Жайпақ таулар (плоскогорье) – биіктігі 500 м-ден жоғары, терең аңғарлармен тілімденген, төбесі біршама тегіс немесе жайпақ келген сəл деформацияға ұшыраған тау жыныстарынан құралған кең ауқымды өлке. Жайпақ таулар ежелгі таулы аймақтың ұзақ уақыт тегістеліп кейін қайта көтерілуі нəтижесінде түзілген. Бұлардың мысалы - Енисей мен Лена өзендерінің аралығын алып жатқан кең-байтақ Орта Сібір жайпақ таулар, Иран, Анадолы жəне т.б.
Таулы қырат (нагорье) – мегапішіндердің ерекше түрі. Оның ішкі биіктік өлкесінде тау жоталары мен таулы массивтерін, жайпақ таулар мен қазаншұңқырларды, көтеріңкі жазықтар мен таулы аңғарларды біріктіретін, түп тұғырының біршама көтеріңкілігімен сипатталатын жер бетінің ауқымды аймағы. Тектоникалық тұрғыдан таулы қыраттар қозғалмалы, яғни таулардың қалыптасу процесі өтіп жатқан өңірлер. Таулы қыраттар көп кездеседі, мысалы – Памир, Кіші Азия, Армения, Иран, Тибет, Цайдам таулы қыраттары.
Тayлap деп жоғары биіктікке (8000 м-ге жəне одан да жоғары) көтерілген, жер қыртысының қатпарлы жəне қатпарлыжақпарлы құрылымдармен күрделенген, теңіз деңгейімен жəне қоршаған жазықтармен салыстырғанда биіктік көрсеткіштері өте жиі жəне күрт өзгеріп отыратын жер бетінің біршама көтеріңкі аймақтары. Жер бетінде жеке-дара тұрған таулар сирек кездеседі. Əдетте таулар бір-біріне жалғасып ұзындығы ондаған, жүздеген жəне мыңдаған километрге дейін иіріліп созылып жатады. Өздері алып жатқан аймақтардың жалпылама аумағына орай тау сілемдері, таулы белдеу, тау өлкесі, тау жүйеcі, тау алқабы жəне тау жотасы деген атаулар арқылы дараланады. Бірнеше тау жоталарының түйіскен жерін тау торабы деп атайды. Олар көбінесе мұз басу орталығы болып табылады (мысалы, Орталық Тянь-Шань тау торабына Хантəңірі шыңы жатады). Таулардың пайда болуын қамтамасыз ететін бірден-бір шарт – жоғары бағытталған тектоникалық қозғалыстардың сол таулардың денудациялық процесіне қарағанда əлдеқайда қарқынды болуы. Таулар гипсометриялық өлшем бойынша аласа (1000 м-ге дейін), орташа биік (1000-3000 м) жəне биік (3000 м) тауларға бөлінеді. Биік тауларға Гималай, Памир, Кавказ, Тянь-Шань (4-сурет), Алтай, Альпі, Анды, Кордильер жəне басқалар жатады.
Дүние жүзіндегі ең биік тау шыңдары – Гималайдағы Жомолунгма (8848 м), Қарақорымдағы Чогори (8611 м), Памирдегі Коммунизм (7495 м), Тянь-Шаньдағы Жеңіс (7439 м) шыңдары. Биік таулардың морфологиялық түрі нақты биіктігімен, қарқынды жəне терең тілімделуімен, бедер пішіндерінің күрт өзгеруімен, үшкір басты шыңдармен жəне айдар тұрқылас жалдармен, құлама құздардың жəне мұздық əрекеті арқылы қалыптасқан пішіндердің көптігімен сипатталады; кейде альпілік бедер терминінің синонимі ретінде түсіндіріледі. Биік таулы аймақтардың негізгі географиялық заңдылығы – ландшафтардың биіктік белдеулігі (вертикальная поясность), яғни климаттың, топырақтың, өсімдіктер мен жануарлардың биіктікке қарай таумен жоғары көтерілген сайын біртіндеп алмасуы байқалады. Таулы бедерінің негізгі элементтері – қыраттар, құламалы беткейлер мен кертпештер, тегістелген беттер, терең шатқалдар мен өзен аңғарлары.
Аласа таулы бедер биігірек таулардың бірте-бірте шайылып, жойылуы нəтижесінде қалыптасқандықтан, бұлардың морфологиясы жұмырланған суайрықтармен, жайпақ беткейлі тау-төбелермен аңғарлардың терең тілімделуімен сипатталады. Мұнда биіктік ландшафты белдеулер аса айқын білінбейді немесе мүлде болмауымен ерекшеленеді. Аласа тауларға Орталық Қазақстандағы Сарыарқаның Баянауыл, Қарқаралы, Кент, Қу, Бектау-Ата, Көкшетау, Семей тауы, Жақсы Абралы, Жаман Абралы, Қызыл-Рай, Шыңғыстау жəне т.б. жатады.
Орташа биік тауларда айқын байқалатын биіктік белдеулер дамыған. Орташа биік тауларға Түркменстандағы Копет-Даг тауы, Ресейдегі Орта жəне Солтүстік Орал тауы, Қазақстандағы Тарбағатай тауы, Украинадағы Карпат тауларының бір бөлігі жатады. Мұндай өлкелерде тегістелу жазықтықтар кеңінен етек алған, сондықтан бұларда суайрық қырлары біршама тегістеле жұмырланған.
Басқа жіктеме бойынша, таулар өздерінің биіктік көрсеткіштеріне қарай өте биік, биік, орташа биік жəне аласа таулар болып төрт түрге бөлінеді.
Таулар жаратылу тегі (генезис) жағынан тектоникалық, эрозиялық жəне жанартаулық болып үш түрге бөлінеді. Қазақстанда, əдетте, тектоникалық жəне эрозиялық-тектоникалық таулар жиі кездеседі. Жанартаулық таулар Камчатка түкпірінде, Жапон аралында (Фудзияма тауы) жəне жер бетінің қозғалмалы белдеулерінде дамыған.
Теңіз жəне мұхит түбінің гипсометриясын батиметрия дейді (гр. bathus – терең+mеtгео – өлшеу). Батиметрия айырмашылығы бойынша мұхит түбі неритті (0-200 м), батиалды (200-3000 м), абиссалды (3000-6000 м) жəне гипабиссалды (6000 м-ден терең) тереңдік белдемдерге бөлінеді. Неритті белдем теңіз (мұхит) суының жарық сəулелерімен жақсы қаныққан. Бұл органикалық тіршілікке мейлінше бай, біршама саяз өңірлерін біріктіретін, жағалауға жақын орналасқан, яки шекарасы шамамен қайраң шельф жиегіне сəйкес келетін зона. Батиалды белдем материктік қайран мен теңіз түбі (табаны) аралығын қамтитын, яки негізінен материктік беткейге жапсарлас орналасқан батиалды фаунаның тіршілік етуіне қолайлы теңіз (мұхит) деңгейі. Абиссалды белдем мұхиттар мен терең теңіздердің абиссалдық фауна тіршілік ететін терең ойпаңдары.
Достарыңызбен бөлісу: |