«Тәуелсіздік аңсары және рухани түлеу» (Ақын Т. Медетбектің « Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы.
Ақын Темірхан Медетбектің «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы еліміздің өміріндегі тұтас бір кезеңді, үмітті де ауыр шақты, өтпелі де қиын кезеңді бүкіл жарық-көлеңкесімен, жақсы-жаманымен, қуаныш-қайғысымен қаусыра қамтыған туынды. «Ашуымды сапырып, // намыс мені жеңгенде - // ұлы Каспий аһ ұрып// толқып тұрар кеудемде» /46, 95/,-деп өзі айтқандай, бірде тыншыған, бірде күрсінген алып тынысы сезіледі. Адам – Қоғам – Заман – Уақыт дейтін ұлы ұғымдардың мән-мағынасын, тақырып-мазмұнының сыр-сипатын ашуда ақынның бұл еңбегі күрделі де кесек шыққан. Жылдар ғана емес,сол жылдарда туған жылдар да тағдырлы.
Жыр жинағының тақырып аясы кең. Оны лирикалық қаһарманның көңіл-күйімен ғана шектеуге келмейді. Мұнда заман, қоғам ғасыр алмасулармен тұспа-тұс келген оқиғалар сапырысы да; дәстүр, сабақтастық, үйлесім үзілген тұстағы көңіл ауанындағы құлазыған, дағдарған сенделістер де; өткелі қиын өтпелі кезеңнен шығар жол тауып, ел егемендігімен сенім нықтаған серпелістер мен сілпіністер де психологиялық нәзік иірімдерді дөп басу арқылы, санадағы сәулелердің қым-қиғаш қозғалыстары арқылы ашылған.
Автордың «Бұл кітаптың көлемі шағын бола тұра, он жыл жазылды» ,-деуінің астарында қаншама төгілген тер, бейнетті айлар, жылдар, уақыттың, дәуірдің дидарындағы құбылулардың суреті, жан толғаныстары – қуану, күйрігу, торығу т.б. жатқанын бағамдауға болар. Ол үшін әрбір өлеңнің кездейсоқ дүниеге келмегенің әрбір шумақтың бойында қаншама мұң мен шер ұялап қалғанын түсінуген жөн.
Уақытпен үзеңгі қағыстырып қана қоймай, оза шабу үшін ақынға керегі – ұшқырлық. Ақын Темірхан Медетбек жырларында жарықтың жылдамдығы бар, уақыттан озатын ұшқырлық бар. Мезгіл мезеттерінің тамырын дәл басып, асығыс алға ұмтылу бар.
« Егемен Қазақстанның» бірінші бетінде, «Қазақ әдебиетінде» т.б. баспасөзде жарық көрген болатын. Енді кітапқа кіргеннен кейін сол жырларды қайталап оқып, көрсек, үлкен дүниеге кірпіш болып қаланып кетіпті. Ақын елдік мұрат, ұлттық мүдде, халық қамы дейтін мәселелерге қатысты ой-толғаныстарын өлеңмен өріп жеткізуге өте шебер. Ондайда қарабайыр хабарлаудан ада, астар мен ишара, образды ойлау алға шығады. « Ақындық сана обьективті өмірдің жадағай көшірмесін емес, оның өзгерген, қайта қорытылған бейнесін, образды бейнесін жасайды. Осыған орай, ақынның қалай жазғандығы туралы сөз, бедгілі дәрежеде, өлеңдегі суреттілік туралы сөз болып шығады, - дегенде ғалым Жанғара Дәдебаев осындай көркемдік шарттардың болуын алға тартады.
... Бұлт болып шегірткелер қаптап ұшып,
Жалмауда астығымды, шалғынымды .
... Қаптаған шегірткедей өтіріктен
Ақ арман, жасыл үміт қырқылуда .
Бұл күнде ұлтым менен ұлы далам
Түсіп тұр шегірткелер талауына! .
Бұл үзінділерден ойдың қалай дамығаны, логиканың қалай өрбігені, ақиқат қалай айтылғаны айқын аңғарылып тұр. Дер кезінде ауыздан шыққан сөз – дәл көздеп атылған мылтықтың оғы тәрізді нысанаға дөп тиген.
Достарыңызбен бөлісу: |