Мектепке психологиялық дайындықты диагностикалау
Жоспар:
Баланың мектепке дайындығын диагностикалаудың (анықтаудың) мақсаттары мен бағдарламаларына қойылатын талаптар. Оқу мотивациясының қалыптасуы.
2. Мектепке психологиялық дайындықты диагностикалауды ұйымдастыру.
3. Баланың психикалық дамуының картасын жасау.
1. Мектепке психологиялық дайындықты анықтаудың негізгі мақсаты - мектепке бейімделе алмаудың алдын алу болып табылады. Осы мақсатқа сәйкес, соңғы уақытта түрлі сыныптар құрылуда. Олардың міндеті - оқытуда мектепке дайын және дайын емес балалармен жеке қатынас жасауды іске асыру.
Мектептегі оқуға психологиялық дайындықты анықтай
отырып, балалар практикалық психологы мұны не үшін жасап жатқанын анық білуі керек.
Баланың мектепке психологиялық дайындығын диагностикалауда мынандай мақсаттар болады:
оқу-тәрбие үрдісінде балаға дара қатынас жасаудың жолын анықтау үшін олардың психикалық дамуының ерекшеліктерін түсіну;
мектептегі оқуға дайын емес балаларды айқындау; бұл баланың мектепке бейімделе алмаушылығы мен үлгермеушілігінің алдын алуға бағытталған дамыту жұмыстарын жүргізу мақсатын көздейді;
болашақ бірінші сынып оқушыларын оладың «таяудағы даму аймағына» сәйкес сыныптарға бөлу; бұл әрбір балаға өзіне тиімді режимде дамуға мүмкіндік беру мақсатын көздейді;
мектепте оқуға дайын емес балаларды бір жылға кейін оқуға шегеру; бұл тек алты жастағы балаларға қатысты.
Баланың мектепте оқуға дайындығын анықтауға арналған әдістердің көптігіне қарамастан, психологтар бірқатар талаптарға жауап беретіндей, неғұрлым жетілген диагностикалық бағдарламаларды іздеуде. Олар:
тексеру өте ұзақ болмауы керек; ол балаларды мектепке жазу уақытының шеңберіне (сәуір-мамыр) енуі керек;
2. әдістемелер балалардың мектепке мотивациялық дайындығы туралы мәліметтер беруі керек;
3. тексеру бағдарламасында баланың мектепке дайындығы туралы қажетті және жеткілікті компоненттер болуы керек.
Мектептің оқушыға қоятын талаптары мен оқу бағдарламаларын талдау мектепке дайындықтың мотивациялық, еріктілік, зияттылық және тілдік сфералардан көрінетінін растайды. Мектепке аяқ басқан шағында баланың аффективті-қажеттілік сферасында оқудың танымдық та, әлеуметтік те мотивтері дамыған болуы қажет. Бұл екеуінің жиынтығы баланың оқу субъектісіне айналып, өзінің алдындағы міндеттерді саналы қабылдауына және орындауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар табысқа жету мотивінің маңызы да аз емес (Божович Л.И.,1968; Маркова А.К., 1983; Матюхина М.В., 1984; Хекхаузен Х., 1986). Оқу мотивациясын жеті жастағы дағдарыстың нәтижесінде пайда болған жаңа құрылым ретінде қарастыруға болады.
Баланың жаңа жетекші іс-әрекеті – оқу іс-әрекетін анықтайтын оқу мотивациясы оның психикасы едәуір қалыптасқан ойын іс-әрекеті екінші жоспарға ауысқанда пайда болады. Мектепке дейінгі шақтың соңында ойын «таяудағы даму аймағын» құрудағы өзінің мүмкіндігін (психикалық даму механизмі болып табылатын) жояды. Алайда бұл бала ойынның барлық сатыларынан – айлалы әрекет ету ойындарынан ережелі ойындарға дейінгі сатыларынан өткенде көрініс береді. Егер бала ойынның дамуының барлық сатысынан өтпесе, мектепке аяқ басар алдында оның психикалық дамуында жеті жастағы дағдарыс байқалмайтынын толық айтуға болады. Ал бұл дағдарыс мектепке психологиялық дайындықты білдіретін оқу мотивациясының пайда болуынан туындайды.
Сондықтан да диагностикалау бағдарламалары негізінен ережелі ойындар мен ойын тапсырмаларынан тұрады. Оларда жақсы нәтижеге жету үшін бала мұндай ойындарға жаттыққан болуы керек. Ал бұл зерттеліп отырған психикалық процестердің ойын іс-әрекетінде жеткілікті қалыптасқандығын дәлелдеп, оқу мотивациясының пайда болғанын болжауға мүмкіндік береді.
2. Баланың мектепке психологиялық дайындығын айқындауды ұйымдастыру әртүрлі болады. Оның неғұрлым сәтті жағдайы балаларды сәуір-мамыр айларында балабақшада тексеру. Өйткені бұл уақытта болашақ І-сынып оқушыларына 5 жас 6 ай болады және ұсынылған тексеру бағдарламасын осы жастан ерте жүргізуге болмайды.
Балабақша немесе мектептің хабарландыру тақтасына күні бұрын психологпен әңгімелесуде балаға қандай тапсырмалар берілетіндігі туралы хабарлар жазылған қағаз ілінеді. Бұл тапсырмалар төмендегідей формада болуы мүмкін. Бала білуі керек:
үлгіні елестете алу;
ереже бойынша жұмыс істеу;
желілі суреттерді бірізді орналастырып, олар
бойынша әңгіме құрастыру;
сөздердегі жекелеген буындарды ажырату.
Балабақшада тексеру бір рет қабылдағаннан іске асырылады немесе бала өте баяу жұмыс істеп, тез шаршаса екі рет қабылдағаннан аяқталады. Мектепте де осылай жасауға болады.
Әңгімелесудің бірінші кезеңінде 1) «Үйшік» әдістемесін жүргізеді. Оны 5 баладан топтармен жүргізеді. 2) Әр баламен жеке жүргізетін әдістемелер: «Оқушының ішкі ұстанымын» айқындауға арналған эксперименттік әңгіме, «Иә және жоқ», «Дыбыстық жасырынбақ», «Танымдық немесе ойын мотивтерінің басымдылығын анықтау».
Бұл әдістемелерді мектеп психологымен қатар, арнайы дайындалған бастауыш сынып мұғалімдері де жүргізе алады. Бұл тексеру процедурасын айтарлықтай жылдамдатады. Айталық, мектепке 150-дей бала келуі керек. 1-сәуірден бастап балаларды тексеру аптасына 3 рет жүргізіледі. Мектепке хабарландыру ілініп, онда ата-аналар көрсетілген мерзімде (наурыздың ортасынан сәуірдің басына дейін) келіп, балаларын әңгімелесуге жаздырып кетуі керектігі айтылады. Бір күнге 25 баланы жазуға болады. Оларды әр жарты сағат сайын 5 баладан қабылдап, 3 сағатта жұмысты аяқтауға болады.
Әрбір балаға алдын ала әдістемелер бланкісі мен таза парақтар дайындалады. Бұлар зерттелушілерге сурет салу және оның жауаптарын тіркеу үшін керек.
Бірінші тексеру процедурасында 5 бала түрлі сыныптарға тарайды. Әр сыныпта психолог немесе бастауыш сынып мұғалімі «Үйшік» әдістемесінен басқа әдістемелерді жеке-жеке жүргізеді. Бір кабинет қана баланың аффективті-қажеттілік сферасындағы танымдық немесе ойын мотивінің басымдылығын анықтауға бөлінеді. Бұл кабинет әдістемеде көрсетілгендей, арнайы ойыншықтармен жабдықталады. 5 баланың бәрі жеке әңгімелесуден өткен соң, бір класқа кіріп, топпен «Үйшік» әдістемесін орындайды.
Осы тексерудің бірінші кезеңінен кейін ата-аналар өздеріне ыңғайлы уақытқа балаларын тексерудің екінші кезеңіне жаздырып қояды. Бірінші және екінші рет тексеруде ата-аналар қатысып отырады. Тек екі әдістемеге: «Үйшік» пен «Танымдық және ойын мотивінің басымдылығын анықтауға» қатыспайды. Өйткені олар үйшіктің суретін салуда балаларды алаңдатуы мүмкін, ал мотивтердің басымдылығын зерттеуде кездейсоқ немесе әдейі айтып жіберу арқылы (репликамен) баланың таңдауына әсер етуі мүмкін. Ал қалған әдістемелерді жүргізуде ата-ананың қатысуы қажет те. Әсіресе бұл мектеп таңдауда өте керек (гимназия немес тіл мектептерін).
Екінші әңгімелесудің алдында ата-аналарға балаларының суретін (үйшіктің) және үлгіні салыстыра отырып, жіберген қатесін көрсетеді. Содан соң бірінші кезеңдегі өзге тапсырмаларды орындау нәтижесін естеріне салады. Тек осыдан кейін балаға «Етіктер» және «Оқиғалардың жүйесі» әдістемелері беріледі.
Баламен әңгімелесу кезінде достық, мейірімді, еркін байланыс орнату керек. Барлық тапсырмаларды балалар ойын ретінде қабылдаулары керек. Ойын атмосферасы балаға босаңсып, стресстік жағдайдың төмендеуіне көмектеседі.
Барлық тапсырмаларды орындап біткен соң, қажет болған жағдайда ата-аналарға қалған уақытта баланы мектепке қалай дайындау керектігі туралы ұсыныстар беріледі.
3. Мектеп психологы мен дайындықты тексеру нәтижесі баланың психикалық даму картасына, қысқаша айтқанда, психологиялық картаға енгізілуі керек. Оның бірінші бетіне баланың фамилиясы, аты, туған жылы, айы, күні, отбасы, сыныбы туралы мәліметтер жазылады. Содан соң «баламен жүргізілген жұмыс туралы жинақталған мәліметтер» кестесі беріледі. Ол баланың мектепке келуінің бүкіл уақыты бойына толтырылады. Бұл құрама кесте келесі тарауларға бөлінеді:
айы/күні (датасы);
2) тексерудің немесе жұмыстың басқа түрлерінің жүргізілу себебі;
3) іс-шараның мақсаты мен нәтижесі;
4) алдағы жұмыс үшін мәселелер.
Әрі қарай баламен жүргізілген жұмыстың нақты нәтижесі көрсетілген бөлімдер басталады:
Психологиялық мәліметтердің кеміп қалуын болдырмау үшін картаны шифрлап қою керек. Мұндай жағдайда бала туралы мәліметтер жазылған (фамилиясы, т.б.) бірінші бет бөлек сақталады. Онда психологиялық картаның өзге бөліміндегі сияқты шифр және кілті (жауабы) көрсетіледі.
Картаны тек психолог және кәсіби бағыттағы оның басшылары ғана көруге рұқсат алады. Ал әкімшілік пен педагогтар ондағы мәліметтермен тек психологтың келісімін алғаннан кейін ғана пайдалана алады. Бала басқа оқу орнына ауысса, оның картасы сол мекеменің психологына беріледі.
Мектепке қабылдауда баланы психологиялық тексерудің негізгі мақсаты – оның дара ерекшеліктерін айқындау. Егер арнайы дамыту жұмысын қажет ететін бала келсе, психологиялық картада міндетті түрде тексеру сәтіндегі:
1) оның дамуын сипаттайтын тарауларды толтыру керек; пайдаланылған диагностикалық әдістемелерді, алынған мәліметтерді тіркеу керек;
2) баланың негізгі зияттылық және тұлғалық проблемаларын тіркеу керек;
3) қажетті дамыту жұмыстарының жоспарын белгілеу керек.
Егер психолог өз құрдастарынан жоғары даму көрсеткіші бар балалармен кездессе – осы айтылғандардың бәрі де картаны толтыруға қатысты, бірақ кері белгімен. Бұл жағдайда болашақ оқушыға (мектепте де, үйде де) жеке-дара жұмыс белгілеу керек. Өйткені орта оқушыға есептелген оқу бағдарламасы оның даму қарқынын тежемеуі тиіс.
Бақылау сұрақтары:
Баланың мектепке психологиялық дайындығының мақсаттары мен талаптары қандай?
Мектепке психологиялық дайындықты анықтаудың кезеңдері мен ережелері.
Баланың психикалық дамуының картасы дегеніміз не және ол қалай жасалады?
Достарыңызбен бөлісу: |