330
Сүлеймен қарақшы
Бәрi Қаппардың сөзiн дұрыс көрiп, Сүлеймен мен Бекмырзадан
басқа қазақтар төбелеске жарамды таяқ тауып келу үшiн далаға
кеттi. Осы кезде аһылеп-уһiлеп Микай келдi.
— Ой, аналар оңбай таяқ жептi. Барактарына қарай әрең жүрiп
кеттi. Жоқ, өздерi зорға жүрген екеуi үшiншiсiн сүйреп әкеттi.
Қазiр Қара Иван келедi осында. Мен сендердiң жандарыңда
отырмай-ақ қояйын. Анау тамырларымның жанына барайын, —
деп арғы шетте отырғандарға қарай жылыстады.
— Осы сүмелектiң осыншама сужүректiгiн қайтерсiң. Жаңа
күлген
жоқ едiм, мана кереуеттiң астына тығылып жатқанына
ендi күлкiм кеп отыр. О, Құдай-ай, бұл кiмнен қорқады-ай, ә?
— Кiмнен қорқады дейсiң, Бекмырза. Өзiн қазақтармен бiрге
жүредi деген сөз Қара Ибанға жетiп қалмасын деп қорқады да.
Бұл қоянжүрек маған перәуәдшiк ретiнде ғана керек болып
жүр. Әйтпесе мұның нағыз қорқақ,
сатқын екенiн әлдеқашан
бiлгенмiн.
Осыны айтып болғанда, далаға таяқ iздеп кеткен серiктерi
келдi. Әрқайсысының қолында бiр-бiр шоқпар.
— Әзiрге тапқанымыз осы болды, — дедi Төрекелдi. — Бүгiнгi
төбелеске осылар да жарар. Ал ертең ағаш қырқып жатқанда,
сойыл дайындап алармыз.
Содан қазақтар Қара Иванды
қалай қарсы алу керектiгiн
ойласып, едәуiр отырды. Бiрақ күткен жау келмедi. Сағат оннан
асқанда жанына төрт-бес қарауылын ертiп, күзетшi офицер келдi.
— Барлық бiлте-шамдарды өшiрiп, жатуға дайындалыңдар!
Сендер неге бiр жерге жиналып алғансыңдар? А ну, давай, все по
местам! — деп әкiрең-әкiрең еттi қазақтарға.
Әркiм өз кереуетiне жылжыды. Он бiр қазақ қатар жататын. Ең
шеткi кереует — Ажандыкi. Ал оның жанында Микайдың төсегi.
Микай бүгiн өз төсегiне келмей, есiк жақтағылардың арасына
жатты. Қара Иван мен қазақтардың арасы бiр жақты болғанша,
қазақтарға қосылмайтын сыңай танытқаны ғой мұнысы. Бәрi өз
орындарына жайғасып, бiлте-шамдар өшiрiлген кезде:
— Қайсымыз болсақ та, қатты ұйықтап қалмай, сақ жатайық,
— дедi Бекмырза.