ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің жанрлық-тақырыптық, көркемдік жағынан өрістеуі. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет әр қилы көзқарасты, сан алуан бағыттарды топтастырған, көп қырлы әдебиет. Қазақ қоғамы бұл тұста ауыр әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешкені анық. Бұл жағдай ұлттың алдыңғы қатарлы перзенттерінің – оқыған азаматтарының әр түрлі көзқараста өсіп жетілуіне әсер етті. Қоғамдық ахуалды бағалаудығы түрлі көзқарастың әсерінен, қалыптасқан түрліше дүние таным ықпалынан әдебиеттегі сан салалы ағымдар келіп шықты. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет қолданған әдеби тәсіліне ұстанған бағыт – бағдарына қарай танылмай жүр деуге келмейді. Сөйтседе, Қазан төңкерісіне дейін қаншама кітаптар шығарған қазақ шығыс әдеби байланысына тікелей әсер еткен біршама қаламгерлердің туындылары әлі күнге дейін қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Өз ұлтымызды өзіміз тануға толық мүмкіндік болып жатқан кезде, бұл дәуірдегі ірілі-уақты ақын, жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс бағалануы керек. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет ететін әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар. Бұлардың алды елуден асса, соңғылары төрт – бестен дастан жазған ерекше дәстүрлі өзгеше ағымдағы ақындар.
Кітаби ақындар қоғамдағы ауыр саяси-әлеуметтік дағдарыстың себебінен дүниеге келген жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп, халықтың рухани байлығына шабуыл жасалып, халықтың ғасырлардан келе жатқан сенімі шайқалып, тұрған тұста, сол суық ызғарды замандастарынан күн ілгері біліп, оның зардабын жан –жүрегімен сезініп, орысшылдыққа түрікшілдікті, шоқындыруға ислам дінін қарсы қару етіп күреске шыққан ақындар - осы біз сөз ететін кітаби ақындар. Бұл ақындарды өздері өмір сүрген кезеңінен бөліп қарауға болмайды. Олар өз дәуірінде қоғам қажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ағартушы ақындар. Бұл ақындардың қай – қайсысы да білім алуды насихаттады. Білім алудың мағынасын тарылтып, жіберген соңғы жылдары бұл бағыт білім көзі деп мойындалмады. Бұлар жастарға, жалпы халыққа білім таратушылар, білім алуды, адалдықты, адал еңбекпен мал табуды, рухани тазалықтты насихаттаушылар. Рухани тазалықтың құралы - ислам моралі деп түсіндірілді. Исламның аты аталып, Алла мен пайғамбар сөз болған соң-ақ, бұл ақындарды халықтан алыстатуға күш салынды. Оларды идеялық әдеби көзқарасына қарай емес, саяси тұрғыда бағалау басым болды.