2.2 КІРМЕ СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Жырдағы кірме сөздердің тілдік қабаты араб-парсы тілдерінен ауысқан және орыс тілінен енген сөздерден тұрады. Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев қазақ тілінінің сөздік құрамындағы араб-парсы сөздерінің тілімізге ерте замандардан бастап ене бастағандығын және ол кірме сөздердің қазақтың дәл төлтума сөздері секілді болып кеткендігін айтады [22,136].
Араб-парсы тілінен ауысқан сөздер құрамында бұрыннан таныс, тілімізге сіңісіп кеткен дүние, пақыр, байрақ, арақ, пенде, ажал, пұл, дәулет, Құдай, пір, уағда, пара, аруақ, дүрбі, палуан, дерт, аманат, дәрет, Алла, әйел, дауа, байтақ, періште, шейіт, ұжмақ, базар, т.б. сияқты сөздер едәуір көп кездеседі. Бұл сөздер – сонау ерте заманнан бері қазақ даласына еніп, тілімізбен жапсарласып кеткен сөздер. Олардың тілімізге енген уақытын шамалап айту мүмкін де емес. Бұл сөздер тұрақты тіркес құрамында да кездеседі. Мысалы, бір «ажал» сөзі жырда 20 рет қайталанады. Ажал жетіп өлсеңіз [3,47]; Ажал оғы айдаған [3,159]; Ажалға душар болды кез [3,159]; Ажалдан бұрын өлім жоқ [3,406]. «Ажалы жету» тіркесі әр түрлі грамматикалық формаларда 8 рет кездеседі. «Дүние» сөзі жырда 64 рет қайталанады. Оның ішінде «дүниенің жүзі» тіркесі 8 рет кездессе, «байлық» мәнін беретін ауыспалы поэтикалық мағынада 9 жерде жұмсалған. Қолқа емес ойлап тұрсам дүние-мал [3,185]; Шабылыпты дүние-мал [3,224]; Дүниені бөлек жинаған [3,278], т.б. Теологиялық атау болып табылатын Алла сөзі 56 рет қайталанып, әр түрлі тұрақты тіркестер құрамында келеді. Алла қаласа; Алла сәтін салса; Алла тізгінді оңғарса; Алла аманаты, Алла ісімізді оңғарса; Алла жолыңды оң қылсын; Алла қосса; Алла жазса; Алланың салған іс;, Алладан пәрмен сұрады. Батырлар атқа қонып, жауға аттанарда да «Аллаға» сиынып, ұрандайды. «Алла» деп мінді ер Орақ, Суарып, жемдеп құла атты-ай [3,92]. Ал «байтақ» сөзі жырда 25 рет ұшырасып, ел, жұрт, халық мағынасындағы сөздермен тіркесіп келеді. Байтақ жатқан халықтың; Байдалы байтақ көп жердің, Мына байтақ халыққа, Байтақ жатқан ел дейді, Байтақ жатқан екі құм, Мына байтақ таманың, Байтақ жатқан қалмаққа, т.б. осы секілді тіркестер кездеседі. Сонымен бірге, араб тілінен аударғанда сұлу, әдемі деген мағына беретін «жамал» сөзі де жырда оқтын-оқтын көрініс табады [25,191]. Ашуменен қарайды, Бұл мырзаның жамалы [3,78]. Негізінен сын есім болып келетін бұл кірме сөз субстантивтеніп заттық мағынада жұмсалған. Қазіргі таңда қазақ халқында «Жамал» қыз балаларға жиі қойылатын есімдер қатарында. XX ғасырдың басында жарық көрген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» да еске түсіруге болады.
Ең көп қолданылған сөздің қатарында араб тілінен еніп, қазір қазақ тілінің құрамына әбден сіңісіп кеткен «жан» сөзі. Ол жырда бас-аяғы 112 рет қайталанған. Жан сөзінен жасалған тұрақты тіркестер де біршама. Жанға қаза келтіру [3,10]; Шыбындай жан [3,33]; Жаны қалмады [3,44]; Жан тапсырды [3,49]; Жанын шығару [3,126]; Жан алды [3;326]; Жанына батты [3,339], т.б.
Араб тілінен аударғанда пара сөзі бөлік, бөлшек (араб-парсы сөздігі, 450-б) деген мағынаны береді. Ал ауыс мағынасында «ауызбастырық, алым» дегенге саяды. Жырда осы екінші мағынасында қолданылған. Берейін қолдан парамды-ай [3,52].
«Орақ-Мамай» жырында кездесетін кірме сөздердің келесі бір қабатын орыс тілінен енген сөздер құрайды.Жырда кездесетін орыс тілінің элементтері XV-XVII ғасырдардағы екі елдің сауда-саттық, шаруашылық пен мәдени байлансының негізінде пайда болған. Ондай сөздердің қатарында шот (счет), полемет (пулемет), расход, штат, мама, фонар, тілгәрәм (телеграмма), спескі (список), кірес (крест), шіркеу (церковь), лох, дурак, т.б. сынды кірме сөздер кездеседі.
Ісшотына қарады,
Ісшотына қараса.
Бес жүз адам болады
Ол күнде жоқ орыста
Топ полемет амалдар [3,212].
***
Спескесін түзетіп,
Жайлау, қыстау жерлерін
Бұрынғы ел мен соңғы елге
Теңгеріп нағыз бөліпті-ай [3,228].
***
Тілгәрәм хабар барған соң,
Қалдырмастан адамды
Жүреміз деп жинады-ай [3,212].
***
Мұсаның мынау он бір баласына
Алдында жарқыраған сіз бір фонар [3,192].
***
Кіресі бар басында
Алтын сыр жаққан тасына [3,95].
***
Үш жылға түскен отаудан
Үш жыл есеп бермесе,
Штатыма көнбесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысқа-ай Мамай келсін деп [3,425].
***
-Айналайын, мамеке,
Айтқан сөзің шын болса,
Астыма мінер атым жоқ,
Үстіме киер киім жоқ... [3,427].
***
Күш көресетіп дінсіз, нас
Шариғат білмес дуракқа [3,91].
Бұл сөздердің мағыналық тобына келетін болсақ, олар белгілі бір дипломатиялық қатынас кезінде қолданылатын (спескі, тіләгрәм, расход, шот, штат) және діни (кірест, шіркеу), қару-жарақ атаулары (полемет). Мұндағы «штат» сөзі белгілі бір орынды, әскердің жинақталатын мекенін меңзеп тұр. Ал «мама» сөзі болса грамматикалық жағынан түрленіп қолданылған. Бұл сөз (мамеке) -еке зат есімге реңк мәнін үстейтін жұрнақ жалғануы арқылы жасалған. Яғни, бұдан өзге тілден енген сөздердің қазақ тілінің қосымшаларын еркін меңгергендігін көре аламыз. Орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің заңдылықтарына икемделіп (спескі, тіләгрәм, кірест, шіркеу, шот) те сол күйінде (штат, дурак, фонар, полемет, расход) де жұмсалған. Осы тұста «телеграмма» сөзінің қолданылуы түсініксіз. Өйткені, телеграмма XIX ғасырда ғана пайда болды. Ал «Орақ-Мамай» жыры – XV ғасырдың шығармасы. Соған қарағанда, бұл жыршының жанынан қосылған сөз болуы мүмкін. Себебі, бұл жыр – фольклорлық туынды. Ал фольклорлық туынды ауызша таралатындықтан, оны жырлаушылар өз сөзімен түрлендіруі де мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |