Клиникалық бейнесі. Науқас адам соңғы кездерде әлсіздік пайда болып, орынсыз кейіп, жылап, жылдам ашуланатынына, ұйқысы бұзылып, қолы қалтырайтынына шағымданады. Физикалық күш түскенде алқынып, жүрегі жиі қағып, ентігіп, ағыл – тегіл терлейді. Оларда жиі тәбеті артып, тамақты жиі көп мөлшерде ішсе де, жүдеп кетеді. Өз - өзінен абыржып, көңіл күйі жылдам өзгеріп тұрады. Біраз уақыттан кейін науқастың көзі бадырайып, алқымы ісінеді. Қарағанда науқастың тынышсыздығы, сөзшеңдігі, көңіл күйінің жылдам өзгеретіні аңғарылады. Науқас жүдеу, жастау көрінеді. Терісі дымқыл, жұмсақ, дене қызуы сәл көтеріңкі. Қалқанша безі ұлғайып, алқымы іседі, мойынының пішіні өзгереді. БДҰ-дың жіктелуіне байланысты (1994ж) уытты жемсаудың келесі дәрежелері бар: 0 дәрежесі – жемсау білінбейді; І дәрежесі – жемсау пальпацияда анықталынады; ІІ дәрежесі – жемсау пальпацияда анықталынып, көзге көрінеді. Уытты жемсаудың басты белгілерінің бірі – науқастың көзі бадырайып, үнемі таңырқаған кейіпте болады (экзофтальм). Сонымен қатар көз белгілеріне келесі симптомдар да жатады: Греф симптомы – адам төмен қараған кезде үстіңгі қабақ пен көздің қасаң қабығының арасында ақ жолақ пайда болады; Штельваг симптомы – сырқат адам кірпігін сирек қағады; Мобиус симптомы – қадалдыра қаратқан затты көзінің алдына біртіндеп жақындатқанда, қарашықтар бір нүктеге түйісе алмай, көбіне жалт етіп, ауытқып кетеді; Жоффруа симптомы – науқас жоғары қарағанда маңдай терісі қыртыстанбайды. Науқас көзін жұмып, қолын созса, онда саусақтарының дірілдегені байқалады (Ромберг симптомы). Уытты жемсауда зақымданбайтын ағза қалмайды. Әсіресе жүрек – тамыр жүйесінің жұмысының бұзылуы нағыз айқын орын алады. Науқас жүрегі лүпілдеп, шаншып ауыратынына шағымданады. Ауа жетпей алқынады. Науқастың денесін сипағанда, терісі дымқыл болады. Мойынның күре тамыры қатты соғады. Жүрек соғуы жиілеп, тахикардия білінеді, жүрек соғуы минутына 120 – 140 қа дейін болады. Уытты әсер үдеп, уақытында ем қолданылмаса жүректің жұмыс ырғағы бұзылып, миокардтың жиырылу қабілеті нашарлайды. Дем алу дәрісі де бұзылады. Науқас ауа жетпейтіндігіне шағымданады, дем алуы жылдамдайды. Ас қорыту мүшелерінің қызметінің бұзылуы да айқын көрінеді. Науқастың тамаққа тәбеті артады, бірақ қанша тамақ ішсе де арықтайды. Диспепсия белгілері байқалуы мүмкін. Уытты жемсау ауыр ағымды болған жағдайда бауыр ісініп, үлкейеді, көздің ақ қабығы мен тері сарғаяды. Осы аурумен сырқаттанатын науқастардың барлығында орталық және шеттік жүйке жүйесінің бұзылыстары байқалады. науқастың жүйкесі қозғыш болып, беймаза, өкпешіл келеді. Жанұямен жұмыста сиымсыз, жанжалшыл болып кетеді. Денесі, кірпігі қалтырайды, жылдам шаршайды. Жүйке талшықтарының сезімталдығы мен қозғыштығы артады. Бұлшық еттерінің күші кетіп, әлсірейді. Уытты жемсау жыныс бездеріне әсер етеді. Ауыр ағымды түрінде әйелдердің жыныс мүшелері семіп, етеккір азаяды. Ер адамдарда белсіздік байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |