Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева Алматы, 2008 мазмұНЫ


Мифтік танымдағы «қазақ әйелі» концептісінің көрінісі



бет12/14
Дата09.06.2016
өлшемі1.01 Mb.
#123803
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

2.8 Мифтік танымдағы «қазақ әйелі» концептісінің көрінісі

Жалпы «әйел», «еркек» категориялары әуел бастан шындықты игерудің әпсаналық деңгейі ретінде мифологиялық дүниетаным үлесі болып саналады.

«Мифология, миф – ойдан шығарылған қиял емес, ол – өткен заманның адамының шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты. Ол өткенді саналы бұрмалаудың, жалғандықтың есерткіші емес, бірнеше мәрте бүктетіліп, оралып, ақиқаты мен қасиеті қатар өрілген, еріксіз шатасудың тозаңының арасында байқалмай қалған ақиқаттың өрім қамшысы» [111, 12 б.]

«Мұнда поэзия мен алғашқы білімнің, дін мен әдептің, өнер мен өмірлік тәжірибенің ерекше бірлігі орын алады »[112, 32-б.]. Осыған байланысты қазақ ертегі, жыр-аңыздарындағы «әйел» концептісінің қалыптасуын басқа халықтар мифологиясымен салыстыра қарасақ, мифтік кезеңде әйелдің құрметті орында болғанын байқаймыз.

Құдай-Ананың негізгі қызметі – жасампаздық, оның бірнеше қыры бар. Біріншіден, бүкіл ғаламды жасаушы, екіншіден, кейінірек, жаратушы Ата-құдайдың қосағы ретінде дүниені тудырушы. Бұл жағынан ел көбінесе Жермен сәйкестіндіреді.

Құдай-Ананың тағы бір маңызды функциясы – оның мәдениетке, құпия білімге қамқорлық жасауы. Бұған мысал, Афина – гректерде, Ұмай – түріктерде және т.б.

Осылай бола тұра, әйел-құдайлар табиғаттың басқа бір қырымен байланысты: тағылық, қиратушылық, жерасты әлемі, зұлымдық сияқты функцияға да ие. Мысалы, индустық мифологияда бүкіл әлем заңдылыққа құрылған, қайырымдылық пен зұлымдық кезектесіп тұрады. Дүниенің өмірінің соңғы кезеңі кали-юга деп аталады, қараңғы, аласапыран деген мағына береді. Міне, осы сәтте әйел-құдай Кали оянып, әрекетсіздік күйінен шығады. Кали – нәпсінің, қиратушылықтың қамқоршысы. Бұл кезеңде зұлымдық күшейіп, адамдардың өмірі қысқарады. Халықтар соғысып, бірін-бірі қырады, адамдар кедейленіп, қылмыскерлер көбейеді, әйелдер азғындық жолға түседі, патшалар халықты тонайды, адамдардың қарым-қатынасында өтірік, зұлымдық, екіжүзділік салтанат құрады [113, с.644].

Қазақ аңыз, жырларында сирек болса да, анасының батыр үшін жанқияр ерлікке бара алмауы, кейде қарындасының опасыздыққа баруы («Қобыланды батыр» жырындағы Қарлыға, «Шынтасұлы Төрехандағы» Ханбибі) өте сирек болса да кездеседі. Бірақ ешқашан әйел жар ретіндегі адалдығынан таймайды. Ал әкесінің қатыгездігі, аталардың дұшпандығы жиірек кездеседі. Әйелге қатысты «адал жар» – қазақ құндылықтарының ішіндегі негізгілерінің бірі.



Түп атамыз Сақтарда «жесір оты» деген ырым болушы еді. Егер ері қайғылы қазаға ұшыраса, әйелі күйеуіне деген сүйіспеншілігін өзін құрбандыққа шалып, әлемге айдай етуі керек. Ол үшін ерінің қабіірнің үстіне жағылған отқа өртеніп өлуі сауап. Жиһангер бұлай істеткен жоқ, әйелдер ерлерін тірі кезінде аса құрметтеп, өзгеше ізеттілікпен сыйлауды сабақ етті. Ол айтушы еді: қандай да болмасын қырғын соғыста еркек өліп, әйел қалмақ. Әлеми жалғанда әйелдің саны еркек жазғандардан әлдеқайда мол болмақ. О дүниеде еркек көп. Жері мен жесірі үшін жанын пида етуге әрқашан сақадай-сай тұрар азаматтар аруағын қорлаған қатыннан без. Оны сақтарша өртеу керек.

(О. Бөкей. Мұзтау). Осымен үндес мағынаны төмендегі мәтін де танытады:



Қазақтың еркегі малын жанының жолына, жанын арының жолына, арын елінің жолына қиятын болса, ұрғашысы соның үстіне ішінен шыққан баласын қосып, бәрін ерінің жолына қияды. Қатын-балам деп елін сатқан еркек қандай қарабет болса, тіпті елінің жолына ерін сатқан әйел сондай қарабет... (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).

Көне түріктер айдаһар немесе қасқырдың (түп ана) суретін салған ту көтеріп, аруақты, рудың қамқоршы рухын шақырады екен. Ежелгі заманда оның әйел-ана болғандығы белгілі. Одан кейінгі «ресми қазақ» дәуірінде де көп рулардың ұрандарының аналарының аты болуы осыдан шығады.

Миф өзі пайда болған ортадағы қоғамдық санаға тікелей тәуелді. Қазақ аңыздарында ер, батыл,, еркін, ерке, сұлу, ақылды қыздың бейнесі қалыптасқан. Қазақ халқының өз жерінің аттарының шығуы туралы небір тамаша аңыздар бар екенін жоғарыдағы тараушаларда айтқан болатынбыз.

Осы аңыздар арқылы бүкіл қазақ дәстүрлі қоғамындағы гендерлік қатынастар туралы ой түюге, қоғамдағы әйел орнының қаншалықты жоғары деңгейде болғандығы, ақылдың, сөз өнерінің, батырлық, ерліктің қаншалықты бағаланғанын байқауға болады.

Мифтік танымның қыр-сырын зерттеуші С.Қондыбай еңбегінде «қазақ әйелі» концептісі аясында қалыптасқан кейбір бейнелерді төмендегіше ұғындырады:

«Қырық қыз Орта Азияның түркі тілдес халықтарында «кәпірлерден» қорғану үшін олардың тілегі бойынша тасқа айналған әулиелер бейнесі. Қарақалпақтарда «қырық қыз» онымен аттас эпос қаһармандары – жауынгер қыздардың бейнесі. Эпос сюжетінде олар Гүләйім атты қыз басқаратын қауым болып жеке аралда өмір сүреді. Қырық қыз қарақалпақтарды қалмақ ханының шабуылынан қорғайды. Ал Зерафшан қыратындағы өзбектерде қырық қыз (жиі қырқын қыз) – шаман көмекшісі, перілердің негізгі рухтарының қызметшілері.

Қайсыбір зерттеушілердің пікірінше, қырық қыз бейнесі тәжік- парсы текті, Алайда жауынгер қыздар бейнесі көнетүркілерде бар екенін қазақтардың фольклорлық шығармалары да дәлелдей түседі. Түркітілді ортаға сопылық мәдениеттің енуіне байланысты көнетүркілік жауынгер қыз бейнесі исламның сопылық бағытына сәйкес сандық мәнге ие болды (қырық, осыдан түрік тіліндегі «қырық қыз», ал тәжік парсы тіліндегі «чилдухтарон»), ал исламға дейін олардың саны шектеусіз, тұрақсыз болған. Сол себепті де қырық қыз бейнесіне ортаазиялық түпнегіз әсерін жоққа шығармай-ақ көнетүркілік деп есептеуге әбден болады [113, с.169-70].

Аққу. Өздерін аққудың («қазақ» этнонимінің халықтық этимологиясына сәйкес «ақ қаз» – белая лебедь) ұрпағымыз деп санайтын қазақ халқының басты ұлттық символдарының бірі. Мифтік кейіпкер, бейне ретінде барлық түркі халықтарында кездеседі.

Ежелгі аңыздарға сүйенсек, қазақтардың ру басшысы Қалша Қадыр соғыс алаңында жаралы боп қалғанда, оған сұлу пері қызына айналатын аққу жәрдемдеседі. Қалша Қадыр аққу қызға үйленеді, ол оған сакральді атқа ие болатын «Қазақ» атты ұл туады. Сондай-ақ қазақтың арғыатасының бірі Алатайлы Аңшыбай жұртқа аққу кейпінде көрінетін сұлу перілерді әйелдікке алады.



Албасты - қазақтың төменгі мифологиясында және түркі халықтарының көпшілігінде су белгісімен байланыстырылатын зұлымдық иесі.

Албасты образы, С.Қондыбайдың пікірінше, су перісі, мыстан кемпір, Алтыншаш, жын пері сияқты түркі дәстүрлі мифологиясындағы жеке дара кейіпкерлердің белгілерін жинақтаған бейне болып табылады. Албасты тарқатылған ұзын ашық не алтын түстес шашы бар сұлу немесе сұрықсыз әйел кейпінде келеді. Бір ескерерлігі, қазақ дәстүрінде барлық суға қатысты мифтік бейнелер әйел кейпінде болады.

Кейбір наным-сенімдерге қарағанда, албастының түрлі аңның немесе жансыз затқа айналу қабілеті бар. Қазан татарлары албасты сабанға, шыршаға, т.б. айналады деп есептесе, әзірбайжандар албастыны құстың табаны бейнесіне, ал қазақтар мыстан кемпірдің келбетіне ұқсатқан. Тувалық мифтерде албасты маңдайында жалғыз көзді қызыл мыстанға немесе тастан мұрны бар біркөзді Төбегөз диюға ұқсайды. Батыс Сібір татарларының елестетуінше, албастының тырнақтары өткір, сондай-ақ қазақтардың жезтырнағы кейіптес. Халық сенімінде албасты жаман ауру, жайсыз түс әкелетін, әсіресе босанатын әйелдер мен жа,ңадан туылған нәрестелерге зиянын тигізетін зұлым күшке баланады. Түркі, әзірбайжан, қырғыз, қазақ және өзге халықтардың мифтік танымында албасты босанатын әйелдің өкпесін, бауырын немесе жүрегін ұрлап әкетіп, суға асығады. Оларды суға ағыза салысымен әйел өледі деген сенім бар.

Көптеген халықтарда албасты өзен жағасын немесе өзге су көздерін мекендеп, әдетте су жағасындағы адамдарға жайылған ұзын ашық түстес шашын тарап тұрған қалпы көрінеді. Көне көшпелілер мифіндегі мұндай белгілер суға қатысты әйел рухымен немесе Су құдайымен тығыз байланысты. Сондай-ақ албастыны салбыраған, артқа лақтыратын ұзын көкіректі етіп бейнелеу оның сумен байланысты табиғатын ғана емес, сонымен бірге жыландық сипатын да береді. Аталған көріністегі көкіректер бұл екі аналық безі емес, хтондық әйел құдайдың екі көкірегіне өсіп шыққан екі жылан. Сондықтан, албасты бейнесі су және жыланмен байланысты әйел құдай сияқты көне мифтік кейіпкермен, адам және табиғат өміріндегі қайталанатын кезеңдерге қатысты деп айтуға болады.

Албастыны оған қатысты қандай да бір белгіні – шашын, магиялық кітапты, тарағын немесе теңгесін алып қою арқылы бағындыруға болады. Албасты өзін бағындырған адамның тілегін қанағаттандырады, иесін шексіз байлыққа кенелтеді, сондай- ақ өзінің кінәсынан ауырған адамдарды емдеуге көмектеседі.

Мысалы,


Мана сары таңнан тұрып алып: «Кешегі толғатып жатқан әйелдің қасында бұрын-соңды мен жолықпаған бір жаңа албасты тұр деседі. Шашы сары, көзі көк, деседі. Өзі ыржалаңдап жәй күліп тұрып-ақ жұрттың қол- аяғын шырмап алады деседі. Менің перілерім кеше бесінде құлағыма сыбырлады: «Барма, барсаң қауіп», - деді.

Ақ отаудың ішінен арсы- гүрсі дауыс шығады. Әйелде, бірақ үн жоқ.

- Бейшараны албасты әлі буып тұр. Тіпті үні де шықпай қалды ғой, - дейді бір топ кемпір күндіктерін ысырып құлақтарын түріп.(Ә. Кекілбаев. Үркер).

Ш.Уәлихановтың еңбегінде: «Албасты – рух, әйелдер босанғанда қатерлі. Оларды жезтырнақ деп те атайды. Албастылардың басшысы – сөрел.

Мұсылмандардағы бір аурудың аты – жын . Бұл – жын ауруы, шашын тарқатып жіберген ұзынтұра қыз бейнесінде, емшектері итаяқтай салбырап тұратындықтан, иығынан асыра лақтырып жіберіп жүреді.

«Әйелдер босанғанда, Қойлыбай келіп отырса, албастылардың бірі де жоламайды екен. Қойлыбай албастылар иектейтін жерге бөркін немесе қамшысын жіберсе болғаны, ол жерге әр түрлі ыбылыстар мен албастылар жоламайды екен. »(160 б.)

Жезтырнақ – тырнақтары жез болады. Бұл әйел бейнесіндегі рух, орман–тоғайларда өмір сүреді» [114, 157 б.]

Этнограф ғалым Ә.Диваев: «Албастының ұрғашысының жетпіс емшегі бар, әр емшегімен жетпіс баланы емізеді... Келбеті қорқынышты, шашы ұзын болады» , деп жазады [115, 229 б.].

Ә.Кекілбаев шығармаларында албастының жас босанған әйелдерді өлтіру сияқты зұлымдық функциясы, зиян әрекеттері төмендегі мәтін арқылы түсіндіріледі:

«Кейде ұйықтап жатқанда, екі бұты талыстай әдемі әйел шашы дудырап көкірегіне қарғып мініп, қос бұрым құсатып, екі иығынан асырып, артына түсіріп қойған салаңдаған үлкен емшектерін кезек-кезек аузына тыққыштап емізіп отырады. Әр үрпісі Мырзатай нағашысының бас бармағындай. Ұйқылы-ояу санасы бұның албасты екенін біліп жатады. Албасты баяғыда балаларынан айырылып қалған әйел көрінеді. Содан бері түн баласы ұйықтап жатқанда адамдардың арасынан өз перзенттерін іздейді екен. Пәлен жылдан бері бауырына ерін тимеген көкірегі сыздап келген мұндар неме талайларды осылай тұншықтырып өлтіріпті» (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).

Әйел болмысының бір­біріне кереғар екі қырын түсіндіретін прецедентті мәтінді Е.Аманшаевтың шығармасынан да жолықтырдық:

Дегенмен, әркім әрқалай айтады. Біреулер – ұрлап алған нәрестесін сүтке тойғызып, ақ қанатты періштеге айналдырып жібереді дейді... Періште қанаттарын қағып, мына көк теңізді асып аспанға, иә,иә, алыс аспа-ан-ға ұшып кетеді екен... Ал, енді біреулер – Албасты емізген нәрестесін аққуға айналдырып жібереді дейді... Жұрттың аққуды «киелі» санайтыны содан екен... Әлгі аққу қанаттанғанша бар ғой, оны әлпештеп, мәпелеп, ұшып үйрететін де – Албасты өзі көрінеді. Ал аққудың сұңқылдап мәңгі-бақи жұбын жазбай іздейтіні – анасын іздеген нәрестенің іңгәлағаны екен...


  • Албасты-қыз әсіресе, тұманды күндері теңіз жағалап серуендегенді жақсы көреді екен...

  • Күн түстес, ақсары, ұзын шашын екі иығынан асыра жайып жіберіп, сыздаған емшегін өзі сауып, ыңылдап ән айтады екен... Ертеректе, сонау бағзы заманда адамдар оған зорлық жасап, баласын тартып әкеткен көрінеді. Содан бері аласуан атын ойнақтатып, күллі әлемді кезіп нәрестесін іздейді екен, кейуана!... (Е. Аманшаев.Албасты туралы аңыз).

Бұл аңызда айтылғанның негізі бар екенін С. Қондыбай келтірілген дәйектер де дәлелдей түседі: «Албастының құрал-сайманы сиқыр кітабы мен теңгенің болуы және оның бағындырған адамға жақсылық жасап, адал қызмет етуі бастапқыда албасты мейірімді әйел-құдай, өсіп-өнудің, отбасы ошағының, әйелдер мен аңшылардың жебеушісі болған деге жорамал жасауға негіз болады. Барынша дамыған мифтік жүйенің әсерінен албасты кейін зұлым ниетті рух иесіне дейін төмендеген [113, c. 59].

Бұл матриархат кезеңінің патриархат үстемдігімен алмасуынан да болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Қазақтардың эпостық жырлары мен ертегілерінде Алтыншаш есімді кездесетін сұлу қыз кездеседі. Ол – негізгі кейіпкердің қалыңдығы. Барлық ертегіге ортақ сюжет: «Бір күні, ол өзен жағасында басын жуып жатқанда, оның алтын шашының бір талы өзен ағысымен ағып барып, ханның қолына немесе мыстан кемпірдің қолына түседі. Хан ерекше шаштың иесін көргісі келеді. Алтыншаштың үйіне кірген хан оның елден асқан сұлулығын көріп, есінен танып қалады. Хан оның күйеуінен құтылғысы келіп, оған түрлі қиын тапсырмалар береді. Бірақ Алтыншаштың күйеуі әйелінің ақылымен небір қиын тапсырмаларды мүлтіксіз орындап шығады».

С.Қондыбайдың пікірінше, Алтыншаш сөзінің түп-тамырында су рухы жататын тәрізді. Асқан сұлулық иесі Алтыншаш еуропалық мифтік дәстүрдегі судан шығып шашын тарайтын ундиналарды еске түсіреді. Алайда ундиналар кейде балық құйрықты болып бейнеленеді де, жолаушыларды жолынан адастырып, оларды тұңғиыққа батырып, өлтіреді немесе су патшалығына алып кетіп, өз сүйіктісіне айналдырады. Дегенмен, қазақ фольклорында Алтыншаш – ундиналар мен басқа да су перілеріне тән қасиеттерді сақтамаған жағымды кейіпкер. Еуропалық мифтік танымда ундиналар жер бетіндегі адамды сүю және олардан бала туу арқылы адам жанына ие болып, мәңгілік өмір суру мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Алтыншашқа немесе су перісіне басты қаһарманның үйленуі туралы сюжеттің жиі кездесуін осымен түсіндіруге болар.

Қазақ ертегілерінде Су архетипіне байланысты мифтік танымдағы «әйел» концептісін танытатын осы тектес мәтіндер жиі кездеседі. Ертегілердегі әйелдің тарқатылған ұзын алтын шашы қазақтардың символдық жүйесінде ерекше мәнге ие. Қиял-ғажайып ертегілерінің тарихи түбірлерін арнайы зерттеген В.Пропп шаш жанның символдық белгісі, оның сақтаушысы екенін айтады. Ол бұл туралы : «Қандай халық болмасын, шаштың магиялық ерекше күшіне деген сенім күшті болған. Шашты жоғалту өз күш-қуатыңды жоғалту деп танылған» [116, c. 245]

Африка мен Индияның кейбір штаттарында шашсыз әйел сән талабынан емес, салт-дәстүрге адалдық белгісі деп саналады. Бұл оның жесір екенін білдіреді. Ал Орталық Австралияның кейбір тайпаларында күйеуі қайтыс болған әйелдің шашын сыпырып тастамайды, түбіріне дейін баста тұрған қалпы өртеп жібереді. Осылайша әйел өзін өлтіруге тырысқан күйеуінің рухынан арылады деген сенім қалыптасқан [16, c 503 ].

Шаш біздің рухани күш пен руханиланған қуатымыздың символы болған дене мүшеміз басымызды жауып тұрады. Шаштың отыздан аса түсі бар деп есептеледі. Шаштың химиялық құрамы өте күрделі: марганец, мыс, натрий, бром, хлор және сынап тәрізді қырық шақты элементттен тұрады. Түсі қара шаштарда қорғасын, титан, мыс, күміс сияқты заттар көбірек кездеседі екен. Ал ағарған шаш тек никельден тұратын көрінеді. Ол, әсіресе даналықпен ассоциацияланады

Көптеген халықта ақ шаш дәл сондай мағынаны білдіргенмен, зулустарда көсемдерінде ақ шаштың пайда болуы оны өлтірудің себепшісі болған.

Ежелде шашқа арналған бояудың киелі мәні, сиқырлы қасиеті болған. Майя тайпасында өздерінің елі үшін өлуге дайын екендіктерін білдіріп, шаштарын қызыл түске бояған. Остготтар мен су иелері жасыл түсті шашпен үрей туғызса, фракийліктер көгілдір шашпен жұртты қорқытқан. Аспан түстес шаш құдайға тән түс болып есептелген Египет пен гректерде. Көптеген әйелдер ашық сары түсті шашты ұнатады, бұл тартымдылық пен еліктіру символы есептеледі.

Ежелгі Русьте әйелдердің шашынан айрылуы аса ұят болып есептелген. Көптеген адамдар шашты жын­сайтандардың мекені деп есептеген. Көз бояушы, сиқыршы әйелдерді, адамды алдап су түбіне батыратын су перілерін тарқатылған ұзын шашты етіп бейнелеу тегін емес.

Ертегілерде алтын шаштың бір талын көздер шала салысымен, оның иесін көрмей­ақ естен танып, ғашық болу мотиві жиі ұшырасатынын айтқан болатынбыз.

Көптеген халықта қатты қайғырғанда бетін тырнап, айғыздаумен бірге шашын жұлып немесе тақырлап алып тастайтын болған.

Ежелгі тайпалардың көпшілігінде біреудің шашын қырқу оны жазалау түрі болып есептелген. Тайлықтар адамның киелі жері оның шашы деп санаған. Бірқатар халықтарда оларды көрсетуге, оларды ұстауға тыйым салынған. Шашынан ұстау дұшпаныңды жеңу деген мағынаны білдірген.

Көптеген халықтардың сенімі бойынша, шашты қырқуға болмайды. Себебі, онымен «шүйде рухын» ашуландырып, сонымен қатар шаштың жеке талдары пиғылы жаман адамдардың қолына түссе, олар өздерінің сиқырлы күшімен шаш иесіне ауру немесе өлім әкелуі мүмкін. Бұрынғы уақытта Венецияда тараудан кейін шаштар жау қолына түсетініне күмән келтірмеген. Оларды сол себепті де алынған тырнақ сияқты адам аяғы баспайтын жерге көму керек. Ал әйелдің шашы көңге түссе, одан жылан пайда болады деген де сенім болған [18].

Шашпен бал ашқан, шашты жер өңдеу мен өсімдік культімен байланыстырған. Ұзын шаштарын жайып алып күріш дәнін сепкен әйелдерді көргендер Суматра аралында өсімдіктің биік және бітік боларына сенген.

Шашты адам мен жануарлардың терісінің арсына кіріп алып, ауру әкелетін мифтік тіршілік иесі деп те саналған.

Ежелгі грек рим әлемінде шашты қырқу құлдықтың белгісі саналған. Ресейде жеңіл жүрісті қыздарды масқара етіп жазалау мақсатында шаштарын тықырлап алып тастайтын болған. Христиан дінінде шіркеуде қызмет етуге бел буған қыздардың шашын қырқу рәсімі болған.

Тұлдаудың қазақтар үшін ерекше танымдық мәні бар. «Тұлдау» ардан аттаған әйелдерге қолданған жаза.



«Ханымның (Бегім ананың) ерекше жаралған көрік-келбетіне қайран қалған нөкер есінен танып, аттан ауып түссе керек... Шаншар хан нөкерді жеті қабат зынданға тастап, Бегім анаға сенімсіздік білдіріп, оның оң қолы мен бұрымын шорт кестіріп тастайды»(А.Сейдімбек. Күй шежіре).

«Анадай жерде бетіне күл жағып, маңдай шашын кесіп, бұлқынтып ұстаған Торғынды ортаға алып шықты...

... Ұйпа-тұйпасы шыққан бейшара қызды қара атты гүжбан қараның алдына апарып тізе бүктірді. Бұрым қып өргізбей бос салдырған қолаң шашы алдына төгіліп бет ауызын көрсетпей тастапты »(Ә.Кекілбаев. Үркер).

Сонымен, шаш – байланыс, үйлесімділік, жоғарғы тылсым күштердің символы. Жоғарғы, орта және төменгі әлемді байланыстыратын күш символы.


2.5 Концепт тіл мен таным сабақтастығына негізделген когнитивтік бағыттың негізгі бірлігі ретінде

Когнитивтік лингвистика құрылымдық лингвистикаға жаңаша өзгеріс енгізу негізінде қалыптасты. ХХ ғасырдың соңында бұл ғылым тілдің адамзат танымдық әрекет арқылы қалыптасқан ақпарат адам санасында жан-жақты арналармен толығады. Бірақ когнитивтік лингвистикадағы басты зерттелетін нысан – зат – тілдік формада көрініс табатын сол ақпараттардың тек бір бөлшегі ғана. Көптеген ғалымдар когнитивтік лингвистиканы жаңа ғылыми парадигма деп сипаттайды. Парадигма – тіл ғылымында, әсіресе функционалды грамматикада соңғы кезде жиі қолданылып жүрген ғылыми термин. Ал оның «ғылыми зерттеу әдістемесі» ұғымымен байланысты қолданысы қазақ тіл біліміне де ене бастады (Э.Оразалиеваның докторлық диссертациясын [117], Ж.Манкееваның ғылыми мақаласын [118] т.б. қараңыз). Жалпы зерттеуші-ғалымдардың пікірінше, когнитивистикалық әдіс тілдік және тілдік емес әрекеттердің барлығын басқарып, кейде жадыда сақтау, қабылдау және эмоциялық құрылымдарда көрініс табады. Сондықтан да, тіл ғылымында когнитивтік әдіс еркін қолданылады. Оның айқын дәлелін мәтінді интерпретациялау барысында, оның дұрыс/бұрыстығын ажыратып, өңдеу барысында байқауға болады. Себебі, когнитивтік лингвистика тілдік санада дүниенің бейнесін тұтас құруға, тілдік сананың құрылымын модельдеуге бағытталады. Соның нәтижесіндегі дүние туралы тұтас (концептуалды) түсініктің қалыптасуы үш деңгейдегі психикалық көріністің өзара қатынасынан туындаған нәтижеге байланысты деп анықталған. Олар – сезімдік қабылдау деңгейі, түсінік қалыптастыру деңгейі, ойдың тілдік көрінісі. Санада жүретін бұл әрекеттердің нәтижесі, белгілі бір ақпараттардың жиынтығын тудырады да, сол ақпараттар концепт жүйесін қалыптастырады.

Санада сыртқы әсердің көмегімен пайда болған ақпараттар адамның эмпирикалық тәжірибесімен толықтырылады, көркемделеді. Мысалы, ойдың метафоралануы, негізінен, ментальді әрекет. Себебі, адамдар ойын метафора арқылы жеткізіп қана қоймайды, метафоралы ойлайды, олар дүниені өзіндік қызығушылығымен таниды (А.А.Потебня).

«Адамның ойлау қабілеті тек тілдік базада көрінеді» деген тұжырым – тілші В. фон Гумбольдттан бастау алған ғалымдар мен философтардың ортақ танымы. Мысалы, Л.С. Выготский тілді зерттеудің бірнеше бағыттарын ұсынады: тіл – феномен ретінде, тіл – мәдениет феномені ретінде, тіл – белгілеу құралы және ақпаратты таратушы ретінде.

Сонымен, тіл мен адамның ойлау сабақтастығы арқылы тану әрекеттерін зерттейтін когнитивтік ғылым негізі, яғни қазіргі тіл ғылымын концептуалды сипатта қарау бағыты тілдің модельденуін, белгілі бір контекстегі ойдың модельденуін көздейді.

Нақтылай айтқанда, когнитивтік тіл білімінің басты мақсаты ойда әмбебеп модель қалыптастыруға, тілдің құрылымында когнитивтік модель тудыруға негізделеді.

Сөйлеу әрекетіндегі когнитивтік модельдердің дамуы мен түрлерін зерттеген Г.Гиздатов өз еңбегінде американ тілші ғалымдары көрсеткен когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселелері деп мыналарды атайды: 1. Білім жүйесі дегеніміз не? 2. Тілде, сөйлеушінің санасында нелер сақталады? 3. Білім жүйесі санада қалай сақталады? 4. Бұл білімді сөйлеу барысында қалай қолданады?

Шынында да, когнитивтік ғылымның басты мәселесі – адамның білімін жүйелеу. Сондықтан да, осы мәселені шешетін фактор ретінде ішкі құрылымдарды тереңінен басқаратын ойлау әрекеті негізгі қызмет атқарады. Когнитивтік лингвистикада бұл қызмет «фрейм», «семантикалық өріс», «концептуалдық схема», «когнитивтік модель» сияқты құрылымдар көмегімен жүзеге асатыны анықталған. Бұның ішіндегі концептуалдық схеманы Г.Гиздатов мынадай үлгіде түсіндіреді:


қасиеті

Ұғымның формасы

үлгісі


фарфор, электрлі

Шәйнек ыдыс

мойны бар, құмыра тәріздес [119, 187]

Ғалым когнитивтік модельді бірнеше сатыларға жіктеп танытады: «Когнитивтік модель үш түрлі сатыдан тұрады: біріншісі – ойлау дәрежесі. Онда сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Екіншісі – алдын-ала ойлау дәрежесі. Мұнда логикалық ойлаудың бастапқы үлгілерін білдіретін сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Үшіншісі – ойлаудың төменгі дәрежесі. Онда сезім арқылы бейне қалыптастыру әрекетінің дәрежесі көрініс табады Сонда). Ғалымның айтуы бойынша, когнитивтік модель объективтендіруші рефлексиядан және субъективтендіруші рефлексиядан құралады.

Біздің ойымызша, бұл тұжырым Дж.Лакоффтың осыған байланысты пікіріне сүйеніп жасалған. Дж.Лакофф когнитивтік модельдерді былай топтастырады:

- бейнелі-схемалық;

- пропозициялық;

- метафоралық;

- символдық [120].

Тілдің ішкі құрылымына бұлайша бойлау когнитивтік лингвистика шеңберінің шегінен асып, тіл білімінің зерттеу деңгейін логика, психология, социология, философия ғылымдарымен астасып жатқан кешенді сала деп бағалауға негіз береді.

Демек, когнитивтік лингвистика мен дәстүрлі құрылымдық-семантикалық тіл білімі ғылыми ойлардың баламалы ағымы емес, олар – өзара тілдік ақиқатты танудың екі түрлі бағыты.

Олардың басты ерекшеліктері, біріншіден, бұнда тіл қай тұрғыдан ұғынылатынына, екіншіден, адамның біліми жүйесінде когнитивтік әрекеттер қандай орын алатынына, үшіншіден, зерттеудің негізгі, басты тәсілдері қандай екенінде.

В.Гумбольдттің пікірінше, тіл – адамзаттың бүтін болмысы мен танымына енетін адами рухтың негізгі қызметі [121]. Когнитивтік лингвистикада тілдің басты қызметі – танымды анықтаудың қаруы мен алғышарттары ретінде көрінеді. Әрбір тіл белгілі бір дүниені таңбалайды әрі сөйлеуші санасында дүние бейнесінің сұлбасын қалыптастырады.

Тіл көмегімен санада қалыптасқан концептуалдық құрылымдар индивидтің маңызды тәжірибесіне сүйенген, өзіндік танымы арқылы құрылады. Бұл концептуалдық жүйедегі сан алуан концептілер бір мағыналы сөздермен берілсе, оның әрқайсысы әртүрлі ұғым қалыптастырады. Сондықтан сөзді ұғыну Р.Павиленис еңбегінде семантикалық объектілердегі терминдер ретінде емес, белгілі бір концептілік жүйедегі интерпретация ретінде түсініледі [122].

Адамның барлық танымдық әрекетіне дүниені тануға бағытталған бір дамушы үрдіс ретінде қарау керек, себебі бұл әрекеттер объектінің ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратудан басталады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде концепт қалыптасады. Концептіні анықтау үшін дүниенің кейбір аса ерекшеліктері мен заттық құндылықтары, олардың объектілермен қатынасы, олардың қызметі мен оларға берілген ұжымдық сананың сипаты әрі бағасы айқындалуы қажет.

Когнитологтар белгілеген концептіні анықтаудың жолдары мынадай ретте жүргізіледі: концептілер бақыланған, қиялдан туған бейнелерді өзара ұқсастырып, ұқсас дүниелердің ортақ белгілерін бір ортаға жинақтайды. Бұл білім санада сақталып, субъектінің тәжірибесі ретінде оның концептуалдық жүйесінің құрылымдық элементтеріне айналады. Екі не одан да көп әр түрлі объектілердің (бейне, дүние) әрқайсысы бір элемент ретінде категорияның құрамына ене алады. Осы белгі төңірегіне жинақталған дүниелер бір класқа ене алады. Әрбір класс топтаса келіп, категорияны құрайды немесе маңызды концептілер кодталады.

Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулер тәжірибесінде өзектеліп, осы саланың ғылыми терминологиясының жүйесі ретінде анықталған, қалыптасқан когнитивтік лингвистиканың тірек терминдері: сана, зерде, ой, білім, концептуалдану, концептуалдық жүйе, когниция, дүниенің тілдік бейнесі, когнитивтік қор, ментальді репрезентация, когнитивтік модель, категориялану, вербалдану, ментальдылық, мәдениеттің тұрақтылығы, концепт, дүние бейнесі, концептосфера, ұлттық мәдени кеңістік, т.б. Көріп отырғанымыздай, олардың бәрі бірдей тың терминдер емес, көбі бұрыннан бар қолданыс негізінде қалыптасқан. Бұл тілді зерттеу тарихындағы ғылымның сабақтастығын көрсетеді. Аталған ұғымдардың әрқайсысы когнитивтік әрекеттер мен адамның білім алу және белгілі бір шешімге келуіне тікелей қызмет етеді. Когнитивтік қызметтер ақпаратты өңдеуші әрекеттерге жатады және бұл әрекет нәтижесі сананың ерекше құрылымында қорытындыланады. Ал тілдік қызмет – когнитивтік қызметтердің бір түрі ғана.

Бір қарағанда, бұл тілдік құрылымның грамматикалық жүйесін еске түсіреді. Сондықтан да кейбір ғалымдар лексикада көрініс табатын ұғымның қаңқасы грамматикада қалыптасады, сол себепті орталық концептілер (негізгі концептілер) грамматикада айқындалады деп тұжырымдаса, Ч.Филлмор, Ю.Н.Караулов концептінің зерттелінуі мен көрініс табуына тілдің лексикалық жүйесіне семантикалық талдау жасау арқылы (көркем тілді талдау арқылы) лексика саласы маңызды рөл атқарады деп болжайды [125, с.74], [108, с. 15].

Сонымен бірге «концептілік жүйенің негізгі тұрақты көзі – сөз таптарын семантикалық жағынан жақындастыратын концептілер, яғни объектінің белгілері, қызметі, орны, кеңістігі, уақыты, қасиеттерінің өзара жақындығын білдіретін концептілер» деген де пікірлер бар. Бірқатар ғалымдар қарапайым концептілерді қарастыру үшін жеке сөзден тұратын концептілерді зерттеу керек, ал күрделі концептілер үшін сөз тіркестері мен сөйлем арқылы берілген концептілерді зерттеу керек деген ұсыныс жасауда. Мәселен, В.Н.Телия, Р.М.Фрумкина, А.К.Звонкин, В.Б.Касевич қарапайым концептілерді семантикалық белгілері арқылы тануды ұсынады [81, с. 85], [126, с. 25].

Осы арада жалпы когнитивизмнің адамның сана, зердесін, ойлау қабілетін және ментальді әрекеттері мен оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт екеніне, яғни оның адам болмысындағы білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және тануы туралы ғылым екеніне назар аударылуы қажет. Жалпы таным-білімге, жан-жақты жинақталған ақпараттарға қатысты әрекеттердің барлығы когниция немесе когнитивтік әрекеттер деп аталады. Когнитивтік ілім заңдылығына сәйкес, адам тіл арқылы ақпаратты өңдеуші жүйе ретінде түсініледі, ал адамның әрекеті тіл арқылы оның ішкі жай-күйіндегі дүниелермен анықталады. Олай болса, когнитивизмнің негізгі қағидасын зерттеушілер еңбектеріне сәйкес былайша анықтауға болады:

- адамның ойлау тетігін зерттейтін бағыт;


  • адам санасындағы ақпараттардың өңделуі;

  • дүниенің ментальді моделін қалыптастырушы;

  • тілде берілген адамның ойындағы ұғымның түсінілуі;

  • ойлауды реттейтін психикалық қасиеттер.

Когнитивтік ғылымда басты зерттеу нысаны – айналасын қоршаған дүние ақпараттарын өңдеуші адамның іс-әрекеттері, яғни когнициясы. Бұларды құрылымдық лингвистика жүйесіндегідей тек сипаттау, байқау және бақылау тәсілінде ғана зерттемей, олардың ментальді репрезентациясын (ішкі рухани танымы мен моделі) тереңінен қарастыру қажет, білімнің негізін қалыптастыратын символдар мен адамның стратегиялық таңбаларын анықтау керек. Демек, адамның когнитивтік әлемі оның ісі мен әрекеті арқылы зерттеледі. Ал, адамның бұл әрекеттерін танытатын алғашқы белгі – оның тілі. Себебі, тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп, санада реттелген нәтижесін көрсететін құрал.

Сонымен, когнитивизм ғылымының маңызды қағидаларына адамның әрекет етуші, қабылдаушы, өңдеуші, ойды жүйелеп басқарушы ретіндегі әрекеттері енеді. Ал когнитивтік ғылымның өзі адам санасындағы ментальді әрекеттерді басқарушы жалпы қағидалар жөніндегі ірі ғылым ретінде танылады.

Когнитивизм қағидасын ғылыми негіздеп, нақты тілдік деректер арқылы дәлелдеуге когнитивтік лингвистика, когнитивтік психология, мәдени антропология, жасанды интеллектінің модельденуі, философия, нейрология салалары негіз бола алады.

Қазіргі таңда білімге сүйеніп әрекет ету, тану, оны сақтау, іздеу, өңдеу сияқты компьютерге сүйенген өзекті міндеттерді, ғылымның алға қойған басты мәселелерін инновациялық технологияны жетілдіру арқылы шешуде когнитологияның мәні ерекше.

Біздің тақырыбымызға қатысты, яғни күрделі концептілік құрылым ретінде ұғынылатын «қазақ әйелі» концептісін ғылыми негіздеп, сипаттайтын когнитивтік лингвистика, когнитивтік психология, мәдени антропология, философия, нейрология. Оның тілге тікелей қатысты когнитивтік лингвистиканың салалары – психолингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, нейролингвистика.

Когнитивтік лингвистиканың міндеттерін Е.С.Кубрякова процесстерді, тілдік бірліктер мен категорияларды, т.б. олардың жадыда бейнеленуі, қабылдануымен тікелей байланыста меңгеру ретінде қарастырады [127].

Когнитивтік лингвистиканың зерттеу объектісі бүкіл концептуалдық жүйені құруда айрықша мәнге ие болатын, әсіресе, концептілік кеңістікті ұйымдастырып, оны жіктеудің негізгі бастаушысы болып табыла алатын концепт болып есептеледі.

Когнитивтік лингвистика концептінің көріну аясындағы тілге талдау жасау, концептінің мазмұнын ашатын мәтіндерден туындайтын ой мен оның әртүрлі контекстерде ұтымды қолдануы, оның әр алуан сөздіктерде анықталуы, оның фразеологиядағы, мақал-мәтелдердегі, афоризмдердегі бейнеленуі секілді қызметтерімен толығып отырады.

ХХ ғасырдың 80 жылдары концепт ұғымы жаңа мазмұнға ие болды. Ол – адам санасындағы психикалық және ментальді ресурстардың бірлігін таныту қызметін атқарады және адамның білімі мен тәжірибесін айқындайтын ақпараттық құрылымды танытады.

Демек, концепт – бұл адам психикасында бейнеленген барлық дүние бейнесінің, ой тілінің, концептуалдық жүйенің, ментальді лексиконның мазмұндық бірлігі.

Концептіге талдау жасауда, Е.С.Кубрякованың пікірінше, егер тіл дүниенің ерекше белгілерін бейнелеп түсіндірсе, онда бақылаушы ретіндегі таным тілдегі концептілерде бекітілген жалпы субъективті танымға сәйкес келеді.

Ю.Д.Апресян концепт мәселесін былай танытады: «Әрбір табиғи тіл дүниені қабылдау мен қалыптастырудың нақты тәсілін бейнелейді. Ондағы мағына, мән белгілі бір ұжымдық философия тәрізді ой-пікір жүйесіне топтастырылады. Дүниені концептілеу тәсілі әрі әмбебеп, әрі ұлттық ерекшеліктермен толықтырылады. Дүниеге деген көзқарас барынша қарабайыр. Ол дүниенің ғылыми бейнесінен ерекше, бірақ бұл қарапайым түсінік емес» [27, с. 39].

Бастапқыда сөздің лексикалық мағынасы концепт деп танылып жүрді. Бірақ қазір сөз мағынасы когнитивтік қызметті толық анықтай алмайтыны, деңгейінің тар, ұғымнан алшақ екені, сонымен қатар, когнитивтік ұғымдарға барабар келмейтіні концептінің мына анықтамасынан көрінеді:

А.Вежбицкая : «концепт – бұл ақиқат әлемі туралы адамның мәдени-шартты түсінігін бейнелейтін «идеалды әлемнің объектісі» [4, с. 85];

Р.М.Фрумкина концептіні мәдени категориялардың әсерінен туған вербалды ұғым ретінде түсінеді [128, с. 25].

В.Н.Телияның пікірінше, концепт – бұл адамзаттың ақыл-ой жемісі және ондағы құбылыстар мен болмыстар идеалды. Ол тек тілге ғана емес, адам санасына тікелей қатысты [79].

Демек, концепт адам санасында танылған, бейнеленген білімді айқындайды.

Жалпы концептінің көпқырлы құрылым ретінде зерттеу нысаны мен деректері негізінде рационалды, эмоционалды, абстрактілі, нақты әмбебап, этникалық, жалпыұлттық, индивидуалдық-тұлғалық қырларын ажыратып көрсетуге болады.

Қазақ тіл білімін зерттеушілер арасында да концепт мәселесін теріңнен зерттеп, анықтама ұсынған зерттеулер жүргізілуде.

Дүниенің тілдік бейнесін ұлттық мәдениет контексінде қарастырған А.Исламның пікірінше: «Концепт дегеніміз – ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан күрделі бірлік. Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Концептілер бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамның даму кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелерінің абстрактілі концептілерді танып түсінуінде өзгерістер болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады » [85, 12 б.].

Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде өзіндік маңыздылығымен ерекшеленетін жаңа бағыттардың бірі – когнитивтік тіл білімі – терең ғылыми зерттеуді талап ететін үлкен ғылыми салаға айналды. Когнитивтік тіл білімінің басты зерттеу мақсаты, қарастырылатын мәселелері, зерттеу әдістері белгілі болғанымен, оның негізгі ұғымдық бірлігі – концептіні анықтау, талдау тәсілдері бірізді жүйеге түскен жоқ.

Мысалы, А.Б.Әмірбекова концепт ұғымына берілген тұжырымдарды зерттеу нәтижесінде концептіні танытатын мынадай критерийлерді ұсынады: «концепт дүниенің құндылықтарын танытады; санадағы дүниенің мәнін бейнелейді; тіл арқылы объективтенеді; субъектінің біліми деңгейін танытады; белгілі бір ұлттың мәдени деңгейі мен менталитетін көрсетеді; әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын ажыратады; тұлғаның өзіндік танымдық стилін айқындайды; концепт – адам тәжірибесіндегі идеалды түсініктің ең кішкене бірлігі; білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі бірлігі; белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы» [55, 20 б.].

Сонымен қатар поэтикалық мәтіндегі дүниенің тілдік бейнеленуін талдай отырып, зерттеуші концептінің белгілі бір құрылымдардан тұратынын нақтылап көрсетеді: «Концепт құрылымдары өз бейнелілігімен, бағалауыш, экспрессивті, коннотаттық мәнімен құнды. Концепт санада белгілі бір концептілік жүйе арқылы қалыптасады. Концептілік жүйе иерархиялы (сатылы) құрылымнан тұрады: 1) дүниенің қасиеті, белгілері (сенсорлы перцептивті қабылдау); 2) когнитивтік модель (ассоциация, бейне, символ, этикет, эталон, стереотип формаға ие болуы); 3) концепт типтері (фрейм, сценарий, скрипт, схема, ойсурет формасына салынуы); 4) дүниенің тілдік бейнесі (метафора, фразеологизм, сөз, сөйлем, поэтикалық мәтін)» [55, 10 б.]

Сол сияқты қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі мифтік танымның вербалдану барысын қараған Б.Ақбердиеваның [87] көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттарын зерттеген Ш.Елемесованың [129], қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивті семантикасын зерделеген Н.Аитованың [130], қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәнін талдаған Қ.Қаирбаеваның [99], Т. Ізтілеуовтің шығармашылық дискурсын автордың танымдық ерекшелігі ретінде зерттеген Ф.Қожахметованың [131], М. Дулатовтың шығармаларындағы ғаламның тілдік бейнесін қарастырған Г. Имашеваның [132] т.б. зерттеулерінде тіл арқылы сақталып, берілетін ұлттық, мәдени, дүниетанымдық қордың концептілік жүйесі жан-жақты қарастырылған. Соның нәтижесінде анықталған концептілер жиыны тұтас және құрылымдық орта ретінде концепт аясын (концептосфераны) құрайды. В.П.Нерознактың пайымдауынша, «Концептосфера языка, его лексикон объединяют в себе непросто слова, а концепты культуры каждого народа,его мироведения» [133, с. 108 ].

Біз «концептілік жүйе» деген ғалымдардың пікіріне сүйеніп, осы терминді пайдаландық. Себебі, біздің ойымызша, ол – тілге дейінгі және тіл деңгейіндегі адамның танымдық тәжірибесін бейнелейтін оның білімі мен ой-пікірлерінің жүйесі. Ал, адам санасында дүние бейнесін тіл арқылы тұтастай бейнелеу мәселесі – когнитивтік тіл білімінің маңызды мәселесіне айналды. Тәжірибе жинақтай келе, адам өз тәжірибесін белгілі бір концептілерге таратады. Бұл концептілер логикалық тұрғыдан өзара жинақтала келе, концептілік жүйе құрайды. Осы концептілер адамзат тәжірибесімен үздіксіз құрастырылып, модификацияланып, нақтыланып, толығып отырады.

Осыған орай қарастырылған жоғарыда аталған зерттеулерде әрбір концептілерді бірыңғай топтастырғанда, осы концептілердің өзара байланысына тән, ерекше ұлттық дүниеге көзқарасы мен бағасы, бағалау көзі анықталады. Соған қарамастан, біріншіден, әр этностың ерекше этноөзектік концептілері туындайды. Екіншіден, тіл сонау бастан дүние бейнесінің белгілі деңгейдегі көрінісі болғандықтан, табиғи тілде дүниені «өзіндік қалпымен» бейнелеу мүмкін емес екені көрінеді. Үшіншіден, мәдениет категорияларын концептілік ұғыну тілде ғана көрініс табады, тілде ғана жүзеге асады. Яғни ұлттық менталитет және рухани мәдениет ең алдымен бейнелі мазмұн арқылы тіл бірліктерінде көрінеді. Ұлттық сананың кілтін ашатын жарқын бейнелі құралдар – бұл тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, метафоралар.

Мысалы, теңеу объектінің белгілері арқылы дүниені қабылдау тәсілі деп түсініледі. Себебі, жалпы танымның ең ұтымды әрекеті және адам қабылдауындағы әмбебептық дүниелер – салыстыру және теңестіру. Ал, бұл феноменнің негізі психологиялық қабылдау мен ассоциативтік ойлау әрекетінде.

Теңеудің семантикасы дүниенің ұлттық бейнесін танытады. Мәселен, қазақ және орыс теңеулерін ұқсату, салыстыру нәтижесі олардың мәдениарлық ортақ әмбебап сипатын көрсетуді көздейді. Бірақ олардың тұрмыстық, кәсіби көрінісі мүлдем өзгеше. Көп жағдайда екі ұлттың мәдениеті мен тілінде жақындық болғанымен, когнитивтік, психолингвистикалық талдау олардың эстетикалық идеалы жағынан өзгешелігін тілдегі «мәдени-ұлттық коннотациялар арқылы» (В.Н.Телия) ажыратады.

Мысалы, қазақ халқында сұлу әйелге қатысты қарға аунаған түлкідей, балға ашытқан қымыздай, қысыр емген тайдай, ақ бөкеннің құралайындай, оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған, үлбіреген қырдың қызғалдағына ұқсап, аршыған жұмыртқадай, қамыстай әдемі тұлғасы, ай мен күндей әлемге бірдей, ақ маралдай керілген, шомылып көлге шыққан қудай, аққудың көгілдіріндей т.б. теңеулер кездеседі. Жоғарыда келтірілген теңеулердің барлығы қазақ халқының дүниетанымын, өмірге көзқарасын, сұлулық туралы талғамын көрсетеді. Әйелдің сұлулығын қазақ халқы күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салтымен байланысты түрлі зат, құбылыстармен ассоциациялану, соларға ұқсату нәтижесінде жасалады. Ю.М. Лотманның пікірінше, мәдениет – бұл адамдар арасындағы қарым-қатынас формасы.

Мәдениет коммуникативтік қатынас арқылы ғана емес, оған тән символдық табиғатымен де анықталады. Мысалы, қамшы, шаңырақ, бесік, жалбыз, дала, т.б. ұлттық таңбалар ұлттық мәдениетті танытады. Орта Азияда ас ішіліп болғаннан кейін пышақты, тұзды, бұрышты, сүйек-саяқты дастарқан басынан алып қояды. Өйткені, барлық ащы нәрселер мен өткір нәрселер құранды бұзады, Алланың құлағына шалынбай қалады деп таниды. Демек, символ – бұл ұлттық мазмұнға, құрметке ие болған зат не құбылыс, ал мәдениет әрқашан символмен толықтырылып отырады.

Концептінің көрінісі болып саналатын дүние бейнесі – адам санасының ақиқаты десек, адам оның қалыптасуын өмірде алдына қойған мақсатына сай орнықтырады. Адам шынайы әдіс-тәсілдері арқылы өзіне қарапайым әрі айқын дүние бейнесін қалыптастыруға ұмтылады. Себебі, бұл дүниені өз танымындағы дәрежеге, яғни өз санасындағы суретке ауыстыруға тырысады. Бұл тәсілдер арқылы суретші, ақын, ғалым т.б. объективтік емес дүние бейнесін жасауға ұмтылады. Осындай дүние бейнесін жасауға адамның танымы қатынасады.

Сол себепті әрбір халықтың дүниетанымы ұлттық дүние бейнесінде қалыптасады. Дүние бейнесін анықтау адамның дүние туралы түсінігін зерттеу арқылы қалыптасады. Егер дүние деп отырғанымыз – адам және олардың қарым-қатынас жасайтын ортасы болса, онда дүние бейнесі – сол орта мен адам туралы ақпараттың өңделу нәтижесі болып табылады.

Өзін қоршаған шындықты тану нәтижесінде қалыптасқан, дүние туралы білім деп танылатын дүние бейнесі бір жағынан, индивидуальді болса, екінші жағынан, ол қоғамдық сана негізінде жасалады. Ал тіл – танымдық әрекетті іске асырушы. Сондықтан әрбір адамның концептілік дүние бейнесі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, әр дәуірдің, әр әлеуметтік топтың (мысалы, қазақ қоғамындағы әйелдің), жас ерекшелігіне қарай бөлінген топтың, сонымен қатар әр тілде сөйлеушілердің белгілі бір деңгейде ортақ концептілік дүние бейнесін қалыптастыруы мүмкін, және бір тілде сөйлейтін адамдар деңгейі сәйкес келмесе, ортақ дүние бейнесін тудыра алмайды.

Концептілік дүние бейнесінде жалпыадамзаттық, ұлттық, тұлғалық танымдар өзара әрекеттесуі мүмкін. Бірақ дүние бейнесі тек заттар мен құбылыстардың қарапайым «фотосуреті» ғана емес, немесе оның құрамына сыртқы көрініс тапқан объектілер еніп қана қоймай, бұнымен қоса, субъектінің бейнеге деген көзқарасы оның заттарға деген қатынасын да көрсетеді.



Демек, әлеуметтік таным жүйесі тілдің ұлттық жүйесінде таңбалық көрініс табады және дүниенің тілдік бейнесін құруға қатысады. Мұның нақты дәйегін біз «қазақ әйелі» концептісін талдау барысында көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет