Ескекаяқты шаяндар отряды - Copepoda
Бұлар тұщы суларда және теңіздерде тіршілік ететін, планктонның және су түбі фаунасының ең маңызды және тұрақты құрамы. Паразитгік түрлері де бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 3 см-ге дейін, кейбір паразит түрлері 30 см-ге дейін. Денелері жақсы сегменттелген: басы кеудесінің бірінші сегментімен бірігіп біткен; кеудесі 5, құрсағы 4 сегментті, ұшы айырша аналь қалақшасымен аяқталады. Тек науплиус көзі дамыған, күрделі көздері жоқ. Антеннулалары ұзын, кейде денесінен де ұзын (Diaptomus туысында), планктонды тіршілік етуіне байланысты, суда қалқып жүзіп жүреді. Антенналары қысқа.
Кеуде аяқтары екі бұтақты, жалпақ (қалақты), ескекпен ескен сияқты қозғалыс жасайды (отрядтың аталуы да осыдан).
Аналығы жұмыртқаларын құрсақ сегментінде, аналь тесігіне жабыстырылған екі жұмыртқа қапшығында сақтайды.
Дамуы метаморфозбен өтеді, личинкалары: науплиус, метанауплиус және копеподид.
6000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары: Cyclops, Diaptomus, Calanus - тұщы суларда, теңіздерде планктонның тұрақты құрамы; Canthocamptus туысының өкілдері су түбіңде, балшық арасында кездеседі. Тұщы суларда ең кең тарағаны - Cyclops туысының өкілдері, олар көптеген су жануарларына, балық шабақтарына қорек бола тұрып, сондай-ақ жалпақ таспа құрттардың, риштаның аралық иесі болып табылады. Ескекаяқты шаяндардың Lamproglena, Lernacocera, Achteres, Tracheliaster туыстарының өкілдері балықтардың аса көп тараған паразиттері. Олардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты дене пішіні де үлкен өзгерістерге ұшыраған - не қапшық тәрізді, не өте созылып, ұзарып келген, сегментациясын жоғалтқан, тек екі жұмыртқа қапшығының болуы, оларды Copepoda-ның өкілі екендігін дәлелдейді.
Ескекаяқты шаяндардың басқа су жануарлары үшін азық қоры есебінде аса үлкен маңызы бар және кәсіптік мәні бар бірқатар балықтардың, ал Calanus finmarchicus балықтардың және мұртты киттердің негізгі қорегі. Сонымен қатар, балықтардың желбезектерінде паразиттік тіршілік етіп, балық шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.
Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері –баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде баскеуде мен құрсақ бөлігі бірігіп кеткен. Баскеуде бөлігінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында орналасқан. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы –пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады-бұлар педипальпалар, ал қалған 4 жұбы-жүргіш аяқтары. Денесінің артқы бөлігі-құрсақ әдетте сегменттелген. Өрмекшітәрізділердің 60000-нан астам түрлері бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін.
Достарыңызбен бөлісу: |