Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
Журналдардың шығу тарихын зерттей отырып, мынандай тұжырымдар жасадық:
«Абай» журналы ұлттық идеяны насихаттады, халықтың саяси сауатын ашуға күш жұмсады, мәдени-ағартушылық ісін жүргізді. «Абай» журналы Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын зерттеуде үлкен үлес атқарады. Алаш қозғалысын зерттеу барысында өзіндік орны бар журналдың мазмұндық идеясы, санаға қозғау салған ұлттық бағыты бүгінгі тәуелсіз Қазақстан идеясымен сабақтас.
Ұлт баспасөзінің қалыптасу тарихында «Шолпан» журналының алатын рөлі зор. «Шолпан» халықты қоғамдық-саяси хабарларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әрі ағартушылық, әрі әдебиет пен мәдениетті насихаттау қызметін атқарды. Халықтың рухани қажеттілігін толтыру, әдеби шығармалармен сусындату мақсатында «Шолпан» журналының шығарушылары арнайы әдебиет бөлімін арнады. Оның нәтижесінде, қазақ әдебиетінің жауһар туындылары көпшілікке тарады. «Шолпан» журналы баспасөз тарихында саясат, шаруашылық, білім-мазмұнында шығатын журналдың үлгісін көрсеткен басылым болды.
«Таң» журналы қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық рухты, намысты оятуға үндеп, болашаққа бағыт-бағдар берген баспасөз жаршысы болды. Алға қойған мақсаты арқылы функциясын дұрыс атқарды. Араға жылдар салып, бір ғасыр уақыт өтсе де журналда басылған дүниелер өзінің құндылығын жойған жоқ.
«Қызыл Қазақстан» журналы кеңес дәуірінде шыққан басылым болса да, қазақ халқының сол дәуірде басынан кешкен оқиғаларын ел құлағына жеткізді. Әсіресе, аштық жылдары журнал халықтың хәлін, мұңы мен зарын ашық жариялады. Осы жолда аянбай халқына еңбек еткен алаш арыстары Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың күрескерлік қырларына тағы да көз жеткіземіз. Заманың қиындығына қарамай баспасөз арқылы халыққа қолдау білдірген қалам-қайраткерлері Ерғали Алдоңғаров, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасовтардың кісілік келбетін бағамдаймыз.
Мәскеу қаласы, «Күншығыс» баспасынан шыққан «Темірқазық» журналы туралы тұжырымдай келе, елден жырақ шықса да қалың қазақ елінің оқырмандарына тараған:
ұлт мәселесі көтерілген;
қазақтың саяси – тарихы тұрмысынан мәселелер қозғалған;
қазақ оқушыларының жәй-күйі, білім күші бағамдалған;
қазақ елінде мектептер қалайша құрыла бастау керек, еңбек мектебі дегеніміз не?, қазақ тілінің жазу мәселесі қалай шешілмек, деген ойларды қозғаған;
ауыз әдебиетінің үлгілері басылды.
Мәскеудің төрінен елге тараған «Темірқазық» журналы қазақ баспасөзінің тарихында ғана емес, оның қоғамдық сана соқпағының дамуында да өзгеше із қалдырды.
«Жас қазақ» журналы жастар арасында үлкен ықпалға ие болғанын бағамдаймыз. 1923 жылдың қазанынан жарыққа шыққан журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 саны жарыққа шықты. «Жас қазақ» журналы жастар арасында кең тараған, жастар мәселесін үндеу арқылы жастарға ой сала отырып, оларды жұмылдырып, армандарына қанат бітірген тұңғыш жастар журналы деуге негіз бар.
Аз ғұмырында артына өшпестей із қалдырған «Сана» журналының шоқтығы биік, өз заманының төрінен орын алған, болашаққа батыл қадам жасап, көрегендік танытқан бірегей басылым болғанын айтамыз. Журнал қазақ зиялы
қауымның мінбері бола білді. Журнал ғылым-білімнің көкжиегіне айнала алды. Журнал өзінің шықққан қысқа мерзімінде сол кезеңнің өзекті оқиғалары мен мәліметтерін айқын және нақты жариялаумен есте қалды.
«Шаншар» журналының пайда болуының әлеуметтік-қоғамдық һәм саяси алғышарттарын зерделеу арқылы қазақ елінің өтпелі кезеңдегі болмысының бүгінге дейін елеусіз келген тұстарын пайымдаймыз. Қазақ әдебиетінің сатиралық жанрларының журналдық нұсқаларының бастауларына барлау жасау мүмкіндігіне ие боламыз. Көсемсөздің сатиралық туындыларына ғылыми екшеу жүргіземіз. Сол кездегі қазақ зиялыларының шығармашылық ізденістеріне қанығамыз. Ең бастысы – мәдени-рухани тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырамыз.
Тұңғыш педагогикалық «Мұғалім» журналында жарияланған мақалалардың тақырыптық-идеялық және құрылымдық сипатын бағамдағанда біз мынадай ой түйеміз: журнал кәсіби қазақ баспасөзінің алғашқы ізашарларының бірі, ұлттық оқу-ағарту бағытындағы алғашқы журнал, баспасөз мәдениетін қалыптастыруда өзіндік тарихи орны бар журнал, тұңғыш педагогикалық басылым.
ХХ ғасыр басындағы баспасөз беттерінде оқу- ағарту жұмыстары, әдеби шығармалармен таныстыру жүргізілді, қазіргі ұрпақ үшін өшпес мұра болып табылатын тарихи оқиғалар, құбылыстар, ақпараттар жарияланды.
Диссертациялық жұмыс қазақ баспасөзі тарихының көкейкесті кезеңі туралы жан-жақты ғылыми сараптау жасайды. Өз заманының рухани сұранысын ақтағанын айғақтайды. Ғылыми зерттеу барысында қазақ баспасөзі тарихының өткені мен бүгінінің сабақтастығын көрсетіледі, оның жаңа ұрпақты ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеуге әлі де қажет екендігі тұжырымдалады.
Достарыңызбен бөлісу: |