Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Философияның негізгі мәселесі. Бірінші жағы



бет5/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175
lektsii po filosofii

Философияның негізгі мәселесі. Бірінші жағы.
Бүгінгі таңда жаңарудағы қоғамның философиялық-әлеуметтік мәселелерін қою және шешу жолында бұрынғы кеңестік қоғамның идеологиялық негізі болған марксизмді сырттату жолында философияның негізгі мәселесін де жоққа шығарғысы келетін пікірлер аз емес. Әрине, маркстік философияның шеңберінде “негізгі мәселе² тек қана диалектикалық материализмді дәріптеуге, қалған философиялық бағыттарға “бейғылымдылық² баға беру жолында пайдаланылды.
Бірақ, соған қарамастан, біз философияның негізгі мәселесі марксизмнің ойлап шығарған “жалған мәселесі² деген ойдан алшақ болуымыз керек. Өйткені, философия дүниеге келісімен-ақ оның шеңберінде әр-түрлі бір-біріне қарсы бағытталған ағымдар пайда болды.
Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастың негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.
Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін біз бірнеше сұраққа жауап беруіміз керек. Ол – Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substantіa – латын сөзі, -негізінде, астында жатқан).
Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты табамыз - оның бірі материя (materіa – латын сөзі, -зат) – табиғат заты, екіншісі – сана – адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.
Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. Ол – Дүниенің бірлігі, екіншіден – оның заттық субстраты (substratum - негіз), үшіншіден – адамның өз ішінен табатын материалдық емес рухани тебіреністері.
Келесі ерекшеліктері – бұл ұғымдардың метафизикалық табиғаты, - яғни оларды жеке ғылымдардағы ұғымдар сияқты тәжірибе арқылы тексеру мүмкін емес, өйткені, олар бүкіл әлемді өз мазмұнында қамтуға бағытталып, бүкіл адамзат тәжірибесінің сыртына шығып, тек болжамдық мағнаға ғана ие болады.
Олай болатын болса, қайсыбір философиялық ағым, қалай дегенде де, бұл ұғымдардың ара-қатынасын өзінше анықтамай әрі-қарай бір қадам аттай алмайды.
Егер Дүниенің субстанциясы материя деген пікірге келсек, онда философияда материалистік ағым пайда болады.
Керісінше, субстанция дегеніміз жеке адамның жан-дүниесі, я болмаса Дүниежүзілік абсолюттік идея, рух т.с.с. деп болжамдасақ, онда философияда идеалистік ағым пайда болады.
Егер Дүние субстанциясының екі ажырамас – материалдық және рухани - жағы бар деген көзқараста болсақ, онда біз философияда реализм бағытын тудырамыз. Тек қана бұл ұғымды Орта ғасырлардағы схоластикалық философияның жалпы ұғым жөніндегі реализмінен айыруымыз керек.
Философияда сирек кездесетін ағымдардың бірі – Дүние субстанциясы екеу – материя және рух және олар бір-біріне тәуелсіз деген пікір. Мұны алғаш рет философия тарихында француз философы Р.Декарт айтқан болатын. Мұндай көзқарасты біз дуализм бағытына жатқызамыз. (dualіs – латын сөзі, -екі жақтылық).
Ал жоғарыдағы үш Дүниеге деген көзқарас монистік бағытта болмақ. (monos – грек сөзі, -біреу).
Дүниеге деген материалистік көзқарас әлемдегі болып жатқан барлық құбылыстарды дене, я болмаса сол материалдық заттардың қасиетттері ретінде қарайды. Сонау көне заманнан бастап осы уақытқа дейін материалистік философиядағы ағым (жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып) материя жөнінде әртүрлі пікірге келгенменен жоғарыдағы көрсетілген көзқарастан тайған жоқ.
ХХ ғасырда жаратылыстану ғылымдарының дамуы, капиталистік қоғамның әлеуметтік саяси қайшылықтарының өршуі маркстік материализмінің дүниеге келуіне әкеліп соқты. К.Маркс пен Ф.Энгельс Дүниеге деген материалистік көзқарасты қоғам өміріне дейін көтеріп біртұтастық материалистік ілімнің негізін қалады. Сана, рухани өмірді түсіну үшін олар философияға бейнелеу теориясын енгізді. Материяның ең жалпы қасиеті – бейнелеу, осы арқылы тарихи материя үне бойы даму, күрделену үстінде. Адамның санасы – бейнелеудің ең биік идеалды түрі,- деген пікір айтып, мидағы болып жатқан неше-түрлі бұлдыр көмескі үрдістердің өзі адамдардың материалдық болмысынан шығады,- деген пікірді олар “Неміс идеологиясы² деген еңбектерінде ашық айтты.
Сонымен қатар, марксизм адам санасының өзін тудырған материалдық үрдістерге белсенді кері әсерін тигізіп, оны жетілдіретінін мойындады.
Философиядағы материалистік ағым ең көне, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған, жеке ғылымдардың нәтижелерін өз бойына сіңіріп, адамзаттың ағарған бөлігінің Дүниеге деген көзқарасы ретінде өзін көрсеткісі келеді.
Бірақ, бұл көзқарастың сонау тұрпайы материализмнен бастап диалектикалық материализмге дейінгі негізгі әлсіз жері – материалдық қоршаған ортаның логикасы қайдан шықты, Дүниенің заңдылықтары, оның дамуының қайнар көзі неде?- деген сұрақ. Бүгінгі адамды ол Дүниенің ішкі қайшылығында, материяның бейнелеу қасиетімен байланысты,- деген жауап толығынан қанағаттандыра алмайды.
Философияның негізгі мәселесін шешу жолындағы материализмге қарама-қарсы бағыт – идеализм (іdea – грек сөзі, -ой, идея). Дүниенің негізінде субстанция ретінде рухани болмыс жатыр,- деген қайсыбір дүниесезім мен дүниеқабылдауды біз идеализм дейміз. Идеализм адам өмірінің рухани жағын бірінші орынға қояды. Бұл ағым қайсыбір белсенділік, шығармашылықтың қайнар көзі – рухта деген пікір айтады. Материя мойындалғанымен, ол енжар, болмыстың төменгі жаратылған түрі ретінде ғана қаралады.
Идеализмнің қайнар көзі - сонау мифологиялық дәуірдің өзіне барып тіреледі. Өйткені, алғашқы қауымның шеңберінде өмір сүріп жатқан адам бүкіл Дүниедегі құбылыстарды адамға ұқсатып түсіндіреді – оларды жандандырады. Әрі қарай жүре келе, адамның абстрактылық ойлау дәрежесі жоғарылаған сайын, идеализмнің дүниеге келуіне толық жол ашылады. Өйткені, қайсыбір Дүниедегі құбылыстарды бейнелейтін жалпы ұғымдарда сол заттардың ішкі терең мәні берілген. Сезіммен қабылданатын сол заттар күнбе-күн өзгеріп, тіпті өмірден кеткенмен, ұғымның мағнасы тұрақты болғандықтан, ол өмірде қала береді. Мәселенің екінші жағы - қайсыбір нақтылы зат, құбылыс өзінің ұғымына ешқашанда толық сәйкес келмейді (ханның қызында да кемшіліктер бар). Сондықтан, ұлы Абайдың “адам бол² деген нақыл сөзінде терең сыр жатыр. Өйткені, бұл Дүниедегі өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың ішінен бірде-бір адам идеясына толығына сәйкес келетін жанды табу мүмкін емес. Тірі адамның үлесі - өмірінің соңына шейін күнбе-күн өзін жетілдіруге тырысу, сол адам ұғымына жеткенінше сай болу. Олай болса, идеалистердің айтуына қарағанда ұғым шынайы болмысқа жатса, нақтылы дүниеге келіп, біршама уақыттан кейін дүниеден кетіп жатқан мінді заттар – елес, жалған болмыс ретінде түсіндіріледі.
Егер материализм адамның ішкі өмірінен гөрі сыртқы дүниені танып-білуге бағытталса, идеализмнің ең негізгі мәселесі – адам, оның өмірі мен ой-өрісі, тағдыры мен үміті, зардабы мен қуанышы т.с.с. Сондықтан идеалистік философияның аксиологиялық, праксеологиялық жақтары онтологиялық, гносеологиялық жақтарына қарағанда басымырақ болады. Идеалистік философияның негізгі екі түрін бір-бірінен ажыратуға болады: ол объективті және субъективті идеализм.
Батыс философиясында алғашқы рет тұжырымдама ретінде жан-жақты біртұтас жүйелік объективтік көзқарас Платонның философиясында қалыптасты.
Платонның Эйдос әлемі – рухани әлем және сонымен қатар, бұл Дүниедегі нақтылы заттардың алғашқы кейпі. (eіdos - идея). Философтың ойынша, идеялар заттардың табиғатында көмескіленіп, бұрмаланады. Сондықтан сезімдік заттар әрқашанда толығынан өзінің идеясына сәйкес келмейді. Платонның ойынша, идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан Демиург – ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды. (demіeourgos – грек сөзі, -өнерші, -demіourgos - қолөнерші, ұста).
Платонның таным теориясы адамның жан-дүниесінің бұрынғы идеялар әлемінде өмір сүрген кезін анамнезистеуге, еске түсіруіне негізделеді (anamnesіs – грек сөзі, -еске түсіру). Оған түрткі болатын адамның сезімдік қабылдауы - өйткені, ол заттың ұғымдық мәніне жете алмайды да, адамның ойлау қабілетін оятады. Адамның жан-дүниесі идеялар әлемінен шыққаннан кейін мәңгілік, ол ешқашан өлмейді.
Объективті идеализмнің негізгі қағидалары Орта ғасыр заманында монотеистік (monos – грек сөзі, -біреу; theos - құдай) діндердің қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Платонның идеялары христиан дінінде Құдайдың ойына айналады. Егер Платонның Демиургі мәңгілік өмір сүріп жатқан материяға идеалдық бітім берсе, христиан діні Құдайдың құдіретті сөзі арқылы жоқтан бар Дүние жаратылды дейді. Сонымен Платонның мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материясы үзілді кесілді теріске шығарылып, Құдайдан бұрын ешнәрсе жоқ, Дүниенің бәрі соның құдіретті күші арқылы пайда болады деген қағидаға аса үлкен мән беріледі.
Дінде адамның дүние-тануындағы ақыл-ойы теріске шығарылмайды, бірақ ол сенім ақиқаттарымен шектеледі. Адамның ақыл-ойы Құдайдың берген аянынан биік емес, керісінше,- сенімге сәйкес болуы керек.
Платонның көзқарасы бойынша, зұлымдық Дүниенің кемшіліктерінен пайда болады, ал оның өзі енжар материя мен идея қосылған кезде, - яғни бұл жалған Дүние пайда болысымен-ақ сонымен бірге өмірге келеді.
Діни философияда керісінше - Құдайдың логосынан (logos – грек сөзі, -сөз, мән-мағна) жаратылған Дүние еш- мінсіз, таза, әсем болып дүниеге келеді. Зұлымдылықты алатын болсақ, ол – тарихи оқиға – оның себебі – адамның еркінің алғашқы көрсетілген Құдайдың жолынан ауытқуы. Олай болатын болса, тарихтың соңында Құдайдың жасаған таза, әсем жаратылысына қайтадан оралуға болады.
Жаңа дәуірде Декарттың философиясында идея бөлек материямен қатар өмір сүретін ерекше субстанция ретінде қаралса, Гегельдің философиясында Абсолюттік Идеяның өзін-өзі тану жолындағы белсенділігіне айналады. Ал ХХ ғасырдағы философияда ерекше өмір сүріп жатқан құндылық, мән-мағна әлеміне (феноменология (phenomenon – грек сөзі, -құбылыс), я болмаса ғылыми идеялар мен теорияларға айналады (ағылшын философы К, Поппердің “үшінші әлем² ілімі).
Сонымен, 2,5 мың жылға созылған объективтік идеализмнің тарихының негізінде оның әртүрлігіне қарамастан бұлжымаған бір ғана нәрсе бар – ол рухтың, ойдың, жан-дүниенің, Құдайдың біріншілігі мен материаның жаратылған дүниенің екіншілігі.
Идеализмнің философия тарихындағы екінші түрі – субъективті идеализм. Бұл философиялық ағымның ерекшелігі – тек қана жан-дүниенің өмір сүруін мойындау. Өйткені, адам өз-өзіне үңіліп қарағанда өзінің жан-дүниесінен басқа ештеңе таппайды. Субъективті идеализмнің өкілі Дж.Берклидің айтуынша “Өмір сүру - қабылдауға келетін нәрсе ғана². Ал, адамның санасындағы неше-түрлі ұғымдарды алатын болсақ, олар бізді алдайтын жалған елестер, өйткені, біз оларды нақтылы қабылдай алмаймыз. Әрине, бұл қағида материализмге де, объективті идеализмге де қарсы бағытталған. Мысалы, Дж.Берклидің айтуына қарағанда, материя ұғымы – жалған елес, өйткені, біз оны өзіміздің жан-дүниемізден таба алмаймыз. Біз нақтылы ағашты, үйді, басқа жанымыздағы адамдарды, машиналарды т.с.с. қабылдай аламыз, ал материяны ешкім өзінің жан-дүниесінде елестете алмайды.
Олай болатын болса, шындықтың өлшемі ұғымдар емес, адамның түйсіктері, солардың жиынтығы, жалпы адамның психикалық өмірі ғана (psyche – грек сөзі, -жан-дүние). Мұндай көзқарасты шегіне шейін қайшылықсыз созсақ, онда Дүние дегеніміз сол өмір сүріп жатқан субъекттің жан дүниесі ғана, басқа ештеңе де жоқ. Мұндай көзқарасты философияда солипсизм дейді (solus – латын сөзі, -жалғыз, бір; іpse - өзім, жалғыз өзім ғана деген мағна береді). Әрине, мұндай көзқарас абсурдқа (absurdus – латын сөзі, -беймағналық) әкеліп тірейді.
Олай болса, адамның дүниесезімінің шындығын қалай дәлелдеуге болады,- деген сұрақ пайда болады. Субъективті идеализм оған шарттық тұжырымдама арқылы жауап береді. Егер біздің дүниесезіміміз басқа адамдардың сезіміне сәйкес келсе, онда ол рухани болмыстың шындығын дәлелдейді. Ал рухани ортақ болмыстың болуының өзі оны тудырған Құдайды мойындауға әкеледі. Сонымен, субъективті идеализм өз шеңберінен шығып ақырында объективтік идеализммен ұштаса кетеді.
Қорыта келе, идеализмнің қай түрі болмасын рухты алғашқы күш ретінде мойындайды. Ал бұл ағымның әлсіз жағы - қалайша жоқтан бар нәрсе туады деген сұрақ, өйткені бүкіл адамзаттың тәжрибесі жоқтан барды туғызуға болмайтынын көрсетеді. Әрине, мұндай көзқарас қазіргі ағарған көзі ашық адамды толығынан қанағаттандырмайды.
Бұл арада біз материализм және идеализм деген ұғымдардың жай өмірде де басқа мағнада қолданылатынын атап өтуіміз керек. Қарапайым адамдар материалист деп өмірде болу емес алуға тырысатын, байлық пен мансап іздейтін, ләззат қуатын адамдарды айтады. Керісінше, идеалист деп үне бойы рухани ізденісте, өзінің мүддесінен көрі қоғамдық мүддені жоғары ұстаған, басқа адамдарға риясыз көмек беретін, өзінің ар-ұжданына кір келтірмеуге тырысатын адамды айтады.
Сонымен, бұл ұғымдардың екі мағналығы толығынан бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, өзінің философиялық көзқарасында материалистік бағыт ұстаған адам нақтылы өмір салтында идеалист болуы сирек емес. Керісінше, философиялық идеалистік бағыт ұстап, өзінің нақтылы өмірінде өзін металға (алтынға) сататын адамдар да аз емес, ал қазіргі заманда тіпті көбейіп келе жатыр.
Философияның негізгі мәселесін шешу жолында үшінші жол бар. Ол жол – материализм мен идеализмнің біржақтылығына қанағаттанбай, Дүниенің негізінде жатқан субстанцияның екі қасиетін – материалдық және идеалдық жағын бірдей мойындауында. Сонымен, болмыстың өзі қайшылық, оның материалдық және рухани жақтары бар. Мұндай көзқарасқа философияда реализм деген атақ берілген (realіs – латын сөзі, -шындық).
Әрине, тарихи реализм материалистік және идеалистік ағымдардан кейін қалыптасады, өйткені бұл ағым аталған бағыттардың біржақтылығын байқап, бұлардан асып, Дүниеге деген шынайы көзқарас жасауға әрекеттенеді. Ал, бірақ, бұл жол өте қиын және адамның ой-өрісін философиялық біртектілікке, оны аяғына шейін ұстауға деген іңкәріне қайшы келеді. Сондықтан реализм бағыты әрқашанда материалистер мен идеалистер өкілдерінің сынына түседі.
Тарихи алғашқы жақсы дамыған, кемеліне келген реалистік философияның негізін жасаған ұлы Аристотель болды. Ол өзінің көзқарасында бұрынғы Дүниеге деген натурфилософиялық көзқарастарды Платонның идеалистік принциптерімен ұштастырады (natura – грек сөзі, -табиғат).
Аристотель натурфилософияның шеңберінде дүниеге келген материя ұғымын Платонның бітім (morphe, іdea – грек сөздері, forma – латын сөзі, -бітім, түр) категориясымен ұштастырып, ажыратпай бірге қарайды. Екеуі де бірдей қажетті, бірдей шындықты бейнелейді. Аристотельдің философиясының негізгі қағидасы: “материясыз бітім жоқ, бітімсіз – материя жоқ². Бұл мәселені нақтылай келе, оларды “мүмкіндік² (dunamіs – грек сөзі, -мүмкіндік) пен “іске асу² “шындық² (energeja – грек сөзі, -шындық) категорияларына алмастырады.
Аристотельдің ойына қарағанда, бітім белгілі бір мақсаттың негізінде пайда болады, оны ол “заттың энтелехиясын², яғни ішкі қозғалтатын, мақсатқа лайықты дамытатын рухани күш ретінде қарайды (entelechіa – грек сөзі, -іске асу, мүмкіндіктің іске асып шегіне жетуі). Алайда заттың энтелехиясы – ол Платонның идеялар әлемінен келген күш емес, ол осы Дүниенің өз ішкі күші. Субстанция дегеніміздің өзі жалқы заттардан тұратын шындық, материя мен бітім әрбір зат пен құбылыстың ажырамас табиғатын құрайды. Ал жалпы идеялар, ұғымдарға келетін болсақ, олар әр-түрлі заттардың ортақ жақтарын көрсетеді – оны Дүниедегі заттардың тектік қасиеттері дейміз.
Аристотель адамның жан-дүниесінің өзін Платонға қарағанда басқаша түсінеді. Егер Платон адамның жан-дүниесінің қайнар көзін аспандағы “идеялар әлемінен² тапса, Аристотель адамның жаны – ол тірі дененің энтелехиясы, өмірді қамтамасыз ететін ішкі күші.
Аристотельден кейінгі философтар бұл кісінің ұлы философиясының деңгейін биіктете алмай, керісінше, біреулері материалистік, келесілері – идеалистік жолға тағы да түсіп кетті.
Хқққ ғасырда пайда болған схоластика реализмге қайта оралғанымен онда Құдай идеясы басымырақ болды.
Жаңа дәуірдің философиясының негізін қалаушылардың бірі Р.Декарт реалистік философия жүйесін жасайды. Оның ерекшелігі – дүниенің екі бір-біріне тәуелсіз дене және жан деген субстанциясы болуы. Олай болса, олар Аристотельдің философиясындағыдай ажырамайтын бірлікте емес, керісінше бір-біріне ымыраласпайтын дуалистік жағдайда болады. Сондықтан, Р.Декарт мәңгілік ешкім жаратпаған субстанцияны - Құдайды - өзінің философиясына еңгізуге мәжбүр болды. Дене мен жанды адамның табиғатында бір-бірімен байланыстырып ұштастырған - Құдай.
Голландия философы Б.Спинозаны екі субстанциялық дуалистік Р.Декарттың көзқарасы қанағаттандырмайды. Сондықтан, Спиноза Жаңа дәуірдегі ұлы реалистік философияның жүйесін жасайды.
Б.Спинозаның субстанциясы біреу, ол - дене - шексіз де мәңгілік өзінің өмір сүруі үшін еш нәрсені қажет етпейтін өз-өзіне жеткілікті, себебі - өзінің ішінде (causa suі – латын сөзі, -себебі өзінде). Ол - Құдай, я болмаса, Табиғат, өйткені, Спиноза оларды бір-бірімен теңеп пантеистік көзқараста болды.
Ал бізді жағалай қоршаған шектелген дүниенің заттары мен құбылыстарын алатын болсақ - олар субстанцияның жеке модустары, көріністері ғана (modus – латын сөзі, -өлшем, тәсіл, кейіп, түр).
Шексіз субстанцияның екі атрибуты (attrіbuo – латын сөзі, қасиет, тағу) арқылы адам дүниені танып біле алады. Олар – созылу мен ойлау. Әрбір зат субстанцияның модусы ретінде кеңістікте созылып жатыр және белгілі бір идеяны көрсетеді. Ал адамға келетін болсақ, ол Дүниедегі ең күрделі зат –оның ойлау дәрежесі ең дамыған, ол өз-өзін ойлай алатын денелік пенде.
Х1Х ғасырда реализмнің ерекше түрі дүниеге келеді. Ол неміс философы А.Шопенгауэрдің “еріктік философиясы². Оның айтуына қарағанда, Дүниенің ең терең сыры оның өмірге деген ессіз, мақсатсыз талпынысында – негізі жоқ ерікте. Дүние – ызаға толы, өзін-өзі тіліп жатқан аласұрған жыртқышқа ұқсайды. Дүниенің негізінде жатқан өмірге деген мақсатсыз ерік, әрине, нақтылы өмір сүріп жатқан барлық заттар мен құбылыстарға тән. Олай болса, олардың арасында таусылмайтын мән-мағнасы жоқ “барлығының барлығына деген соғысы² жүріп жатыр.
Ал адамдарға келер болсақ, Дүниежүзілік еріктің оның табиғатындағы көрінісі әр кісінің шексіз өзімшілдігінде (эгоизм) байқалады. Өмірге деген ерік әр адамның үстемдікке талпынуына әкеліп, оларды зардап шегуге, бақытсыздыққа әкеліп соғады.
Мемлекет, заңдық күрес оны жоя алмайды. Жалғыз амал – Будданың жолы - өмірге деген еріктен бас тарту …
ХХ ғасырда өмір сүрген реалистік философияның ұлы өкілдерінің бірі- француз ғылымы Пьер Теяр де Шарден. Бұл философ бүкіл ХХ ғасырдағы жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, әсіресе эволюция теориясына, өзінің реалистік философиясының субстанциясында екі – сыртқы және ішкі күштің бар екенін көрсетеді. Олар – тангенциалдық (сыртқы, физикалық), және радиалдық (ішкі, рухани) күштер.
Адамн Құдайдың жаратқан жетілген Дүниесінде өмір сүріп жатыр ма, я болмаса, өзін жағалай қоршаған Дүниені әрі қарай жетілдіре ме?- деген сұраққа Теяр де Шартен терең жауап қайтарады.
Егер Дүние дайын түрде адамға берілсе, онда ол тек қана оған табынып сүйсіне қараудан басқа ешнәрсе жасай алмайды.
Ал егер Дүниенің басы да аяғы да болмаса, бірақ ол мәңгілік өзгеріс, жаңару арқылы өмір сүріп жатса, онда адам бұл әлемді өзгертуге, жетілдіруге, шығармашылық еңбек етуге мүмкіншілік алады.
Адамзаттың бұл Дүниедегі үлесі - өзінің рухани күшін болашақ ноосфера әлемін жер бетінде орнатуға жұмсау (nous - грек сөзі, -ақыл, ой; sphera – аймақ, сала) жер бетіндегі адамзат зердесінің негізінде үйлесімді бір-бірімен тығыз байланысып дамып жатқан тіршілік әлемінің болашақта пайда болуы.
Әрине, реалистік көзқараста үне бойы болып, материализм, я болмаса идеализм бағытына ауысып кетпеу өте қиын. Мысалы, Теярдың “материя – рухтың анасы, рух – материяның ең биік ақуалы² деген тұжырымнан материяның біріншілігі жөнінде пікір туғызуға болады.
Ал философтың ғарыштағы Омега нүктесін мойындауы және бүкіл рухани радиалдық энергияның соған қарай ұмтылуы – ол идеалистік бағыттағы ойшыл ма,- деген сұрақты туғызуы мүмкін.
Қорыта келе, философияның негізгі мәселесінің онтологиялық жағын үш жолмен шешілетінін байқадық. Қайсыбір адам, саналы, я болмаса бейсаналық тұрғыдан, өзінің дүниеге деген көзқарасында осы көрсетілген ағымның біреуінің шеңберінде болады.
Әңгіме материалист, идеалист, я болмаса реалистік бағытта болу емес, сол шеңбердегі философияны саналы түрде игеріп, өмірдегі өз орныңды табуда болса керек. Философиялық даналықпен қаруланған адам бүкіл адамзатпен бірге қазіргі рухани ізденіске ат салысып, бүгінгі өркениеттің тамаша жетістіктерін игеріп, сонымен бірге оның қайғылы да аянышты қателіктерін түзеу жолында белсенділік көрсетсе екен дейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет