Есепке алу тәсілі
Есепке алу тәсілі бақылау тәсілімен қатар жүргізіледі. Мәселен, біз етістіктерді зерттемек болсақ, ең алдымен етістік дегеніміз не, оны қай ғалымдар зерттеді, оның сөз табы ретіндегі қызметі қандай, олардың басқа сөз таптарынан жасалу жолдары т.с.с. деректерді жинап, есепке аламыз, содан кейін барып талдап, саралап, қажетті қорытынды шығарамыз.
Салғастыру тәсілі
Салғастыру тәсілі бойынша жиналған материалдар бір-бірімен салғастырыла зерттеледі. Бұл тәсіл әсіресе тіл білімінде екі немесе одан да көп тілдерді салғастыра зерттегенде қолданылады. Соның нәтижесінде екі немесе одан да көп тілдердегі тілдік бірліктердің бір-бірінен ұқсастықтары мен айырмашылықтары, өзгешеліктері мен ерекшеліктері айқындалады. Осы арқылы жинақталған материал дұрыс сұрыпталып, сараланады.
Картотекалық тәсіл
Картотекалық тәсіл тіл біліміндегі лексикология, фразеология салаларын зерттегенде жиі қолданылатын тәсіл. Бұл тәсіл бойынша зерттеуге қажетті материалды (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с), авторын, дереккөзді және басылымның бетін көрсетіп жеке карточка жазып алу ұсынылады. Карточканың төменгі оң жағында бұл мысалдар зерттеу жұмысының қай тарауында немесе бөлімінде қолданылатыны көрсетіледі. Карточканың көмегімен жинақталған материал топталынады, сараланады, бір жүйеге келтіріледі және есептелінеді. Нәтижесінде қанша бірлік (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с) қай топқа жататыны, қанша топ бар екендігі, олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұқсастығы, саны т.с.с. зерттеуге қажетті деректер анықталады. Бұл тәсіл кез келген зерттеу жұмысында өте қолайлы және зерттеу жұмысын жеңілдетіп, бір жүйеге түсіруге көмектеседі.
Дәрісті бекіту сұрақтары
1. Әдіс және әдіснама ұғымы
2. Филологиялық зерттеулердің ұстанымдары
3. Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері
4. Тілді зерттеу тәсілдері
Дәріс № 2
Тақырыбы: Лингвистика әдіснамасындағы әдіс түрлері
Жоспар: 1. Синхрониядағы идиографиялық әдістер
2. Тікелей құрастырушылар бойынша талдау
3. Дистрибутивті әдіс
4. Трансформациялық әдіс
5. Синхрониядағы номографиялық әдістер
6. Салғастырмалы контрастивті әдіс
7. Құрылымдық типология әдісі
Тірек сөздер: әдіс, синхрония, идиография, диструбутивті әдіс, трансформациялық әдіс, номография, типология.
Ф. Де Соссюрдің «тіл» және «сөйлеу», парадигматика мен синтагматика, синхрония мен диахрония және т.б. туралы идеяларының пайда болуымен және басқа да практикалық мақсаттарда тіл білімінде синхрониямен айналысу қажеттігі туды. Лингвистикадағы жаңа бағыт құрылымдық деген атқа ие болды. Өйткені бұл бағыт сөйлемнің ішкі құрылымын қарастыру арқылы жалпы тіл құрылымын қарастырады. Тілдерді синхронияда зерттеп қарастыру үшін лингвистикадағы жаңа бағыт жаңа әдістердің пайда болуына ықпалын тигізді. Ескі бағыттың (интра- және интерлингвистика) орнына жаңа идеографиялық және номографиялық әдістер пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: |