Мектеп оқушысының оқу іс-әрекетінің қалыптасуы
Жоспар:
Кіші мектеп жасында оқу іс-әрекетінің қалыптасуының психологиялық мәселелері
Оқушылардың біріккен іс-әрекеті - оқу іс-әрекетінің қалыптасуының бастапқы кезеңі
Оқу іс-әрекетіндегі оқушының ептілігі мен дағдылануының маңызы
Бала есейген сайын оның өмірі мен дамуында арнайы іс-әрекет, яғни оқу іс-әрекеті маңызды орын алып, үлкен рөл атқарады. Оқу іс-әрекетінің сипаты қандай?
Оқу іс-әрекеті – бұл адамзат жинақтаған ғылым мен мәдениетті меңгеруге тікелей бағытталған іс-әрекет. Бұл пәндер айлалы әрекет етуге болатын текшелер ретінде берілмеген. Олардың бәрі абстрактылы, теорияланған. Ғылым және мәдениет пәндері – бұлар ойша әрекет етуге үйренуді қажет ететін ерекше пәндер.
Оқу іс-әрекеті дайын формада берілмеген. Оқу іс-әрекеті қалыптасқан болу керек. Адамның еңбек ете білуге қажеттілігі сияқты бала оқи білуі қажет. Өйткені бала мектепке келген кезде, оқу іс-әрекеті онда әлі болмайды. Төтенше маңызды мәселе дербес оқи алу болып табылады. Оқу іс-әрекетін құрудағы кіші мектеп міндетінің өзі – баланы, ең алдымен, оқи білуге үйрету.Алғашқы қиындық, баланың мектепке келудегі мотивінің оның мектепте атқаруға тиісті іс-әрекетінің мазмұнымен байланыспауы. Мотив пен оқу іс-әрекетінің мазмұны бір-біріне сәйкес келмегендіктен, мотив біртіндеп өзінің күшін жояды. Кейде ол ІІ-сыныптың басында да жұмыс істемейді. Оқу үрдісі, оның мотиві меңгеретін пәннің өзіне тән ішкі мазмұнымен байланысатындай етіп құрылуы керек. Мұндай танымдық мотивацияны қалыптастыру оқытудың мазмұны және тәсілдерімен төтенше тығыз байланысты. Оқытудың дәстүрлі тәсілінде танымдық мотивация қалыптаспауы да мүмкін. Өйткені, мектепте әдетте сыртқы ынталандырулар жұмыс істеп, сыртқы қозғаушы күш – баға болып табылады. Ал шын мәніндегі мотивациялар балалар мектепке асыққанда, оларға мектепте жақсы, ыңғайлы, мазмұнды және қызық болғанда өзіндік орын алады.
Оқу іс-әрекеті дегеніміз не? Әрбір іс-әрекет оның пәні бойынша сипатталады. Оқу іс-әрекетінің пәні жеке ғылымдарға бөлінген білімдердің жалпыланған тәжірибесі болуы ықтимал. Алайда, бала жағынан қандай пәндер өзгеріске ұшырайды? Білімдерді меңгере отырып, бала оларда ештеңені өзі өзгертпейді. Оқу іс-әрекетінде ең алғаш осы әрекетті іске асырушы субъект баланың өзі өзгереді. Ең алғаш, субъектінің өзі - өзін-өзі өзгертуші ретінде көрінеді. Өйткені, оқу іс-әрекеті баланы өзіне қарай бұратын рефлексияны талап ететін, «кім едім», енді «кім болдым» деген бағалауды талап ететін іс-әрекет. Оқу іс-әрекетінде ең бастысы – адамның өзінің-өзіне бұрылуы: өзі үшін ол әрбір күні, әрбір сағатта өзгерген субъектке айналды ма?
Оқу іс-әрекетінің психологиялық жағы баланың түрлі мазмұндағы және түрлі қиындық деңгейіндегі білімдер мен бұл білімдерді пайдалану тәсілдерін меңгеруі болып табылады. Олардың білімдерді меңгеру процесі берілген фактілер мен құбылыстарды, заңдарды есте сақтауларына келіп тірелмейді. «Меңгеру – демек, өзгелердің тәжірибесінің нәтижесін, өз тәжірибесінің көрсеткіштерімен үйлестіру» (И.М.Сеченов, 1947).
Оқу іс-әрекетін іске асыру қандай формада жүзеге асады?
Оқу іс-әрекеті балаға ол бастан берілмеген, оны құру қажет. Алғашқы кезеңде ол мұғалім мен оқушының біріккен іс-әрекеті формасында іске асады.
Сәбилік жаста заттық іс-әрекетті меңгерумен ұқсас, алдымен барлығы мұғалімнің қолында болып, мұғалім «оқушының қолымен әрекет етеді» деуге болады. Оқу іс-әрекеті бұл да заттық іс-әрекет, бірақ оның пәні – теориялық, идеалдық, сондықтан біріккен іс-әрекет қиындау. Осыны іске асыру үшін объектілерді материалдандыру қажет, материалдандырусыз олармен әрекет етуге болмайды (В.В.Давыдов, Н.Г.Салмина). Оқу іс-әрекетін дамыту процесі – бұл мұғалімнен оқушыға оның жекелеген бөлімшелерін беру.
Іс-әрекет бастапқыда оған қатысушылардың арасында бөліне отырып, алдымен белсенділіктің қалыптасуы үшін негіз болады. Содан соң жаңа психикалық функциялардың өмір сүру формасына айналады. Л.С.Выготский бойынша, жоғары психикалық функциялар біріккен іс-әрекеттен, ұжымдық өзара қатынастан және өзара әрекет формасынан туады. Біріккен іс-әрекет қажетті кезең және даралық іс-әрекеттің ішкі механизмі. Іс-әрекетті бөлудегі және әрекет тәсілінің бір-біріне алмасудағы өзара қатынас индивид белсенділігі дамуының психологиялық негізін құрып, оның қозғаушы күші болып табылады. Бірақ, бұл біріккен іс-әрекет «бала - мұғалім», «бала - бала» қатынасы бөлінген жерде қалай құрылады? Оқу іс-әрекетінің даму барысында балалардың серіктестігі мен өзара әрекеттестігінің қандай маңызы бар?
Г.А.Цукерман кіші мектеп оқушылары сыныпта бірігу формасында жұмыс істегенде өздерінің мүмкіндіктері мен білім дәрежесін екі есе дұрыс бағалайтынын, яғни дәстүрлі тәсілмен оқитын оқушылармен салыстырғанда рефлексиялық әрекеттерінің неғұрлым табысты қалыптасатынын анықтаған.
Ол оқушылар оқу материалын мұғаліммен бірігуге қарағанда өз құрдастарымен біріккен жұмыста жақсы меңгеретіні дәлелденген. Бұл Ж.Пиаженің пікірімен сәйкес келеді. Ж.Пиаже «Құрдастары тобында баланың қарым-қатынасы тең құқықты және симметриялы, ал бала мен ересек арасында (қаншалықты демократиялық болмасын) қарым-қатынас иерархиялық, симметриялы емес» деген болатын. Ол сыншылдық, төзімділік өзгенің пікірімен келісу сияқты қасиеттер тек балалардың өзара қарым-қатынасында дамитынын бекіткен.
Тек қана өзімен тең балалардың пікірін бөлісудің арқасында – алдымен өзге балалардың, кейінірек, баланың есеюімен байланысты, ересектердің пікірін бөлісудің арқасында, шынайы логика мен адамгершіліктік эгоизмді (жеке басын күйіттейшілікті) алмастыра алады.
Оқу әрекеті тек білім алумен шектелмейді. Оған ептілік пен дағдылану да керек. Кіші мектептегі оқу жұмысының әр салаларына бейімделу балада бірден қалыптаспайды. Осыған біраз мерзім үйрену керек. Сонымен қатар, баланың оқуға белсенділігі әр сабақтарда әртүрлі.
Оқу ойынға қарағанда қиын болғандықтан, балалардың кейбіреулерінің оқуға ықыласы болып жарымайды. Оларды үгіттеу арқылы оқуға тарту қиын. Сондықтан оқуға деген ықыласты тудыру үшін тапсырмаларды орындата отырып, осыдан нәтиже шыққанда мадақтау керек. Орындалған тапсырма үшін қуану кейін алдағы тапсырманы орындауға түрткі болады. Әдетте ықыластың тікелей және жанама түрі бар. Тікелей ықылас оқушының бәлендей нәрсеге қызығуынан болады. Ал жанама ықылас сол нәрсе қызық болмаса да, жалпы сабақ үлгерімін жақсартқысы келгендіктен болады. Ықыластың соңғы түрі кіші оқушылардың өмірінде негізгі рөл атқаруы тиіс.
Кіші оқушылар көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Мысалы, олар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Солай болуы олардың жаттауға икемділігінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім әлі үйретпегендігінен болады.
Достарыңызбен бөлісу: |