Дәріс №1. Ірі қара малдарының гигиенасы (2 сағ)


Ірі қара малдарына арналған қоралардың микроклиматы



бет2/8
Дата09.06.2016
өлшемі493 Kb.
#124651
1   2   3   4   5   6   7   8

3. Ірі қара малдарына арналған қоралардың микроклиматы
Мал қораларының микроклиматы ондағы қоршаған ортаның ауасының физикалық, химиялық және биологиялық көрсеткіштері мен (температура, ылғалдық, ауа қозғалысы, жарық сәулесі, газдық құрамы, микроорганизмдер мен шаң-тозаңдар мөлшері т.б.) сипатталады.

Ірі қара малдарына арналған қалыпты микроклимат олардың жасы, өнімі және ұстау тәсілдеріне тікелей байланысты болады. Сондықтан әрбір малдардың түрі, жынысы, жасы және физиологиялық ерекшеліктеріне (буаз, қысыр, тұқымды т.б.) сай келтіріп микроклимат мөлшері белгіленеді (кесте 5). Ондай мал организміне сай микроклиматты қорада әртүрлі жолдармен қалыпқа келтіреді (желдету, жарықттандыру, жылыту, тазалау т.б.)

Микроклимат көрсеткіштерінің ішіндегі ең басты анықтағыш фактор болып ауаның төменгі және жоғарғы температурасы саналады. Ауа температурасы (1-6 градусқа дейін) төмендесе жас малдардың, әсіресе бұзаулардың өсуі 15-20 пайызға, сиырдың сүт өнімі – 15-30 % кеміп, ал азықтың шығыны – 15-50 пайыға артады.

Мал қораларының микроклиматының қалыпты шамада болуы пайдаланған құрылыс материалдарының қасиеттеріне байланысты. Қора бөлшектері шыдамды, берік болуымен қатар, жылу ұстағыш, бойына су сіңірмейтін, ауа өткізгіш, жеңіл, жоғарғы температураға төзімді материалдардан жасалуы қажет. Себебі, әсіресе қыс айларының суық мезгілдерінде қораның ішкі жылуының 30-45 пайызына таяуы оның бөлшек беттері арқылы тарап кетеді де, ішкі ауа температурасының төмендеуіне апарып соғады. Неғұрлым қора бөлшектерінің беті суық болса, солғұрлым мал денесінен булану және өткізгіштік жолдарымен жылу тарауы жоғарғы болады. Көбінесе қыс мезгілдерінде булану арқылы жылудың денеден тарауы қораның ұзын қабырғаларына, есік-қақпа, терезелерге таяу орналастырылған малдарда болады. Мысалы, қораның ортасындағы клеткаларға орналастырылған бұзаулардың денелерінен жылудың тарауы, қораның басы, ұзын қабырға, қақпа-терезелерге таяу қойылған клеткалардағы төлдермен салыстырғанда 10-25 пайызға кем болатындығы дәлелденген.

Гипотермия малдардың, әсіресе жас төлдердің төзімділігін (резистенттілігі) төмендетеді. Ол кезде организм де қарсыдене (антител) түзілуі төмендеп, лейкоциттер мөлшері азайып және олардың фагоцитарлық қарқыны (активность) кеміп, жұқпалы және жұқпайтын әртүрлі аурулардың шығуына апарып соғады. Ортаның жоғарғы температурасы да организмнің резистентілігін төмендетіп, әлсіретіп, өнімі азайып гипертермия ауруының (дене температурасының жоғарлауы) тууына әсер етеді. Мысалы, ауа температурасы 27-32 градусқа көтерілсе, сиырдың сүті 10-30 %, ал 38 градуста – 50-60 пайызға төмендеген. Бұл кезде малдың тәбеті төмендеп, су ішуі артып, дем алуы мен қан тамырының соғуы жиілейді.

Қора ауасының жоғарғы ылғалдылығы да, температураның көрсету шамасына байланысты организмдегі жылу алмасу процесстеріне айтарлықтай әсерін тигізеді, яғни орта температурасы төмен болса, жоғарғы ылғалдық денеден жылудың тарауын арттырып, организмді суыққа ұрындырса, ауа температурасы жоғары болғанда, денедегі жылудың тарауын тежеп, ыстық соғу ауруына ұшырайды. Сиыр қораның ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда (салыстырмалы ылғалдық 85 % тен 95 %-ға жоғарлағанда) мал сүтін 9-12 % төмендетеді. Ірі қара малдарын бордақылау орындарының ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда азықтың шығыны 20-35 % артып, тәуліктік салмағының өсуі 12-28 % төмендеп және жас төлдердің өлім-жітімге шалдығуы 2-3 есе артатындығы анықталған. Қораның ылғалды ауасында зиянды газдардың (аммиак, күкіртті сутегі т.б.) мөлшері көбейеді. Ондай жағдайда малдардың өкпе ауруына (туберкулез) шалдығуы жиілейді. Бордақыда тұрған малдардың қора ауасындағы аммиак газының қалыптан жоғары болуы салмағының 25-28 % төмендеуіне апарып соғады.

Жоғарғы ылғалдық пен ауадағы зиянды газдардың және микроорганизмдердің мөлшерінің артуы жас төлдердің төзімділігін айтулы төмендетіп, олардың арасында жаппай аурулардың шығуына әсер етеді де, онымен күресуге қыйындық туғызады. Мұндай жағдайда ол аурудың алдын алу тек қора ауасының тазалығында ғана болады. Мысалы, бұзауларды ауасы ластанған қорадан жекелеме клеткаға тұрғызып күту бұл аурулардың тоқталуына әсер етеді. Ірі қара малдарына арналған қоралардың жарықтану шамасыныңда мал организміне айтулы әсері болады. Мысалы, қораның жарықтану мөлшерін 5-10 люкстен 70-100 люксе жоғарлауы бұзаулардың ауруын 9-12 % төмендетіп, дене салмағының, тәуліктік өсуін 6-10 %, сиырдың сүт өнімінің 5-15 % көбеюіне апарып соғады.

Сыйыр қораларының жарықтану мерзімін тәулігіне 6-7 сағаттан 14-18 сағатқа дейін ұзартса (жасанды түрде) малдың сүті 6-15 % жоғарлап, ұрықтануы 15 % артып, сервис мезгілі 10 тәулікке қысқарады (кесте 6).

Мал қораларының жарықтануын қалыпқа келтіру арқылы буаз сиырлардың қанының биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштерінің жоғарлап, туған төлдердің денсаулығының артуына әсерін тигізетіндігі дәлелденген. Сондықтан ірі қара малдарын ұстау жүйелері, өнімділігі, физиологиялық ерекшеліктеріне негізделіп қалыпты (нормативті) микроклимат көрсеткіштері (параметрлері) белгіленген (кесте). Ірі қара малдарын қалыптанған микроклиматы бар қораларда ұстаған кездерде сиыр сүті 10-20 %, жоғарлап, азық шығыны 12-35 % кеміп, және малдардың ауруға шалдығуы 2-3 есе азаяды. Мұнымен қоса сүт өнімінің жағымсыз иістері жоғалып, қышқылдығы азайып, микроорганизмдермен ластануы төмендеп, сапасы артады.

Мал қораларындағы микроклиматты қалыптау үшін бірнеше, ветеринариялық-зоогигиеналық шаралардың жинағын жасау қажет. Олар қоралардың жоспарлап салу шешімдері мен оған керек құрылыс бөлшектерін таңдау, тиісті құрылыс материалдарының, әр аймақтардың жер орайы мен ауа райларына сәйкестіріп, қасиеттерін ескеріп, малдарды ұстаудың жаңа технологиясын еңгізу, қораның ауасын алмастыру, көңнен тазалау т.б. шаралар жатқызылады.


4. Суалтылған сиырлар мен құнажындардың гигиенасы
Сауын сиырларды суалту мерзімі шамалы қысқа (45-60 тәулік) болғанымен мал организмінің шындалып аналықтың өнімінің артуына және болашақ төлдің ширақ аман тууына өте зор маңызы болады. Анасының жатырындағы төлдің өсуі 6-7 айлығына дейін өте жай жүреді де, ол туған кездегі тірі салмағының 15-20 пайызындай ғана болады. Буаздықтың соңғы екі айында жатырдағы төлдің тәуліктік өсу жылдамдығы 600-900 гр болады. Сондықтан осы мерзімде буаз сиырдың жатырындағы төлдің ағзалары мен мүшелерінің қалыпты өсіп дамуына қажет белоктар мен минералды заттарға сұранысы жоғарлайды. Соған байланысты сиырдың тууына 45-60 тәулік қалғанда малды саууды тоқтатады. Неғұрлым бұл мерзім аз болса, солғұрлым болашақ төлдің өсіп дамуына теріс әсерін тигізіп, әлсіз, салмағы кем бұзау алынады.

Сиырды суалту процессі, алдын ала рационнан концентратты (құрама) және сулы азықтарды шығарып тастап, 4-6 тәуліктің ішінде жүргізіледі. Бұл мезгілдерде тәулігіне 1-2 рет желінің әр бөлігінен сүтін сауып, оның саулығын тексереді. Өйткені суалтылған сиырлардың желінсау (мастит) ауруларына шалдығуы осы мерзімнің алғашқы екі аптасында, желін бездерінің микроорганизмдерге қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне байланысты, жиі кездеседі. Желін сау ауруының шығуына бұл кезде малды дұрыс суалтпай, көп мөлшерде сулы азықтар беріп (сүрлем, қант қызылшасы т.б.), мал қораларының санитарлық тазалықтары сақталмау т.б. әсер етеді. Егер сиыр арасында желінсау аурулары кездессе, ондай малдарды жекелеп күтімге алып, емдеу қажет.

Желінің ауру бөлігінің секретін арнайы бақылау табақшаларының шұнқырына сауып алып, оның көлемі, түсі, мөлдірлігі, тұнбасы, консистенциясы, біркелкілігі т.б. анықталады. Желінің сау бөлігінен сынама сауыннан 3-5 мл көлемінде секрет алынады. Оның консистенциясы, мөлдір сұйық түстен қою, түсі сұр сарғышқа дейін жұққыш болып келеді. Егер бөлінетін секреті сұйық, көп мөлшерлі жұққыш емес, клегейлі және ірің түйіршіктері болса, ол желінсау ауруының белгісі болып саналады.

Суалтылған буаз сиырларды тууына 2 ай, құнажындарды 3 ай қалғанда мал қораларының жеке бөлігіне тұрғызады. Ол малдарға жекелеме күтім жасап, физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты азықтандырып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызады.

Көбінесе алғашқы бұзаулаған құнажындардан алынған төлдер жиі және ауыр ауруға шалдыққыш келеді. Мұндай алғашқы бұзаулаған құнажындардың уыздарында ортаның микроорганизмдеріне қарсы тұратын иммундық глобулиндер жоқ болады.

Алғашқы бұзаулайтын құнажындарды дер кезінде, тууына 90 тәулік қалғанда негізгі табынға қосса, олардың уызында иммуноглобулиндердің мөлшері жоғарлап, төлдің организміне түсіп, олардың төзімділігін арттырады. Буаздықтың барысында сиыр организміндегі зат алмасу процесстері жоғарлап, аналықтың ең басты органдарына ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан буазықтың жүруіне байланысты аналықтың жатырындағы төлдің өсіп-дамуына ғана әсер етіп қоймай төлдің тууына, қайта аналық органдарының қалыптасуына, жалпы болашақ өнімділігіне де көп әсер тигізеді.

Малды суалту кезеңінде желін бездерінің қайта өзгерістері болады. Онымен қоса, буаз малдарының организміне оның тууына, жыныс органдарының қалыптасуына және алдағы өнімінің жоғарлауына, яғни уыз құрамының түзілуіне қажетті көректі заттардың қорлары болуға тиіс.

Сондықтан буаз сиырлардың суалтқан кезеңдерінде организмде белок, қант, витамин және минералды заттардың жеткілікті болуы ең маңызды мәселе болып саналады. Буаздықтың соңы кезеңінде, аналық организмінде қанттың бауырда, шуда (плацент) және төл денесінде жиналуының нәтижесінде, оған сұранысы артады. Қанттың азық пен жеткіліксіз организмге түсуі аралық ас алмасу процесстерінің бұзылуына апарып соғып, қанда толық ыдырамаған улы заттардың қалдығы ацетон, ацетонды сірке және бета-окси май қышқылдарының пайда болуына әсер етіп-кетоз ауруының шығуына себепші болады. Кетонды денелер шу қабатынан еркін өтіп, қанға түседі де, төлдің бауырында, бүйректерінде тағы басқа ішкі мүшелерінде морфологиялық және функционалдық өзгерістер туғызып уландырады. Мұндай сыйырдан туған бұзаудың сыртқы әртүрлі факторлардан табиғи қорғанысы төмендеп, көбінесе іш ауруы (диспепсияға) – тышқаққа шалдығады. Буаздықтың соңғы кезеңдерінде сиыр малының организмінде белоктар мен аминқышқылдарына сұранысы жоғарлайды. Өйткені, белок туатын төлдің дене мүшелерінің түзілуіне қажет құрылыс материалы болып саналады. Белоктың бұл мезгілде, көптеген мөлшері шуға, жатырға және желін безінің құрамына түседі. Буаздықтың соңғы айларында аналық организмінің минералдық заттарға сұранысы жоғарлайды. Буаздықтың соңғы кездерінде дененің бұлшық еттерінде кальцидің қоры түзіледі. Малдың төлдеуі кезіңде жатыр органдарының қозғалыс механизмінде кальции иондары маңызды роль атқарады. Сондықтан кальцидің денеде жетіспеушілігі туу функциясының нашарлап, шудың мезгілінде бөлінуіне теріс әсер етіп, туған малдың жыныс органдарының уақытында қалпына келуіне кедергі жасайды.

Организмдегі микроэлементтердің (марганец, иод, мыс, цинк, молибден, фтор т.б.) жетіспеушілігі де көптеген аурулардың пайда болуына апарып соғады. Мысалы, марганецтің жетіспеушілігі іш тастауды жиілетіп, бұзаудың аяқтарының дәнекер, қыйсық болуына әсер етеді. Кобольт пен селенаның тапшылығы іш тастатып, сиырдың қысыр қалуына апарып соқса, иод жетіспеген кезде сиырдың жыныс органдарының бұзаулағаннан кейін қалыпқа келуін ұзаққа созады.

А, В, С, Д, Е витаминдері буаздықтың қалыпты жүріп, жатырдағы төлдің өсіп-дамуын қамтамасыз етеді. Суалтылған кезеңдерде буаз сиырлардың А-витаминдарына сұраныстары артады, өйткені, көбінесе малдың туына қысқы, жазғытұрғы – бауырдағы олардың қоры таусылған мезгілге келеді. Онымен қоса организмді витамин – А мен қамтамасыз ете алмаудың себебі – қыс айларындағы жүгері сүрлемінің құрамындағы фермент каратиназаның аз болып, нитраттардың көп болуынан каратиннің витамин А-ға ауыса алмайтындығынан болады да, сиырдың уызы мен сүтінің құрамында да А-витамині жеткіліксіз болады.

Суалтылған сиырлардың рационының негізгі құрамы шөптен тұрады. Шөптің ең аз нормасы әр 100 кг дене салмағына шаққанда 1 кг-нан кем болмауы керек. Сүрлемнің ең сапалы түрін тәулігіне әр центнер салмағына 2,5-3,0 кг беріледі. Құрамы жақсы қалыптанған рациондағы аналықпен төлдің организміне зиянды әсер тигізбейді. Егер сүрлемнің сапасы төмен болса, оны рацион құрамынан алып тастайды. Сиырдың тууына екі, бұзаулағаннан соң екі апта бойына рационнан сүрлемді шығарып тастап, оның орнына сапалы шөп кіргізеді. Буаз сиырлар үшін өте бағалы азық қатарына тамыр-түйнектер жатады. Олар организмнің сілтілік қорының сақталуын қамтамасыз етіп, каратинді қортуды арттырып, ацетонды қалдықтардың түзілуін тежейді. Ондай тамыр түйнек азықтарды малдың рационында сүрлемнің бөлігі көп болған жағдайда пайдаланған жөн. Буаз сиырларды құнарсыз азықтармен азықтандырғанда жатырдағы төлдің мезгілінен ерте дамып, уақытына жетпей тууына апарып соғады. Бұл процесс плаценттің өсуімен жалғаспай, бұзаулағаннан соң шуы бөгеліп түспей, жыныс ауруын (эндометрит) тудырады. Аналық сиырларды толық азықтандырмау туған төлдің иммунитінің төмендеуіне әсер етеді.

Туатын төлдің жатырда жатқан кездегі барлық кемшіліктері оның туғаннан кейінгі ауруларының себебі болып есептеледі. Мұндай кездерде әлсіз-жетілмеген төлдер (гипотрофик) туып, олардың дене мүшелері толықтай өсіп-дамымай, физиологиялық процесстері қалыпты жүрмейді.

Суалту кезіңде желінсаумен ауырған сиырлардың уызы биологиялық көрсеткіштері бойынша құнарсыз болады. Ондай уыз көбінесе улы заттар мен жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының көзі болып, жас төлдердің ауруға жалдығуына апарып соғады.

Көптеген улы заттар азық пен су мен буаз сиырлардың организміне түскенде, олардың желніне одан соң сүт пен уызға қосылады. Мұндай жағдайда жаңа туған бұзаулар жақсы өсіп-дамыған болуы мүмкін, бірақ бірінші енесінің сүтін қабылдағаннан соң оларда уызбен улану (молозивый токсикоз) пайда болады. Ондай улануға бұзаулардың желінсау мен ауырған сиырлардың сүтін қабылдағанда ұшрайтындығы дәлелденген (ондай сиырдың сүтінде бактериалды токсиндер көп болады). Мұндай сиырлардың арасында улану, аул шаруашылығында химиялық тыңайтқыштардың, арам шөптерге қарсы қолданатын гербициттердің, жәндіктерді үркітетін инсектицидтер және сыртқы ортаны ластайтын өндіріс қалдықтарының қоспаларынан болады.

Туғандағы салмағы 30 кг оданда жоғары дені сау бұзаулар және сиырлардың сүтінің жоғарғы болуы бұзаулаудың алдындағы екі айдың ішінде 50-60 кг, яғни тәулігіне 0,8-1,0 кг салмақ қосқанда кездеседі. Буаз сиырларды құнарсыз азықтармен көректендіргенде олардан физиологиялық жетілмеген, әлсіз, төменгі салмақты әртүрлі ауруларға шалдыққыш және көбінесе туғаннан кейін алғашқы күндердің ішінде-ақ өлім жітімге ұшырайтын бұзаулар алынады. Буаз сиырларды құнарлы азықтармен қамтамасыз етумен қатар, олар үшін серуендетудің тұрғызып қолда ұстаған кезде (3-4 сағат тәулігіне) өте зор маңызы болады. Қозғалыс шектелген кезде, немесе жоқ болса (гиподинамия) малдардың газалмасу процесстері нашарлап, ферменттік қарқыны төмендеп жыныс органдарының өсуі әлсіреп, гипотонияға ұшырайды. Буаз сиырларда серуендету жоқ болса, қалыпты тірі салмағы бар, тіпті үлкен бұзаулар тууы мүмкін. Бірақ шала дамып, жетілмеген болады. Мезгілді серуендету сиырдың жеңіл бұзаулауына әсер етіп, желінінің іспеуіне және туғанан соңғы аурулардың болмауына көмектеседі. Тек дені сау аналықтан ғана сау төл алуға болады. Аналық сиырлардың қандай ауруы болмасын, тіпті ерте уақытта болса да, оның туған төлінің қалыпты өсіп-дамуына жағымсыз әсерін тигізеді.
Дәріс 2. Қойларды күтіп-бағу гигиенасы (2 сағ)

Қаралатын сұрақтар:

1. Қойларды ұстау жүйелері

2. Қой қораларының және технологиялық бөлшектерінің размерлері (өлшемдері)

3. Қойларды азықтандыру және күтіп-бағудың гигиенасы

4. Қошқарлардың гигиенасы


1.Қойларды ұстау жүйелері
Қойларды төрт түрлі жүйелерде ұстайды: тұрғызып-жайып, жайып-тұрғызып, жайып және жыл бойына тұрғызып қолда ұстайды.

Тұрғызып-жайып ұстау. Мұндай жүйеде қойларды жылдың ұзақ уақытын қолда тұрғызып, ал шамалы мезгілін жайып күтіп-бағады. Қолда тұрғызып көбінесе қойларды қыс айларында азықтандырып, серуендететін алаңы қаралған қораларда ұстайды. Ашық алаңдардың (база) ішінде азық науаларын орнатып, су ішетін астаулармен тұз салатын орындар белгіленеді. Ауа райының қолайлы кездерінде базаға шығарып азықтандырып, түнгі жатар кезде қораға қамайды. Ал күннің жылынған мезгілдерінде жайып-бағады.

Жайып-тұрғызып ұстау тәсілін – табиғи жайылымдары бар аймақтарда қолданады. Біздің еліміздің көптеген жерлерінде мал жаятын, әсіресе ұсақ малдар жайылатын жайылымдар жеткілікті кездеседі де оларды қыс кездерінде қар көп баспайды. Мұндай аймақтарда ауа райының қолайсыз кездерінде пайдалану үшін жеңіл, үш қабырғалы, төбесі жабылған қоралар немесе буылған қамыс, талдардан жасалған, төбесі қазақ үйше тоқылған-катондар тұрғызылады. Үш қабырғалы қораларда да, сол сияқты катондарда да қалың, құрғақ төсеніштермен қамтамасыз етілуі керек. Қысқы айларда нашар, әлсіз, ауру малдарды көректендіру үшін азық қорын дайындайды. Қысқы немесе ерте көктемгі мал төлдету кезінде саулықтарды қозылары мен алғашқы айда ұстау үшін, табындағы малдың 30-35 % шамалап жылыланған қора соғылады.

Жайып ұстау тәсілі – жайылым жерлерге бай аймақтарда қолданып, малды жыл бойына жайып тек қыстың суығында, ерте көктемде қоздаған малдарға қатаң және құрама азықтар дайындайды. Мұндай жыл бойы қойларды жаю мен күтіп-бағуға оңтүстік жылы аймақтар қолайлы болады.

Тұрғызып қолда ұстау тәсілі – егін шаруашылығымен шұғылданып, мал жаятын жерлері жоқ аймақтарда қолданылады. Мұндай жағдайда қойларды қораларда ұстап, ал оларға азықты жасанды, екпелі шөптерден дайындайды. Жайылымға малдары тек серуендеу үшін ғана бостады. Жазда оларды қоршалған алаңдарда азықтандырып, ал қыста қораларда көректендіреді. Қораларды қыстың жайсыз, суық мезгілдерінде және төл алатын кездерде пайдаланады. Қойларды жылы, ылғалды және тығыз қораларда ұстауға болмайды, өйткені ондай жағдайда малдар әлсізденіп, жүнінің өсуі бөгеліп, тұяқ аурулары пайда болып, резистентілігі төмендеп ауруға жиі шалдыққыш келеді.

Бағыты бойынша қой шаруашылықтары екіге бөлінеді: бірінші – тұқымдық, яғни малдардың бұрынғы тұқымын жақсартумен қоса жас тұқымды тоқтыларды өсіріп, жаңа тұқымды малдарды еңгізу, екінші - өнім алуға (жүн, ет, елтірі т.б.) негізделген. Алынатын негізгі өнімдеріне байланысты қойларды биязы, жартылай биязы, қылшық жүнді ет-жүн-сүт бағытындағы, каракул (елтірі) және тондық (сең-сең) терілер алуға арналғандар болып бөлінеді.


2. Қой қораларының және технологиялық бөлшектерінің размерлері (өлшемдері)
Ірілендірілген қой шаруашылықтарында бірнеше қоралардың түрлерін жобалап – тұрғызады. Оларға қысқы және ерте көктемде қоздайтын аналықтарға арналған жылыланған төл үйшігі бар қоралар: негізгі қошарларды (тұқымды) ұстайтын, әртүрлі жастағы және жынысты қойларға арналған қоралар, қаракул шаруашылықтарында төл үйшік және мал сою пункті қаралады. Қой қораларымен біріктіріліп немесе жеке ұрықтандыру пункті, қой қырқу орындары қаралады. Қой фермаларының территориясында ветеринариялық және мал өлшенетін орындар, су, жылу көздерінің ғимараттары, азық дайындайтын, сақтайтын, малдар тұратын ашық алаңдар т.б. болады.

Қой қоралар табиғи жасанды жайылымдардың маңайында орналастырылуы керек. Қой қоралардың сиымдылығы 1500 басқа дейін орналастыруға арналады. Кең тараған қой қоралардың сиымдылығы 600-800 басқа болады. Қой қораларды сол түстік және орталық аймақтарда көбінесе «Г» типті, ал оңтүстікте «П» тәрізді тұрғызылады. Бұл қоралардың сыртқы бұрышы жел өтін азайтып және қора ішінің суып кетпеуін қамтамасыз ету үшін, желдің басым соғатын жағына қаратып орналастырады. Ал ық жағынан биіктігі 1,5 м дейін қоршау жасап, малдардың серуендеп азықтанатын алаңын қалдырады. Олардың ішіне қатаң азықтарға және жемге арналған науалар қойылады. Қорадағы әр басқа арналған орындардың размері әртүрлі болып, олардың жасына, жынысына, ұстау тәсіліне, өніміне және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты болады.

Әр түрлі типті қораларында қойларды орналастыру кезінде бір басқа шаққандағы еденнің ауданы саулықтарға көктемде қоздағанда – 1,0-1,2 м², қошқарларға жекелеме ұстағанда – 3-4 м², топта – 1,5-1,7 м².

Жартылай ашық күрке базаларда жас тоқты-түсақтарға – 0,3 - 0,4 м², ірі қойларға 0,5 м², тұрақты төл үйшіктер үшін – 2,0-2,5 м², ал роман тұқымды саулықтарға – 3,0 м² кем қаралмайды. Төл үйшік үшін қой қораның ортасынан, жылы жерден орын бөлінеді. Қой төлдеген кезде қосымша жылжымалы бөлгіштер мен (тор көзді щиттер) барлық қоздайтын саулықтың 30 % есептеп бірнеше бөліктерге бөлінген төл үйшіктер жасайды. Саулық саны 500 бастан артық болса, жеке төл үйшік қаралады. Сыртқы орта ауа температурасы - 30ºС төмен болса, төл үйшіктерді қосымша жылылайды. Еліміздің кей ауа райы жұмсақ аймақтарында жеңіл типті, жергілікті арзан материалдардан катондар-шатырлы немесе қазақ үй тәріздес қоралар тұрғызады. Катонның екі типі болады: читинді (шатырлы) және (қазақ үй тәріздес) орынборлы. Катондарды биіктігі 4 м ағаш тіреуіштерден (сырықтар) жасап, сыртын қалың қабатпен солома немесе қамыспен жауып жылылайды. 650 бас ірі қойларға арналған катондардың еденнің диаметірі 16 м, үстіңгі тесігі – 2 м, болып әрбір ірі қойға – 0,4 м², жас тоқтыларға – 0,25 м² қаралып, ені – 2,0-2,5 м қақпа қалдырады.

Мұндай катондарға төбедегі тесіктен таза ауа алмасып, ішінде улы газдар болмайды. Ауаның ең суық күндерінде де катон ішінің температурасы 2-7ºС болып, мал организміне пайдалы әсерін тигізеді. Қой фермаларында өндірістік және шаруашылық объектілерге мал тұратын қоралардан басқа изолятор (ауру малдарға) және жасанды ұрықтандыру пункті жатады. Ұрықтандыру пунктінің ауданы – 16 м², лабораториясы – 7,6 м², қошқарлар тұратын орын – 8 м² және екі бөлме – 16,6 м²-тан әрқайсысы ұрықтанған және ұрықтануға дайындалған саулықтарға арналады.

Қышыма, қотыр ауруларының алдын алып, сақтандыру үшін жайылымда немесе жайлауда малдарды ұстаған кездерде, жеңілдетілген, жинамалы, брезент немесе басқа су өтпейтін материалдардан қой тоғыту ваннасы купка жасалады.

Ірілендірген қой фермаларында тоғыту ванналарының орнына арнайы жасалған жанбырлататын құрылымдар пайдаланады.
3.Қойларды азықтандыру және күтіп-бағудың гигиенасы
Қойларды биологиялық құнарлы азықтар мен қамтамасыз ету, олардың аман сақталуы мен өнімінің молаюының бірде-бір кепілі болып саналады. Рационда неғұрлым күкірті бар аминқышқылдары (цистеин, цистин, метионин) көп болса, солғұрлым қой жүні өседі. Азықтағы протейннің мөлшері емес, сапасы мал өніміне айтарлықтай әсерін тигізеді. Басқа малдармен салыстырғанда, қойлардың қатаң азықтың түрі, құрамы мен сапасына сезімталдығы жоғары болады. Мысалы, қойларды тарының соломымен көректендіру олардың жүннің түсуіне соғады. Сол сияқты, қойлардың жүнінің сапасы оларды қыша (горчица) шөптері мен және ірі сабақты, қышқылдары дәнді шалғындар мен азықтандырғанда төмендейді.

Биязы және жартылай биязы жүнді қойларды селеулі шөптер мен көректендіруге болмайды, әсіресе дәні піскеннен кейін, селеудің басы қатайып, жүн арасына кіреді де, біртіндеп теріні, тесіп етке өтіп, кейде тіпті ішкі өкпе, жүрекке дейін жетеді де, малды жүдетіп, ауруға ұрындырады. Сол сияқты түйе ошаған (репей) араласқан шөппен де азықтандыруға болмайды.

Қойлардың рациондарында минералдық заттардың жетіспеушілігіде олардың денсаулығына үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе, қыс айларында, қозыларда минералды заттар мен витаминдердің жетіспеушілігінен бірін-бірі еміп, жүнін сорып, соның салдарынан ұлтабарының аузына жеке ішек жолына жүн-жұрқа жиылып, ауруға ұшырап, кейде жаппай өлім-жітімге шалдығады. Бұдан сақтандыру үшін саулықтар мен қозыларға арналған азықтарға сәбіз, сүйек ұны, тұз қосып береді. Қойлардың арасындағы арық, әлсіз малдарды іріктеп бөліп алып, жеке күтім жасау қажет. Қыс аяғында, көктемнің басында азықтың тапшылығынан, немесе құнарсыздығынан қойлардың жүнінің жіңішкеруі, сынауы көбейіп, экономикалық шығынды арттырады. Қойларды арнайы азық науаларын пайдаланып, ашық жерлерде – аландарда көректендірген дұрыс болады. Ондай жағдайда қатаң, құрама және сулы азықтар үшін екі жақты немесе бір жақты науалармен қамтамасыз етіледі.

Бір жақты науаларды қораның немесе базаның ұзын қабырғаларының бойымен сырт бетін қабаттасытырып орнатады.

Екі жақты азық науаларын қораның, алаңның ортасына қояды да екі жағында малдардың еркін келіп тұруына мүмкіндік жасалады. Мұндай науалардың жалпы ұзындығы 2-3 м болып, әр ірі малға – 0,25 м, қозыларға – 0,15 орын қаралады. Рештак-науаны тақтайдан төрт бұрышты жасап, 30-40 см биіктікте аяққа орнатып, енін – 25-30 см, тереңдігін – 10-12 см жасап, екінші қабатына қатаң азық салынатын сирек сырықшалардан, төбесі ашық, науа қалдырады.

Ұрықтандырудың алдында 1,5-2 ай бұрын арпа жармасы, жүгері, сұлы ұнтақтары т.б. құнарлы азықтармен көректендіру (протейндері мол) қоздауын 10-30 % арттырады. Күйлі саулықтар ірі қозылар туып, сүті мол болады. Сол сияқты қойларды сүрлеммен азықтандырған сүтін 15-22 %, жүнін – 20 % жоғарлатады.

Буаз саулықтар минералды заттарға сұранысы жоғары болып, туардың алдында, әсіресе кальции және фосфорға тәуліктік сұранысы 10 есе артады. Рационда кальций, фосфор, кобальт, мыс, йод, жез, темір, марганец және витаминдер А, Д, Е жетіспеушілігі өте әлсіз қозылардың тууына және саулықтың сүтінің кемуіне апарып соғады.

Қойларға арналған азықтар сапалы болып, ас қорту жүйелерінің ауруларына ұшыратпайтын, әсіресе ұнтақты азықтар тыныс жолдарына тұрып, өкпесіне кетіп, әртүрлі ауру тудырмас үшін дымқылдап берген дұрыс. Ас тұзы мен зат алмасу процесстерінің жұмысын бұзып уланбас үшін, тәуліктік мөлшерін ірі қойлар үшін – 10-15 г, қозыларға – 5-8 г аспауы керек.

Қойларды таза сумен қамтамасыз ету керек, әсіресе олардың жаз айларында суға сұранысы жоғары болады да тәулігіне кем дегенде екі рет, таңертең және кешке суарылуы қажет.

Қойлардың күтімі жақсы болып, таза жерлерде ұстаған жағдайда жүннің өсуі жақсарып, сапасы артады, іші таза емес, ылғалдығы жоғары, асты сыз жерлерде ұстағанда, олардың жүндерінде, әсіресе бауыр жүндеріне нәжістер қатып, оның түсін сарғайтып, серпінділігі төмендеп, сыңғыш болып, сапасы нашарлайды. Қойлардың жүндерінің сапасын төмендетпеу жолында, сол сияқты оларды тікенек шөптердің ішіне жібермей маяларды қоршап қояды.

Қойлардың басқа малдардан артық биологиялық ерекшеліктері, олардың ірі топтармен жайылып, көптеген жерлерде жыл бойына, қар астынан керек көректерді тауып жейді (тебіндеп). Олар тауылы, шөлейт, жартылай шөлейт жерлерде жайылып көректенеді, әсіресе жаз айларында шөбі қысқа қыратты жерлерде жайылса, қысқы кездерде шөбі қалың, шалғынды аймақтарда қар астынан тебіндеп азықтанады.

Егер ауа құрғақ болса, ірі қойлар суықтан қорықпайды, бірақ қатты желді, ылғалды-жауынды күндері суыққа төзімсіз болады. Буаз сулықтарды мұздақ қарлы жерлерге жаюға болмайды. Ондай жағдайда олардың тұяқтары қыйылып, мұз қабыршақтарын жұтып, іш тастауға апарып соғады.

Буаз саулықтарды қоздар алдында 20-30 күн бұрын, және туғаннан соң 5-7 күндер бойы жайылымға шығармай қолда тұрғызып күтеді. Саулықтарды қозыларымен бірге 20-30 күннен кейін құрғақ, шөбі мол жерлерге жаяды.

Қойларды көбінесе 0º дейінгі температурада, бірақ ауа құрғақ кездерінде 5-6ºС жоғары болмаған жөн. Жылы сызды қораларда ұстағанда олардың тұяқтары ауруға ұшырап (айырма болып), жүні нашар өсіп, түсіп өнімі төмендетеді. Сондықтан қой қоралар құрғақ, ауа температурасы 5-6ºС, ылғалдығы 80 % және газдардың, әсіресе аммиактың концентрациясының көбейіп кетпес үшін қалыпты желдетілуі керек.

Қойларға арналған қораларға құрылыс материалдарын әрбір аймақтың жер орайы, ауа райына байланыстырып алады.

Қойлар өте қорқақ болып, әрбір тосын жағдайлардан үркіп, қаты күйзеліске ұшырағыш келеді. Әсіресе қорада, шарбақ қорғандарда қамауда тұрғанда үріксе бір-бірінің үстіне шығып кетіп, бастығырылып өлім-жітімге ұшырайды. Үріккен қойлар күйзелісті жағдайдан өте жай (1-2 ай) шығады да, күйін төмендетіп, өнімін азайтады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет