Дәріс. Наркологиялық денсаулық сақтау мекемелеріндегі әлеуметтік жұмыс. Наркологиялық аурулары бар тұлғалармен әлеуметтік-медициналық жұмыс
Әлеуметтік наркологиялық аурулар тобына маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, никотинизмді (темекі шегу) жатқызамыз. Наркологиялық аурулардың ең кең тараған түрі маскүнемдік болып табылады.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, «маскүнемдік – ішімдікті қолданудың кез-келген формасы, яғни қоғамда қабылданған дәстүрлі «тамақтану» нормасынан немесе нақты қоғамдағы әлеуметтік дағдылардың шегінен шығу».
Медицинада қабылданған анықтама бойынша, «маскүнемдік – бұл спирттік сусындарға деген әуестігі бар патологиялық ауру (психологиялық, физиологиялық тәуелділіктің туындауы), ал ішімдікті қолданбау нәтижесінде абстиненттік синдромның дамуына, сондай-ақ маскүнемдіктің күрделі жағдайында ішкі органдардың, жүйке жүйесінің бұзылуына және психикалық деградацияға алып келеді».
Өз кезегінде әлеуметтік қызметкерлер маскүнемдіктің этиологиясын әлеуметтік-мәдени детерминацияның, әлеуметтену мен әлеуметтік девиация, аномия концепциялары тұрғысынан түсіндіреді. Бүгінде маскүнемдіктің әлеуметтік-орта моделі қызығушылық тудырып отыр. Осының негізінде, маскүнем күйзелісті басынан кешіргендіктен ішеді, олардың түсінігінше, ішімдік күйзелістен шығуға көмектеседі. Мұндай адам өз әрекетін реттей алатын кіші әлеуметтік топқа жатпайды.
Осылайша, әлеуметтік жұмыстың заманауи теориясына сәйкес, маскүнемдік күрделі этиологиялық құраушылардың өзара іс-әрекетінің соңғы нәтижесі ретінде қарастырылады. Әрбір нақты жағдайда осылардың біреуі немесе бірнешеуі басым болып келеді.
Маскүнемдіктің әлеуметтік терапиясында индивидуалды психоәлеуметтік терапия, топтық, отбасылық терапия, қоғамдық ұйымға кіру (мысалы, «Анонимді маскүнемдер»), мінез-құлық модификациясы сияқты әдістер кеңінен қолданылады. Барлық аталған әлеуметтік терапия формалары клиенттің (пациенттің) жеке қажеттіліктеріне сәйкес әдіспен келуде тиімді болады.
Әлеуметтік қорғау мекемесіндегі клиенттердің басым бөлігі маскүнемдер болғандықтан, бұл аурудың алдын алу мен дамуының бастапқы сатысында кедергі келтіруде әлеуметтік жұмыскерлердің маңызы зор. Әлеуметтік қызметкер ішімдікті көп пайдаланатын клиенттердің физикалық және психоәлеуметтік мәселелерін анықтап алуы керек. Әсіресе, клиенттің физикалық тәуелділігімен бірге жүретін симптоматологияны және толеранттық деңгейін бағалау маңызды. Сонымен қатар, клиенттің психоәлеуметтік өткенін зерттеу керек, ол дегеніміз маскүнемнің өмірлік қиындықтар пайда болғанға дейінгі кезеңдегі ішімдікті қолдануы; маскүнемдікті тоқтату немесе азайту әрекеті; клиенттің әлеуметтік-медициналық және психоәлеуметтік көмек алу мақсатында әлеуметтік қорғау мекемесіне келу себебін анықтау.
Нақты әлеуметтік жағдайда әлеуметтік қызметкер клиенттің отбасы, оның достарымен қарым-қатынасы, жұмысы мен материалдық жағдайы туралы ақпараттарды жинап алуы тиіс. Әлеуметтік қызметкер клиенттің ата-анасының тарихын, сол отбасы мүшелерінің ішімдікке деген қатынасын, клиенттің және отбасы мүшелерінің терең күйзелісте болу немесе болмауын қарастыру қажет.
Әлеуметтік жұмыс теориясы осы саладағы әлеуметтік саясат мәселелеріне назар аударып, сол сұрақтарды түсінуге көңіл бөледі. Ең алдымен, мынаған назар қойылады: әлеуметтік саясат ішімдікті қолдану аясында 2 полюстің арасында тербелуде: рұқсат етілмеген және рұқсат етілген. Зерттеушілердің пайымдауынша, жалпы маскүнемдіктен бас тарту тенденциясы қалыптасып, нақты адамдарға әлеуметтік-медициналық көмек көрсету қызметіне көшуіміз мүмкін.
Әлеуметтік саясат тек маскүнемдерге ғана емес, сондай-ақ алкогольді пайдаланушы тұлғалардың антиәлеуметтік әрекеттеріне қоғамдық санкцияларды қарастыра отырып қоғамға да қатысты болуы керек.
Ішкілік және маскүнемдік мәселесі бүгінгі таңда салмақты әлеуметтік мәселе болып отыр. Ішкілік және маскүнемдік алкогольдік сусындарды асыра қолданудың әр түрлі деңгейлерін көрсетеді.
Алкогольді сусындарды пайдалануына қарай тұлғалардың келесідей топтары көрсетіледі (Ю.П. Лисициннің жіктеуі бойынша):
ü Алкогольді ішімдіктерді қолданбайтындар;
ü Алкогольді сусындарды сирек қолданатындар (мереке және отбасылық салтанаттарда ғана айына бір рет, аз мөлшерде ішу);
ü Алкогольді сусындарды орнымен қолданатындар (айына 1-3 рет), аз мөлшерде, белгілі бір жағдайда (мереке, достармен кездесуде) қолданады және теріс қылықтарды көрсетпейді.
ü Алкогольді асыра пайдаланушылар:
маскүнемдіктің алғашқы белгілері бар тұлғалар (алкогольді пайдалануға деген психикалық тәуелділік, ішу мөлшерін жоғалту), алкогольді көп мөлшерде, аптасына бірнеше рет және еш себепсіз қолданатын маскүнемдер, кез келген орындарда ішу;
алкоголизмнің айқын белгілері көрініс табатын тұлғалар, оларда алкогольге психикалық тәуелділікпен қатар физикалық тәуелділік, бас жазу синдромы (абстиненттік синдром) және тағы да басқа симптомдар, күрделі психикалық бұзылу симптомы (алкогольдік психоз);
Әлеуметтік жұмыс теориясында маскүнемдіктің әлеуметтік-медициналық мәселелері келесідей жіктеледі:
ü медициналық мәселелер: ішімдік бауырдың, орталық жүйке жүйесінің бұзылуына; миокард инфарктінің туындау қаупіне, мидың қан айналымына, туберкулез, рак, созылмалы бронхитке әкеп соғады, ішімдікке әуес ата-аналар дүниеге дені сау емес бала әкеледі, сонымен қатар бала өлімі көбейеді және т.б.;
ü әлеуметтік мәселелер: маскүнемдік қылмыстың, мүгедектіктің, өлім-жітімнің көбеюіне, аурудың өршуіне, яғни дені сау тұрғындардың көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі;
ü әлеуметтік-экономикалық мәселелер: ішімдікті шектен тыс қолдану еңбек қабілеттілігін төмендетеді, қоғамға материалдық-экономикалық залалын тигізеді, еңбек өндірісіне және т.б. әсер етеді.
Осылайша, профилактикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыс микроәлеуметтік ортадағы ішімдіктің жағымсыз әсерінің алдын алумен анықталады; қауіпті топтарды анықтау; ұжымда және отбасында тәрбиелеу мақсатындағы барлық іс-шара жүйелерін қолдану.
Патогенетикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыс аурудың асқынып кетпеуінің алдын алумен байланысты.
Нашақорлық – есірткіге тәуелділіктің бір түрі, яғни есірткілік заттарды нашақорлық, ессіз күйге қол жеткізу мақсатында қолданады.
Есірткі заттарын қолдануды 3 аспектіге бөліп қарастыруға болады:
ü медициналық аспект – бұл заттар орталық жүйке жүйесіне галлюциноген ретінде әсер етеді.
ü әлеуметтік аспект – мұндай заттарды қолдану үлкен әлеуметтік мағынаға ие.
ü құқықтық аспект – бұл зат құқықтық актілерге сәйкес (кейбір дәрілер нашақорлық заттар деп танылады, мысалы: морфин, омнопон, промедал, т.б.) есірткілік зат ретінде танылған.
Нашақорлық заттарды қолдану мас күйге ұқсас деген ой қалыптасқан. Адам өміріне риза, күші көп, көңіл-күйі көтеріңкі сезімде болып, қозғалысында бәсеңдік те байқалуы мүмкін. Эйфорияға физикалық жақсы хал-ахуал мен тыныштық сезімі де қосылады. Эйфориямен қатар жүріс-тұрыстағы шайқатушылық, сөйлеуінде өзгерістер байқалып, терінің солғын тартуы, көздегі от кетіп, көз қарашығының ұлғаюы немесе кішіреюі көрініс табады. Есірткіге мас болу күйі 1 сағаттан 6 сағатқа дейін созылуы мүмкін.
Нашақорлыққа аурудың 3 кезеңі тән. Аурудың бірінші кезеңінде есірткілік көп сипат алады; дозаның артып отыруы, 1-2 тәулікте есірткінің жоқтығы психикалық бұзылушылық түрінде көрініс табады. Бірінші кезеңнің ұзақтығы 2-4 айдан жарты жылға дейін созылады. Екінші кезеңде толеранттық арта түседі, адамның іс-әрекеті бәсеңдеп, пассивті мінез-құлық таныта бастайды; физикалық тәуелділіктің белгілері байқалады, есірткінің жоқтығы абстиненттік синдромның дамуына әкеледі. Үшінші кезеңде есірткі ынталандырушы болады, мұнда эйфория мүлдем болмайды. Көптеген нашақорлар бұл кезеңге дейін жетпейді, себебі көп мөлшердегі дозадан нашақор өліп кетеді.
Токсикоманияның қаупі де есірткіден кем емес. Токсикомания –наркотикке жатпайтын дәрілік құралдарды немесе тұрмыстық химия заттарын наркотикалық әсер алу мақсатында қолдану. Токсикомания қолжетімді болғандықтан ол балалар мен жасөспірімдерге негізгі қауіпті тудырып отыр. Кез-келген токсикоманиялық зат сәйкес заңдық актілерден кейін нашақорлық зат болып саналуы мүмкін. Осыдан кейін токсикоман ауруы санатындағы адам автоматты түрде нашақорлар тобына жатқызылатын болады.
Нашақорлық пен токсикомандықтың бірнеше себептері бар, олар: психологиялық, әлеуметтік, экономикалық.
Психологиялық себептерге қиындықтан қашу, үрей-қорқыныш сезімі, қандай да бір мәселелерден қашу немесе қызығушылықтар жатқызылады. Әлеуметтік себептерге отбасындағы жайсыздық, қоршаған ортаның әсері, қараусыздық жатады. Экономикалық себептері – жұмыссыздық, білім алуға мүмкіндігінің жетпеуі, есірткіні (наркотикті) таратумен айналысатын қылмыстық құрылымдардың белсенді іс-әрекеттері. Нашақорлықтың кең етек жаюына бұл дерттің емделуі оңай деген теріс ақпарат та септігін тигізеді.
Әлеуметтік қызметкерлер нашақорлықтың келесі әлеуметтік-медициналық салдарларын көрсетеді:
ü орташа өмір сүрудің 20-25 жылға төмендеуі;
ü бауыр ауруы, тұлғаның ерте деградацияға ұшырауы;
ü нашақор ата-анадан тумысынан созылмалы патологиясы бар нәресте дүниеге келеді;
ü нашақор АҚТҚ-инфекциясын таратушы қауіпті топ болып табылады;
ü қылмыскерліктің артуы (есірткіге мас күйінде адамның қоғамға қарсы әрекеттерге баруы немесе есірткіге қол жеткізу мақсатында қылмысқа баруы);
ü қоғамдық өмірде тұрғындардың ең еңбекке қабілетті бөлігі – жастар өз ерекшелігін жояды.
Есірткілік, токсикалық заттарға тәуелділігі бар адамдармен әлеуметтік-медициналық жұмысты келесідей үлгіде көрсетуге болады:
1. Дайындық кезеңі. Емделудің қажеттілігін сезіну, шешім қабылдау, мамандарға қаралу. Емделуді бастамас бұрын бастапқы қадамын ғана емес, бүкіл жолын ойластыру маңызды.
2. Физикалық тәуелділікті жою. Бес-он күнге созылатын детоксикация.
3. Реабилитация.
Әлеуметтік-психологиялық көмектің маңызы артады: науқастың есірткіні тастау арқылы қоғамдық өмірге қайта келуі, физикалық және психологиялық денсаулықтың қалпына келуі, сонымен қатар, адамның әлеуметтік мәртебесі мен тұлғалық қасиеттерінің қайта қалыптасуы. Есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік реабилитациялау (қайта қалпына келтіру) әлеуметтік-тұрмыстық дағдыға бағыттауға үйретіп, кәсіби даярлау, еңбек терапиясы, заңдық және құқықтық қолдау арқылы көрінеді.
Кәмелетке толмағандарды әлеуметтік реабилитациялау (қайта қалпына келтіру) бірқатар ерекшеліктермен сипатталады. Олардағы есірткіге тәуелділіктің артуы нашақорлыққа деген ары қарайғы ұстанымын қалыптастырады. Сонымен қоса, адам тұлға ретінде дамымай, оның құндылықты бағыттары бұзылады, отбасындағы қарым-қатынас та бұзылып, әлеуметтік дамуы тоқтайды (білім деңгейі төмендейді, кәсіби бағытталуы, мамандықты меңгеруі қиынға түседі, нашақорлық және қылмыстық топтармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, қиындықтар болады, заңмен мәселелер туындайды). Кәмелетке толмағандарды реабилитациялауда жас ерекешелігін есепке алу маңызды.
Кәмелетке толмағандарды реабилитациялауда мынадай психотерапевтикалық әдістер маңызды: ойын, өнер, әдебиет психотерапиясы әдісі (арттерапия, музыкатерапия, драматерапия, ертегі терапиясы т.б.), жұмысбастылық және еңбек терапиясы әдістері. Кәмелетке толмағандарды емдеу-реабилитациялау үдерісінде отбасы терапиясы мен отбасылық кеңес беру басты бағыттардың бірі болып саналады.
Кәмелетке толмағандарды реабилитациялаудың негізгі принциптері келесідей:
ü реабилитациялау іс-шараларына клиенттің өз еркімен қатысуы;
ü есірткілік және токсикалық заттарды қабылдауды тоқтатуы;
ü құпиялық;
ü реабилитациялық іс-шаралардың жүйелілігі;
ü реабилитациялық іс-шаралардың кезеңдігі;
ü жауапкершілік;
ü ребилитациялауға негізгі маңызды тұлғаларды қатыстыру (отбасы мүшелері және т.б.);
ü өмір сүру ортасын қайта ұйымдастыру және реабилитациялық ортасын қалыптастыру (өмір сүру ортасының барлық компоненттеріне әсер ете отырып, өмір сүру салтын өзгерту);
ü кәмелетке толмағандардың түрлі топтарын реабилитациялауға деген дифференциялық тәсіл;
ü кәмелетке толмағандарды реабилитациялық мекемеден шығарғаннан кейін де әлеуметтік және жекелей қолдау.
Бірқатар қалаларда наркологиялық диспансерлер жанынан балаларға және жасөспірімдерге әлеуметтік-медициналық көмек беру бөлімдері ашылған. Ол күндізгі стационар мен тәулік бойы ем қабылдауға болатын және амбулаторлық-емханалық бөлімнен тұрады. Амбулаторлық-емханалық құрылымда алдын алу (профилактикалық), емдеу-диагностикалық және қайта қалпына келтіру (реабилитациялық) бағдарламалары жүзеге асырылады.
Профилактикалық бағдарламалар ішімдікті және есірткіні қолданудың алдын алуға, оларды асыра қолдану мен девиантты мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Мақсатты бағытталған әрекеттің объектісі болып негізінен балалар мен жасөспірімдер табылады. Алдын алу шаралары үзіліссіз, жасына қарай жіктелген, шынайы және нәтижелі болуы тиіс. Алдын алу шаралары жастардың есірткіге қарсы ұстанымын қорқыныш арқылы емес, жағымды өмірлік дағдыларды қалыптастыру арқылы орнатуға ұмтылады.
Емдеу бағдарламалары нашақорлық дертіне шалдыққан науқастарды ерте кезінде анықтап алып, оларды емдеуге бағыттау жұмыстарын алға тартады.
Реабилитациялық бағдарламалар тұлға мен қоғам арасындағы қарама-қайшылық пен алшақтықты жеңуге бағытталған.
Әлеуметтік жұмыс маманы әлеуметтік реабилитацияның индивидуалдық бағдарламасын құрастыру мен оны жүзеге асыруға тікелей атсалысады. Оған кәсіби-еңбектік, оқу-танымдық, әлеуметтік мәдени, шынықтыру-сауықтыру және т.б. компоненттер кіреді.
Онкология жоғары әлеуметтік маңызы бар мәселелердің біріне жатады, өйткені, халық өлімінің, жұмысқа деген қабілеттілігінің жойылуының және халықтың мүгедектенуінің негізгі себептерінің бірі осы онкология болып табылады. Соңғы онжылдықта онкологиялық аурудың көбею тенденциясы айқын көрінуде.
Профилактикалық онкологияда рак профилактикасының бірінші, екінші және үшінші түрлерін ажыратып көрсетуге болады.
Бірінші рак профилактикасы – бұл әлеуметтік-гигиеналық және халықтың күш салуымен жүзеге асатын шаралар жүйесі. Яғни, қауіпті ісіктердің пайда болуының алдын алу, ісік жағдайындағы қоршаған ортаның әр түрлі әсер еткіш факторларын жою немесе заласыздандыру, сонымен қатар ағзаның төзімділігін жоғарылату жолымен анықталады.
Екінші рак профилактикасы – бұл ісіктің пайда болуының алғышартын және ісіктің бастапқы деңгейін анықтауға бағытталған іс-шаралар жүйесі. Негізінен бұл профилактиканы қоғамның қамқорлығынан көре аламыз, себебі, ауруды анықтау мен ауру адамдарды диспансерлік бақылаудағы негізгі рөлді санитарлық-ағарту жұмыстары, тұрғындарды аурудың алғашқы белгілерімен таныстыру жұмыстары мен амбулаторлық-поликлиникалық мекемелер атқарады. Бірақ жекелей алғанда, әр адамның рөлі де маңызды: адамның өз денсаулығына назар аударуы, әрдайым медициналық профилактикалық тексеруден өтіп отыруы.
Үшінші рак профилактикасы – бұл әлсіз немесе жоғалған қызметтік және психологиялық ерекшеліктерді қайта қалпына келтіру және хирургиялық, дәрі-дәрмектік, шипажайлық емдеу, еңбек және физиотерапия жолдарымен компенсаторлық механизмдерді ңығайтудан тұратын онкоауруды әлеуметтік-медициналық реабилитациялау.
РЕКЛАМА
Яндекс.Директ
Әлеуметтік және медициналық жұмыскерлердің рөлі – халықты осы қауіптің және оның жекелей алдын алу іс-шараларының бар екендігі туралы хабардар ету.
Басқа шаралар жалпы қоғамдық сипатта жүзеге асады және олар адамның барлық өмірін қамтуы тиіс:
► Онкогигиеналық профилактика – қоршаған ортаның канцерогенды факторларының, соның ішінде ауа, су және азық түліктің адамға әсерін анықтау және кері әсерін заласыздандыру.
► Биохимиялық рак профилактикасы әр түрлі химиялық препараттар, өнімдер мен қосуларды (С, Е витаминдері және құрамында осы витаминдер бар өнімдер; антиоксиданты бар препараттар) пайдалану арқылы, канцерогендік фактор іс-әрекетінен пайда болатын бластомогенді эффектінің алдын алу.
► Медициналық-генетикалық профилактика ісік және ісік алды аурулары тұқым қуалау арқылы берілетін отбасыларды, хромосомалық тұрақсыздығы бар адамдарды анықтау, оларға канцерогендік фактордың әсер ету қаупін төмендету шаралары (жұмыспен қамтуды ұйымдастыру, үйлестірілімді тағамдануға кеңес беру, зиянды әдеттерден бас тартқызу, диспансерлік бақылау және т.б.).
► Иммунобиологиялық профилактика канцерогендік әсерлерден қорғануға және түзету шараларын жүзеге асыруда иммунологиялық жетіспеушілігі бар контингенттің құрылуын және жеке адамдарды анықтау.
► Эндокринді-жастық профилактика дисгормониялық жағдайды, сонымен қатар ісіктің пайда болуына және асқынуына негіз болатын гомеостаздың жастық бұзылуын анықтау және оны түзету.
► Ақпараттық профилактика: әңгіме-кеңестер өткізу, халықты рак профилактикасына байланысты танымал-ғылыми әдебиеттермен және брошюралармен қамтамасыз ету, рак ауруы және оған дейінгі кезеңдегі көріністер сипатталған плакаттар мен фотовитриналар жасау.
Әлеуметтік-медициналық профилактикалық бағыттағы іс-шараларға қауіп-қатерлі топтарды құру мен осы топтағы пациенттерді емдейтін кешенді іс-шаралар жүргізу арқылы оларды белсенді түрде бақылауға алуды жатқызуға болады. Қауіп-қатерлі топқа келесі көрсеткіштерге байланысты балалар мен ересек адамдарды жатқызуға болады:
► ісік алдындағы ауруы анықталған;
► жоғары деңгейдегі генеалогиялық қауіп-қатер;
► радионуклидпен ластанған аймақта өмір сүретін;
► канцерогенді факторлардың әсері бар өндірісте жұмыс жасау;
► шылым шегу;
► ұзақ уақыт бойы иммунодепрессивті және гормональді терапия алу.
Онкологиялық профтексеру ұйымы қауіп-қатерлі топқа жататын адамдарды бірінші скрининг бойынша іріктеп алумен айналысады. Іріктеу бағдарламасына төмендегілер жатады:
1. Цитологиялық, эндоскопикалық зерттеу әдістері мен ірікадрлық флюорография арқылы халықты профилактикалық тексеру. Бұл әдістермен қоса анкеталық әдісті жүргізген жөн, себебі, бұл диагностиканың тиімділігін жоғарылатады және топтар арасындағы профтексеруге шығынды азайтады, әсіресе ұйымдастырылмаған тұрғындар арасында;
2. Емдік-профилактикалық мекемелерде және стационарларда жатқан ауру адамдардағы ісік немесе ісікке дейінгі ауруларды анықтау мақсатында жан-жақты онкологиялық тексеруден міндетті түрде өткізу;
3. Онкологиялық қауіпті орындарда жұмыс істейтін адамдарды бірінші цитологиялық скринингтен өткізу.
Әлеуметтік жоспардың профилактикалық бағыттағы іс-шараларына төмендегілерді жатқызуға болады:
► Мақсатты профилактикалық бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру;
► әлеуметтік-гигиеналық мониторинг жүргізу;
► қауіп-қатер факторларын анықтау.
Әлеуметтік-медициналық реабилитацияның негізгі бағыттарының бірі жұмыс терапиясы болып табылады. Ол адамның бойында қоғамдық пайдалы жұмысқа бейімделу мен өзін-өзі күту дағдысын қалыптастырады.
Онкопатологиялық аурумен ауыратын адамдар әлеуметтік-медициналық қызметтің маңызды объектісі болып табылады. Отбасында бір онкологиялық ауруы бар адам отбасының өмір сүру жағдайын түбірімен өзгертеді. Ауру адамның өмірін сақтап қалу күресінде отбасы ерекше орын ала отырып, ол әлеуметтік қызметтің объектісіне айналады.
Отбасының әлеуметтік мәселесі көбінесе қаржылық қиындықтармен анықталады. Мәселені шешуге мүмкін болатын жолдар:
• онкологиялық профильді емдеу мекемелеріне тұрақты қаржылық жолдарды іздестіру;
• онкопатологиялық ауруларды тегін емдеу құқығына байланысты барлық жолдарды қатал бақылау;
• төменгі күн көріс минимумына сәйкес келетін жәрдемақының әр уақытта болуы;
• қалааралық көліктердің кез-келген түріне ауру адамның және оны алып жүрушінің тегін жүру жеңілдігін төлеу.
Онкопатологиялық ауруы бар адамдардың жұмыс мәселесін шешу мүмкіндіктері:
• ұйымдардың әкімшілігін осы топтағы адамдарға жеңіл түрде жұмыс түрін беруді міндеттеу туралы заңнама қабылдау;
• кәсіби кеңес беру арқылы мамандық таңдау және қайта оқыту мәселесіне байланысты жұмыс істейтін жүйе қолдану;
• үйде жұмыс істеу мүмкіндігін беру.
Рак науқасының және оның отбасының әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешу жолдары келесідей:
• әр түрлі бағыттағы психологиялық қолдау көрсету топтарын ұйымдастыру (науқасқа, отбасы мүшелеріне, достарына және т.б.);
• психологтың қатысуымен ракпен ауыратын және рактан жазылған адамдармен кездесулер ұйымдастыру;
• муниципалды психологиялық қызметті ұйымдастыру, «сенім телефоны»;
• ақпараттық вакуумды жою;
• онкологиялық ауруы бар адамдарға және олардың отбасыларына жақсы қарым-қатынас орнату мақсатында қоғаммен жұмыс жасау.
Ақпараттық вакуумға байланысты мәселелерді шешу жолдары:
• емдеу мекемелерінде онкологоиялық профильді ақпараттық орталық құру. Мұнда нақаусқа және оның отбасына арналған әдебиеттер кітапханасын енгізу; заңға байланысты мәселелерді шешуге арналған брошюралар мен буклеттерді; науқасқа және отбасына көмек көрсету көздерін анықтайтын банктарды кіргізу қажет;
• дербес онкология мәселесіне байланысты әдебиеттер баспасын, соның ішінде науқасты күтіп қарау әдістерін қамтитын материалдар, сонымен қатар, тәуекел тобына жататын пациенттерге арнайы басылымдар басып шығару;
• теледидар мен радиода жүйелі түрде бағдарламалар жүргізу; жергілікті баспасөздерде Отандық және шетелдік онкологиядағы жетістіктер мен салауатты өмір салтының артықшылықтарын көрсету жұмыстарын жүргізу.
Бүгінгі таңда шетелде, Ресейде және Қазақстандағы әлеуметтік-медициналық қызметте инкурабельді науқастармен хоспистік қызмет бірге жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік жұмыскерлер мен дәрігерлердің қосымша көмегі ретінде Қазақстанда соңғы кезде хоспистік қызмет көрсету қарқынды жүзеге асуда.
Хоспистік қызметтің негізгі мақсаты науқасқа арнайы жағдайлар жасау және оның отбасына психоәлеуметтік көмек көрсету.
Хоспис әлеуметтік-медицина жұмысының теориясында көпсалалы бағдарлама болып табылады. Бұл науқас өмірінің соңғы айларын өткізуде көмек көрсету жүйесімен анықталады. Хоспистің негізгі міндеті – өлім үстіндегі науқасты физиологиялық ауыртпалықтардан арылту, қиын жағдайдан шығару, өмірінің соңғы кезеңін бейбітшілік, мейірім сезімімен өткізуді қамтамасыз ету. Хосписке келесі қызмет орындары кіреді, олар: поликлиникалық бөлім, стационар, ұйымдастырушылық-әдістемелік бөлім.
Хоспистегі қызмет көрсету көпсалалы қызметкерлер бригадасына: дәрігерлер, медбикелер, үйде медициналық қызмет көрсететін жұмыскерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, діни қызметкерлер және волонтерлар жатады. Барлық жұмыскерлердің іс-әрекеті көбінесе әлеуметтік жұмыскермен үйлестіріліп отырады. Ол науқасқа және оның отбасына хоспистік тікелей қызмет түрлерін және қосымша қызмет түрлерін ұсына алады. Әлеуметтік жұмыскердің негізгі міндеті – науқасқа кеңес беру, сонымен қатар науқастың өліміне дейін және өлімінен кейін оның отбасына кеңес берумен анықталады. Көбінесе әлеуметтік жұмыскер хоспис қызметкерлеріне кеңес берушінің рөлін, науқастарға күтім жасайтын волонтерлерге басшылық ету сияқты қызметтерді де атқарады.
Осылайша, инкурабельді науқастармен жұмыс жасауда әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету ұйымының кешенділігі олардың психологиялық, әлеуметтік және медициналық қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етуде өте тиімді болып отыр. Паллиативті медицинаны қосу хоспис қызметінде әлеуметтік жұмыскер қызметінің тиімділігін барынша арттыруға, науқастың және оның отбасының өмірін жақсартуға және әр персоналдың өз қызметін тиімді және дұрыс атқаруына себебін тигізеді.
Онкологиялық науқастардың басым бөлігі жұмысқа қабілетті тұлғалар болғандықтан, адамдардың өмірден ерте кетуіне байланысты және науқасқа қарайтын отбасы мүшелерінің өндірістік қызметті тоқтатуына байланысты экономикалық шығынға ұшырап жатады.
Әлеуметтік жұмыс теориясы мен практикасы рак ауруының қиын, бірақ шешілетін мәселе болуынан туындады. Бұл қауіпті аурумен күресуде қазіргі кезде диагностикалық әдістердің, емдеудің және профилактиканың жаңа, тиімді жолдарын және әдістерін іздестіруде. Қазіргі кезде диагностикалауды уақытында жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар ісікке байланысты көптеген ауруларды емдеу мүмкіншіліктері де бар. Дәрігерлердің тәжірибесі мен пациенттердің қырағылығы бұл маңызды жұмыстың кепілі болса, әлеуметтік-медициналық профилактика бағыты бұл мәселеде негізгі орынды алып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |