Дәрістердің ҚЫСҚаша мазмұны дәріс – Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері



бет2/26
Дата30.03.2024
өлшемі189.96 Kb.
#497058
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
ЛЕКЦИЯ Тірбие -2024

Әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие 9 тұжырымдамасы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы № 521 Бұйрығы



    1. ДӘРІС – 2. БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕГІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ СЫНЫПТАН ТЫС ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘНІ

Жоспар

  1. Тәрбие ұғымы

Қоғамның болашақ азаматтарының жаңа өмірге көзқарасын қалыптастыру жолдарын нақтылау зиялы қауымның, мұғалімдердің үлесіне тиіп, оның берік негізі өскелең ұрпаққа тәрбиені дұрыс жолға қоя білуіне байланысты болмақ. Өмір ағымы талап етіп отырған жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, үйлесімді жетілген жеке тұлғаны дайындау – бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет. Осыған байланысты мектептің бастауыш сатысындағы оқу-тәрбие жұмыстарын халықаралық деңгейде халықтық тәлім-тәрбиенің озық үлгілерімен сабақтастырып жүргізу бүгінгі күн талабының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.


Жалпы білім беретін мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жақсарту және білім мазмұнын жаңарту жайлы Қазақтан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Кәсіптік мектептердегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша нұсқауында» мектептегі тәрбие жұмыстарының маңызын көрсеткен. 2015 жылы №227 бұйрықпен қабылданған «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиенің кіріктіруіне, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған. Құжатта тәрбиенің 8 бағытты беріліп, мазмұны ашылған. [2, 18-23]
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы (2011) оқу бағдарламаларын әзірлеу барысында оқушылардың бойында қалыптастыру қажет рухани құндылықтар мен дағдыларын тәрбие саласында басымдық берілетін жұмыс бағыттары болып табылады:
Тәрбиені педагогиканың бөлігі ретінде қарастырмастан бұрын, бұл ұғым туралы бірнеше қалыптасқан көзқарастарға тоқталайық. Н.И. Болдыревтың «Бастауыш мектептегі тәрбие жұмысының
педагогикасы мен әдістемесі» оқулығында «Тәрбие – бұл тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы бір мақсатқа бағытталған және өзара байланысты іс-әрекеті, осы жұмыс процесіндегі қарым-қатынасы, жеке адамды және ұжымды қалыптастырудағы ықпалы» деген [4, 48-52].
«Қысқа психологиялық сөздікте» «Тәрбие – жас ұрпаққа қоғамдық-тарихи тәжірибені диалектикалық-материалдық көзқарасты, жоғарғы моралды, терең идеяны, қоғамдық белсенділікті, шығармашылық қатынасты, жоғары еңбек мәдениетін және тәртіпті жеткізу жолдары» деп, сол кездегі идеологиялық бағытта берілген [5, 76].
«Насихатшылардың қысқаша педагогикалық» сөздігінде «Тәрбие адамдарды еңбекке тағы да басқа көптеген қоғамдағы пайдалы іс-әрекетке дайындаушы, көптеген әлеуметтік функцияларды орындайтын объективті заңды процесс» – деп, тәрбиені іс-әрекет емес процесс ретінде қарастырған [6, 54].
Педагогикада «Тәрбиенің» категориялық бірнеше анықтамасы болғанмен жалпы көпшілік мойындаған категориясы жоқ. Х.И. Лийместің тәрбие туралы анықтамасы мойындалған еді, онда «Тәрбие ол жеке адамның дамуындағы мақсатты процесті басқару» деп тәрбиені ұйымдастыру тұрғысынан түсіндірген. Дегенмен бұл А.В. Мудриктің анықтамасына өте жақын, алайда түбегейлі айырмашылығы ол кезге дейін педагогикада таралып келген тәрбиенің анықтамасы «жас ұрпаққа әлеуметтік тәжірибені жеткізу және педагогтардың негізгі мақсаты – оқыту, белгілі білім беру, қабілетін жетілдіру» дегенмен шектелген. Тәрбие жалпыға ортақ үрдіс болып, тәрбие арқылы адам өзінің табиғи қажеттілігін іске асыруы, қалыптасуы, дамуы деп мойындаған. Дегенмен, тәрбие туралы терминологиялық даулар жүріп, көп өлшемді процесс, оның көп бөлігі әлеуметтік қалыптасуға, әр адамның өзін-өзі реттеуіне байланысты [7, 69-74].
Тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан ежелгі дәуірден философиялық, психологиялық, педагогикалық теориялардың негізі арқауы болған. Ежелгі ойшылдар Сократ, Платон – тәрбиелеудің мәні, қоғамдық құрылымы мен тәрбиенің қатынасы сияқты аса маңызды педагогикалық ұғымдарға анықтама берген ғұламалар. Сократтың пікірінше, тәрбие өзін-өзі тану, мінез-құлықтарды жетілдіру. Платон
«тәрбиені баланың ақыл-ойын, еркін және сезімін дамыту деп, балалар ата-анасы алдында ешбір міндетсіз, еркін, ал ата-ана оларға білім мен тәрбие беруге міндетті, «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деп тұжырымдаған. Платонның ойынша, мұғалімнің міндеті оқушыларды қатаң тәртіпке бағындыруда «заңды қырағы сақтау керек: ол балалардың тәрбиесіне қамқор болуға, олардың мінезін түзетуге көмектеседі, барлық кезде тәрбиені заңмен келісуге бағыттап отыру қажет» деген. Аристотель жеке адамның дене, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін қамтитын үйлесімді дамуы – жан рақымы, ақыл-есі мен ерік-жігерді дамыту деп, барлық адамдарға мемлекет тарапынан тәрбие беруді жақтап, дене, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиенің байланысын, қоғамдық және отбасы сабақтастығын көздеді [8].
Тәрбиенің құдіретті күшіне сене отырып, Я.А. Коменский өзінің тәрбие және мектептегі тәрбие жұмыстары туралы құнды пікірлер қалдырған. Балалардың қандай болып туары ешкімге де байланысты емес, бірақ дұрыс тәрбие беру арқылы олардың жақсы болып шығуы – біздің қолымыздағы нәрсе деп, тәрбиенің ықпал ету күшін көрсете білді. Оқушының қалыптасуына мектептегі тәртіп және мұғалімнің ұйымдастырған тәрбие жұмысы ғана әсер етеді деген.
Ағылшын философы Дж. Локктың көзқарасынша, тәрбие – болашақ азаматты дайындау, өзінің ісін ақылмен және баппен жүргізетін адам дайындау. Керісінше Д. Локктің мектеп – балаларды теріс және келіссіз тәрбиелейтін ұя» деген пікірінде мектептегі тәрбие жұмысының кері әсерін айтып, отбасы тәрбиесін қуаттаған. Француз материалисті К. Гельвеций тәрбиенің негізі қоғамның мүддесін көздейтін, әрбір адамның қажетін және бақытын қамтамасыз етуі керек деген. Тәрбиешінің мақсаты баланың жүрегін гуманизацияға ашу, ақылын ақиқатқа бағыттап, олардан керемет сезімді адам, ел жандылық қалыптастырып, жеке игілігін ұлттың игілігімен байланыстыра алатын азамат санасын тудыру екендігін көрсетіп берді. Философтың пікірінің бүгінгі таңдағы тәрбие туралы пікірлермен үндестігі бар. Еркін тәрбие теориясының негізін салушы Ж.Ж. Руссо «Адам тәрбиесі оның өмірге келуімен басталады, сөйлемес бұрын, ол тәлім негізін ала бастайды» деп, баланы қадірлей отырып тәрбиелеу, еріктілік, баланың табиғатын білу, баланың өзіндік әрекетін дамыту тәрбиенің негізіне айналуы тиіс екендігін көрсеткен [9, 28-34].
Неміс ғалымы Гербарт пікірінше тәрбиелеуді басқару, оқыту, адамгершілік тәрбие арқылы шешуге болатындығымен түсіндіреді. Соның ішінде бала өз әрекетін түсінбейтін кезеңінде оны тәрбиелемей, бағындырып басқару керек деген пікіріне қосыла алмаймыз. Мектепте тәртіп ережесін бұзған оқушылар үшін салық кітабы тәрбиелеу тәсілі ретінде қолданылған. Ғалымның бұл көзқарасы бүгінге дейін қалыптасқан ғылыми ой-пікірлермен қарама-қайшы келеді. Р.Оуэн бастауыш мектеп жасындағы балаларды сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру арқылы ән айтуға, би билеуге үйретіп, ер балалар қол өнерге, қыз балалар іс тігуге үйреткен. Сыныптан тыс тәрбие жұмысы арқылы балаларды үйлесімді дамытуды және қоршаған ортаның жағымсыз ықпалынан сақтауды, адамгершілігі және эстетикалық талғамы жоғары баланы тәрбиелеуді мұрат тұтқан. Неміс философы И. Кант тәрбие туралы тәрбиеленушілерді болашақ ұрпаққа дайындауда «Баланы бүгінгі өмірге дайындамау керек, болашақ өмірге адамзаттың жағдайын жоғарлатуға дайындау керек» деген. Философтың тәрбие туралы пікірін Ф. Реан нақтылап, «Тәрбие тәрбиеленушілерді ақиқаттағы жақсы адам етіп шығаруы, яғни өзінің халқының игілігіне қызмет жасай алатын, ерік-жігері жетілген, барлық қол жеткен табыстарға көңіл бөлетін, терең діни көзқараста болуы керек» деген [10, 257-266].
Бала тәрбиесі туралы идеяларды кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдары да әл-Фараби, М.Қашқари тәрбие туралы аз пікірлер айтпаған.
Ұлы ойшыл әл-Фарабидің пікірінше, адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі. Бұл біздің қай-қайсымызды да ойлантуы тиіс деп санаймыз. [11, 171-175]
Қашқаридің да қазақ топырағында еңбек етуді сүйетін, білімге құштар, өз бақыты үшін күресе білетін ұрпақты тәрбиелеуді насихаттайды. Оның бұл еңбегінде әдеп, тәлім-тәрбие, моральдық, ой- пікірлер қомақты орын алды. Сонымен қатар, мұнда адам бойындағы кейбір жаман қасиеттер дүниеқорлық, мансапқорлық, опасыздық, қорқақтық т.б. қатты сынға алынып, ерлік, ізгілік, ақ ниеттілік, қонақжайлылық сияқты адамгершілік қасиеттер дәріптелді [12, 76].
Қазақ топырағында ағартушылық идеяның туын алғаш көтерген Ш. Уәлиханов, озық идеямен нәрленген мұғалімдер жас буындарды қоғамдағы зұлымдық атаулымен күресе алатын, адамгершілігі мол жеке мақсатты халық мүддесіне бағындыра білетін, озат прогрессивті көзқарасы бар адам етіп тәрбиелеуді талап етті,. А. Құнанбаевтың тәрбие туралы ұлағатты өсиеттері қазіргі нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде ұлтымыздың тәрбиеге жаңаша көзқараспен бағыт-бағдар берерлік тағылым деп білеміз. «Мен, егер заң қуаты қолында бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп, адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдеуі бүгінгі заман талабына сай айтылған тәрізді [13, 112-117].
Ы. Алтынсариннің балаларды тәрбиелеу саласындағы мұраларын үлгі етіп, оны қазақ балаларын оқыту мен тәрбиелеуде пайдалану баршамыздың парызымыз болуға тиіс. Ыбырай кез-келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі, азамат болуға, зиянды іс-әрекеттен, ұрлық-зорлық, жатып ішер жалқаулық сияқты жаман әдет, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырады [14, 153].
ХХ ғасырда еркін тәрбие беру идеясы Д. Дьюи, М. Монтессори, П.Ф. Каптерев, П.П. Блонский және тағы басқалардың жүйелерінде дамыды. П.П. Блонскийдің пікірінше «Адамды тәрбиелеу – өзінің жеке өмірін құра білу қабілеті, өзі анықтай білуі және өзін-өзі тәрбиелей білуі» [15, 39-85].
Д. Дьюи, М. Монтессори, И. Фребельдің тұжырымы бойынша тәрбиеленушінің міндеті баланың өзін-өзі тәрбиелеуі үшін материалмен қамтамасыз ету керек. Олар тәрбие процесін жеке адамға бағыттауға шақырды, тәрбиенің негізгі идеясы – тәрбиеленушіні еркін іс-әрекетпен, қылықпен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін тудыру болды. Бірақ, балаға көмек берудің және ересектердің басшылығын, мұғалімнің тәрбиедегі ролін жоққа шығарады [16, 114].
Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, тиімді пайдаланудың педагогикалық жолдарын айқындауға бағытталған ғылыми зерттеулердің аумағы кеңейе түсіп, олардың нәтижелері мектеп өміріне енгені мәлім. Оқушының тек тұлға ретінде қалыптасуына тәрбиенің әсері К.Д. Ушинский, А.С. Макаренко және тағы басқа ғалым, педагог, зерттеушілердің еңбектерінің негізгі арқауы болып табылады.
К.Д. Ушинскийдің мектептегі тәрбие жұмысы туралы құнды пікірлерінің бірі – мектепте анда-санда көңіл көтеретін әзілі бар, бірақ істің бәрін әзіл-күлкіге апарып соқтырмайтын салмақтылық, үлгілі тәртіп және ең бастысы үнемі іспен шұғылданушылық үстем ету қажеттігін айтады. Ұлы педагогтің бұл пікірінен оқушыға мектептен тыс пайдалы да, тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізуді ескертеді [17, 78].
Мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ғылыми негізін салған ғалым педагог А.С. Макаренконың «Тәрбие туралы лекция», «Мектептегі кеңестік тәрбие мәселелері» атты еңбегінде сол кездегі бастауыш мектептегі тәрбие жұмысының педагогикасы мен әдістемесі қажет емес деген пікірлерге қарсы шығып, мектептегі тәрбие жұмысының өзіндік логикасы бар, педагогика ғылымының бір саласы екендігін түсіндіруге тырысты [18, 59].
Жалпы тәрбиенің негізін салған Н.К. Крупская қарапайымдылық пен кішіпейілділік қасиеттерін адамның көркі санап, оны жүзеге асыруда сабақтан тыс тәрбие жұмыстарының рөлі күшті деп есептеді. Сол сияқты мектепте сабақтан тыс үйірмелер мен балалар бірлестіктерін ұйымдастырып, ондағы педагог орнын жоғары бағалады. [19]
Еліміздің 20-35 жылдар аралығында тәрбие мәселесін көтерген А. Байтұрсынов бастауыш мектептен бастап берілетін тәрбие мазмұны адамгершілікке, ұлттық құндылықтарға бағытталу керектігін айтып,
«Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйрететін білім мен тәрбиеде сондай керек» деген. Ағартушы ғалымының бұл ой-тұжырымын әрбір мұғалім тәрбие жұмысында ескеруі керек [20, 93].
Ж. Аймауытов «Адам мінезінің ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің әртүрлі болуынан.... Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айтуы, кісі тонау, өлтіру сияқты бұйрықтарды жасауы тәрбиенің жетіспегендігінен», – деді. Бала бойындағы кемшілікті тәрбиенің дұрыс басшылықпен жүрмегендігімен дәлелдейді [21, 74].
М. Жұмабаев баланың тәрбиесін кез-келген психикалық процестермен тығыз байланыста қарап, тәрбиені төртке бөліп қарайды: дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі.
«Баланы тәрбиеші дәл өзіндей қылып емес, келешек заманына лайық қылып шығару қажет», – деу арқылы тәрбиені келер күн талабымен ұштастырады [22, 15].
Ш. Құдайбердиев жастарға қатарыңнан қалма, жалқаулық жамандықтан қаш, өнегелі, өнерлі, тәрбиелі елдің жастарынан үйрен, оқу оқып, білім ал, талаптанып бойыңдағы өнеріңмен біліміңді ел қажетіне жұмса дегенді айтты. М. Дулатовтың бастауыш сынып оқушыларына арнап жазған әңгімелерінде талаптылық, еңбек етуге, адамгершілікке баулитын тұстары молшылық. Ағартушы ғалымдардың еңбектерінен тәрбие болашаққа меңзеп жүргізу және оның мақсатын баланы өмірдің түрлі мәселелерін өзі шеше алатын, төзімді де, қайратты, адамгершілігі мол азамат дайындау екендігін көрсетіп берген [23, 27].
Болашақ педагог мамандар тәрбие жұмысы бастауыш сынып оқушысының жас, психикалық ерекшеліктері жөнінде кең білімді болғанына байланысты. Дәл осы проблеманы талқылаудан ғана сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы басталады. Л.С. Выготский, Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович, А.Н. Леонтьев, Р.С. Немовтың еңбектерінде бастауыш сынып оқушыларының жеке тұлғалық дамуы, танымдық әрекеттері және даралық ерекшеліктерін айқындалған [24, 138,], [25,185], [26, 228], [27, 331], [28, 248].
Жеке тұлғаның дамуындағы тәрбие факторының орны туралы С.Л. Рубинштейн, Д.Б. Эльконин зерттеулерінде қарастырылған. Психолог С.Л. Рубинштейн «Қалыптасу үстіндегі жеке адам психологиясы бәрі қандай болғанмен де сырттай сабақтас, бірақ оның дамуында еш нәрсе де тікелей сыртқы ықпалдардан шығарылмайды» деп көрсеткен. Жеке адамның тәрбиесі мен дамуының бірлігі және өзара байланыстылығы

  • тәрбие үрдісінің заңдылығы. Оның мазмұны, формалары мен әдістері - көбіне тәрбиеленушілердің жалпы даму деңгейіне тәуелді. Олардың дамуы – алдымен тәрбие берудің нәтижесі. «Жеке адам тәрбиелене және үйрене отырып дамиды» деп тұжырымдайды [29, 236], [30, 165].

Л.С. Выготскийдің айтуы бойынша тәрбие дамуды жетелейді, дамудан озық тұрады. Тәрбие процесінде оқушының сыртқы талаптары мен ішкі ұмтылыстары арасында қарама-қайшылықтар болады. Осы қайшылықты оқушы психологиялық тұрғыда жеңе білген кезде ғана тәрбиенің нәтижесі болатындығын айтады. Психолог А.В. Зопорожецтің пікірінше, кіші жастағы оқушылардың психикалық дамуындағы басты рольді йірмелерге қатысы, жүйелі еңбек тапсырмаларын орындауы және қоғамдық өмірге көбірек араласуы тек психикасының дамуына әсер етіп қана қоймайды, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді деген сөз [31, 117].
А. Люблинская бастауыш мектеп оқушыларының күнделікті достарымен сабақтан тыс жұмыстарға бірігіп араласуға ұмтылысы, белсенділігі артады. Балаларда жаңадан қамқорлық, сезім, ой, қызығу пайда болады. Сыныптан тыс ұйымдастырылған тәрбие жұмыстарында оқушы ретінде өсіп қоймай, кішкентай азамат ретінде де өзге алдындағы жауапкершілігі, өзін істе сынау қалыптасады деп психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. Жоғары оқу орындарында студенттерді дайындау сапасы біртұтас педагогикалық процестің әртүрлі жақтары, қасиеттері мен сапалары туралы теориялық білімдеріжәне мектепке қатысы бар аумағы кең кәсіби міндеттерді қолдануға дайындығынан көрінеді. Қандай да болмасын қиыншылықтарды кәсіби міндеттерді шешуде маман еңбек процесіндегі әртүрлі элементтер, бөліктер арасындағы байланыстылықты анықтай отырып, оның жалпы құрылымын көре алады [32, 153].
Белгілі психолог М. Мұқанов тәрбие психологиясын зерттей келе, тәрбие арқылы үлкендердің кішілерге азаматтық қасиетін қалыптастыруға тигізетін әсерін айтады. Тәрбиенің өзі неше түрлі саладан айталық, моральдық, интеллектуальдық, эстетикалық және еңбекке үйренуден, дене шынықтырудан қалыптастырады. Тәрбие психологиясы сол ерекшеліктерді қандай тәсіл қолданғанда кеңес пен ескертпені жете ұғынып, өзінің ішкі ниетіне айналатынын тексеріп, тәрбие жұмысының қазіргі өскелең талабына сай тәжірибенің өріс алуына көмектеседі [33, 247].
А. Темірбеков, С. Балаубаев бастауыш мектеп оқушыларының қызығуы жас уақыттан басталып, бірте-бірте дамиды. Дұрыс тәрбиенің жоқтығынан өмірлік маңызы зор қызығулар басылып қалады дейді. Сондықтан тәрбие жұмысы барысында бұл психологиялық жағдайды ескеруіміз қажет. Мұғалімнің міндеті шәкірттің іс-әрекетінің мотивін жақсы түсініп, дұрыс тәрбиелеу ғана емес, оларды өз әрекетінің мотивін түсіне білуге баулудың екендігін айтады [34, 116].
Қ. Жарықбаев бала тәрбиелеуде оның психологиясын, мінезін, темпераментін даралық ерекшеліктерін ескеру керек десе, психолог Ә. Алдамұратов «Жалпы психология» еңбегінде мінезінің физиологиялық негізін, динамикалық стеоретипін тәрбие процесі арқылы шартты рефлекс қалыптасатындығын көрсетті. Оқу процесі мен одан тыс уақыттағы тәрбие жұмыстары тығыз байланысты болып, тәрбиеленушінің сезіміне, психикасы, санасына ықпал етіп бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан тәрбиенің мазмұнын педагогикалық процестер деп қараған жөн. Психологтардың пікіріне сүйенсек, тәрбие психологиясының заңдылығы бастауыш сынып оқушыларының психикасына және жеке тұлғаның қоғам дамуына қарай қалыптасуында басты фактор екендігі анықталған [35, 160], [36,178].
Болашақ педагог маман тәрбие жұмысының нәтижесіне жетуде педагогикалық процестегі тәрбиенің орнын және оның компоненттерін білуі қажет. Бірқатар зерттеулерде педагогикалық процестің бөліктеріне мұғалімдер мен оқушыларды, тәрбие мақсатын,міндеттерін, мазмұнын, әдіс-тәсілдерін жатқызған. Ғалым М.А. Даниловтың көрсетуінше педагогикалық процестің ішкі серпілісі оның негізі, басты өзегі тәрбиенің мақсаты болады. Соңғы кезде әлемдік педагогикада тәрбие мақсаты саясат және идеологияға байланысты емес, өмірдің жалпы заңдылығынан, құқығы мен еркіндігінен туады деген идеялар туындауда [37, 135].
Еліміз 1980 жылдардың ортасында көптеген жетістіктерге жетумен қатар, қоғамның дағдарысқа ұшырауы және бір партиялық әкімшілік- командалық жүйенің басшылық жасауы, маркстік-лениндік социализм тұжырымдамасының басшылыққа алынуы тәрбиені тек мемлекеттің қызығушылығына бағдарлап жүргізуді мақсат етіп, жеке тұлғаның қажеттілігінің дамуына зиянын тигізді.
1985 жылдың сәуір айынан бастап, қоғамдағы қайта құрулар осы қарама-қайшылықты шығарып, тәрбиенің бір жақты бағдарланып жүргізілуін әшкерелеп, оқу-тәрбие процесін адамға бағыттап жүргізуді, олардың толыққанды дамуы мен жеке жоспары, өмірлік ұмтылысын жүзеге асыруға бағытталуы қажет деп түсіндірді. Көп уақыт бойы жіберілген кемшіліктер оқу орындарын, мұғалімдерді, оқушылардың өзін-өзі дамыту, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі жетілдіру қабілеттерінің дамуын тежеді. Тәрбие және тәрбие жұмыстарының қадірі түсе бастап, қоғамның интеллектуалдық және моральдық деграциясы жүріп, өктемділік (авторитарная) педагогика салтанат құрды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет