумасы болса, кейбіреулері көрші елдерден, әсіресе орыс халқынан, ауысқандығы байқалады. Соңғылары қазақ халқының көрші елдерімен әр түрлі саяси-шаруашылық, мәдени қарым-қатынастар жасау негізінде енген, дейді академик М.Әуезов. Әйткенмен, біз бұл ертегілердің қайсысын болса да қазақтың ауыз әдебиетіне ертеде қосылған, сіңісіп кеткен, өз тумасы болған шығармалары деп қараймыз.
Аталған тақырыптағы қазақ ертегілерінде халықтың ерте кезде арман еткен қиялы, көксегені мен көздегені суреттеледі, осы жолда неше түрлі қиыншылықтарды басынан кешіріп, мақсатына жеткен өнерпаз ерлері үлгі етіледі. Оларды ертегісіне қоса отырып, халық «солардай өнерлі-өршіл бол, іздеген табады, қуған жетеді» дейді. Және осы топтағы ертегілердің жағымды кейіпкерлері бір-бірінен өнер асырып, алға ұмтылады. Олар халықтың қиял еткен арманын орындаушы да болады. Мәселен, «Жеті өнерпаз» деген ертегіде ел-жұрттан өнері асқан өнерпаздардың жайы айтылады. Әр қайсысының жұртты тандандырған ғажайып өнері болады. Бірінші өнерпаз кішкене ғана тақиясына мініп алып, дүние жүзін аралап шығады; екіншісі, қай жерде не болып жатқанынан хабар алып отырады; төртіншісі көзді ашып жұмғанша бір көлдің суын екінші көлге құяды; бесіншісі, тау-тасты қопарып тастап, оның орнына алтыннан сарай орнатады; алтыншысы, құлазыған даланы қалың орман, гүл-бақшаға айналдырып жібереді; жетіншісі, күн жайлатады, қыс пен жаз мезгілдерін қолдан жасайды.
Бұл ертегінің әңгімелері халық қиялынан туған болса да, оның негізінде шаруа адамының аңсаған арманы жатқандығы айқын. Жеті өнерпаздай болу, соған талпыну керек деп аңғартатыны да аян. Ал осы тектес кейбір ертегілерде өнерпаздардың өнер жарысы жұмбақ түрінде аяқталатыны да бар. «Үш өнерпаз» деген ертегіде өнерлі үш жігіттің ғажайып істері әңгімеленеді. Оның біріншісі – көреген, екіншісі – мерген, үшіншісі – ұшқыш болады. Бұлар өздерінің өнерін сынатпақ болып бір елге келсе, қалың жұртын абыржып отырған үстінен шығады. Мұнын мәнін сұрастырса, бір адамның аяулы қызын алып, қарақұс аспанға көтеріп әкеткен екен. Осыған барлық ел-жұрт қайғылануда екен. Осыны ести сала жаңағы үш өнерпаз іске кіріседі. Көреген алып қарақұстың қай жерде ұшып бара жатқанын айтып, Мергенге жөн сілтейді. Көрегеннің сілтеуімен Мерген садағын атып жібереді; қызға тигізбей алып қарақұсты қақ айырады; қыз аспаннан төмен қарай құлдырап түсіп келе жатады. Осы сәтте үшінші өнерпаз аспанға ұша көтеріліп, қызды жерге түсірмей қағып алады. Бұлар қызды аман-есен ауылына алып келеді. Жиналған жұрт зор қошемет көрсетеді; бірақ бас бәйгіні үш өнерпаздың қайсысына беруді білмей аң-таң болады. «Бас бәйгі маған лайық, – дейді Көреген, – алып қарақұсты мен көрмесем, оның қалай қарай кетіп бара жатқанын айтпасам, қызды ешкімде айырып ала алмаған болар еді». Сонда Мерген тұрып былай дейді: «Көрегеннің сөзі дәлелді емес. Егер алып қарақұсты мен атып түсірмесем, Көрегеннің көргенінен не пайда? Мен болмасам, Көреген алып қарақұсты көргенмен оған жете алмай, қызды алып қарақұс әкете берер еді. Сондықтан бас бәйге маған тиісті». Енді сөзді үшінші өнерпаз алады: «Көреген мен Мергеннен де менің өнерім артық. Аспаннан құлап келе жатқан қызды ұшып барып қағып алдым. Егер қызды мен қағып алмасам, онда қыз тау-тасқа құлап, күл-паршасы шығар еді. Қызды қарақұс әкетті не, құлап өлді не, бәрі бір – одан ел тірідей айрылған болар еді. Қыздың аман-есен қалуына мен себепкер болдым. Ендеше бас бәйгі менікі». Бас бәйгіні бір-бірінен өнерін асырған үш жігіттің қайсысына беруді білмей жұрт аңтарылып қалады. Ертегі: «Бас бәйгі менікі деп үш өнерпаз осы күнге дейін таласуда оны сіздер қайсысына ұйғарар едіңіздер?», – деп, сөз салмағын тыңдаушы көпке тастайды. Бұл жігіттерді өнеріне сүйсінген халық ертегісі басқаларды да солардай өнерлі болуға үндегендей болады.
«Ағаш ат» дейтін ертегіде де бұрынғы адамдардың аспанда ұшу мүмкіндігін қиял еткендігі әңгіме болады. Онда он саусағынан өнер тамған бір шебер ағаштан ат жасап, әр түрлі құралдармен жабдықтайды. Ағаш аттың оң құлағын бұрап қалса, аспан әлеміне көтеріле жөнеледі; сол құлағын бұраса, жерге түседі; көзді ашып-жұмғанша айшылық жерді бір-ақ аттайды.
Сондай-ақ, «Ер Төстік» пен «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегілерінде айтылатын Таусоғар, Желаяқ, Көлжұтар, Саққұлақ т.б. халық қиялының жемісі болатын. Бұларды ертегі еткен халық осылардай өнерлі, тау-тасты талқандайтын күшті адамдар болса екен, қас қаққанша алыстан хабар алдыратын немесе алыс жерге бір-ақ жеткізетін құрал болса екен деп қиялдайды. Әрине, мұндай құралдардың қалай жасалатындығын халық ертегісі ашып айта алмайды, тек арман етеді, аңсайды, «болса екен» деп болжау айтады. Және сондай құралдың болатындығына сенім білдіреді. Ертегілердің осы бір оптимистік сипатын байқаған М.Горький «Тақырыптар туралы» жазған еңбегінде және Жазушылардың бірінші съезіне жасаған баяндамасында халық қиялының техникалық прогреске жетуге түрткі салғанын айрықша атап өтеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет