4. Қошқарлардың гигиенасы
Мал басын өсіруде қошқарлардың тұқымы мен қатар күйі, ұстау жүйесі және одан алынатын ұрықтың сапасы оларды азықтандыру мен күтіп-бағуына тікелей байланысты болады. Сондықтан қошқарларды мезгіл-мезгіл әртүрлі ауруларға, әсіресе ұрық арқылы тарайтын бруцеллез, инфекциялық эпидидимит, вирусты іш тастау т.б. тексеру жүргізіп отырады. Жаңа шаруашылыққа әкелінген қошқарларды 30 күн карантинге ұстайды. Карантин кезінде оларды инфекциялық және инвазиялық жұқпалы аурулардың барлығына мұқият зерттеулер жүргізеді. Егер қошқарларда жұқпалы аурулар байқалса оларды изоляторға жекелеп ауыстырып, емдеу жұмыстарын жасайды. Карантин аяқталған соң, инфекциялық ауруларға (3-айда бір реттен кем емес) қайталап тексеруден өткізеді де, нәтижелерін арнайы жұрналға тіркейді.
Қошқарларды шағылысқа 1,0-1,5 жасынан бастап пайдалана бастайды. Шағылысу кезінде ірі қошқарлар үшін тәулігіне 3-4, жас қошқарларға – 2 рет шағылысқа түсуіне рұқсат етіледі. Ұрықты қошарлардан таңғы және кешкі мерзімдерде алу керекте, күндіз дем алыс беріледі. Асыл тұқымды қошқарлар қалыпты күтім мен құнарлы азықтандырған кездерде жыл, әсіресе шағылыс және шағылысу мерзімдердің алдында күніне 5-6 рет шағылыстан өткізе алады да, ұрықтың сапасын төмендетпейді.
Қошқарға артық салмақ түсіріп пайдалану кезінде, олардың рационына 3-4 шикі тауық жұмыртқаларын және 2-3 л сүт береді. Тәулік ішінде кем деген 6 сағат бойы серуен аланыңда жүргізіп немесе жаю қажет. Мацион жетіспегенде қошқар семіріп, қозғалысы бояуланып, шағылысқа бармай, еріншек келеді.
Саулықтар мен табиғи шағылысқа қосқан кезде қошқарлардың 2-3 аптадан кейін жыныстық активтігі (қарқыны) төмендеп кетеді. Жасанды ұрықтандыру тәсілін пайдаланғанда әр қошқарға жыл ішінде 5 000 саулыққа дейін бекітіліп, ұрықтандырылады.
Қошқарлардың үрпі маңайының жиырылған тері араларындағы микроорганизмдерден (кокки, стрептококки, ішек таяқшалары т.б.) тазартып, әр он күнге бір рет 1:1000 қатысындай фуразолидон ертіндісімен жуып отырады. Жылына кем дегенде 3 рет тұяғының өскен жерлерін кесіп, түзетіп отырады.
Қошқар қораларда ауа температурасын 5ºС, салыстырмалы ылғалдықты 80 % жоғарлатпай, жарық коэффициентін 1:20 шамада болуы керек. Аса тұқымды қошқарларды жеке клеткаларда әр басқа 4 м² еден ауданынан есептеп, ал басқа қошқарларды клеткаларда топтап (4-10 басқа дейін) әр басқа 1,5-1,8 м² еденнен есептеп ұстайды.
Дәріс 3. Жылқы малдарының гигиенасы (2 сағ)
Қаралатын сұрақтар:
1. Жылқы малдарын ұстау жүйелері
2. Жылқы фермаларының негізгі құрамдары
3. Жылқы малдарын азықтандыру және суарудың ерекшеліктері
4. Айғырларды күтіп-бағудың гигиенасы
Жылқы малдарын өсіру көптеген шаруашылықтар үшін, әсіресе табынды-жайып ұстауға қолайлы Қазақстан, Қырғызстан, Башкирстан, Бурят, Якут, Алтай т.б. елдерде кең тараған. Олардан тек құнарлы, сіңімді ет, сүт алып қана қоймай, міну және жегіп жүк тасу жұмыстарына пайдаланады және көптеген жарыс ойындарына қосып, жүлделі орындарға ие болады.
Сол сияқты жылқылардан биологиялық препараттар (гипериммунді қан сөлдері, гамма-глобулиндер, қарын сөлдерін т.б.) алуға пайдаланады.
Жылқылардың осындай т.б. ерекшеліктеріне негіздеп төрт бағытта өсіретін шаруашылықтар болады.
-
Жұмыс бағытына арналған жылқылар – шаруашылық ішіндегі жүк тасымалдау, бір жерден бір жерге қатынасу, малдарды айдау, жайып-бағу, шағын жерлерді жыртып өңдеу т.б. үшін пайдаланады;
-
Өнімдік бағыттағы жылқылар – ет, қымыз, өндірістерді табында ұстау кезінде, жыл бойына, арзан құнарлы өнімдермен әсіресе жоғарғы сортты жылқы колбаса – шұжықтармен ұлттық дәмді – қазы, қарта, жал, жая тағамдарымен, дем алу орындарына (курорттарға) құнды емдік қасиеті мол сусын-қымыз дайындау, емдеу мекемелеріне арналған емдік биологиялық активті препараттар жасап шығару т.б. алуға;
-
Спорттық бағытындағы жылқылар - әртүрлі мәдени-спортты ойындарға, туристік саяхаттарға, арнайы жарыстарға арналған;
-
Жаңа тұқымды жылқыларды өсіріп және ескіні жаңарту бағытындағы селекциялық жұмыстарды жүргізу.
Жылқы малдарын айтулы мәнде өсіріп дамыту үшін және бұл саладан ең жоғарғы өнімдер алуға зоогигиеналық талаптарға сәйкес күтіп бағу шараларын қолдану қажет.
1.Жылқы малдарын ұстау жүйелері
Жылқы малдарын ұстау жүйелері мен тәсілдерін таңдау әр шаруашылықтың жағдайына, алған бағытына, жер орайы, ауа райына байланысты жасалады.
Жылқы шаруашылығында екі ұстау жүйесі: қорада және жайылымда - табында қолданылады.
Табында жайып ұстау жүйесі – ертеден келе жатқан тиімді, жылқыларды табиғый жайылымдарда жайып, арзан өнімдер алуға негізделген. Бұл жұйені малдардың бағыты, шаруашылықтың мүмкіншілігіне және жер орайына байланысты екі тәсілде пайдаланады. Мәдениетті табында және жақсартылған табында ұстау болып бөлінеді.
Мәдени-табындау тәсілі бойынша асыл тұқымды және жергілікті тұқымды жылқыларды жылдың көп мезгілінде жайылымдарда ұстап күтіп бағады. Ал қыстың суық кездерінде - іші байлау және бөлмелі (денникті) орындарға бөліп жабдықталған қораларда ұстайды. Ол үшін табындағы жылқыларды жасы және жынысына қарап біркелкі топтарға бөледі (биелер, құлынды биелер, аттар, айғырлар т.б.)
Мәдени табында ұстау кезінде жылқыларды, әсіресе жайылымдардың шөбі азайып, құнары кетіп тозған кездерде және қары қалың, суық боранды, мұзды мезгілдерде шөп және құрама азықтар мен көректендіру қаралады. Ондай суықтарда аналық биелерді жылыланбаған қораларда немесе ашық базаларда шөп беріп (14-20 кг 1 басқа) күтеді де, ашық күндерде оларды да басқа малдар мен бірге жайылымға шығарады.
Жақсартылған табындарда ұстау тәсілі кезінде жылқыларды жыл бойы жайылымда жаяды. Ауа райының өте қолайсыз кездерінде айғырлардың арық-жүдегендері, құлынды-буаз биелермен әлсіз, ауру тай-жабағыларға арнап, жеңіл, жергілікті арзан материалдардан ықтырма қоралар (15-20 % ) қаралады. Қалған жылқыларды қатты суық борандарда табиғи ық жерлер: тау ықтары, жар жиектері, орман, қараған араларын пайдаланады. Жергілікті материалдардан (талдар, қамыс т.б.) ықтырма, жаппа базалар салып, онда шөп қорымен су қоймасы қаралады. Жайылымда табындап ұстау кезінде жылқылар жасына қарай бөлінбей, үйірімен жүреді. Әрбір үйірде әр жастағы ұрғышы жылқылар және бір айғыр болады. Тәжіриблі қартаң айғырлардың үйірінде 30 басқа, жас құнан-дөнен айғырларда – 15 басқа дейін ұрғышы жылқылар және құлын-жабағылар болады. Басқа- еркек жылқылар (аттар, тай, құнандар) жеке табын ішінде, үйірден бөлек бағылады.
Табындағы жылқылар тығыз жүнді және қалың қабатты терілі болып келеді де, жаздың аса ыстықтары мен қыстың аяздарына төзімді болып келеді. Жергілікті аймақтық ауа райына шыныққан жылқылар қалың қар (40-50 см) астынан, мұз болып қатып қалмаған болса, өзіне қажет көрек азықтарды тауып жейді (тебіндеп).
Шаруашылықтың бағыты және табиғи жайылымдардың орайы мен су көздерінің молдығына байланысты табындардың размері әртүрлі болады.
Құлынды биелердің табында 80-150, айғырлар 20-25, жас жылқылар (тай, күнандар)- 150 басқа дейін болады. Жайылымы жазық аймақтарда ет бағытындағы жылқылар үшін ір табынның мөлшерін, тай-жабағыларымен қосқанда – 400 басқа дейін, ал таулы жерлерде 100 басқа дейін топталады.
Жылқыларды бір жайылымнан екінші жайылымға ауыстырып, айдаған кезде сағатына 6-7 км жылдамдықтан асырмай және 10-15 км кейін жайып, дем алыс беріп, жалпы тәуліктік жүруі – 30 км аспауы керек. Жайылымдар эпизоотологиялық жағынан жұқпалы аурулар бұрын, шықпаған таяу маңдарда өлген малдардың өлекселері сақталған орындар жоқ, көліктер мен мал айдалатын жолдардың түйісінде орналаспаған болуы керек.
Жылқыларды қорада ұстау жүйесі – кезінде, олардың өндірістік бағыты, физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты жекелеп және топпен ұстайды. Ол үшін жылқы қораларының ішінде жекелеп тұрғызып ұстау үшін жан-жағы сырықтар мен шектелген бөлмелер – денниктер, топтап ұстауға ірі секциялар жасалады. Денниктерде көбінесе, негізгі айғырларды, құлынды биелерді, енесінен айырған жабағыларды және өнімдік бағалы тай-құнандарды ұстайды. Қалған тұқымдық көрсеткіштері бойынша төмен бағалы жылқылар, жұмыс аттары топтап 20-100 басқа дейін ірі секцияларда (залда) ұсталады. Топта (залды) ұстайтын қоралардың ішінде де билердің құлындайтын орындар-денниктер қаралады.
Жылқылар зауыттарына, қораның ық жағынан серуен алаңдары (поддоктар) қаралады. Жекелеме серуен алаңдарының ауданы негізі айғырлар үшін – 600 м², үйрететін жас жылқыларға - 400, басқа жылқылар топтарына – 200 м² қаралады. Жұмыс аттары үшін серуен алаңдары қаралмайды, бірақ аттарды тексеріп, тазалау жүргізу үшін сыртқы ат байлау орындары қаралады.
Жылдың жылы мезгілдерінде қорада ұстаған жылқыларды да, қоршалған, жасанды шөптер егілген жайылымдарда жастары бойынша топтап 50-80 бастан жаяды. Ондай арнайы қоршалып жасалған жайылым орындарында (зауыдтарда) жаю ливадалық тәсіл деп аталады.
Жылқыларды суаруға таза құдық сулары пайдаланады. Санитарлық-гигиеналық талаптарға суларының сапасы сәйкес келетін өзендер, көлдер, бұлақ және тұма суларында пайдалануға болады.
2. Жылқы фермаларының негізгі құрамдары
Жылқы фермалары, құрғақ, жер астының сулары жоғары емес жерлерге орналастырылады. Ферманың территориясы рельефі бойынша табиғый жауын, қар сулары ағатындай , жан-жағына еңіс болуы керек. Батпақты жерлер, әртүрлі ағынсыз сулардың жағасына таяу орналастырылмайды. Ондай жерлерге салынған жылқы қораларының іші сыз болып, әртүрлі аурулардың шығуына апарып соғады.
Жылқы фермаларын мал өнімін өңдейтін, өндіретін өндірістерден (тері зауыдтары, ет комбинаттары т.б.) 3 км жақын, малдар өлекселерінің қоймаларынан, ірі жол қатынастарынан 2 км таяу орналаспауы керек. Жылқы фермаларына орын тандағанда ол жерлердегі ветеринариялық-санитарлық және зоогигиеналық талаптардың дұрыс сақталып, ондағы эпизоотологиялық жағдайдың амандығы ескеріледі.
Жылқы қорларына және оның ішкі орналасуына ойылатын зоогигиеналық талаптар
Жылқы қораларын жобалап және салу ол аймақтың ауа райының жылдар бойғы көрсеткіштеріне, шаруашылықтың бағытына, ұстау жүйелеріне және малдардың жасы, жыныстық құрамдарына негізделіп жүргізіледі. Жылқы қоралары малдарды орналастыруға және технологиялық процесстерді жүргізуге қолайлы болуы керек. Жылқы қораларында қосымша жылыту көздері қаралмай, малдардың өздерінің бөліп шығаратын жылуымен ғана қалыпты температуралық режим ұстап тұратындығын ескеру қажет. Сондықтан қораның сиымдылығын зоогигиеналық нормативтерге негіздеп, оған орналасатын мал басын қалыптап және қора бөлшектеріне пайдаланатын құрылыс материалдарының ең төменгі жылу өткізгіштік коэффициентері болуын қадағалау керек.
Гигиеналық сапасы жағынан, жылқы қораларына саманды кірпішті қабырғалар, силикат кірпіштерінен салынғанмен салыстырғанда, жылулық қасиеттері және құрғақтығы жағынан кем түспейді, тіпті ауа өткізгіштігі бойынша артық болады.
Жылқы қораларының төбесінен су өтпейтін және жылу ұстағыш болуы керек.
Қоралардағы жылудың тез тарап, температурасы төмендеп кетпеу үшін, оларды желдің басыңқы өтіне бір басын (немесе бұрышын) қаратып, өте суық аймақтарда солтүстіктен оңтүстікке, ал жылы жақта шығыстан батысқа қарай орналастырады.
Жылқы қораларының ең басты бөлшектерінің бірі еден болып саналады. Ол құрғақ, берік және төменгі жылу таратқыш қасиеті бар, су өткізбейтін және тегіс, тайғақ болмауы керек. Жылқылардың физиологиялық ерекшеліктеріне көбінесе сәйкес келетін еден-нығарланған саздан жасалатындар болып саналады. Бірақ ондай едендер тез суланып кететіндіктен жиі төсеніштерді (саломаны) ауыстырып, нәжістерді дер кезінде қырып, тазалап отыру үшін көп уақытпен еңбекті керек етеді. Гигиеналық тұрғыдан қарағанда жылқы қораларының едендерінің ағаштан жасалғаны дұрыс болады. Бірақ ағаш едендері де сыртқы факторлардың әсеріне шыдамай, тез істен шығады және дымқылданған кезде тайғақ болып, жылқының мертігу қаупін туғызады. Кәзіргі кездерде жылқы қораларына берік, тиімді және жылы керамзитті бетоннан жаслған едендер кең орын алады. Жылқы қораларындағы жылудың тарап кетпеуі үшін, оларға тамбурлы (екі есікті) қақпалар қаралады.
Жылқы шаруашылығының бағытына және жер орайына байланысты қораларды Г және П типті қылып салады. 40 бас тұқымды жылқыларға арналған, екі қатарлы денниктер орналастырылған қораның жобасы келтірілген.
Қораның ортасынан ұзын бойы мен көлік жүретін ені 3 м жол қалдырылған. Қораның көлдененінең орта тұсында аттарды шығарып жегетін бөлме (манеж) қалдырып, оның екінші басына жалғастырып қосымша бөлмелер (хамыт сайман, жем қоймасы, ұрық алып тексеретін, су қоятын т.б.) салынған. Зоогигиеналық норматив бойынша денниктердің размері – айғырлар үшін – 16 м², құлынды биелерге – 14, үйретілетін құнандарға - 12 м² бөлінген. Денниктерді бөлетін қабырғаларды үстіріктелген тақтайлардан немесе керамзит-бетонды плиткалардан 1,4 м биіктікке дейін тұтас, ал 2-2,4 м метал сырықтардан аралығын 5-6 см жасайды. Денниктің бұрышына ірі жылқылар үшін 1 м, жас тай-құнандарға – 0,6 м биіктікте, ұзындығы – 1- 1,2 м, ені үстінен -0,6 м, түбінен – 0,4 м, тереңдегі – 30 см, азық науаларын қояды (кесте 9).
Азық науаларының жанына су құбырын таратады. Зоналдық (топты) тәсілмен ұстағанда әр секцияда 20 бас тай, құнандарды – 6,0-6,5 м² еден ауданынан бір басқа есептеп орналастырады. Үлкен жылқылар үшін еденнің ауданын әр басқа 8 м² дейін өсіреді.
Жылқылардың бір-бірін жарақаттанудан сақтандыру үшін, тұрақтарды, жуандығы 10-12 см сырықтар мен (ағаш немесе метал) алдыңғы жағынан 1 м жандарынан – 0,65-0,7 м биіктікте бөледі. Оларды цимбал деп атайды (сурет 5). Жылқыларды топтап ұстағанда азық науаларын ұзын қабырғалардың бойы мен, еденнен оның үстіне 1 м үлкен жылқыларға, 0,6 м жас тай-жабағаларға арнап орнатады. Мұндай тәсілмен ұстағанда суға арнап секцияның ішіне жылқылар үшін – 0,5-0,7 м биіктікте, үстінен есептегенде ені – 0,6 м, түбінен – 0,4м, тереңдігі – 0,4 м, ір басқа – 0,6 м есептеп астаулар қойылады.
Әрбір секциядан серуен алаңына (паддокқа) жылқылар шығатын есік қалдырады. Ондағы орындар әр жас жылқылар үшін өнімдік фермаларда – 12 м², тұқымдық – 20 м² ірі жылқыларға – 20 м² есептеледі. Ондай серуен алаңдарының жалпы ауданын барлық жылқылардың топтап ұстаған кездерде 15-20 %, жекелеме ұстағанда – 10-15 % есептеп бөлінеді.
Жылқылардың қораларының биіктігі (ішкі өлшемі) өнімдік және жұмыс жылқылары үшін – 2,4-2,7 м, тұқымды бағыттағы фермаларда – 3 м, топтап ұстағанада 3,5 м, аттарды ерттеп-жегетін манеждерде – 4,5 м жас жылқыларды үйрететін манеждерде – 6 м болады.
Жылқы қораларында микроклимат қалыпты нормада болу үшін ондағы ауаны мезгілінде алмастырып отырудың рөлі зор. Жылқы қораларда, көбінесе ауа алмастыру табиғи тәсілмен жүреді. Ол үшін ішкі ескі ауаны шығаруға арналған құбырлардың беттерінің ауданы әр басқа шаққанда ірі жылқылар үшін – 250-300 см², жас тай, жабығыларға – 100-150 см² қаралып, есептеп шығарады. Жылқы қораларының микроклиматының көрсеткіштері, оларды ұстау тәсілдеріне, жастарына байланысты әртүрлі болады (кесте 10). Қорадағы микроклиматтың көрсеткіштері, әсіресе ауаның құрамындағы зиянды газдардың мөлшері тікелей ондағы канализацияның жұмысына байланысты болады. Жылқы қораларында, кәзіргі кезде көңнен тазарту үшін қырғыш транспортерлерді пайдаланады.
3. Жылқы малдарын азықтандыру және суарудың ерекшеліктері
Жылқы малдарының тұрақты денінің саулығы, жоғарғы өнімділігі және жұмыс күші айтулы мөлшерде оларды зоогигиеналық ережелерге сүйеніп азықтандырумен суаруға байланысты болады.
Жылқыларды азықтандыру кезінде азықтың сапасына, дайындау тәсілдеріне, беру ретіне т.б. бақылау жасалмаса, олардың әртүрлі ас қорту процесстерінің бұзылып, ауруға ұшыруы жиі кездеседі.
Ас қорыту процесстерінің, жылқы малдарының организмінде қалыпты жүру үшін және әртүрлі ауруларының алдын алу мақсатында оларға беретін азықтардың ретін сақтау қажет. Ол үшін алдында қатаң, одан соң сулы, ал ең соңында дәнді, құрама азықтарды беру керек. Дәнді азықтарды берудің алдында 30-40 минут бұрын жылқыға су ішкізіп алады. Ең соңында тағы да қатаң азық береді, яғни суын басқызады. Мұндай ережелерді сақтамаған жағдайда, мысалы дәнді азықтарды (жемді) жылқыға жұмысқа пайдаланғаннан кейін жедел берсе, олардың ас алмасу процесстері бұзылып, көбінесе ауруға ұрындырады (іші кеуіп). Дәнді азықтарды бергеннен кейін жұмысқа пайдаланбау қажет (мініп, жегу), ал дұрыс ас қортылу үшін 1,0-1,5 сағат дем алғызу керек. Сол сияқты дәнді, құрама азықтар мен көректендіргеннен соң жылқыларға сулы азық немесе су бермейді, керісінше азықтардың бүл түрлерін алдымен жылқыны суарып алып барып береді.
Жылқылардың ас қорыту мүшелерінің күйіс қайыратын малдар мен салыстырғанда анатомиялық құрлысындағы ерекшелігіне байланысты, оларға жоғары сапалы, ішінде көректі заттары толық азықтармен ғана көректендіру қажет. Үсіген, шіріген және көгерген азықтар жылқылардың еріндеріне жара түсіп, іші бұзылып, ішектері кеуіп (колик) әртүрлі аурулардың шығуына апарып соғады.
Жылқылардың рационына дәнді азықтардан жүгеріні кіргізеді, бірақ жүгері, құрғақ (ылғалдылығы 17 %) болып, малдың семіріп кетпеуі үшін азық рационының 1/3 бөлігінен артық болмауы керек. Кей кезде жылқылар рационына жарма және күнжара қосады. Олардың тәуліктік мөлшері: күнбағыстың – 2 кг, мақта – 0,5 кг, кендір күнжарасы – 3 кг артық болмауы қажет. Жылқылардың рациондағы қажетті азықтың ең жиі кездесетін түрі сұлы және арпа болып саналады. Сәбіз бен қант қызылшасын кесіп, тәулігіне 10 кг дейін беруге болады. Жылқылардың негізгі азығы сапалы шөп болады.
Жылқыларға шөпті төменде орналасқан науалардан беруге болмайды. Ондай жағдайда олардың шөп тозаңдары мен, қыйқымдар мен жылқының терісі, көзі ластанып, жас жабағы, тайлардың белдерінің бүкір болуына әсерін тигізеді.
Жылқыларды тәулігіне үш рет суғарады. Жаздың ыстық күндерінде олардың суға сұранысы жоғарлайды.
Жұмыстан соң, жүріп терлеп келген жылқыларды жедел суаруға болмайды. Ондай кезде суық судың әсерінен жылқының ішегі түйіліп, «тышқан» болып ауырып, көбінесе өлімге ұшырайды. Ондай «ыстық» аттарға қатаң азық беріп, артынан 50-60 минуттан соң ғана суаруға болады. Егер терлеген атты суаруға тура келсе, оны жұмыс аяқталудан 30-40 минут бұрын су ішкізуге болады және жылқы қатты асығып жұтпай, сыздықтатып ішу үшін ауыздығын шешпей, немесе шелектегі судың бетіне шөп (солома) салып қойып ішкізеді. Бұл зоогигиеналық талаптарды орындамаған жағдайда жылқы ауруға ұшырап, көбінесе буыны ісіп, аяғына қан түсіп (ревмотизм) ақсап жұмысқа жарамай, жүре алмай қалады. Сол сияқты дәнді азықты бергеннен кейін су ішсе, ол жылқы ішінде бөртіп, қарнын газбен толтырып-кептіреді. Жем жегеннен кейін 2 сағат өткен соң су берсе ғана қауіпсіз болады.
Жылқылардың суық ауруына ұшырамауы үшін, әсіресе буаз биелердің іш тастауынан сақтандыру үшін қыс айларында суық табиғи сулардан (өзен, көл, бұлақ) ішкізбеу керек. Буаз биелердің ішетін суының температурасы 12ºС төмен болмауға тиіс.
4.Айғырларды күтіп-бағудың гигиенасы
Жылқылардың шағылысуға түсетін кезі 1,0-1,5 жаста, ал жергілікті, жай пісіп-толатын жылқыларда 2,5-3 жастарында басталады. Бірақ айғырларды шағылысқа ерте пайдалану, олардың жалпы өсуін тежейді. Сондықтан айғырларды шағылысқа 3-4 жастан, ал кейде 5 жасынан бастап қана қосады.
Айғырлардың рационы толық құнарлы болу үшін дәнді-бұршақты шөптер, шөп ұнын, 2-3 құрама азық түрлерін (сұлы, арпа т.б.) және сулы азық (өндірілген бидай, арпа, көк шөп, сәбіз т.б.) қосады. Шағылыс кезінде ұрықтың сапасын жоғарлату үшін, негізгі рационнан басқа қосымша қант, тауық жұмыртқаларын және көк сүт береді.
Айғырларға арналған рационның толық құнарлылығы, олардың ұрықтарының (сперма) мөлшері, сапасы және айғырлардың шағылысқа түсу жиілігі, тұқымы, тірі салмағы жасы тағы басқа көрсеткіштері мен сипатталады. Тәжірибеде айғырларға протеиндердің, фосфордың және витаминдердің жетіспеушілігі жиі кездеседі. Айғырлар мезгіл-мезгіл жаңа шабылған көк шөп (тәулігіне 15-20 кг) жеуі керек. Қоралардың ішінде тұрғызып айғырларды көк шөп пен көректіргенде, олардың аяғы ісетіндігі тәжірибеде дәлелденген. Сондықтан оларға активті моцион белгіленуі қажет.
Құнарлы азықтандыру мен қатар айғырларға күнделікті (желіп немесе аяңдап) 7-15 км жүріп серуендетеді. Мационның ұзақтығы айғырлардың жасына және жалпы жағдайына байланысты болады.
Жылқы шаруашылығында әртүрлі шағылыстыру тәсілдері: үйірлі, қол мен және база да (қоспақты) болады. Үйірлі шағылыстыру жылқыларды табындап ұстау жүйесінде, әрбір айғырға 15-20 биеден бекітіледі де шағылысу кезінде жайылымда жүреді. Қолмен шағылыстыру жылқыларды қорада ұстаған кезде, жақсы ұйретілген биелерді өткізеді. Әр айғырға жалпы шағылысу мерзімі ішінде 25-40 бас бие бекітіледі. Базада шағылыстыру тәсілі күйлеген биелерді базаға жіберіп, 1-2 сағат айғырларды қосып, шағылыстан өкізеді. Қалған уақыттарда айғырларды биелерден бөлек ұстайды.
Дәріс 4. Шошқа малдарының гигиенасы (2 сағ)
Қаралатын сұрақтар:
1. Шошқа шаруашылықтарының негізгі түрлері
2. Шошқа малдарын ұстау тәсілдері және оларға қойылатын гигиеналық талаптар
3. Шошқаларға арналған қоралар және олардың ішкі жоспарлануы
4. Аналық шошқа қоралары
5.Шошқа малдарына арналған қоралардың микроклиматы
1.Шошқа шаруашылықтарының негізгі түрлері
Шошқа шаруашылықтары негізінен үш бағытта жұмыс істейді: аяқталған өндірістік цикл мен, репродукторлы және ет өндіру.
Өндірістік процесстері жоғарғы дәрежеде механикаландырған және автоматизацияланған, өнім алынуы толық аяқталған циклмен жүргізілетін шошқа шаруашылықтарын ірілендірілген шошқа комплекстері деп атайды.
Мұндай комплекстердің негізіне шошқа еттерін үздіксіз (поток) өндіру технологиясы жатады. Ол кездерде малдарды технологиялық циклге байланысты бір орыннан екінші орынға, немесе бір қорадан екінші қораға ауыстырып отырады, яғни ұрықтандыруға жататын аналықтарды, буаз, қысыр шошқаларды, енесінен айырған және жас торайларды кезекті мезгілдерінде бір жерден екінші орынға орналастырып отырады.
Малдарды жұқпалы аурулардан сақтандыру үшін, оларды комплекстерде бөлектенген секцияларда ұстайды да, орын алмастыру кездерінде жасалған жоспар бойынша әр секцияны тазалап, дезинфекциялаудан өткізіп отырады. Шошқа фермаларының типі және размерлері, ұстау жүйелері, және қосымша салынатын объектілері әр шаруашылықтың бағытына, жер ораймен ауа райының ерекшеліктеріне байланыстырып алынады. Бағыты бойынша шошқа шаруашылықтары тұқымдық және өнімдік болып бөлінеді.
Тұқымдық бағыттағы фермалардың міндеті шошқаларды тұқымдық және өнімдік қасиеттерін жақсартып, басқа өнім өндіретін шаруашылықтарды жоғарғы өнімді малдармен қамтамасыз ету болып саналады.
Шошқа шаруашылығында технологиялық процесстерді белгілеу кезінде, малдарды ұстау жүйелердін, азықтандыру және өсіру жолдарын ескереді. Шошқа малдарын комплекстерде ұстау жүйелері үш түрлі: бір, екі және үш фазалы (сатылы) болады. Бір фазалы ұстау кезінде торайларды 21, 26, 36 тәулік жастарында енесінен айырып, сол станокта (орында) өсіріп, семіртіп, соңынан союға жібереді де, ал аналық шошқаларды ұрықтандыру қораларына ауыстырады. Мұндай ұстау тәсілі кезінде жас малдарды бір жерден бір жерге ауыстырып топтаудың нәтижесінен туатын стресс фактордан сақтандырады.
Екі фазалы жүйемен ұстау кезінде торайларды туғаннан бастап бордақылаудың соңына дейін бір рет ауыстырады, яғни торайлары 26-36 тәуліктік жастарында енесінен айырады да, сол станокты өзгертпей, үш айлығына дейін сонда өсіріп, кейіннен бордақылау цехіне ауыстырады. Аналық шошқаларды қысыр-буаз шошқалар цехіне ауыстырады. Мұндай технология мен 12-24 мың бас шошқаларға арналған фермалар салынған.
Үш фазалы жүйемен ұстау кезінде торайларды 26-36, 45 тәуліктік жастарында (салмағы 6-18 кг) бөліп алып, ол тұрған цехінен өсіру цехіне ауыстырып 90-120 күндігіне дейін ұстап, кейін бордақылау цехіне жіберіп союға дейін семіртеді.
2. Шошқа малдарын ұстау тәсілдері және оларға қойылатын гигиеналық талаптар
Шаруашылықта барлық шошқа малдары жасына, жынысына, физиологиялық ерекшеліктеріне және бағытына байланысты бірнеше топтарға бөлінеді.
- Қабан шошқалар: тұқымдық және күйті келген шошқаларды тексеруге арналған аталықтар;
- Аналық шошқалар: - Қысыр ұрықтанбаған (шағылыстан өтпеген) аналықтар;
- Буаз шошқалар үш түрлі боп топталады: ұрықтанғаннан буаздығы анықталғанға дейінгі, буаздығы анықталған, жеңіл буаз, және туарға 7-10 күн қалғандағы-ауыр буаз шошқалар;
- Торайлы аналықтар – торайлары бөлініп алынғанша;
- Бордақылауға арналған шошқалар (ересек және жас) шошқа шаруашылықтарында, кәзіргі кезде негізгі шошқаларды ұстаудың екі тәсілі бар: серуенді және серуенсіз. Жер орайы, ауа райы және шаруашылықтың жағдайына байланысты шошқаларды жыл бойы қолда фермада немесе лагерлерде ұстап күтіп-бағады.
Достарыңызбен бөлісу: |