Дәрістер мазмұны 1-дәріс. «Әлеуметтік-педагогикалық зерттеулердің теориялары және технологиялары»


-дәріс. Қазақстандағы және шетелдердегі әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми-зерттеулердің даму болашағы. Әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми мектептер



бет13/14
Дата29.09.2023
өлшемі409.83 Kb.
#479158
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Дәрістер ДОК

15-дәріс. Қазақстандағы және шетелдердегі әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми-зерттеулердің даму болашағы. Әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми мектептер.

15.1. Қазақстан мен ресейдің әлеуметтік педагогика саласы мамандарын даярлау стратегиясы Әлеуметтік және мәдени үдерістердің жаһандануы жетекші әлемдік үрдіске айналуда. Сол сияқты білім беруге де жаһандану тән болып отыр. Жаһандану еңбек әрекетін интеллектуальды етуді жоғары білім берудің кәсіптік қызметінің даму факторына айналдырды. Еліміздегі саяси-әлеуметтік жағдай білім беру үдерісіне жаңа талаптар қойып отыр. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Н.А.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында, дәрістерінде идеологияның маңызды үлгілерін жүйелі түрде ұсынып отырды. Қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Сондықтан «Интеллектуальдық ұлт - 2020» ұлттық жобасында Президент жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу мақсатында білім беру үдерісін зияткерлендіру қажеттігі идеясын алға тартты. Сол интеллектуалды ресурстың бірі – бүгінгі жоғары мектеп педагогы. Біліктілігі мен шеберлігін шыңдай түсу мақсатында біздің еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары Президенттің инновациялық саясатымен тағайындалған талантты жастарды шетелде оқытудың арнайы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында дүние жүзінің жетекші университеттерінде және ғылыми-зерттеу ұйымдарында тағылымдамадан өтуде.


Жоғары оқу орындарының халықаралық тәжірибеге назар аудару себебі – жоғары білім берудің қазақстандық жүйесінде «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» және «Педагогикалық өлшемдер» сияқты мамандықтардың ашылуы. Университет басшылары жоғары білім беру саласында халықаралық ынтымақтастық шынайы серіктестік, өзара сенімділік, ниеттестік ұстанымдарына негізделуі керек екенін терең түсініп, әлеуметтік білім беру тәжірибесін зерделеуді жоспарлаған еді. Жоғары мектеп оқытушысы ретінде мен де 2010-2011 оқу жылы Ғылыми тағылымдама барысында Ресейдің университеттерінің, Білім академиясының «Әлеуметтік педагогика», «Педагогика теориясы мен тарихы» институттарының жұмыс жүйелерімен танысып, өзімнің ғылыми және практикалық тәжірибемді жинақтауға мүмкіндік алдым. Қазіргі таңда зияткер қауым ел Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы идеяларды республикамыздың әлеуметтік саясаты доктринасы деңгейінде қолдап, жүзеге асыруға мүдделі түрде атсалысуда. Өйткені «шындықты мойындайық: болашақта XXI ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады»[1].
Әлеуметтік педагогтарды даярлау – педагогикалық әрекеттің жаңа бір саласы. Әлеуметтік білім беру тәжірибесін жиинақтау ондағы әлеуметтік білім беру мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға, елдің адами капиталының қалыптасуына, азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін, инновациялық ептілігін, белсенділігін арттыруға ықпалын тигізу ұлттық мүддеге сәйкес екендігін көрсетті. Осы тәжірибенің негізгі бөліктерін саралап көрейік. Көпшілікке мәлім, әлеуметтік педагогика институты 1990 жылы ендірілген болатын. Оған әлеуметтік өмірді ізгілендіру және демократияландыру үдерістерін пайымдау алғышарт болды. Соңғы 20 жыл ішінде әлеуметтік педагогиканың институтының құрылуы мынадай үш міндетті шешуді талап етті: қоғамда әлеуметтік педагогтардың кәсіптік қызметі саласын қалыптастыру, ғылыми білімнің сәйкес саласын дамыту және маман даярлаудың жүйесін жасау.
Қазақстан үшін әлеуметтік педагогтарды даярлау тәжірибесі пайдалы және қажет. Ресейлік әлеуметтік білім беру жүйесі үздіксіз, оның тұрақты құрылымы бар. Бұл білім берудің келесі деңгейлері анық көрінеді: 1) кәсіптік және медициналық училищелерде (лицейлерде) берілетін бастауыш әлеуметтік білім беру; 2) колледждер немесе техникумдарда берілетін орта арнайы әлеуметтік білім беру; 3) бакалавр деңгейіндегі жоғары әлеуметтік білім беру; 4) университеттерде, академияларда және институттарда желілік модельдермен 5-6 жыл ішінде терең жоғары кәсіптік білімді маман деңгейінде даярлайтын жоғары әлеуметтік білім беру; 5) кәсіптік және арнайы пәндер циклдері бойынша зерттеу-талдаушылық және оқытуға бағдарланған магистр даярлайтын жоғары әлеуметтік білім беру; 6) жоғары оқу орнынан кейінгі әлеуметтік бағдарлы аспиранттық даярлық [4, 31-б].
Қазақстан үшін Ресейдегі әлеуметтік педагогтарды даярлаудың тәжірибесі қоғамның әлеуметтік жаңғыруымен ұштасқандықтан аса маңызды. Ресейде әлеуметтік сала мамандарын 165 жоғары оқу орны дайындайды. Олардың ішінде Ресей мемлекеттік әлеуметтік университеті әлеуметтік жұмыс бойынша құрамына 230 жоғары оқу орны енетін Оқу-әдістемелік бірлестіктің базалық жоғары оқу орны болып табылады. Ғылыми журналдар басылып шығарылады. Университет халықаралық және бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференциялар мен конгрестер, әлеуметтік-педагогикалық оқуларды үздіксіз өткізіп отырады. Әлеуметтік педагогтарды даярлаудың Ресейлік тәжірибесі білім берудегі қоға мен адам арасындағы өзара байланыстың даму заңдылықтарын пайымдау деңгейін көрсетеді. Бұл тәжірибенің негізгі идеологтары социология ғылымдарының докторы, Ресей білім академиясының академигі С.И. Григорьев, философия ғылымдарының докторы А.М. Егорычев, Ресей ғылым академиясының академигі В.И. Жуков, педагогика ғылымдарының докторлары Л.В. Мардахаев, М.А. Галагузова, И.А. Липский, А.В. Мудрик және басқалар Ресей Үкіметімен тығыз байланыста барлық әлеуметтік жағдайларға, шетелдік жүйелерге талдау жасап, белгілібір тұжырымдарды тиянақтап отырады. Сондай-ақ, жинақталған тәжірибе адамның әлеуметтік өмірін қамтамасыз ету үдерісін бағалау өлшемдері тұрғысынан ерекше және өзіндік жүйе. Осы тәжірибенің құрамдас бөлігі – қоғамда әлеуметтік педагогтың кәсіптік қызметі саласының қалыптасуы. Педагогикалық қызметтің жаңа саласы әлеуметтік-педагогикалық әрекет әлеуметтену дағдарысы көрініс бергенде, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер және ересектер саны көбейгенде пайда болады. Бұл тәжірибедегі ең маңыздысы әлеуметтік білім беруді мемлекеттік деңгейде көре білу және әлеуметтік педагогтарды даярлаудың үш құрамдас бөлігінің де үйлесімді дамуы. Оған мысал ретінде, Ресей Федерациясындағы 2020 жылға дейін әлеуметтік білім беру Тұжырымдамасын айтуға болады [4]. Үздіксіз білім берудің құрамдас бөлігі ретінде әлеуметтік білім беру іргелі екі міндетті атқарады:
-қоғам және қоғамдық қатынастар, адамның әлеуметтік өзара әрекеттесуі және қарым-қатынасы туралы тұтас білімдер жүйесін қалыптастыру;
-әлеуметтік араласуға, әлеуметтік қарым-қатынасқа психологиялық даярлыққа қажет практикалық дағдыларды меңгерту.
Тұжырымдамада қалыптасқан бай әлеуетті, терең тарихи тамырлы ынтымақтастықтың, мейірімділіктің, әлеуметтік қамқорлықтың, өзара көмектің, мемлекеттің, қоғам мен жеке тұлғаның өмірінің кепілі әлеуметтік білім берудің жүйелі талдамасы және келешектегі стратегиясы берілген. Онда әлеуметтік білім берудің міндеттері, қызметтері, ұстанымдары, мақсаттары және негізгі бағыттары нақтыланды. Ресейде шын мәнінде әлеуметтік педагогтардың түрлі мекемелерде кәсіптік қызмет атқару өріснің кеңеюінен көрінетін әлеуметтік педагогика институты қалыптасқан. «Әлеуметтік педагогтың мақсаты, - деп жазды профессор Л.В. Мардахаев, - әлеуметтік нормаларды сақтауға, әлеуметтік ауытқушылықтарды болдырмауға, әлеуметтік өзін өзі жетілдіруге бағытталған түрлі санаттардағы адамдармен тікелей әлеуметтік-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру [2, 9-б]. Әрі ол әлеуметтік педагогтардың қызметінің бағыттарын атап көрсетті:
1. Өскелең ұрпақты сақтау және қолдау бағытындағы әлеуметтік-педагогикалық қызметтің дамуы. Оған енетіндер: 1) білім беру мекемелерінің әлеуметтік-педагогикалық қызметтері; 2) тұратын мекен-жайы бойынша әлеуметтік-педагогикалық қызметтері (учаскелік әлеуметтік педагог; отбасы мен балаларды әлеуметтік қолдау Орталықтарының әлеуметтік педагогтары).
2. Түрлі ауытқушылықтары бар балалармен әлеуметтік-педагогикалық қызмет: 1) бала поликлиникасының әлеуметтік педагогы; 2) медициналық мекемелердің әлеуметтік педагогы; 3) арнайы білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық қызметі; 4) түзету жұмыстарын, оның ішінде әлеуметтік-педагогикалық қолдауды талап ететін медициналық-психологиялық-педагогикалық Орталықтың әлеуметтік педагогы (балаларға арналған түзету мекемелерінің әлеуметтік педагогы; отбасы инспекторы; мектеп инспекторы).
3. Қосымша білім беру мекемелері және балалардың, жасөспірімдердің, жастардың рухани дамуына бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызмет: 1) қосымша білім беру жүйесінің әлеуметтік педагогы; 2) отбасының әлеуметтік педагогы; 3) әлеуметтік педагог – бала құқығын қорғау маманы, 4) әлеуметтік педагог – үй тәрбиешісі. Міне, әлеуметтік педагог әрекетінің кең арнасы осындай.
2009 жылдың мамырында әлеуметтік педагогтардың Копенгагенде өткен Он жетінші Халықаралық конференциясында 2 қазан «Әлеуметтік педагогтың халықаралық күні» деп белгіленді. Ресейде «Әлеуметтік педагогика» мамандығының әлеуметтік педагогтың әрекетінің көптүрлілігі және бағыттарына байланысты өзіндік ерекшелігі бар, өйткені бұл тәжірибе қоғам мен адам арасындағы өзара байланыстың даму заңдылықтарын зерделеуге негізделген.
Әлеуметтік педагогтарды даярлаудың тәжірибесінің екінші құрамдас бөлігі - әлеуметтік педагогиканың ғылыми білімнің саласы ретінде дамуы. С.И. Липскийдің зерттеуі бойынша, 1971-2008 жылдар аралығында әлеуметтік педагогика мәселелерінен 1646 кандидаттық және докторлық диссертацияларда әлеуметтік педагогиканың ғылыми пән ретіндегі жалпы құрылымы, әлеуметтік педагогика тарихы, теориясы, адамның әлеуметтік даму теориясы, әлеуметтік қолдау теориясы, әлеуметтік-педагогикалық инфрақұрылым теориясы тақырыптық-мәселелік тұрғыдан талданған [3, 11-12-б]. Әлеуметтік педагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері, ғылым ретіндегі дамуы жайлы монографиялық жұмыстар (В.Г. Бочарова, В.И. Загвязинский, И.А. Липский, Л.В. Мардахаев, А.В. Мудрик, Г.Н. Филонов, Л.И. Новикова, Ю.С. Мануйлов и др.); әлеуметтік педагогтарға арналып даярланған оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, энциклопедиялар (А.В. Мудрик, Л.В. Мардахаев, Ю.В. Василькова, М.А. Галагузова, В.А. Никитина және басқалар) жарияланды. Ғалымдар әлеуметтік педагогиканың мағынасын, нысанасын және пәнін, ұғымдық-түсініктік аппаратын нақтылауда. Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінің аясында «Ұлттық әлеуметтік зерттеу университетінің 2018 жылға дейін даму Бағдарламасы» жасалып, жүзеге асырылуда. Желілік әлеуметтік технопарк құрылған, Ресурстық орталық, студенттік бизнес-инкубатор, Отбасының қонақ күту кеңістігі, Қабілеттер паркі, Әлеуметтік ғылымдардың Студенттік академиясы жұмыс жасайды, «Парламенттік дебаттар» атты интеллектуальдық ойындар өткізіліп тұрады [5].
Тәжірибенің үшінші құрамдас бөлігі әлеуметтік педагогтарды кәсіптік даярлау жүйесін құру болып табылады. Мұндай даярлау 1990 жылдан кейін жаңа мамандық ретінде 1995, 2000 және 2005 жылдары қабылданған стандарттар негізіндегі нормативтік құжаттарға енгізілген және даярлық басталған-ды. Қазіргі уақытта стандарттар төртінші рет жасалуда. Әлеуметтік педагогтарды даярлау жүйесі толығымен оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етілген. Әсіресе студенттердің кәсіптік практикасын ұйымдастыруы көңіл аударарлық. «Әлеуметтік университет» атты студенттерге және оқытушыларға арналған газеттер, ғылыми журналдар шығып тұрады.
Қазақстан Республикасында әлеуметтік педагогтарды даярлаудың жинақталған тәжірибесін бейімдеп енгізуге бірқатар мазмұнды алғышарттар бар. Олар, біріншіден, Қазақстанда әлеуметтік педагогтарды даярлау 90-жылдардың ортасынан жүргізілді де, төрт жылдай үзілістен соң, 2010-2011 оқу жылынан «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» атты жаңа мамандық ашылды. Бұл мамандық қазақстандық қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындап отыр. Оның үстіне, Егеменді Қазақстанда мәңгілік мәселе — өзін-өзі тану білім беру бағдарламасы бойынша жаңа мәнге ие болды. Ол Қазақстан Республикасының Бірінші Ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен 1992 жылы құрылған «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы мен оның «Өзін-өзі тану» пәнін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін 2001 жылы ұйымдастырылған Адамды үйлесімді дамыту институты арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда мемелекетті дамытудың жаңа әлеуметтік-мәдени контексінде мектептегі және жоғары оқу орындарындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің басты мақсаты - рухани сауатты адам, өзінің ұлттық әлем бейнесін сақтай және дамыта отырып, жаһандану дәуірінде өмір сүруге және бақытты болуға қабілетті, қоршаған ортаны қорғай алатын, өмір салты өзгеше адамдарды сыйлай білетін, түрлі мәдениет пен өмір тәжірибелерін құрметтейтін планета азаматын қалыптастыру болып табылады.
Екіншіден, оқытушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жұмысы жүйеленуде. Айталық, «Өзін-өзі тану» пәні педагогтарының біліктілігін арттыру «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының Адамды үйлесімді дамыту институты мен университеттердің ғалымдарының тікелей араласуымен жүргізілуде.
Үшіншіден, жастарды әлеуметтендіру және оларға рухани-адамгершілік білім беру бағытында зерттеулер ұйымдастырылуда. Қазақстанда әлеуметтік тәрбие, жасөспірімдердің әлеуметтік белсенділігін дамыту (Р.Ж. Иржанова, К.Қ. Құнантаева, Б.Ы. Мұқанова, М.Н. Кузьмина, Н.Н. Тригубова және басқалар), тәртібінде ауытқулары бар жеткіншекті тәрбиелеу (Г.А. Уманов, Л.К. Керимов, В.В. Трифонов, В.А. Парфенов, Д. Жұмабаев, В.Г. Баженов, Ш.Ж. Колумбаева және басқалар), жастарды әлеуметтендіру (И.М. Кузьменко, Қ.Ғ. Ғабдуллина, З.Ө. Кеңесарина, О. Нұсқабаев, Е.З. Батталханов, А.Н. Тесленко, Т.Г. Бортко, Ә.Қ. Нұрғалиева, А.М. Мүсілімов, В.А. Жексембекова, Ш.А. Қирабаева, А.С. Иргалиев және басқалар), этникалық әлеуметтендіру (С.А. Ұзақбаева, С.Қ. Қалиев, К.Ж. Қожахметова, Ә.Т. Табылдиев, Р.Қ. Дүйсенбінова, С.C. Қоңырбаева және басқалар), әлеуметтік педагогтарды даярлау, болашақ педагогтарды әлеуметтік-педагогикалық жұмысқа даярлау (И.Б. Сиқымбаев, Г.Ж. Меңлібекова, С.С. Досанова, Р.И. Бурганова, Ж.Х. Кендірбекова және басқалар), әлеуметтік педагогиканың оқу пәні ретіндегі құрылымын нақтылау (І.Р. Халитова, А.Б. Айтбаева, Н.С. Әлғожаева және басқалар), әлеуметтік педагогика тарихы (Ғ. Қабыкенов және басқалар), әлеуметтік қызметті ұйымдастыру (Р.С. Қасымова, Қ.Ғ. Кәкен және басқалар)), педагогтарды деонтологиялық даярлау (Ғ.М. Кертаева, Е.Н. Жұманқұлова, А.Е. Кудерина және басқалар), болашақ педагогты тәрбие жұмысына дайындау (В.А. Ким, Л.А. Байсеркеев, Қ.Қ. Жампейісова, А.А. Калюжный, Қ.Б. Бөлеев, А.Б. Абибулаева және басқалар), отбасындағы әлеуметтік жұмыс (К.Ү. Биекенов, З.Ж. Жаназарова, Ж.А. Нұрбекова және басқалар,), әлеуметтік психология (Н.С. Ахтаева, А.Т. Әбдіғаппарова, З.Н. Бекбаева және басқалар) мәселелері зерттелуде. Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының Адамды үйлесімді дамыту институты ұжымы рухани-адамгершілік білім беру бағытындағы нәтижелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын аткаруда.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2005 жылдың 19 наурызындағы № 185 бұйрығына және 2010 жылдың 8 ақпанындағы № 42 бұйрығына сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану мәселелері бойынша жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі секциясы жұмыс жасайды. Секция «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогикалық өлшемдер» мамандықтары бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарын, типтік оқу бағдарламаларын және оқу-әдістемелік әдебиеттерді даярлауды ұйымдастыру бағытындағы жұмысқа басшылық етіп келеді. «Жоғары педагогикалық білім беру жүйесінде мамандар даярлауды әдіснамалық, оқу-әдістемелік және ақпараттық-технологиялық жағынан қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбындағы секцияның мәжілістерінде (2008-2012 жылдары) жоғарыда аталған мамандықтар бойынша білім берудің мазмұнын жетілдіруді әлемдік білім кеңістігінде ғалымдардың әдіснамалық, теориялық қағидалары және жоғары мектептің практикалық тәжірибелері негізінде ұйымдастыруды ойластырып, жұмыс жүргізудің жолдарын қарастырды. Оның ішінде «Білім беру» тобы мамандықтары мемлекеттік стандарттарының тәрбиелік әлеуетін, үздіксіз педагогикалық практика жүйесі, бейіндік оқытудың теориясы мен технологиясы, жаңа мамандықтар мәртебесін анықтаудың ұстанымдарының сипаттамасы Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы ғалымдарының ғылыми-практикалық тәжірибесінде көрініс тапты; бесіншіден, осы бағытта «Екідипломдық білім беру» бағдарламасын іске асыру үшін Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен шығармашылық байланыстар орнатылуда. Бұл тәжірибені пайдаланғанда әлеуметтік білім берудің бейімділік, икемділік, үнемі дамушылық, сабақтастық, болжаушылық, тұрақтылық, тұтастық сияқты түпнұсқалық қасиеттері бар екенін, Қазақстандағы әлеуметтік өмір ерекшеліктерін, еңбек нарығын, бизнес пен жұмыс берушілердің талаптарын да ескерген жөн.
Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасында әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану саласы мамандары бакалавриат және магистратура деңгейінде даярлануда. Сондай-ақ, кафедрадағы соңғы жылдары ендірілген «Тұлғаның дамуына арналған білім беру», «Тұлғаның әлеуметтенуі», «Әлеуметтік-педагогикалық акмеология», «Жеке тұлғалық және кәсіби өсу» атты таңдау пәндері әлеуметтік білім беру мазмұнын, жастардың өмірлік тұжырымдарын байытуда. Осы саладағы тәжірибелерді білім беру үдерісінде қолдану жұмыстарын жүргізудемін. Университетте конференцияларда, әдіснамалық семинарларда, радиода және баспасөзде Елбасының идеяларын, ресейлік тәжірибенің ұтымды тұстарын насихаттаудамын. «Болашақ» бағдарламасы тағылымдамасы тиімділігін түсіндіру бағытындағы мақалалар жарияладым. «Болашак» бағдарламасы мамандар даярлауда зор рөл атқаруда және оның түлектері еліміздің қарқынды дамуына үлкен үлес қосуда деген пікірдемін.
Ғылыми тағылымдама барысында Ресей мен Қазақстандағы жоғары білім берудің және ғылымның даму бағдарларын салыстырып, озық идеяларын сынай екшеп, пайымдап, алып келдім және біздің елдің білім беру жүйесінің шығармашылықпен өрістеу үдерісін жете түсіндім. Ғылыми ізденіс пен қалыптасқан тәжірибе нәтижелерін маман даярлауда тиімді пайдаланып, алдымен отандық ғалымдардың шебер-сыныптарын өткізу жүйесі қарастырылғаны абзал. Содан кейін ғана елімізде әлі де нақты зерттелмеген мәселелер бойынша жақын және алыс шетел ғалымдарын шақырып, тәжірибе алмасқан дұрыс болар еді. Шетел ғалымдары да бізге тағылымдамаға келетіні анық, себебі мұндай үдеріс екі жаққа бірдей қызмет еткенде ғана пайдалы болмақ. Тағылымдама нәтижелерінің маңыздылығы – отандық ғалымдарымыз бен ұстаздарымыздың жаһандану көшінің алдыңғы лебінде келе жатқандығына, олардың тәжірибесінің инновациялық әлеуетінің өркениеттілігіне және осыларға мақтаныш сезіміміздің негізділігіне, еліміздегі білім мен ғылымның, жастардың жарқын болашағына деген сеніміміздің нығаюында.
Қазақстанда ресейлік жастар мен ересектерді әлеуметтендіру тәжірибесін тарату, ғылыми мамандарды даярлау үдерісін жақсарту, елімізде ғылыми мектептер қалыптастыру, «Болашақ» бағдарламасының мамандар даярлау жүйесін зерделеу, оқытушылар тағылымдамасының жоғары оқу орны мен ғылымның дамуына ықпалын зерттеу үздіксіз ізденісті талап етпек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет