Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы.
Созылмалы лимфолейкоздың диагностикалық критерийлеріне лимфа түйіндерінің, талақтың, бауырдың өсуі, шеткі қандағы және сүйек миындағы лейкоцитоз бен лимфоцитоз жатады. Ең алдымен созылмалы лимфолейкозды лимфоцитоз болатын аурулардан – туберкулезден, инфекциялық мононуклеоздан, инфекциялық лимфоцитоздан ажырата білу керек. Бұл аурулардың өзіндік клиникасы болады және оларда кездесетін лимфоцитоз онша жоғары дәрежелі болмайды. Бұл аурулардың миелограммасында лимфоидтық гиперплазия болмайды.
Созылмалы лимфолейкозды лимфа түйіндерінің өсуі болатын аурулардан да – қатерлі лимфомадан және лимфогранулематоздан ажырата білу керек. Бұл ауруларда лимфоцитоз болмайды, керісінше нейтрофильдік лейкцитоз байқалады. Лимфогранулематозда бұдан басқа эозинофилия да болады. Лимфа түйіндері қатайған, бұдырлы конгломерат құрайды. Диагноз қоюда шешуші рольді лимфа түйіндерінің биопсиясы атқарады.
Клиникалық диагнозды тұжырымдауда аурудың сатысын және асқынуларды ескеру керек.
Емі. Стационарлық емге жатқызу көрсетпелері: жоғары дәрежелі қызба, 150 х 109/л жоғары лейкоцитоз, амбулаториялық емнің тиімсіздігі, аурудың дамуында асқынулардың пайда болуы, адамның өміріне қауіп тудыратын лимфа түйіндерінің ұлғаюы.
Аурудың алғашқы сатысында және қатерсіз дамуында активті ем қажет емес. Жалпы режимді сақтау, күн тиюден, салқын тиюден, дененің қызып кетуінен сақтану керек. Қоректену қалыптағыдай. Аурудың өріс алған сатысында жалпы ем шараларымен қатар цитостатикалық дәрілер беріледі: хлорбутин (лейкеран) тәулігіне 10-15 мг (ем курсіне 300-400-700 мг), немесе лофенал тәулігіне 0,6-0,9-1,2 (ем курсіне 30-50 мг), немесе циклофосфан тәулігіне 200-400-600 мг ішке қабылдайды, венаға, етке немесе плевра қуысына (курсқа 8-15 г) жіберіледі. Препараттарды күнде, немесе 1-2 күннен кейін береді. Бұл дәрілерден басқа қолдануға болатын дәрілер: дегранол 50-75-100 мг венаға күнаратпа егіледі (курстік дозасы 300-1000 мг), фотрин тәулігіне 5-10-15 мг венаға, етке және қуыстарға жіберіледі (курсіне 80-300 мг). Тері зақымданғанда, кеуде іші лимфа түйіндері мен плевра зақымданғанда қолданылатын ең тиімді дәрі – спиробромин (тәулігіне 300-800 мг венаға, етке егіледі, плевра қуысына жіберіледі; курстік дозасы – 5-7 г).
Жоғары дәрежелі лейкоцитоз бар ісіктік вариантта паренцил қолданылады: тәулігіне 25-75 мг күнде немесе 1-2 күннен кейін ішке қабылданады, курстік доза – 500-1200 мг.
Ем курсі аяқталғаннан кейін сүйемел ем белгіленеді. Ол үшін хлорбутин, циклофосфан және басқа дәрілер қолданылады. Оларды 1-3-5-7 күннен кейін береді. Лейкоциттердің санын 20-30х109/л деңгейінде ұстау керек.
Аутоиммундық шиіленісте, аурудың сублейкемиялық түрінде және цитостатикалық ем нәтижесінде пайда болған қан түзудің гипоплазиясында кортикостероидтар қолданылады.
Ісіктік вариантта, бласттық кризде ЦОП схемасына сәйкес полихимиотерапия қолданылады [циклофосфан 400 мг/м2 дозасында 5 күн бойы венаға егіледі, онковин (винкристин) 1,4 мг/м2венаға 1-ші күні егіледі; преднизолон 600 мг/м2 ішке 5 күн бойы қабылдайды]; ЦОП және рубомицин схемасын да қолдануға болады (көрсетілген препараттар және рубомицин 30 мг/м2немесе карминомицин 5 мг/м2 дозасында 1-ші күні венаға егіледі). Лимфа түйіндерінің, бауырдың және талақтың анағұрлым ұлғайғанында сәулемен емдеу тәсілі қолданылады (лимфа түйіндерін сәулемен емдегенде қолданылатын жалпы доза 6-10 Гр, талақты емдегенде – 2,5-6 Гр). Ауыр аутоиммундық шиіленісте ауқымды спленомегалияда және цитопенияда спленэктомия жасалады.
Гиперлейкоцитозда лимфоцитоферез қолданылады, ауыр интоксикация мен лейкоциттердің көп ыдырауында плазмаферез, гемосорбция қолданылады. Симптоматикалық ем де қолданылады: қан құю, В тобының витаминдері, темір препараттары, антибиотиктер, иммунокорректорлар (декарис, тималин және басқалары). Аурудың терминальдық сатысында ем жедел лимфобласттық лейкозды емдеу бағдарламасына сәйкес іске асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |