Бақылау сұрақтары:
1.Жанат Ахмадидің «Ай-тұмар» романындағы Жарылқап би Дәует, Байғазы би обр аздарының бейнеленуінің ерекшеліктері қандай?
2.Жолтай Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы» роман-дилогиясындағы Нарша және оның ұрпақтарына мінездеме жаса.
Пайдалынылатын әдебиеттер.
1. Ахмади Ж. Ай-түмар: Тарихи-деректі роман. - Алматы: Мирас, 2009.
2.Әлмашүлы Ж. Күлкі мен көз жасы. - Алматы: Арыс, 2007. - ...б.
3.Қазақстан: ¥лттық энциклопедия. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. - 3-т. - 720 б.
4.Рүстемов Л.З. Араб-иран кірме еөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. - Алматы
Лекция 9.
Тақырып: Қазіргі қазақ прозасындағы деректілік сипат мен көркемдік жүйе.
9.1 Қазіргі деректі романдардағы тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, эпикалық баяндау, диалог, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттерді енгізу т.б. ерекшеліктері. (Б.Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы», Т.Ахметжан «Ақиқат жолы», М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы»)
9.2М.Байғұтұлы, Ж.Қорғасбек т.б. шығармаларындағы желтоқсан ызғары.
1. ҚАЗІРГІ ДЕРЕКТІ РОМАНДАРДАҒЫ ҮРДІС ЖАЛҒАСТЫҒЫ МЕН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР
(Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» деректі романы негізінде)
Кіріспе
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихының кеңістігіндегі шығармалардың реалистік сипатына негіз болған ерекшелік – деректілік. Деректілік – өнер туындыларының барлығын да адамдардың қабылдау дүниетанымын танытатын өмір шындығының көрсеткіші. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәңгі қозғалыстағы өзіндік дамуы жолындағы ұрпақтар жалғастығын әдебиет туындыларында эпикалық кеңдікпен қамтуда деректер жүйесі ықпалды орын алады. Деректер жиынындағы материалдар аясында қаламгерлердің қиялынан туындаған тұжырымдары да тиянақты дәйектелгендіктен сенімді, нанымды беріледі. Қазақ әдебиетіндегі деректі романдардың жазылуында да осындай ұстаным сақталады.
Қазақ әдебиетінде классикалық үрдістер деңгейіндегі жетістіктері -ұлттык және жалпыадамзаттық көркемдік ойлау дүниетанымы сабақтастығының көрінісі. XX ғасырдың белестерінде казак әдебиетінің осынша кемелденген көп жанрлы сипаты Кеңес Одағы көлемінде кеңінен танымал болғандығы мәлім. Көптеген ақын – жазушылардың шығармалары әлем халықтары тілдеріне аударылып таралды.
XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті дамуындағы шығармалардың, әсіресе прозалык туындылардың тарихи шындык пен көркемдік шешім мәселелерін игеруі, қаламгерлердің шеберлікке шыңдалу ізденістерін танытты. Бұл орайда, академик С. Қирабаевтың осы кезең әдебиеті шығармаларын шынайы бағалаған пікірінің ғылыми-методологиялық негізділігі айқын: «Қазақ әдебиетінің тарихи шындыкқа тәнтілігі, көркемдікпен шешуге ұмтылған проблемаларының молдығы мен тереңдігі прозада түрліше стильді, формаларды туғызуда. Өмір шындығын пайымды да терең қамтитын эпикалық үлгілерге қоса, жеке адамның нақты өміріне құрылған роман, повестер де, кейіпкердің монологына негізделген сыршыл лирикалық шығармалар бұл күнде жиі кездеседі. Публицистика мен очерк романға да, повеске де біртіндеп кіріп барады. Көркем шығарманың нақты өмірмен байланысын көрсетуде документтіліктің де ролі артуда. Әдебиеттің зерттеушілік қызметінің, белсенділігінің өсіруімен байланысты туған мұндай формалар тек жанрлык белгілерді ғана қамтымайды.
Жазушының стиліне, суретшілігіне де едәуір әсер ете бастады. Шындықты кең алып, баяу, мол тыныстылықпен суреттеу үлгісіне характердің ішкі сырына үңілетін психологиялық тереңдік пен философиялық ойшылдық қосылды. Тарихи шындықты дәлдікпен көрсете отырып, өмірдегі өзгерістерді толық, көркемдікпен бейнелеу, оның маңызды-маңызды проблемаларын дөп баса білу, сол негізде коғам дамуының заңдылыктарын дәлелдеу...толысқан суреткердің ғана қолынан келмек» [1, 39 б.]. Қазіргі казақ романдарындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы мәселелерін саралауда ұстаз – ғалым тұжырымдарының әрқашан да маңыздылығы айқындалады. Шынында да, казақ әдебиетіндегі әлемдік деңгейдегі көркемдік талаптарды игеру ізденістері Қазақстанның жаңа тарихының кезеңіне ұласты. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі роман жанрындағы шығармалар – әлемдік классикалық үрдістер жетістіктерін меңгерген рухани құндылықтарымыз.
Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Ж.Дәдебаев «Жазушы еңбегі» (2001) атты кітабында көп ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің проза саласындағы көрнекті туындыларын жазған қаламгерлердің шығармашылық психологиясынан туған көрнекті романдар поэтикасының болмысын саралай бағалайды. Зерттеуші қазіргі қазақ жазушылары шығармаларының мәңгілік туындылар қатарында ұрпақтардың игілікке айналуы жолындағы тарихиәдеби үдеріс сабақтастығын негізге алады. «Қазіргі қазақ романы тарих бетінде сақталған белгілі оқиғаның болған жағдайы оның басты қозғаушы күштерін саралап талдай отырып, соның бәрінің логикалық және психологиялық дәлелін, жүйесін көркемдік заңдылықтарына орай анықтайды. ... Тарихи шындықтың дәлелдігін сақтай отырып, оған белгілі бір ой, мағына жарығын терең әрі шебер екшеп түсіру өмірлік құбылысты терең және жанжақты ғана емес, сонымен бірге мүлде жаңа қырынан тануды қамтамасыз етті... Жазушының ойлау парасаты мен шеберлігі жоғары суреткерлік тұрғы биігінда тоғысып, парасат шеберлікпен, шеберлік парасат байлығымен ұштасқанда, әдеби шығармаға қойылар басты шарт – тарихи шындығы мен жазушы еңбегі арасында әсем келісім, көркемдік жарасым салтанат құрады» [2, 12 б.].
Қазіргі қазақ романистикасындағы деректі шығармаларда сөз өнерінің ежелден қалыптасқан тарихилық негіздері дамытыла түсті. Қазақ тарихының аса көрнекті тұлғалары мен күрделі оқиғалары мол кезеңдердің қоғамдық-әлеуметтік шындығын қамтитын деректі романдар жазу дәстүрі қазақ әдебиетіндегі тарихилық-құжаттық сипаттағы туындылардың кеңінен өрістеген үрдісін нығайта түсуде. Жазушылар қазақ сөз өнері мұраларының әуелгі қалыптасу, даму бастауларындағы байырғы Наука и жизнь Казахстана. №3/3 2020 337 түркі өркениеті жазба ескерткіштеріндегі негізі қаланған, одан кейінгі шежірелік-тарихнамалық жәдігерліктерде жалғасқан, XIX–XX ғғ. жазба кәсіби әдебиет прозасында дамытылған деректі шығарма жазу жолын кең көлемді эпикалық тыныспен жазу арқылы молайта түсті.
Қазіргі қазақ әдебиеттануы ғылымында да осы жанрдағы шығармалар поэтикасының табиғатына берілген нақты тұжырымдар (Т.Бекниязовтың пікірі) деректі романдардың сипатын айқындауға бағдар береді: «Деректі жанр – өмірде болған нақтылы жайларды анық мәлімет, айқын деректерге сүйеніп бейнелеу тәсілі қолданылатын көркем туындылар. Деректі жанрда әдеби шығармаға тән көркемдік сипаттар, өмірдегі нақтылы шындық баяндалып отырған жай-жағдайлар автордың ой-елегінен өткізіліп,оның сезім әсерлерімен нәрленіп шығуы арқылы танылды. Яғни, нақтылы жайлар, жеке фактілер жинақталып, қорытылып, типтік дәрежеге көтеріледі. Әрине, кез келген дерек шығармаға арқау бола алмайды. Маңызды өмір құбылысын, адам мінезінің елеулі өзгешелігін танытатын жайлар, деректер ғана жазушы назарын өзіне аудара алады» [3, 78-79 бб.]. Әдістеме. Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Сонымен біз тәуелсіз мемлекет құрдық. Өз тарихымызда тұңғыш рет осындай қалыпта, осындай аумақта құрдық. Біздің уақытымыздың бұлжымас фактісі, міне, осы!» [4,93 б.], – деген сөздері ғалам кеңістігінде уақыт бейнесінде таңбаланып қалған тарихи сөздер. Осылай паш етілген Тәуелсіздіктің бейнесі қазақ әдебиетінде суреттеліп, ол құндылық дүние өз кезегінде әрбір қазақтың, оның ішінде жас ұрпақтың рухани қазынасына айналуы – тек ақын – жазушылар мен драматургтердің ғана міндеті емес,көп ретте,әдебиетті жастарға оқытатын оқытушылар мен оқытуды ұйымдастыратындарға байланысты.
Қазақ әдебиетінің қазіргі дамыған болмысында тарихи тақырыптар да, қазіргі уақытта өзекті болып отырған тақырыптар да, дүние жүзіне тереземізді тең еткен Елбасымыз Н.Назарбаевтың тұлғасы да, Ата Заңымыз, қазақ деген ұлттың «мәдени формуласына» айналған Мемлекеттік рәміздеріміз, Елорда, Бәйтерек бейнелері де жақсы дәрежеде өз орнын алып келеді. Отаншылдық сезім, атамекенді қастерлеу – қазақтың тарихты сүю ерекшелігінен туындайтын қасиет. «Тарихты сүю (историясофизм)–белгілі бір дүниетанымдық негіздегі тарихтың тұтастық тұжырымдамасы» [5,117 б.]. Өз Отанын, туған жерін, елін, барлық қуанышы мен қасіретін таңбалайтын тарихшылар мен әдебиеттегі ақын-жазушы, драматургтердің ерен еңбектері назар аударуға лайық. Нәтижелер. Қазақ романдарының тарихилық негіздерін құрайтын кезеңдер шындығын қамтыған осындай жанрдағы шығармалар қатарында С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мұстафинннің «Көз көрген», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Т. Жұртбаевтың «Дулыға» [6, 7, 8.], Д. Досжановтың «Абақты» [9] және т.б. шығармалар деректілік сипатының молдығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі деректі романдар да тарихилық негізділікті мол қамтитындығымен бағаланады. Ал, нақтылы деректілікке негізделген шығармалар қатарында жазушылар Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» (роман-толғау), Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» (роман-диалог), Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» (деректі роман) туындылары айрықша дараланып көрінеді. Бұл романдарда XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихының материалдық және рухани мәдениет салаларындағы даму оқиғалары, кеңестік кезеңнің жетістіктері мен кемшіліктері, көрнекті тарихи қайраткерлердің әрқайсысына тән даралық сипаттары, қоғамның, мемлекеттің, әртүрлі шығармашылық, шаруашылық ортаның қарым-қатынастарындағы қайшылықтар мен қақтығыстар – бәрі де нақтылы өмірлік деректер бойынша баяндалады.
Талқылау. Жазушы Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» (1992) атты эпикалық шығармасына «Роман-толғау» («Айтылмай келген шындық») атты қосымша тақырыптық атаулар қосыла беріліпті. Роман мынадай бөліктерден тұрады: «Кітаптың жазылу тарихы», «Алғашқы кіріспе тараулар», «ЦК-ңызда не жаңалық?», «Өзгеріс пе жоқ, төңкеріс пе?», «Дауды Есенберлин бастап, Достоевский шиеленістірді», «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты», «Біздің жақ» пен «Бөтен жақ», «Жаяу көкпар немесе сыйлықтар туралы бірер сөз», «Қуғынға түскен кітаптар», «Партиялық стиль және адам», «Көсемдер портреті» атты тақырыптармен 338 Қазақстанның ғылымы мен өмірі. №3/3 2020 белгіленген бөліктерде өзінің көзімен көрген оқиғаларды, адамдарды қамтып жазған.
Романның алғашқы «Кітаптың жазылу тарихы» бөлімінде автор осы деректі роман-толғау шығармасының жазылуына негіз болған өзінің еңбек жолындағы тәжірибеде жинақтаған қызмет істеген орындарын, араласқан адамдарды айта келіп, осы туындысының мақсатын айқындап айтады: «Бірер жыл бойы Алматы қалалық партия комитетінде, Қазақстан КП Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде, Қазақстан Жазушылар Одағында жұмыс істедім. Сондағы көрген-білгенім, алған әсерім, ойларым осы кітапқа енді. Талай жылдар осы салада еңбек еткен соң, қазақ әдебиетінің белді өкілдерімен, белгілі ақын-жазушыларымен бірге жұмыс істедім, бірге ел аралап, ұзақ әңгімелесіп, пікір таластырған да кезіміз болды. Мысалы,Ғ.Мүсіреповпен, Ғ.Мұстафинмен туған ауылдарында болып, талай күн ел аралап, талай қызық та тартымды әңгімелерін тыңдап, талай қылықтарының, ұлы жазушыға тән қасиеттерінің куәсі де болдым. Арамызда қанша жас айырмашылығы болса да Есенберлинмен бірде ренжісіп, бірде татуласып, қанша жыл жолдас болдық. Бұл да бір өз алдына жатқан ұзақ әңгіме. Бірақ мен мұның ешқайсысын әңгімеге арқау етпеймін. ... мен тек ресми жағдайларға, Қазақстан Жазушылар Одағының партия ұйымдарымен байланысына ғана тоқталмақпын. Куә болған жайларды, оқиғаларды сол көрген күйінде өз түсінігім бойынша баяндап шықпақпын. Сол жайларға өз пікірімді, өз қатысымды білдірмекпін. Бұл естелік емес, өткен күн, өткен жолға көз салғандағы кейбір өкініш, күрсініс сияқты» [10,19 б.].
Қазақ әдебиетіндегі эпикалық әдеби тек жанрындағы шығармалардың нақты деректермен тұтас өрілуі – тарихи кезеңдер келбетінің шынайы көрсеткіші. Деректі романдардың кең көлемді, мол тынысты сипатынан уақыт пен кеңістіктегі халықтардың, олар өмір сүріп отырған мемлекеттердің, ондағы көрнекті тарихи тұлғалардың материалдық және рухани-мәдениет салаларындағы еңбектері шынайы болмысымен қамтылады.
Деректі шығармаларда өз уақытында халыққа танымал тұлғалардың ұрпақтарға өнеге болатын үлгілі жақсы істері де, адамгершілік-имандылық, ізгілік ұлағатын танытатын істері де шынайы деректі қалпымен көрінеді. Деректі шығармаларда халыққа көрнекті қызметімен танылған тұлғалардың әрқайсысында пенделерге тән кейбір адамдарға жақпаған өзіндік қайшылықты қылықтары да айтылады. Тарихи тұлғалар – адамзат қауымындағы дара қызметтері тағылымымен ерекшеленетін адамдар. Тарихи дамудағы жеке адамдардың мемлекеттік қызметтері, шығармашылық көрнекті туындылары, қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортамен қарым-қатынастары – бәрі де өмір қозғалысы заңдылық-тары аясында өрбиді. Қазақ тарихының аса күрделі оқиғаларға толы XX ғасырдың 70-80-жылдарындағы кезеңіндегі саяси идеологиялық бақылау орындары мен Қазақстан Жазушылары Одағы арасындағы қарым-қатынастарды деректі прозаның роман-толғау жанрындағы эпикалық туындымен қамтып жазуда қаламгер шындық туралы өзіндік көзқарастарын халықтық бағалаумен сабақтастық тұрғыда баяндауға тырысқан. Роман желісіндегі эпикалық баяндауға негіз болған ұйым – Қазақстан Жазушылар Одағы мен оның басшылар. «Тұйық өмірдің құпиясы» роман-толғауында басшылардың ішінде Әди Шәріповтің, Әнуар Әлімжановтың, Жұбан Молдағалиевтің, Олжас Сүлейменовтің Қазақстан Жазушылар Одағын басқарған кезеңіндегі қызметтерін атқаруына байланысты оқиғаларды қамтып жазған. Романда Қазақстан Жазушылар Одағын 1966-1971 ж.ж. басқарған Әди Шәріповтің атқарған қызметі кезінде қаламгерлерге жасалған жақсылықтары автордың және роман кейіпкерлерінің (Қабдыкәрім Ыдырысов, т.б.) баяндауымен беріледі.
Әди Шәріпов Жазушылар Одағын басқарған кезде мынадай оңды нәтижелер болғанын оқимыз: біріншісі – Жазушылар Одағы қызметкерлері үшін бес қызмет машинасы жаңа штаттық орындар алып бергені, консультант-кеңесшілер санын көбейткені; екіншісі – қызметкерлердің көркем аудармашылық жұмыстарындағы жолма-жол аудармаға Одақтан қаржы бөлінуін, төленуін іске асырғаны; үшіншісі – бос жүрген жазушыларды қызметтерге тұрғызғандығы, президиум мүшелеріне қала шетінен тәуір жерлерден саяжайлық орын алып, соның жанынан шығармашылық үйдің құрылысын бастағаны қаламгерлер үшін Мәскеудегі әдеби қордан үй салуға қаржы сұрап алып, көп пәтерлі үй салуды жобаға енгізгені.
Қазақстан Жазушылар Одағы – біздің ұлттық сөз өнерінің бұрынғы-соңғы мұралары үрдісін әлем өркениеті деңгейінде дамытуды, танытуды жүзеге асырып келе жатқан шығармашылық ұйым. Деректі роман-толғаудың кейіпкері тұғырында тұлғаланған Әди Шәріповтің Жазушылар Одағын Наука и жизнь Казахстана. №3/3 2020 339 басқарудағы ұйымдастырушылық еңбегінің көрсеткіштерін саралай келіп, автор мынадай өзіндік қорытынды жасаған: «Әди Шәріповтен кейін Одаққа басшы болып келгендердің бірде-бірі Одақ үшін, Жазушылар үшін мұндай жұмыс жасаған жоқ. Әди бастаған құрылыстардың өзін талай жылға созып, зорға бітіріпті. Көбі сол өз шаруасын, өз кітабын, өзінің атақ-дәрежесін көбірек ойлап, сол жолда аянбай қызмет етті. Одаққа да, жазушыларға да дәл жаңағыдай қамқорлық, жақсылық жасалған жоқ» [10, 53 б.].
Романда осы майдангер-жазушының, іскер ұйымдастырушы басшының Жазушылар Одағын басқару қызметінен әртүрлі сылтау, айыптаулар ұйымдастырылып, алынып тасталады. Жазушы Б.Тілегенов Қазақстан Жазушылар Одағының Ә.Шәріповтен кейін басқарған Ә.Әлімжановқа да, Ж.Молдағалиевке де, О.Сүлейменовке де тағылып, олардың орындарынан алынуларына себепкер етілген олқылықтардың ортақ екендігін, аталған кемшіліктердің ешқашан жөнделмейтін шындығын да атап көрсетеді. Жазушы барлық кезеңде де, қандай адам басқарғанда да орын алатын тұрақты айтылатын сынның нысанындағы кемшіліктерді тізбелейтін арызқойлардың ешқашан да өршеленген пиғылдарынан айрылмайтынын айтады. Деректі прозалық романның кейіпкерлері – тарихи тұлғалар. Жазушы Әди Шәріповтің ешкімді ренжіткісі келмейтін кеңпейілділігін, мемлекет басшылығы ұйғарған барлық қызметтерді де абыройлы атқаруға тырысатын тиянақтылығын аша білген. Ал, одан кейін Одақ басшылығына келген Әнуар Әлімжановты да өзіндік ерекшеліктерін саралап көрсетуге ұмтылған.
Ә.Әлімжановтың басшылығы кезеңдегі ол ықпал етіп, баяндамаларында көтерген өзекті мәселелер қаламгердің уақыт шындығының деректі тағылымын байқатады. Автор Әнуар Әлімжановтың қазақ халқының біртұтастығын ойлаған ұстанымына, қарамағындағы әріптестеріне жерлестік, ағайыншылық байланыстар тұрғысынан қарамайтын ірі мінезділігіне жоғары баға береді. Көркем шығармаларымен, мемлекеттік-қоғамдық қызметімен ел тарихына елеулі еңбек сіңірген адамның жеке басының мінез-құлық ерекшеліктерін қаз-қалпында баяндауынан да өмір шындығының болмысын танимыз: «Әнуардың мінезі құбылмалы. Сондықтан мінезі жеңіл, жайлы еді деп айта алмаймын. Көп адам мұнысын ұшып-қонба жеңілтектік деп жүрді. Бірақ бұл алдамшы әсер еді. Әнуар ретіне қарай ұяң, жұмсақ та бола алады, керек кезінде ашушаң, қызба, ерегеспе де болып кетеді. Ерегесіп қалғанда ашуға жеңдіріп, қызбалыққа салынып, жанжалдасып, шекісуге дейін барған кездері болды. Ал, өзі қатарлы, өзінен үлкен адамдармен осылай таласып жүргенде, кейде алдына келген жас жігіттерден, құралпастарынан именіп, артық-ауыс сөздерге бара алмай, қипақтап, қиналған кездерін де көрдім. Бұл да кейбіреулерге ұнаса, кейбіреулерге ұнамайтын еді» [10, 251 б.].
Жазушы – адамдар арасында табиғи дарынымен, қабілетімен даралана жаратылған айрықша тұлға. Ә.Әлімжановтың Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы, Республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Ұлт Кеңесі төрағасы қызметтерін атқарғаны, Азия және Африка елдері ақынжазушыларымен достық байланыстары жөніндегі ұйымдарға мүше болғаны, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты болғаны, очерктері мен әңгімелері, повестері мен романдары қазақ және орыс, т.б. елдерде жарық көргені – бәрі де ұлт мәдениеті тарихының көрнекті көрсеткіштері. Романда қаламгерлігі мен қайраткерлігі тұтасқан тұлғалардың қоғамдық-әлеуметтік ортадағы жетістіктері де, кемшіліктері де өмір қозғалысы шындығы аясында көрсетіледі. Қазақ ұлтының тағдырына азаматтық-күрескерлік көзқараспен еңбек еткенін атап көрсеткен: «Әдебиеттегі тарихи жанрды жан-жақты жетілдіру керек екенін айтып, «Халық өзіне керегін өзі таңдап алады» деп тарихи тақырыпты бірінші кезекке қойғандай болды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің бағдарламасын орынсыз қысқарту, астанадағы қазақ тіліндегі жалғыз балалар бақшасының жағдайы, тағдыры, қазақ тілінде кешкі газет шығару керектігі туралы мәселе қозғады. Бұл да жоғары орын өкілдеріне ұнамай қалды. Әнуар тарихи тақырып жөніндегі Ахтановтың пікіріне арнайы тоқтап, оның қазақ әдебиетінде ұлтшылдық тенденция бар деген пікіріне қарсы шықты» [10, 93 б.].
Деректі шығармада қалың жұртшылыққа беймәлім оқиғалар, тартыстар қамтылады. Жазушы оқырмандарының ықыласына, тілегіне орай, шындықтың тап өзін баяндай отырып, сюжеттік бөліктердегі тарихи тұлғалардың қызметіндегі, мінез-құлық қасиеттеріндегі әртүрлі ерекшеліктерді деректер арқылы дәйектей отырып, бағалануын оқырмандардың өз үлестеріне қалдырады.340 Қазақстанның ғылымы мен өмірі. №3/3 2020 Романдағы белгілі ақын-жазушылардың, мемлекет басшыларының әрқайсысының өздеріне тән қызмет бабындағы жұмыс істеу мәнерін, дағдысын, адамдармен қарым-қатынастары мәдениетін айқындайтын баяндаулардың негізінен мінездеу түрінде берілетінін көреміз. Кейіпкерді мінездеу – көркем шығармалардағы басты көркемдік тәсілдердің бірі, Жазушылар тарихи деректі оқиғалардың ортасында жүрген тарихи тұлғалардың адамдармен қарым-қатынастарын, әрқайсысының әр алуан көңіл-күйде болуын бейнелегенде өмірлік құбылыстарға тән сан алуандықтың, тіршілік құбылыстарының әрі үндес, әрі өзара ұқсамайтын қасиеттерін, қайшылықтарын саралайды, даралайды.
Мысалы, оның осы романдағы басты кейіпкерлердің бірі, қазақ ақын-жазушыларының ұйымы, Қазақстан Жазушылар Одағын 1971-1979 ж.ж. басқарған, көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтың қызмет бабындағы қалпын, мінез-құлқын нақты деректермен баяндауынан қарапайым тіршілік қозғалысындағы адам психологиясының күрделілігін аңғарамыз. Жұбан – қазақ тарихының аса көрнекті қайраткерлерінің, отаншыл азаматтарының бірі. Романда Жұбанның Алматыда Л.И.Брежнев келгендегі салтанатты жиналыстағы құттықтау сөздерін солғын, көңілсіз оқуы да оның жан әлеміндегі отаршылдық озбыр өктемдікке қарсылық көрінісіндей ұғамыз. Ақын-қайраткердің 1986 жылғы Желтоқсан ұлттық-азаттық көтерілісіне қатысқан қазақ жастарының азаматтық намысын қорғап, әміршіл жүйенің алдында айтқан сөздері ұлт тарихындағы күрескерлік-азаматтық ұстанымының мәңгілік жалғастығын дәлелдеді. Жазушы Б.Тілегеновтің романында ақын-қайраткердің «Мен қазақпын» публицистикалық поэмасын халықтың жатқа айтатынын, 1986 жылы Қазақстан Жазушылары Одағында өткен мәжілісте Колбиннен тайсалмай айтқан сөзін келтіре кеткені артықтық етпес еді. Жазушы осы деректі романында Ж.Молдағалиевтің қызмет барысындағы кейбір олқылықтарын, кемшіліктерін (жерлестікті, тамыр-таныстықты, т.б.) айта отырып, мемлекеттік қызмет атқарудағы жетістіктерін атап көрсетеді: «Жұбан қолынан келгенше Одақ жұмысын жандандырып, қызықты да мәуелі етуіне бар күшін салды. Жұбанның ең басты еңбегі – талай жыл бойы басы бірікпей, жан-жаққа жамырап, бытырап келген қалың топты иіріп, ынтымақтастырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қызықты дәуірді орнатам деген әрекеті болды. Бұл оның шын ниеті, ізгі тілегі еді. Соған адал сеніп, қолынан келгенінің бәрін жасауға тырысты... Бұл Жұбанның бір жағынан жақсы ниеті болса, екінші жағынан үлкен қателігі еді. Бұл топ қанша айтсақ та «консолидация» деген сөздің мазмұнын да, мағынасын да білмейтін еді. Жұбанның екінші бір ізгі қадамы – бүкіл республика бойынша қазақ әдебиетінің күндерін өткізді» [10, 278 б.].
Бүкіл халыққа ортақ қызметті атқару – тарихи тұлғаның қызметіне берілетін мәңгілік бағалауды қалыптастыратын өлшем. Тұрмыстың барлық салаларында жүрген қызметтерді атқарушылар өзінің адамгершілік ар-ұятымен ұрпақтардың мәңгілік өнегесі боларлықтай тағылымды жолынан айнымауы тиіс. Жалпы халықтық мәні бар қызмет лауазымына ие болғандардың немесе белгілі маман ретінде өмірдің көрнекті саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бәрі де өзіне тікелей қатысы бар адамдарға тек қана әділетті ісімен ғана өнеге бола алады. Деректі роман авторы шығарма арқауындағы тарихи қайраткерлердің қызмет лауазымдарын атқаруындағы жетістіктерін де, кемшіліктерін де жүйелей баяндай отырып, өзіндік бағалауларын да халық ықыласымен сәйкес беруге тырысады. Өмір шындығының қайталанбас сәттерінде оқырмандарын да сондай олқылықтардан аулақ болуға шақырғандай салыстыру басқалауларын ұсынады: «Осы арада Әнуар мен Жұбанды салыстыра кетпеуге тіпті шараң жоқ. Әнуардың артықшылығы ма, жоқ кемістігі ме, кім білсін, әйтеуір маңайындағы жақын тартқан жігіттеріне, ауылдастарына, мүдделестеріне лауреат атағын алып берем, таңдамалыларын шығарам, жайлы орындарға орналастырып, пәтер алып берем деп білек сабынып әрекеттенген жоқ еді. Ал, Жұбан деген бұл шаруалар бірінші кезекте тұрды. Осының бәрі көзге түспей тұра ма, жұрт оны сезбей ме. Жаңағы бүкіл жазушыны ынтымақтастырам деген ниеті зая кетті. Жаңағыдай қылықтары оның бәрін жуып-шайып, жоққа шығарды» [10, 270 б.].
Тарихтағы жеке адамдардың халыққа арналған қызметтерінде осындай күрделі қайшылықтардың болатыны да белгілі. Олардың өздерін қаумалаған қоғамдық-әлеуметтік ортаның ықпалдарын қабылдауда жалпыхалықтық-ұлттық мүдде, азаматтық-отаншылдық ортақ тұғыр үдесінен шығатындай деңгейде болуы да адамдар ортасында әртүрлі қабылданатыны, бағаланатыны мәлім. Деректі Наука и жизнь Казахстана. №3/3 2020 341 шығармаларда тарихи тұлғалардың қалың жұртшылыққа белгісіз мінез-құлық дағдылары, адамдармен қарым-қатынастарындағы біреулерге жағымды, біреулерге жағымсыз болып көрінетін іс-әрекеттері – бәрі де өмір шындығы деректері қалпымен ұсынылады. Деректі шығармаларда өмір қозғалыстарының, құбылыстарының осындай сан алуандығы бүкіл кешенді сипатымен мол қамтыла қарастырылады. Қазақстан Жазушылар Одағын 1979-1983 ж.ж. басқарған Олжас Сүлейменовтің де сол жылдарға дейінгі және басшы болған кезіндегі өзіндік қайраткерлік-ұлтжандылық болмысын романның деректік сипатынан танимыз. Олжас Сүлейменов – қазақ поэзиясында романтикалық және реалистік сарындар тұтастығының жаңа үлгілерін туындатқан көрнекті ақын. Деректі романда XX ғасырдың 70-80-жылдарындағы Олжастың шығармашылық тұлғасынан Одақты басқарған кездегі қызметіне байланысты оның талай-талай қақтығыстарға ұшырағанын, өзіне күншілдікпен өршелене қысым жасаған Колбиннен, Камалиденовтен ықпаған қайсарлығын көреміз.
Деректі романдағы Олжасқа берілетін мінездеу тарихи тұлғаның даралануын аша түседі. «Олжас – өр мінезді тәкаппар жан. Үлкен күреске, ашық айқасқа, маңызды мәселелер жөнінен тайсалмай, шайқасуға дайын болғанмен, ұсақ-түйек, жымысқы қылық, астыртын әрекеттерден тайсалып, жасып қалатын да әдеті бар. Ашық күрестен тартынбағанмен, бұғып жатып шалысуға жоқ еді. Үлкен мәселеде тайталасқанмен, ұсақтықтың алдында мүдіріп, жасып қалатын. Осындай ұсақ-түйек жаламен жармасқан кезде, күйреп, күйзеліп отырғанын талай көрдім» [10, 300-301 бб.]. Романда ақындығы мен мемлекеттік – қоғамдық қайраткерлігі егізделген Олжастың шығармаларындағы, ұлттық отаншылдық көзқарастарындағы, басшылық қызметтегі халықшыл қарапайымдылығы, адамгершілік-қайырымдылық қасиеттері, т.б. – бәрі де автордың уақыт шындығын көзімен көріп, көңіліне түйгендері арқылы байыпталған. Осы деректі романда баяндалғандай орыс тілді ақын Олжас Сүлейменовтің туындыларында атабабалық рухтыққа беріктігін романтикалық биік сарынмен жырлауы қазақ оқырмандарына аударма арқылы жетсе де, қалың жұртшылық оны қазақтың нағыз ұлт ақыны ретінде бағалағаны да ақиқат. Романдағы Олжастың гуманист-отаншыл қаламгер тұғырындағы көзқарасы қазақ қаламгерлері туындыларында орыс ұлты өкілінің образы болуы тиіс деген идеологиялық солақай талапқа қарсы айтылған пікірі аша түскен: «– Басқа ұлт өкілдерінің образы берілмейді деген пікіріңіз де мүлдем орынсыз, – деді Олжас. – Ұлттық характерді, ұлттық образды беру – әде-биеттегі ең қиын нәрсе. Ең шебер деген жазушы бөтен ұлттың мінез-құлқын бере алмайды. Ол оның қолынан келмейді. Ол тек өз халқының, өз ұлтының ғана образын бере алады. Ұлттық бейне, ұлттық характерді тек сол ұлттың перзенті, сол ұлттың жазушысы ғана бере алады. Қисыны жоқ істі талап ету орынсыз» [10, 318 б.].
Романның құрылысындағы эпикалық баяндаулармен жүйеленген мінездеулік сипатты бөліктерге автор Олжастың өзіндік даралығын танытатын нақты деректерді үйлесімді келтіріп отырады. Әсіресе, автор Олжас Сүлейменовтің мемлекеттік-әкімшілік, саяси-идеологиялық басқару орындарымен ара қатынастарынан туындаған қақтығыстардың мәнісін түсіндіреді. Қоғамды, мемлекетті басқарып отырған жүйенің басшыларының ыңғайымен емес, тек өзіндік дүниетанымының азаматтық көзқарасын батыл айтатын Олжастың өзін өте еркін ұстайтыны, бастықтарға жағымпазданбайтыны, киім-киісі де, жүріс-тұрысы да билік иелеріне ұнамайды. Ақынның шынайы мінезі өлеңдерінен де көрініс табатыны белгілі. Дарынды ақынның кеңестік саяси-идеологияға қарама-қарсы келген тұстарын да автор нақты деректермен көрсете алған.
Бұл – 70-80 жылдардағы Олжас Сүлейменовтің тарихи тұлғасын ұлттық және жалпыадамзаттық деңгейде танымал еткен қайраткерлік абыройының көрсеткіші: «Оның үстіне жазғандары да ұнай бермейді. Жоқ жерден Ермак туралы өлең жазып, оны батыр қылып көрсетудің орнына отаршыл, қанішер қарақшы ретінде көрсетіп, оның бұл «ерлігіне» қиянат, зорлық-зомбылық деп айтқанын хатшы қалай кешірсін. Олжас оның қара тізіміне ілігіп, қаһарына шалдықты» [10, 48 б.]. Деректі романда Олжастың осындай қақтығыстарын халық ортасында жүрсе де өзінің халықшылотаншыл, қайраткер азамат тұғырындағы биіктігінен аласармағандығына баға беріледі. Бағалау тарихи тұлғаның өзі жасаған қызметінің мазмұнымен, нәтижесімен дәйектелген.
Мысалы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші секретары болып тұрған кезіндегі қызмет орынында және басқа 342 Қазақстанның ғылымы мен өмірі. №3/3 2020 да жағдайда өзінен көмек сұраған адамдардың бәріне жақсылық жасаудан ешқашан тартынбаған үлкен жүректі азаматты көреміз. Қазақ халқының көп ғасырлар бойы қалыптасқан тарихында ақындарының қайраткерлік қызметі үзілетін емес. Қазақ әдебиеті тарихындағы ежелгі әдебиет жәдігерліктеріндегі, «Қорқыт Ата кітабындағы» Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі», Ахмет Иассауидің «Ақыл кітабындағы», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйындағы» әділдіктің, мейірімділіктің, жомарттықтың, т.б. асыл қасиеттердің жинақталған тұлғалары ақын-қайраткерлер екендігі анық. Әди Шәріповтің де, Әнуар Әлімжановтың да, Олжас Сүлейменовтің де күрделі тұлғаларының сипатынан ұлттық тарихымыздағы қайраткерлер тағылымын шамаларының жеткенінше жалғастыруға тырысқандарын аңғарамыз.
«Тұйық өмірдің құпиясы» романында қазақтың XX ғасырдағы көрнекті жазушылары Ілияс Есенберлиннің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Тахауи Ахтановтың, Сайын Мұратбековтің тұлғалары да біршама даралана бейнеленген. Әсіресе, Ілияс Есенберлиннің қаламгерлігі мен оның шығармаларының шығармашылық ұйым мен саяси-идеологиялық бақылау, басқару жүйесінің бағалауларына байланысты қақтығысты-шиеленісті жағдайларды мол баяндалған. Шындығында ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы қазақтың өзіндік бай ұлттық тарихын шынайы реалистік қалпымен жазған Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары уақытында адамдардың санасындағы ояныстың, сілкіністің туындауына түрткі болды. Жазушы Б.Тілегенов өзі ортасында болған кезеңдегі ұлттық тарихтың көркем шежіресін жазған талантты қаламгердің басынан кешірген тауқыметін бүгінгі және болашақ ұрпаққа нақты деректі сипатымен жеткізген: Адамзаттың және өз ұлтының тарихын қағазға түсірген қаламгерлердің тарихнамалық-шежірелік жазбалары, күнделіктері мен естеліктері де ұрпақтардың рухани қажетін өтейтін мәңгілік қазына қатарынан орын алғаны мәлім.
Сондықтан қазақ сөз өнерінің әуелгі жазба ескерткіштері «Күлтегін», «Тоныкөктен» басталған, кейінгі әдеби дамуда Захирад-дин Бабырдың «Бабырнамасымен», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-и Рашидімен», Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағымен» одан кейінгі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресімен», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресімен», көрнекі ақындардың шежірелік дастандарымен және т.б. әдебиет туындыларымен бір-бірімен ұласқан дерекнамалық-тарихнамалық шығармалар жазу үрдісінің тағылымы маңызды. Себебі, деректі үлкен туындыда сол шығармаға арқау болған өмір шындығы арқылы кезеңіне лайықты ұрпақтар қарым-қатынастары, тұрмыс сырлары айқындалады. «Негізгі кінә, тағылған айып – Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи маңызды, прогресшіл салдары, жарқын болашағы көркемдік шешімін таба алмаған. Тарихи процесті бір жақты бейнелеген. Екі халықтың жақындасуын заңды құбылыс емес, жоңғар шапқыншылығынан қорыққан қазақ хандарының шарасыздық күйінен туған қадамы еді деп көрсетеді» [10, 196 б.].
Романдардағы Абылай ханның қазақ даласының еркіндігін, тәуелсіздігін сақтаудағы қайраткерлігін бейнелеуін де, Бұқардың халықшыл өлеңдерін келтіруін де айыптайды. Жазушы І.Есенберлин романындағы өмірдегі деректілігі белгілі ұнамсыз кейіпкерлерінің біразының тұрлаусыз, маңсапқор жандар екендігін сондықтан да бақылаушы саяси мекеменің өздерін әшкерелеген бұл шығарманы баспадан жариялауға рұқсат бермегенін айтады. Деректі шығарманың мазмұны мен пішінінде туынды арқауындағы басты кейіпкердің сан түрлі рухани қыспақтарға ұшыраса да алға ұмтылатын қайсарлығы, күрескерлігі көрсетілген. Кітаптарына, өзінің қызметіне қаншама шабуылдар жасалып жатқанда да жазушы І.Есенберлин қажымайды, қайсарлана алға ұмтылады, өзіне кедергі келтірушілерден тайсалмайды, олардың өздеріне айқайлайды, ұрсады, өзінің дұрыстығын дәлелдейді, ақыры жеңіп шығады. Мысалы, «Алтын Орда» трилогиясының «Жұлдыз» журналында жариялануынан кейін біраз қазақ жазушыларының Орталық Комитетіне арыз айтып баруы да – біздің қазақ жұртының ішкі тұрмыстық дүниетаным болмысының аса зор кемшілігі екендігін айғақтай түскен.
Бұл – деректі туындылардағы ел басқарған тұлғаларға берілген шығармаларда да көрсететін шындық. Жазушы деректі туындыларда бағзы замандардан бері жазылып келе жетқан осындай ерекшілікті де сөз арқауына орынды келтірген. Жазушы Қазақстандағы саяси басшылықтың қазақ жазушыларының шығармашылығына жасаған бақылау, бағалау әрекеттерінің бүкіл кеңестік жүйеге негізделген болмысын ашады.
Қорытынды Роман-толғаудың нақты деректерді жүйелей баяндауы барысында автор қазақ мәдениетінің тарихындағы көрнекті қайраткерлердің, ақын-жазушылардың жалпыхалықтық мәні бар істер арнасында жүргендерінде әртүрлі қақтығыстармен, пікір қайшылықтармен өмір сүргендерін тарихи болмысымен танытуға мән берген. Деректі шығармалардағы тарихи тұлғалар жетістіктерімен де, олқылық-кемшіліктерімен де көрініп, табиғи заңдылық тұрғысында байыпталған. Роман желісіндегі көрнекті ақын-жазушыларымыздың мемлекет, идеология саласы басшыларының кезең талабына орай қақтығыстармен, қайшылықтармен қызмет етуінде, бәрінің ортақ мұраты жақсылық жолына қызмет еткендігі де анық. Роман – толғаудың эпилогындағы жазушының қазіргі заманғы әдеби үдеріс, жазушы қызметі, көркем шығарманың эстетикалық маңызы хақындағы алаңдаулы ойлары да құнды.
Қаламгер жазушы беделінің төмендегенін, онымен ешкім санаспайтынын, әдебиеттің ықпалы әлсірегенін, назардың тек ғана экономикаға, ақшаға ауғанына алаңдаулы абыржуын білдірген. Жазушының роман соңында қазақ әдебиетінің дәстүрлі тұғырынан айнымай мәңгілік көркемдік ойлау ортасы боларына сенген үмітті тілегі романтикалық әсерлілігімен баурайды: «Уақыт сыны барлық салада жүріп жатыр. Әдебиет те одан шетте бөлек қала алмайды. Осы бір қиын сындардан әдебиетіміз өте алар ма екен. Қол ұстасып, тұтасып, қайткенде осы сыннан бірге өтуіміз керек. Абай бастаған әдебиетіміздің қасиетті тұлғалары, олардың мәңгілік еңбектері, асыл қазыналары, рухы бәрімізді жебеп, дем беріп, алып шығады деп сенемін. Тілегіміз қабыл болғай! Аумин!» [10, 334 б.].
Деректі романдар қазіргі қазақ прозасында мол жазылып келеді. Қаламгерлер қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдеріндегі аса маңызды оқиғаларды, кезеңдерді, ондағы көркем тұлғалардың қызметін, адамгершілік – имандылық ұлағатын еккен тағылымды істерін нақты деректерге сүйенген, бірақ көркем шындық поэтикасының шарттылықтары араласқан ерекшеліктерімен бейнелеуде. Бұл – қазақ әдебиеті тарихының ежелден үзілмейтін көркемдік үрдіс жалғастығының көрінісі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Қирабаев С.С. Әдебиет және дәуір талабы. – Алматы: Жазушы, 1976. – 300 б.
2. Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 340 б.344 Қазақстанның ғылымы мен өмірі. №3/3 2020
3. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырғандар З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
4. Назарбаев Н.Ә.Жүз жылға татитын он жыл.-Алматы:Атамұра.2001.-314 б.
5. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996. -272 б.
6. Жұртбаев Т. Дулыға: Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. – Алматы: Жалын, 1994. – К. 1. – 368 б.
7. Жұрбаев Т. Дулыға: Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. – Алматы: Жалын, 1994. – 384 б.
8. Жұртбаев Т. Талқы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 368 б.
9. Досжанов Д. Абақты. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 288 б.
10. Тілегенов Б. Тұйық өмірдің құпиясы: Роман-толғау (айтылмай келген шындық). – Алматы: Дәуір, 1992.
Достарыңызбен бөлісу: |