Өлшеулі күннің жеткен соң,
Бұйрық дәмің біткен соң,
Төсектей қазған бір жерге
Қырыңнан кіріп сиғаның.
Құбылып тұрған қызыл гүл
Қураса кетер мәнері.
Он екі құрық, қырық шалғы,
Қияда сұнқар таранды.
Атты кердең өсірген
Арқаның тарал шөбі екен.
Жігітті кердең өсірген
Ат пен малдың демі екен. т.б
Бірақ мұндай сөз тіркестері Шортанбай ақын өлеңдерінде аз. Көпшілігіне ақын өзінің айтатын деген ой-пікірлерін жай образ, көпшілікке түсінікті сөз тіркестерімен береді. Бірақ ақын көркем сөз, жаңа образдарды көп қолдануды машық етпесе де, жұртшылыққа мәлім сөз образдарынан өзінің айтайын деген ойларын, суреттемек, сынамақ, нәрселерін, өмір құбылыстарын дәл айтып беруге керекті сөздерді табуға, оларды құрастыруға шебер.
Мысалы:
Қолында тұрып ұрлығы,
Мойнында тұрып зорлығы,
Ойында тұрып жалғаны, -
деген үзіндіні алсақ, поэтикалық тіл тұғысынан тартымдылық туғызарлық үш рет қайталанып тұр деген сөзден басқа образдылық қызмет атқарып тұрған еш сөз жоқ. Бірақ сол жай сөздердің өздері өлеңнің контексінде көркемдік роль атқарады. Өйткені, өлең молдалар туралы. Мұндай мінез, іс-әрекеттер оларға тән. Демек, ол жолдардың көркемдігі сөз қайталауында емес, шындығында.
Екінші бір жерінде:
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп, -
дейді. Бұл үзіндідегі көсемше етіс арқылы жасалған эпитет, шарта жүгініп, төрде отырған молдалардың кескін, келбеттерін ғана көзге елестетіп қоймайды, олар туралы оқырмандарын да жексұрын-ақ екен дегендей сезімде қалдырады. Олар болса, шөмейіп деген эпитет, қарапайымдығына қарамастан, дұрыс қолданылған және тап осы үзіндіде ол суреттеу құралы міндетін толық атқарып тұр. Сонымен қатар, шөмейіп деген сөздің астарлы мағынасында мысқыл, кекесін жатқандығы да аңғарылады.
Дәл осы сықылды сөз тіркестері, мысқылдай сөйлеу саудагерлерді суреттеген өлеңінде де жиі кездеседі:
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір – біріне жетім деп,
Алас ұрып өліп тұр.
Шортанбай жырларында поэтикалық тілдердің басқа түрлері де сол өзінің қарапайым қалпында кездеседі және сол тұрғысында өз міндеттерін атқарады да. Әрине, ол – Шортанбайдың басқалардан ерекшелігі емес.
Достарыңызбен бөлісу: |