Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева Алматы, 2008 мазмұНЫ


«Қазақ әйелі» концептісіне қатысты зергерлік бұйымдардың сакральды мәні



бет6/14
Дата09.06.2016
өлшемі1.01 Mb.
#123803
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

1.4 «Қазақ әйелі» концептісіне қатысты зергерлік бұйымдардың сакральды мәні
Кез келген нәрсенің асылы мен жасығын асқан талғампаздықпен айыра білген халқымыздың қыздары мен әйелдерін асыл тассыз, алтын-әшекейсіз елестету мүмкін емес тәрізді. Күн көрісін негізінен төрт түлік малдан айырған ата- бабаларымыз үшін зергерлік кәсіп те бөтен болмаған. Қазақ шеберлерінің қасиетті өнердің бұл түрімен өте ерте кезден айналысқанын осы күнге дейінгі түрлі археологиялық экспедициялардың деректері де дәлелдейді. Түп аталарымыз мекендеген көне қалашықтар мен тарихи орындардан табылған қолөнер бұйымдарымен қоса кәсіби шеберліктің шынайы үлгісі ретінде бағаланатын алтын, күмісті, неше алуан асыл тасты әшекей заттардың көптеп табылуы осыларды айғақтайды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Қараүңгір тұрағын зерттеген археологтар оны б.д.д. 5 мың жыл бұрын мекендеген неолит адамдарының тас пен сүйектен жасалған қаруларын, еңбек және іс құралдарымен бірге олар тұтынған әшекей заттарды тапқан. Сүйектен жасалған инелер, ілгектер, басқа да іс құралдарына қарап әйелдердің тері өңдеп, жүннен мата тоқып, киім тігуді меңгергенін, тұрмысқа қажетті басқа заттарды да жасай білгенін көреміз.Зергерлер асыл тастан әсемдік және әшекей бұйымдар жасаған.

Тастан, сүйектен жасаған әшекей заттар әйелдердің әдемілікке ұмтылғанын, қоғамда өздерін сәнді ұстап, аңшылық пен ауыр жұмыстардан шаршап келген еркектердің көңілін аулай білгенін көрсетеді. Кейбір әшекей заттарды Тәңірге көңілдерінің таза екендігін білдіріп, аңшылықта қолдасын деген сеніммен еркектер де мойындарына тағып жүрген болуы мүмкін [59, 117 -118 б.].

Қола ғасырда мыс, мырыш, қорғасын, қалайы сияқты түсті металдарды қорытып, олардың сапасын сараптау басталды. Сом алтын мен күміс, қорытылған қорғасын өте жұмсақ және ауыр болғандықтан тұрмыста кең қолдау тапқан жоқ. Бірақ алтынды тотықпайтын ерекше жалтырауық және сұлу түсіне байланысты шеберлер одан зергерлік, әсемдік бұйымдар жасауға болатынын біліп, сол замандарда-ақ тиісінше әшекей заттар жасауға қолданған [Сонда, 120 б.]

Сұлулық пен әсемдікке жаны құштар бабаларымыз ұсталық, зергерлік өнерді киелі, қастерлі санап, екінің бірінің қолынан келе бере бермейтіндіктен, оның қыр-сырын сырт көзден жасырын ұстап, құпия кілтін тек қана өздерінің жолын қуушы тікелей ұрпағына немесе түрлі қиын сыннан сүрінбей өткен және өнерге адалдықпен, тазалықпен қарайды деп сенген рухани туыстас адамына ғана ашқан.

Зергерлікті жете меңгерген шеберлер түрлі әшекей бұйымды жасауға қабілеті жеткенімен, оған шикізат ретінде қажетті алтын-күмісті өздері өндірмеген. Ертедегі қазақ зергерлері алтын, күміс ақшаларды балқытып, кейде сол күйінде пайдаланған. Ресей көпестеріне малға айырбастаған күміс, алтын теңгелер саудасын мал арқылы бітіретін

...Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп құда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта , бас құда Құнанбайға кит деп, Алшынбай аулы күміс тартқан. Ол күмістің аты - тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді (М. Әуезов. Абай жолы ).

Ұлжан... Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тайтұяқ сыйлады (Сонда).

Алуан формадағы алтын-күмістің қорытылған түрлері қазақ халқының өмір сүру салтының құрамдас бөлігі ұлан-асыр той, үлкен астарда өткізілетін түрлі бәйгелердің жеңімпаздарына, ерлік көрсеткен батырға, құлақ құрышын қандырған әнші мен сөздің майын тамызған ақын-жыршыға сый есебінде берілген. Қазіргі кезде аламан бәйгеден озып келген адамға тігілетін сыйлықтың басы отандық немесе шетелдік автокөлік болса, ол замандарда алтын-күмістің қомақты кесегі қатты бағаланған.



Байдалы атына мінер кезде Ұлжан азырақ тоқтатып, оңашалап алды да :

- Тамақ пен күтім бір басқа ғой. Ертең ат шабады, балуан күреседі. Әр алуан бәйгелер бар. Түйе бастатқан тоғыздан бәйге шығарыпсыңдар .Жақсы екен! Ағайынның аянып қалатын жері емес қой. Менің балам өз үлестеріңнен де қалмаймын дейді. Соның ақылымен, мына бір бұйымды әкеліп ем! – деп, қалтасынан жібекке ораған бір кесек түйін алды да, Байдалыға ұсынып тұрып: - Бәйгенің бір тоғызының басы осы болсын! – деді .

Бергені үлкен кесек күміс – «тайтұяқ» болатын (М.Әуезов . Абай жолы)

Ұлтымыздың зергерлік өнеріне қатысты лексикасын егжей-тегжейлі зерттеп, оны халқымыздың тарихы мен мәдениетімен байланыстыра қарап, кешенді түрде талдаған ғалым – Р.Шойбеков. Оның еңбектерінде зергерлік өнердің тарихы, қазақ рухани мәдениетіндегі орны, зергерлік бұйымдардың ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі қызметі халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдерімен сабақтастырыла қарастырылған [60]. Ал қазақтың қолөнер кәсіптерінің білгірі С.Қасиманов халқымыз ең қалаулы өнеріне балап, жоғары бағалаған зергерлік өнердің тарихын баяндаумен бірге зергерлік жұмыстың орындалу әдісі мен техникасына қарай түрлеріне, аталған өнердің басты, негізгі үлгілеріне тоқталады [61]. Жұмысымыз зергерлік лексиканың тікелей өзіне бағытталмағандықтан әрі ол жоғарыдағы еңбектерде жан-жақты қарастырылғандықтан, біз тек «қазақ әйелі» концептісіне қатысты зергерлік атаулардың сакральды мәнін қолда бар тілдік деректерде кездесу орнына байланысты қарауды ғана мақсат тұттық. Зерттеуші А.Керімбаевтың пікірінше, «сакральды (магиялық) вербальды мәтіндердегі сакральды лексика ауруды қуу, дуалау, көз тию, қастандық жасау немесе «жолын ашу», яғни бір нәрсеге деген ізгі ниет тәрізді белгілі бір мақсатты көздейтін магиялық ғұрыптық әрекеттердің сөздік бөлігін құрайды»[62, 7 б.].

Ж.Манкееваның зергерлік бұйымдарды саралау бағытымен келісе отырып [48], әйелдерге қатысты зергерлік бұйымдарды шартты түрде: 1)бас киімге тағылатын зергерлік әшекей; 2) шашқа тағатын зергерлік әшекей; 3)сырт киімге тағатын зергерлік әшекей; 4) бойға; 5)қолға тағатын зергерлік әшекей деп бөлдік.

1) Баскиімге қатысты зергерлік бұйым, әшекейлер:



айшық – жаулықтың шекесіне, ердің қасына, жүгенге орнатқан жарты ай бейнелі күміс [52, 207 б.]

бергек –желекті ұстап тұратын әшекейлі қатырғы, әйелдердің бас киімі [51,189]

Жас келіншек сәукелені той өткенше киіп отырып, тойдан соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергек киетін ( С. Қасиманов)

Бетмоншақ – сәукеленің екі жағына,маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ [51, 207-б.]

Гүлдарайым – бетмоншағын салбыратып,қарқарасын жарқыратып,жібек жамылғышын желбіретіп сәукеле киген – Бекболаттың сұлу тоқалы (С.Сматаев. Елім- ай ) .

Жырға – көптеген моншақ тұратын сәукеленің салпыншақтары [56,207-б.]

Жақ – кимешектің екі бет тұсы мен астын ала тігілген оқалы, алтын, күміс шытыралы әшекей, сәнді кесте ( Сонда)

Көзотаға – бас киімге қадайтын асыл тас

Тана – қыздардың тақиясына, бөркіне т.б. тағылатын түйме тәрізді асыл тас немесе күміс.

2) Қазақ қыздарының, әйелдерінің бұрымын ерекше сәнді етіп көрсететін зергерлік өнер туындысы – шолпы. Шолпы, шашбау ең алдымен өрілген бұрымды тарқатылып кетпеу үшін қажетті зат болса, екіншіден, әйел сұлулығының, сән-салтанатының символы.

Шолпы – бойжеткен қыздар мен жас келіншектердің бұрымының ұшын бекітуге арналған күміс немесе алтын теңгелерден жасалатын сәндік бұйым. Шашбау – өрілген шаштың ұшын бекітетін алтын, күміс тиындар қадалған лента тәріздес ызған мата (ҚТТС, 10-т., 174-б.)

Аталған әшекей бұйымдарына қатысты қолданыстарды көркем мәтінде жиі ұшырастыруға болады:



Сүйретіп алтын шашбауын,

Ордаға барып кіреді ( Қамбар батыр)

Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі – айы-күні – жалғыз қызы алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл-жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген еді ( Ж.Аймауытов. Ақбілек ).

Қазақ қыздары мен әйелдері бұрынғы кезде шолпы мен шашбауды бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққаны белгілі. Халқымызда қалыптасқан сенім бойынша, неше түрлі асыл тастан жасалған сылдырмақ, салпыншақтан тұратын салмағы ауырлау шолпының әсерінен шаш ұзын болып өседі. Сондай-ақ ауыр шолпы таққан адамның басы ауырмайды деп есептелген. Халық ұғымында «адам жанының бір ұшы шашында» деген де түсінік бар. Соған байланысты «тарағанда түсетін шашты кез-келген жерге тастауға болмайды, оны адам баспайтын жерге көміп тастау керек» деген ырым-тыйымның бар екені белгілі. Ал енді осы халық санасындағы кодталған ақпараттың кілтін ашу үшін белгілі бір білім аясы керек. Біз оның кілтін төмендегі прецедентті мәтін арқылы ашуға тырыстық:



«Әйел баласы шашын беталды тастамас болар,-деді Айша.– Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе,о дүниеде балалары шырылдайды дейді.Анасының шашының отқа күйген исін танып қояды екен де:«Анамыз тозақ отына түсіп кетті- ау!» деп шыр айналып,шырылдайды екен.Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен.

Әне, сондықтан шашты көміп таста. Далаға тастасаң, жел ұшырып немесе құс ұя салып, әйтеуір , бір себептен отқа күйсе, о дүниелік нәрестенің обалына қаласың...» ( Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскенінің әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырым-тыйымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің құлағына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын осындай аңыз-әңгімелермен құйып отырған. Қазақтың қыз-келіншектерінің шаштарына сылдырмақты шолпы тағуына «адам жанына зиян келтіретін бәле-жалалар жоламасын» деген сенім-түсінік те өз әсерін тигізбей қоймаған [57, 106-б.].

Шашқа тағылатын бұйымның тағы бір түрі – жемелек. Аталған сөзге «өрілген бұрым ұшын бекітетін жіп, лента» (ҚТТС; 4-т., 77-б.),«шашбау, әйелдердің шашына тағатын бау» (ҚТДС.,121-б.) деген түсініктер берілген. «Жемелек» сөзін көбінесе Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары қолданады. Аталған сөзге тек диалект ретінде қарау теріс сияқты, байқағанымыздай, жоғарыдағы сөздердің үшеуі де өрілген бұрым тарқатылып кетпеу үшін шаштың ұшына байланатын, бекітілетін бұйым; айырмасы – шолпы, шашбауға алтын, күміс тиындар қадалатын болса, жемелек – ондай қымбат әшекейі жоқ қарапайым ғана жіп, бау.

... Сөйтсе, қос бұрымы біресе белінің бергі жағына аунайды, біресе арғы жағына ойнайды. Қымбат шолпы тағынбай, жіптен ескен шашбауыжемелегі еркелеп Балбастаудың балағына оралар балдыр болып ойнайды (М.Байғұт. Жемелек).

Кейбір жазушыларымыз аталған сөзді қазіргі кезде жиі қолданылатын орыс тілінен енген «бантик, лента» сөздерінің баламасы ретінде қолданғаны төмендегі мәтіннен аңғарылады. Біздің пікірімізше, сөздік қорымызда «жемелек» сияқты жоғарыдағы сөздердің мағынасын беретіндей төл сөзіміз тұрғанда, «бантик, лента» деп қолдану тым қисынсыз сияқты.



Қитар көз қара қыз талдырмаш бойжеткеннің көйлегін бір тартып, бұрым ұшындағы жемелегін ала қашты ( С.Адамбеков. Қожанасыр ) .

Бүгінде заманның ағымына ілескен қазақ әйелдерінің талғам-танымы да өзгерді, бұрынғыдай шашын өсіріп, оны қос бұрым етіп өретіндер қазір кемде-кем. Әйелдердің көпшілігі шашын қысқа етіп қидырумен бірге оны өздеріне ұнайтын түрлі түске бояйтын болған. Ал шашы ұзын кейбір қыз-келіншектер шаштарына шолпы, шашбау, жемелек тәрізді талайды тамсандырған зергерлік тамаша туындыларды емес, темірден жасалып, қайсыбіріне алуан түрлі өрнек салынған қыстырғыштарды пайдаланады.



Саусағыма шаштар арасындағы шпилка, приколкалар қатты тиеді. Оларды суырып алып тастағым келеді. Олардың қатаңдығы ұнамайды. (Ш.Мұртаза. Мылтықсыз майдан).

Қазақ әйелдерінің шашқа тағатын әсемдік бұйымдарының бірі шашқаптың практикалық та маңызы бар.

Аталған сөздің көркем мәтіндегі көрінісін төмендегі шығармадан кездестірдік: ...Қос бұрымының ұшындағы шашқабын бұралаң еткізіп, қынама бел барқыт қамзолының өңіріне қолын сұғып, үлбіреген торғын орамалын суырып алды (Сматаев С.Елім­ай). Алайда оның бұл қолданысы «шашқап» сөзінің мағынасымен сәйкес келмейтін тәрізді. Себебі, ол сәндік бұйым «мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты қызыл, қара, көк түсті матадан тігіледі. Желкеден белге жететіндей етіп жасалған шашқап ою өрнек, зермен, моншақтармен әшекейленеді де, шашты күнге күюден, шаң­тозаңнан сақтайды» [Кенжеахметұлы С. 98 б.]. Егер тігілу технологиясына сәйкес оның формасын ескерсек, онда шашқап бұрым ұшында күміс тамшыдай жалтырай қоймасы анық. Бұл жерде жазушы «шашқап» сөзін «шашбаудың» синонимі ретінде орынсыз пайдаланған деп ойлаймыз.

3) Ал сырт киімге тағылатын әшекейлерге бастырма, жарма, қапсырма, түйме, ілгек сияқты күмістен не өзге асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар кіреді. Мұндағы «бастырма» атауы «әйелдердің көйлегіне, қамзолына түйме орнына қадайтын әшекей зат, қапсырма» дегенді білдірсе, «жарма» сөзі «әйелдер көйлегінің екі алдыңғы жақ өңіріне тағылатын жапырақ бейнелі екі жылтырауық » деген мағынада жұмсалған.

Халық санасында орныққан сенім бойынша, асыл, бағалы тастардан, кейде жасанды тастардан көз орнатқан зергерлік бұйымдар оны таққан адамды көз тиюден, түрлі аурулардан,қауіп-қатер, бәле-жаладан сақтайды. Сол себепті бұрын да, қазіргі кезде де зергерлік әшекейлер жалаң сәндік бұйым ретінде емес, оларды таққан адамдарды жаманшылықтан сақтайтын, табысқа жетелейтін қорғаныс құралы саналған. Қазақ әйелдері « көз өтпесін» деген ниетпен перзенттерінің бас киімдері мен сырт киімдеріне тана-моншақ тағып, әсем түйреуіш қадап беретін болған. Сондай-ақ сыртқы киімнің түймелерін бағалы металдан жасап, оған асыл тас орнату да байлық пен барлықтың көрсеткіші болуымен бірге жоғарыда айтылған ниеттен туындағаны анық.



Қалың қара жібек кемзалында қымбат тасты үлкен күміс түймелер бадыраяды... ( М. Әуезов . Абай жолы ).

4) Бойға тағатын зергерлік әшекейлерден сырға, алқа, моншақ, тұмар тәрізді бұйымдарды атауға болады.

Бұлардың арасында ең жиі қолданылатыны – сырға. Алтын, күміс сияқты бағалы металдан жасалып, көздің жауын алар асыл тастардан көз қондырылып дайындалған сырғаны тақпайтын қыз-келіншекті кездестіре алмаймыз.

Барлық халықтарда сырға әшекейлік зат болуымен бірге махаббат символы, оның иесінің қоғамдағы орнының көрсеткіші, магиялық қорғаушы зат ретінде қолданылады. Сондай -ақ сырғаға қатысты түрлі көзқарас пен бір біріне кереғар наым сенімдер де кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Ежелгі Римде бір құлақтағы сырға құлдық белгісі саналған. Ал Перудегі инктер дворяндық мәртебе алушылардың құлағына дөңгелек сырға салу рәсімі болған көрінеді. Ал одан бұрынырақта бойжеткен қыздар мен әйелдердің, сондай ақ қарақшылардың сырғасында айтарлықтай айырмашылық болған. Сырғаның бәле­жаладан, ауру­ сырқаудан сақтандырушы зат ретінде бағалап, оны көздің көру қабілетін арттырады, теңізшіні суға кетуден сақтайды деген сеніммен таққан. Ал Бирмада тақтан дәмелі король ұрпақтарының құлағы міндетті түрде тесіліп, сырға салынатын болған [16, с. 428 ].

Ал қазіргі кезде сырға өзінің мифтік маңызынан айрылып, тек әшекей зат, әсемдіктің құрамдас бөлігі болып қалғаны белгілі.

Танымал этнограф Х.Арғынбаев ертеректегі қазақтарда сырғаны, негізінен, бойжеткен қыздар мен жас келіншектер көп тағатынын, ал жасы келген әйелдер үшін сырға тағу қажеттілігінің аз болатынын айтады. Себебі, бұрынырақ олар әлеуметтік жағдайына байланысты бастарына жаулық тартып, кимешек киген [52, 63 б.]. Ал кимешектің құлақты жауып тұратынын ескерсек, таққан әшекейдің көзге шалынбайтыны әрі ол кездегі салмағы ауыр сырғалардың қолайсыздық тудырары анық .

Сырғаға қатысты мысалдарды ертедегі батырлар, ғашықтық жырларынан да, қазіргі жазушылардың шығармаларынан да жиі кездестіруге болады :

Дүрі – гауһар сырғасын

Көтере алмай тұр құлағы / Қыз Жібек /

Әйелі әшиінде қаншама берік болса да, мына ұсақ шытыралы алтын сырғаны құлағына таққанда, іштегі алғысын жасыра алмай, аппақ беті алғыспен ду етіп қызарып кетерін білді... ( Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер)

Алқа – алтын, күміс, маржанмен әшекейленген омырауша, өңір, өңірше [48, 184 б.]

Інжу, маржан аралас,

Мойнында алқа тасы бар ( Қарабек батыр)

Алқа қыз-келіншектер мойнына,омырауына сәнге тағатын әшекейлі зат, маржан, меруерт ( ҚТТС; 223) ,

Гүлдарайым – омырауына он түйме қадаған кеудесі тар, етегі кең көйлек киген, қынама жеңсізі аш белін аймалаған зер кесте төккен, алтыннан алқасы бар төстік таққан келіншек.( С. Сматаев . Елім – ай)

Бойға тағатын ерекше әшекейдің қатарынан әйкелді атауға болады.



Қостан әйкел тағынған,

Жүз теңгелік опа, ендік

Екі бетке жағынған ( Қыз Жібек)

Халықтық сипаты анық, ұлттық бояуы қанық, алайда қазіргі кезде сирек қолданылатын, белгілі бір ортаға ғана таныс сөздердің сырын ашып, көпшілік назарына дәлелді дәйектермен ұсынып жүрген тілші –ғалым Р. Сыздық аталған сөздің мәнін былайша ұғындырады: «Әйкел сөзінің «барқытқа зер қадап, оған күміс ақша тағып, сол иықтың үстінен әкеліп, оң қолтықтың үстінен түймелейтін, қыздардың сәндікке киетін әшекейінің бірі» [63, 57 б.]

Ертеде қазақ әйелдері үшбұрышты күміс құты тәрізді зат тағып жүргенін, оның тұмарша, бойтұмар деп аталғанын, кейінірек олардың қолданыстан шығып, зергерлер бойтұмар үлгісіне қарап камзолға тағатын салпыншақ, қапсырма жасағанын белгілі мәдениет қайраткері Ө.Жәнібековтың еңбегінен оқимыз [50, с.70-71].

Бексана түйіншекті ашты. Бір шөкім топырақ салынған тұмар, тобылғыдан тізілген алқа, кестелі орамал, бір тал жусан (С.Сматаев.Елім-ай).

Қазақтар үшін алқа, әйкел, өңірше, моншақ әсемдіктің, барлық пен байлықтың белгісі болса, орта ғасырлардағы мойынға тағатын алқа түрлері тек қана әшекей бұйымы ғана емес, жоғары әлеуметтік жағдайдың нышаны, айқын белгісі саналған. Русь әйелдері Х ғасырда мойындарына күйеуінің байлық дәрежесіне сәйкес алқа тағатын болған. Бірнеше ғасырдан бері осы гүлдей нәзік дене сабағы түрлі алқа, моншақ, өңір жиектермен әшекейленіп, ерекше қорғалып келген. І ғасырда Патшалар Даласындағы Сети қабірханасына жерленген Хатор әйел құдайының мойнына да алқа тағылған [18, 146 c]. Бұлардың барлығы да алқаның оның иесін қорғайтын тұмар қызметін атқарғанын, магиялық ерекше күші болғанын дәлелдей түседі.

Анатом ғалым Л.Этингеннің «Мифология анатомии» деген еңбегінде алқаның атқаратын қызметі туралы былайша тарқатылып айтылған: «Падуан тайпасындағы дәстүрге сәйкес, қыздардың мойнына бес жастан бастап оларды адам жеуші жолбарыстан құтқару үшін дөңгелек білезік салып отырған. Жыл сайын біртіндеп көбейген ондай зат саны жиырма беске жетіп, салмағы он бес кг­ға тартатын тағылған алқаларды кейде жазалау үшін де қолданған. Егер алқаларды бірден алатын болса, бірнеше жылдан бері әрекетсіз келген мойын бұлшық еттері басты ұстап тұра алмайды және ондай қалыпта тамақ ішу де азаптың азабы. Аталған халықта әйелдерді ерлерінің көзіне шөп салғаны үшін осылай жазалайтын болған» [18, 146 c].

5) Қолға тағатын зергерлік әшекей қатарына білезік, жүзік, сақина, балдақ сияқты бұйым атаулары кіреді.

Білезіктің ( білек жүзік) білекке салатын сәнді зат екені белгілі. Білезік түрлерінің, оларға салатын өрнек-әшекейдің алуандығы қазақ қыздары мен әйелдерінің осы әшекей түрін көп таққанын байқатады. Олардың білектің сәні саналатын білезіктің алтыннан, күмістен, тіпті мыстан соғылғандарын да салтанатты жиындарда ғана емес, күнделікті тастамай қызыға тағатынын аңғаруға болады. Білезіктің құдағи-құдашаларға ілтипат, ал ұзатылатын қызға етжақындарының сый-сияпаты ретінде ұсынылатыны мәлім. Ертедегіні айтпаған күннің өзінде қазір де қыздың жасауын, сәбидің бесігін әкелердегі жөн-жоралғының, түрлі тоғыздың басында сақинамен бірге білезік жүретіні, «сондай қуаныш, той бізге де жұғысты болсын» деген ниетпен жиналғандардың оларды таласа-тармаса алатыны шындық.

Әдейілеп барған жақын-жегжат ауылдар танысқан қызды құр қол қайтармай, көзімдей көріп жүр деп, кілем-кілше, оюлы сырмақтан бастап, сақина, білезік, кемер белдік секілді естелік заттар беретіні тағы бар (Қ.Жұмаділов. Тағдыр).

Сонымен бірге босағадан енді аттаған жас келіннің жаңа тірлікті жатсынбай, үй шаруасына, әсіресе ерекше кірпияздықты керексінетін ас дайындау ісіне адалдықпен әрі тез кіріссін деген ырыммен енесі қазақ танымында «тазалықтың белгісі» ретінде саналатын күмістен жасалған қос білезік сыйлайтын болған. Жалпақ бауырлы тұтас, үстіңгі беті қатарласқан қос жұмыр болып келетін,түрлі ою-өрнекпен ажарланған мұндай білезікті сыйлауда халқымыздың ең жиі айтатын игі тілегі есебіндегі «Қосағыңмен қоса ағар» мақалы мәндес ниеті де бар екені байқалады.

Қазақ әйелінің әшекейінің бірі – жүзік, сақина. Алтын, күмістен жасалып, сырт жағына зергерлер түрлі асыл тас орнатқан сақиналар бұрын да, қазір де тек әйелдің ажарын ашатын сәндік бұйым ғана емес, адамның денсаулығына оң әсер ететін, сыртқы-ішкі кері әсерлерден қорғайтын, бақ-дәулет шақыратын құрал саналады.

Сұлудың қылығы бар неше түрлі,

Қолына лағыл, яхонт, тақты дүрді ( Қамбар батыр)

Көзімдей көр. Қиналған сәтте кәдеге асырарсың. Жоғалтпауға тырыс, - деп зүмаржат тасты алтын жүзігін саусағына кигізген. – Сенің тойыңа шашуым, жеңгеңнің ескерткіші (К. Сегізбаев. Біз қалада тұрамыз).

Қазақ танымында тамақ әзірлейтін әйел қолына міндетті түрде жүзік не балдақ тағуы тиіс болған. Осыған байланысты «Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болу керек» деген мақалдың айтылуы аталған әшекейлердің киелі, тазартқыш күші бар деген жалпышығыстық сенімге байланысты болса керек [64, с. 130].

Ежелден дененің ашық жерлерін – аяқ-қол, саусақ, мойын, құлақ, мұрын сияқты дене мүшелерін қатты заттардың көмегімен қорғау қалыптасқан. Бұл жүзік, балдақ, сырға, білезік, моншақ, алқаның пайда болуына апарып соққан. Бұл сыртқы зұлым күштермен күресте жәрдемдесетін магиялық қорған болып есептелген [12, с. 198].

Қазақ зергерлері әрбір тастың өзіне тән қасиеті, ерекшелігі, кереметі бар екенін білген. Олардың біреуі адамға құт әкелсе, ендібірі тіл-көзден сақтайды, ал кейбірінің тіпті құрғақшылықта жаңбыр шақыратын, т.б. қасиеттері бар екен. Мысалы, көпке белгілі янтарь тасының ғажайыптарын ертедегі гректер бұдан екі жарым ғасыр бұрын білген. Оны парсы тілінде «хахруба» деп атайды екен, «өзіне тартқыш» деген мағынаны білдіреді. Ол шашты, шөпті өзіне тартып алады және оның ішінде түрлі жәндіктер өзінің тірі қалпын сақтайтын көрінеді [56, 130-б.]. Қалқанша безі ісіп, зоб ауруымен науқастанатын әйелдердің мойнына янтарь алқа салып жүруінің бір ұшы әлгі тастың аталған қасиеттерінде жатса керек. Орта ғасырларда емші, дәрігерлер алтын, нефрит, маржан тастарын жұту өмірге қауіп төндірмейді, қайта оны ұзартуға септігін тигізеді деп есептеген. Сонымен бірге әлгі тастарды жұтқан адамның өлгеннен кейін денесі іріп­шірімейді деген сенім болған.

Қазіргі таңда мойындалып, сәнге айналған астрология ғылымында да «әрбір жұлдыз иесі өзіне сай келетін тасы бар әшекей тағу керек, қасиеті белгісіз тастан тағылған әшекей адамға бақытсыздық әкеледі, денсаулығына зиян келтіреді» деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, тек күміске орнатылған аметист тасы баласы жоқ әйелге ана болу бақытын әкелсе, ерлерге өз әйелінің кемшілігін түзеуге көмектеседі. Ал гиацинт тасын таққан жас әйелде өз сүйіктісін жоғалту қаупі жоғары, алайда үміт пен қайта құру тасы болып саналатын бұл тас уайым мен депрессиядан айығуға мүмкіндік береді. Тау хрусталі ертеректе аналардың сүтін көбейту үшін қолданылған. Аталған тасты бойтұмар ғып таққан әйелдің дүниеге перзент әкелуі жеңілірек өтеді деп есептелген. Ал інжу тасы махаббаттағы тұрақтылық кепілі саналғандықтан, ол неке мен шаңырақты қорғайды деген сенім бар. Антропософтық медицинада ерте қартаюдан сақтайтын күмістің әйелдер ауруын емдейтін қасиеті кері әсері көп антибиотиктерден анағұрлым жоғары деп саналады [15,691-698 бб.]

Жоғарыда келтірілген деректерден зергерлік бұйымдардың тек әсемдік, нәзіктік, әшекейлік қызметімен қоса оның тұмар қызметін де атқарғанын дәлелдей түседі. М.Қашқаридың еңбегінде де көне түркілер заманында қасты (нефрит) жүзікке көз етіп қондырса, ол адамға найзағайдан, жай отынан қауіп болмайтыны жайында, асыл тастар салынған әшекейдің тіл-көзден қорғайтын тұмар есебінде қолданылғаны жөнінде айтылған [65, 128 б.]. Ұлттық мәдениетіміздің жарқын бір үлгісі, құрамдас бөлігі ретінде саналатын зергерлік өнердің халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, ең бастысы тілінде айрықша көрініс тапқаны белгілі. Мұны төмендегі көркем мәтін үлгілерінен, мақал-мәтелдерден айқын аңғаруға болады:

Абай есіктен шапшаң аттап кіргенде, Әйгерім қарсы басып, қасына келіп қалған екен.Ерінің қолына қарсы созған жүзікті, білезікті жұп-жұмсақ кішкентай саусақтары ып-ыстық боп майда тиді ( М.Әуезов . Абай жолы).

«Сақинаны сәндікке салмайды, тазалыққа таразы» мақалы да, «жүзікке қас қондырғандай», «тіл-көзім тасқа»,«көзім өтпесін» деген тілімізде қалыптасып, сақталған тұрақты сөз тіркестері де халық ұғымында алтын мен күмістен жасалатын зергерлік бұйымдардың адамның өмірі мен денсаулығына оң әсерлі қасиеті бар екенін дәлелдей түседі [65, 16-17б.]

Қазақ халқының салт-дәстүрінде киелі саналатын күмістен жасалған жүзік, білезіктерді ата-бабаларымыз көшіп-қонғанда, ұзақ жолға сапарлағанда бұзылмасын деген ниетпен өздерімен бірге алып шыққан су құйылған ыдысқа салып жүрген. Сонымен бірге сәбиді қырқынан шығарда шомылдыратын су мен неке қиярда ішкізілетін суға да күміс тиындардың салынуы – ата-бабаларымыздың күмісті ерекше қастерлеуінің көрінісі.

Халқымызда әйелдің сұлулығын бейнелейтін «сымға тартқан күмістей», «тартқан сымдай» атты тұрақты сөз тіркесі қалыптасқан. Аталған фразеологизм, әсіресе, әйел баласының мүсін, мүше сұлулығын бейнелеу тәсілі ретінде батырлар жырында көп ұшырасады:

Сымға тартқан күмістей,

Он саусақтың саласы ( Қыз Жібек)

Ұсталарға барсаң қасында

Тартулы жатқан сымдар бар,

Сымдарды көр де қолым көр ( Ер Тарғын )

Белі нәзік талып тұр,

Тартқан сымнан жіңішке,

Үзіліп кетпей нағып тұр ( Қыз Жібек )

Қазақ зергерлерінің күмісті таңдауының бір себебі, ол қараймайды, соққанда ірімейді және оны жіңішкерту оңай. Ұлттық зергерлік өнерге қатысты қолданылатын жоғарыдағы тіркестің мағынасына арқау болған «күміс тартқыш – күмісті жіңішкертіп созатын қалып, сым», білдіретін мағынасы – тегіс, жіңішке, мінсіз [61, 42 б.]

Әйел әсемдігінің құрамдас бөлігі саналатын зергерлік бұйымдар талғамсыз таңдалып, шектен тыс көрсеқызарлықпен тағылса, қанша әсем, қанша шебер жасалған қымбат дүние болса да, оның иесіне жараспайтын, үйлесімсіз болса, айналасындағыларға кері әсер тудыратын жағымсыз коннотацияда жұмсалатынын төмендегі мәтіндерден көруге болады:

Жас әйел бөксе жағын пешке қарай қапсыра тіреп жатыр екен. Саусақтарында істікке шанышқандай алтынды-күмісті сақина мұнша көп болар ма! Шашы дудырап кеткен, ұйпа-тұйпа. Семіруге, ұйықтауға әдейі арналып жаралған адамдай еке. (Ғ. Мүсірепов. Таңдамалы, 1-т., 106-б.)

Ой-бу, мен өзім түбі түскен күбідей салдырап жүріп, сіздермен таныспаппын ғой. Айжамал болады есімім. – Ол торлап жасаған, бұрмалап жасаған алтын жүзіктерді майшабақ сынды семізше саусағына қос-қостан мінгестірген қолын бәрімізге ұсынды. (К. Сегізбаев. Біз қалада тұрамыз. 10-б.)

Қазақ әйелдерінің шашына, бойына, қолына, сырт киімдеріне тағылған зергерлік бұйымдар өздерінің әсем ою-өрнектері мен таңғажайып үлгілерімен талайды тамсандырып қана қоймай, әйел сұлулығымен қоса оның таным-талғамынан, халықтың салт-дәстүрінен, дүниеге көзқарасынан хабар бере отырып, рухани мәдениетіміздің қалыптасып, дамуына ықпал етеді әрі оның жаратылысы нәзік әйелдер үшін қорғану қызметін атқаратындықтан, сакральды мәні бар екені де анық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет