Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. Америкалық ревматологтар ассоциация-сы подаграның төмендегідей диагноз қою критерийлерін ұсынды:
І буын сұйықтығында ураттар кристалдарының болуы және/немесе
ІІ тофустардың болуы (дәлелденген), құрамында урат кристалдарының болуы химиялық немесе поляризациялық микроскопиямен дәлелденген және/немесе
ІІІ төменде келтірілген 12 белгінің 6 болуы:
1) жедел артриттің бір реттен көп өршуі;
2) буынның қабынуы ең жоғарғы деңгейіне (максимумға) бірінші күні жетеді;
3) зақымданудың моноартикулярлық бағыты;
4) өршу кезінде буын үсті терісінің қызаруы;
5) бірінші табан-бақайшақ буынының ісінуі мен ауыруы;
6) аяқұшы күмбезі буындарының бір жақты зақымдануы;
7) тофус жөнінде күдік болу;
8) гиперурикемия;
9) бірініші табан-бақайшақ буынының бір жақты зақымдануы;
10) зақымданған буынның асимметриялы ісінуі;
11) рентгенограммада сүйек эпифизінде эрозиясыз қыртыс асты кисталардың болуы («оқ тесігі» симптомы);
12) синовиальды сұйықтықта флораның болмауы. 6 және одан артық белгілердің бірігіп кездесуі аурудың диагнозын дәлелдейді.
Подаграны инфекциялық артриттен, ревматоидтық артриттен және бірінші ретті ОА айыра білу керек.
Инфекциялық және подагралық артриттерге ортақ белгілер: кенеттен басталуы, күшті ауыру, экссудаттың тез көбеюі, қызба. Инфекциялық артритте – анамнезде инфекция немесе жарақат болады, артриттің ұзара дамуы, лимфангоиттың болуы және антибиотиктердің тиімділігі анықталады.
Подаграда анамнезде мезгіл-мезгіл қайталайтын ұстаманың болуы және одан кейін қалдық белгілердің болмайтыны байқалады.
Созылмалы подагралық артрит РА сияқты ұзаққа созылады және мезгіл-мезгіл қайталау береді. Подагра еркектерде, ал РА әйелдерде жиі кездеседі. Подаграда болатын тофустарды кейде ревматоидтық түйіндер деп қабылдайды. РА өзгешелігі подаградағы қайталау өте қатты және қысқа мерзімді болып келеді. Подаграда болатын буын деформациясы буындарда және буын маңы тіндерде ураттар жиналап, олардың талқандалуынан және буын беттерінің айналасында сүйектің өсуінен туындайды, ол РА болатын деформация периартикулярлық тіндерде болатын пролиферативтік құбылыстармен түсіндіріледі. Подаграда буын рентгенограммасында ауруға тән сүйек кемістігі – «оқ тесігі» болады. Тофустар ревматоидтық түйіндермен салыстырғанда тығыздау, түрі дұрыс болмай келеді, кейде олар өте ірі болады. Ірі тофустардың үстіндегі тері жұқарған және ол арқылы оның ішіндегі ақшыл түсті құрылым көрініп тұрады, кейде жыланкөздер пайда болып, ботқа тәрізді ураттар бөлінеді. Буындардың ертеңгілік құрысуы мен ісінуінің бір айдан ұзақ уақытқа созылуы, қол ұшы буындарының симметриялы зақымдалуы, ЭТЖ өсуі, ревматоидтық фактордың болуы РА подаградан айыруға мүмкіндік береді.
Кейде бірінші ретті артрозды подаградан ажырата білу керек болады. Бірінші ретті ОА буынның ауыруының механикалық сипаты болады, синовиттің қайталауы подаграмен салыстырғанда анағұрлым жеңіл болады, терінің ісінуі мен қызаруы онша айқын болмайды, тынышталған кезде бұл белгілер жойылып кетеді, тофустар болмайды, ал рентгенограммада подаграға тән «оқ тесігі» анықталмайды.
Ревматизмдік артриттің подаградан өзгешелігі онда аурудың стрептококктік инфекциямен байланысы болады, ірі және орташа буындар зақымданады, зақымдану көшпелі болып келеді, буындарда қалдық белгілер болмайды және жүректің зақымдануы мен басқа ревматизмге тән белгілер бой көрсетеді (тері асты түйіндер, сақина тәрізді эритема, хорея, қабынуға қарсы емнің жақсы нәтижесі).
Жиі подаграны хондрокальциноздан (пирофосфаттық артропатия) ажырата білу керек. Хондрокальцинозда да жедел артриттің ұстамасы болады, сондықтан оны жиі псевдоподагра деп атайды. Бұл ауруда кальций пирофосфатының микрокристалдары буын шеміршегіне жиналады. Хондрокальцинозда артрит ұстамасының пайда болуына хирургиялық іс-әрекеттер, жарақаттар түрткі болса, подаграда пурині көп майлы тамақ және ішімдікті шамадан тыс қолдану түрткі болады. Подаграда артриттің ұстамасы бірінші табан-башпай буынында, ал хондрокальцинозда – ірі буындарда, әсіресе тізе буындарында болады. Подаграда түнге қарай ауру басым болса, хондрокальцинозда ол болмайды. Подаграда кольхицин тез ауыруды тоқтату және қабынуға қарсы әсер береді, ал хондрокальцинозда мұндай әсер байқалмады. Подаградағы созылмалы артрит бунақаралық буындардың басым зақымдануы-мен сипатталса, хондрокальцинозда тізе және ұршық буындары басым зақымданады. Подаграда рентгенологиялық суретте шеміршек асты сүйектің ошақты ыдырауы (лизис) болатын болса, хондрокальцинозда шеміршектің пунктир сызық немесе түзу сызық түріндегі және шеміршектің түрін қайталайтын кальцификациясы болады. Подаградағы синовит сұйықтығында натрий уратының кристалдары болады, ал хондрокальцинозда – кальций пирофосфатының микрокристалдары болады.
Достарыңызбен бөлісу: |