Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева Алматы, 2008 мазмұНЫ


«Қазақ әйелі» концептісіне қатысты онимдердің этномәдени сипаты



бет7/14
Дата09.06.2016
өлшемі1.01 Mb.
#123803
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

1.5 «Қазақ әйелі» концептісіне қатысты онимдердің этномәдени сипаты
Барлық көрген-білгенін, зердесіне түйгенін, ақылына тоқығанын, өмірлік тәжірибесін, бүкіл асыл мұрасын тілінде түйіндеген қазақ халқы көшіп-қону барысында кездескен әрбір бұлақ-бастауға, төбе, жазыққа, ой мен қырға олардың ерекшелігін дөп танып, соған сай ат берген.

Қайсыбір нысанға берілген атауға терең үңілсек те, оның түп-тамырында ұлтымыз бен ата- бабаларымыздың танымы, сан ғасырлық тарихымыз бен төл мәдениетіміздің сырлары сайрап жатыр. Өйткені, «...этнографична вся ономастика – от личного имени до человека до наименования божеств, от названия народа до обозначения населенного пункта или космического объекта» [ 66, с. 5 ].

Қазақтың еншісіне тиген байтақ даламызды қай бұрышын алсақ та, әйел-анаға арнап тұрғызылған ғажайып кесене, әсем мұнара, өшпес ескерткіштер, тіпті тұтас қаланың атын көптеп кездестіруге болады. Ғалым А. Сейдімбек: «Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сырлытам, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған-ана, Жұбан-ана, Арал түбіндегі Бегім ана күмбездері, мұнаралары, мазарлары ғажайып сырлы сымбатымен күні бүгінге дейін қайран қалдырады. Жеке ескерткіштер былай тұрсын, жұмыр жердің орта ғасырлық талғам-түсінігінде тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын дала, Қырыққыз қала, Баршынкент сияқты қалалардың болғаны таң қалдырады. Мұндағы Баршын сұлу әйгілі Алпамыстың жұбайы, Қаршымбайдың қызы, Оғыз еліне сөзі жүрген жеті арудың бірі болған» деп жазады [67, 402 б.].

Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты қойылған сандаған топонимдерді кездестіруге болады: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Қырық қыз, Қызсиген, Қамырлы әулие, Келіншектау т.б. Облыс орталығы Шымкент қаласына қарасты «Қатынкөпір» елді мекені бар. Оның аталуы туралы ел аузында мынадай әңгіме айтылады:



«Көнекөз қариялардың айтуынша, 1928 жылы құрылған «Тельман» колхозында бала-шағасы жоқ, жалғыз басты Тәті деген әйел тұрыпты. Ол кездері осындағы Қошқар ата өзенінің арнасынан тасып жататын кезі екен. Суының молдығы сонша, ауыл тұсындағы жалғыз аяқ өткел-көпірді әрдайым ағызып кете беретін көрінеді. Жұртты әбіржітіп, әуреге салған осы жайтқа ашуланған Тәті бір күні білегін сыбанып шығады да, үлкен ағаштарды кесіп, ат арба өте алатындай көпір салып, үстіне шым төсейді.

Тәтінің ісіне риза болған жұрт кейін бұл көпірді «Қатын көпір» деп атап кетеді [68, 18 б.]

Тәтінің әрекетіне сүйсінген елдің көпірді оның өз атымен атауына да болар еді. Біздіңше, әйелден әлдеқайда күш-қуаты, қайраты мол еркектің ойына келіп, қолына алмаған сауапты іске заты нәзік болғанымен, намысы күшті әйелдің қиындықтан тайсалмай баруы ел-жұртты ерекше таңқалдырғаны анық. Сол себепті кез-келген қиын-қыстау кезеңде жол таба білетін әйелдерге деген айрықша құрметін халық осылайша білдірген тәрізді. Ертеректе халқымыз ел билеген ерлерге лайықты өмірлік серік бола білген ақылы мен сұлулығы асқан әйелдерді «хатун-қатын» деп атағаны белгілі, оған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі мысалдар куә.

Осы сипаттағы прецедентті мәтінді А.Сейдімбек еңбегінен де кездестіруге болады:

«Бетбақ даласын белінен басып, қар суын қуалай шұбаған қалың көш қайтадан Арқаны жайлауға асыққан... Осынау қатал табиғат ортасындағы қатерлі жолда түйе үстіндегі әйел-ананың бірі бебеу қағып толғатып қоя береді. Қайтсін енді, еріні кезергенше тістеніп шыдап-ақ бақты. Бірақ табиғат шіркіннің заңына тосқауыл болған кімнің қолынан келген.

Әйел – ананың толғағы тым жиілеп, қолды-аяққа тұрғызбас азапты шақтар тақалғанда көшті еріксіз тоқтатады. Сол сәтте бар жағдаятты қас-қабағынан танып келе жатқан пысық әйелдер жүк үстінен домалай түсіп, түйелерді дөңгелете қоралай шөгеріп жібереді де, толғатқан ананы жүгімен шөккен түйелердің ығына алып келіп ішін тартады. Көп кешікпей-ақ шыр-р етіп жарық дүниеге келген нәрестенің үні қалың көштің еңсесін көтеріп, ән сияқты естіледі. Бұл екі арада қу баялышты дүрілдете жағып, біреулер жабағы жүн қарсаласа, енді бірі езілген құртқа май салып ысытып жатады. Мұнан әрі дереу нәрестенің аузын үріп, аяғын сыпырып, жабағы жүнге орап тастайды да, шешесіне майға бөккен бір кесе шым-шым құртты жұтқызып жіберіп, қалың көш тағы да жүріп кетеді. Жас босанған әйел-ана түйе үстіндегі жәйлі төсенішке орана отырып, ырғала тербелген қалпы маужырап, әлсін-әлсін нәрестесін бауырына қысып қойып кете барады.

Ал жаңа туған нәрестенің әкесі болса, екі езуі екі құлағында, көрінгенге қарап ыржалақтап ол да келе жатады. Сонда оны қоршаған құрбы-құрдастары әзіл-шыны аралас: «паһ шіркін, несін айтасың, қатының қатын-ақ қой» деп риза пейілмен тіл қатысады. Сол күнгі тізе бүгіп, тізгін тартқан жердің «Қатынақ» атануы содан қалған екен дейді көнекөз қарияла » [67, 158-159 бб.]

Әйелдерге байланысты топонимдерге қатысты аңыздар арқылы бүкіл қазақ дәстүрлі қоғамындағы гендерлік қатынастар туралы ой түюге, қоғамдағы әйел орнының қаншалықты жоғары деңгейде болғандығын, әйел ақылының, парасатының, мінез тектілігінің қаншалықты бағаланғанын байқауға болады.



... Ертеде осы өңірде Қоянкөз атты бір әйел бопты. Өзі сұлу, өзі әнші, ақылды екен. Өзі жесір болса керек. Байсымақ қайындары әмеңгерлікке таласыпты. Бірақ әйел олардың ешқайсысын қаламай, өмір бойы жесір өтіпті. Әсіресе, бір-екеуі әйелге сырттай таласып, өзара жауласыпты. Кейін әйелдің ол екеуін де қаламайтынын естіп, көп уақыт сарсаң болғаны үшін әйелмен қастасып, оны неше түрлі жаман атқа таңыпты. Не керек, қайтсе де, әйелді ешқайсысы дегеніне көндіре алмапты. Әйел осы төбенің түбінде өз қүнін өзі көре беріпті. Бір ерегістің тұсында әйел әлгі екі қайнысына: «Сендер менің теңім емессіңдер, малдың, дүние, қоңыздың құлысыздар, мен өлсем де, өлігім сендерден биік жатады деген екен.... сөйтіп Қоянкөз сертінен қайтпай, өмір бойы сонау төбенің түбінде тұрыпты. Өлгенде әлгі екеуінің төбесінен, биіктен қарап жатпақ бопты да, өзі сүйген шоқының басына қоюды өтінген деседі. Ел жақсы көрген есті әйелдің тілегін орындапты. Қыстың күні өлген әйелдің денесін көктем шығып, тоң жібігенше сақтап, көктемде осы төбенің басына қойыпты. Міне, содан бері, анау көк шоқы Қоянкөз деп аталған» (С. Бақбергенов. Ақ боз атты ару).

Ономастикада рулар мен олардың кіші құрылымдарын геноним деп атау қалыптасқаны белгілі. Бүтіндей рулардың әйел атымен аталғаны туралы деректерді қазақ халқының негізін құраған барлық ру-тайпалардың шежірелерінен көруге болады. Шәкерімнің шежіресінде: «Жоғарыдағы Сарының қатыны Мұрын екен, Сарының нәсілі шешелерінің атымен Мұрын аталды... Матайдың үш баласы Аталық, Кенже, Қаптағай Аталықтың қатыны Қызай дегеннің атымен тұқымы Қызай аталды... Бұл төртеуі нағашысы Уақ ішіне кетіп Ергенекті Уақ атанды» [69, 38 б.]. А.Сейдімбектің пікірінше: «Қазақ халқының әйел-ананы қадірлеп, тіптен культке айналдырғаны соншалық, тұтас руларды әйел есімімен атаған. Мәселен, Домалақ ене, Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай – міне, мұның бәрі де ру атына айналған әйел есімдері...Тіптен, қазақ руларының елдігін танытар ұрандарының әйел-ана есімімен аталатыны да ғажап қой. Мәселен, Арғыннан тарайтын Сүйіндік руының ұраны – Жолбике, Қаракесек руының ұраны – Қарқабат, Найманның бір бұтағы Қызылайлардың ұраны – Қызай» [67].

Тілімізде киелі мәнді, яғни айрықша құрметтелетін ата-баба аруақтарын кие тұту белгісі ретіндегі ұрандар сақталу себебі, ел басына күн туған, қиын-қыстау кезеңде, ел үшін, жер үшін кескілескен шайқастарда ата-бабасының, сол рудан шыққан батырлардың, билердің, жыраулардың атын ұран етіп шақырып, солардан медет сұраған. Солардың ішінде ру, халық рухын көтерер, елдікке бастап, желеп­ жебейтін әйел есімдері аз кездеспейді.

Түріктер айдаһар немесе қасқырдың (түп ана) суретін салған ту көтеріп, аруақты, рудың қамқоршы рухын шақырады екен. Ежелгі заманда оның әйел-ана болғандығы туралы ғылыми еңбектерде айтылады. Одан кейінгі «ресми қазақ» дәуірінде де көп рулардың ұрандарының аналарының аты болуы осыдан шығады.

...Әр ру өзі еншілеген ұранын айқайлап жеткізіп, мына жиынға тік көтеріліп келген бүкіл қазақтың тұтастығынан белгі берді.


  • Абақ! Абақ! Абақ! – деп Үйсіндер дуылдады.

  • Ақжол! Ақжол! – деп Арғын қосылды.

  • Бақтияр, Домалақ ене! – Дулат күркіреді (С.Сматаев. Елім­ай).

Белгілі зерттеуші С.Қондыбай: «Дей-түрік далалық мәдени-эстетикалық кеңістікте Ұран-тәңіриенің не тотемдік түп-бабаның есімі болып, кейін оның кейпі үндіевропалықтарға (гректегі Уран) да ауысқан. Ал үндіирандықтар Ұраннан (Варунадан) және өздерінің осы типтес тәңірлері болып есептелген Митрадан тұратын екі тәңірлік түсініктерді қалыптастырған, » – дей келе, орыстардың «ура», немістердің «hurra» сөзі де осы «ұран» сөзінен шыққанын, ал аталған сөздің өзі түркілік праформалардың ішінде «ұрық» пен «ана» сөздерінің бірігуі болып табылатыны, яғни «Ұрықана» - «Ұрана» екпінмен айтылғанда «Ұран» сөзіне айналғаны туралы болжам айтады [70, 3 б.].

...Олай болса, Жалпы Керейдің он екі болыс болып отырған үлкен бір тармағы Абақ-Керей деп аталады. Абақ ол – әйел аты. Ондаған руларды бастаған әйелдің аты.

Жиырма болысқа жақындаған Қаракесек руларының ұраны – Қарқабат екен. Біржан сал Сарамен айтысқанда сол Қарқабатқа сыйынады ғой. Бәріңіздің құлағыңызда бар сөз – «Сал Біржан салды айғайға Қарқабаттап» демей ме? Сол Қарқабат әйел!

Айбике, Нұрбике, Сүйімбике, Қызбике, Бике, Күңгөне деп әйел атымен аталатын ондаған елдер бар. Бәрі де кемі бір руды бастаған әйел аты. Осы бес болыс Керейдің талай руы осы әйелдердің аттарымен аталмай ма? (Ғ.Мүсірепов.Ұлпан).

Еріне адал жар, баласына ардақты ана болумен бірге еліне қамқор болған аналарымыз жаһанға жар салмай­ақ өзінің шынайы болмысын, нәзік те төзімді жаратылысын сақтай отырып, бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ана тілін, төл мәдениетін, өнерін табыстап отырды. Қазақ әйелі перзентіне уыз сүтімен туған тілінің қадірін сіңірсе, тал бесікке сүйене отырып айтылған бесік жырымен халқының бойындағы асыл қасиетін дарытып отырғаны белгілі. Ал халықтық қасиетті ұрпақ бойына дарытуда әйел-ананың құдіретті күшімен байдың дәулеті де, ханның жарлығы да, батырдың найзасы да өрелесе алмайды [67 , 401б.]


1.6 Әйел ~ана тілі және әйел~ана қарым-қатынасының этномәдени мәні
Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып жеткізуші, жинақтаушы қызмет атқарады.

Академик Ә.Қайдардың пікірінше: «...тіл – қорған, тіл – қару, өнер алды –қызыл тіл, тіл – ұлттың жаны мен тәні т.т... Өз тілінен айрылған ел – ел емес, ұлт – ұлт емес. Өйткені, этностың ұлт санатына қосылуы үшін қажетті де міндетті шарттарына ортақ табиғи орта, ортақ күнкөріс көздері, ортақ тіл, ортақ психология жататыны белгілі, сондықтан да қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалуы үшін ана тілінің тас түйін етіп ұйыстыратын ұйытқы болар құдіретті күшіне сүйену керек...» [71 , 32 б.]

Осы қасиеттеріне сәйкес қазақ халқының ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдылық берілетінін негіздеген Ата Заңымыз бен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заң» және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларға» сай қазақ тілі еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс. Алайда тіл туралы Заңда айдан анық айқындалғанымен, қазақ тілі мемлекттік басқару тіліне де, заң шығару тіліне де айнала алмай келеді. «Оның себебі не?» деген сұраққа деген сұраққа бірден айқын жауап беру оңай емес. Оның себебін сол тілде сөйлеуші қазақ ұлтының мәдениетінен, оның арқауын құрайтын рухани тамырларынан іздеген жөн. Біздіңше, соның бір ұшы ұлт мәдениетінде, өзінің от аналық, отбасының берекесі мен құтын ұйытушы, сақтаушы, ана сүтімен, қазақы мінез бен ана тілін үйрететін, бесік жырымен ұрпағын тәрбиелейтін қазақ әйелінің әлеуметтік қызметінің әлсіреуімен, өзгеруімен байланысты сияқты.

Атап айтқанда, ана тілі мен ананың арасындағы рухани байланыс пен киелі қызметтің байланысы үзіліп, немесе әлсірегені қазіргі қазақ қоғамындағы ащы шындық.

Осымен байланысты қоғамдық пікір мен ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің туған тіл туралы тебіреніске толы толғауларында ұлт пен тілдің біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысқан киелі, асқақ ұғымдар екені дәлелденумен бірге туған тілдің тұғыры биік болуында әйел - ананың рөлі зор екенін дәлелдеп, сол киелі мәнді жаңғыруға күш салуда.

Мысалы, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының: «Өз ұлтына, тіліне, мәдениетіне салқындық білдіру – ақ сүтін берген анасының омырауын тістеумен бірдей» [72] деген ойы жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлының осы тектес пікірімен сабақтасады: «Есесі кетіп келген тілімізді мұратына жеткізу үшін, бәрінен бұрын, қай-қайсымыздың да қолымыздан келуге тиісті дұрыс ана ( астын сызған- біз), дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат бола білуге көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты» [73]. Әбіш Кекілбайұлы дұрыс ана бола білуді алдымен атап, бірінші жазып отырса, бұл, әрине, тегіннен­тегін емес. Ана тіліміздің тағдыр-талайында аналардың атқарар рөлі айрықша екендігі аян. Әуелгі «әлдиді» айтатын да, бесік жыры арқылы ұлттық тілдің уызын сіңіретін де – ана.



«Ананың сүті – бал, баланың тілі - бал» дейді қазақ. Міне, осылайша өмір тәжірибесінен, салыстыру нәтижесінен туған халық мақал-мәтелдері, даналық сөздері бала тілінің қалыптасуындағы ана сүтінің маңызын ( яғни ана сүтімен бірге сіңірілген тіл құдіретін, тәрбиені) дөп басып айтады. Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы «Ана тілін білмеген – ана сүтін татпаған» деп бекер айтпаған.

Осыған байланысты «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз де бар. Біздің пікірімізше, ана өзінің әлдиі мен бесік жыры арқылы тілді де тербетеді.

Ұлттық тілін «ана тілі» деп атаған ойға жүйрік, сөзге шешен халқымыздың біртуар ұлы, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзінің мән­мағынасы дәл қазіргі кезеңде айқын жол табуға, тілімізде сақталған ұлттық рух пен сана ны жаңғыртып, жаңа сапаға көтерілуге бағыт алған ұлт болашағын дамытудың өзекті арқауы болмақ. Қазақ халқының таным-түсінігінде «ана-сәби-бесік» ұғымдары – бір-бірінен ажырамас, біртұтас, тығыз байланысты киелі ұғымдар. «Сүтпен біткен мінездің сүйекпен кететінін» ескерсек, ұлттық болмысты, ұлттық рухты, діл мен тілді сақтап қалатын ұрпақ тәрбиелеу бесігін тербетіп, әлдиін жұбатқан анаға байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейді.Ана сүтімен бойға сіңген ана тәрбиесі, үлгі-өнегесі, асыл өсиеті адамның көкірегінде жатталып, өле-өлгенше сақталады. Сол үшін әрбір қазақ әйелінің дүниеге әкелген сәбиі жылағанда, қазақша әлдилеп жұбатып, қазақша бесік жырын айтып ұйықтатып, «апа» деген алғашқы сөзді үйретіп, тілін де қазақша шығаруы, қазақ тілінде ертегі айтып, қазақша «құлыным, ботам» деп еркелетуі оның өмірлік қағидатына айналуы тиіс.

Қазақтың намыс туына айналған Бауыржан Момышұлынан неден қорқатыны туралы сұрағанда, ол кісі бесік жырын айтпайтын келіндерден, ертегі айта білмейтін әжелерден қорқатынын білдірген екен. Шынында да бесік жырын, «әлди, әлди, бөпешімді» айтпақ түгіл, ондай-ондайға осқырына қарап, өз тілін өзекке теуіп тастап, өзге тілде бала тәрбиелеп үйренгендердің мыңдап саналуы – қазіргі қазақ қоғамының шындығы.

Ұлт болашағы ел егемендігімен тығыз байланысты шешуі күрделі, өзекті мәселе екені белгілі. Ал ұлт болашағы – жас ұрпақты дүниеге әкелу, оларға ұлттық тәрбие беру міндеті жүктелген әйел-аналардың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік хал-ахуалын тіл майданының ортасында жүрген тілші-ғалым Өмірзақ Айтбайұлы былайша суреттейді: «... күн көрістің жөні осы екен деп, әрбір отбасын түрлентіп, ошағын лаулатып, қазанын қайнатып, ұрпағын жайнатып келген әйел атаулы жаппай сауда қуып, ауылдан ұзап, ел кезіп кеткен. Қоржын-қосқалаңы, қапшық-дорбасын арқалаған жас әйелдер мен қыздарды көргенде, бұлар бұлай жүргенде отбасының берекесі қалай кірмек, бала бойына ұлттық тәрбиені кім ендірмек, болашаққа ие болар ұл мен қызды өмірге кім әкелмек деп күйзелесің...

Ана тілі баланың бойына ананың ақ сүтімен дариды, оның аялы алақаны, ақ тілегі, адал жүрегімен дамиды. Осының бәрінің басы-қасында ұйытқы болып әйел-ана отыруы керек қой. Ал олардың жағдайы әлгіндей...»[ 74, 244 б].

«Тоқырау кезеңі» деп аталған, зауыт, фабрика жабылып, жұмыссыз қалған ер-азаматтар жерге қараған тұсында қазақ әйелдері тәуекелге бел байлап, қап-қоржынын арқалап, тау асып сауда жасады, базарға шықты. Істің көзін тауып ер- азамат көтерер ауыр жүкті мойнына артты.

Қазақ халқының басынан өткен небір тарихи кезең, зұлмат-зобалаңдарда қазақ әйелдері де ерлерден қалыспай, қайсарлық, батырлық үлгісін көрсетіп отырған.

...Бірақ үш рет шабуылға шығып, ең батыр деген үш жүзге тарта ер әскер не істерін білмей, тағы дағдарып қалды.

Бұған Абылай:

Япырмай, осыншама қазақтан жауға шабар бір еркек кіндікті тумаған ба? – деді қатты дауыстап. – Қайсың барсың?



...Дәл осы кезде зеңбіректерді қоршаған жігіттерінің оң жақ тұсынан Цеван Доржи тұрған төбеге қарай басында үкілі кәмшат бөрігі бар, ақ боз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шыға берді. Ақ боз ат көсіле сермеп келеді. Қыздың қолында не сойыл, не найза жоқ, бар болғаны, тобылғы сапты қамшы. Осынау қарусыз қызды көрген қызба қалың топ, енді шыдай алмады, лап қойды (І. Есенберлин. Көшпенділер).

... Ерте замандардың бірінде қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бұл күнде құм астында қалған бір қаланы қоршап алыпты. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып, қорғаннан өте алмаған жау қамаудағы халықтың берілуін күтіпті. Қала жым-жырт. Бірнеше күн өтсе де, қалаға кіргізер нышан байқалмапты. Сонда дұшпанның әскербасы жарлық шығарған:

  • Қаладан көтергенінше зат алып, әйелдердің кетуіне рұқсат!

«Ерлері жоқ әйелдер бәрібір ұрпақ өрбітпейді, бұл халықты осылай құртамыз», - деп жау өз үкіміне масайрапты.

Қаланың байлығын таласа-тармаса бөліскен жау енді еркек атаулыны құрту үшін азаматтарды іздесе, қаланың бірде-бір үйінде жан жоқ!

Әйелдер бір-бір ер азаматты қапқа салып, алып кеткен екен. Кішкене қыздар ер балаларды, кемпірлер шалдарды көтеріп кетіпті. Бір халық осылай аман қалыпты дейді аңыз (Ф.Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз).

Табиғаты нәзік болса да, әйелдер тек ерлік тағдыр кешеді. Бірақ олар жаһанға жар салып, жарияламай күнде ерлік жасайды.

Ел басына төнген қара бұлтты ақыл-парасаты, ұстамдылығымен, қулығымен, кейде ерке назымен бір сәтте ыдыратып жіберетін қазақ әйелдерін бейнелейтін мысалдар көркем әдебиетте молынан кездеседі. Мысалы,

...Сөйткенше, төрде отырған біреудің қатты тамсанған үнін есітті. Қараса – Сары апаң екен. Ол ашулы түспен түйіліп, қара шапанды басына жамыла беріп, жүрелей отырып ап, айғайлай жөнелді.

Сөзінің басы Бөжейді мақтау мен сол жақсыны жоқтау еді. Соның аяғын шұбыртып кеп:

Мына да қарлар не дейді?

Жақсыдан жаман көбейді.

Ескінің асыл көзі еді.

Ұрлап та көмдің Бөжейді, –

деп қатты айғайлап қалт тоқтады.

Екі жақ та: «айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін осы әйелдердің аузымен айтысты. Осыдан әрі қайталаған да, өршіген де сөз болған жоқ (М.Әуезов. Абай жолы).

Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына тіл арқылы сіңіре білген әйел-аналар да аз емес ( Құртқа, Қарашаш, Домалақ ана,т.б.). Сондықтан ана тілінің тағдырында, бүгіні мен ертеңінде бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Демек, тіліміздің алтын арқауын асыл қолдарынан шығармай ұстап, құнарын жоғалтпай сақтап, ұлттық тіліміздің қадірі мен құдіретін ұғындыруды аналардың қасиетті парызы ретінде қазіргі қазақ қоғамында қалыптастыру, оның әлеуметтік-материалдық негізін жасау – өзекті мәселелердің бірі.

Өз тілін «ана тілі» деп атаған қазақтардың танымында, мәдениетінде «әйел-анаға» ерекше мән берілгені белгілі.

Ел аузында есімі қалған небір кемеңгер ойшылдардың, ұлтымыздың біртуар азаматтарының, танымал тұлғаларының бойындағы асыл ғажайып қасиеттердің әжесінен не анасынан, яғни нағашы жұртынан даритыны кездейсоқтық емес. Көркем әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында «қазақ әйелі» концептісі тұрғысынан қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып қазыналарға, жақұт-жауһарларға кездесеміз.

Мысалы: «Абай жолында» Зере Құнанбайдың қаталдығына разы болмай, қапаланған тұста былай дейді:

- Айында, аптасында бір көреді. Арыз, мұңын саған айтпай кімге айтады? Қатты болсаң, қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп қайда барасың өзің? «Жер тәңірі сенсің» деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айттым ғой, жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау аналар аналық зарын айтады.

Кәмшат турасында күйзелтіп отырсыңдар сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.

Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, булығып қалды. Талайдан естімеген үнін есітті, анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр (М.Әуезов. Абай жолы. Алматы, 1989, 1-том, 130-131-бб)

«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп санайтын дана халқымыз бала бойындағы ізгі, асыл қасиеттердің, үлгі-өнегенің ана сүті, қаны арқылы ананың ата тегінен тарайтынын сұңғылалықпен, асқан сезімталдықпен байқап отырған.

Мысалы: «Ұлжан тартымды болумен қатар сыншы да ана. Баласының жаңағы мінезіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы, мінез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бірге күлген жоқ еді. Енді байқай отырып, ақырын мырс етті де:

Балам-ау, қаладан молдалық әкеледі десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене? - деді.

Үлкендердің бәріне бұл өте түсінікті еді. Жаңағы бала мінезінің дәл шешуі сияқты болып, қайта күлдіреді.

Бәсе, Шаншар?

Битан, Шитан!

– Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой! – десіп, Абайдың нағашыларын еске алысты. Өлерінде: «Жазыла - жазыла қожа - молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас!» деп кеткен Тонтай сөздері де көптің есіне түсті.

– Апа-ай, енді бақсы - құшынаш боп, елтірі-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш ілгері емес пе?-деп Абай іле жауап берді.

Жарайды, ендеше, ержетіп қапсың, балам, - деді шешесі» (М.Әуезов. Абай жолы).

Жоғарыда айтылғандай, ұлтымызды біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің бірі де бірегейі ұлт тәрбиесіндегі ана рөлі екені айдан анық. Бесіктен берілетін тәрбиеге айрықша көңіл бөлген ата-бабаларымыздың асыл мұраларындағы ақылы асқан Құртқа қыздың, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ананың т.б. бейнелері, халқымыздың тәрбие, үлгі-өнегенің мәні туралы өлмес, өшпес мақал-мәтелдері соның айғағы.

Біздің ойымызша, бүгінгі қоғамда ананың рөлі әлі де бәсең. Ал қашанда ана тілінің ұлтты ұйыстырушылық қасиетін, құдіретін күшейту әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырумен байланысты екені бесенеден белгілі



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет