Баланың мектепке психологиялық дайындығы
Жоспары:
«Мектепте оқуға психологиялық дайындық» ұғымы
Баланың мектепте оқуға дайындығын анықтайтын шамалар.
1. «Мектепке психологиялық дайындық» деп балалардың құрдастары ұжымында мектептік оқу бағдарламаларын меңгеру үшін психикалық дамудың қажетті және жеткілікті деңгейі түсініледі.
Дамудың қажетті және жеткілікті деңгейі, оқыту бағдарламасы баланың «таяудағы даму аймағына» жететіндей болуы керек. Ал «дамудың таяудағы аймағы» баланың ересектермен біріге отырып қол жеткізетін жетістігімен айқындалады. Егер баланың психикалық дамуының өзекті деңгейі мектептегі оқу бағдарламасын меңгеру үшін қойылатын талаптан төмен болса, онда бала мектепте оқуға психикалық дайын емес деп есептеледі.
Кеңес және ресей психологиясында мектепке психологиялық дайындық мәселесін теориялық жетілдіру Л.С.Выготскийдің еңбектеріне негізделеді (Божович Л.И., 1968, Эльконин Д.Б., 1989; Салмина Н.Г., 1988, Кравцова Е.Е., 1991 т.б.).
Мектепте табысты оқуға неғұрлым мәнді әсер ететін баланың психикалық дамуының бірнеше өлшемдері бар, олар: баланың мотивациялық дамуының белгілі деңгейі (оқудың танымдық және әлеуметтік мотивтері), ерікті әрекеті мен зияттылық (интеллектуалдық) сферасының жеткілікті дамуы.
Мектепке дайын бала адамдар қоғамында белгілі бір бағытты (ересектер әлеміне жетуге жол ашатын) ұстауға қажеттіліктен (оқудағы әлеуметтік мотив) және өзі үйде қанағаттандыра алмайтын танымдық қажеттіліктерден де оқығысы келуі мүмкін. Осы екі қажеттіліктің бірігіп араласуынан баланың қоршаған ортаға жаңа қатынасы пайда болады. Ол «оқушының ішкі ұстанымы» деп аталады (Божович, 1968) Л.И.Божович оқушының ішкі ұстанымын мектептегі оқуға дайындықтың белгісі деп есептеп, оған үлкен мән берген.
Баланың мектепке дайындық мәселесіндегі ерітілік сферасының өлшемдері:
баланың өз әрекеттерін белгілі бір ережеге саналы бағындыра алуы;
берілген талаптар жүесіне бағыттала алуы;
сөйлеп жатқан адамды зейінімен тыңдай алуы;
талап етілген тапсырманы үлгіні көзбен қабылдау бойынша дербес орындай алуы.
Мектепке психологиялық дайындықтың зияттылық
сферасының өлшемі баланың меңгерген білімдерінің жиынтық санымен емес, зияттылық процестердің даму деңгейімен өлшенеді: «...бала қоршаған шындықтағы құбылыстардың мәнді жағын бөле білуі, оларды салыстыра, ұқсастығы мен айырмашылығын көре білуі керек. Ол ой қорытындысын жасай білуі керек. Құбылыстардың себептерін тауып, қорытынды шығара білуі керек» (Божович Л.И., 1968). Жақсы оқу үшін бала өзінің танымының пәнін бөле білуі керек.
Баланың мектептегі оқуға психологиялық
Дайындығына және бір қосымша талап – оның тілінің дамуы. Тіл – зиятпен тығыз байланысты және баланың жалпы дамуымен қатар логикалық ойлауының деңгейін де бейнелейді. Бала сөздерде жеке дыбыстарды таба білуі керек, яғни оның фонематикалық естуі дамыған болуы керек.
Мектепке психологиялық дайындықты анықтауда баланың қарым-қатынас жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қарым-қатынастың негізгі үш сферасы бөлініп көрсетіледі: ересектермен ерікті қарым-қатынас, құрдастарымен ерікті қарым-қатынас, өзінің өзіне қарым-қатынасы.
Ортақ іспен шұғылданатын сыныпқа келген соң, бала өзі сияқты өзге балалармен өзара қарым-қатынасқа түсе алуы керек. Ол балалар қоғамына еніп, олармен бірігіп әрекет ете алуы және олармен келісімге келе алуы, қорғана білуі де керек. Демек, баланың өзгелермен қарым-қатынасқа түсуге қажеттілігі дамыған болуы, балалар тобының мүдделері мен дәстүрлеріне бағына білуі, оқушы рөлін алып жүруге қабілетті болуы керек.
2. Мектепке келумен баланың бүкіл өмір тіршілігі мен іс-әрекеті қайта құрылады. Бұл кезең мектепке 6 жастан келетін бала үшін де, 7 жастан келетін бала үшін де бірдей қиын. Физиологтардың, психологтардың және педагогтардың бақылаулары 1-сынып оқушыларының арасында дара психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарамай, жаңа жағдайға қиын бейімделетін, жұмыс режимін және оқу бағдарламасын әрең меңгеретін немесе мүлдем меңгермейтін балалардың кездесетінін көрсетеді. Оқытудың дәстүрлі жүйесінде осы балалардан үлгермеуші және екінші жылға қалатын балалар шығады.
Баланың оқуға дайындығының мәнін, құрылымы мен компоненттерін түсінумен байланысты, оның негізгі шамалары айқындалады.
Мектепке келген балалардың мектепте оқуға жетілгенін анықтауда балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдеріне көмектесетін арнайы диагностикалық әдістемелер бар. Барлық әдістемелер түрлі деңгейлік сыныптарды топтастыруда тәжірибеден өткізіліп, дәлеледенген.
Баланың мектепке дайындығы – жоспарлау, бақылау, мотивация, зиятының даму деңгейі сияқты шамалармен анықталады.
Бала мектепке дайын емес: өзінің әрекеттерін жоспарлай, бақылай алмайды, оқу мотивациясы төмен (тек сезім мүшелерінің мәліметтеріне сүйенеді), өзге адамдарды тыңдай алмайды, ұғымдар формасындағы логикалық операцияларды орындай алмайды.
Бала мектепке дайын: өзінің әрекетін жоспарлап бақылай алады немесе бақылауға тырысады; заттардың жасырын қасиеттері мен қоршаған дүние заңдылықтарына сүйенеді, оларды өзінің әрекеттерінде пайдалануға тырысады, өзге адамдарды тыңдай біледі, сөздік ұғымдар формасындағы логикалық операцияларды орындай алады немесе орындауға тырысады.
Баланы мектепке педагогикалық жағынан дайындау
Ғылым – педагогтың баланы мектепке дайындау туралы пікірлері мен зерттеулері. Баланы мектепке дайындаудағы білімдік, іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Баланың дүниетанымын қалыптастыру жолдары. Педагог - ғылымдардың еңбектеріне тадау. Оқу – іс әрекеттерін қалыптастыруда ойынның алатын рөлі. Сабақ - баланы мектепке дайындаудың негізгі формасы.
Достарыңызбен бөлісу: |