Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Философияның негізгі мәселесі



бет4/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175
lektsii po filosofii

Философияның негізгі мәселесі.
Философияның Дүниеге деген ерекше көзқарастық мәнін ашқаннан кейін, мәселені нақтылай түсіп, келесі сатыда оның пәнін анықтауымыз керек.
Бұл мәселе бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, бірақ жаратылыстану мен жеке гуманитарлық білім салаларының тез дамуы, жыл сайын жаңа ғылым түрлерінің пайда болуы философия пәнінің өрісін тарытып, тіпті оны керек қылмай қалуы мүмкін,- деген пікірді туғызуы жоқ емес. Ағылшын драматургы У.Шекспирдің “Король Лир² кейіпкері өзінің барлық байлығын үш қызына бөліп беріп, өмірінің соңында қайыршы болып қалғанындай, философия шеңберінен бөлініп кеткен жеке ғылымдар оны өз пәнсіз қалдырмас па екен,- деген сұрақты неміс философы В.Виндельбанд қойған болатын. Ал француз философы О.Конт философия өз дамуында 3 сатыдан өтеді дейді. Олар – теологиялық (theos – грек сөзі, - Құдай), метафизикалық (meta phіsіka – грек сөзі, - табиғаттан кейін, болмыстың алғашқы құдіретті бастамалары жөніндегі ілім) және позитивтік. Соңғы сатысында философия тек қана жалпы ғылым және таным методтары (method – грек сөзі, -әдіс) жөніндегі пәнге айналмақ, қалған мәселелердің бәрі жеке ғылымдардың үлесіне кете бермек.
Философия пәніне деген мұндай көзқарасты сынға алу үшін, біз бұл ғылымның шығу тарихына көз жіберуіміз керек. Онда біз тарихи өндіргіш күштердің дамуы, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінудің негізінде алғашқы ғылыми түсініктердің пайда болып (жер өңдеу, оған су әкелу, геометриялық, математикалық түсініктерді, мал бағу, көшіп-қону, жұлдыздар мен планеталарға, айға қарап, олардың қозғалуы, жерге тигізетін әсерлері жөніндегі білімдердің негізінің пайда болуына әкелді), мифологиялық және діни көзқарастың бірте-бірте алшақтап, Дүниеге деген ақыл-ойға негізделген білімді тудырғанын атап өтуіміз керек. Негізінен алғанда, бұл алғашқы өмірге келген білімнің синкретикалық табиғатын атап көрсеткен жөн - ол әлі философия, ия болмаса физика, психология т.с.с. емес, оның ішінде барлық болашақ Дүниеге келген ғылымдардың ұрығы болса керек.
Көне грек топырағында бұл алғашқы білімге философия деген атақ беріліп, ол шынында сол кездегі барлық дүние зерттеудегі пайда болған ғылымның алғашқы деректері мен тұжырымдамаларын өз бойына сіңірді. Сонымен қатар, философияның өз табиғатына тән сұрақтары да пайда бола бастайды. Олар – Дүниенің негізінде не жатыр? Адам – ол кім? Ақиқат, қзгілік, Әсемдік дегеніміз не? т.с.с. сұрақтар. Бұл Дүние жөніндегі шегіне жеткен ең жалпы сұрақтар пайда болып, өзінің мазмұнын ғасырлар өткен сайын тереңдете түсті. Көне заманның ұлы ойшысы Аристотель бүкіл философияны үлкен 3 бөлікке бөлді: ол теоретикалық философия (ой-өрісінен шығады), практикалық (адамның өмірдегі жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін зерттейді) және көркемөнерлік (шығармашылықты зерттейді).
Аристотель өз заманының ғұлама ғалымы ретінде ғылымның жеке мәселелерімен де айналысты, мысалы – жануарлардың дене құрылысы, я болмаса, риторика т.с.с. (rhetorіke – грек сөзі, - әсем сөйлеу өнері). Бірақ, бұл ғылым салаларын ол кісі философиядан бөлек ажыратып қараған жоқ.
Орта ғасырларда дінге, діни сезімге басым орын берілгенімен, философия пәні жөніндегі Көне Замандағы қалыптасқан көзқарас сол күйінде қала берді.
Алайда, бұл жағдай дүниеге Жаңа дәуір келе өзгере бастайды. Ол, біріншіден, философиялық ой-өрістің діннен бас дербестік алуы; екіншіден, капиталистік қарым-қатынастардың дамуының арқасында өндіргіш күштердің жаратылыстану ғылымдарын жандантып, олардың дербес сала ретінде қалыптасуына әкелуі. Әсіресе, бұл үрдістер XV-XV!!ғ.ғ. ғасырларда белсенді жүріп жатты. Механика, астрономия, математика ғылым салалары өздерінің пәндік дәрежесіне көтерілді. XVғ. ғасырда химия өзінше дербес ғылымға айналды. XX биология мен бірге антропология дербес ғылым ретінде қалыптаса бастады (сонымен қатар, қоғамдық-экономикалық пәндер). ХХ ғасырда философияға өте жақын ғылым салалары – психология, этика, эстетика, саясаттану, әлеуметтану пәндері дербес ғылым саласына айналды. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында ҒТР күрт дамуы жеке ғылымдардың өзінің көп салалы пәндерге айналуына, сонымен қатар, екі саланың қиылысқан жерінен пайда болған биофизика, астрофизика, биохимия сияқты жаңа ғылым салалары дүниеге келді.
Сонымен, ғылымның қалыптасып, сала-салаға бөлінуі (дифференциация), бірте-бірте ғылыми салалардың түйіскен жерлерінен жаңа пәндердің пайда болуына әкелді (интеграция).
Ғылым саласындағы Жаңа дәуірдегі және ең жаңа ХХ1ғ. мұндай шытырман күрделі өзгерістер философия пәніне өзінің қандай ықпалын тигізді? Расында да, философия жеке ғылымдардың өзінше дербес пәнге айналуымен “жалаңаш корольге² ұқсас болып қалған жоқ па,- деген сауалдар оқырманның ойына келуі мүмкін.
Мұндай сауалдарға біз үзілді-кесілді – жоқ,- дер едік. Өйткені, жеке ғылымдар саласы қалыптаса бастасымен-ақ философия да бірте-бірте өз шынайы мәселелеріне тереңірек қарап, оның өз-өзін табуын жеңілдетті.
Тарихи философияның ғасырлар бойы “натурфилософиялық мәселелермен² айналысу себебі – жеке ғылымдардың дербес пән ретінде өмір сүре алмауы; сондықтан философия жаратылыстану мен әлеуметтік ғылыми деректерді бойына жинап, соларды сараптап, өз ішінде бірте-бірте дамытуға мәжбүр болды. Философия өзіне тән шегіне жеткен ең жалпы мәселелерді ешқашанда сыртқа қалдырған жоқ. Сонымен жеке ғылымдардың қалыптасу жолында, философия да өзін ауырлататын натурфилософиялық мәселелерден құтылып, өз-өзіне бірте-бірте келе берді (natura – табиғат, философиялық ой-өрістегі табиғат жөніндегі тұжырымдар).
Қорыта келе, мына пікірді айтуға болады. Философия өзінің тарихи бастауынан бастап, осы заманға дейін – 2,5 мыңжылдық шеңберінде - өзінің пәнін, айналысатын мәселелерін өзгерткен жоқ. Жеке ғылымдардың қалыптасуы философияның өрісін тарылтқан жоқ және тарылта алмайды да, өйткені, ешбір жеке ғылым дүниенің ең жалпы байланыстары мен қатынастарын зерттемейді. Керісінше, философия өз пәнін ғылыми деректер өскен сайын дамытып, өз өрісін кеңейтіп және тереңдеу үстінде.
Философия пәнінің қайнар көзі – жеке адам, я болмаса әлеуметтік топ, қоғамның Дүние мен адам және олардың ара-қатынасы жөніндегі жалпы мағлұматты қажет етуінде. Басқаша айтқанда, homo sapіens (саналы адам) Дүниені біртұтас ретінде және сол дүниедегі өзінің кім екені, ондағы алатын орны жөніндегі ойлар мен сезім тебіреністерін тудырады.
Философияның пәні Дүние мен адам арасындағы жүйедегі шегіне жеткен ең жалпы байланыстар мен қатынастар жиынтығын құрайды. Бұл ең жалпы жақындағанда ғана. Бұл қатынастар мен байланыстарды әрі қарай сараптап тереңдетсек, онда оның көп қырлылығын көреміз.
Ең бірінші философия пәнінің метафизикалық онтологиялық қыр-сырын атап өтуіміз керек (ontos – грек сөзі, барлық, болу; logos – ілім, болмыс жөніндегі ілім). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Дүниенің негізінде не жатыр? Ол шектелген бе, я болмаса шексіз бе? Мәңгілік, я уақытша ма? Дүниенің өмір сүруінің ішкі мақсат-мұраты бар ма, ол не үшін жаратылған? Адамзат не үшін жаратылды? Адам болмысының мәні неде? Қоғам болмысын анықтайтын заңдар бар ма? т.с.с.
Философия пәнінің екінші үлкен мәселелері – ол оның гносеологиялық жақтары (gnosіs – грек сөзі, -тану, білу). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Біз кімбіз және Дүниедегі алатын орнымыз қандай? Адамның ақыл-ойы мен зердесінің табиғаты неде және ол Дүниенің ішкі сырын аша ала ма? Ақиқат, шындық дегеніміз не? Сезімдік пен ақыл-ойдың ара қатынасы қандай? т.с.с.
Философия пәнінің ажырамас мәселелерінің бірі - ол оның аксиологиялық, яғни, құндылық жақтары. құндылық әлемін сараптау. Адам өмірі мән-мағынасының даму бағытын анықтауда философияның алатын орны мен қызметі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, философияда мына сұрақтар бар: шындық, әсемдік, ізгілік дегеніміз не? Адам өміріндегі еріктік, әділеттілік, теңдік, жақсылық, өлшем, парасаттылық т.с.с. құндылықтар қандай орын алады? т.с.с.
Философия пәнінің келесі жағы – ол оның праксеологиялық, прагматикалық мәселелері (praktіcos – грек сөзі – белсенді, іс-әрекетшіл; pragmatos – грек сөзі, -іс-қимыл). Өйткені, адам Дүниені тану барысында тек қана оны ой-өрісімен қамтып қана қоймай, өз іс-әрекеттерімен түйістіріп, Дүниеде бұрынғы-соңғы болмаған жаңа нәрселерді, құбылыстарды тудырады. Кең түрде алғанда, философияның праксеологиялық мәселелеріне бүкіл адамзат тарихындағы материялық және рухани өндірістегі жетістіктері мен тәжрибесі, соларға жеткізген сан-алуан адамдардың табиғатпен және өз-өздерімен байланыстары мен іс-әрекеттерін жатқызуға болады. Адам, әлеуметтік топ, я болмаса қоғамның дүниетанымы, дүниесезімі мен оның іс-әрекет белсенділігінің байланысы қандай? Адамның іс-әрекетіне түрткі болатын оның қажеттіліктерінің табиғаты неде? Мақсатқа лайықты іс-әрекет деп нені айтамыз? Адамның іс-әрекетінде мақсат-мұрат пен соған жеткізетін құралдардың ара-қатынасы қандай? Адам өзінің іс-әрекеттерінен шығатын Дүниеге тигізетін барлық салдарды ескере ала ма? Дүниені адамзат қаншалықты өзгертуі керек және де сол өзгертуде қоғам мен басқа тіршіліктің ара-қатынасы қандай болмақ?, - т.с.с. сұрақтар философияның праксеологиялық мәселелеріне жатады.
Ең соңында біз философия пәнінің ең нәзік, күрделі, терең ой, телегей-теңіз сезімдер, рухани толғау тудыратын жағын атап өтуіміз қажет. Ол Дүниенің өзін-өзі танып білу дәрежесіне көтерген ең әсем күш – адам.
Адам мәселесі әсіресе ХХ ғасырдағы ойшылардың философиясында аса үлкен орын алды. Адам – кім? Ол рух па, я болмаса дене ме? Ол не үшін Дүниеге келді? Адамның басқа тіршіліктен айырмашылығы қандай? Адам өмірінің мән-мағынасы неде? Ол өлімнен аттап өтіп өлместікке жете ала ма? Адам ғарышта жалғыз ба, я болмаса басқа рухани пәнделердің біреуі ғана ма? т.с.с. сұрақтар философия пәнінің антропологиялық жағын көрсетеді.
Орта ғасырдың ғұлама ойшысы А.Августин айтқанындай “адамның өзі Дүниедегі орасан тұңғиық, оның сезім толқыны мен жүрек тебіренісін есептеу адамның басындағы шашты есептеуден де қиын. Адамды микрокосм (кіші ғарыш) ретінде макрокосмға (үлкен ғарыш) теңеген ертедегі грек ойшылардың ойында үлкен сыр жатса керек.
Әрине, философия пәнінің жоғарыда көрсетілген жақтары бір-бірімен өте тығыз байланысты болып белгілі біртұтас жүйені құрайды. Сонда ғана біз күрделі адам мен дүние арасындағы ең жалпы қарым-қатынастарын толыққанды суреттей аламыз.
Алайда, әрбір адамның философияны оқып-білудегі, әсіресе, оны зерттеудегі ерекше бір салаға деген қызығушылығы болуы мүмкін. Әдетте солай болады да. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарының өкілдері көбінесе болмыс философиясына (онтология), тәрбие мәселелерімен айналысатындар адам және құндылық философиясына (философиялық антропология мен аксиология), логика және математика салаларының өкілдері - таным философиясына (гносеология), өндіріске жақын әр-түрлі техникалық мамандар иесі – іс-қимыл философиясына (праксиологиялық философия) ерекше көңіл бөлуі мүмкін. Өйткені, атап өткен философия салалары олардың мамандығына, білім ерекшелігіне сай келеді. Бірақ, мұның өзі философияның басқа салаларын да ешқашанда естен шығармай, әрқашанда олардың өзара бір-бірімен байланысын мен біртұтастығын ескеріп отыруды талап етеді. Сонда ғана біз философиялық ой-өрістің шеңберінде боламыз. Егерде біз философияның белгілі бір саласын толығынан бөліп алып қарасақ, онда ол бірте-бірте жеке ғылымдар саласына қарай жылжып, өзінің философиялық қасиеттерінен айырылып, жеке ғылымдар саласымен сіңісіп кетуі мүмкін. Философия өз-өзін сақтап қалу үшін “Адам мен Дүниенің² шегіне жеткен ең жалпы қарым-қатынастарының шеңберінде әрқашанда болуы керек. Бұл философияның ерекшелігі оның негізгі мәселесін шешу арқылы анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет